Әкімдер халықпен тұрақты түрде кездеседі

0
50

Ендігі жерде әкімдер халықпен бұрынғыдай жылына бір рет қана кездеспейді. Жыл бойына шағын аудандар, елді мекендер мен тұрғын алаптарды аралап, тұрғындармен кездесу өткізеді. Онда көтерілген мәселелер жинақталып, өзекті проблемалардың пулы жасақталады. Сөйтіп, тұрғындарды мазалайтын ең маңызды мәселелер жүйелі түрде шешіліп отырады.

Бүгін қалалық мәслихаттың кезекті он үшінші сессиясында депутаттар Шымкент қаласы әкімі мен аудан әкімдерінің тұрғындармен кездесулерінің кестесін бекітті. Осылайша жергілікті билік халықпен кері байланысын күшейтіп, елге етене бола түсуді көздеп отыр.

Сессияда табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мәселесі бойынша Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мадияр Жақсыбаевтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, биыл қала аумағында 5 өзен мен каналдардың арнасы тазаланып, жағлауы бекемделеді. Депутаттардың ұсынысы бойынша, Бадам өзенінің жағалауын бекемдеу және Ақсай-Қарабастау каналын күрделі жөндеуден өткізу үшін биыл жобалық-сметалық құжаттар әзірленеді.

Мұнан бөлек сессия барысында халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету және жұмыспен қамту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары бойынша міндеттемелерді қабылдау туралы шешімге өзгеріс енгізу, қала әкімдігі жанындағы комиссиялардың құрамына өзгеріс енгізу және өзге де мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылдады.

Айта кетейік, сессия жұмысын Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов жүргізді. Сессияға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, қортынды сөз сөйледі. Шаһар басшысы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды шешімдер қабылдағаны үшін мәслихат депутаттарына алғысын білдірді.