Әпкеге тілек. Әпкені құттықтау

0
2

Әпкеге туған күнге тілек. Әпкені құттықтау

Әпкеге тілек

Менің, алтыным, аяулым, періштем, өзіңіздің барыңыз үшін қаншалықты қуанышты екенімді білмейсіз. Өзіңіздей қиын-қыстау сәтте қамқоршы бола білген әпкені сыйлаған Аллаға мың да бір шүкір! Білесіз бе? Адамның адамдығы қайғыны емес, қуанышты сәттерді бөлісе білгенде көрінетін сияқты. Ес білгелі қуанғанымда қасымнан табылып, менен артық шат-шадыман болғаныңызды білемін. Кейде қабағыңызға қар жауып тұрса да, мен жақсы болсын деген оймен ғана ұрысатыныңызды сеземін. Алла сізге таудай талап пен бармақтай бақты қатар берсе екен деп тілеймін!

Есіктің алдында жайқалып тұрған емен ағашы жуан, жапырағы қалың болса да, қатты жел кезінде тамырымен бірге қопарылып құлап қалады. Ал қайың ағашы керісінше нәзік болса да, сәл майысып, жел басылған соң бойын қайта тіктеп алады. Сіз де мен үшін күнделікті тұрмыста да, қызметте де басыңызға қандай қиын іс түссе де, жасымайтын, бағы жанса да, тасымайтын аяулы әпке, адал жар, айнымас адал доссыз. Тіршіліктің қандай ауырпалықтарын көрсеңіз де, ешуақытта мойымаңыз. Осы қасиетіңізбен мен үшін үлгі екеніңізді ұмытпаңыз. Сізді қатты жақсы көремін! Туған күніңізбен!

Екеуміз де ата-ананың баласы,
Үміт артқан тілегі мен панасы.
Бауырлармыз қанымыз бір жанымыз,
Айыруға ешкімнің жоқ таласы.

Аққудай әсем жетілдің,
Дегбірін жүрек кетірдің.
Әпкешім, міне, ендігі
Жездеме қимай кетілдім.

Отауың әркез биік боп,
Керегең кеңге жайылсын.
Балалар шулап ішінде,
Қонағың мәз боп тойынсын!

Мейрамыңмен, Әпкешім, құттықтаймын,
Сен дегенде тілегім тұрар дайын.
Ең бір тәтті күндердің қызығын көр,
Шаттығыңа мақтанайын мен әрдайым.

Құтты болсын,Әпкетайым, туған күнің,
Бір жасыңды мақтана жуған күнің.
Бақыттың базарында шат күн кешіп,
Әрқашан да үзілмесін думанды үнің.

Әпкетай, туған күнің құтты болсын!
Шаңырақтың шаттығы мықты болсын!
100-ге жетіп, отбасыңа бақыт қонсын,
Қазаның қымыз, шұбат, сүтке толсын!

Әпкетайым, өзіңді сағынамын,
Қоңырауды күтумен сарыламын.
Сенсіз маған бір нәрсе жетпейтіндей,
Іштен тынып, кейде айқайлап жарыламын.

Ұқтым,әпке, жаныма керегіңді,
Егейінші қасыңнан терегімді.
Қорған болмақ ниетің жан жылытар,
Шығарамын жүректегі терең үнді.

Арамыздың алшақтығы шамалы жас,
Сөйтсе де бағыт беріп боласың бас.
Біздердің бауырластық ақ ниетке,
Шыдамай ерір деймін зіл қара тас.

Мен бармын өзің үшін күюге де,
Қуаныштың қапшығын түюге де.
Бауырымсың жаннан ыстық жаратылған,
Әпкешім, лайықсың шын сүюге де.

25-тің толып асу беліне,
Тоқтапсың-ау ой-ақылдың көліне.
100 жақсылық, 100 ақ ниет тілеймін,
Қоныс тепкін бақыттың дәл төріне.

30-да, Әпке, ортаймасын көңілің,
Жап-жас болшы қартаймасын өмірің.
Бауырыңа бақыт гүлін құшумен,
Нұр-шуаққа толы болсын өңірің.

Төбемізден төге бермес шуақты,
Тағдыр шіркін қатыгездеу болса да!
Жаны жайсаң асыл әпкем сияқты,
Жақсы адамдар тіршілікте қаншама.

«Әпкем» деймін мақтанамын өзіңмен,
Мейірім төгер тура Анамдай көзіңнен.
Қарайлаумен артына ерген бауырына,
Бақыт тілеп әр түнде көзін ілген.

Қорғанышым өзіңсің, сүйенішім,
Сүрінгенде дем берген тіреуішім.
Қуаныштың көлінде тек күліп жүрші,
Бәріне де жетеді сенің күшің.

Үлкен деп сені сыйлаймын,
Қырлардан гүлді жинаймын.
Шаттанып әркез күлсін деп
Айтқаныңды тыңдаймын.

Үлгі болар әсем жансың ініге,
Жанашыр боп қорғаштайсың күніге.
Қабағымды шытпасын деп бәйек боп,
Қайта-қайта жалтақтайсың түріме.

Бүгін сенің туған күнің не берсем,
Әлемнің бай адамына теңелсем.
Сыйлар едім бар жақсыны сен үшін,
Тек әзірге мықты бол деп дем берсем.

Әпкемтайым, ренжімеші, күлімде,
Күліп жүрші мына туған күніңде.
Осы сәттер енді айналып келмейді
Ашық күнді бұлт басқандай түрің не.

Шат көңілмен билеп басып тұрайық,
Тілек тілеп саптың басын құрайық.
Абыройың асып-тасып шалқысын,
Бір АЛЛАДАН  бақ берші деп сұрайық

Қолыма қалам алып хат жазамын,
Бақытың қайтармасын бар базарын.
Алыстан ыстық тілек жолдауменен,
Тілеймін мұң шалмасын мәңгі ажарың.

Тілеймін жар көңілдің адалдығын,
Балалардың бақытын, амандығын.
Апатай, жанұяңмен бақытты бол,
Ыстық сәлем жолдаймын саған бүгін.

Қанша адамды танысам да,
Таныстарға жарысам да,
Жетпейді екен өзіңе ешкім мүлде.
Үміт отын жанысам да,
Қайратымды қарысам да,
Әпкетай, қадіріңді кеш білгем бе.

Мейрамыңмен құттықтаймын, Әпкешім,
Бүгінгі күн айтылмасын өкпе-сын.
Тілегіңді бере көрсін Жаратқан,
Бақтың құсы қусаң дағы кетпесін.

Гүлдерге теңесем,
Гүлден де сұлусың.
Айға да теңесем,
Тым әсте жылусың.

Теңеулер табылмас,Әпкешім, өзіңе
Тілектер тілейін туған бұл кезіңе.
Өмірдің сынынан сүрінбей өте біл,
Тағдырың салмасын қайралған тезіне

18-ге толдың сұлу жасыңа,
Әпкетайым, бұлт төнбесін басыңа.
Ортамызда гүлдей жайнап өсе бер,
Бақыт өзі іздеп келсін қасыңа.

Әпкетайым, жақсы көрем өзіңді,
Мейрамыңда айтам тілек сөзімді.
Денсаулығың мықты болып күлімде,
АЛЛАМ саған берсін қайсар төзімді.

 

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз