«Шатасқанына мәз»: Алтынай Жорабаева ақша шақыртуға құмар достарын сынға алды

0

Алтынай Жорабаева «ақша шақыратын» заттарға сеніп, оларға сыйынатын достарын сынап тастады. Танымал қазақ әншісі Жаратушыға серік қосып жүрген таныстары жайлы жазбаны өзінің Instagram парақшасында жариялаған деп жазады NUR.KZ.

Өнер иесі мұндай дүниелерге сенуден аулақ екенін айтып, олардың қазіргі қоғамда белең алуына түбегейлі қарсы екенін білдірді.

«Лақтырсаң сынатын, өртесең жанатын жансыз зат бақыт әкеледі, ақша шақырады деп жүргендерге таң қаламын. «Біз оны Құдай деп жатқан жоқпыз ғой» деп ақталады. Алайда, Алла Тағала қасиетті Құранда «Мен күре тамырыңнан да жақынмын, Маған құлшылық еткенде ешқандай серік қоспа!» деген.

Ал енді өзіңіз ойлаңызшы, әлемдердің Раббысының қорғауында болған жақсы ма, қытайлардың құрбақасына қарап отырған жақсы ма?

Бақ әкелсе, байлық берсе, қытайлар соны сатып байымай, өздерінде қалдырар еді-ау.

Басшының өзіне біреу арқылы шыққаннан, өзіне тіке кірген нәтижелі емес пе, жәй мысалыға айтқанда.

«Арманыңды мына сағатта жаз, мына бағытқа қара, бүгін полнолуние» деп әр бағытта адастырып жүргендер тағы бар.

Иә, арманды жазу керек, мақсатты айқындау үшін жазып, сызып отыру керек. Бірақ, оны мына күні деп шектеп қою қайдан шыққан? Рамазанның кештері, Қадыр түні, түнгі намаз десе мейлі ғой.

Полнолуние дейтіні, жындардың қозып, аурулардың асқынатын кезін айтатынын бірі білсе, екінші соған еріп, адасқанына, шатасқанына мәз.

Дұға оқы, Алладан сұра дегеніне қарап жөні түзу адам деп ойласаң, жер бетіндегі ең үлкен күнәға бастап жатқанын көріп жағаңды ұстайсың. Бұрынғының бақсы-балгерінің бүгінгі заманауи көрінісі ғой.

Мен достарымды жақсы көремін, бірақ ақиқат қай жерде де жоғары. Адам досының дінінде. Қияметте ескертпегеніміз себепті сұраламыз. Тіпті, неге қайта қайта ескертпедің деп шырылдап кетеміз ғой есеп сұралар кезде. Мен жүрегім езіліп, мейіріммен, достық махаббатпен жазып отырмын осы постты. Не десеңіздер де, бұл ақиқат! » , — деп жазды Алтынай Жорабаева.