Сенаторлар Сәуле Омароваға қандай айып тағып отыр?

0

АҚШ сенатында кейбір республикашыл сенаторлар Ақша айналымын бақылау басқармасының (Comptroller of the Currency) басшысы лауазымына ең білікті үміткер Сәуле Омарованы лайық көрмей отыр, деп хабарлайды kznews.kz сайты.

Сенаттың банк істері және тұрғын үй комитетінің төрағасы, демократ Шеррод Браун Омарованың бұл қызметке ұсынылған алғашқы басқа нәсілді әйел әрі эмигрант екенін алға тартты.

«Сәуле Омарова бұл қызметке тағайындалғаны ресми жарияланғаннан кейін бір аптадан кейін The Wall Street Journal оның кеңестік кезеңнен өткенін әдейі атап көрсеткен мақала жариялады: Мәскеу мемлекеттік университетінде Лениндік стипендиямен оқу. 1960-1980 жылдары барлығы дерлік Кеңес Одағы Лениннің есімімен аталды, Милтон Фридман немесе Рональд Рейган шәкіртақысы ол кезде қолжетімді емес еді», — деді сенатор Браун.

Оның сөзінше, бұл мәлімдемелер Омарованың шыққан жеріне негізделген.

Кейінірек республикашыл сенатор Джон Кеннеди Сәуле Омарованың жас коммунистер тобының мүшесі болғанын айтып, 2019 жылы Facebook-те социалистік және антикапиталистік көзқарастарды талқылайтын марксистік топқа қосылғанын айыптады.

«Сенатор, сіз Кеңес Одағы кезіндегі жастардың коммунистік ұйымына мүшелігімді айтып тұрсыз ба? Мен КСРО-да дүниеге келдім. Бұл елде әрбір адам комсомол мүшесі болды. Бұл қалыпты прогресстің бір бөлігі болды. Бұл көп жылдар бұрын болды. Ал адамдар белгілі бір жасқа жеткенде бұл топтан автоматты түрде шығып кетеді», — деп жауап берді Омарова.

Ол өзінің коммунист емес екендігін айтып, осы идеологияны талқылайтын Facebook-тағы қандай да бір топқа қосылғаны есінде жоғын жеткізді.

«Мен туған жерімді таңдаған жоқпын. Менің отбасым коммунистік режимнің кесірінен жапа шекті. Мен отбасымның жартысын білмей өстім. Сталиндік режим кезінде әжем екі рет өлімнен аман қалды. Осы оқиға есімде. Осы елге келдім, америкалық болғанымды мақтан тұтамын. Менің осында болуымның себебі де – осы. Мен мемлекеттік қызметке дайын болғандықтан осындамын», – деді Сәуле Омарова.

Элизабет Уорреннің айтуынша, бұл республикашылдар ұйымдастырып отырған аяусыз жала жабу науқаны.

Ал сарапшылар Сәуле Омарова жеке секторда да, мемлекеттік саясатта да әділ, бейтарап және қатал валюталық бақылаушы екенін көрсете білді дейді.

Оралбай МЕРГЕНБАЙҰЛЫ