Қазақша реферат: Тұлғалық қалыптасуы жөніндегі теориялық ағымдар
Педагогика ғылымында әзірге дейін баланы қалай тәрбиелеу жөнінде ортақ бір пікір қалыптасқан емес, қалыптаспайтын да сияқты. Ежелгі заманнан біздің күнімізге дейін бір-біріне текелей қарсы келген тәрбие бағыттары жасап келуде: 1) балаларды қорқыту мен бағындыру арқылы тәрбиелеу қажет. 2) балаларды қайрымдылық және мәпелеумен тәрбиелеу керек. Егер өмір осы көзқарастардың қайсы бірін қаламаған күнде, ол әрқашан-ақ қолданымнан шығып қалған болар еді. Мәселенің қиындығы сонда: бір жағдайларда (мысалы, нарықтық бәсеке) үлкен қоғамдық өнімді қатаң ережелер мен тәртіп құрсауында тәрбиеленген, өжет, қайтпас пікірлі адамдар келтіреді, екінші жағдайларда – қоғам мүдделерін жұмсақ, қайрымды, зиялы, Алланы мойындаған және барша адамға құшағын аша білген тұлғалар орындайды. Халықтың жасап жатқан жағдайларына, мемлекеттің ұстанған саясатына тәуелді тәрбие салт-үрдістері қалыптасады. Ұзақ мерзім, бейғам, тоқ өмірмен жасап жатқан қоғамда тәрбиенің ізгілікті (гуманистік) бағыты үстем болады. Ал ұдайы күрес жүргізіп жатқан қауымдардың тәрбиесі қатал сипатта болып, ересектердің бедел, абыройына және өсіп келе жатқан әулеттің көзсіз бағыныштылығына негізделеді. Соғыс, аштық, әлеуметтік қақтығыстар мен дағдарыс жағдайларында да балаларды жұмсақ тәрбиеге алу мүмкін, бірақ мұндай жағдайларда әлпештеп өскен бала өз тіршілігін қорғай алмайды. Сондықтан да балалар тәрбиесі жайлы мәселе тек ғылымдық қана емес, ол тікелей өмірге байланысты шешімін тауып барғаны жөн.
Әміршіл-әкімшіл (авторитарлы) тәрбие өз сипатына сай ғылыми дәлелдерге негізделеді. Бұл бағытты ғылым сахнасына келтірген И.Ф.Гербарт (1776-1841) балаға туған күнінен бастап «жыртқыштық бітістер» тән деген тұжырымды алға тартып, мүмкін болғанша тәрбиені қаталдықпен жүргізуді талап етті. Тәрбие тәсілдері ретінде ол қорқыту, балалар ізіне бақылау қою, бұйрықтар және шектеулерді пайдалануды орынды деп есептеді. Тәртіп бұзған балалар үшін ол мектепте арнайы айып журналын ашуды ұсынды. Гербарттың педагогикалық ұсыныстары ықпалында бір топ шектеулер мен жазаларды қамтыған біртұтас тәрбие жүйесі қалыптасты. Балаларды түскі тамақсыз қалдыру, бұрышқа кою, карцерге қамау, айып журналына тіркеу сияқты қатаң тәртіп тәсілдері тәрбие тәжірибесіне енді. Әміршіл тәрбие ережелерін толығынан құптап, қолданған елдердің ішінде Ресей бұл тәсілге ерекше ынта танытты.
Әміршіл тәрбиеге тікелей қарсылық білдіріп, еркін тәрбие теориясын ұсынған француз педагогы Ж.Ж. Руссо болды. Ол және оның ізбасарлары өсіп келе жатқан балада болашақ тұлғаны танып, оны сыйлауға шақырды. Оның табиғи даму мүмкіндіктерін тәрбие барысында пайдаланып, оған барынша қолдау көрсету қажеттігін талап етті. Біздің дәуірмізде жақсы нәтиже беріп, барша дүниеде өзіне көптеген тараптарлар тартып, бұл теория гуманистік пелагогиканың күшті де куатты ағымына айналды.
Барша кезеңдердегі педагогтар қауымы гуманистік тәрбиемен дуниені қайта түлету үмітін ешбір жоғалтқан емес. Егер барлық адамдар қайырымды, адал, әділетті болған жағдайда, олар арасында дау-дамай өршімей, соғыс, қақтығыс, қарсы тұру себептері әлдеқашан жойылар еді. Әлемде тоқшылық, жылылық пен жақсылық жайлаған болар еді. Бірақ бұл үшін адамның өзін өзгерту қажет. Мұның бірден-бір жолы – тәрбие.
Тәрбие, тәлімді гуманизациялау Қазақстан Республикасының қазіргі кезең педагогикасының басты бағытына айналып отыр. Кешегі кеңес дәуірінен қалған мектеп өзінің қатал бағытын жұмсартьш, бала пайдасына орай гуманистік тәрбиеге бет бұрды. Бірақ мектепті ізгілендіру істері әлі орныға қойған жоқ, бұл бағыттағы ұнамды ізденістер жүргізілуде.
Гуманизм (адамгершілікті) – әлемде адамды ең жоғары құндылық деп таныған біртұтас теориялық тұжырымдама. Бұл тұжырымдаманың басты ережесі — тұлға қадір-беделін қорғау, оның еркіндікке, бақытқа, дамуға және өз қабілеттерін байқата алуға еркіндігін тану және мойындау, бұл үшін колайлы (өмірлік, еңбектік, тәлімдік және т.б.) жағдайлар түзіп беру. Гуманизм — бұл жалпы адам болмысының, сонымен бірге әрбір жеке тұлғаның әмбебап маңыздылығына қолдау-қуаттау беретін идеялар мен құндылықтар жиынтығы. Құндылықты бағыт-бағдар және нұсқау — көрсетпелер жүйесі ретінде гуманизм қоғамдық мұратқа айналып отыр.
Ізгілікті (гуманистік) педагогика – бұл өз мүмкіндіктеріне орай кемелденуші балаларды тәлім, тәрбие үдерісінің белсенді, саналы, тең құқықты қатысушылары ретінде танытатын ғылыми теориялар жүйесі. Гуманизм тұрғысынан тәрбиенің ізгі мақсаты — әрбір тәрбиеленушіні іс-әрекеттің, таным мен қатынастың толыкқанды субъекті деңгейіне көтеріп, еркін, өзіндік басқарымға ие тұлға дәрежесіне жеткізу. Тәрбиелік үдерістің гуманизациялық өлшемі тұлғаның өз мүмкіндіктерін іске асыра алу дәрежесімен, оның бойындағы өзекті табиғи нышандардың ашылуымен, оның еркіндікке ұмтылу қабілеті мен жауапкершілігі және шығармашылығымен бағаланады. Гуманистік педагогиканың басты нысаны тұлға бітістері: басты назар ақпарат көлемі мен нақты ептіліктер және дағдылар дамытудан гөрі тұлғаның психикалық, тән-дене, ақыл-парасат, адамгершілік және басқа да инабаттық-ізгілік сапаларын дамытудың маңыздылығын алға тартады, бар күшін әрқилы өмір жағдайларында өз таңдауын қажеті мен қабілетіне сәйкес еркін, дербес толғастырып, іс-әрекетке келе алатын гуманист тұлға, азамат қальштасуына шоғырландырады; оқу-тәрбие үдерісін жаңаланған бағдарламаларға келтіруде табыстарға жету үшін қажетті ұйымдастыру шарттарын қамтамасыз ете алады.
Оқу-үйретім, тәрбие үдерісін гуманизациялау – шәкіртке болған педагогикалық үстемдігімен танылған, педагог пен тәрбиеленуші арасындағы қоғам күткен ізгілікті қатынастар орнату мүмкіндігін жоққа шығарған әміршіл педагогикадан бас тартып, тұлға еркіндігі мен жеке іс-әрекетіне аса жоғары мән беретін инабаттылық бағдарлы педагогикаға бет бұрыс. Бұл үдерісті ізгілендірудің басты мақсаты – балалардың мектеп дәрістерін жатсынуына, өз мүмкіндіктерінен төмен үлгеріміне, тәрбиелік істердің бейтарап қатысушысы немесе бұрқасын тасыған өмірдің сырттай бақылаушысы болып қалуына мүмкіндік бермейтін жағдайларды жасау. Гуманистік педагогика әрдайым мектеп тәлімін шәкіртке икемдестіру тарапында, балаға қолайлы жағдай түзіп, оның «психологиялық қауіпсіздігін» қамтамасыз етуге ұмтылады.
Гуманистік педагогиканың талаптары: 1) тәрбиеленушіге адамгершілік қатынас; 2) баланың еркіндігі мен кұқына құрмет; 3) шәкірт күшіне сай және түсінікті талаптар кою; 4) тәрбиеленушінің көзқарас — бағытын, тіпті ол қойылған талаптарды орындауға қарсылық білдірген жағдайда да — сыйлай білу; 5) балаға шынайы өз болмысын танытуына мүмкіндік жасау; 6) тәрбиеленушінің санасына тәрбиенің нақты мақсаттарын жеткізе білу; 7) бала тәрбиесіне қажет болған сапа-қасиеттердің зорлықсыз қалыптасуына мүмкіндік ашу; 8) тұлға намысы мен беделіне нұқсан келтіруші әдістерді қолданбау; 9) баланың өз наным-сенімдеріне қайшы келетін сапа-қасиеттерден бас тарту құқын тану.
«Адамдар құқы жалпы декларациясының» бірінші бабы: «Барлық адамдар бедел және құкық тұрғысынан еркін және тең. Олар ақыл-парасатты және намысты, сондықтан да өзара туысқандық рухында қатынас жасауы тиіс». Тәрбиеленушілерде қорыққан, үріккендерді емес-тәуелсіз, еркін тұлғаны танып, тәрбиеші-педагог оның үстінен ала таяқ ойнатып, күш көрсету ниетінен бас тартады, нәтижеде өз тәрбиеленушісімен бірлесе өздерінің жарқын болашағы үшін қосылып, ат салысады.
Гуманистік педагогика жүйесін уағыздап, бүкіл дүниеге белгілі болған педагоггар — М.Монтессори, Р.Штайнер, С.Френе. Олар түзген тәрбие бағыттары бұл күнде атаулы — педагогика лауазымын алған. Мысалы, М.Монтессори педагогикасы тәрбиенің еркін, табиғи сәйкестік идеясына негізделген. Мұндағы басты шарт-баланың өз белсенділігі. Тәрбие ең алдымен әртүрлі міндеттерді атқаруға бағытталған дидактикалық материалдарды практикада қолдану тәсілдеріне сүйенеді. Сонымен бірге, оқу-үйретім мен тәрбиені даралап жүргізуге, тұлғалық ерекшеліктерді ескеруге үлкен мән береді.
Р.Штайнер Вальфдор педагогикасын дәріптеді. Бұл тәрбие ағымы әрбір баланың даму ерекшелігін ажырата отырып, оның даралығын, яғни ойлау, мінез, ерік, ес және т.б. психикалық қасиеттерін түсінуді басты қажеттік деп білді.Осы негізде даралап тәрбиелеудің әдістері мен формалары жобаланды. Баланың іс-әрекеті оның көңіл-күйі және ой — өрісімен ажырамас тұтастыққа келтіріледі.
Батыс елдерде С.Френе педагогикалық тұжырымдамасы кең тараған. Оның басты белгілері: 1) балалардың жастық психологиясындағы, қабілеттері мен қызығуларындағы әртүрлілікті міндетті түрде ескеру; 2) олардың интеллектуал, көңіл-күй белсенділігін мақсатты түрде ынталандырып бару; 3) барлық мектептік оқу-үйретім,үйренім кезеңдерін қоғамдық пайдалы еңбекпен байланыстыру; 4) мектептің өзіндік басқару жүйесінің тиімділігін көтеру; 5) жоғары моральдық және азаматтық мұраттар рухында тәрбиелеу. Сонымен, әлемде кең дамыған педагогикалық ойдың екі бағыты танылған — үлкендердің бедел-абыройына және балалардың бағыныштылығына негізделген авторитарлы ағым, шәкірт құқығы мен еркіндігін кұрметтеуші —гуманистік ағым. Олардың арасында — санқилы педагогикалық бағыттар жасауда. Әлемнің прогрессив педагогикасы өзінің гуманистік таңдауын қабылдады.