Димаш Forbes-тың табысты жұлдыздар тізіміне енді

0

Бүгінде әншінің қоржынында Top Chinese Music Awards, Hollywood Music In Media Award сынды халықаралық деңгейдегі жүлделер бар

Белгілі әнші Димаш Құдайберген әлемге әйгілі Forbes журналының тізіміне енді. Аталған басылым 30 жасқа дейін жетістікке жеткен танымал қазақстандықтардың тізімін жариялады.

Димаш Құдайберген

Табысты жастар көшін бүгінде барша әлемге танылып үлгерген Димаш Құдайберген мен шетелде тәжірибе жинақтаған актриса әрі продюсер Құралай Анарбекова бастады. Мұнымен қатар, бұл тізімде Jah khalib пен Скриптонит те бар, деп хабарлайды НТК арнасының «Ревю» бағдарламасы.

Бүгінде Димаштың қоржынында MTV Music Awards, Top Chinese Music Awards, Hollywood Music In Media Award сынды халықаралық деңгейдегі жүлделер бар. Басылым осыған орай қазақ баласын табысты жастардың қатарына қосуды жөн деп тапқан.

Мұнымен қатар, жұрт арасында «Әминка-Витаминка» есімімен танылған блогер Әмина Малғаждар да осы табысты жастардың тізіміне енген.

«Дәл қазір Әмина жалғыз өзі, кейде Әдиямен бірге подиумдарға шығып жүр. «Антена» брендінің киімдерін киіп, бренд амбассадор болып жүр. Біз бұл жайтты мақтан тұтамыз», — деді Әминаның анасы Арай Малғаждар.

Димаш Құдайбергеннің концерті, архивтегі сурет

Табыстылар тізіміне енген жалғыз вайнер бұл емес. Тізімде Instagram әлеуметтік желісінде танымал «Yuframe» тобы да бар.

«Қазақ кинотарихында «Жаужүрек мың бала», «Бизнес по-казахски» және мен продюсерлік еткен «Брат или Брак» атты картиналар ең табысты саналады. Үшеуінде де басты рөлді өзім сомдадым», — деді Құралай Анарбекова.

Forbes басылымы ерек тізімді әзірлеуде хип-хоп орындаушыларын да ұмытпаған. Атышулы рэпер Скриптонит пен Jah khalib те табысымен таңқалдырғандар қатарында.