Айдын Рахымбаев LRT бағандарын тегін демонтаждаудан айнып қалды
Астанадағы атышулы LRT жобасын жыл басында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынағаны белгілі. Сол тұста Bi Group компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев әлеуметтік желіде «Қазақстан жемқорлығының символына» айналған бағандарды тегін алып тастауды, яғни демонтаждауды ұсынған. Алайда уақыт өте келе ол ойынан бизнесмен айнып қалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Иә, мұндай ұсыныс болған. Алайда демонтаждау жұмысын ұсынған адамдар сандарды көрген кезде… Біз оларға «өздеріңіз санап көріңіздер» деп ұсындық. Сома 20 млрд теңге шықты. Сол кезде олар бас тартты. Бұл өте күрделі процес», — деді Алтай Көлгінов.
Қала басшысының айтуына қарағанда, ЛРТ құрылысын бастар алдында келісімшарт АҚШ долларымен жасалған. Әу баста жобаға 1,8 млрд АҚШ доллары бөлінетіні жоспарланған. Келісімшарт жасалғаннен кейін Қазақстан тарапы Қытайдың Даму банкінен 20 жылға 4,9 пайызбен 470 млн АҚШ доллары көлемінде қарызға ақша алған.
”Біз ақыры осы қарыздан бас тартып, ішкі қарызға ауыстық. Біздің банктерге жүгіндік. 3,25 пайызбен! Яғни 4,9 пайыздан едәуір төмен. Сол бойынша жыл сайын күзде және көктемде екі траншпен бюджет есебінен пайызын қосып, төлеп жатырмыз. Қарыз берілуі керек. Келісімшартқа қол қойылғаннан кейін республикалық бюджеттен Қытай концорциумына – біздің серіктестерге аванс ретінде 377 млн АҚШ доллар бөлінген. 470 млн АҚШ долларына қосып көріңіз. Ал дәл қазір орындалған жұмысқа байланысты 116 млн АҚШ долларын қарызбыз. 198 баған бойынша 200 млн АҚШ долларға жуық қаражат кетіп қалды. Яғни 1 млрд АҚШ доллары кетті де, жоба аяқталмай қалды”, – деді Алтай Көлгінов.
Оның сөзінше, қалалықтардан “ЛРТ тағдырын ары қарай не істейміз?” деген сипатта ұсыныс жиналған. Сол кезде урбанистика орталығына шамамен 400-ден астам ұсыныс түскен. Келген ұсыныстардың жартысы, яғни 51 пайызы жобаны аяқтау керек, яғни ол болашақтың жобасы деген сыңайда пікір білдірген. 42 пайызы балама шешім табуды, оған тағы енді ақша шашуды жөн деп санамаған.
“Проблеманы жасырмаймыз. Демонтаждаудан бөлек екінші балама нұсқаны қарастырғанбыз. Түбінде бұл мәселені шешу керек деп есептейміз. Оның ұзақтығы 22 шақырым. Біз талқылау жүргіздік. Үшінші жобаны да қарадық. Ол – электроавтобустар. Бірақ Қытай концорциумы бұл жобаны зерттеп, әу баста жеңіл рельсті жоба ретінде жасалғанын ескертті. Ендігі кезекте, осы жобаны 18 стансадан 8-ге қысқарттық. Егер әу баста 1 млрд АҚШ доллары керек болса, қазір жобаны аяқтауға 577 млн АҚШ доллар керек деп отырмыз. 1 млрд кетіп қалды. Қытай концорциумымен келісімшартты бұзсақ, халықаралық арбитражмен бетпе-бет келеміз. Бұл келісімшартта жазылған. Халықаралық шарттарға сәйкес, келісімдер орындалуы керек”, – деп түйді Алтай Көлгінов.