«Америка болсын, Қытай болсын, елдің атын шығару үшін ғана барып жүрмін»

0

Күні кеше отандық журналист Перизат Мырзахмет әнші Димаш Құдайбергенге ренішін жеткізген болатын. Осы орайда өнерпаз қандай жағдай болмасын, өз елін мақтан тұтатынын айтып өтті. Сондай-ақ, араға іріткі салатын видеолар таратпауды өтінді.

«Қымбатты достар, «Россия» телеарнасынан «Привет, Андрей!» бағдарламасының кешегі эфирін көрген боларсыздар. Бағдарламада кішкене ғана болса да, мен үшін аса маңызды бір бөлігі бар еді, ол эфирге кірмей қалған екен. Ол жерде еліммен мақтанатыным, жерлестерімнің барлығын жақсы көретінім туралы айттым. 2013 жылы «Саз әлемі» бағдарламасында айтылғандар барлық қазақстандықтың маған деген қарым-қатынасын көрсетпейді.

Мен 2013 жылы болған осы бағдарламаға дейін тура осылай ән айтып келдім, халықаралық байқауларда жеңімпаз атандым, қалай дұрыс деп санасам, солай ән салдым, шығармашылығымда да дәл солай.Маған барлық жағынан көмектесетін ата-анам, жақындарым, достарым бар. Бірақ, бүгінгі күнге осы қалпымда тек ҚАЗАҚСТАННЫҢ арқасында жеткенімді түсіне білу қажет. Өйткені мен Қазақстанда туып-өстім, қазақтың тамағын жеп, қазақтың ұстазынан білім алдым, қазақ отбасында тәрбиелендім. Және менің алға ұмтылуыма бірінші кезекте көмектесетін менің елім мен менің ұлтым! Мейлі Америка болсын, мейлі Қытай болсын, халықаралық байқауларға тек елімнің атын шығарамын деп қана барып жүрмін. Мұндай қалауым болмаса, шетелге бармас та едім.

2013 жылғы видеоға келер болсақ, достар, шынымды айтсам, оны қайта көремін деп ойламадым. Ол туралы баяғыда ұмытып кеткенмін. Біреуге ренжіп жүрген соң, ресейлік әріптестердің алдында өзімдікілерді қорғамады деп ойламаңыздар, жоқ, тағы да жоқ, мен бар болғаны керек емес нәрсені ұмыта білемін. Сондай-ақ, мен сол кеште отандастарымды қорғап сөйлеген болатынмын, бірақ ол бөлік эфирге кірмей қалыпты. Достар, тағы бір нәрсе, өтініш, әлгі болмайқалғыр видеоны таратпай-ақ қояйықшы)) Арада қанша жыл өтсе де, адамдар сол туралы айтып келеді.  Мен бала күнімнен жөнді-жөнсіз сынға дайын болып келдім, менің көңілімді түсіру қиын. (…)», — деп жазды Димаш.

Сондай-ақ, ол бір-бірімізге мейірімді болуға шақырды.