Ұшақ апаты туралы бейнебаян түсірген Нұрболат Абдуллин елді жылатты (видео)

0

Отандық танымал әнші Нұрболат Абдуллин «Сүйемін» атты әніне бейнебаян таспалады. Өнер иесі клипінің сюжеті ретінде жақында Алматы маңында болған ұшақ апатын арқау еткен деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Абдуллин бейнебаянында бір-бірінен айырылып қала жаздаған ерлі-зайыптылардың хикаясын көрсетті.

Сценарий бойынша отағасы елордаға ұшып кеткенде, келіншегі ұшақтың апатты жағдайға ұшырағанын біледі.

Қаралы хабарды ести сала, ол ауруханаға жөнеледі. Әйел адам апатты жағдайда зардап шеккендер арасынан жолдасын іздестіре бастайды. Алайда, барлық палаталарды аралап, үміті үзілген сәтте оған сүйіктісінен «Мен Нұр-Сұлтанға қондым» деген хабарлама келеді.

Бейнебаян соңында ер адамның мүлдем басқа ұшақпен ұшып кеткені белгілі болады.

Әншінің бейнебаяны көпшіліктің көңілінен шықса керек, желідегілер оң пікірін жаудырды.

«Өнеріңіз шарықтай берсін» , «Сізге той әндерінен гөрі, осындай лирикалық туындылар жарасады» , «Аса актуалды тақырыпты көтеріпсіз, жарайсыз» , «Үлкен тәрбиелік мәні бар туынды» , — деп жазуда олар.

Айта кетерлігі, Нұрболат Абдуллиннің бейнебаянында басты рөлдерді танымал ерлі-зайыпты актерлар Рүстем мен Жанар Жаныамановтар сомдаған.

Айта кетейік, бұған дейін әнші Ерке Есмахан «1001 күн» әніне арналған бейнебаянын Атырауда ерлікпен қаза тапқан 24 жастағы полицейге арнаған еді.