Мәмбет Қойгелдінің мерейтойын туған жері неге атап өтпеді?
Биыл Қазақ елінің 30 жылдығымен қатар бірнеше мерейтой қатар келіп отыр. Мысалы белгілі тарихшы, алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелді 75 жасқа толды. Өкінішке қарай қазақтың арғы-бергі тарихын зерттеген қайраткердің мерейтойын туған жері Жамбыл облысы әкімдігі атап өткен жоқ.
Елімізде ұлт рухариятына үлес қосқан зиялы қауым өкілдерінің мерейтойын атап өту дәстүрге айналған. Мұндай тұлғаның мерейтойын өзінің туған жерінен бастап, өзге де өңірлер іліп әкетіп жатады. Бұл әрине құптарлық дүние. Өйткені «инемен құдық қазғандай» ғылым жолын таңдаған азаматтарға лайықты құрмет көрсетілуі керек. Әйтсе де біздің елде білімді азаматтардан гөрі спортшыларға көбірек құрмет көрсетіледі.
Мысалы биыл Токио Олимпиадасының қола медалін еншілеген дзюдошы Елдос Сметовті облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі қабылдап, құрмет көрсетті. Тіпті облыс басшысы спортшыға темір тұлпардың кілтін табыстады. Әрине көк туымызды әлем елдерінің алдында көтеріп жүрген спортшыға қолдау көрсету өте орынды. Бірақ неге ғылымда жанкешті еңбек етіп жүрген Мәмбет Қойгелді секілді азаматтарды Бердібек Сапарбаев шақырып, құрмет көрсетпейді?
Негізі Мәмбет Қожабайұлының мерейтойын Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жаз мезгілінде атап өтуді жоспарлаған болатын. Нақтырақ айтсақ, алаштанушының туған күні яғни 18 тамыз күні конференция ұйымдастыруды жоспарлаған екен. Бірақ тамыздан бері екі ай уақыт өтсе де, тарихшының мерейтойын туған жері атап өткен жоқ.
Негізі Мәмбет Қойгелдінің мерейтойын атап өтуді иделогияға жауапты Сапарбаевтың орынбасары Дәулет Кәрібек ескеруі керек еді. Алайда бала бастықтың парасат-пайымы Мәмбет Қойгелді секілді ғалымға құрмет көрсетуге жетер емес. Дәулет Кәрібек жастарды басын қосып, жиын өткізуді иделогия деп жүрсе керек. Бірақ нағыз иделогия жұмысы Мәмбет Қойгелді секілді тарихшыға құрмет көрсетіп, оның ғибратты әңгімесін жастарға жеткізу емес пе? Дәулет Кәрібек Бердібек Сапарбаевқа алда кімнің мерейтойы екенін және оны қалай атап өтуді айтуы керек еді. Өкінішке қарай бала бастықтың басы мұндай ауқымды істі атқаруға жетпей жатыр.
Мәмбет Қойгелдіге хабарласып, «Мерейтойыңыз туған жеріңізде неге аталып өтпеді?» деп сұраған болатынбыз. Алаштанушы әу баста мерейтойын атап өтетін болып Жамбыл облыс әкімдігінен хабарласқанын, алайда кейін үнсіз қалғанын айтты. «Бердібек Сапарбаевқа Алаш керек емес шығар» дегеннен басқа ештеңе айтпады. Әрине өзге ақын-жазушылар секілді арсызданып, мерейтойын тойлауды талап ету Мәмбет Қойгелдінің қанында жоқ. Тарихшы өзінің тектілігін көрсетті.
Ал «ұлт руханиятының жанашыры» болып танылған Бердібек Сапарбаев айтулы тарихшының мерейтойын неге атап өтпей отыр? Біздің байқағанымыздай пиар десе алдына жан салмайтын әкімге тарихшы айтқандай Алаш арыстары керек емес секілді. Мысалы өзінің есеп беру кездесуінде «Тараздан Алаш мұражайын ашамын» деп, кейін «мұндай уәде берген жоқпын» деп жалтарып еді. Соған қарағанда пиаршыл әкімге Алаш арыстарын зертеп жүрген Мәмбет Қойгелдіге құрмет көрсету аса қажет емес секілді.
P.S. Айтпақшы осы жылдың аяқталуына әлі де болса 2 ай уақыт бар. Осы екі айдың ішінде Мәмбет Қойгелдіге хабарласып, құрмет көрсетуге әлі мүмкіндік бар.
Серік ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ