Министрліктің жауабы «қате түсіндірілгенін мойындаймыз»

0

«КаР-Тел» (Beeline) компаниясы интернетте жарияланған «әлеуметтік желілердің бұғатталуы» туралы «компания хатына» байланысты түсініктеме берді деп хабарлайды жергілікті ақпарат агенттіктері.

Бұған дейін Алматы тұрғыны Антон Шин есімді қолданушыға жіберген жауабында компания әлеуметтік желілердің шектелуінің себебін елде тыйым салынған саяси қозғалыстың әрекетімен байланыстырған.

«А.Шин мырзаның өтінішіне берілген жауапқа қатысты айтарымыз, «КаР-Тел» ЖШС ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ашық дереккөзде жарияланған жауабын қате түсіндіргенін мойындайды» деп жазды компания.

«КаР-Тел» жазуынша, ҚР ақпарат және коммуникациялар министрлігінің жауабында министрліктің «сот шешімімен тыйым салынған контентті толық жою бойынша заңды жұмыстарды әлеуметтік желі әкімшілігіне шығу арқылы реттейтін орган» екені айтылған.

«Интернет-ресурстарды бұғаттау бойынша шаралар қолдану туралы сөз болған жоқ» делінген компания хабарламасында.

«Осыған орай компания аталған шараларға қатысты түсініктеме бермейді, сонымен бірге оның қолданылуы туралы ешқандай тұжырым жасамайды» делінген.

Қазақстандық қолданушылар көптен бері Facebook, Youtube, Telegram сияқты әлеуметтік желілерге кіру қиындағанын айтып, шағымданып келеді. Қазақстан билігінің оппоненті және елде «экстремистік ұйым» ретінде танылған «Қазақстанның демократиялық қозғалысын» құрған Мұхтар Әблязов пен оның жақтастары аталған желілер арқылы кешке тікелей эфирге шыға бастағаннан кейін мұндай шағымдар жиілеген.

Бұған дейін елдегі ақпарат және коммуникация саласына жауапты ведомство басшысы, қайта құрылған ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев министрліктің интернет шектеулерге қатысы жоғын айтып, «техникалық ақау болуы мүмкін» деген.

ВИДЕО: Әлеуметтік желідегі кідіріс министрді күмілжітті (Мамыр айы, 2018 жыл).

Азаттық