Алтынай Жорабаева: Көкірегімізді ашып, жамбасымызды көрсетпей абырой жинатқызған Аллаға шүкір

0

Әнші Алтынай Жорабаева кеудесін жалаңаштап, ұлттық киімді қорлаған Шырын Нарчаеваны сынға алды. Ол кезінде жалаңаштанбай-ақ елдің атын шығарып, танымалдыққа ие болғанын айтты.

«Инстаграм» деген желіде танылу үшін ел не істемей жатыр. Кезінде қазақтың атын танытамыз деп шет ел асып, топты жарып, аяғым ауыр, ай-күнім жетіп отыр деп жасқанбай, жүрексінбей жарысқа түсіп едік. Көкірегімізді ашып, кө…німізді (автордың орфографиясы мен пунктуациясы сол қалпында сақталды – ред.) көрсетпей абырой жинатқызған Аллаға шүкір, ұятты санамызға сіңіріп өсірген ата-анамызға мың алғыс», – деп бастады сөзін Алтынай Жорабаева Instagram желісінде.

Өз сөзінде әнші Нарчаеваның шектен шығып бара жатқанын айтып, тоқтату керектігін жеткізді. Керісінше жағдайда, өзім білем дейтін өркөкіректер төбемізді тесетін болады, дейді ол.

«Үндемейік, оның пиарын өзіміз жасамайық деген сайын, басқа шауып, төске өрлеп барады тәрбиесіз. Елемей жүріп, үндемей жүруге аналық жүрегім шыдамады. Біз пиарын жасамадық дегенмен, телеарнамыз төріне шығарып тайраңдатып, қолпаштап, көпшік қойып отыр емес пе?

«Бұл видеода барлық қазақтарға айтқан жоқпын», – дейді. Алайда мазақ видеосында барша қазақ елінен деп тағы өзі айтып тұр. Яғни барша қазақ еліне тіл тигізіп, ортаңғы саусағын көрсетіп тұр.

Ұлымды емес ұлтымды ойлап толғанам, ұлым соның бір бөлшегі шығар деп. Бүгін мектеп оқып жүрген қыздарым, ертеңгі елдің анасы емес пе? Қазіргі өтпелі кезеңнің кермесінде жүріп, еліктегіш жасында осыны көрсе, ешкім бұрыс демегесін осыны дұрыс екен деп қалса, енді 10 жылдан кейінгі ана болатын қыздар қандай болмақ? Ай дейтін әжені, қой дейтін қожаны тыңдамайтын жүгенсіз кеткен кердең болады ма?

Сапалы сурет, монтажды видеоны қыздың жалғыз өзі істеп отырмағаны да анық. Жоғарыда айтқанымдай, желікпе жастағы еліктегіш жасөспірімді айдап салып, арандатып отырғандардың бары да анық. Анығын Алла білуші.

Білерім, егер бұны тоқтатпасақ, өзім білем дейтін өркөкіректер төбемізді тесетін болады. Басқа елде болсыншы, баяғыда быт-шытын шығарып орнына қояр еді, әрине заңмен», – деп жазды Жорабаева.

Сонымен қатар ол Нарчаеваның үстінен арыз жазған шымкенттік адвокат Құрманғазы Мүсірдің әрекетіне тәнті болып, оның үндеуіне қосылатынын айтты.

«Шымкент десе шошиды бәрі, алайда, осыған бас көтеріп, бірігіп, сауатты түрде арыз тастап жатқан да тек сол Шымкенттік намысты жігіттер екен. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ретінде, көп балалы ана ретінде мен сол үндеуге екі қолымды көтеріп тұрып қосыламын», – деп түйіндеді танымал әнші.

 

Источник: Stan.kz