Қазақша реферат: Көне Үнді және көне Қытай философиясы туралы қазақша реферат
ЖОСПАР
- Көне Үнді философиясының ерекшеліктері, философиялық ерекше- типтері, негізгі ұғымдары және бағыттары.
- Көне Қытай философиясының идеологиялық-практикалық сипаты, негізгі мектептері және өкілдері.
Ежелгі Үнді философиясының ерекшеліктері
Көне Үнді философиясын зерттеуші ғалымдар философия ғылымының бастауы, бүкіл Шығыстың философиялық идеяларының қайнар көзі Үнді елі, ең бастысы — Үнді ойшылдары адамзатты осы күнге дейін толғантып келе жатқан мәселелерді көне заманның өзінде-ақ қоя білді деп есептейді. Бұл пікірлермен жалпы алғанда келісуге болады.
Көне Үнді қоғамы төрт варнаға бөлінді: брахмандар, кшатрийлер, вайшьялар және шудралар. «Варна» сөзі «түс, қабық, бояу» дегенді білдіреді және әрбір варнаның өз түсі болды. Варна — тұйық жүйе, адамның варнадағы орны және әрбір варнаның қоғамдағы орны қатаң сақталынды. Мысалы, некелік қатынастар тек бір варнаның щеңберінде ғана жүзеге асырылуы тиіс, бір варнадан екінші варнаға өтуге болмайды және әрбір варнаның өкілдері кәсіптің белгілі бір түрімен ғана айналыса алады. Брахмандар — ой еңбегімен, кшатрийлер — әскерн істермен, вайшьялар — жер өңдеумен, қолөнермен және саудамен, ал шудралар — қара жұмыспен шұғылданды. Атап өтетін бір ерекшелік — варналарға қатаң бөліну қазіргі заманғы Үнді мемлекетінде осы күнге дейін қатаң сақталып отыр. Біздің ойымызша, қазіргі заманғы Үнді мемлекетінің дамуын тежеуші факторлардың бірі осы болуы да мүмкін.
Көне Үнді қоғамының осындай әлеуметтік жіктелуі, осы қоғамда өмір сүріп отырған адамдардың тұрмысының қиындығы оның философиясының негізгі тақырыбын да анықтады: ежелгі Үндінің философиялық пайымдау объектісі — жеке адамның өмірі, оның ішкі дүниесі, басқа адамдармен қарым-қатынасы мәселелері болды.
Көне Үнді философиясының басты ерекшеліктері:
- ғылыми оймен байланысының аздығы;
- жеке тұлғалық сипатының нашарлығы;
- діни-мифологиялық оймен тығыз байланыстылығы;
- философиялық ой ескерткіштерінің хронологиялық жағынан жүйесіздігі және белгісіздігі;
- негізгі философиялық үғымдардың мән-мағынасының күрделілігі және сантүрлілігі.
Көне Үндінің негізгі философиялық ескерткіштері
Ежелгі Үнді философиясының бастауы — біздің дәуірімізге дейінгі II және I мыңжылдықтарда қалыптасқан Ведалар, олар тек Үнді елінің ғана емес, бүкіл адамзаттың көне әдеби ескерткіштері болып саналады. Кейінірек Көне үнді тілі санскритте жазылып алынған Ведалар Үнді қоғамының рухани мәдениетінің, философиялық ойларының қалыптасып-дамуында айқындаушы рөл атқарды.
«Веда» сөзі «білім» дегенді білдіреді, бірақ бұл ерекше білім: гимндер, дұғалар, құрбандық шалу, садақа беру формулалары. Оларда дүние, 3 адам, адамгершілік туралы алғашқы философиялық түсініктер бейнеленді.
Ведалар 4 бөліктен тұрады:
- Самхиттер — кұдайларға арналған гимндер жинағы; олардың ең көнесі Ригведалар құдайларға арналған 1028 гимннен тұрады;
- Брахмандар — діни салт өлеңдер жинағы, философиялық маңызы аса зор болмаса да, Самхиттер мен Упанишадалардың арасын байланыстырып тұр.
- Аранъяктар — «Орман кітаптары» — қоғамнан бөлектенушілерге немесе орман кеңістігінде ақиқат пен табиғат туралы ойға берілушілерге арналған ережелер жинағы. Қоғамнан бөлектенудің өзі «іс-әрекет жолынан» «білім жолына», тереңірек пайымдау жолына көшу дегенді білдіреді, яғни Араньяктарда дүниетанымдық мазмұн басымырақ бола бастайды.
- Упанишадалар — философиялық мазмұны терең, рационалистік сипаты басым негізгі бөлім, Ведаларды аяқтаушы болғандықтан кейде веданта («Ведалардың соңы») деп аталады. Алғашқы упанишадалар шамамен алғанда біздің дәуірімізге дейінгі VII-VI ғасырларда қалыптасып, бұл дәстүр ХІІ-ХІІ ғасырларға дейін жалғасты. Upani-sad («қасында отыру»), яғни ұстаздың аяғының жанында отырып, уағыз тындау, «жұмбақ білім» дегенді білдіреді. Упанишадалар — ұстаздың шәкіртпен диалогәңгімесі, оның тақырыбы — болмыстың алғашқы бастауы, сол арқылы табиғат пен адамның бойындағы құбылыстар түсіндіріледі.
Махабхарата көне Үндінің философиялық ескерткіштерінің бірі болып табылады. Махабхарата — «Бхараттардың ұлы шайқасы туралы аңыз», діни, мифологиялық, философиялық ойлар жинақталған көне Үнді эпосы, буддизмнің қасиетті түпнұсқаларының бірі.
Көне Үнді философиясының негізгі мектептері
Жайнизм — көне Үнді философиясының маңызды бағыттарының бірі, аттары аңызға айналған 24 тақуа-тиртханкар дамытқан. Олардың соңғысы — біздің дәуірімізге дейінгі VІ-V ғасырларда өмір сүрген, Джина (Жын) немесе, Жеңімпаз деген атқа ие болған ойшыл Махавира болды. Жайндардың көзқарастарында олардың өмір сүрген кезендеріне байланысты ерекшеліктер болғанымен, мынадай төрт тиым салуды олар бұлжытпай сақтады: ахимса — тірі мақұлықтардың ешқайсынының өміріне зиян келтірмеу; астейя — ұрлық жасамау; сатья — шыншылдық; апариграха — үйірсектікке (М.Әуезов өзінің «Будда» еңбегінде осы ұғымды «жабыспау» деп аударған) тиым салу. Махавира бұл тиымдарға бесіншісін — брахмачаръя — некеден бас тартуды қосты. Жайн монахтары ұстанулары тиіс осы тиым салулар екі мың жарым жыл бойы қатаң сақталып отырғанын ескерте кеткен дұрыс.
Уақыт өте Махавираның жолын қуушылар екі бағытқа бөлінді: дигамбаралар («ауа киіндіргендер») және шветамбаралар («ақ кигендер»).
Жайндардың онтологиясы туралы айтсақ, олар заттарды санадан тыс және одан тәуелсіз өмір сүреді деп түсінді және бес немесе алты субстанцияны бөліп көрсетті:
1) джива — тірі, жан, рухани субстанция; дживалардың саны шексіз көп; 2) зат; 3) кеңістік; 4- және 5) қозғалыс пен тыныштықты бейнелейтін дхарма мен адхарма; 6) уақыт.
Жайндардың пікірінше, субстанциялар мәңгі және өзгермейді, өзгеретін олардың көріністері ғана, заттан басқа субстанциялар бөлінбейді және формалары жоқ, яғни, олар сезім мүшелері арқылы қабылданбайды, сезілмейді және денесіз. «Тірі» болып есептелетін дживадан басқа субстанциялар «тірі емеске» жатады.
Бұл субстанцияларды қысқаша сипаттасақ, барлық субстанциялар оларды өзіне сиғызатын кеңістікте өмір сүреді. Кеңістік үздіксіз, бірақ адам оны көз алдына елестете алуы үшін жайндар оны сансыз көп идеалдық бірліктерге — прадешаларға бөлінеді деп түсіндіреді. Жайндар шексіз кеңістікті екіге бөледі: көрінетін әлем кеңістігі — «дүние» (лока) және «дүние-емес» (а-лока), соңғысына көрінетін кеңістік пен прадешалардың шексіз саны кіреді.
Зат, жайндардың түсінігінде, ұсақ және бөлінбейтін бөліктер атомдардан тұратын, бірігетін және ыдырайтын, сезілетін, формасы бар, белсенді, әр түрлі қасиеттерге ие, қозғалыста болып отыратын субстанция. Оның алты күйі бар:
стхула-стхула — «өте дөрекі», яғни қатты заттар. стхула — «дөрекі», мысалы, сұйықтар;
стхула — сукшма — «дөрекі-нәзік», мысалы, көлеңкелер және айнадағы бейнелер;
сукшма-стхула — «нәзік-дөрекі» көзге көрінбейтін газдар, иістер; сукшма «нәзік», ешқандай сезім мүшелері қабылдамайтын карма, энергия;
сукшма-сукшма — атом секілді «өте нәзік» зат.
Уақытты субстанңия деп тек қана дигамбаралар мойыңдайды, ол барлық субстанциялардың барлық көріністерінің әлемдік кеңістікте пайда болуының, өмір сүруінің және жойылуының негізі ретінде қарастырылады.
Адам және оның өмірі мәселесін шешуде жайнизм «өмір дегеніміз — азап» ұғымын ұстанады. Азап — карма заңының нәтижесі. Карма заңының мәні мынада: жеке өмір ағынын құрайтын элементтерге бұрынғы элементтер мен адамгершілік сипаты бар істер әсер етеді, адамның жақсы немесе жаман қылығы бүкіл ағында ерте ме, кеш пе, бір салдар туғызады. Жайнизм бұл заңды жеңуге болатынына сенімді, оны жеңетін джина (жын). Өткен өмірдегі жаман істерді адам үш нәрсені орындау — дұрыс сенім, дұрыс таным және дұрыс мінез-құлық арқылы жеңе алады, бірақ адам азаптан толық құтылу үшін жан денеден тәуелсіз, жоғары тұруы керек. Дене құрсауынан шыға алмаған жан құмарлыққа, нәпсіге икем келеді де, бейнет шегеді, тері арқылы жанның ішіне лас заттар ағыны, өтіп, адам моральдық азғындауға ұшырайды.
Моральдік ластанудан, азап-қасірет шегуден азат болу – жайнизм түсінігі бойынша, адам өмірінің мақсаты. Оған жету үшін аталған үш шартты бұлжытпай орындап, өз құмарлықтарын жеңген рухани ұстаздардың басшылығымен таным процесін үнемі жүргізіп отыруға міндетті. Жайндар өмірді аса қатты қадірлегенін айта кету керек, олар тек адам өмірі емес, жалпы өмір атаулының бәрі құнды деп есептеді, жан-жануарлар мен жәндіктердің өміріне де зиян келтірмеуге тырысты. Адал, шыдамды, өзіне талабы қатты, қоршаған дүниеден тәуелсіз, кешірімді, тірі мақұлықтарға мейірімді аскет адам ғана өмірдің мәніне жетеді деп тұжырымдады.
Буддизм — көне Үнді философиясының басты ағымы, буддизм дінінің негізінде дүниеге келген. Негізін қалаушы — біздің дәуірімізге дейінгі 560-480 жылдары Гималайдың бауырындағы Капилавасту мемлекетінде өмір сүрген Сидхартха Готама (философиялық әдебиеттердің көбінде Сидхарта Гаутама деп жазылып жүр). Жас шағында бақытты, төрт құбыласы тең болып өмір сүрген Гаутама өмірдің кәрілік, ауру, өлім секілді жағымсыз құбылыстарымен кездескен соң адамды азап-қасіретке толы мұндай өмірден құтқару керек деп шешті.
Сидхартханың бұл шешімі туралы белгілі қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов өзінің «Будда» еңбегінде жақсы баяндады: «Адам біткен ауырады, қартаяды, өледі. Ендеше несіне бұл адам өмір сүріп жүр? Бір сағатта ауырып қалатын болса, сағат сайын әлі азайып, сиқы бұзылып, қартаятын болса, болжаусыз бір сағатта өліп қалатынын біліп отырғанда не қуаныш, не жұбаныш бола алады. Бұны біле түра қызық көріп қуануға бола ма? Бұл жөн емес, бұдан құтылу керек» («Абай» журналы. 1918 ж., №3).
Азапты өмірден құтылудың екі жолы бар: сыртқы дүниені өзгерту арқылы адамдардың бәріне ортақ утопия құру және өзіндік «Менді» өзгерту, өзгеріске, яғни, ішкі болмыстың қасіретіне ұшырамайтын «ішкі утопияны» құру. Будда екінші, экзистенңиалдық жолды тандап, тақуалық өмір кешуге, адамзаттың рухани ұстазына айналуға бел байлайды. Әкесінің үйінен кетіп, Урувилланың маңындағы-Бодхи ағашының астындағы оңаша жерге орналасқан Сидхартха ханзада жеті күннен соң қасіретті өмірден тазару жолдарын тауып, нұрланады. Азап шегу мен қасіретке толы өмірден құтылудың жолын ол төрт ақиқат арқылы белгілейді:
1. өмір — тынымсыз күрес, азап, бейнет;
2. азап, бейнет нәпсіден, құмарлық-құштарлықтан (өмір сүруге
- құмарлық, рахатқа құмарлық, өлуге құмарлық) туады; азаптың себебі бар. Оны танып-білуге болады;
4. азап пен бейнеттен құтылу жолы сегіз қағидадан тұрады.
Буддизм өмірге құмарлықты Жеңу оңай емес деп түсіндіреді. Ол үшін дұрыс жол таңдап алу қажет, ал оған дұрыс көре білу, дұрыс ой, дұрыс сөз, дұрыс іс-әрекет, дұрыс өмір салты, дұрыс күш-жігер, дұрыс назар, дұрыс көңіл бөлу, секілді адамгершілік принңиптерден тұратын сегіздік жол кіреді. Осы қасиеттерді сақтай отырып өмір сүру арқылы нирванаға, тыныштыққа жетуге болады.
Үнді философиясының басқа бағыттары сияқты буддизм де өлі материяның, органикалық дүниенің және жанды дүние элементтерінің арасында себептілік бар екендігін мойындайды және соңғы себептілікті ерекше бөліп көрсетеді (карма теориясы). Буддистер карманы адамның өмірін ең басты бақылаушы деп есептемегенімен, адамдарды карманың бар екендігін ұмытпауға шақырады, сол арқылы ізгілікке жетелейді. Адамгершіліктік ластану ағынның барлық элементтерін кірлетеді, сондықтан оны бірте-бірте жойып, мүлдем тазару жолымен нирванаға жетуге болады. Нирвана — адамдардың көпшілігі үстіртін түсініп жүргендей жәй ғана рахатқа бөлену емес, зұлымдық пен нәпсіні тыю жолымен жансыз, сезімсіз абсолютке айналу, сананы өшіру, бір сөзбен айтқанда, абсолюттік тыныш күйге жету.
Буддизм нирванаға жетуге көмектесетін белсенді әрекет жасау емес, көп ойлап, пайымдауға негізделген медитаңия – йога деп көрсетеді. Түлға элементтер мен сана ағынынан тұрады, ал элементтердің арасында адамның өз ойларын бір нүктеге жинақтау қабілеті — йога аса құнды. Буддизм бұл қабілет әр адамның бойында бар, мәселе оны дамыта білуде деп есептейді, яғни, көп нәрсе адамның өзіне байланысты. Осы факторды ерекше атап көрсету керек, себебі буддизм адамның жетілуі оның өз қолында, адам бейнет-қасіреттен өз күшімен,. сыртқы күштердің, қоғамның әсерінсіз, өзіндік моральдық және интеллектуальдік жетілудің негізінде құтылуға қабілетті деп пайымдайды.
Нирвана теориясы адам рухының еркіндігінің, оның материалдық дүниеден, қоғамдағы касталарға бөлінуден тәуелсіздігінің жақсы дәлелі. Осы себепті Будда философиясы өзінен кейінгі көптеген философиялық ағымдарға, әсіресе Батыс философиясына қатты әсер етті, ал буддизм діні әлемде қазіргі кезде де кең тарап отыр.
Чарвака-локаята — философиялық әдебиетте Көне Үнді философиясындағы материалистік деп қабылданған бағыт (локаятиктер). «Чарвака-локаята» сөзінің мағынасы белгісіз. Зерттеушілердің бір тобы тарихта Чарвака деген ойшыл болған деп болжамдайды, басқа бір ғалымдар бұл ағымның негізін салушы Брихаспати деп есептейді, ал кейбір ғалымдар чарвака-локаятаның болған-болмағандығы белгісіз деген пікір білдіреді. Бірақ Көне Үнді ескерткіштерінде бұл ағым туралы мәліметтер кездеседі, сондықтан да соңғы болжам негізсіз. Чарвака-локаятаның материалистік сипаты оның таным теориясында айқын көрінеді. Таным-праманың негізі прамана ретінде локаятиктер логиқалық түйін-тұжырымдарды емес, ақиқат екендігі күмән туғызбайтын қабылдауды ғана мойындайды, оның негізі — түйсіктер. Олардың пікірінше, адамдар көбіне ой түйіндеулерге сенеді де, қателеседі, ал оларда ақиқат сирек кездеседі, басқа сенімді адамның пікірі де біз үшін таным негізі бола алмайды.
Чарвака-локаяталар о дүниеге сенбейді, бұ дүние ғана бар және бұ дүниедегі болмыс пен онда өмір сүруші заттар мәңгі және өзгермейтін төрт элементтен: жер, от, су және ауадан тұрады деп есептейді. Сана, ақыл және сезім мүшелерінің негізі де осы элементтер, олар мақұлық дүниеден өткенде ыдырайды. Локаятиктер жанның, Құдайдың бар екендігін терістейді. Олар адам өмірінің мән-мақсаты — осы нақты өмірде рахатқа бөлену, азап- қасіреттен аулақ болуға ұмтылу деп түсінді, яғни чарвака-локаята гедонизм принципін ұстанды.
Көне Үнді философиясының негізгі ұғымдары
Көне Үнді философиясын зерттеуші ғалымдар ежелгі Үнді философиясының терминологиясы шым-шытырық, ұғымдары аударуға қиын, бір ұғымның өзі бірнеше мағынаны береді деп ескертеді және оның себебін Үңді еліндегі ойлау жүйесінің Еуропадағы ойлау жүйесінен мүлдем бөлектігімен, оны белгілі бір логикалық жүйеге келтірудің мүмкін еместігімен түсіндіреді. Шынында да, әр халықтың емір салты, дүние туралы түсінік-ұғымдары, пайымдау тәсілі әр түрлі. Сол себепті бір халықтың ез тілінде қалыптасқан философиялық ұғым-категориясын екінші халықтың тіліне аударып, терең мағынасын жеткізу мүйкін емес. Мысалы, қазақ халқының адам, өмір, қоғам, табиғат туралы тамаша дүниетанымдық ойларын білдіретін ұғымдарды орыс тіліне аударған күнде де олардың өзіндік терең мазмұнын, ұлттық сипатын дәл жеткізуге болмайды.
Дегенмен де, ежелгі Үнді философиясының негізгі ұғымдарының мазмұны туралы жалпы түсінік беріп қарайық.
Архат — «жауды жеңуші» дегенді білдіреді. Архат деп нирванаға жеткен, сананың тыныш ағынын бұзатын құштарлық-құмарлық сезімдерін жеңген адамды атайды.
Атман — бұл ұғымның бірнеше мағынасы бар: «мен», «өзімді», «дене». Бірақ атман ұғымының ең басты мағынасы — индивидуальдік және универсальдік космостық психикалық болмыс ретіндегі «адам». Осы мағынада атман бүкіл бар болып отырғанның генетикалық және субстанңионалдық бастауы, негізі және соңы. Атман рухани және денелік деп бөлінеді, сондай-ақ, ол көбіне ақыл-ойдан, сөз бен тыныстан тұратын рухани бастау ретінде, «брахман» ұғымымен бірдей деңгейде түсініледі.
Брахман — бірнеше мағынаға ие ұғым 1) абыздар кастасының, брахмандардың өкілі; 2) абыз; 3) қасиетті мәтіндер; 4) құдай; 5) субстанция.
Будда — «нұрланған», «оянған». Кең мағынасында — арамдаушы сезімдер мен білместікті жеңу жолдарын көрсеткен және құбылыстардың абсолюттік және салыстырмалы табиғаты туралы білімдерді толық меңгеруге жеткен адам. Тармағынасында — будда дінінің негізін қалаушының аты.
Дхамма (пали тілінде) немесе Дхарма (санскрит тілінде) (dharma) — бірнеше мағынаға ие ұғым. Ең әуелі Будда ілімі, рухани білімнің квинэссенциясы дегенді білдіреді, ар-ұждан, адамгершілік ілімі, әділеттіліқ, міндет, заң, табиғат, діни қағида және тағы басқа ұғымдарды біріктіреді. Төмен Дхарма қарапайым деңгейдегі құбылыстардың әрекетін, ал Жоғары Дхарма болмыс заңдылықтарының асқақ деңгейде әрекет етуін түсіндіреді. Тағы бір мағынасы — болмыстың элементтері. Әлемдік процесс — себептерден туындайтын және өшуге бағыт алған нәзік, өткінші 72 дхарма-элементтердің өзара әсер етуі және оның соңғы нәтижесі — абсолюттік тыныш күйге, сөнуге жету.
Йога — әдетте бұл ұғым индивидтің өзін-өзі физикалық жағынан жетілдіруінің техникасы ретінде түсініледі. Шындығында, йога — терең мәнді философиялық ұғым. Ежелгі үнділіктер тұлғаны (pudgala) жеке элементтерден тұратын рухани бөлік пен атомдардан тұратын физикалық құрылымның бірлігі деп қарастырды. Элементтердің екеуі аса құнды, егер оларды дамытуға қажетті деңгейде назар аударылса, олар индивидті өзгерте алады. Бұл элементтер — бағалык сараптау жасай білу қабілеті және ойларьімызды бір нүктеге жинақтай білу қабілеті. Samadhi немесе уоga деген осы.
Карма — «іс-әрекет». Ең мардымсыз деген іс-әрекеттің өзі бүкіл өмір ағымына әсер етеді де, бұл себеп, — жақын уақытта болсын, не біраз уақыт өткен соң болсын, — міндетті түрде салдар туғызады, ол жақсы немесе жаман болуы мүмкін. Жағымды істердің нәтижесінде бақыт пайда болады, ал жағымсыз істер азап, қасірет әкеледі. Осы адамгершілік заңдылығы карма деп аталады.
Нирвана -«жоғалу», «сөну», Күнделікті өмір — бітпейтін қүйбең тіршілікке, азап-қасіретке толы бақытсыз болмыс, ал нирвана — осы азап-қасірет шегуден, карма заңының негізінде қайта туылудан құтылып, сананың өшуі, болмыстың арамдықтан тазаруы. Адамның бұл күйін сипаттап жеткізу қиын, үнді ойшылдарының өздері нирвананы логикадан және уақыттан тыс деп қарастырады. Әдетте нирвана ұғымын рахат ұғымы арқылы ұғынуға тырысуға болады, бірақ рахат түйсікпен, сезіммен байланысты күй, ал нирвана-абсолютте түйсіктер де, сана да, жігер де жоқ, ол зұлымдық пен құмарлықтардың тынышталуы, сезінбеудің толық дәрежесіне жету.
Сансара — азап-қасіретке толы қайта туылудың, өмір мен өлімнің үздіксіз процесі. Сансараның тамыры — білместікте, сондықтан одан құтылу жолы — нирванаға ену.
Көне Қытай философиясы
Қытай мемлекеті қазіргі уақытта әлемдік деңгейде танымал мемлекеттердің бірі болып отырғаны күмәнсіз. Өзінің экономикалық қуатын, мәдениетін, саяси ықпалын күннен күнге күшейтіп отырған көршіміздің ұлттық болмысын, философиялық дүниетанымын, адамгершіліктік ұстанымдарын танып-білу біз үшін аса маңызды және пайдалы. Әр халықтың ішкі, нағыз мәні оның философиясы арқылы ашылатыны белгілі, сондықтан да көне Қытай философиясымен танысу, оның бастауларына үңілу қазіргі Қытай қоғамын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Қытай философиясы өз бастауын біздің дәуірімізге дейінгі VIII -VI ғасырлардан алып, тарихи даму барысында көптеген философиялық мектептер мен бағыттарды, ғұлама философтарды дүниеге әкелді.
Ежелгі Қытай философиясының ерекшеліктері:
1) Ең басты ерекшелігі — саяси-практикалық сипатының басымдылығы, яғни философиялық ой мемлекет мүддесіне қызмет етті. Бұл ерекшелік сол кездегі Қытай қоғамының әлеуметтік құрылымынан, мемлекеттік саясаттан тікедей туындайды. Көне Қытай-мемлекеті иерархиялық неспотия үстемдік Құрған мемлекет болды. Мемлекет басшысы вая, барлык билік соның қолында, ол әлеуметтік конустың шыңында орналасқан. Одан кейінгі қабаттарда әр түрлі деңгейдегі ақсұйектер: мемлекеттік шенеуніктер — чжухоу, беделді отбасылар — дафу және ши, ең төменде ештеңеге құқы жоқ шужэнь орналасқан. Қатаң тәртіпке, ванға бағыныштылыққа негізделген осындай қоғамның философиясы, әрине, «жоғары» мен «төменнің» арасындағы қатынастарды қалыптастыруға, реттеуге, қатаң ұстауға бағытталды.
2) Осы бірінші ерекшеліктен Қытай философиясының келесі ерекшелігі туындайды: философиялық мектептердің барлығының дерлік қарастырған басты мәселесі — адам, оның бойындағы ізгілік және зұлымдық мәселесі болды. Қытай философиясы адамды Көк пен Жердің арасындағы он мың заттың ең құндысы деп танығанымен, бұл дүние адам үшін жаратылмаған, адам — қарапайым “микрокосм”, Табиғаттың бір бөлшегі ғана, ол космоспен мыңдаған көрінбейтін жіптермен байланысты деп түсіндірді. Яғни, адамның міндеті – осы жіптерді үзбей, жеке белсенділік корсетпей, өзінен жоғарыға, өзінен үлкенге қызмет етіп, табиғат пен өмір ағынына еріп, тыныш өмір сүру, өзінің адамгершілігін жетілдіру жолында тынымсыз еңбектену. Себебі, бұл өмірде ең маңызды нәрсе — жеке адам емес, ол өмір сүріп отырған қоғам, мемлекет, ал жетілген қоғам жетілген адамгершілікке ие адамдардан құрылмақ деп түсіндірілді.
3) Қытай философиясының да бастауы мифология болды деуге болады. Ежелгі мифтердің мазмұнындағы адамның адамгершілік келбетін жетілдіру, адам және қоғамның арасындағы қатынастарды реттеу мәселелеріне басты назар аударылды. Көптеген мифтік ұғымдар Қытай философиясының негізгі философиялық категорияларының қалыптасуына айқындаушы ықпал етті.
4) Натурфилософиялық мәселелер мардымсыздау талқыланды, бұл мәселелерді «инь-ян» мектебі немесе натурфилософтар, моистер және даосизм мектебінің өкілдері ғана қарастырды.
Бірақ табиғи құбылыстарды да Қытай ойшылдары әлеуметтік және адамгершілік құбылыстармен байланысты қарастырды. Дүниенің бес бастауы: су, от, ағаш, металл, жер және табиғаттың бес құбылысы: жаңбыр, күншуақ, ыстық, суық және жел бар деп түсінген және олар халықтың тұрмысына әсер етеді деп пайымдаған философтар олардың себептерін анықтауға тырысты. Бұл түсініктер өздерінің бастауын мифологиялық және діни көзқарастардан алатынын айта кету қажет.
Көне Қытайдың негізгі философиялық ескерткіштері: «И цзйн» — «Өзгерістер кітабы», «Ши цзин» — «Өлеңдер кітабы», «Шу цзин» — «Тарих кітабы».
«И цзин» — «Өзгерістер кітабы» — бүкіл Қытай мәдениетінің қалыптасуына зор әсер еткен, маңызын әлі күнге дейін жоймаған шығарма. Кейбір зерттеушілер оны қасиетті кітап деп атап, Ведалармен, Інжіл, Құранмен бір деңгейге қояды. Ғалымдардың пікірінше, «И цзин» ежелден келе жатқан бал ашу практикасымен байланысты пайда болып, даму барысында философиялық пайымдаудың негізіне айналған. Философиялық ескерткіштердің арасындағы ең көнесі болмаса да, бұл кітап Қытай философиясының бастауы болды деуге болады, бірақ оның түсінуге қиын мәтіндерінің мазмүны әлі күнге дейін толық ашылған жоқ. «И цзин» 64 гексаграммалардан тұрады олардың жүйесі үнемі өзгеріп отыратын дүниенің 64 күйі мен құрылымынан тұратын, Көк — Жер — Адам қатынасын білдіретін ілімді кұрайды ден түсіндіріледі. Шығармада Қытай философиясының негізгі категориялары қалыптасқан, олар арқылы адамның өзін қоршаған ортаға деген қатынасы, кеңістік, уақыт, табиғи қүбылыстар, әлеуметтік өзгерістер туралы түсініктері бейнеленіп, Қытай қоғамының дәстүрлі көзқарастарының теориялық негізі қаланған деуге болады.
«Ши Цзин» — «Өлеңдер кітабы» 305 поэтикалық шығармалардан тұрады. Олардың қай кезеңдерде жазылғанын дәл басып айту қиын, қазіргі заманғы ғалымдар бұл өлендер шамамен біздің дәуірімізге дейінгі XI — VII ғасырларда, Қытайда философиялық мектептер әлі қалыптасып үлгермеген уақытта жазылған, кейінірек Конфуций өлеңдерді іріктеп, өндеп, өзінің философиялық ілімінде қолданған, ал оның шәкірттері Конфуций мектебінің негізгі кітабына айналдырған деген болжам айтады. «Ши цзинді» басқа философиялық мектептер де зерттеді. «Өлеңдер кітабында» Көне Қытай қоғамындағы ван, дафу, чжухоу топтарының өмірі, адамгершілік келбеті, әлеуметтік қызметі жырланады.
«Шу цзин» — «Тарих кітабы» немесе «Қүжаттар кітабы». Кітапты алғаш рет Конфуций құрастырды, кейіннен әр түрлі ойшылдар оны бірнеше рет өңдеді (олардың кейбіреулері кітапқа өз мәтіндерін де қосып, араластырып жіберген), кейбір бөліктері біздің дәуірімізге дейінгі 213 жылы кітаптар өртелген кезде отқа жағылды деген пікірлер бар. Атынан көрініп тұрғандай, кітаптың тарихи мазмұны басым, бірақ философиялық көзқарастар да (әсіресе, Конфуций мектебіне тән) Көп кездеседі. Мәтіндердің басым бөлігінің мазмұны кітаптың өте ерте, көрнекті Қытай философтары дүниеге келместен бұрын пайда болғанын дәлелдейді. Қазір «Шу цзиннің» 55 тарауы бар, олардың арасында 33 тарауының нақты «Шу цзин» кітабының алғашқы нұсқасына жататыны анықталған. Қітапта қарастырылатын негізгі мәселелер: адам және қоғам, адам және табиғат арасындағы үндестік, ата-баба салттары, Көктің адам мен қоғамға айқындаушы әсері және т.б.
Көне Қытай философиясының негізгі мектептері: Конфуций мектебі, даосизм, легизм, моиз, натурфилософия және номиналистер мектебі.
Олардың арасындағы бастысы — Конфуций мектебі болды деуге болады, оның біздің дәуірімізге дейінгі екінші мыңжылдықтан бастап, XX ғасырдың басына дейін Қытай мемлекетінің ресми идеологиясықызметін атқарғаны бұл пікіріміздің дәлелі бола алады.
Көне Қытай философиясының негізгі ұғымдары
Адамды сүю (жэнь) — Конфуций философиясының маңызды категориясы. Ең әуелі әке мен ұлдың, билеуші мен шенеуніктердің, дос адамдардың, аға-інінің арасындағы қарым-қатынастарды бейнелейді, сонан соң ғана жалпы адамдар арасындағы сүйіспеншілікті білдіреді.
Алтын орта (чжун юн) — Конфуций философиясының басты ұғымдарының бірі. Бұл жетілген мораль үлгісі, адам еш нәрседе де шектен шығып кетпеуі керек дегенді білдіреді. Мысалы, тым қызба немесе тым жай болған дұрыс емес, орташа күйді сақтауға ұмтылу керек. Конфуций бұл ұғымды ағашты мысалға ала отырып түсіндіреді. Оның жоғарғы жағында орналасқан жапырақтарға жаңбыр мен күннің әсері тез жетеді, төмендегі жапырақтарға да аса ыңғайлы емес. Ең дұрысы, ортада орналасқан жапырақ болу. Алтын ортаға жету қиын, бірақ оған жеткен адам мәнді өмір сүреді.
Асыл адам, бекзат адам (цзюнь-цзы) — адамгершілігі жоғары, жан-жақты жетілген, «алтын ортаға» жеткен, ізеттілік, шыншылдық, сақтық секілді қасиеттерге ие және басқа адамдардың адамгершіліктік жетілуіне көмектесуші адам. Конфуциийдің пікірінше, мұндай қасиеттерге мемлекетті билеуші, басқарушы адам ие. «Асыл адамдар» көбейген сайын қоғам да жақсара түседі, мемлекетті басқару да жеңілдейді. «Асыл адамдардың» үлгісі зорлық арқылы бағындырудан әлдеқайда бағалы, себебі халықта үрей, қорқыныш емес, өз басшыларына деген сенім пайда болады. Бұл ұғымға қарсы ұғым — «төмен адам» ұғымы.
Дао — Дұрыс жол, космостық және адамгершіліктік заң, Қытай философиясының басты категориясы, ол басқа категориялардың бәрін қамтиды. Дао өзінен өзі дамитын универсумнің жоғарғы принципі, барлық бар нәрселердің алғашқы бастауы, дүниенің генетикалық бірлігі ретінде түсіндіріледі: бәрі одан туындайды және бәрі оған қайта оралады. Сонымен қатар, дао универсалдық заңдылық; Қөктің өзі дао заңдарына бағынады, яғни, адам Жер мен Көк заңдары арқылы дао жолымен жүреді, адамның өмірлік мақсат-міндеті даоны игеру, яғни, дұрыс өмір сүру.
Ди — ағаны сыйлау.
Инь және Ян — этимологиялық мағынасы «төбенің немесе өзен жағасының көлеңкесі мен күнгейі» дегенді білдіреді. Инь мен Ян дүниедегі ретсіздіктерді тәртіпке келтіруші Көк пен Жер күштері ретінде қарастырылады. Олар бір-біріне қарама-қарсы, бірақ олардың үндесіп, бірігуі бар нәрсенің бәрін басқаратын адамды дүниеге әкелді, Инь — дүниенің раңиональдік, “әйелдік” бастауы, Ян — бейсаналық, «ер адамдық» бастауы деп түсініледі. Қытай философиясында Инь мен Янның өзара әсерінен табиғат құбылыстары да, қоғамдағы өзгерістер де туындап отырады деп тұжырымдалады.
Ли — ритуал, салт, этикет.
Сяо — ата-ананы құрметтеу.
Тянься — (орысша «Поднебесная»), «Көкасты», Қытай елінің, мемлекетінің синонимі, қытайлықтар өздерін қазірге дейін осылай атайды. Көк немесе Аспан ұғымы Қытай философиясында жер бетіндегі барлық бар нәрсенің алғашқы негізі және алғашқы себебі, ең құдіретті күш. Адамдардың тағдыры мен өмірін де, мемлекет істері мен табиғат құбылыстарын да анықтаушы және реттеуші Көк, ал мемлекетті билеуші оның жердегі өкілі, сондықтан да әрбір адам Көкке табынуға міндетті.
Ци — этимологиялық мағынасы «пісіп жатқан күріштің буы» дегенді білдіреді, бірнеше мағынаға ие: белгісіз, сапасы жоқ алғашқы зат; дүниеден жоғары космостық субстанңиядан ұшып шығып жатқан нәрсе; алғашқы материалдық-элементтер-денелер, атомдар және т.б. Ци алғашында тұтасып кеткен субстанциялардан тұрды, кейінірек таза мен бұлдырға — Инь мен Янға бөлінді деген түсінік қалыптасқан.
Жалпы алғанда, Қытай философиясының негізгі философиялық категориялары тарихи даму барысында көп өзгеріске ұшырай қойған жоқ, жалпы Қытай қоғамы мен Қытай философиясы секілді салыстырмалы түрде тұрақты, консервативті болды.
Көне Қытай философиясының негізгі өкілдері
Конфуций — Кун-Фу-цзы («Кун Үстаз») – біздің дәуірімізге дейінгі 551-479 жылдары өмір сүрген, көне Қытай философиясының ең көрнекті өкілі, »қызмет етушілер философиясы» деген атауға ие болған философиялық мектептің — Конфуцийшілдіктің негізін қалаушы. Бұл мектеп алғашында жу — «ғалым-интеллектуалдар мектебінің ілімі» деп аталды. Озінің философиялық мектебін Конфуций өмірлік тәжірибе жинақтап, адамға қажетті алты өнерді — салттарды білу, музыканы түсіну, садақ ата-білу, күйме арба айдау, жаза және санай білу істерін меңгерген, әбден кемелденген жасында құрды деп есептеледі. Өзінің қоғамдағы рөлін Конфуций өте қарапайым бағалап, өзін жаңа ілімді жасаушы емес, көне данышпандардың (шэн) «Шу цзин» және «Ши цзин» кітаптарындағы даналығын халыкқа жеткізуші ғанамын деп түсінген.
«Лунь юй» («Әңгімелер мен пікірлер») еңбегі Конфуций туындысы ретінде қабылданады. Оның негізгі мазмұны — мемлекет пен жеке адамды жан-жақты жетілдіру жолдарын көрсету. Конфуцийдің пікірінше, мемлекеттің жақсы болмағы оны құрап отырған адамдарға байланысты, сондықтан да жеке адамның міндеті — мемлекетке, өзіне жоғары тұрған адамға қызмет ету.
Лао-цзы (Ли Дань) — даосизм ілімін қалыптастырушы, біздің дәуірімізге дейінгі VI-V ғасырларда өмір сүрген, кейінірек мифологиялық тұлғаға айналған. Қытай философиясы тарихында алатын орны ерекше. Оның ілімін зерттеушілер Лао-цзы Конфуцийдің замандасы болды, ал оның көзқарастары «Дао дэ цзин»‘ шығармасында жинақталған, бұл шығарманы Лао-цзының шәкірттері жазған болуы да мүмкін деген болжампікірлер айтады. Лао-цзы даоны болмыстың алғашқы себебі, мәңгілік, өзгермейтін бастауы деп түсіндірді. Адам ойлауда да, іс-әрекетінде де осы дао жолын ұстануы, яғни «у -вэймен» айналысуы қажет. «У-вэй» — «тыныш келісу» дегенді білдіреді, кейінірек «әрекетсіздік, ештеңеге араласпау» деген қазіргі мағынасында түсініле бастады.
Мо-цзы (Мо Ди) – моистер мектебінің негізін салушы, біздің дәуірімізге дейінгі 479-400 жылдары өмір сүрген. Конфуций іліміне қарсы Мо-цзы «адамды сүю» идеясын басты деп түсінді; Оның ойынша, елдегі жағымсыз құбылыстардың себебі — адамдардың бірін-бірі жақсы көрмеуі. Адам өзін ғана сүйсе, мұндай эгоизм мемлекетке зұлымдық әкеледі. Ол өз пайдасын ғана ойламай, қоғамдағы басқа адамдардың да қамын ойласа, жеке пайда жалпы пайдаға ұласып, мемлекетте тыныштық орнайды. Мо-цзы елдегі ретсіздіктердің негізі кедейліктен басталады деп есептеп, адамдарды тынымсыз еңбек етуге шақырады, еңбектенген адамның кедей болуы мүмкін еместігін дәлелдеуге тырысады. Оның негізгі тұжырымдары «Мо-цзы» еңбегінде баяндалған.
Мэн-цзы (Мэн Кэ) — Конфуций ілімін жалғастырушы, Қытай тарихшыларының мәліметтері бойынша ол Конфуцийдің немересі Цзы Сыдың шәкірті болған. Өмір сүрген жылдары — біздің дәуірімізге дейінгі 372- 289 жылдар. Конфуций ілімін дамытып қана қоймай, оны тереңдетті және жалпы Қытай философиясыныың дамуына үлкен үлес қосты. Оның ілімінің негізі — төрт адамгершіліктік бастау: адамды сүю, парыз, салттарды орындауға ұмтылу және ақыл-даналыққа ие адам табиғатының мейірімділігі.
Қытай философиясы туралы ойларымызды қорытындыласақ, өзінің маңызын әлі күнге дейін жоймаған, қазіргі заманғы Қытай мемлекетінің қалыптасып-дамуына ерекше әсер еткен, жалпы алғанда мемлекет мүддесін жеке адам мүдесінен жоғары қойып, адамгершілік мәселелерін зерттеген философия болды деуге болады