Билік транзиті кезіндегі сыртқы саяси қысымды азайту: Тоқаев адам құқықтары туралы жарлықты не үшін қабылдады?

0
276

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт өзінің телеграм каналында «Қ.Тоқаевтың “Қазақстандағы адам құқықтары туралы” жарлығы жайлы» жазбасын жариялады.

«Кеше Қ.Тоқаев “Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы” жарлық шығарды. Мемлекеттік медиа жарлық туралы жаңалықты жарыса таратты. Тоқаевтың көмекшісі Е.Карин “Сегодняшний Указ, усиливая фокус государства на правозащитных вопросах, является продолжением президентского курса по политической модернизации и либерализации” деп жазды. Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Балаева Инстаграмда Тоқаевтың аталған жарлық жайлы твитінің рамкаға салынған вариантын ешқандай комментсіз бөлісті.

Менің ойымша, бұл жарлық билік транзиті кезінде артуы мүмкін сыртқы саяси қысымды азайту үшін және ақпандағы Еуропарламенттің (ЕП) ҚР-дағы адам құқықтарының бұзылуына қатысты қабылдаған резолюциясынан кейін режимнің батыс әлемі алдында өз имиджін күшейту үшін жасаған қадамдарының бірі. Еске сала кетсек, биыл қаңтарда Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді вице-премьер-сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Яғни, үкіметте Сыртқы істер министрі қызметінің саяси салмағы артты. Сондай-ақ жылдың басында М.Тілеуберді ҚР БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңеске мүше болғысы келетінін айтты (2013-2015 жж. Қазақстан осы кеңестің мүшесі болған). БҰҰ жанындағы кеңеске мүше болу М.Тілеубердінің жеке қалауы емес, режимнің қалауы екені айтпаса да түсінікті.

Енді биыл 11 ақпанда ЕП-нің резолюциясы қабылданғаннан кейінгі президент әкімшілігі мен Сыртқы істер министрлігінің ҚР-дағы адам құқықтарына қатысты іс-әрекеттері хронологиясын қарап көрейік:

13 ақпан: Сыртқы істер министрлігі ЕП резолюциясы “елдегі шынайы жағдайды бұрмалап көрсетеді” деп мәлімдеді.
15 ақпан: Бас прокуратураның басшылық құрамымен өткен кеңесте Қ.Тоқаев саяси реформалар жайлы ел ішінде ғана емес, шетелде де көбірек түсіндіріп айтуымыз керек деген мәлімдеме жасады.

22 ақпан: Министр М.Тілеуберді БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің (АҚК) отырысына қатысып, саяси “реформалар” жайлы сөз қозғайды. “Атап айтқанда, бейбіт жиындар туралы жаңа заңның қабылдануы, жала жабуды қылмыстық сипаттан арылту, қылмыстық кодекстің жекелеген баптарын ізгілендіру, әйелдер мен жастар үшін 30% сайлау квотасын енгізу, сондай-ақ Қазақстанның өлім жазасының күшін жою туралы екінші Факультативтік Хаттамасына қосылуы өзекті жетістіктер қатарында атап өтілді.” Сондай-ақ министр Қазақстанның 2022-2024 жж. БҰҰ АҚК мүше болғысы келетін жариялап, халықаралық қоғамдастықтың қолдауына үмітті екенін білдірді.

25 ақпан: Қ.Тоқаев өз көмекшісі М.Нұртілеуді президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары қызметіне тағайындады. М.Нұртілеудің еңбек жолына қарасақ, өмір бойы сыртқы саясат саласында қызмет жасаған. Яғни, жаңа қызметінде М.Нұртілеу режимнің адам құқықтары бойынша имиджін күшейтуге ат салысуы мүмкін.

5 сәуір: Е.Қазыханов президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі болып тағайындалды.

⁃ 12 сәуір: Қ.Тоқаев ОБСЕ төрайымы, Швецияның Сыртқы істер министрі Анн Линдені қабылдады. Оған дейін Анн Линден министрі М.Тілеубердімен кездесті.

22 сәуір: М.Тілеуберді мен АҚШ мемхатшысы Э.Блинкен телефон арқылы сөйлесті. СIМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, М.Тілеуберді Э.Блинкенге елдегі Қ.Тоқаев бастаған демократизация, саяси реформалар жайлы айтып берген.

11 мамыр: Брюссельде М.Тілеуберді «Қазақстан Республикасы — Еуропалық одақ» Ынтымақтастық кеңесінің 18-ші отырысына қатысты. Хабар 24 каналына берген интервьюінде министр ЕО-дағы әріптестеріне “Ең алдымен, Қазақстандағы Қ.Тоқаев бастаған демократизация, саяси реформалар жайлы айтып бердім” дейді.

27 мамыр: СIМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Адами өлшем бойынша СІМ жанындағы диалог алаңында меморгандар мен ҮЕҰ адам құқықтары индикаторларын талқылады. Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші Ү.Сүлеймен өзінің кіріспе сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 25 ақпандағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің (ҰҚСК) бесінші отырысында Қазақстанда халықаралық стандарттарға сәйкес іске асыру сапасын бағалаудың толыққанды құралы болуға тиіс адам құқықтарын сақтаудың индикаторын әзірлеу және енгізу қажеттілігі жөнінде көтерген бастамасын атап өтті.

31 мамыр: СIМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, вице-министр А.Рахметуллин Алматыда БҰҰ-ның ҚР-дағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Сторимен, ҚР-да тіркелген БҰҰ-ның өңірлік және елдік мекемелері басшыларымен кездесулер өткізіп, «”Халық үніне құлақ асатын мемлекет”, еліміздегі демократияландыру, адам құқықтарын қорғау, азаматтық қоғамды нығайту және мемлекеттік аппараттың жұмысын жетілдіру саласында жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар туралы хабардар еткен».

9 маусым: М.Тілеуберді Нұр-Сұлтанға сапармен келген Еуропа одағының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Питер Бурианмен кездесті. СIМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, “М.Тілеуберді еуропалық дипломатты «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған саяси реформалардың жүзеге асырылу барысымен таныстырды. Осы тұрғыда, ЕО өкілі Қазақстандағы саяси реформалардың үшінші пакетінің имплементациясын оң бағалады”. Сондай-ақ президент жарлығымен П. Бурианге “Еуроодақтың Қазақстанмен және Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі стратегиялық құжаттарын әзірлеуге және іске асыруға елеулі үлес қосқаны үшін” II дәрежелі «Достық» ордені табыс етілді.

9 маусым: Қ.Тоқаев “Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы” жарлық шығарды.

Осы тұста жоғарыдағы хронология мен кешегі жарлыққа қарап “Қазақстан билігі расымен де адам құқықтарын сақтауға “наконец-то” мән беруге көшті ме?” деген заңды сұрақ туады. Менің ойымша, өкінішке қарай, жоқ.

Себебі егер Тоқаев әкімшілігі шын мәнісінде Қазақстанда адам құқықтарын қорғауды қаласа, президент “сайлауынан” кейінгі бейбіт митингілерде 4000-дай адам қамалмас еді.

Егер Тоқаев әкімшілігі мен “НСОД” шын мәнісінде Қазақстанда адам құқықтарын қорғауды қаласа, “НСОД”-тың отырыстарында адам құқықтары мәселесін электронды көлік жүргізу құжатынан бұрын көтерер еді.

Егер Тоқаев әкімшілігі мен “НСОД” шын мәнісінде Қазақстанда адам құқықтарын қорғауды қаласа, былтыр жазда азаматтар ішетін парацетамол таппай қырылып жатқанда 6 шілдеде Астананың қақ төрінде салют атылмас еді.

Егер Тоқаев әкімшілігі мен “НСОД” шын мәнісінде Қазақстанда адам құқықтарын қорғауды қаласа, сайлау, саяси партиялар, бейбіт митингілер жайлы заңдарға косметикалық өзгерістер енгізілмес еді.

Егер Тоқаев әкімшілігі мен “НСОД” шын мәнісінде Қазақстанда адам құқықтарын қорғауды қаласа, адам құқықтары мәселесін күн тәртібіне 2 жылдан кейін емес, 2019 жылғы президент “сайлауынан” кейін бірден шығарар еді.

Сондықтан кешегі жарлықты режимнің Қазақстанның адам құқықтары бойынша әлсіз позициясын күшейту мақсатында проактив стратегияға көшкенін көрсететін тактика деп бағалауға әбден болады.»