Қазақстан президенті сайлауы: дерек пен дәйек
Қазақстанда жалпыхалықтық президент сайлауы 5 рет өтті: 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылы, оның басым бөлігі кезектен тыс болды
Қазақстан президенті сайлауының тарихы
1990 жылы 24 сәуірде Қазақ КСР-ның Жоғарғы кеңесі президент лауазымын бекітті. Ел басшылығына Жоғарғы Кеңес Нұрсұлтан Назарбаевты сайлады.
Бұл уақытта Назарбаев Қазақ КСР Коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметінде 1989 жылдың 22 маусымынан мемлекетті басқарып отырған еді.1991 жылдың 1 желтоқсанында елде тұңғыш рет жалпыхалықтық президент сайлауы өтті. Мемлекет басшысы лауазымына жалғыз үміткер Нұрсұлтан Назарбаев 98,78% дауыс жинады. Сайлаушылардың 88,2%-ы өз таңдауын жасаған. Ал 10 желтоқсанда Қазақ КСР-ны Қазақстан Республикасы болып өзгерту туралы заңға қол қойылды.
1995 жылдың 29 сәуірінде Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзарту үшін референдум өткізілді. Бұл шешімді 95,46% сайлаушылар қолдады. Дауыс бергендер саны — 91,26%.
Жаңа Конституция
1995 жылдың 30 тамызында референдумда жаңа Конституция қабылданды. Елдің негізгі құжатында президент жалпыхалықтық сайлау арқылы 5 жылға сайланатыны жазылды. Бұдан бөлек, президент туғаннан бастап Қазақстан азаматы болуы керек, 35 жастан кіші емес және 65 жастан үлкен болмауы тиіс. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді жетік меңгерген, Қазақстанда кем дегенде 15 жыл тұруы керек. Бір адам қатарынан екі мерзімнен артық сайлана алмайды.
1998 жылдың 7 қазанында Қазақстан Конституциясына бірқатар өзгерту енгізілді. Атап айтқанда, президенттің өкілеттілік мерзімі 7 жылға дейін ұзартылып, билік басында отыратын мерзімге белгіленген шектеу алынып тасталды. Бұған қоса, президенттікке үміткердің жасы «65-тен аспауы тиіс» деген талаптың күші жойылды.
Назарбаевтың бәсекелестері
1999 жылдың 10 қаңтарында Қазақстанда екінші жалпыхалықтық сайлау өтті. Ол кезектен тыс болды.
Президентікке тәуелсіз үміткер Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан коммунистік партиясының өкілі Серікболсын Әбділдин, тәуелсіз үміткер Ғани Қасымов және Қазақстанның халық бірлігі партиясынан Энгельс Ғаббасов таласты.2000 жылдың маусымында Конституциялық кеңес бұл президенттік мерзімді Назарбаев үшін тұңғыш деп белгіледі. Өйткені осыған дейінгі сайлаулар ескі конституциялардың аясында өткізілген еді.
2005 жылдың 4 желтоқсанында Қазақстан президентінің үшінші жалпыхалықтық кезекті сайлауы өтті. Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 91,15% дауысын жинады. Бәсекелес үміткерлер — «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының көшбасшысы Жармахан Тұяқбай, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Әлихан Байменов, мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов және «Табиғат» экологиялық ұйымының көшбасшысы Мэлс Елеусізов.
2007 жылдың 21 мамырында Конституцияға түзетулер енгізілді. Мемлекет басшысының өкілеттігі 5 жылға дейін қысқартылды және Қазақстанның Тұңғыш Президентіне қатарынан екі реттен артық сайлануға болмайды деген шектеудің күші жүрмейді.
2010 жылдың маусымында Назарбаев ҚР Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы мәртебесіне ресми түрде ие болды.
Президенттің кезекті сайлауы 2012 жылы өтуі керек еді, қоғам қайраткерлері Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттілігін 2020 жылға дейін референдум арқылы ұзартуды ұсынды.
Нұрсұлтан Назарбаев президенттің өкілеттілігін сайлау өткізбей 2020 жылға дейін ұзарту туралы ұсыныстан бас тартты.
2011 жылдың 2 ақпанында парламент палаталарының бірлескен отырысында Конституцияға енгізілген өзгерістер қабылданды. Ол президентке кезектен тыс сайлау жариялауға құқық берді.2011 жылдың 3 сәуірінде кезектен тыс сайлауда Назарбаев төртінші мерзімге президент болып қайта сайланды. Ол 95,55% дауыс жинады. Екінші орынға Ғани Қасымов жайғасты (1,94%). Дауыс беруге 89,99% сайлаушы келді.
2015 жылдың 26 сәуірінде кезектен тыс президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 97,75% дауысына ие болды. Коммунистік халық партиясы орталық комитетінің хатшысы Тұрғын Сыздықов 1,61%, кәсіподақтар федерациясының төрағасы, өзін-өзі ұсынушы Әбілғазы Құсайынов 0,64% жинады.
2017 жылы Қазақстан Конституциясына тағы да өзгертулер енгізілді. 19 бапқа 26 түзету қабылданды. Басым бөлігі президент, парламент пен үкіметтің өкілеттіктерін қайта бөлуге қатысты болды.
Қазақстан президентінің кезекті сайлауы қашан өтеді
Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігі 2020 жылы аяқталып, кезекті президент сайлауы сәуір айында өтуі керек болатын.
2019 жылдың ақпанында президент Конституциялық кеңеске өтініш түсіріп, Конституцияның 42-бабының 3-тармағын ресми түсіндіруді сұрады. Бұл тармақ мемлекет басшысының өкілеттіктерін тоқтату шарттарына қатысты.
5 ақпанда Нұрсұлтан Назарбаевтың видеоүндеуі жарияланды. Ол Конституциялық кеңеске берген өтініші мемлекеттің әдеттегі мәселесі екенін айтты. Президент бұл оқиғаның айналасында айқай-шу тудырмауға кеңес бере отырып, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтпейді деп сендірді.
2019 жылдың 19 наурызында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті ретінде өкілеттігін тоқтатты. Президент міндетін уақытша атқару сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүктелді.