Гүлнұр Оразымбетова тәулігіне 15 сағат Instagram-да отыратынын айтты
Бүгінде әлеуметтік желі әншілердің қосымша табыс көзіне айналды. Бизнесі барлар желі арқылы кәсібін төрге дөңгелетіп, ал кәсібі жоқтар жарнама жасап, ақша тауып жүр. Ал отандық танымалдар Instagram-ға қанша уақытын бөледі? Мәселен, Гүлнұр Оразымбетова тәуліктің үштен екі бөлігін желіде өткізетін көрінеді.
“Отбасылы адам болғаннан кейін телефонда көп отырмауға тырысамын. Бірақ сыртта жүрген кезде, бала-шағамнан тыс отырамын. Instagram-да 24 сағат отырмасам да, 15 сағат отыратын шығармын”, – деп ағынан жарылды әнші.
Өнер иесінің айтуынша, ел алдында жүрген азаматтар үшін желіде ұзақ уақыт отыру қалыпты дүние. Себебі барлық жұмыс тікелей желімен байланысты.
“Себебі күнделікті эфирдің жұмыстары, концерттерге шақыртулар, жарнама дейді, оның үстіне дайректке де жазатын қаншама адамдар болады. Олардың пікірлерін де оқып шығуға уақыт арнау керек. Сондықтан күнде кішкене-кішкенеден уақыт арнаймын. Барлығын қосқанда 24 сағаттың 15 сағат деген көп шығар, 10 сағат деп айтайыншы”, – деп сөзінен айныды ол.
Сол сияқты Маржан Арапбаева да Instagram-сыз өмір сүре алмайтынын айтады.
“Парақшамызды бұзып алатын кездер болады. Сондай кезде Instagram-сыз қалай өмір сүремін? – деген паника болып жатады. Бірақ қазір ел-жұрт бүкіл жаңалықтарды сол жақтан естиді”, – дейді Маржан.