Қазақша реферат: Көне түрік жазбаларындағы алғы философиялық ойлар туралы қазақша реферат
Қазақтың ата-тегі болып табылатын сақтар, ғұндар, үйсіндердің түп төркіндеріндегі қарама-қайшылықтарға қарамастан көшпенділк әмбебапшылығы басымдылыққа ие болды. Солай бола тұра, жер өңдеушілердің де дүниетанымдық көзқарастары үнемі елеулі ықпалын жүргізіп отырды. Ұлттық сананың өсуі, мәдениеттің қайта өрлеуі 25 ғасырлық тарихы бар халықтың рухани бастауларға көңіл аударуын туындатуы заңды еді. Қазақтың ата-тегінің арғы философиясынан бастап дінге сенімінде, тәңірге табынушылығында және сақтар, ғұндар, үйсіндер мифологиясында алдыңғы орынға философиялық дүниетанымдық мәселе отырықшы тайпалардың тіршілік бағыттарының, жолдарының ара қатысы шығады. Бұл көне түрік жазу мәдениетінің дүниеге келуімен белгілі.
Ашина (көк бөрі) ұрпақтары VІ ғасыр хандықтың басқару жүйесін құқықтық негізде құрды. Өкілетті билік пен заң шығару ісі ақсақалдар алқасының (кейінгі қазақ хандығында – билер алқасы мен хан кеңесі) құзырында болды. Ал хан жарлығы атқарушылық міндеті үлкенді-кішілі лауазымдар иесіне жүктелді. Бұл мансаптар мұрагерлік жолмен хандық билік, әскери демократия арқылы жүзеге асырылған. Халықтық құқықтық санасының әрі мемлекеттік басқару жүйесінің арқауы кең ауқымды жеті баптан тұратын, Тәуке ханның « Жеті жарғысы » деген атқа ие болған ел заңы. VIII ғасыр басында жазылған атылмыш жәдігерліктер типі XIX-XV ғасыларға дейін жеткен. Мұндай жәдігерліктер қатарына «Қорқыт Ата» кітабы мен «Оғызнаманы» да жатқызуға болады. Олардың өзара желілері, баяндау үлгілері, дүниетанымдық арқаулары өте ұқсас.
Бұл аталмыш жәдігерліктердің барлығының да мазмұнын тәңіршілдік көктей өтеді, ол олардың дүниетанымдық өзегі ретінде көрінеді. Мысалы: көне түрлердің космогониялық түсінігін мына сөздерден бағамдауға болады: «Жоғарыда Көк тәңірі, төменде Қара жер жаралған екі арасында кісі оғлы жаралған екен». Олардың үстінен қарайтын «Тәңіріден болған», яғни қоғамдық үстемдікке ие болғандар Бумын, Істемі, Білге қағандар еді. Аспанның, жердің, тау-ойпатының кереғар ұғымдар, диалектикалық қарама-қарсылықтардың бірлігі екндігін көне түріктер үстірт болса да пайымдай алды ма? Әрине, оның үстіне тәңіршілдік, анимизм мен тотемдік көзқарастар үстем болды. Сонысына қарамай Аспан (Көк тәңірі) мен Қара жер (Жер-ана) аралығындағы ғұмыр кешкен адамзаттың екі топқа бөлінуі де адамдардың қарама-қарсы екі жаратушының қайсысына «жақын» екендігі туралы әпсаналармен тығыз байланысты болғандығын көруге болады. Тәңіршілдік көзқарастың танымдық тірегі — тәңірінің жасампаздық құдіретіне деген халықтық сенім. Түркілердің танымдық қабілеті, жеңіске жетуі табғачқа (қарақытай) бағынғаны үшін жазалануы да тәңірінің мейіріміне немесе қаһарына ұшырағандықтың жемісі. Көрнекілік үшін мысал келтіретін болса, дана қарт Тоныкөк өзінің біліктілігін тәңірдің сыйы ретінде қабылдайды, ол білімді табғач елінде алған. Әрине, өзінің табиғи қабілетінің арқасында. Өзінің даналығын дәріптеу мақсатында қайталанып отыратын «қағаны алып екен, ақылшысы дана екен» деген сөз тіркесін жауларының аузына салып отыратындығы Тоныкөктің мақтаныш сезімінің айғағы болса керек. Орхон-Енесей жазбалары «Қорқыт Ата» кітабы, Оғызнама жәдігерліктерінде тотемдік, аналистік көзқарастар сілемдері сақталғанымен, мифтік ойлаудың ықпалы азая бастағаны байқалады. Оны оқиғалар желісінің реалистік, тарихи шындыққа біршама жанасымды тұрғыда баяндалатынынан-ақ пайымдауға болады. Қазақстан аймағында алғашқы адамдар тас дәуірінен бастап еңбек құралын сапасына қарай таңдады, осыдан сезімді, мәнді әрекет процессі басталды. Қола дәуірі жалпы тұрғыдан бақташылықтың пайда болуымен, яғни қоғамдағы алғашқы ең үлкен ебек бөлінісімен белгілі. Бұл материалдық мәдениеттің дамуына, өркендеуіне қуатты қозғаушы күш береді. Сапа санаты қасиет ұғымына алып келді. Ол пәннің басқа заттар мен шындыққа деген қатынасынан туындайды. Ғұндардың өзі заттар мен тіршілік иелеріне сапа тұрғысынан қарады. Тайпа көсемін оның сапалық қасиеттерін салмақтай отырып сайлады. Оның қасиеттері неғұрлым күштілігімен, айлалы көрегендігімен бағаланды. Жастар мен мықтылары сыйлы, ал кәрілері мен әлсіздері керісінше болды. Мұндай теңсіздік сапалардың сандық өлшеуішінің қажеттілігін туғызды. Мысалы: «Үйсіндерде жылқы көп, ең бай адам 4-5-мың жылқы иеленеді!?!! Демек малшылықтың дамуы сандық айқындылықты дүниеге әкелді. Санның онтопологиялық мінездемесі -кеңістік пен уақыт. Қазақтың ата тегінің еңбек әрекетімен, сан мың шақырымдық көш жолдарының белгілі бір күн мен айға байланысты басып өтілуін белгілеумен кеңістік ұғымы басталды. Кеңістік бет-бағдары ежелгі қазақтар есігінің шығысқа бағытталуымен ерекшелінеді. Ғұндар жайлы былай делінген: «Шаньюй ертемен қосынан күнге табыну үшін, кешке қарай айға табыну үшін шығады». Ғұндардан қалған бұл дәстүр түріктерге ауысты. Бұл ғұндардың алғашқы түріктер екендігі жайлы болжамды қуаттайды. Киіз үйлерінің есігі әрқашан оңтүстікке ашылған Монғолиядан айырмашылығы осында. Таным бағдарында шығысты құрмет тұтушылық көне тас балбалдардан көрінеді. Тіптен, көне түрік тілінде Шығыс алдыңғы жоқ, батыс (кейінгі) арқа бет, ал оңтүстік-оң, солт-сол жақ болып саналады. Күлтегін ескерткішінде былай делінеді: «Ілгері-күншығыс, оңға-түстік, кейін-батыс, солға терістік». Бұл кеңістік орналасуының қатаң тәртібін бекітті. Жалпы, адамзат өркениеттегі әйгілі мәдени ошақтардың ұдайы көшпелілер мекені мен жапсар өңірлерінде дүниеге келіп отырғаны кездейсоқтық емес. Әлемдік діндердің бастау тегіне Тәңірлік діннің өзекті қағидалары арқау болған. Тәңірлік дін уақыт пен кеңістікті игеруге талпынған, қоршаған ортамен тіл табысуға ұмтылған адам баласының алғашқы таным түсінігі еді. Тәңірлік дін көшпелілердің өмір сүруінің кепілі болып, өмір салтына айналды. Қазақатр күні бүгінге дейін таңның атуы мен күннің батуына дейінгі уақытты 5-ке бөледі: таң, сәске, түс, екінді, ақшам. А.Тарақтының материалдарында көрсетілгендей, қазақтар әрбір маусымды өз ішінде 3-ке бөледі: қоңыр күз, сары ала күз, қара күз немесе қыстың басы. Осынау өмір салтының өзегінен бір жылды 12-айға бөлетін таным-түсінінікті бастау тегі аңғарылды. Көшпелілер мәдениеті өзінің 3-мың жылдық ғұмырында Жерорта теңізі мен Қиыр шығыс елдеріне қарағанда шығармышылық эволюцияны бастан өткерді.
Қазақ философиясының және дүниетанымының қалыптасуына мифологиялық (қиял-ғажайып) ертегілері, хайуанаттар (жан-жануар) жайындағы ертегілер; реалистік (тұрмыс салт) ертегілерінің де үлкен әсері болды. Бұл ертегілер өте ерте заманда адамның табиғат сырын әлі толық түсініп болмаған кездерде туған. Қазақ аңыз, ертегілерінің ой туғызар дүниетанымдық тұстары олардың адамды бірінші орынға қоя білуінде. Мысалы: патриархат дәуірінде адамды ең басты киелі күш деп ұғынуы үстем болған. Табиғаттың тілсіз күштерін мифтік ойлаумен образдап, соған адам әрекеттін қарсы қоятын қиял-ғажайып аңыз-ертегілері осы ізде туған. Көшпенділердің аңыздарының бір ерекшелігі оның жалпы халықтық мазмұндылығында ақиқат болған-ды. Қазақ аңыздарында көшпелі елдің төл ерекшелігі, белгілері бірден байқалады. Себебі олар тұрмыс-салтымыздың, болмысымыздың негізінде туған аңыздар. Осындай дала аңыздары ішінде халық арасында Қорқыт, Асан қайғы туралы толып жатқан аңыздар бар. Бұл тараған аңыздар Қорқыт асқан күйші, қобызшы болғандығын айта келіп, табиғаттың дүлей күшіне қарсы күрескен, өліммен алысқан алып жанды танытады. Қорқыт халық ұғымынша, болашақты көре білетін, өлімді өнермен жеңуге ұмтылған алып философ, ұлы қобызшы. Жалпы айтар болсақ, көне шығыс пен алғы түркі мәдениетінен нәр алған қазақ аңыз ертегілерінің көшпелілер рухани болмысымен біте қайнасқан ауыз әдебиеті, фольклор, эпостық жырлар, сал серілер, ақын жыраулар шығармашылығы, халық даналығының қазақ философиясының қайнар көз, алғы бастауы болды деп айта аламыз.
Экономикалық, мәдени және рухани даму барысында ғұндар, үйсіндер және қоңлылардың дүниетанымдық түсініктерінің өзара байланысы нығая түсті. Олар алғашқыда әр алуан еді. Өйткені ғұндар «таза» егіншілік, ал үйсіндер – жартылай көшпелі мал шаруашылығын жүргізіп отырған. Бүкіл Евразия даласын өткен Ұлы Жібек жолы көшпелілер мен егіншілер арасындағы экономикалық байланыстардың қаншалықты жемісті болғанын көрсетеді. М.С. Орынбеков пайымдағандай, «мемлекеттілігі әлсіз болған сайын табиғи ортаның этникалық қауымдастыққа зор ықпал ететіні белгілі». Әлемді сезіну айқындала түсті. Дүниетаным шарттылығы шынайы, айқын болды. Табиғат қалтқысыз өзіндік табиғи тәртіпке бағынған, ал адам табиғаттың бір бөлігі және төл баласы ғана болып қалды. Әйтпесе де, адамзаттың даму эволюциясына байланысты, еңбектің қолданбалық және жаңғыртушылық қызметін түсінушілік пайда болды. Осы процесс нәтижесінде табиғи ортаны адам қажетіне бейімдеу және оның артынша өңдеу іске асады. Егіншілік, аңдарды қолға үйретуге, жабайы жылқыны қолға үйрету — жалпы малшылық және көшпелі өмір басталды. Бұл өз заманындағы үлкен бір құбылыс болды.
Табиғи ортаны өңдеудің туындауы философиялық көзқараста адамның айқын мақсатты қызметінің, мақсат белгілеу факторының пайда болуын көрсетеді. Мұның өзі, адамның табиғаттан бөлініп, дербес тіршілік иесі болып қалыптасуының алғы шарты еді. Тұтас, бірақ қарама-қайшылықты процессте оның әр қилы табиғи заңдылық және адамдардың мақсаты қызметі ретінде көрінеді. Енді ол «табиғат бөлшегі» емес, оның әміршісі, өңдеушісі дәрежесіне ұмтылуымен қаббатаса дамиды.
Қ.Ш.Бейсеновтің зерттеулеріне сүйенер болсақ, қауымдық сана қоршаған ортаның ерекшеліктеріне, қауымдық болмыстық тіршілік тынысына байланысты дамып отырды. Табиғатты игеру барысында адамдардың практикалық іс-әрекеттерін бейнелейтін алуан түрлі дәстүрлі әдет-ғұрыптар, қарапайым түсініктер пайда бола бастады. Олардың бәрі қауымдық өмірдің күнделікті тәжірибесін жинақтаудың, танымның, көбінесе сезімдік сатысына тән нәтижелерін қорытудың негізінде дүниеге келді. Қауымдық болмыстың бейнесі-қауымдық сананың негізгі өзекті мазмұнын құрайтын, жеке адамдардың, яғни қауым мүшелерінің мінез-құлқын қалыптастыруға ықпал жасайтын, реттеушілік атқаратын ой кешу үрдістерінің жиынтығы танымдық тәжірибесі мол, көргені мен көңіліне түйгені көп ру ақсақалдарының құзырында болды. Жазу-сызудың жоқ кезінде ру көсемдерінің ұрпақтан-ұрпаққа ұласқан тәжірибені зердесіне сақтаған әрі күнделікті өмір сүру процессінің қарапайым қағидаларын тұжырымдап отыруы сол заманға тән заңдылық болатын. Өмірдің сан алуан салаларындағы соғысқа, шаруашылыққа, тұрмысқа қатысты мәселелерді шешу ақсақалдар кеңесінің үлесінде еді. Олардың шешімдері барлық қауымдастар үшін жазылмаған заң, ал оларды орындамаған адамға қолданылатын ең ауыр жаза қауымнан аластау болатын. Қауымнан тыс қалу жеке адам үшін өлім жазасына кесумен бірдей еді, себебі ол заманның жағдайында жалпы адам өз алдына дербес тіршілік ете алмайтын. Қауымдастықтың өзі саналылықтың нәтижесінде емес, ғұмыр кешудің жандалбаса стихиялық ұмтылсы, жан сақтаудың табиғи түйсікке негізделген мүдделеріне сәйкес қалыптасқан. Осы рулық тайпалық қауымдастыққа тән ұжымдық сипаттағы ой кешудің үрдестері жеке адамдардың санасы мен мінез құлқының, іс-әрекеттерінің құдіретіне табынатын қасиет сайын даланың перзенттері қазақтарға тән еді. Қазақтың болмыс шындығына, бақыланушы және қабылданушы әлемге жақындығы, бұл болмысқа етенелігі уақытты, кеңістікті адамның ішкі әлемін, тіршіліктің басқа әлемін, болмыс мәнін, ар-ұждан бастауларынан түсінулерінен көрініс тапты. Мұның барлығы дүниенің негізгі шындық-түптамырға ие, осыдан келіп басқа ешбір әлем түсінігіне ұқсамайтын әлемнің ұлттық образы, дүниетанымы туындайды деген қағидға келіп саяды.
Қазақ топырағында қалыптасқан философиялық ойлардың құрамдас бөлігі ретінде, осыдан 2,5 мың жыл шамасында бұрын өмір сүріп, грек философиясында скифтердің ой-үрдістерінен өшпес із қадырған скифтік Анахарсисті (Анарыс) айтуға болады. Ол туралы грек философы Платон былай дейді: «Анахарсис – аты ауызға айналған скиф. Грецияға саяхат жасағанда Солонмен кездесіп, оның ықпалында болып, данышпандылығынмен атағы-шыққан».
Диоген Лаэртскийдің грек философиясының тарихына арналған кітабында Анарыс жайлы жеке бөлім бар. Онда ұлы бабамыздың Грецияға келіп, император Солонмен кедескені, өмір тарихы және философиялық нақылдары туралы мәліметтер келтірілген.
Біздің жыл санауымыздың бірінші ғасырында өмір сүріп, ел басқарған атақты Майқа би бабамыз Анарыстың өсиеттері деп ел билеудің жолдарын айтып отырады екен. «Ең ғақылды адам – ел билеуден аулақ адам» депті.
Майқы бидің айтуынша, латыншалап кеткен Анахарсис скфиский дегеніміз осы Анарыс бабамыз. Бұл туралы Ғ.Есімовтың дәлелдемелері көңілге қонарлық. «Біріншіден – дейді ол, Майқы бабамыздың айтуынша Анарыс ел билеу жолдарын айтқан ғұлама. Анахарсис Сақ патшасы Кадуйдің інісі. Ол Афиныдағы Солонмен достасып, онда бірнеше жыл өмір сүрген. Солон Афинский – ел басқару жүйесінде реформа жасаған әйгілі саясаткер. Сондықтан Анарыстың ел билеу туралы айтқандары болуы өте орынды. Екіншіден, Анарыстың өлі көп пе, тірі көп пе? – деген сұраққа кері жауп бергені философия тарихынан белгілі.
Д.Паэртскийдің аталған кітабында ол туралы былай делінеді: «На вопрос кого больше, живых или мертвых, он переспросил: «а кем считать плывущих»». Анарыс айтты деген сөзбен Анахарсистің айтқаны дәлме-дәл келіп отыр. Бұл екеуінің бір адам екенінің тағы бір дәлелі. Үшіншіден, Майқы Анарысты қайдан біледі? – деген ой келеді, Анахарсис біздің дәуірімізге дейінгі VІ ғасырда өмір сүрген. Майқы би біздің дәуірімізге дейінгі І ғасыр басында дүние кешкен. Араларында 600 жыл тарихи уақыт. Бұл мерзімде әлі Анахарсис есімі ел жадында сақталған, ұмытылмаған. Төртіншіден, Анарысты Майқының бабам дейтіні – үйсіндердің сақ тайпаларынан таралғанына тағы бір дәлел болса керек. Үйсіндер туралы Геродот тарихында айтылған. Анахарсисті де тарихқа түсірген көне авторлардың бірі Геродот, ал Майқы би оның тарихын білмеді деуге негіз жоқ.
Аты ауызға айналған дала данышпанының, Анарыстың нақты өмірбаян туралы деректер сақталмаған. Тек Диогеннің мәлметтері бойынша, ол шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 594 жылы «архонт Эвкраттың тұсындағы 47 Олимпиада өтіп жатқан сәтте Афиныға келген». Осы күннен бастап Солонды үйіне іздеп келіп, өмір бойы дос болып өтіпті. Геродоттың айтуы бойынша, «Анахарсис – скиф патшасы Спаргапиптің шөбересі, Пиктің немересі, Гнурдың баласы. Ол сондай-ақ Анахарсистің ата-тегін, есімін, Грекияға қалай келгенін де айтып өтеді. Геродот Анахарсисті Қара теңіздің солтүстік жағалауындағы скиф тайпаларынан шыққан, жастайынан өмір-білімге құмар, Элладаның тілін үйреніп өсен, әскери өнерден де тағылым алған, скифтердің әдет-ғұрпын өте жетік білген, дүниенің сырын білмекке ұмтылған атақты адам» — деп жазды.
Көптеген жазбаларда сақ – скиф философы Анахарсисті көне дүниенің «жеті ғұламасымен» байланысты сөз етеді. Анахарсис туралы пікір айтқан философтар біршама, солардың арасында Секст Эмперик анахарсисті « жеті ғұламаның » бірі деп санайды.
Плутархтың пікірінше, Милет мектебінің негізін салушы, гректің бірінші философы Фалестің Анахарсис туралы пікірі өте жоғары болғанын ескерсек, скифтік Анахарсистің көне заман философиясы тарихында, мәдениетінде еңбегі зор болған.
Ол Солон өлгеннен кейін, өз туған еліне Скифияға қайта оралып, өзінің алған білімін, тәлім-тәрбиесін, заң ережелерін өз елінде қолдануға әрекет жасайды. Анахарсис елді жаңа құрылыс орнатпақ болып, заң жүйелерін өзгертуге ұмтылған. Геродоттың түсіндіріуі бойынша, басқа халықтар сияқты скифтер де өзге елдің салт-дәстүріне, оның ішінде, әсіресе, элладалықтардың ғұрпына сескене қараған. Сондықтан да, Анахарсистің реформаторлық идеясы, озық ойын іске аспай, туысы Савилийдің қанды жебесінен қазаға ұшырайды. Соңғы демі үзілерде ол: «Эллада жерінде ақылым мені қорғап еді, ал өз еліме кеп, мен қызғаншақтықтың құрбаны болдым» депті (Плутарх).
Грекиядағы Анахарсиске қойылған мүсін бар. Онда: «Басқа пәле тілден» деген қанатты сөз қашап жазылған. Ұлы бабамыздың кезінде гректің атақты «жеті ғұламасының» тобына кіргенін ескерсек, оның философиялық ойларының терең де салиқалылығын, аумақтылығын зерттеу болашақтың ісі екендігіне көз жеткіземіз.