Нығматулин Қытай елшісімен екіжақты қарым-қатынасты талқылады

0

Парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Сяо Чжанмен кездесіп, екі ел қарым-қатынасының даму барысы туралы әңгімелесті.

Парламент мәжілісі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нығматулин Қазақстан мен Қытайдың екіжақты өзара қарым-қатынасы қазір стратегиялық әріптестік деңгейіне шыққанын айтқан. Нығматулин сонымен қатар Қазақстандағы «Нұрлы жол» бағдарламасының Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасымен түйіндестіру нәтижесінде Қорғас бекетінің, Ақтау портының, Қазақстан-Түркіменстан-Иран жаңа теміржол желісінің және Батыс Еуропа — Батыс Қытай халықаралық жолының ашылғанын айтқан.

Елші Сяо Чжан 2019 жылдың екіжақты стратегиялық әріптестікті одан ары нығайтуда маңызды болатынын айтқан. Дипломаттың сөзінше, қазір «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында 55 ірі инвестициялық индустриалдық жоба іске асырылып жатыр, ал биыл бірнеше жаңа жоба іске қосылмақ.

Мәжіліс баспасөз қызметі таратқан ақпаратта Нығматулин мен Сяо Чжанның кездесуде туыстары Қытайдан Қазақстанға шыға алмай отыр деген этникалық қазақтардың жағдайын талқылағаны, я талқыламағаны айтылмайды.

Дереккөз: Азаттық