Әнші Мейрамбек Бесбаев не себепті туған күнін тойламайтынын айтты

0

Белгілі әнші Мейрамбек Бесбаев “Таңшолпан” бағдарламасына берген сұхбатында алдағы жоспарларымен бөлісті. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мейрамбек Бесбаев туған күн қарсаңында көкпар өткізуді жоспарлап отырғанын айтты.

“Көкпар десе қай қазақтың делебесі қозбайды? Мен аса шаң-топалаңды ұнатпайтын адаммын. Бірақ көп достарым: “Көкпар беретін кезің келді. Қазақтың ұлттық спортына қосқан үлесің болсын” деп мені көндірді. Қазір маған түкпір-түкпірден хабарласып, келетінін айтып жатыр. Тараз қаласында өтеді. Салып қорының да 25 миллион теңге екенін айтып қойдық. Одан да басқа сыйлықтар болады. Достарыма рахмет айтамын. Осы күнге дейін дос жинаппын. Соған өзім де шүкір деймін. Барлығы көкпарды өздері көтеретінін айтты, елмен, көпшілікпен бітейін деп жатқан шаруа”, – дейді Мейрамбек Бесбаев.

Әнші көкпар өткізгелі жатқандықтан жеке меншік мерекесін ысырып қойған.

“Биыл туған күнімді жасамаймын. Осы той көкпарды өткізіп, елдің батасын алсам ба деп жүрмін. Әсіресе көкпарда көп тілектері қабыл болып жатқан адамдарды білемін. Көкпар бергеннен кейін ұлды, қызды болып жатқан достарым бар. Оның үстіне Саят досым 50 жасқа толып жатыр. Екеуіміз бір күнде туылғанбыз. Содан оған да кедергі жасамай, концертіне қатысып беретінімді айттым”, – дейді әнші.