Қазақстан Ауғанстанға гуманитарлық көмек жеткізуге 101 миллион теңге жұмсады

0

Қазақстан Ауғанстанға азық-түлік тауарлары бар жүкті жеткізуге 101,5 млн теңге жұмсады, деп хабарлайды kznews.kz сайты Адырнаға сілтеме жасап.

Енді бұл соманы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Үкімет резервінен өтеу тапсырылды. Тиісті қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында талқылауға орналастырылды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Қазақстанның қаржы министрлігі Үкіметтің төтенше резервінен 101,5 млн теңге бөлуге дайын екенін растады.

Қазақстан Ауғанстанға 2020 жылдың маусым айында көмек көрсетті. ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, сол кезде екі мың тоннаға жуық жоғары сұрыпты ұн, 500 тонна макарон, 400 мың литр өсімдік майы және 200 мың банка сүт консервілері жіберілді.

Айта кетейік, дәл сол жылдың тамызында Қазақстан Ауғанстан мен Өзбекстанға гуманитарлық көмек жіберген еді. Бұған қосымша 16,1 млн теңге жұмсалды. Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, сол кезде Өзбекстанға мың тонна бидай ұны, 250 тонна қарақұмық жармасы, 92 тонна сары май және 19 тонна қоюландырылған сүт жіберілді, ал төтенше жағдайға арналған тауарлар Ауғанстанға жөнелтілген.