“Өлә, қойшиш”: Сәкен Майғазиев сауатсыз әншілерді сынға алды
Диалект сөздерді қолданып, желідегі посттарын қате жазатын әріптестері Сәкен Майғазиевке жақпай қалды. Әнші сауаттан жұрдай әріптестеріне деген ренішін жеткізді.
Бұл туралы Stan.kz НТК арнасының “Ревю” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
“Кейбір қателер түсінікті. Абайламай кетіп қалады. Ал, кәдімгідей «ғо, дид, қойшиш» деген сияқты әңгімелердің барлығы диалект екенін түсінемін. «Өлә» деп біз Шымкент жақта да айтады. Сол диалекттерді біз мейлінше пайдаланбауымыз керек. Әсіресе пост жазатын кезде”, – дейді Сәкен.
Алайда Майғазиевті өнерде жүрген танымалдардың барлығы бірдей түсіне бермейді. Кей әншілер үшін диалект сөздерді қолданып, орфография заңдарына бағынбастан пост жазу әдетке айналған. Мұндай сауатсыз әншілер Сәкеннің ғана емес, Қыдырәлі Болмановтың да ашуына тие бастаған көрінеді.
«Инста-тіл» деген бір тіл пайда болды. Өзі бір шолақ, өзі бір қысқа… «Бүйтшиш, сүйтшиш» деген сияқты бір мекпепте оқымаған қателерді жіберуге болмайды. Өйткені біздерді, жалпы өнер адамдарын ең көп оқитын – оқырмандар!” – дейді Болманов.
Ал кей әншілер әлеуметтік желіде пост жазу мәселесін жанындағы көмекшелеріне тапсырып қойған.
“Көбінесе менің көмекшілерім жазатын. Олардың телефонында қазақ әріп болмай қалып, орысша жазады да. Ал мен оны сақаулап жазбаңдар, қайтадан жазыңдар деп қатесін түзеп қоямын. Белсенді отыруға сол… Ол менің енді кемшілігім”, – дейді Жеңіс Ысқақова.
Алайда оқырмандарына арналған жазбаларды өздері жазбайтын әншілер Майғазиевке ұнамайды.
“Бір-екі адамды білемін өздері жазбайтын. Шынымды айтсам оқығым келмей қалды. Неге десең, ол өзінің жанынан шыққан дүние емес. Ол өзінің деңгейін көрсететін дүние болу керек”, – дейді Сәкен.