Әли Оқапов түн ішінде өзіне қоңырау шалып, қоқан-лоққы көрсететіндер туралы жайып салды

0

Қазақ өнерінде өзіндік орнын қалыптысырса да, Әли Оқаповты айыптайтындардың саны азамай тұр. Халық әртісінің ұлына түнде бейтаныс біреулер қоңырау шалып, қоқан-лоққы көрсетеді екен. Әнші жұртқа беймәлім тың ақпараттармен бөлісті.

Әли Оқапов

«Түн ішінде маған белгісіз нөмерлерден қоңырау шалады. «Сен неғып жүрсің біреудің орнын алып дегендей, біреудің орнын басып? Саған не жетпейді? Сенің өміріңде бәрі бар, ал басқалар сахнаға шыға алмай жүр», – деген сөздерді де естіп жүрмін. «Осы жылы сен түк істемедің, осы жылы сенің әнің хит болмады», – дегендер де бар. Кей кездері біреулер сенімен дөрекі сөйлеседі. Біреу сені мойындамайды. Біреу саған қатты әзіл айтып қояды. Әрине, сол кезде көңіл-күйің түседі. Кейде үйде жатып мен жалпы дұрыс жолды таңдадым ба? Негізі әнші болайын ба, болмайын ба деген сұрақтар болады», – дейді Әли Оқапов.

Оқапов жұрттың кереғар пікірлерін дереу ой елегінен өткізіп, шешімді тез қабылдауға құштар. Ал жұрттың сыны әншіге керісінше шабыт сыйлайтын сынды.

Әли Оқапов

«Таңертең қайта сол сөздерді есіме түсіргенде, олар маған күш-қуат береді. Өйткені, олар менің жыныма тиеді. (күледі) Оларға мен дәлелдеу керекпін, мойындату керекпін. Ер-азамат ретінде намысыма тиген соң, оларға рахмет айтқым келеді. Өйткені, әзірше мен өз мақсатыма жетпедім. Мені мойындамағандар да жетеді. Мүмкін мен оларға жақсы әнші ретінде ұнап қалсам – ол жеңіс. Жанкүйерлер пікірі маңызды. Бірақ маған қарсы болғандарды дос қылдырып алу мақсатым», – дейді Әли.

Десек те, Оқапов орынды сындарды түзеуге тырысады. Ол үшін халықтың шынайы тілегі мен кереғар пікірінің ара-жігін ажырату маңызды.

Әли Оқапов

«Мен сынға мән беремін. Сын екі топқа бөлінеді. Біріншісі – ешбір мақсаты жоқ, ешбір ниеті жоқ жай ғана сын. Екіншісі – жақсы болсын деген ниетпен айтылған сын. Мен сол екінші топқа қатты мән беремін. Өйткені, мені жер қылу үшін емес, мені өсіру үшін айтылған сынға оң көзбен қараймын. Үйренетін нәрсе көп. Мен өз-өзімді мінсіз адам немесе әнші ретінде есептемеймін. Менің кемшіліктерім жеткілікті. Соның бәрін түзетуге тырысып жүрмін», – дейді әнші.

Осыдан алты жыл бұрын отандық шоу-бизнеске қадам басқан Оқапов, осы уақыт ішінде еліміздегі бірнеше музыкалық жобаларда топ жарып, түрлі марапаттарды да еншілегені ел есінде. Әли 2016-шы жылы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының да иегері атанды. Сондықтан болар, орынсыз сындар әнші жігіттің жігерін жанши алмайды.

«Мен сахнада қалыптастым. Әрине, менің өз орным бар. Өзімнің тыңдармандарым бар. Жеңістерім бар, атағым да бар», – деп сөзін түйіндеді Оқапов.

Әли Оқапов түн ішінде өзіне қоңырау шалып, қоқан-лоққы көрсететіндер туралы жайып салды

Айта кетейік, желтоқсан айының 19-шы жұлдызы күні Әли Оқаповтың Астана қаласында алғашқы ән кеш өтеді. Концертке әнші жігіттің жанұясы мен өнердегі әріптестері де бой көрсетеді.

Источник: Stan.kz