Шымкент: Тассайдағы мәселелер шешімін табады

0

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Сайрам тұрғын алабының Тассай бөлімшесінің инфрақұрылым жүйелері бойынша атқарылған жұмыстармен танысып, халқымен кездесті.

Коммуналдық инфрақұрылымы толық шешілмеген елді мекен тұрғындары сапалы электр жарығымен толық қамтылған. Бүгінде ауыз су кестемен берілетін Тассайға керегі тұрақты және сапалы ауыз су, көшелерге асфальт жол және табиғи газға қосылу.

Жергілікті тұрғындардың өтінішін тыңдаған қала басшысы аумақтағы тұрғын үйлерге табиғи газ жүйелерінің толық жүргізілгенін, АГРС-3 нысаны көктемде іске қосылғанда көгілдір отынға қосу жұмыстары басталатынын,
алдағы екі жылда мегаполисте ауыз су мәселесі шешілетінін жеткізді.

«Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен жергілікті әкімдіктерге халықты ауыз сумен қамтамасыз ету жөнінде нақты міндет жүктеді. Қазір Шымкенттегі 81 елді мекеннің 78-інде сапалы ауыз су мәселесі шешілген. Қалған үш елді мекенде ауыз су кесте бойынша беруде. 2022 жылдың соңына дейін ауыз сумен қамту көрсеткіші 99 пайызға жеткізу көздеп отырмыз. Ол үшін биыл тағы 1 магистралды су құбыры және 1 елді мекеннің ішкі су жүйелерінің құрылысы аяқталады. Ал, 2023 жылдың соңына қарай шымкенттіктер тәулік бойы үздіксіз берілетін сапалы ауыз сумен 100 пайызға қамтылады»,-деді әкім.

Көшелерге асфальт жол салу бойынша қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына нақты тапсырмалар жүктеді.

2 553 халқы бар бұл елді мекенде 1 мектеп, 1 балабақша, 1 амбулатория және 7 кәсіпорын бар. Өткен жылы спорт және ойын алаңшасы салынған болса, биыл осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында жер телімдерін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.

Сөз соңында әкім тұрғындарды алаңдатқан сауалдардың жіті зерделенетінін айтып, елдімекеннің дамуына атсалысып жүрген белсенді азаматтарға алғысын жеткізді.