«Мейрамбектің әні ажалдан алып қалды»: продюсер ел білмейтін сырымен бөлісті

0

Онлайн продюсер Бақытбай Сабырбеков тікелей эфирлердің бірінде өзінің өткен өміріне көз жүгіртіп, бұрын-соңды айтылмаған әңгімесін жария етті деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Нарыққа инфопродюсерлерді шығаруымен айналысатын Бақытбай өміріндегі қиын кезеңдерді еске алып, әнші Мейрамбек Беспаевтың өзіне қандай қатысы бар екенін айтты.

«Мен ол кезде екі-үш жерде жұмыс істейтінмін. Бар тапқан ақшам несиені жабуға кететін. Өзімнің жалғыз анам бар. Анам екеуміз жатақханада тұрамыз. Сол анамды қуантамын, жалғыз бауырыма көмектесемін деп барынша тырыстым. Бірақ қалтамда жолға төлейтін майда тиындар ғана жүретін. Бір күні жұмыстан қайтып бара жатқанымда такси ұстадым.

Таксисіз шалғайдағы жатақханаға жетуге мүмкін емес еді. Сөйтсем, соңғы жүз теңгем қалтамнан түсіп қалыпты. Екі сағат бойы тегін жеткізіп тастайтын такси ұстай алмай, дал болдым. Мына жоқшылықтан құтыламын деген арман мен мақсатымнан түк қалмады. Сол сәтте әрмен қарай күресуді тоқтатамын деп шештім. Себебі такси тоқтады… Рөлдегі жігіт танысым болып шықты. Ол «адал жолмен бай бола алмайсың» деп кесіп айтты.

«Ешкімнің ала жібін аттамай бай бола алмасам, онда не үшін өмір сүремін? Онда не үшін осыншама қиналып жүрмін?» деген ойға келдім. «Қазір жатақханаға жетейін, сосын бұл өмірден кете саламын» деген ой қылаң бергенде, радиодан Мейрамбек Беспаевтың «Мұңайма балам» әні қойылды. Мен әлсіздік танытып жатқанымды түсіндім. Содан бері күресуден шаршаған емеспін. Мейрамбек ағаның әні жүрекке жетеді ғой. Бір ғана әнін жол бойы тыңдап, өзімнің осалдық танытып жатқанымды білдім», — дейді ол.