«Назарбаев отбасынан бөтенге билікті бере қоймас»

0

Батыс басылымдары Қазақстанның жоғарғы билігінде болуы ықтимал өзгерістер туралы жазды. Шетел баспасөзі Астана арасындағы келісім мен Қарашығанақта әзірленіп жатқан консорциумды, Астананың зейнетақы жүйесін қайта қарау жоспарын талқылаған.

БИЛІКТІ БЕРУДЕГІ «ЕКІ ЖАҚТЫ СТРАТЕГИЯ»

Америкалық National Interest журналы «Қазақстандағы келесі саяси дағдарыс» деген мақаласында Орталық Азия еліндегі саяси жағдайды жан-жақты талқылап, билік транзитінің нышандары бар екенін айтады.

Қазақстандағы кез келген тұрақсыздық «Вашингтонға ықпал етуі мүмкін» дейді басылым, себебі Астана НАТО-ға Ауғанстанға жүк тасымалдауға рұқсат беріп отыр, өз аумағына ядролық отын банкін орналастырды, ал АҚШ-тың Қазақстанның мұнай-газ саласына салған инвестициясы миллиардтаған долларды құраған.

«Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері тұрақты дамып келеді, бірақ «Назарбаевтан кейінгі кезеңде тұрақтылықты сақтау қиын болады», — деп жазады АҚШ Конгресі зерттеу қызметінің өкілі Уил Макки.

Ол «этникааралық зорлық-зомбылық тарихы», «жұмсақ авторитарлық режим» мен саяси институттардың әлсіздігі және жемқорлықтың кең тарағанын атап өтеді. Бұған дейін Карнеги қорының аға ғылыми қызметкері Пол Стронски «Назарбаев қазақстандық егемендікті құрушы және кепілі ретінде маңызды рөл атқарды, бірақ ол өзінен кейінгі кезеңде мемлекетті сақтау үшін саяси және мәдени институттар қалыптастыра алмады» деген болатын.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясының жиынында. 2007 жыл.

«Дегенмен, Назарбаев бұл үрдісті өзгертпек тәрізді. Ол саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін екі жақты стратегия әзірлеп отырғанға ұқсайды: біріншіден, биліктің атқарушы тармақтан бөлінуіне қол жеткізбек, яғни, шағын топтар мен жеке тұлғалардың үлкен саяси ықпалға ие болуының алдын алғысы келетін сыңайлы; оның бәрі ұзақ мерзімді саяси және экономикалық мүддеге кесірін тигізбек. Екіншіден, ол елдегі элитаны Қазақстан экономикасына инвестиция салуға мәжбүрлейді. Капиталды шетелге шығаруды қиындатты, дәулетті тұлғалардың қаржылық мүддесі Қазақстан экономикасына тәуелді болатындай жағдай жасады. Сондықтан саяси тұрақсыздық пен экономикалық қиындықтар болса элита да халықпен бірге жапа шегеді», — деп жазады National Interest.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев отбасы мүшелерімен бірге. 1992 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев отбасы мүшелерімен бірге. 1992 жыл.

Басылымның пікірінше, «Назарбаевтың билікті өз отбасынан шықпаған бөтен адамға бере қоюы екіталай», себебі «өзіне кімнің адал екенін, ал кімнің өзі құрған жүйені қолдап қана жүргенін» ажырату қиын.

National Interest басылымының жазуынша, Өзбекстан бұған нақты мысал бола алады, авторитарлық басшы Ислам Каримовтің қазасынан кейін оның тұсында премьер-министр болған Шавкат Мирзияев президент болып отырды. Басында Каримовтің мұрасы қорғалатындай көрінген, бірақ кейін бәрі өзгерді: «Билік қолына тиген Мирзияев елді бақылауға алып, Каримовтің бірқатар одақтасын биліктен шеттетті, Каримов отбасын да тергеуге ала бастаған тәрізді».

Сарапшылар Қазақстанда өзбекстандық сценарийдің қайталана қоятынына сенбейді, себебі Назарбаев атқарушы билікті әлсіретті, 2017 жылдың наурызында ол заңнамаға түзетулер енгізіп, (өз партиясы бақылайтын) парламенттің өкілеттігін ресми түрде кеңейтті дейді олар. 2018 жылдың шілдесінде күшіне енген заңға сәйкес, Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойы басшысы болу құқығын иеленді, ал кеңес беруші дәрежесіндегі органға конституциялық мәртебе берді.

Солай бола тұра, Назарбаев елдегі заңнамалық және саяси институттардың болашақта өз реформасын ұстанатынына күмәнданатын сияқты. «Ол қаупі бекер емес, себебі өзі және партиясы саяси тұрғыда қажет деп санағанда Қазақстан Конститутциясын өзгерткен» дейді National Interest.

Назарбаев Bloomberg сайтына сұхбат беріп отыр. Астана. 23 қараша 2016 жыл.

«Назарбаев биліктен кете ме, кетсе қай уақытта кетеді – ол жағы белгісіз, бірақ әлдебір саяси транзитке дайындалып жатқан тәрізді. Ол билікті бөлшектеуге кірісті, шамасы өзінен кейін келетін ізбасардың билігін әлсіретуді көздейді; оған қоса, елдегі элита мәртебесін (статус-кво) сақтап қалуға инвестиция салса дейді. Бірақ, ең басты сауалға жауап жоқ – Назарбаев саяси транзитті қамтамасыз ету жүйесін жасауға тырысқан сайын ол жүйенің өзі кеткен соң қалай әрекет ететіні ойландырады», — деп қорытады National Interest.

«ҚАЗМҰНАЙГАЗДЫ» АЙНАЛЫП ӨТЕТІН КЕЛІСІМ

Вашингтонда шығатын Diplomat газеті «Біреулер ұтып, біреулер ұтылып жатыр, ал Қазақстан 1,1 миллиард долларға чек алады» деген мақала жариялады. Онда Қарашығанақ мұнай-газ кенін өңдеуші шетелдік компаниялар өнімді бөлісу туралы келісімге (ӨБК) қатысты үш жылдық дауды шешу үшін Астанаға миллиард доллардан астам ақша төлеуге келіскені айтылған. Қазақстан билігі оны «Қарашығанақтағы мұнай-газ өнімін өндіруден түскен табысты әділетсіз бөлудің өтемақысы» деп атапты.

Қарашығанақ кен орнындағы инфрақұрылым.
Қарашығанақ кен орнындағы инфрақұрылым.

Кен орнын өңдеу 1997 жылы басталған. Басында Eni, BG Group, Chevron Texaco мен Lukoil өнімді бөлісу туралы келісімге қол қойған. Бірақ, 2012 жылы үкіметтің қысымымен Қарашығанақты өңдеп жатқан консорциум «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына 10 пайыздық үлесті алуға мүмкіндік берді.

Консорциум сол жылдан бастап ӨБК жұмысы аяқталатын 2037 жылға дейін экспорттық баж салығынан босатылған. Алайда 2016 жылы Shell компаниясы BG Group-ты сатып алғанда Қазақстан билігі компаниялар мен мемлекеттік қазына арасында табысты әділетсіз бөлгені үшін өтемақы алу мақсатында Қарашығанақ жөніндегі келісімге өзгеріс енгізу мүмкіндігін пайдаланды.

2017 жылы Қарашығанақ кен орны 12,3 миллион тонна мұнай берді, оның көп бөлігі Каспий құбыры арқылы Қара теңіздегі Новороссийск портына экспортқа шығарылды.

«Келісімді билік пайдасына өзгерткен энергетика министрлігі 2009-2012 жылдардағы келіссөзде пайда көрген «ҚазМұнайГаз» компаниясын осы жолы айналып өтті. Соңғы келіссөз кезінде мұнай бағасы бір айда барреліне 50 долларға төмендеді, осылайша «ҚазМұнайГаз» құнды қағаздарды сатып, құрылымын өзгертуге мәжбүр болды, бұл процесс әлі біткен жоқ. Өзінің энергетикалық алыбын қолдаудың орнына Қазақстан Қарашығанақтан ақшаны бірден Астанадағы мемлекеттік қазынаға құятын «құбыр» әзірлеуді жөн санады», — деп жазады Diplomat.

ЗЕЙНЕТАҚЫ РЕФОРМАСЫ БОЛА МА?

Ағылшын тілінде шығатын Eurasianet.org сайты «Қазақстан: зейнетақы жоспарының сұрықсыз көрінісі» деген мақала жариялады. Онда биліктің зейнетақы жинағын басқаруды қайта қарау жоспары туралы айтылған.

2013 жылдан бері азаматтардың зейнетақы салымдарының бәрі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) түсіп жатыр, онда қазір 10 миллионға жуық шот бар, шамамен 9 триллион теңге (25 миллиард доллар) жиналған. Қорды Ұлттық банк басқарады.

«Енді билік ақшаны жеке сектор операторлары басқарған 2013 жылғы ережеге қайта оралу туралы айтып жатыр. Бұл реформа Ұлттық банктің 2017-2021 жылдардағы стратегиялық жоспарында жазылған. Ол бойынша салымшылар инвестициялық қорды өздері таңдап, ақшасын қайда салуды өздері шешеді», — делінген мақалада.

Алматыдағы БІрыңғай зейнетақы жинақтау қоры ғимаратынан шығып келе жатқан адам.
Алматыдағы БІрыңғай зейнетақы жинақтау қоры ғимаратынан шығып келе жатқан адам.

Экономист әрі БЖЗҚ қоғамдық кеңес беру комитетінің мүшесі Петр Своик бұл жоспарды сынап, «жеке сектор тарапынан жасалған лобби» деп атайды. Оның ойынша, билік «ауыртпалығы көп, сенімсіз жауапкершіліктен құтылғысы» келеді.

Инфляцияның күшеюі, теңгенің құнсыздануы мен басқарудағы кемшілік және жымқыруға қатысты «масқара сәттер», атап айтқанда, International Bank of Azerbaijan, Buzgul Aurum және Alatau Munai Atlyn банктеріне тәуекелі жоғары активтер салу жағдайды ушықтыра түсті.

БЖЗҚ бұрынғы төрағасы Руслан Ерденаев пен оның орынбасары Дабыр Медетбеков сәуірде сот үкімімен 12 және 11 жылға бас бостандығынан айрылды. Своиктың айтуынша, зейнетақы қорындағы жинақ ақша әзірше «азғантай ғана», орташа есеппен бір салымшыға екі мың доллардан аспайды. Бұған тұрғындар «зейнетке шыққан соң қалай күн көреміз» деп алаңдайды.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАҚБАҚТЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

Америкалық Wall Street Journal басылымына шыққан «Бақбақтар ауланың сиқын бұзады, бірақ резеңке өндірісінің болашағына айналуы мүмкін» деген мақалада бақбақтардың әр түрін өсіретін Нидерланд университеті мен Wageningen зерттеу институты бірлесіп жасап жатқан Еуропа Одағының жобасы туралы айтылады.

Бақбақтың тамырынан каучук шикізатын алуға болады екен, бұған дейін каучукті Оңтүстік-Шығыс Азияда өсетін гевея өсімдігінен алып келген. Алайда резеңке өндіру үшін өсімдіктің үлкен қоры керек, бір автокөлік шинасын жасау үшін бірнеше мың түп бақбақ қажет болады.

Бақбақ.
Бақбақ.

Ғалымдар бақбақты АҚШ-қа жерсіндіруге тырысқан, алайда бұл қиын шаруа болып шықты.

«Бақбақтың қажетті түрі Қазақстанның биік тауларында, Қытай және Қырғызстанмен шектесетін тұста өседі» дейді Чехия Ғылым академиясының ботаника институтының маманы Ян Киршнер. Оның анықтауынша, жергілікті тұрғындар бақбақтың бұл түрін ежелден «көксағыз» деп атайды. «Көбі оны «орыс бақбағы» деп атайды, бірақ ол тек Қазақстанда өседі» дейді Киршнер.

Дереккөз: Азаттық