Ресей Жайық суын заңсыз бұрып әкетпек: Жайықтың өзі қымбат па, жағалауы қымбат па?

0
3341

Кезінде атақты жырау Ақтан Керейұлы Жайыққа «жанды су» деп баға берген екен. Бүгінгі ұрпақ баба сөзін ертегідей көретіні анық. Өйткені, қазір асау өзеннің арыны әбден басылып, «кеудесінде» шығар-шықпас жаны тұр.

Жайық бір күнде жағадан кеткен жоқ. Жылдар бойы жалғасқан жабайы әрекеттерден әуелі басты байлығы – бекіре таусылды. Бекіреден басқаны балық деп есептемеген ел шабақ ұстаса шаттанатын күйге жетті. «Ештеңе етпес, мол сумен балықтың орны толады» деп өзімізді жұбатқан болдық. Бірақ, мол су келер емес, керісінше көрші Ресей көктемде болар-болмас су береді де, бұранданы кері бұрап қояды. Жайықтың трансшекаралық мәртебесіне түкіргені бар. Өзеннің өн бойына ірілі-ұсақты 70 шақты су қоймасын, 3 мыңнан аса заңсыз бөгеттерді салып, қылбұрауды қатайта түсуде. Башқұртстанда Ақяр, Бұзаулық, Таналық, Мақан секілді ірі су қоймалары жұмыс істеп тұр. Бір ғана Орынбор облысы аумағындағы Ириклин су қоймасының өзі орта жолдан қыруар суды құйып алып отыр. Жағалау сызығы 400 шақырым құрайтын, тереңдігі 10 метрден асатын қойма толмай Жайыққа жарты литр де су түспейді.

Жығылған үстіне жұдырық болған тағы бір жағдай жақында Орынбор облысының табиғат ресурстары және экология министрі Александр Самбурский өзенді жасанды жолмен бөгейміз деп мәлімдеді. 300 млн. рубльге жоба жасап, жоғарыға жолдап та қойыпты. Дұрысында, мұндай жоба Қазақстанмен келісілмесе, заңсыз. Дереу тоқтатылуы тиіс. Алайда, Жайықтың қазақстандық бөлігіндегі Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарында тұратын 1 миллионнан аса адамның хәлі не болады, оған ешкім бас қатырып жатпағанға ұқсайды. Біздің билік аттан салып, мемлекетаралық шу шығармағасын Самбурский секілді кішігірім министрсымақтар ойларына келгенді жасамай қайтсін!

Ресей тарапының Жайық үшін жағаласуының екінші себебі – үлкен-үлкен кәсіпорындары орналасқан. Мәселен, Челябинскі мен Магнитогорск металлургия комбинаттары, Новотроицк металлургия, хром қосылысы зауыттары, Башқұртстандағы Үшалы, Сибай, Бөрібай кеніштері бұл тізімдегі ірілері ғана. Басқа да жүздеген өндіріс ошақтары Жайық суын пайдаланып, зиянды заттармен уланған ағын суды қайта өзенге жіберіп жатыр. «Тазалаймыз» деп ант-су ішкендеріне біз тұрмақ, өздерінің экологтары да сенбейді.

Үшінші себебі – Ресейдегі бүкіл бидай мен көкөністің 15 пайызын және ет-сүт өнімдерінің 15 пайызын осы Жайық бойында орналасқан облыстар береді. Яғни, орыстардың ойлағаны өздерінің қамы. «Өзеннің тартылуына зәредей зиянымыз жоқ, бұл ғаламдық үрдіс» деп әңгімені әріге аударуға тырысады. Әрине, олар табиғаттағы тепе-теңдіктің бұзылуының түбі бумеранг боп өздеріне тиетінін, Жайық кепсе топырақ пен тұз жоғарыдағы Ресейге ұшып жетіп, Аралдың кебін киетіндерін жақсы біледі, білсе де білмегенсиді. Себебі, көкейді тескені қу құлқынның қамы.

Ал біз өзіміз Жайықты құтқару үшін не істеп жатырмыз? Әзірге көз көріп, көңіл сеніп тұрған мардымды ештеңе жоқ. Түрлі деңгейдегі форумдарда, симпозиумдарда, конференцияларда көпірме баяндамалар жасалып, лепірме лекциялар оқылады. Депутаттар дүрлігіп, Үкімет басшысына сұрау салады. Оларға шығарып-салма жауаптар беріледі. Аз уақыт оптимистік сезімде жүреміз, сонымен бітті. Тіпті, болмағасын осыдан 5-6 жыл бұрын Мәжіліс депутаты болған бір апамыз «Жайықты құтқарайық!» деп ұрандатып, қайықпен әрі-бері жүзіп те көрді. Бірақ, прагматизмнен гөрі популизмге көбірек келіңкірейтін бұл шараның нәтижесі нөл болғаны айтпаса да түсінікті.

Өзендегі су деңгейінің жылдан жылға төмендеуі Оралды жылытып отырған «Жайықжылуқуат» мекемесін де қатты алаңдатып отыр. Су мол уақытта көсіп-көсіп алып, үнемдеуді үйренбеген мекеме енді пайдаланылған суды салқындатып, құбырға қайта жіберетін қондырғы – градирня орнатуға мүдделі. Құны 2,2 млрд. теңге болатын қондырғыны сатып алуға ҚР Энергетика министрлігі рұқсат берген. Құрылысына 6 ай уақыт керек. Қондырғы суды буға айналғанша бірнеше мәрте қайталап пайдалануға жол ашып, осы әдіспен жыл сайын 4 млн. текше метр су сақталмақ.

Шаһарды ауыз сумен қамтитын «Батыс су арнасы» да су үнемдейтін жоба жасапты. Оның құны 7,5 млрд. теңге төңірегінде.

-Біз осыған дейін сүзгіден өткен суды өзенге кері жіберіп келдік. Жоба қолдау тапса, тазартылған су екінші рет айналымға түседі. Бұл судағы зиянды заттар мөлшерін азайтады және жылына 880 мың текше метр су үнемделеді. Қазір жобалық-сметалық құжаттама жасалуда. Біткесін мемлекеттік сараптамаға жолданып, оң қорытынды берілсе бюджеттен қаржы сұраймыз, – деп отыр кәсіпорын басшысы Қайырғали Имашев мырза.

Судың аздығы, осылайша, белдікті қаттырақ тартуға мәжбүрлеп, «үнем» ұғымын санамызға сіңірген секілді еді. Сөйтсек, «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деген мәтел Батыс Қазақстанда әлі «маңызын» жоғалтпапты. Наурыздың басында біреулер Жайықтың жағалауын бекітеміз деген желеумен екі жерде 1,5 мың түп тал-теректі отап тастады деген шу шықты. Бірінің ұзындығы – 286, екіншісінікі – 386 метр. Бұл жұмыстарға 800 млн. теңгеден аса қаржы қаралған. Оған қоса Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылы тұсында да осындай әрекет басталған. Ондағы бетонмен қапталатын жағалаудың ұзындығы, тіпті ауқымды, бақандай 1 шақырым 200 (!) метр. Құны да арзан емес, 1 млрд. теңгеден асады. Тендерді ойнатқан тапсырыс беруші БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы.

Бір қызығы атқарушы биліктің өздеріне деген бұл «қамқорлығынан» тұрғындардың дені хабарсыз болып шықты. Мәселен, осыдан 5 жыл бұрын (!) өткен Оралдағы қоғамдық тыңдауға екі адам қатысқан, чапаевтықтар құрылыс басталғанда бір-ақ білген. Әкімдік мамандары қоғамдық тыңдауға адамдардың келмеуін енжарлықпен түсіндірмек болғанымен, қалың көпшілік суы жыл сайын төмендеп, ағысы баяулап бара жатқан Жайықтың жағалауына дәл қазір 2 млрд. теңгеге жуық ақшаны «көміп» тастаудың не үшін қажеттігін түсінбей дал. «Жайыққа су мол келген жылдары жасалса қайда қалды? Одан бері ағыс өзгерді, арна да ауысты. Күні бүгін су біз тұратын жағалауды емес, қарсы бетті шаюда. Әбден суы азайған, жазғытұрым кей тұсы тобықтан келетін өзенді ауыздықтаймыз дегендері күлкілі. Баяғыдан бері тамырын тереңге жіберіп, жағалауды опырылудан сақтап тұрған алып ағаштарды аяусыз отаулары да мүлде қисынсыз. Біраз адам шығып, қарсылық білдірген соң ғана ағаш кесулерін тоқтатты. Ол да уақытша болар. Бұл жерде біз білмейтін бір жұмбақ бар», – дейді жағалауға жақын жерде тұратын тұрғындар.

Чапаевтағы жағалауды бекіту мәселесіне қатысты ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Күнсұлу Сұңқаралиеваның пікірін білдік. «Оралдағы жағдайды білмеймін, біздегі жағалау шынымен қауіпті. Соңғы 13 жылда Жайықтың іргесіндегі Есенжанов көшесінен 10 адам өтемақы алып, басқа жерге көшті. Ал мына жоба басталғанда нақты жұмыс жүретін жер теліміне ғана өтемақы береміз деген. Артынан тұрғын үйлерге де зиянын тигізетін болғандықтан, бағалау қорытындысымен үй алуға өтемақы төлейтін болды. Сұраған құжаттарын тапсырып, ақшасын күтіп отырмыз. Беретін 3 млн. теңгеден сәл астам қаржыға дені дұрыс үй келсе жақсы. Газ, суы бар жақсы үйлер ауылда да өте қымбат», – дейді ол.

-Күні бүгін қауіпті аймақта 15 шақты үй бар. Әзірге соның жарқабаққа жақын тұрған 3-еуіне ғана өтемақы тағайындалған. Ауыр техника жұмыс істегенде, яғни қада қағу, бетон құю кезінде тербеліс болады, одан үйлердің іргетасы, қабырғасы жарылуы мүмкін. Шешсе мәселені түбегейлі шешіп, бөліп-жармай көшедегі барлық үйлерді көшіру керек. Өтемақы сомасын да көтерген дұрыс. Өйткені, 3 млн. теңгеге ауадан орталығынан жібі түзу баспана табу қиын, – дейді тағы бір ауыл тұрғыны Борис Мырзағалиев.

БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мамандарының айтуынша, Жайық жағалауын бекіту жұмысы тоқтамайды, көктемгі су тасқыны аяқталғасын маусым айында әрі қарай жалғаспақ. Нәтижесі қалай боларын уақыт көрсетеді.

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ,

Батыс Қазақстан облысы

 

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету