Қазақша реферат: XVII-XVIII ғасырлардағы ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ туралы қазақша реферат
Қазақ тарихының шоғырлы тұсы деп XVII ғасырдың екінші және XVIII ғасырдың алғашқы жартысы бекерге аталмаса керек. Осынау кезең қазақ ұлтының тарихындағы ең ауыр белес болып табылады, сонымен қатар халық санасына жоңғарлардың шапқыншылығынан туындаған қасірет пен жоқшылық жайлаған жылдар ретінде сіңіп қалды.
Жоңғарлар мен қазақтардың әскери қарым-қатынас, қақтығыстарын суреттемес бұрын мына жәйтті атап өткен жөн; «жоңғарлар» термині, қалмақтар, ойраттар, елүйіттер-«сол жақтың», сол қанаттың» адамдары деген сөз, әлгілер XIV ғасырдың екінші жартысына қарай жалпы монғолдық ханның билігнен шығып, өз жетекшілері-тайшылар басқара бастаған батыс монғолдық чорос, хошоуыт, дербет тайпаларының әр түрлі атаулары.
Қазақстан тарихының айшықты беттерінің бірі Салқам Жәңгір сұлтанның Ердене Батұр қоңтажынның жер қайысқан қолына қарсы тұрып Жоңғар мемлекеті билеушісінің ең басты мақсаты-Қазақ ордасын талқандауына мүмкіндік берген ерлігі болып табылады.
Бүгінде, тарихи сананың қалыптасуы барысында ғалымдар, қаламгерлер, зерттеушілер арасында ата тарихымыздың ардақты тұстары жайлы пікір таластар толастамай отыр. Сол пікір таластың бірі атақты Жәңгір сұлтанның аз қолымен жер қайысқан Батұр қоңтажының әскеріне қарсы шығуы төңірегінде жалғасуда.
Тарихшы Б.Ирмұқанов 1644 жылы 600 қазақ әскерімен жоңғар қоңтажы Батұрдың әскерін тас-талқан еткен Жәңгір сұлтанның жеңісі тарихтан өз тиесілі бағасын ала алмай отыр деп жазды. Аталған автор қазақ жігіттерінің Орбұлақ шатқалында қол жеткізген бұл жеңісі, спарталық 300 жаужүректің Фермопил шатқалында парсы қолбасшысы Ксеркстің 30 мың әскерін талқандауынан бір кем емес деп бағалайды.
Оның үстіне белгілі тарихшы В.В.Вельяминов-Зернов Орбұлақ жеңісі туралы мақала жазса, Советтік зерттеуші И.Златкин осы шайқас жөніндегі мәліметтер бұлағын өз кітабында толығымен келтіреді. Сонымен қатар бес томдық «Қазақ ССР тарихында», 1993 жылы жарық көген «Қазақстан тарихы» очерктерінде Орбұлақ шайқасы жайлы мардымды отандық тарихымыздағы жеңістер мен ұлы істердің маңызын төмендетуге немесе елемеуге тырысуы кездейсоқ емес, ол кезінде А.М. Панкратова атап кеткен қазақ тарихшыларына тән тарихи шындықты көпе- көрнеу бұрмалап, ата-тарихын әлсіретуге бейім аурудан арылмауымыздың себебі.
Қаламгер-зерттеуші М.Мағауин Жәңгір сұлтан мен қоңтажы Батұр шайқасына өз көзқарасын кеңінен мәлімдеген алғашқы авторлардың бірі десек қателеспейміз. «Жәңгір сұлтанның алты жүз әскері бар екен»-деп жазады 1644 жылы жазда жоңғар барып қайтқан орыс елшісі Г. Ильин. Аталған қаламгер ағамыздың ойынша тарихшылардың Жәңгір сұлтанның Батұр қоңтажыға алты-ақ жүз әскермен аттаныпты деген пікірі осы деректен туындаған дейді. Шындығында 600 адам өз заманында Слқам Жәңгір, яғни Айбынды Жәңгір атанған сұлтанның бастаған әскерінде Еуропалық от қарумен қаруланған екпінді топтың саны болатын. Айта кететін жай 1643-1644 жылдардағы ойрат-қазақ майданында Салқам Жәңгірдің от қарулы мылтықпен қаруланған арнайы жасағының болуы-Қазақ Ордасының ғана емес, бүкіл Орталық Азияның әскери өміріндегі жаңалық еді.
Қаруы мықты Жәңгір сұлтан ұрыс майданында да жаңа тәсіл қолданады. Жоғарыда аталған орыс елшісі Г.Ильиннің айтуы бойынша және замандағы басқа да орыс құжаттарының көрсетуінше сұлтан жау қолына-екі тау аралығындағы тар қысаңға ор қаздырып, оған «от қарулы үш жүз кісісін» отырғызады да, қалған үш жүз кісіні тосқауылға қояды. Қоңтажы жақындап келгенде орда отырғандар оның көп адамын қырғынға ұшыратты»,-деп нақтылап айтады тарихи құжаттар. Қысаң сайда бекінген әскерлер оқ бората бастағанда, бір үйірде, белес астын тасалаған атармандар оларға қосыла атқыласа керек. Қылыш айқастырмай тұрып қырғынға ұшыраған, абыржып қатары бұзылған қалың әскерге Жәңгір сұлтан қолы ту сыртынан келіп тиеді.
Ресейдің Сібір дуанының сол заманда қағазға түскен шежіресінде «Жәңгір екі шайқаста қоңтажының он мыңнан астам адамын қырды»-деп жазылған. Міне осы жеке-жеке сипатталмаса да, айырып аталған екі ұрыстан соң қазақтарға көмекке жиырма мың әскерімен, әскери одаққа сәйкес Бұқар хандығынан Самарқан әміршісі Жалаңтөс би жетеді. Үшінші майданға шыданған Батұр қоңтажы ұрыс даласын тастап қашады.
Орыс деректерінің мәлімдеуінше, қоңтажы өз ордасына тамыз айының бас кезінде оралды. Бұл Жәңгір сұлтан мен Батұр қоңтажы арасында шешуші шайқас жаз ортасында болды деген сөз. Біріккен ойрат-халха, жорығы 1643 жылдың соңғы айларында басталғанын ескерсек кең көлемдегі ұрыс қимылдары ұзақ қыстан озып, көктемге жеткенін, жаз шыға табандасқан теке-тірес майданға ұласқаннын аңғару қиын емес.
Жоғарыда айтылған жағдаяттарды ескере отырып М.Мағауин бүгінге дейінгі тарихи әдебиетте орын алып келген пікірлер мен қорытындыларды нақты деректер негізінде былай жаңа байыптауды ұсынады.
Біріншіден, Жәңгір сұлтан бастаған Қазақ Ордасы мен біріккен ойрат-халха арасында атақты соғыс Батұр қоңтажы ұйымдастырылған тұтқиыл, қысқа мерзімді, келте жорық емес мұқият ойластырған, жайласушы екі жақта өздерінің барлық күш-қуатын сарқа жұмсаған, нәтижесінде әлденеше айға созылған кең көлемді қан майдан болды.
Екіншіден, Жәңгір сұлтан қалмақтың елу мың қолын жеңіске жеткізді деп түсіндіріліп келген алты жүз адам, шынында қазақ әскерінің сауыт бұзар, екпінді тобы, сол замандағы құдіретті қару оқты мылтықпен қаруланған бір ғана бөлігі.
Үшіншіден, Батұр қоңтажы он мыңнан астамтаңдаулы әскерінен айырылып, бұрын көрмеген отты қарудан есеңгіреген шақта Жәңгірге көмекке жиырма мың қолдың басшысы Жалаңтөс бидің келіп жетуі бұған дейінгі жарты жылдан астам уақытқа созылған жойқын соғыстағы шешуші оқиға емес, түйіндеуші оқиға. Өйткені, «Сол әскерді көрген соң қоңтажы кері шегініпті»-деп атап көрсетеді соғыс жайын қалмақтың өз аузынан естіген есімі алда аталып кеткен орыс елшісі.
XVII ғасырдың соңың, XVIII ғасырдың басында Қазақ ордасы үшін ең қатерлі кезеңде үш миллион халықтан үш жүз мың әскер жасақтай алмаған құлдырау, кері кету мерзімі болды. Ал бас аяғы бір миллионға жетпейтін Жоңғардың жер қайысқан әскері болды, оған сүйенген жоңғар билеушілері қазақ ұлысын жаулауды мақсат тұтты.
1710 жылы Қарақұмда үш жүз өкілдерінің бүкіл қазақтық съез болып, онда жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес басты мәселе ретінде қаралады. Бұл орайда қазақтың жас мемлекеттігін құрастырып оны қорғау үрдісінде «Жеті жарғы» аталған заңдар жинағының орасан зор рөл атқарғанына тоқтала кеткен абзал.
Әуелде жоңғарларға қарсы тұруда жеңіске қол жетіп келді, бірақ кейінірек, Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін масқара күйзеліске әкеліп соққан өзара соғыстар басталып кетті.
1723 жылы көктемге салым қаннен қаперсіз жатқан қазақ даласын ұшы-қиырсыз жоңғар әскерлері кернеп кетті.. Ойда жоқта Шу мен Талас өзендерінің құйылысына қаптап кеткен жау ордаларына қазақтар қажырлы қарсылық көрсете алмады. Жалпы әр ұлттың, әр халықтың тарихында тарихтың өзі Гамлетше «иә бар, иә жоқ» дейтін сауал қоятын ерекше тұстар болады. Тап сол кезде осындай сауал қазақ халқына да қойылды. Жоңғарлардың қанды жорықтары қазақ жуздері мен рулардың арасындағы алауыздықты тиімді пайдаланады.
«…Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді
Туған жерден айырылған жаман екен,
Екі көзге үйріліп жас келеді…»
Жоңғар шапқыншылығы кезінде туған осынау «Елім-ай» деген зарлы ән халықтың басына түскен нәубетті кеңінен суреттейді. Мұндай мұңды әннің шығуына негіз мол еді.
Мәселен, Абылай ханның тұжырымдауына «XVIII ғасырдың алғашқы қырық жылында қазақ халқының үштен екіге қырғынға ұшырады. Біздіңше осынау соғысты қазақ халқының Ұлы Отан соғысы деп атауға негіз жетіп артылады.»
Әрине, тауқыметті тағдыр қажытқан көшпенділерді бірегей халық ретінде топтастыру оңайға түскен жоқ. Бұл үшін ең алдымен билік божысын берік қолға ұстау қажет болды. Халықтың бірлігін сақтау, елдің қуатын арттыру үшін дала халқының бірегейлік пен бостандыққа ұмтылысын ояту үшін ар мен ождан беріктігін, әділдік пен ақылгөйлікті ұстану қажет болды. Абзал болғанда ел басына күн туғанда халықты бастар адамдар да табылды.
Сол бір қиын қыстау кезеңде ұлылық пен көргендікті ту етіп ұстаған ұлы тұлғалар кім еді?
Біз халықтың данагөйін, халықтың үш біртуар перезенттері Төле би, Қазбек би, Әйтеке биді жақсы білеміз. Олар халыққа тарихтың төте де бұралаң кезеңінде басы бірікпегендердің тас-талқан боларын жеткізе айтты. Үш ұлы би үш жүздің барша батырларын ұйымдастырып халықты біріктіре білді.
1726 жылғы көктемнің аяғын ала Қаратаудың оң баурайында, жеке де дара төбе Ордабасына қазақтың барлық үш жүзінің өкілдері-хандар, билер, бектер, батырлар мен бастаушылар ұлы кеңеске бас қосты.
Біздің үш ұлы бабамыз тарихтың сол бір қиын-қыстау белесінде Ордабасының басына шығып, Солтүстіктегі Арыс пен Бөгенге, шығыстағы Қазығұртқа, іргеде түнеріп жатқан Қаратауға көз тіге отырып, бірінен соң бірі халық бірлігін үндеді. Осы жерде бүкіл сайын даланың қазақтары осы уақыттан мәңгілікке бірге болу жолында ант берісті. Әбілхайыр хан жоғарғы сардар-жетекші болып сайланды. Ата жауға қарсы шығатын халық қолына бата берісті. Кейіннен осы шақырысқа жаужүрек халық қорғаншылары Абылай хан, Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Наурызбай, Райымбек, Есет, Бөкенбай және басқа батырлар да үн қосты.
Біріккен халықтың рухы өрлеп, өз күшіне деген сенім ұялады. Жаз бойы үш жүздің әскері мықты қаруланды, біріккен жаттығулар жасады, ал сол жылдың күзінде-ақ Бөленті өзенінің бойында жоңғарларға ойсырата соққы берді. Бұл жеңіс қазақтарды қанаттандырып жіберді, олардың бірлігін күшейте түсті.
Қазақ сарбаздарының қатарында ортақ жаумен қырғыздар мен өзбектер де соғысты. Біздің халқымыздың жоңғар әскерлерін қирата жеңуі Балқаш алқабындағы 1729 жылғы Аңырақай ұрысымен байланысты. Осында тас-талқаны шыққан ойраттардың аңырағанын бар даланың қазақтары естіді, сол қанды шайқастың Аңырақай атануы да соған байланысты.
Осынау жеңістің негізін қиын сәтте халқын біріктіре білген ұлы ата-бабаларымыз қалады. Әттең, бұл жеңістің рақаты ұзаққа созылмады.
«Әбілмәмбет, Семеке, Әбілхайыр хандардың арасындағы үш жүздің аға ханы кім болуы керек деген айтыстың кесірінен қазақтар осы жеңістің әскери және саяси жемістерін пайдалана алмады. Оның үстіне Ұлы жүз 1730 жылдан былай қарай үш жүздің дәстүрлі құрылтайларына қатысуды тоқтатты. Жиырма жылдың үрдісінде жүздер мен рулық құрылымдар өз алдына күресуді қалап, өзді-өзі болып кетті. Оның үстіне осынау тарихи кезеңде Орта азиядағы саяси жағдай бұрынғыдан шиеленісе түсті. Енді қазақ даласын бір жағынан Цин империясы, екінші жағынан патшалық Ресей қыспаққа алды.
Осынау тілге тиек болып отырған кезең сыртқы жаугершілікпен күрескен, аймақтық жағынан өсуімен, Қазақстан ішіндегі көші-қонмен, этникалық тұтастықтың дамуымен, қазақтардың әлеуметтік және саяси құрылымындағы өзгерістер мен ерекшеленеді. Әрине қазақ хандағының жүздік, тайпалық тұрғыдағы бөлшектенуі жайлы әңгіме қозғауға болады, бірақ сонымен қатар жүздердегі ішкі экономикалық және саяси жағдайы салыстырмалы түрде тиянақты болғанан да атап өткен абзал.
Қазақ хандары Жәңгір, Тәуке, Әбілхайыр, Абылай өз биліктерін біршама қалыптастырды, қазақ қоғамының ішкі өмірін тиянақтауда, жоңғар агрессиясын тойтаруда біршама табыстарға жетті. Бір жағынан бұған батырлардың қоғамдық жағдайының көтерілуі де едәуір игі әсерін тигізді. Әрине келе-келе батырлар үрдісі де елеулі өзгерістерге ұшырады. Батырлар қатарына әлеуметтік жоғары сатылардағы адамдар ғана емес, сондай-ақ туған жер дегенде жанын аямайтын халықтың жуан ортасынан шыққан күшті де адал, батыл да ержүрек өкілдері де кірді. Аталмыш кезең ауқымында батырлардың тамаша үлкен шоғыры қалыптасты. Тап осы нақты тарихи кезеңде қазақтардың «Қобланды батыр», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» сияқты аңыздары жаңа мазмұнмен толықты. Тарихи деректерге қарағанда сол тұста қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігі жолында қолына қару алып, атқа мінген үш жүздің батырлары 300-ден асып жығылған.
Бірақ қазақ мемлекеттігін, хандар билігін бір ғана қара күшпен нығайту мүмкін емес деді. Енді бұр үрдісті «идеологиялық тұрғыдан қамтамасыз ететін» адамдар қажет болды. Шығыс халықтарында, көптеген елдерде бұл жүк діннің үлесіне тиетін. Ал қазақтар негізінен дінге онша бой ұра қоймаған халық болатын. Діннің оның өмірі, болмысындағы алатын орны төмендеу еді. Сонымен бірге мемлекеттің идеологиялық вакумда ойдағыдай дами алмайтындығы белгілі. Сондықтын да осы бір тарихи белесте қазақ билерінің институты өзіндік ролін атқара бастады.
Билер кім деген сауалға түсінік бере кеткен жөн болар. «Еңестік дәуірдің» ғылыми көпшілік, көркем әдебиеті оларға бірбеткей ғана баға беріп келді – «билер рулық білікті топтардың ірі өкілдері». Ал бұл тұста «рулық білікті топтардың ірі өкілдерінің» дала халқының кедей топтарынан да шығып отырғанын айта кеткен ләзім.
Билер-халықтық кеңесшілер, дау-дамайларды шешушілер, көмейі бүлкілдеген шешендер мен көркем сөзді кестелеген ақындар, әдет-ғұрыптардың-халықтық правоның білгірлері, ісләми жөн-жораның түсіндіргіштері. Сонау көне заманнан билер сайланып қойылатын, кейін бұл мамандық атадан балаға мирас болып келді.
Билер-ауыз екі сөзде қазылар (соттар) деп те аударылады. Бірақ бұл өте дәл мағынаны бермейді. Әдетте соттар алдын-ала белгіленген қызмет ауқымынан және нұсқаулар шеңберінен асып шыға алмайды. Ал қазақтардың XIX ғасырдағы билері нұсқауларға онша бағынышты бола қоймаған. Олар Ресейлік іс жүргізу ауқымынан бөлініп алынған істермен айналысты әрі кәдуелгі правоны басшылыққа алды. XVII-XVIII ғасырдың билері өкілеттік ауқымы мол адамдар. Ол – тәрбиеші, ақылшы, қазақтардың тұрмыстық және халықаралық правосының білгірі, ханның кеңесшісі. Бірақ тарихта бидің беделі ханның беделінен биік болған тұстары да кездеседі.
«Үш бидің тарихи орны, олардың қазақ ұлтының тағдырындағы ролі мен маңызын биліктің сол кездегі алған орнынан байқауға болады. Қазақ хандығы кезінде жүздердің атынан сайланған бас билер ішкі және сыртқы саясат мәселелерін реттеп шешуде маңызды рөл атқарып отырды. Егер сол кездегі және қазіргі билік арасын жақындатқымыз келсе, онда билер билігі қазіргі парламенттік басқару жүйесінің құрылымын еске түсіреді».
Әрине, билер қазақтардың дәстүрлі правосы бойынша қылмысты істерді де шешіп отырған. «Билер қолындағы сот билігі,- деп жазды академеик С.Зиманов,- қазақ қоғамында ерекше маңызы болды. Ол басқару жүйесіндегі биліктің жетекші түрі еді».
Бірақ билер үшін азаматтық істерді шешу ру аралық қарым-қатынастарды, басқа халықтармен ара қатынастарды реттеудің маңызы жоғары болды. Осыдан барып билер өткендегі істерді шешудің үлгілерін білуі, зерделі болуы қажет. Олар өздерінің шешімдерін фольклормен қуаттай отыруға тиісті болды, ал екі жақ айтыса келгенде өзінің тамаша сөзімен, тапқырлығымен және қисындылығымен ерекшеленіп отырды. Кез-келген би осы үрдістердің баршасына ие бола бермейтіндіктен олардың маңызы да әр-түрлі болғаны аян.
Зерттеуші Н. Төреқұлұлының мәліметтерне қарағанда қазақ халқының тарихында өз заманының білікті саяси қайраткерлері болған жүзден астам ірі де қабырғалы билері де өткен.
1993 жылдың 14-ші мамырында, қазақ тарихындағы ең тамаша адамдардың бірі, Тәуке ханның аты аңызға айналған кеңесшісі болған Төле бидің – тайпаларға, руларға, жүздерге бөлшектенген халықтың бірлігі жөнінде алғаш рет көп ойланған адамның туғанына 330 жыл толуын атап өтті. Ол қазақ мемлекеттігінің алғашқы идеологы, суырып салма шешен, өлеңмен жазылған сан алуан ғақлиялардың авторы және «Жеті жарғы» заңдар жинағының авторларының бірі болған.
Төле бидің атын кеңес дәуіріндегі ресми тарих ғылымы атамай келсе де халық арасында жай адамдардың жанашыры және әділеттің символы ретінде ауыздан ауызға жетіп отырды.