Қазақша реферат: Қазақы дүниетанымның алғышарттары туралы қазақша реферат

0

Рухани бастау дегеніміз не? Біз өз зерттеуімізде оны қай қырынан қарастыруға тиіспіз? Ал осы сұраққа философия ғылымдарының кандидаты, доцент Сейтимов Айбар Ғалымұлының пікірін қарастырайық: рухани бастау біз үшін, біріншіден, сомдалушы образды және бейнеленген объектіні жасауға және субъективті қабылдауымызға көкейкөз қызметін атқаратын ішкі дүниемен байланысты нәрсе деп ұғынуымыз керек. Себебі, ғасырлар бойы қалыптасқан адам бойындағы атадан-балаға тәрбие арқылы, тұрмыс, әдет-ғұрып, салт-жора және ең бастысы табиғи – биологиялық жолдар арқылы берілетін қасиеттер біздің рухани дүниемізде ешқандай рөл атқармайды деп айта алмаймыз. Керісінше, ол адам бойында жарасымды қалыптасқан жағдайда, жасанды емес табиғи болмысқа айналған жағдайда жетекші күшке айналады. Адам бойындағы білім мен тәжірибе, ақыл, сана болмысы – осы табиғи арнаны толтыратын, толтырып отыратын игілік.

Екіншіден, рухани бастау уақыт пен кеңістікте қалыптасқан ұлттық белгілерге ие этностың табиғи алғышарттары тудырған дүниетанымдық көзқараспен тікелей байланысты. І.Ерғалиев пен Ғ.Тілебаев: «Дүниетаным дегеніміз адамның дүниеге деген рухани қатынастарының негізі болатын және солардың бәрін жалпылама қамтитын, адам мен әлемнің саналуының арақатынасын білдіретін ұғым. Адамның дүниемен байланысы, оны тануы белгілі ұлттық жағдайда қалыптасатындықтан, дүниетанымның ұлттық белгілері болады», -деп анықтама береді.

Дүниетаным өте ауқымды түсінікті қамтиды. Оған әлемді қабылдау, қарастыру, түйсіну, елестету, ұғыну, меңгеру, тану секілді күнделікті айтып, қолданып жүрген түсініктер ұғымында классификация жасауға болады. Оның өлшемі де кең көлемді қамтиды: тарихи-хронологиялық, гносологиялық, әдіснамалық, интеллектуалды-жекелік, ғылыми-танымдық, қоғамдық-әлеуметтік, философиялық-онтологиялық, әлемдік-өркениеттік. Жаңа ғасырдың басында тұрып әлемдік дүниетанымдық масштаб әлі де «жұқа материя» күйінде отырғандығын, оның кең көлемді кенептегі суреті әлі де болса жасалмағандығын байқаймыз.

Жеке адам үшін дүниетаным айқын әлеуметтік статус алған гносемәдениеттің жоғарғы иерархиялық құрамы болып табылады. Сонымен бірге жетілмеген қоғамдық санада дүниетаным феноменінің пайда болуы және қалыптасуына қолайлы жағдайдың жасалуы мүмкін емес.

«Егер мейлінше жалпылай қарасақ, философия адамзат мәдениеттің, оның дүниетанымдық әмбебаптылығының түпкі негізінің рефлекциясы. Бұған бақсақ, философия адамдар үшін міндетті емес, тек оның тіршілігін қалыптастыратын, әмбебап дүниетанушылық қана қажеттілік екендігі белгілі. Философия тек мәдениеттің күйзелу кезеңдерңнде ғана қажет. Ол кезде мөлдір, айқын даналық әдістері қажет болады. Ал, дәстүрлі салыстырмалы түрде жай дамитын мәдениетке тура философиялық емес қалыптағы даналықтың өзі керек».

Көркем дүниетанымның ұлттық белгілері болса, бұдан екі нәрсе туындауға тиіс. Біріншіден, ол этностың сипаттық ерекшелігін анықтайды. Екіншіден, осы сипатқа ие дүниетаным формалары қалыптасады. Дүниетаным формалары ішкі бірлікпен, біртұтастылықпен анықталса, ол рауажды сипатқа ие, ал ажыраса, онан алшақтап кетсе, ұлттық бірлік өлшеуімен қарастырғанда дисгармонияға ұшырайды.

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!