Қазақша реферат: Салыстыру конструкцияларының семантиқалық құрылымы |

0






Салыстыру – адамның интеллектуалдық әрекетіндегі әр түрлі саласында көрінетін жан-жақты категория. Салыстыруды зерттеудің өзіндік ұзақ тарихы бар. Бұл мәселе көне заманнан бастап көптеген ғалымдарды қызықтырған. Көптеген зерттеушілер «салыстыру» туралы еңбектердің де молдығын айтады. Лингвистика ғылымы тарихында салыстыру риторика және грамматика аясында зерттеліп келді. 19-шы ғасырдан бастап, тіл мен ойлау процесінің даму барысында филолог ғалымдар да салыстыру құрылымдарына назар аудара бастады. Қазіргі тіл білімінде салыстыру құрылымының табиғаты әр түрлі тілдің материалында әр түрлі позицияда зерттеліп келеді. Жалпы лингвистикадағы салыстыруды зерттеудің мынадай бағыттарын бөліп көрсетуге болады: 1. Салыстыру мәнді құрылымның жай сөйлемдегі, күрделі сөйлемдегі сипаттамасы. 2. Салыстыру құрылымдарының синонимділігі. 3. Тұрақты компаративтік құрылымның сипаттамасы мен талдануы. 4. Функционалды-стилистикалық бағыт сондай-ақ, әр түрлі авторлардың материалын салыстырудың көркем мәтіндегі сипаты. 5. Қазіргі лингвистердің жұмыстарындағы функционалды бағыт, яғни бұл бағыт бойынша салыстырудың ФСӨ-н топтастыру мен категориялық сипатын талдау.

Европалық тілдерде де компаративтік құрылым бойынша зерттеу материалдарына бай. Сондай-ақ, бұл мәселе бойынша салғастырмалылық еңбектр де аз емес. Сондай мол жұмыстардың көптігіне қарамастан, қазіргі тіл білімінде қызықты тақырыптың бірі болып келеді. Салыстыру дегеніміз – ерекше ұйымдасуы бар күрделі бірлік. Қазақ тіл білімінде салыстыру мәнді синтаксистік конструкцияны әр қырынан зерттеулер қолға алына бастады. Салыстыру конструкциясы мынадай бөліктерден тұрады. 1. Екі бөлікке – (біріншісі басқа бір затпен, бір нәрсемен салыстырылатын компонент, екіншісі – компаративтік, біріншісімен салыстырылатын компонент) бөлінеді; 2. Компаративтік бөлігі – салыстыру көрсеткішінен, сөзден, сөз тіркесінен тұрады; 3. Салыстыру модулі. Лингвистикалық әдебиеттерде салыстыру конструкцияларының компоненттері әр түрлі терминдермен аталынады: салыстыру объектісі – салыстыру бейнесі; салыстыру субъектісі – салыстыру объектісі; тақырып – эталон және т.б.





.

Салыстырудың референті мен агенті (салыстырылатын заттар, ситуациялар) әр түрлі семалардан тұрады, олар үшін ортақ семалар салыстыру негізі болуға қызмет етеді. Типтік ассоциациялар салыстыру негіздерін қалыптастыруға әкеледі. Ассоциацияға байланысты мынадай топтарды көрсетуге болады: 1. Көру әсерінің негізіндегі салыстырулар: Ауладағы балалардың шуылы құс базарындағы сияқты; Айналайын, қарағым, кекілдім-ай, Балапаны аққудың секілдім-ай (Халық өлеңі) Қолымда бір қамшым бар алтындаған, Көңілімде бір сөзім бар айтылмаған, Алдырған томағасын ителгідей, Көзіңнен айналайын жалтылдаған (Халық өлеңі) «Қасың бар қанатындай қарлығаштың, Болсайшы бәрі сендей қарындастың», — (Қара өлеңнен).












.

2. Акустикалық әсердің негізіндегі салыстырулар: Жанды-жансыз табиғаттағы объектілердің бәрі белгілі бір жағдайда әр түрлі дыбыстар шығаруға қабілетті. Есту арқылы қабылданған дыбыстар тыңдаушының санасында оған таныс дыбыспен ассоциацияланады. Мысалы: Шегіртке сағат сияқты шырылдады. Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек (Шәкәрім). Салыстыру агенті ұқсас дыбыстар шығаратын объектілер болады. 3. Сезу ассоциациясы негізіндегі салыстырулар: Оның қолын ұстап көріп еді, мұз дерсің. Ең өнімдісі бірінші топ. Салыстырудың бұл тобына – пішінін салыстыру негізінде пайда болған салыстырулар жатады: Бөлмедегі барлық төсектер астау сияқты майысқан (Б.Соқпақбаев). – түсін салыстыру негізіндегі салыстырулар: оның түрінің түтігіп кеткені сонша, қазанның түп күйесіндей еді (Д.Исабеков). Ол шынында да, жаңа жауған қардай аппақ құс (Е.Раушанов). Қарашада қар жауар қат-қат болып, Табан асты қара жер батпақ болып. Отыр ма екен, қалқатай жатыр ма екен Айдындағы аққудай аппақ болып. (Халық өлеңінен) – мөлшер-өлшемін салыстыру негізінде: Жолда жатқан тас шөккен түйедей орасан үлкен еді. – аналогтық әрекеттерді салыстыру негізінде: Көлденең жатқан көк тасты Тіктеп тиген тұяғы. Саз балшықтай иледі (Қобыланды батыр жырынан). – Заттардың сыртқы белгілерін, қасиетін салыстыру негізінде: Екі жастың бақытын қызғанған, Шайтан өзінің сөзі көп, көзі көк, Күлгені жылағандай, жүргені құлағандай, Албасты қызын сиқырлап жігітке, Қосады да, жігіттің сүйген аруын, Қарлығашқа айналдырып жібереді.

Қатқан мұз сүттің қаймағындай жұп-жұқа (Д.Исабеков әңгімелерінен). Салыстырудың референті мен агентінде екеуіне де ортақ семалар болады, салыстыру негізінде бір ғана емес, бірнеше белгі болады. Салыстыру негізі кешенді белгілер болатын сөйлемді қарастырып көрелік, мысалы: – пішін де, әрекет те салыстыру негізі болады: Еденде моншақтар шашылған тарыдай бытырап жатты. Референт (моншақтар) және салыстыру агенті (шашылған тарыдай) етістікті модульмен берілген ортақ белгіге ие. Еденде жатқан моншақтың сыртқы түрі шашылған тарыға ұқсайды (бытырап жатыр). Салыстыру агенті «шашылған» сөзі бейнені нақтылап тұр; – түс және әрекетке негізделген салыстыру: Ақсұңқар ұшқан кезде аяқтарын бауырына жинап алып, тіке шаншылып көкке көтеріледі. Сол сәтте бейне бір аспанға лақтырған ақ тас секілді (Е.Раушанов. Құстар біздің досымыз кітабынан). Мұнда салыстыру референті және агент лақтырған ақ тас секілді. Яғни сұңқар да, тас та аспанға зымырап бара жатқандай. Ақсұңқар тас түйін ақ тас секілді елестейді. – Мөлшері мен пішінін салыстыру: Алған жері ұлтарақтай ғана екен, қысы-жазы атыз бойынан шықпай, арқа еті арша, борбай еті борша боп, жыл он екі ай мехнат кешсе де, мал бітпей, сіңірі шыққан жарлы күйі өмір сүріпті (Е.Раушанов. Құстар біздің досымыз). Мұнда кішкентай жерді ұлтараққа салыстыру бар.

Еріні шиедей топ-томпақ. Томпақ ерінді топмақ шиеге теңеу, сылыстыру. Бұл белгі «топ-томпақ» сын есімімен эксплицитті берілген, шие де, ерін де топ- томпақ. «Қызыл түс» белгісі имплицитті берілген – ерін де, шие де қызыл түсті; «Қызыл» деп түсін айтпаса да түсінікті. – пішіні, түсі және әрекет: Мұнда референт және агентте бірнеше ортақ белгілер болады. Мысалы: Осылайша салыстыру бір ортақ белгісі бойынша және бірнеше ортақ белгісі бойынша да құрылады. Салыстыру конструкциясы бір сөзбен немесе бірнеше сөзбен де болады. Көз алдымда балапанын өлімнен құтқарамын деп өзі өлетін ана құс және «Ана жүрегін» айтып, өз жүрегін ауыртатын әнші бауыр. Мен іштей жанталасып, екеуінің арасынан ұқсастық іздей бастадым (Е.Раушанов. Құстар біздің досымыз).

Салыстыру негіздерінің рөліндегі сөздер әр түрлі лексикалық, грамматикалық топқа жататын сөз-ұғымдармен беріледі. Етістікті, объективті, имплицитті модульдер конструкциясы бар. Етістікті салыстыру конструкцияларында модуль позициясын абстрактылық семантикасы және нақты семантикасы бар етістіктер алуға қабілетті. Абстракт семантикалы етістіктер физикалық сипаттағы емес әрекеттер болып табылады және тікелей байқалмайтын етістіктер: қабылдау, білу, белгілеу, түсіну, шешу, елестету, анықтау, ойлау, тану. Мысалы: Ол мүлдем үндемеді, бірақ бәрін ит сияқты түсінді. …Мен египеттік иероглифтерді барлық жерде, барлық уақытта өзімнің қолтаңбамдай танимын. Ташкенттің ми қайнатар ыстығынан кейін тау бауырындағы мына үй жанаттай көрінді. Нақты етістіктер тобы физиологиялық/физикалық сипаттағы және қалып-күйді білдіреді: көтерілу, ұру, қозғау, жазу, дыбыстау және т.б. Салыстырмалы құрылымда модуль ретінде әр түрлі процестерді білдіретін етістіктер қолданылады. Солардың ішінде: – кеңістіктегі қозғалысты білдіретін етістіктер: Жаңалық желдей есті, баратын жеріне жылдам жетті. Ол мына самалмен құстай ұшты. – Сөз, хабарлау, әңгімелерді білдіретін етістіктер: Бақдәулет суырылған шешендей сөйледі. – Жетекшілік: Дәулет ауылды абыз сияқты басқарды. – Көру арқылы қабылдау: Бұрынғы ханзаданы көргендей, ауыздары ашылып қалыпты. – есту арқылы қабылдау: Мына үн бұлақтың сылдырындай естілді. Нақты физикалық әрекет: Ашуланғаны сонша, итше қуып шықты.

Үйден далаға шыққанымызда, түнгі ауа әлсіз электр тоғындай тітіркендірді. Эмоциялық қалып-күй: Қайғысыз, мұңсыз бала сияқты ұйықтап жүрсің (Б.Соқпақбаев). Өйткені біз бала кезден-ақ ағалы, қарындастай боп кеткенбіз (Е.Раушанов). Мысалға берілген сөйлемдерде модуль позициясы нақты семантикасы бар етістермен берілген, олардың семантикалық құрылымында аталған әрекеттің сапалық сипаттамасы да қатысады. Модуль позициясы сын есіммен де беріледі. Семантикасы бойынша сын есімдер эмпирикалық, бағалау мәнді болып бөлінетіні белгілі. Эмпирикалық белгілер сезім арқылы қабылданатын белгілер.






.

Салыстыру құрылымында сын есімдердің әр түрлі лексикалық- семантикалық топтары бола алады. 1. Түсті білдіретін сын есімдер. Түсті білдіретін сын есімдердің лексикалық-семантикалық тобының негізін спектр түсін білдіретін сын есімдер құрайды: (қызыл, ақ, көк, жасыл және т.б.). Мысалы: Түсінің қашқаны сонша, ақ шүберектей бозарды (Д.Исабеков). 2. Мөлшер және көлем мәнді сын есім. Сын есімнің бұл тобын антонимдік сын есімдер құрайды: үлкен – кіші, үлкенді – кішілі, ақты – қаралы т.б. және синонимдер: орасан, өте үлкен, аса мол және т.б. Мысалы: Биік, шатыр сияқты самолет қанатының астында механиктер жүр. 3. Температура атауына қатысты сын есімдер: Сын есімнің бұл тобына суық, жылы, ыстық және т.б. температура ұғымын білдіретін сын есімдер жатады. Олардың мағынасы шындық өмірде ыстық, суықтың бар болуымен анықталады: Қолы мұздай суық болатын. 4. Дәмді сезуге қатысты сын есімдер. Оның естеліктері тәтті мұң сияқты есінде қалып қойды. 5. Адамның физикалық сипатын білдіретін сын есімдер. Сын есімдердің бұл тобына жалпы сипатты білдіретін сын есімдер жатады: семіз – арық, толық, томпақ, тырли арақ, жұқа, құлағынан күн көрінеді және т.б. Сондай-ақ, адамның дене мүшелері бойынша сипаттайтын атрибутивтік сын есімдер: қой көз, иықты, жауырынды, қарынды және т.б. Жаңа ғана жауырыны қақпақтай зор денелі кісі өтті.

Бағалау мәнді сын есімдер сезім мүшелері арқылы қабылданған, оларды талдау, салғастыру, қорытындылау нәтижесінде пайда болған белгілерді қамтиды. Бағалау мәнді сын есімдердің мазмұны субъектінің бір нәрсеге, затқа қатысы болып табылады. Бағалау мәнді сын есімдерді топтастыру бағалау негіздерінің ұстанымдарына байланысты болуы мүмкін: эстетикалық, эмоционалдық, сенсорлық және т.б.

Салыстыру конструкцияларында имплициттік модуль де қолданылады, яғни салыстыру сөйлемде қарастырылмаған. Мысалы: Қамыспен жабылған үй тым аласа және тар еді. Тіреулері ойдағы тоғайдікі. Терезелері моншанікі тәрізді. Салыстыру конструкциясы «терезелері моншанікі тәрізді». Кішкене үйдің терезесі моншанікі тәрізді. Санамызда моншаның терезесі кішкене болуы керек деген ұғым қалыптасқан. Бұл дегеніңіз салыстыру конструкциясында агент пен референттің ортақ мағынасын көрсететін салыстыру модулі мен элементтері жоқ деген сөз. Немесе мына мысалды талдайық: «Айтылған сөз атқан оқ. Ұстап тұра алмайсың». Мұндағы салыстыру конструкциялары сөз бен оқ. Яғни имплициттік модуль бойынша салыстыру белгілері салыстырудың референті мен агентіндегі компаративтік кешенде, ол мүмкін ұқсастығын көрсететін басқа элементтермен толығады, түсіндіріледі. Салыстыру конструкцияларына қатысты академик М.Серғалиев былай дейді: «Тілімізде салыстырмалық қатынаста қолданылатын сөз тіркестері өнімді қолданылады» (М.Серғалиев, 2006. 196 бет). Біздіңше қазақ тіліндегі салыстыру конструкцияларын әр қырынан функционалдық аспект, коммуникативтік, поэтикалық аспект қырынан зерттейтін уақыт келді.









Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!