Қазақша реферат: III—VIII ғасырлардағы Африка елдері |

0






Африка елдері туралы араб жаулап алушылықтарынан бұрынғы жазба деректер бізге жеткен жоқ. Сол себепті де біз олар туралы жергілікті араб авторларының, сондай-ақ қытай саяхатшыларының шығармалары арқылы пайымдай аламыз. Сондай шығармалардың бірі — «Го Ди Чжи» деген 642 ж. жазылған қытай оқымыстыларының шығармасы. Ол «барлық жердің сипаттамасы» дегенді білдіреді. Бұл шығарма Мəскеуден 1978 ж. шыққан «Китайские источники ранее XI века» деген жинақта келтірілген. Келесі бір Африка халықтарының ерте орта ғасырлардағы өмірі туралы құнды дерек — ал-Иакубидің (897 ж. өлген) «Тарих» деген шығармасы. Армениядан шыққан араб географы, тарихшысы араб халифтеріне қызмет еткен. Өз шығармасында ол көптеген халықтар туралы, оның ішінде африка халықтары туралы құнды мəліметтер келтірген. Оның еңбегі Мəскеу мен Ленинградтан 1960 ж. шыққан «Арабские источники VII—X вв.» деген кітапта жарияланған.

Бұл шығармалар Сахарадан оңтүстікке қарай орналасқан Африка аудандарының даму қарқыны бірдей болмағандығын көрсетеді. Орта ғасырлардың бас кезінде бір халықтарда таптық қатынастар қалыптасып, мемлектеттік бірлестіктері құрылса, енді бір халықтары алғашқы қауымдық құрылыста өмір сүріп жатты. Сондықтан Сахараның оңтүстігіндегі Африка аумағында қоғамдық қатынастары мен экономикалық өмірінің дамуы жағынан ұқсас ірі аудандарды бөліп қарастыруға болады. Ол аудандарға Батыс Судан, Шығыс Африка, Батыс Тропикалық Африка мен Оңтүстік Африка жатады. Тропикалық Африка халықтарының көпшілігі ежелден егіншілікпен айналысты. Тек берберлер мен оңтүстік Сахараның туарегтері, фульбе /Батыс Африка/, масаилар, галлалар /Шығыс Африка/ сияқты біраз көшпелі халықтар мал шаруашылығымен айналысты. Табиғи жағдайдың ерекшеліктері, əсіресе жердің құнарлылығы, тек өсірілетін дақылдар түріне ғана емес, егіншілік құралжабдықтарының түріне де əсер етті. Тропикалық Африканың топырағында құнар өте аз, оның жоғарғы беті ғана құнарлы. Оны терең жырту пайдасыз. Терең жыртқанда құнарлы топырақ желге ұшады. Сондықтан бұл жердегі халық ұшына темірден жасалған тіс орнатылған кетпенді /мотыга/ пайдаланып келді. Оның бірнеше түрі болады. Африкаға тəн дақылдар негізінен сорго, тары жəне күріш болды. Сондай-ақ бұршақтың бірнеше түрлері: сиыр бұршағы, жер бұршағы /земляные бобы/ — өсірілді. Май алынатын өсімдіктерден — кунжут /сезам/, кокос пальмасы өсірілді. Кең тараған техникалық дақылдар: мақта /хлопчатник/, индиго /бұршақ тұқымдас/, қант тростнигі болды. Огородтық дақылдар да, əсіресе тамыржемістілер көптеп өсірілді. Қолөнері қоғамдық өндірістің маңызды бөлігін құрады. Əр қауымда ерекше əлеуметтік жағдайдағы қолөнершілер топтары болды. Олардың қатарына темір ұсталары, гончарлар, тері өңдеушілер мен тоқымашыларды жатқызуға болады. Қауым қажетті қолөнер бұйымдарымен өзін-өзі қамтамасыз ететін. Қолөнердің маңызды салалары металл өңдеу, ауылша-руашылығы құрал-жабдықтарын жəне қару-жарақ жасау, тоқыма жəне гончарлық іс болды. Африкалықтар металл өңдеудің ерекше тəсілін пайдаланды. Темір мен мыстан гөрі алтын аз өндірілді. Қауымдық шаруалар барлық африкалық қоғамдардың негізгі өндіргіш күші болды. Африкада жер иесінен алынбайтын. Бағындырылған жердің адамдары сол өз иеліктерінде қала беретін де, тек салық төлеумен шектелетін.








Солтүстік-Шығыс Африка. Алғашқы мемлекеттер құрылған солтүстік-шығыс Африка халықтарының дамуына араб мəдениеті зор ықпал етті. Африка халықтарының оңтүстік Аравиямен алғашқы қатынасы біздің заманымызға дейінгі I мың жылдықта болған. Сол кезде Қызыл теңіздің Африка жағалауында оңтүстік Аравия көпестерінің некен-саяқ тірек мекендері пайда болды. Кейінірек оңтүстік Аравия мəдениетінің ықпалына шалынған өзіндік өркениет материктің терең ортасында да қалыптасты. Біздің заманымыздың басында Африканың Қызыл теңіз жағалауындағы халықтарының өз бетімен дамуы басталды. II—III ғасырларда орталығы Аксумда /Эфиопияның солтүстігінде қазір де сондай қала бар/ болған саяси бірлестік қалыптасты. Оның экономикалық жəне саяси маңызы бірте-бірте арта түсті: қоғамдық жəне экономикалық өмірдің негізін ерікті шаруалар құрады. Əр қауымда ең алғашқы қоныстанған ру үстем болды. Бұл қауымдар тек туысқан адамдардан ғана құрылған жоқ. Қауымда жерге жəне еңбек өнімдеріне ұжымдық меншік сақталды. Қауым мүшелері біреуі үшін бəрі жауапты болатын. Жерге мемлекеттік меншік те орнай бастады. Аксумның үкімет басшылары мен ақсүйектерінің де жеке меншік жерлері қалыптасты, шіркеу мен мешіттердің, монастырлардың жер иеліктері кеңейе берді. Бұл жерлердің бəрін қауымдық шаруалар өңдеді. Ерікті шаруалар қауымдары үкіметке азық-түлік алым-салығын төлеп, қолөнері бұйымдарының белгілі мөлшерін беруге тиіс болды. Сондай-ақ олар құрылыс жұмыстарына қатысуға міндетті болды. Суландыру жүйесі мұнда Египеттегідей орасан зор болмағанымен, едəуір үлкен еді. XX ғасырға дейін байламалар мен каналдардың, шіркеулер мен сарай кешендерінің қалдықтары сақталған. Аксумда құлдар да болды. Бірақ ол басты экономикалық күш болған жоқ. Аксум үкіметінің əскери жорықтарының басты мақсаты — тұтқындар алу болған жоқ. Батысындағы, шығысындағы көршілерімен соғыста қолға түскен тұтқын құлдар Египет пен Византияға сатылатын. Елдің ішіндегі құлдар еңбегі шектеулі болды. Құлдар елдің ішінде үй малайлары, сарай маңындағы қолөнершілері ретінде пайдаланылды. Қоғамның үстемдік етуші бөлігі табысты негізінен Аксумиттік қауымдарды қанаудан емес, бағындырылған, басып алынған жерлерді тонаудан, ол жерлерден алым-салық жинаудан табатын. Алым-салық жинау жазалау экспедициясына ұқсайтын. Оны үкімет мүшесі басқарған əскери жасақ жинайтын. Бұл жасақ жүретін жолдың бойына салық жиналатын пункттер орналасатын. Жергілікті патшасымақтар мен наместниктер жиналған салықты сол пункттерге əкелетін. Аксум билеушілері алым-салық төлеуші тəуелді вассалдарының қатарын көбейтуге тырысатын. Аксумның шаруашылығы натуралды болды, яғни əрбір қауым өз қажетін өзі өтеп отыратын. Сауда сырт елдерге бағытталды. Сыртқа шығарылатын тауарлар түрі сыртқы рынок сұранысына байланысты болды. Ол көптеген ғасырлар бойы өзгеріссіз қала берді. Сыртқа пілдің сүйегі, мүйізтұмсықтың мүйізі, гипопотамның терісі, тірі аңдар, құлдар шығарылатын. Сырттан мата, киім, қант, иіс сулар, шыныдан, қасиетті металдан, темірден жасалған бұйымдар əкелінді. Үкіметтің кейбір тауарларға /алтын мен піл сүйегіне/ монополиясы, сауда салығын жинау билеуші топқа көп табыс түсіріп тұратын.





.

Аксум өзінің құрылған күнінен бастап Египеттен Аравияға шыққан сауда кемелерін Қызыл теңіз қарақшыларынан қорғауды қолға алды. Бұл Аксум үшін экономикалық пайда келтіріп, аймақтың саяси өміріндегі оның беделін өсірді. III ғасырдың аяғында Аксум өз монетасын шығара бастады. Бұл монеталар алтын, күміс, мыстан жасалды. Бұл Аксумның экономикалық жағынан ғана емес, саяси ұйымдық жағынан да жоғары дəрежеде дамығандығын көрсетеді. Өйткені ол кезде алтын монетаны екі елдің бірі емес, ірі державалар ғана жасайтын. Аксумның ерте орта ғасырлардағы əскери жəне саяси күші сонау Көк Нілге /Батысындағы/ дейінгі жердің көрші халықтарын бағындырып алып, оларға алым-салық төлеуге мүмкіндік берді. Аксумдықтар Аравияға да жорық жасап, Қызыл теңіздің екі жағына да өз бақылауларын орната алды. Бірнеше ғасырлар бойы Оңтүстік Аравиямен қатынас Аксум патшаларының сыртқы саясатының маңызды бағытының бірі болып қала берді. Тағы бір бағыты Нубиямен жəне Египеттің шекаралас облыстарымен қатынас болды. Аксумның маңызды одақтасы көп жылдар бойы Рим — Византия империясы болып қала берді. Аксум тек солтүстік пен шығыстағы жақын көршілерімен ғана емес, сондай-ақ алыстағы Индиямен де қатынас жасап тұрды. Мемлекет өз дамуының ең жоғарғы сатысына IV ғасырдың бірінші жартысында, Эзананың патшалығы кезінде көтерілді. Əскери жорықтарындағы жолы болушылық, табыстары оның мынадай сөздерді тасқа қашатып жаздыруына себеп болды: «Менің ашық та, жасырын да /құпия/ дұшпаным жоқ. Менің бағыныштыларымның арасында да дұшпаным жоқ». Осы кезден бастап жоғары мəртебелі «негустэ негэст» — патшалар патшасы деп аталып кетті.

Аксумның қоғамдық өміріндегі маңызды оқиға — оның IV ғасырда христиан дінін қабылдауы болды. Бұған дейін аксумиттер политеистер еді. Христиан дінін қабылдаудың саяси жəне экономикалық астары болды. Бұл дін Аксумды солтүстіктегі көршісі Шығыс Рим империясымен жақындастырды. Жаңа дінге ену қысқа мерзімді шұғыл процесс болған жоқ, ол бірте-бірте жүзеге асырылды. Ең алғашқы христиан қауымы Аксумның астанасында пайда болды. Ол христиан дініндегі Рим азаматтарын /шетелдік көпестері көп болатын/ біріктірді. Сонан соң олардың қызметкерлері мен құлдары тартылды. Кейін — ерікті аксумиттер де кіре бастады. Қауым мүшелері — көпестердің арқасында христиандар кедейлерге материалдық көмек көрсетіп, тегін тамақтанулар ұйымдастырып отырды. Мұндай шаралар христиан дініне жаңа адамдар тартуға мүмкіндік ашты.





.

Христиан дінінің тарай бастауы, Аксум мен басқа қалаларда жаңа қауымдар мен храмдардың пайда болуы пұтқа табынушылықтың біржолата жеңіліп, жойылғандығы емес еді. Тіпті Эзананың өзі де христиан дінін қабылдамады. Бірақ қоғамның билеуші топтары жаңа дінге қолдаушылық көрсетті. Христиан діні Аксумда 452 жылғы Халкедон соборынан кейін үстемдік ете бастады деген жорамал айтылады. V—VI ғасырларда Аксум қуатты, гүлденген мемлекет болып қала берді. Кейінгі Византия — Иран бақталастығы оның Оңтүстік Аравиядағы ықпалын əлсіретті. Аксум Қызыл теңіздің шығысындағы иеліктерінен айырылды, теңіз сауда жолын бақылау мүмкіндігін жоғалтты. Сөйтіп, экономикалық пайдасынан айырылды. Сыртқы күрделі саяси жағдайға ішкі қиыншылықтар да қосылды, орталық өкіметтің əлсіреуі шет аймақтардың тəуелсіздігін күшейтті. VII ғасырға қарай Аксум өзінше жеке мемлекет болуын тоқтатты. Кейін, мемлекеттің орталығы оңтүстікке қарай ауысқан кезде бұл қала мəртебелі тақсырлардың салтанатты тəж киетін орнына айналды.






.

V—IX ғасырлардағы Нубия. Қазіргі Судан республикасының аумағында Ақ Ніл мен Көк Нілдің қосылған жерінде, ежелгі гректер Нубия деп, ал египеттіктер Куш деп атаған ауданда ертеденақ егіншілікпен айналысатын өркениет қалыптасты. Бұл жерде V—VII ғасырларда бұрынғы Мероэ мемлекетінің орнында бірнеше саяси бірлестіктер құрылды. Бұл ұсақ мемлекеттердің дамуы аймақ халықтарының рухани жəне мəдени өміріндегі маңызды өзгерістерге байланысты болды: V—VI ғасырларда мұнда политеизмнің /көп құдайлық/ орнына христиан діні орнады.

Нубияның солтүстіктегі көршісі Египетті 618—628 жж. Сасанидтер, кейінірек — Араб халифаты басып алды. Бастысы Мукурра болған христиандық мемлекеттер араб отрядтарымен күресте өз тəуелсіздіктерін сақтап қала алды. 642 жылғы шарт бойынша бұл елдер Египетке шабуыл жасамауға, мұсылмандардың сауда керуендеріне кедергі келтірмеуге, арабтарға адамдар мен ат көліктерін беріп отыруға міндеттенді /адамдар дегені — əскери тұтқындар мен қылмыскерлер болатын/. Мұндай міндетті орындау үшін кейде ерікті қауым мүшелерін де зорлықпен арабтарға беріп отыруға тура келді. Сонымен қатар, 642 жылғы шарт Мукурраға солтүстіктен бидай, қарабидай, бұршақ, шарап, киім, кілем алып тұруды қамтамасыз етті. Бұл азық-түлік, киім мен бұйымдар абыздар мен чиновниктер, əскерилер арасында бөлінетін. Сөйтіп, олардың байи түсуіне көмектесетін. VII ғасырда Нубияның солтүстік облыстарына арабтар қоныстана бастады. Барлық сыртқы жəне ішкі сауда шетелдік көпестердің, ең алдымен араб көпестерінің қолына түсті. Нубия мемлекеттерінен алтын, піл сүйегі, мүйізтұмсықтың мүйізі, жабайы аңдар мен олардың терілері, құлдар, ағаштың құнды түрлері, емдік шөптер мен смола шетке шығарылды. Ауыл шаруашылығы өнімдері де шығарылды: мақта, астық, жылқы, түйе. Нубияға əкелінетін өнімдердің негізін араб қолөнершілерінің бұйымдары құрайтын. Есеп ажырасу құралы алтын мен мата болды. IX ғасырдың басында Мукурра мен оның шығыстағы көршісі Аксумның арасында соғыс басталды. Солтүстікте араб көпестері мен өсімқорлар шаруашылыққа қолайлы жерлерге орналасып алып, позицияларын нығайтты. 833 ж. халиф аль-Мутасим шарт орындалмаған жылдар үшін тұтқын құлдар жіберуді талап етіп, Мукуррадан Египетке баратын жолды жауып қойды. 836 ж. Мукурра елшілігі Иракқа келіп, бұрынғы қарыздардың бəрін жою /кешіру/ жөнінде келісім жасады. Бірақ ол кешірім Мукурраның құлдырауын тоқтата алмады. Мукурра арабтардың Нубиялықтар жеріне қоныс аударуына қарсы тұра алмады.

Аксумның жəне христиандық Нубияның мəдениеті. Ерте орта ғасырлық Африка қоғамының тарихи дамуында өзіне тəн ерекшеліктері де болды. Мысалы, Конго мен Анголадан басқа, Сахараның оңтүстігінде орналасқан облыстар өздерінің табиғи 100 101 ерекшеліктеріне байланысты темір өңдеуге өте ерте көшті. «Қола ғасыры» деген кезең африкандық қоғамға қатысты болмады. Солтүстік-Шығыс Африка халықтарының Эллин əлемімен сауда жəне саяси байланысы тығыз болды. Сол себепті бұл аймақта грек тілі мен мəдениеті тарады. «Эритрей теңізінің периплі» деген шығарманың авторы III ғасырдағы жергілікті бір ел басшысы туралы: «Дүниеқоңыздығы болмаса, эллин ғылымынан жақсы хабардар»,— /жақсы біледі/ деп жазды. Аксумның IV ғасырдағы мəдени өміріндегі маңызды оқиға – жергілікті жердің жазуына жасалған реформа болды. Сол қайта құрудан кейінгі қабылданған жазу қазіргіге дейін қолданылып жүр. Бұл реформа мəдениеттің дамуының жəне жазудың қолданылу өрісінің өсу нəтижесі болды. Шет жерден келген монотеистік /бір құдайға табынушылық/ діннің тарауына байланысты қасиетті сөздерді аудару қажеттігі жазу реформасын талап етті. III—VI ғасырлардағы монументальды /өте зор, əсерлі, зəулім/ құрылыс дамыды. Сарай кешендері, обелискілер мен қабырлар / гробницы/, ал кейінірек — христиан храмдары мен кесене салуда өзіндік архитектуралық стиль қалыптасты. Негізінен монолитті тас блоктары пайдаланылды. Олар бір-біріне жапсырылатын. Құрылыстар ағаштан да салынатын. Сыртқа шығып тұратын ағаш балкалардың ұшы жұмырланатын да, маймылдың басына ұқсап, құрылысқа ерекше сəн беріп тұратын. Өкінішке орай, біздің заманымызға дейін сақталмаған əдемі колонналар /ағаштан, тастан жасалған жұмыр немесе 4 бұрышты/ мен мүсіндер — сарайлар мен үйлерді көріктендіріп тұратын. VI ғасырда өмір сүрген Византия авторы Козьма Индикоплов аксумиттік патшаның 4 мұнаралық сарайын суреттей отырып, онда жалғыз мүйізділердің қола мүсіні болғандығын жазған. Алғаш Аксум қала қабырғалары дегенді білген жоқ. Ең алғашқы қорған ретіндегі қабырға V ғасырда пайда болды. Ол қаланың собор орналасқан орталығын қоршап тұрды. Алғашқы аксумдық храмдар пұтқа табынушылық храмдары болды. Кейін олардың кейбіреулері христиан храмдарына айналды. VII—VIII ғасырларда шет аймақтарында христиан шіркеулері мен монастырлары пайда болды. Олардың құрылысы көптеген ғасырлардан кейін де таңдандыратын. Сондай шіркеулер туралы 1502 жылы португалдық Альвареш тамсана жазды. Аксумиттер мəдениетінің дамуына олардың алыс шетелдерге сапарлары да ықпал етті. Олардың бір-біріне байлап қойылған тақтайлардан жасалған қайықтары өте қарапайым болғанымен, Цейлонға, Индияға дейін барып келе алатын. Аксумдық кезде əдебиет те дамыды. Бұл кезде гыэз тіліне христиандардың басты кітабы — Библия аударылды. Кейінірек христологиялық трактаттар, апокалиптикалық еңбектер, канондық құқ жөніндегі шығармалар да сол тілге аударылды. Нубиялық мəдениеттің дамуына христиан мəдениеті зор ықпал етті. Нубидегі шіркеулік архитектура Аксум храмдарының үлгісінде дамыды. Сақталған фрескалардың фрагменттері копттық жəне византиялық ықпалдың үстем болғанын дəлелдейді. Грек, копт, араб тілдері жергілікті тілмен қатар қолданылды. X—XI ғасырларда шіркеу тілі — грек тілі болып қала берді. Сонымен қатар, христиан дінінің қағидалары нуби тілінде де уағыздала бастады. Нуби əдебиетінде жергілікті тілдің əріптері грек, копт жəне мероит / Судандағы/ тілі Египет əріптерімен ұласып жатты.









Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!