Қазақша тақпақ: Жолдар, жолдар — Мира Сембайқызы — Тақпақтар — Bilim
Адам жүрген, сан із бар,
Төрт түлікке жайлы-ау жол.
Кең көсіліп, көп жүрген,
Мұның аты айдау жол.
***
Тарам-тарам жолменен,
Барғың келсе үш белге.
Бағдарыңды дұрыс тап,
Айырық жолға түскенде.
***
Шөп тиелген көп арба,
Әне, кетіп барады,
Дөңгелекпен тапталған,
Арба жолы қалады.
***
Аңғар, аңғар аңғарлар,
Аңғарға да бір жол бар.
Аспа жолмен жүре ғой,
Кездессе егер сан жолдар.
***
Тау жотасы, қыраттарда,
Қиын, бірақ жақын жол
Асу жолдан асу үшін,
Жүрек жұтқан батыл бол!
***
Көк жүзінде алақай,
Ұшақ ұшып барады!
Артынан оның көрінбей,
Әуе жолы қалады.
***
Сайрап жатқан кең жолда,
Көңілдерге жел бітер
Даңғыл жолмен зулайды.
Алуан түрлі көліктер.
***
Қыр үстінде жол жатыр,
Жалғыз адам жүретін.
Жал жол дейді үлкендер
Жол атауын білетін.
***
Жол сырын да ұғатын
Біз ұғымтал баламыз.
Атау беріп аң жолына.
Жым жол деген бабамыз.
***
Күзер жол мен күрең жол,
Кең даңғылдың атауы.
Түсіне алсаң егер де,
Әр жолда сыр жатады.
***
Бастау жол бар негізгі,
Сапар шексең жүресің.
Күре жол деп аталар,
Енді атауын білесің.
***
Сапарлаған адамдар,
Алыс жолдан қашар ма?
Сар жол деген бабамыз,
Қашық жолды қашан да.
***
Зулап, зырлап пойыздар,
Адам тасып, жүк тасып.
Темір жолмен барады,
Белді басып, қыр асып.
***
Бармақ болсаң ауылға,
Ең жақындау жолменен.
Төте жолмен тура тарт,
Асып ана белдерден.
Балапаным, балдырған,
Күтіп әне тұр сені,
Талай жолдар әлі алда.
Сапар шексең, алтыным
Жолың болсын әмәнда!