“Қалаулымдағы” Сұлуфан әнші Әміренің өзін алдап соққанын жайып салды

0

Барша қазақстандықтардың сүйікті бағдарламасына айналған «Қалаулым» жобасының бірінші маусым қатысушылары бүгінде немен айналысуда? Эфир барысында өз жартыларын таппағандар, өмірде өз серіктерін кездестірді ме? Stan.kz ақпараттық агенттігінің осы және басқа да сұрақтарына бағдарламаға халықтың сұрауы бойынша оралған бірінші маусым қатысушысы Сұлуфан Самат жауап берді.

 

«Қалаулым» жобасына қандай мақсатпен келдіңіз?

Бұл жобаға келуімнің басты себебі – ол әрине, өзімнің жартымды табу болды. Ал екіншіден, мамандығым журналистика саласына қатысты болғаннан кейін, өзімді телевизиялық жобада сынап көруге бел будым. Қазір халықтың көбі пиар үшін келді деп жатады, бірақ ондай мақсатпен келген жоқпын, тек өзімді іс жүзінде сынап көргім келді. Әрине, өзіме сай келетін жартымды осы жобадан тауып жатсам, неге отбасын құрмасқа?!

Жалпы жобаға қалай келгеніңіз туралы айтсаңыз…

Мен жобаға келмей тұрып, бір құрбым осы бағдарламаға қатысып жүрді. Кейін мен де жобаның Мәди атты қатысушысына үміткер болып келуді ұйғардым. Алайда Мәди басында мені ұнатпай, кері қайтарды. Кейін көрермендердің сұрауы бойынша қатысушы ретінде жобаға қайта оралдым. Сол аралықта Мәди «уақыт өте сен маған ұнадың» деп көңіл қосқан болатынбыз. Екі апта жүріп, еш нәрсе шықпағаннан кейін ара-қатынасымызды үзуге тура келді.

Артынша маған үміткер болып Әміре келді, мен бұрын соңды Әмірені әнші ретінде танымаған болатынмын. Бағдарлама аясында екі ай жұп болып жүрдік. Уақыт өте біздің қарым-қатынасымызға оның әкесі қарсылық танытқандықтан Әміре эфирден кетті.

Әміреге деген сезіміңіз шынайы болды ма?

Әрине шынайы болды. Мен тіпті Әміреге әкесі жобадан шық деген талап қойғанда, мен де эфирден кетейін, бағдарламадан тыс қарым-қатынас құрайық деп ұсындым. Алайда ол ондай жағдайда да әкесі қарсылық танытуы мүмкін екендігін мәлімдеп, қош айтысқан болатынбыз.

Әміренің бағдарламаға өзін жарнамалау үшін келгені қаншалықты рас?

Негізі осыған қатысты сұрақтың басын ашамын деп жүргеніме біраз уақыт болды. Әміре эфирден кеткеннен кейін маған бір қыз хабарласып, Әміренің менімен қатар өзімен де жүргенін айтты. Басында бұл ақпаратқа сенбедім. Өйткені біз қарым-қатынасымызды бастамас бұрын бәрінің басын ашып алған болатынбыз. Ол кезде қызының жоқтығын айтқан еді. Мен сол сәтте ол адамды қатты жақсы көргендіктен сөзіне сендім, шынымен жобаға мен үшін келген екен деп ойладым. Өкінішке орай, бұл ақпарат расталып, кейін әлгі қызбен жолығып, дәлелдерді көріп көзім жетті.

Бірақ Әміре өзінің бұл әрекетін ақтау мақсатында ма білмеймін, тілшілерге берген бірнеше сұқбатында мені жарнама үшін келді, маған өзімен айырылысқаннан кейін тез арада басқа жігітпен сөйлесіп кетті, деп айып таққан. Алайда менің сезімім шынайы болды.

Әміреге деген қазір көзқарасыңыз қандай және бүгінде қандай қарым-қатынастасыздар?

Әрине, мен Әміренің өнерін бағалаймын, адам ретінде де оны құрметтеймін. Тек өзін жарнамалау үшін келген адамға екі ай уақытымды бос кетіргеніме өкінемін. Және сол себептен де қазір ер балаларға деген сенімім азайып кетті.

Бағдарламадан осы себепті кеттіңіз бе?

Жоқ, Әміре кеткеннен кейін жобада біраз уақыт жүрдім. Бір айдан кейін әкемнің сұрауы бойынша жобадан кетуге мәжбүр болдым. Ол кісі «қызым ендігі жететін шығар, бәрін өз көзіңмен көрдің, білдің, елдің де сөзі бар» деп айтқан соң жобадан шықтым. Бірақ кетерде бір қимастық сезім туды. Маған «Қалаулым» жобасының ұжымымен жұмыс істеген өте оңай болды. Бір-бірімізбен әрдайым тіл табысып, арамызда түсініспеушілік деген туындамады, сондықтан бірінші маусым аяқталарда режиссер тарапынан маған бағдарламаның редакторы болу туралы ұсыныс түсті. Бастапқыда бұл белгісіз сұрақ болған, алайда екінші маусым басталарда шақырылып, бір ай тәжірибеден өтіп, қазіргі таңда «Қалаулым» бағдарламасының редакторлар қатарындамын.

Қазір жеке өміріңізде қандай жаңалықтар бар?

Қазір жеке өмірімде айтарлықтай жаңалық жоқ. Көңілдерін білдіріп жүрген балалар бар. Бірақ алдыма басқа мақсаттар қойғандықтан жоспарларым біршама өзгешелеу. Ендігі Әміреге зая кеткен уақытымды ескере отырып, жеке өмірімді құпия ұстауға тырысамын. Тек ол адамға сенімді болған, сол жанға тұрмысқа шығамын деген сенімділік болған кезде ғана халыққа айтамын деп ойлаймын.

Осы жобадан кейін танымалдылыққа ие болдыңыз ба?

Иә, өмірімде көптеген өзгерістер болды. Жобаға келмей тұрып, «Сырты бүтін» деген деректі фильмге ғана түскен болатынмын. Басқа жетістіктерім мектеп, университет қабырғаларында ғана еді. Бірақ алып жатқан мамандығыма қарай диктор немесе бағдарлама жүргізушісі болуды армандайтынмын. Арманыма сәл де болса жақындап, осы бағдарламадан кейін Айбек Серікхановтың «Қиялдағы ару» атты бейнебаянында басты рөлді сомдадым. Басқа да түсірілімдерге, сұқбаттарға шақыртулар ала бастадым.

Халық қалай айтса да, мен үшін осы жобаға қатысқан өте үлкен жетістік. Біздің қоғам өздері қалап көріп тұрған нәрсені өздері мойындағылары келмейді.

Болашақта өзіңізді қай салада көрем деп ойлайсыз?

Әрине, мамандығым журналистика саласы болғандықтан өзімді бағдарлама жүргізушісі немесе диктор, тіпті болмаса жоғарыда айтқандай бейнебаян, кино кейіпкерлері ретінде көремін.

Болашақ жарыңыз сізді шоу-бизнес өкілдері қатарынан көргісі келмеген жағдайда қайтесіз?

Негізі менің жарым осы өнер саласынан болатын шығар деп ойлаймын. Егер солай болса, әрине өнер жолында қалармын. Бірақ мен адамды шынайы жақсы көрсем, оның барлық «еркеліктерін» көтеруге дайынмын.

Сізге шығармашылық табыс тілейміз, сұқбатыңызға рахмет!

Сонымен қатар, Сұлуфан жақын арада желіде тарап кеткен «Арай» тобының экс-солисі Рысбек Аташ екеуі туралы видеоға қатысты жаңалықтарымен бөлісетінін айтты.

Айта кетейік, Әміре (шын аты Ернар Садырбаев) биыл «Славян базары»халықаралық өнер байқауында бірінші орынды жеңіп алған болатын.

 

Источник: Stan.kz