Автократ билеуші легитимділікті қалай қалыптастырады?

0

Бүгін мен легитимділіктің табиғаты туралы ой-толғамдарымды жазғым келді. Көпшілік қазақтың құлағы әлі үйрене қоймаған сөз болса да, бұл ұғымның маңызы өте зор.

Халық тарапынан легитимділікке ие болған билеуші жан-жағына алаңдамай, күмәнді нәрселерге бармай, тек өзінің жұмысы мен міндетіне ғана көңіл бөледі. Ал егер билеушіде легитимділік болмаса, ол ақырында қоғамның мүддесіне қайшы келетін, халқы мен ұрпақтарға зиянын тигізетін дүниелерге көп қуаты мен ресурстарын жұмсайды.

Біз бұған отыз жыл бойы билік құрған бір адамның мысалында көзімізді жеткізе алдық. Оның қолында үлкен билік болса да, бірде-бір сайлауды таза әрі әділ жеңді деп айта алмаймыз.

Баяғы заманда, халық биліктің жалғыз қайнар көзі болмай тұрғанда, билеушілер легитимділік туралы ойлап, басын қатырмаса да болатын. Тәжді басқа емес, неге сенің кигеніңді түсіндіретін түрлі жол болды: «билік – Құдайдан», «шығу-тегіме байланысты», т.б. Алайда 21 ғасырдың билеушілері бұл мәселені елемей жүре алмайды, өйткені халықаралық қауымдастықтың алдында саған әрдайым өзіңнің демократиялық құндылықтарға адал екеніңді дәлелдеп отыру керек. Бұл жерде «бір Алланың дидарын мен көрмесем, кім көреді?» деп құтыла алмайсың.

Әрбір билеуші легитимділікке мұқтаж, бала анасының емшегін қалай іздесе, ол да солай іздейді. Ал оған әділ сайлауда қол жеткізуге ниетті болмай, әрдайым билікке дауыс ұрлаудың нәтижесінде келіп отырсаң қайтпексің?

Олай болса, легитимділікке басқа жолмен қол жеткізу үшін жүйені соған бейімдей бастайсың. Авторитарлы басшылар легитимділікке қол жеткізудің жалғыз жолы – сайлауда таза жеңіске жету ғана, ал басқасының барлығы күмәнді екенін естен шығарады.

Автократ билеуші легитимділікті қай арналар арқылы қалыптастырғысы келеді?

Мен барлық мысалдарды келтірмеймін, өз елімізде көріп жүрген дүниелерді ғана келтіремін.

1. Ең алдымен, мұндай билеуші өзін сакрализациялай бастайды. Барлық жерде оның суретін іледі, тегінде даңқы шыққан бабаларды іздестіреді, таппаса – ойдан шығарады; елбасы сынды атақ береді; көзі тірісінде ескерткіш орнатады, т.б. Бұл, бір жағынан, өз билігін Құдайдың қалауымен түсіндіргенге ұқсайды.

2. Коррупция етек жаяды. Ел ішінде жемқорлық ресми күрес жүріп жатса да, авторитарлы билеуші шын мәнінде оның болғанына мүдделі. Коррупция – экономиканың балама моделі ғана емес, сонымен қатар автократтың жемқорлыққа былғанғандардың бейілділігінде легитимділікті іздеп-табу амалы.

3. Мұндай билеушілер тұсында жағымпаздану жүйе қалыптастырушы қасиетке айналады. Мәймөңкелеу масштабы сұмдық деңгейге жетеді, жүйеге қолдарынан жағынудан басқа түк келмейтіндер іріктеледі. Адал әрі ұстанымына беріктерге бұл жүйеде орын табылмайды, өйткені игі қасиеттер адамда өзіне деген құрметті қалыптастырады, мұндай азаматтар жағымпаздануға бармайды. Адал азаматтар, қоғам апатияға тап болады. Мемлекеттік деңгейдегі жағымпаздықтың қоғам үшін зияны жемқорлықтан кем емес. Бұл туралы бөлек пост жазамын.

4. Мұндай қоғамдарда әрбір екінші адамда билеушінің қолы қойылған мемлекеттік награда бар. Марапаттар мен мемлекеттік стипендияларды, ордендер мен медальдерді жаппай тарату арқылы да авторитарлы билеуші легитимділік іздейді, бірақ бұрынғысынша оны бейлділікпен шатастырады.

5. Шын мәнінде легитимді емес билеуші тамыр-таныстықтың үстем болуына жол ашады. Жүйедегі негізге орындарға ағайын-туыстары отыра бастайды. Ол осы азғантай топтың қолдауы – көпшіліктің қолдауы деп өзін алдай бастайды.

Бұдан басқа да мен байқамаған белгілер бар шығар. Оларды өзіңіз пікірде жазсаңыз болады.

Легитимді емес биліктің тек бір плюсы бар болар – ол ертелі-кеш аяқталады, өйткені халықтың мүддесі мен тарих заңдылықтарына өнемейін қайшы бола беру мүмкін емес.

Қазіргі билеуші өзінің алдындағысының қателіктеріне бой алдырмайды деп үміттенгім келеді. Бізде тағы отыз жыл жоқ.

Авторы Бақытжан Бұхарбай