Қазақша реферат: Тұлғаның қалыптасу теориясы |

0






Тұлғаның қалыптасу теориясы – педагогика ғылымының  пайда болуы және дамуы. 

Тәрбие тәжірибесі өз бастауларын адамзат өркениетінің бірінші қадамдарымен байланыстырады. Тәрбие іс-әрекеті алғашқы адамдармен бірге пайда болған. Ол замандағы бала ешқандай педагогикасыз тәрбиеленген. Адамдардың ол жөніне тіпті хабары да болмаған. Тәрбие жөніндегі ғылым – педагогика, геометрия, астраномия және басқа ғылым салаларынан кейін қалыптасқан.

Белгілі болғандай, барша ғылым салаларының пайда болуындағы алғы шарт — өмір қажеттілігі. Бертін келе тәрбие ісі адамдар өмірінде аса маңызды рөл атқара бастады. Әртүрлі қоғам өсіп келе жатқан әулетке берген тәрбиесіне, тәліміне орай жылдам немесе баяу дамитыны белгілі болды. Осыдан тәрбие тәжірибесін топтастыру және қортындылау, арнайы оқу-үйретім, тәрбие мекемелерін ұйымдастырып, жастарды өмірге дайындаудың қажеттігі туындады. Ежелгі дүниенің Қытай, Индия, Египет, Грекия сынды аса дамыған елдерінде сол заманның өзінде тәрбие тәжірибесін бір арнаға келтіріп, теория түзу қадамдары жасалды. Ол кезде табиғат, адам, қоғам жөніндегі барша білімдер философия шеңберінде жинақталып, сол ғылым аумағында алғашқы педагогикалық тұжырымдар дүниеге келді.





.

Барша замандарда адамдардың рухани және тән-дене дамуында шешуші рөл атқарған қуатты халық педагогикасы жасап келген. Инабаттылық, еңбектік, тән-дене тәрбиесі бойынша халық қайталанбас ғажайып өміршең жүйе түзді. Еуропалық тәрбие жүйесінің бесігі ежелгі Грекия философиясында қалыптасқан. Оның көрнекті өкілі Демокрит (460-3 70 ж. ж. б.э.д.),- балалар тәрбиесі бойынша алғашқы нұсқаулар кітабын жазған. Ол сол уақыттың өзінде: тәрбие адамды қайта жасайды және оны өзгерте отырып, болмыс табиғатын түзеді… Жақсы адам    болу табиғат ықпалынан гөрі тәрбиеге көбірек тәуелді» деген. Адам тәрбиесіне және тұлға қалыптасна байланысты идеялар мен тұжырымдар ежелгі  Грек ойшылдары Сократ (469-399жж. б.э.д.), Платон (427-347 жж. б.э.д.), Аристотель (384-322 жж. б.э.д.), Тертуллиан (160-222 жж. б.э.д.) еңбектерінде жарияланған.

Орта ғасырлар дәуірінде Еуропада шіркеу қуатқа мініп, тәрбиені толығымен діни арнаға бұрды. Ғасырдан ғасырға догматикалық оқу принциптері шыңдала берді. Бұл бағыт Еуропада 12 ғасыр бойы үстемдік етті. Солай болса да, өз философиялық тұжырымдарымен педагогикаға үлес қосқан шіркеу өкілдері Августин (354-430 жж.), Фома Аквинский (1225-1274) есімдері ғылым тарихында сақталған. Бүгінгі күйінде жалпы тәлімдік мектепті ойлап, іске косқан Лойолла (1491-1556)және оның ізбасарлары.

Қайта Тіктелу заманы аса жарқын ойшыл педагог гуманистерді ғылым сахнасына келтірді. Олардың қатарында голландиялық Эразм Роттердамский (1466-1536), италиялық Витторино де Фельтре (1378-1446), француздық Франсуа Рабле (1483-1553) және Мишель Монтень (1553-1592) өздерінің педагогикалық еңбектерімен әйгілі болды. Педагогика көп заманға дейін философияның бөлігі болып келді, тек қана XVII ғасырда ол дербес ғылым лауазымына ие болды. Осыдан педагогика бүгінгі күнде де философиямен аса тығыз байланысқан. Себебі бұл екі ғылымның да шұғылданатыны Адам, оның өмірі мен дамуын зерттеу.

Педагогиканың философиядан бөлініп, өз алдына ғылыми жүйеге келуі ұлы чех педагогы Ян Амос Коменскийдің (1592-1670) есімімен байланысты. Оның 1654 жылы Амстердамда жарық көрген «Ұлы дидактика» атты басты еңбегі алғашқы ғылыми-педагогикалық кітаптардың бірегейі болды. Ондағы айтылған идеялардың көпшілігі осы күнге дейін өзінің көкейкестілігін және ғылыми маңызын жоғалтқан емес. Я.А.Коменский ұсынған табиғи сәйкестік принципі, сынып-сабақтық оқу жүйесі және басқа да оқу-үйретім принциптері, әдістері, формалары педагогикалық теорияның алтын қорынан орын иеледі. «Оқу негізіне басқалардың зат жөніндегі бақылаулары мен айғақтарын жаттау алынбай, сол заттар мен құбылстарды танып, білу қалануы тиіс»; «Естігенді — көргенмен, сөзді — қол әрекетімен байланыстыру қажет»; «Әрқандай үйрету сыртқы сезім және ақыл — парасат байланысы негізіндегі дәлелдерге сүйенуі қажет»… Ұлы педагогтың осы тұжырымдары біздің заманымыздың гуманистік талаптарына да сәйкес келіп тұр.








Ағылшын философы және педагогы Джон Локк (1632-1704) өз қайрат-күшін тәрбие теориясына бағыштады. Өзінің «Тәрбие жөніндегі ойлар» атты басты еңбегінде ол өзіне сенімді, ауқымды білімділігін іскерлікпен, берік наным-сенімдерін сұлу мәнерлікпен ұштастыра білген адам – «джентельмен» тәрбиелеуге арналған көзқарастарын жариялады. XVIII ғасырда тәлім, тәрбие бойынша өз шығармаларымен танылған француз материалист-ағартушылары Д. Дидро (1713-1784), К. Гельвеций (1715-1771), П. Гольбах (1723-1789), әсіресе Ж.Ж. Руссо (1712-1778) болды. «Затқа назар! Затқа! Мен ешқашанда біздің мылжың тәрбиемізбен сөзге аса көп маңыз беріп, құрғақ сөзді адамдарды жасайтынымызды қайталап айтудан жалықпаймын» — деп үрандаған ол.  Педагогика тарихында И.Г.Песталоцийдің (1746-1827) есімі аса құрметпен аталады. «О, сүйікті халқым! Сенің қаншалықты төмен жасап жатқаныңды мен байқап жүрмін, мен саған көтерілуге жәрдем беремін» -деп, ол жан айқайын салды. И.Г.Песталоций өз дегеніне жетті: мұғалімдерге адамгершілікке тәрбилеудің  ізгілікті теориясын ұсынды.

«Өзгерістерден басқа тұрақты еш нәрсе жоқ », — деп үйреткен неміс педагогы Фридрих А.В. Дистервег (1790-1886) барша педегогикалық құбылыстарға тән тәрбиенің қозғаушы күштері мен қарама-қарсылықтарын зерттеген. Орыс ойшылдары, философтары және жазушыларының арасында педагогикалық шығармаларымен белгілі болған есімдер: В.Г. Белинский (1811-1848), А.И. Герцен (1812-1870), Н.Г. Чернышевский (1828-1889), Н.А. Добролюбов (1836-1561). Бүкіл әлемде Л.Н. Толстойдың (1828-1910), Н.И. Пироговтың педагогикалық идеялары әйгілі болды. Олар таптық мектепті қатаң сынға алып, халықтық тәрбие саласын түбегейлі өзгерту қажеттігін ұрандады.

Қазақ халқының да тәлім, тәрбиелік жүйесі ұлан-ғайыр да мәуелі. Бұл салада халқымыздың тәлім, тәрбиелік қорына елеулі үлес қосқан арыстарымыз Абай, Шәкәрім, Ы.Алтынсарин, С.Торайғырұлы, М.Жұмабаев және т.б. Олардың тәлім, тәрбиелік өсиеттері талай зерттеулерге арқау болары кәміл. Кемеңгер Ахмет Байтұрсынұлының өткен ғасыр басында: – «Мектептің жаны мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы…. Әуелі біз елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастаумыз керек. Неге десек, болмыстық та, билік те, халыктық та оқумен түзеледі. Қазақ ішінде неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқумен түзеледі» – деген ұлағатты ескертпесі бүгінгі қазақ мектебінің ұлттық тәілім старатегиясының тұғыры ретінде қабылдануда.

Ресей педагогикасын әлемдік даңққа бөлеген К.Д. Ушинский (1824-1871). Ол оқу-тәрбие теориясын түбегейлі өзгеріске келтіріп, педагогикалық төңкеріс жасады.Ушинскийдің педгогикалық жүйесінде жетекші орын тәрбие мақсаттарына, принциптеріне және оның мәніне берілген. «Тәрбие, егер ол адамға бақыт бағыштағы келсе, оны бақыт үшін тәрбиелемей, өмірлік еңбекке баулуы тиіс.Ұдайы жетілуде болған тәрбие адамның тән-дене, ақыл-парасат және ізгілік-инабаттық күштерінің ауқымын барынша кеңейту мүмкіндігіне ие болады».

Тәрбие жолындағы жетекші рөл мектеп және мұғалімнің билігінде: «Тәрбиедегі барлық істер тәрбиеші тұлғасына негізделуі тиіс, себебі тәрбие күші тұлғаның адамилық қадір-сапаларынан бастау алады. Ешбір жарғы немесе бағдарлама, ешқандай жасанды мекеме қаншалықты айламен құрылса да, тәрбие жұмысындағы тұлға беделінің орнын баса алмайды». Ушинский бүкіл педагогиканы қайта қарастыруды, жаңа ғылыми деректер негізінде білім ұсыну жүйесін толығымен түбейгелі қайта құруды талап етті: «…..теориядан алшақтаған педагогикалық практиканың бір өзі – медицинадағы тәуіпшілдікпен тең».

XIX ғасырдың аяғы — XX ғасырдың басында педагогикалық проблемалар АҚШ-та қарқынды зертеле бастады. Ол жерде адам тәрбиелеудің жалпы принциптері мен заңдылықтары өрнектелді, әрбір адамға белгілеген мақсаттарына тез әрі табысты жетуге мүмкіндік беретін тиімді тәлім технологиялары қалыптасып, тәжірибеге енді. Америка педагогикасының белгілі өкілдерінің бірі Джон Дьюи (1859-1952). Оның зерттеу жұмыстары бүкіл батыс Еуропа, Америка мен Австралия аймақтарында педагогикалық ойдың дамуына үлкен ықпал жасады.Американ педагогтарының және бір көрнекті тұлғасы Эдвард Торндайк (1874-1949) оқу-үйретім үдерісін зерттеумен атын әйгілеп, әрекетшең-іскерлік— бихевиористік тәрбие технологиясын бүкіл әлемге жария етті.

Бүкүл әлемде аты танымал американ педагогы және дәрігері Бенджамен Спок. Ол қауымға, бір қарағанда қарапайым ғана, тәрбиеде басты не болу керек: қаталдық па, не қайрымдылық па — деген сұрақ койып, көпшіліктің санасына жаңа тәрбие лебін жеткізді. Бұл сұрақтардың астарынан күтілген жауап — пдагогика қай бағытта: әміршіл-әкімшіл немесе гуманистік — жолмен дамуы қажет пе? Оны Б.Спок өзінің «Бала және оған қамқорлық», «Анамен сұхбат» және т.б. еңбектерінде іздестірді.

XX ғасырдың басында әлемдік педагогикада еркін тәрбие және бала тұлғасының дамуы идеялары белсенді жария етіле бастады. Бұл бағдарда көп еңбек сіңірген италиян мұғалімі Мария Монтессори (1870-1852) болды. Өзінің «Ғылыми педагогика әдістемесі» кітабында ол балалық жас мүмкіндіктерін барынша пайдалану қажеттігін түсіндіріп бақты. Себебі, сәбилік шақтағы бала дамуы үлкен тәрбиелік табыстарға есік ашады. Мектеп ісінің басты формасы өзіндік оқу-үйренім жұмыстары болуы қажет. Монтессори шәкірттердің жекелеп тәлім алуына ыңғайлы грамматикалық, математикалық, биология — жаратылыстану және басқа пәндерге арнап дидактикалық материалдар ұсынды. Бұл оқу құралдарының ерекшелігі, оларды пайдалана отырып, шәкірт өз кемшіліктерін-қателіктерін табады және оларды түзетеді. Бүгінгі күнде Қазақстан Республикасында да Монтессори жүйесінің тараптарлары мен қолдаушылары баршылық. Осы бағытта түзілген «бала-бақша — мектеп» жүйесі іске қосылып, балаларды еркін тәрбелеу идеясы өз жемісін беруде.

Ресейдегі еркін тәрбие идеяларын қуаттаушылардың бірі Константин Николаевич Вентцель (1857-1947) еді. Ол 1917 жылы дүниеде алғашқылардың бірі болып бала құқықтары декларациясын түзіп, жариялады. 1900-1909 жж. аралығында Мәскеуде ол ұйымдастырған «Еркін бала Отауы» жұмыс істеп тұрды. Бұл ерекше оқу мекемесінде басты кейіпкер — бала аса құрметпен танылды. Тәрбиешілер мен мұғалімдер бала қызығуларына икемдесіп, оның табиғаттан берілген қабілеттері мен дарынының дамуына жәрдемдесу қызметтерін атқарды.





.

Қазан төңкерісінен кейінгі кеңестік педагогика жаңа қоғамдағы адам тәрбиесі идеяларын өзіндік түсінім жолымен дамыта бастады. Жаңа педагогикаға байланысты шығармашылык ізденістер аймағында белсенділікпен қатысқан белгілі педагог-ғалымдар: С.Т. Шацкий (1878-1934), П.П. Блонский (1884-1941), А.П. Линкевич (1884-1939) болды. Социалистік дәуір педагогикасын танымал еткен Н.К. Крупская, А.С. Макаренко, В.А. Сухомлинский еңбектері. Надежда Канстантиновна Крупскаяның (1869-1939) теориялық ізденістері жаңа кеңес мектебін қалыптастыру, сыныптан тыс тәрбиелік жұмыстарды ұйымдастыру, енді пайда бола бастаған пионер қозғалысы проблемаларының төңірегінде шоғырланды. Антон Семенович Макаренко (1888-1939) балалар ұжымына педагогикалық басшылық, еңбек тәрбиесі, саналы тәртіп қалыптастыру және балаларды от басында тәрбиелеу әдістемелеріне байланысты идеяларды қортындылап, оларды практикада іске асыру принциптерін ұсынды, әрі өзі оларды тәжірибе тексеруінен өткізді. Василий Александрович Сухомлинский (1918-1970) өз зерттеулерін жастарды тәрбиелеудің моральдық проблемаларымен байланыстырды. Оның дидактикалық кеңестері мен нақты да дәл бақылаулары қазіргі педагогикалық ой дамуы және қоғамды қайта түзу дәуіріндегі мектеп тағдыры жөніндегі ұсыныстары өз маңызын әлі де сақтауда, сонымен бірге тәлім саласын жаңаша түсінуде үлкен жәрдемін тигізіп отыр.






.

Халықты білімдендіру арнасында ХХ-ғасырдың 40-60 жылдары белсенді еңбек еткен педагог-ғалымдардың бірі Михаил Алексевич Данилов (1899-1973). Ол бастауыш мектеп тұжырымдамасын жасап шықты. («Бастауыш білім беру міндеттері мен ерекшеліктері », 1943), 1947 жылы «Адамның ақыл — парасат және моральдық дамуында бастауыш мектептің рөлі» кітабын жазып, мұғалімдерге арналған көптеген жетекші әдістемелік құралдар жариялады. Олар осы күнге дейін мұғалім қауымының таптырмас құралдарына айналып отыр.                                                                                                                                                                                                                                                                 Бастауыш мектеп құрамында кіші кешенді мектептер ерекше орын иелейді. Мұндай мектептер кішігірім елаттар мен ауылдарда бала саны толық сынып ұйымдастыруға жетіспей, бір мұғалім балаларды әрқилы пәндерге оқытуға мәжбүр болған жағдайда түзіледі. Шағын мектептердегі оку және тәрбие мәселелерінде М.А.Мельникованың «Мұғалімдердің қол кітабы» (1950) арналған. Мұнда жіктеп, бөліп оқыту әдістемелерінің негізі ашылған.

70-80 жылдары мектеп проблемаларымен академик Л.В. Занковтың ғылыми зертханасы белсенді айналысты. Бұл мекеменің зерттеулері нәтижесінде мектеп жасындағы балаларды үйретудің жаңа, шәкірттердің танымдық мүмкіндіктерін арқау еткен оқу жүйесі пайда болды.                                                                                                                                                                                                                                                                                           80-жылдардың аяғында бұрынғы Кеңес республикаларында мектепті жаңалау мен қайта құру қозғалысы өріс алды. Бұл қызметтестік педагогикасының туындауынан көрінеді. Осы дәуірдегі жаңашыл педагогиканы дамытуға ат салысқан педагог-ғалымдар мен бірегей шығармашыл мұғлімдердің көптеп аты таныла бастады. Олардың арасында Ш.А. Амонашвили, Л.С. Соловейчик, В.Ф. Шаталов, Н.П. Гузик, Н.Н. Палтышев, В.А. Караковский және басқалар болды. Бүкіл елге белгілі болған мәскеулік бастауыш мектеп мұғалімі С.Н. Лысенкова «Қалайша жеңіл оқуға болады» атты кітабын жариялап, онда бастауыш мектеп окушыларының оку істерін схема, тірек таратымдар, кестелер пайдалану арқылы басқару тәсілдерін көрсетіп берді. Сонымен бірге С.Н. Лысенкова «Ілгерілестірілген оқу» әдістемесін жасады.

Бүгінгі кезеңде педагогика өзінің диалектикалық, өзгермелі ғылым сипаттарына сай болуымен қарқынды дамуда. Кейінгі он жылдықтарда педагогиканың бірнеше салаларында келелі табыстар қолға кіргізіледі, әсіресе мұндай жетістіктер мектепке дейінгі және бастауыш мектептегі оқу-үйретім жаңа техналогияларын жасауда көрініс берді. Сапалы оқу бағдарламаларымен жабдықталған казіргі заман компьютерлері оқу-үйретім үдерісін басқаруда үлкен жәрдемін тигізуде. Соның нәтижесінде сабақ барысында аз қуат пен уақыт жұмсап, жоғары нәтижелерге жету мүмкіндіктері пайда болды. Тәрбиенің жетілген әдістемелерін жасау бағытында да пайдалы өзгерістер қолға тиді. Ғылыми — өндірістік кешендер, авторлық мектептер, эксперименталды оқу-тәрбие алаңдары — ұнамды өзгерістер жолындағы елеулі көзге түскен педагогикалық жаңалықтар. Еліміздегі жаңа және жаңаланған мектеп оқу-үйретімі мен тәрбиесі басты назарда тұлға дамуын көзге алып, гуманистік бағытта өрлеп, өрістеуде.









Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!