Сириядағы сергелдеңге түскен отандастарымыз елге оралды

47

Ақтау әуежайынан ұшқан әс­ке­рилер мен құтқарушылар 47 адам­ды елге әкелген. Олардың 11-і әйел болса, 30-ы – бала. Бала­лар­дың қатарында 1-5 жас аралы­ғын­дағы сәбилер көп. Осы оқиғаға байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы мәлім­деме жасап, Қазақстан тарапы аза­мат­тарына әрдайым қолдау көрсе­тетінін жеткізді.

«Қазақстан өз азаматтарына қай жерде жүргеніне қарамастан әр­дайым қолдау көрсетеді», деп атап көрсетті Елбасы осы мәлім­демеде.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің деректеріне сүйенсек, жалпы 800-ден астам қазақстандық Сирия мен Иракқа барып, террористік ұйымдардың қатарына қосылған. Қазіргі таңда олардың біразы елге оралды. Осы ретте «Жусан» секілді операциялардың құпия ұйымдастырылатыны, сондықтан олардың жүргізілу барысы егжей-тегжейлі айтыла бермейтінін айта кеткен жөн. Әйтсе де, еліміздің дипломаттары Түркия, Иран, Ре­сей секілді кепілгер мемлекет­тер­мен келелі келіссөздер жүргізіп, қа­зақстандықтарды қайтару мақ­сатында қыруар іс тындырып жатқаны айтпаса да түсінікті. Сон­дай-ақ қауіпті аймақтарға ба­рып, азаматтарымызды аман-есен әкелуге барын салған арнайы әскери қызмет өкілдерінің жұ­мысына ерекше тоқталған абзал.

Сириядағы ахуал бүгінгі күні күллі әлемді алаңдатып отырғаны белгілі. Қарапайым наразылықтан басталған оқиға жаппай бас көтеруге ұласып, ақыр соңы азаматтық соғысқа әкелді. Соғыстың кесірінен Сирияға түскен ауыртпалықтың деректері жан шошытады. Қақтығыстар салдарынан ел экономикасы 275 миллиард доллар жоғалтып, әбден тұралады. Соғыста көз жұмғандар саны да өте көп. БҰҰ-ның Сирия жөніндегі елшісінің келтірген мәліметіне сүйенсек, осы уақыт аралығында елде 400 мыңға жуық тұрғын қаза тапқан екен. Кейбір деректер бойынша қайтыс болғандар саны 560 мыңға жетіп жығылады. БҰҰ Босқындар жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының мәліметіне сай, 5 миллионнан астам халық елді тастап, босқынға айналса, 7,6 миллион тұрғын ел ішінде қоныс аударуға мәжбүр болыпты. Мұның бәрі Сириядағы ахуалдың қаншалықты күрделі екенін көрсетсе керек.

Сириядағы жағдайды реттеуде бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсақ, Женевада және Астанада Сирия бойынша келіссөздер жүргізілген-ді. Әсіресе елордада өткен «Астана процесінің» Сириядағы жағдайды реттеудегі маңызы зор екенін айта кету ләзім.

Мәселен, қақтығысып жатқан Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция өкілдері алғаш рет Астанада бір үстел басында бас қосып, мәмілеге келу туралы талқылады. Сонымен қатар кепілгер мемлекеттер (Түркия, Иран, Ресей) Сириядағы атысты тоқтатуды бақылаудың үшжақты тетігін құруға келісіп, дағдарысты реттеу мақсатында 4 деэскалация аймағы құрылды. Яғни, аталған аймақтарда атыс тоқтатылып, соғыс өрті шарпыған аймақтарға гуманитарлық көмек көрсетуге мүмкіндік туды. Мұның бәрі қақтығыстан қиындық көрген көп­­теген адамның өмірін сақ­тап қалғаны айтпаса да түсі­нік­ті. Осы орайда «Астана проце­сі­нің» табысты жүргізіліп, келіс­сөз­­дердің оң нәтижесі Сырт­қы іс­тер министрлігі атқар­ған еңбек­тің нә­тижесі деп айтсақ қателес­пейміз.

Бұдан бөлек тұтқындар алмасу жөніндегі ереже, қаза тап­қан­дардың денесін беру, із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру, ИЛИМ/ДАИШ және «Әл-Нусра майданы» секілді террорлық топтардың және қарулы оппозициялық ұйым­дардың орналасқан жерлерін көр­сететін бірыңғай карта құру се­кілді Сириядағы ахуалды реттеу­ге қатысты көптеген келісімдер жа­­салды. 

Сириядағы дағдарысты жете түсініп, бітімгерлік бастамасын кө­теріп, ахуалдың оң шешім та­буы үшін Астана алаңын ұсы­ну Нұрсұлтан Назарбаевтың бей­біт­шілік пен қауіпсіздікті сақтау жолындағы салиқалы саяса­ты­­ның оң ықпалын көрсе­теді. Ел­басының еңбегі халық­ара­лық аренада да жоғары баға­лан­ға­ны белгілі. Қорыта айтқан­да, Си­рия­дағы жағдайды шешу үшін алаң ұсынуы, ондағы қазақ­стан­дық­тар­ды елге әкелуге күш салуы елі­­міздің бітімгерлік бағытында ат­қар­­ған ауқымды шараларының бі­ре­­гейі ретінде саналатыны сөзсіз.

Қазақстан паспортының бі­рінші бетінде «Паспорт Қазақ­стан Республикасының меншігі бо­лып табылады, ал оның иесі Қазақ­стан Рес­публикасының қорғау­ында бо­лады» деп жазылған. Ендеше, Си­риядағы қазақстан­дық­тарды құт­қару жұмысы атал­ған сөздің іс жүзінде жүзеге асқа­ны­ның ай­қын дәлелі деп нық сенім­мен айта аламыз.

 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/

Загрузка...