Иманбек алғаш рет отбасы туралы сұхбат берді (Видео)

0

Осы аптада қазақстандық танымал музыкант,  диджей,  Grammy иегері Иманбек ресейлік «Вместе» жобасына сұхбат берді, деп хабарлайды kznews.kz сайты.

Сұхбатта жеке өмірі,  отбасы,  балалық шағы туралы айтып, жоспарларымен бөлісті.

«Менің балалық шағым барлық қазақстандық балалардікіндей қарапайым болды. Мектеп, үй, үйдің маңында ойнау, әртүрлі үйірмелерге бару. Мен боксқа қатыстым. Вокалға бір рет бардым. Домбыра, сурет салу үйірмелеріне бардым» — дейді Иманбек.

Иманбек сұхбатта үлкен әпкесі бар екенін айтты. Әпкесімен қарым-қатынасы өте жылы. «Біз ұрыспаймыз»  — дейді жас музыкант.

«Бала кезімдегі арманым – анама көлік әперу болатын. Ата-анама үй әперу еді. Өйткені, мен ата-анамды қатты құрметтеймін. Оларға алғысым шексіз. Қазір кейбір адамдар ата-аналарына бей-жай қарайды. Ол деген дұрыс емес қой. Мен көбінесе анама жақынмын, анаммен сырласамын» деп әкесінің де жақсы адам екенін және музыкамен айналысып бастағанда ата-анасының қолдау көрсетіп,  қарсы болмағанын айтады.

Иманбек мектепте өте жан-жақты бала болған екен.  Іс-шаралар мен қызықты оқиғалар онсыз өтпеген. Бірақ, сабақ үлгерімі нашар болған екен.

«Аттестатымда 13 «үш» деген баға болды,  дене шынықтыру мен еңбек пәнінен ғана «бес» алатынмын» — деп ағынан жарылды. Бұл аттестаты «Темір жолшылар» колледжіне грантқа түсуге кедергі болмапты.

«Өйткені,  мектепте нашар оқысам да,  емтихан тапсырар кезде бағым жанып,  жоғары балл жинадым. Менің жолым болғыш негізі. Колледжде стипендия алып,  жақсы оқыдым», — дейді ол.

Ал, қыздарға келгенде Иманбек жолының бола бермейтінін,  өмірінде екі қызбен ғана сөйлескенін, екіншісі қазір кездесіп жүрген қызы екен. Танымал болғаннан кейін қыздар тарапынан көп көңіл бөліп, сезімін білдірушілердің көбейгенін,  бірақ,  дәл қазіргі уақытта қызы бар болғандықтан жауап бере алмайтынына өкінеді екен.