Алсу «Евровидение 2019» конкурсынан шеттетілді

0

Ресейлік қазының балын әншінің орнына жас пианист хабарлайды

НҰР-СҰЛТАН, 2 мамыр — Sputnik. «Россия 1» телеарнасы әнші Алсуды «Евровидение 2019» конкурсының трансляциясына қатыстырудан бас тартты. Бұл туралы телеарнаның жаңалықтарында айтылды.

Неге мұндай шешім қабылданғаны жария етілмеді, алайда, бұл жағдайға «Голос.Дети» шоуынан кейін туындаған дау себеп болуы мүмкін.

Алсу телеарна эфирінде ресейлік қазының балын хабарлап тұруы тиіс еді, енді оның орнына 16 жастағы пианист Иван Бессонов бекітіліпті. Жас музыкант – Eurovision Young Musicians 2018 конкурсының жеңімпазы және «Синяя птица»конкурсының финалисі.

Айта кетейік, «Россия 1» телеарнасы музыкалық конкурсты трансляциялауға құқық алған.

Ресейден «Евровидение 2019» байқауына кім барады?

Ресейдің атынан тағы да Сергей Лазарев өнер көрсетеді. Ол 2016 жылы Стокгольмдегі «Евровидениеде» үшінші орынға ие болған еді.

«Голос. Дети» жобасындағы дау

26 сәуірде Бірінші арнада «Голос. Дети» шоуының финалы өтті. Дауыс беру қорытындысы бойынша әнші Алсудың қызы Микелла Абрамова жеңіске жетті. Қазақстандық Ержан Максим екінші орын иеленді. Алайда интернет қолданушылар финал әділ өтпегенін айтып, шу шығарды.

Ресейлік әншілер «Голос. Дети» байқауы әділетсіз өткенін мәлімдеді 

Тележүргізуші Максим Галкин мен әнші Валерий Меладзе, продюсер Иосиф Пригожин, актер Станислав Садальский финалдың нәтижесіне көңілі толмайтынын мәлімдеп, әлеуметтік желіде өз пікірлерін ашық білдірді. Көпшілік жобада Ержан жеңіске жеткенін айтып жатыр.    



sputniknews.kz