Қазақша реферат: ХVІ—ХVІІ ғасырлардағы Осман империясы |

0






ХVІ ғасырдың қарсаңында Осман империясы өзінің қол астына Балқан түбегін түгелдей дерлік бағындырды. Енді түрік сұлтандары 1501 ж. Əзербайжанда бұрынғы Ақ Қойлылар мемлекетінің орнында құрылған Сефевилер мемлекетімен күресе бастады. Шешуші шайқас 1514 ж. тамыз айында Шалдырған жазығында (Маку қаласының маңында) болды. Осман түріктерінің əскері жеңіске жетті, Тавризды басып алды. Сұлтан Селим І Исмаил Шахтың қазынасын, бала- шағасын Стамбулға алып кетті. Сондай-ақ Тавризден 700 ұста- шеберлердің отбасы да Стамбулға көшірілді. 1515 жылғы бітім шарты бойынша Туркияға Батыс Армения Эрзерум қаласымен, Ирактың Мосул қаласына дейінгі солтүстігі қосып алынды. Арменияның жартысы, Күрдістан, Ирактың көп жері жəне Əзербайжан сефевилер мемлекеті құрамында қалды. Туркия мен сефевилер мемлекеті арасындағы Закавказье үшін күрес 1555 жылға дейін толастамады. Бұл күрес суннит түріктердің шиит қызыл бастарға қарсы күресі ретінде жүрді.

Арабтармен күрес. Түріктер ХVІ ғасырда көптеген араб елдерін басып алды. Ең алдымен /1516—1517 жж./ сұлтан І Сəлимнің кезінде бостандығынан құрамында Ливан мен Палестина бар Сирия жəне Египет айырылды. Түрік үстемдігіне дейін онда мамлюктердің əскери-феодалдық кастасы билік құрды, оны мамлюк сұлтаны басқаратын. Мамлюктер астанасы Каир болды. 1515—1517 жылдары түрік сұлтаны І Сəлимнің əскері Сирия мен Египетті басып алды. Түрік армиясы оқ-дəрімен атылатын қару- жарақпен қаруланған еді. Мамлюктер қылыш, найза, садақпен ғана қаруланған болатын. Түрік зеңбіректерінің гүрсіліне шыдай алмай, кейін қарай жосылған мамлюктердің сұлтаны аттан құлап өлді. Түріктер Сирияның астанасына жақындай бергенде жергілікті халық мамлюктерге қарсы көтеріліске шықты. Түрік сұлтаны І – Сəлим Дамаскке салтанатты түрде келіп кірді. Ал Палестина қала- лары түріктерге қарсылықсыз-ақ беріліп отырды. Тек Египетте мам- люктер түріктерге айтарлықтай қарсыласып бақты. Кансу Гураның орнын басқан мамлюктердің жаңа басшысы Тұманбей əскери бекініс тұрғызуға бұйрық берді. Ол Венециядан 80 зеңбірек сатып алып, Каирдың шет жағасына орналастырды. Бірақ зеңбіректерді іске асы- ратын мамандар болмағандықтан пайдалана алмады. 1517 жылдың басында І-Сəлим бастаған түрік армиясы Каирды басып алды. Туман-бейді Египет бедуиндері Сəлимге ұстап берді. Ол Каирде дарға асылды. Египеттен кейін түріктер Хиджазды / Батыс Аравия / басып алды. Мұсылмандар үшін бұл ең «қасиетті ел» болып саналды. Жыл сайын Мекке мен Мəдинаға Шығыстың көптеген елдерінен миллиондаған адамдар қажылыққа барып тұрды. Бұл ел егінді Египеттен алып тұратын. І – Сəлим Египетті жеңгеннен кейін Меккедегі Кааба храмының кілтін алды. Енді ол өз лауазымына «қос қасиетті қаланың қызметкері» деген атақты қосып алды.





.

ХVІ-ғасырда түрік мемлекетінің əскери-феодалдық құры- лысы өзінің дамуының ең жоғарғы дəрежесіне жетті. Осман империясындағы қалыптасқан əлеуметтік тəртіптер І-Сүлеймен сұлтанның /1520—1566/ тұсындағы арнаулы заң актілерімен бекітіл- ді. І-Сүлеймен Кануни деген атақ алған. Ол «заң шығарғыш» деген сөз. Заң жинағы «Канун-намэ» деп аталды. Бұл заң бойынша шаруа- лар феодалдың рұқсатынсыз кете алмайтын болды, яғни шаруалар жерге түпкілікті бекітілді. Кедейленген шаруалардың қалаға кетіп, қолөнерімен, тағы басқа іспен айналысуына рұқсат етілмеді. Əрине, бұл шара қала мен оның экономикасының дамуына зиян келтірді. Сүлейменнің заңдары орталық өкіметті нығайтуға бағытталды. Енді жер үлесін бөлу жергілікті əкімшілік емес, сұлтанның өз қолына көшті. Заң бойынша янычарлар саны 20 мыңға жетті. Янычарлар ортаға / ротаға / бөлінді. Олардың қару-жарағы жетілдірілді, 300 зеңбірек, 200 кемелік флот ұстауға мүмкіндігі болды. Түрік қоғамы негізгі 4 сословиеден тұрды: 1) оқымыстылар, ру- хани феодалдар (үлемдер); 2) əскери феодалдар; 3) көпестер мен қала тұрғындары; 4) шаруалар (райлар-табындар). Қала тұрғындары мен шаруалардың құқықтары шектеулі болды.





.

Антифеодалдық қозғалыстар. ХVІ ғасырдың басында Кіші Азияның шығысында шаруалар көтерілісі болды. Оның көсемі өзін Шах-құлы деп /Исмаил шахтың/ атады. Сөйтіп, ол өзін шииттік бағытты жақтаушы екенін білдірді. Оны сунниттік бағыттағы түріктер Шайтан құлы деп атады. Түрік əскері көтерілісшілерді Сивас қаласының оңтүстігінде талқандады. Аман қалған көтерілісшілер Əзербайжанға қашты. Шарулардың жаңа көтерілістері Токата мен Амасья аудандарында өріс алды. Оны Нұралы деген шаруа басқарды, ал ол өлген соң Жəлел басқарды. 1519 жылы оның отрядтары Анкара маңында талқандалды. 1525 жылы Баба-Зуннун басқарған көтеріліс болды. Көтерілісшілер Сивас қаласының маңында талқандалды. 1526 жылы Малатья ау- данында көтеріліс болды. Көтерілісті шиит бағытын ұстанушы Календершах басқарды. Ол көтеріліс те жеңіліске ұшырады. Осман империясының сыртқы саясаты бай Закавказье жерлерін бағындыруды көздеді. Бірақ түрік-османдардың бұл арманын жүзеге асыруға Сефевилер кедергі келтірді. 1525 жылы Турция Алжирды басып алды. 1524 жылдан 1533 жылға дейін Турция Габсбургтер империясымен соғыс жүргізді. Ол соғыс Венгрияны жаулап алумен аяқталды. Шешуші шайқас 1526 жылы Дунайдағы Мохач қаласының маңында болды. Венгр, чех əскерлерін талқандап, түріктер Буда жəне Пешті алды. Трансильван воеводасы Иоанн Запольені Венгрияның королі етіп тағайындады да, оны өзінің вассалы деп жариялады. 1529 жылы түріктер Венаны біраз уақыт қоршап, ала алмай кейін қайтты. 1547 жылғы келісім бойынша Венгрияны Австрия мен Туркия бөліп алды. Трансильвания /Румынияның солтүстігі/ Тур- ция вассалына айналды. Закавказьедегі соғыс əрекеттерін Туркия 1533—1538, 1547—1555, 1578—1588 жылдары жалғастырды. Осман империясы мен Сефевилер державасы арасындағы 1555 ж. Амасьеде жасалған бітім шарты бойынша Батыс Армения /Ван көлінің бассейні/, Батыс Грузия Туркия қарамағына көшті. Ал Шығыс Армения мен Шығыс Грузия — Иран мемлекетінің қол астына кірді. Түріктер Арменияны күрдтердің билеп-төстеуіне берді. Арменияның үстем таптары азаттық күресінде үміттерін Батыс Еуропа елдеріне, əсіресе Венеция көпестеріне артты. Əрине, Венеция тек армяндардың бостандығы туралы емес, өзінің саудадағы үстемдігін ойлады. Закавказье халықтары үшін, əсіресе 1578—1588 жылдардағы иран-түрік соғысы өте ауыр болды. Түріктер Грузияға басып кіріп, Тбилисиді басып алды. Түрік əскерлері Арменияға кіріп, Ереванды талқандады. Ганжа мен Ширванды басып алып, Дербентке дейін жетті. 1578 ж. Карабах пен Оңтүстік Əзербайжанды да қол астына қаратты. 1578 жылы Қырым татарларының көмегімен Шемаха, Баку қалаларын, келесі — 1579 жылы — Тебризді басып алды.








1578 жылы Грузияның басып алынған жерлерін Гурджистан уалаятына айналдырды. Ал ислам дінін қабылдаған грузин бай- феодалдарының мал-мүліктері аман қалды. 1595 ж. Гурджистанда ең алғашқы адам санағы жүргізілді. Бұл санақ бойынша жыл сай- ын түрік қазынасына 9,5 млн. сом салықтан жиналатын ақша түсіп тұратын болды. 1590 жылғы Иранмен жасалған бітім бойынша Бүкіл Закавказье Туркияның қол астына көшті.

ХVІ ғасырдағы Түркия мен Еуропа державалары. 1535 жылғы капитуляция. Австрия мен Испанияны билеп отырған Габсбургтер əулетімен жүргізілген күрес Түркияны Франциямен одақтасуға итермеледі. Франция мен Турция Габсбургтерді Солтүстік Италиядан қуып шығу үшін күресті. Франция Жер Орта теңізіне өту үшін, Турция Венеция мен Генуяны əлсірету үшін күресті. Ал бұл екеуі Габсбургтер империясы мен оның одақтасы Рим папасының қолдауына сүйенді. Түркия француз көпестеріне өте көп жеңілдіктер жасады. 1535 жылғы франко-түрік келісімі «бірінші капитуляция» деген атпен əлемге əйгілі болды. Мұнда көрсетілген жеңілдіктер Түркия тарапынан бұрын Венеция мен Генуяға жасалған болатын. Бірақ француз көпестеріне берілген артықшылықтар бара-бара бүкіл фран- цуз ұлтына тарады. Бұл артықшылықтар үшін Түркия ақы алған жоқ, бірақ қашан тоқтатам десе өз еркі болды. Француз көпестері Түркиядағы қылмыстық жаза қолданатын тəртіп бұзғандығы үшін сотқа тек өз елінде ғана тартылатын болды, яғни түрік соттары француз көпестерін жазалай алмайтын болды.

1580 жылы Англия өзінің Левант сауда компаниясын ұйымдастыруға Түркиядан рұқсат алды. Бұл компания шығыс елдеріне еніп, олардан шикізат алып отыру үшін керек еді. Осы кез- ден бастап Франция мен Англия көпестері арасында Таяу Шығыста бəсекелестік туды. Кейін бұл екі мемлекет Осман империясындағы экономикалық жəне саяси үстемдік үшін ашық күрес жолына түсті. ХVІ ғасырдағы Түркияның Англиямен, Франциямен келісімдері Турцияны соңғы екі мемлекеттің сыртқы саясатына тəуелді етті, елдің экономикалық жағдайын нашарлатты.

ХVІ ғасырдағы Түркия мен Россия. Бұл екеуінің арасындағы ең бірінші байланыстар ХV ғасырдың аяғында Түркияның қалауы бойынша орнатылды. Россияға жіберілген ең бірінші Түрік елшілігін польша-литва үкіметі ұстап алып жібермей қойған болатын. 1497 жылы Түркияға М. Плещеев аттандырған орыс елшілігі келді. Ол түрік үкіметінің алдына Азов пен Кафа /Феодосия/ қалаларынан Қара теңізге шығатын сауда жолдары туралы мəселе қойды. Екі жылдан соң Түркияға тағы бір елшілік аттанды. Сұлтан орыстарға достық өмір сүруге, Түрік жерлерінде орыс көпестерінің саудасына ыңғайлы жағдай туғызуға уəде берді. Ол кезде Түркия да, Россия да ешқандай саяси немесе аумақтық мəселелер көтерген жоқ. Бұл мəселелер ХVІ ғасырдың басынан орын ала бастады. 1514 жылы түрік сұлтаны сауда мəселелерімен қатар Мəскеуде тұтқында отырған Қырым Ханы Абдуллатифты қайтаруды талап етті. Бұл та- лап орындалмаған соң түріктер орыстардың ноғайлардағы елшісі Семен Мальцевті тұтқынға алды. Орыс казактарының басқыншылығы, олардың Түркия ше- карасына жақын жерге қоныстануы, қамалдар тұрғызуы, орыс- тардың түркі тілдес Астрахань, Қазан хандықтарын басып алуы, Кабарда халқын езгіге салуы /1557/ — осының бəрі 1569 жылғы І-орыс – түрік соғысының себебі болды.

Түріктің 60 мыңдық əскері 1569 ж. жазда /шілде — тамыз/ Астраханьға /15 қыркүйек/ сəтсіз шабуыл жасап, кейін қайтуға мəжбүр болды. Кавказдағы түркі тілдес халықтар бірауыздылық танытпады, түріктерге көмек, қолдау көрсетпеді. Бұл кезде Ливон соғысында есі шығып жатқан орыстарды түріктердің жеңуіне, əри- не, болатын еді. ІV Иван түріктердің Астраханьнан кейін қайтқа- нына қуана-қуана дереу келіссөз жүргізуге елшілер жіберді. Түріктер Астраханьның Россияға қосылғандығын мойындауға мəжбүр болды. Бірақ Астрахань арқылы мұсылмандардың қажылыққа ба- рып тұратын жол ашуды, орыстардың Теректегі қамалын жоюды, Солтүстік Кавказға орыстардың жақындамауын талап етті.

1569 жылғы жеңілістің кінəсін сұлтан Қырым ханы Дəулет- керейге артты. Ол Қырымға шетелдіктердің шабуыл жасауынан қорқып, сұлтанның Астрахань түбінде қыстау керек деген бұйрығын орындамай, əскерін алып кеткен болатын. Дəулеткерей өз кінəсін жуып-шаю үшін 1571 жылы Мəскеуді талқандап қайтты. Бірақ уақыт өтіп кетті. Келесі, 1572 жылы Қырым ханының орыстардан тас-талқаны шығуы түріктерді онан əрі əлсірете түсті.

1568 жылғы Австрия мен Түркия арасындағы Венгрия үшін қақтығыс бейбіт бітім шартымен аяқталды. Австрия Венгрияның біраз бөлігін алып қалды, бірақ сұлтанға жыл сайын 30 мың дукат салықты сыйлық ретінде төлеп тұратын болды. Австрия сондай- ақ Валахия, Молдавия, Трансильванияның Түркияға вассалдық тəуелсіздігін мойындады. 1570—73 — жылдары Түркия Кипр ара- лы үшін Венециямен соғысты. Соғыстың басында Түркия Кипрдің басым көпшілігін, астанасы Никозияны басып алды. Бірақ Жерорта теңізіндегі саудада үлкен маңызы бар Кипрдің тəуелсіздігін сақтап қалу үшін Венеция, Австрия, Испания, Генуя, тағы басқа мемлекет- тер Түркияға қарсы одаққа бірікті.

Шешуші шайқас 1571 жылғы 7 қазанда Лепанто қаласында / Патраикос шығанағында/ болды. Одақтастар жағынан 207 гале- ра, 6 галеас қатысты. Оны Испания королі ІІ-Филипптің інісі Хуан Австрийский басқарса, түріктердің 210 галерасы мен 66 галио- тын Али-паша Муэдинзаде басқарды. Түрік флоты бұл шайқаста талқандалды: 224 кемесінен айырылды. Оның 117-ін одақтастар қолға түсірді. Одақтастар 15 галерасынан айрылды. Бірақ бұл шайқас соғыс барысына əсер ете алмады. Одақтастар арасындағы алауыздықты түріктер орынды пайдалана білді. Олар тез жаңа флот құрып, соғысты табысты аяқтап шықты. 1573 жылғы бейбіт бітімі бойынша Венеция Кипрді Туркияға беріп тынды. ХVІ ғасырдың екінші жартысындағы соғыстар Түркияны айтарлықтай əлсіретіп тастады.

ХVІ ғасырдың аяғынан бастап османдардың жаулап алуы аяқталды. Олжаның түсуі тоқтағаннан кейін сұлтан қазынасы- ның табысы кеміп кетті. Салықтар мен міндеткерліктер өсті. Əскери-феодалдар əскердегі қызметі үшін алған иеліктерін өзінің жеке меншігіне айналдыра бастады. Олардың көпшілігі жорыққа қатысудан жалтарды. Армияның саны кеміді. Сөйтіп, ХVІ ғасырдың аяғынан Осман империясының құлдырауы басталды. ХVІІ ғасырдың бірінші жартысындағы көтерілістер. 1595 жылы көтеріліс Ирактың солтүстігі мен Сирияда болды. Бұл антифеодалдық қозғалыс еді. Көтерілісті Урфа қаласынан шыққан ағайынды Абдалхалим мен Дели-Хасан басқарды. Көтерілісшілер 1600 жылы Кайсери маңында сұлтан əскерін талқандады. 1601 жылы көтерілістер сəтсіздікке ұшырады. Қара-Язшы деп аталып кеткен Абдалхалим тауға барып паналап, 1602 жылы сонда өлді. Көтерілісшілерді Дели-Хасан басқарды. Ол 30 мың қолмен Токатты басып алды. Сұлтан Дели-Хасанды Боснияға патша етіп қоямын деп алдады. 1605 жылы Дели-Хасан өлтірілді. Көтеріліс жеңілді. 1610 жылы Əзербайжан мен Сирияда шиіт туының астындағы көтеріліс болып, жеңіліспен аяқталды.






.

ХVІІ — ғасырдың екінші жартысындағы Түркияның соғыстары. Түркияның ХVІІ ғасырдың басындағы əлсіреуін Иран шахы І-Аббас пайдаланып қалды. Ол 1606—1607 жылда- ры түріктерден Баку, Дербент, Шамаха, Ганжа, Ереванды алып қойды. 1613 жылғы бітім бойынша Түркия Иранға Əзербайжан- ды, Шығыс Грузияны, Солтүстік Арменияны, Луристанды /Батыс Иран/, Күрдістанның біраз бөлігін беруге мəжбүр болды. 1622 жылы Эрзерум /Солтүстік Шығыс Түркия/, Бағдад пашалықтары империядан бөлініп шықты. 1623 жылы Иракты, оның астана- сы Бағдатпен қоса, Иран басып алды. Бірақ 1639 жылы түріктер ауыр шайқастан соң Иракты өздеріне қайтарып алды. 1639 жылғы Иранмен жасалған бітім бойынша Түркия Батыс Грузиямен Батыс Арменияға, Күрдістанның біраз бөлігіне ие болды. 1620 жылы Түркия Польшамен соғысып, Цецора маңында жеңіске жетті. Ал 1621 жылы түріктер Украинаға басып кірді. Бірақ Хотиндегі шайқаста олар жеңілді. Бірақ Польша мен Украинаға ша- буылын тоқтатқан жоқ. Түркияның Польшамен бітімдерінде /1621, 1630, 1640/ Украина мəселесі өте маңызды орын алып отырды. Түріктер Запорожье казактарының Дон казактарымен бірлесіп Қара теңіздегі қарақ- шылығын, түрік қалаларын /Синоп, Трапезунд жəне басқа/ то- наушылығын тоқтатуды талап етті. Бұл талаптары орындалмаған соң түріктер Украинаға бірнеше рет соққы жауап берді. 1654 жылы Украина Россияға қосылған соң Россия Түркияға соғыс ашты. Бірақ көп ұзамай орыстар бұл соғысты тоқтатып, қаруын Польшаға қарай бұрды. 1637 жылы түріктер Азовтың солтүстік жағын Ираннан тартып алып, қоныс тепті. 1642 жылы орыстардың казак басқыншыларын талқандап, Азовта түпкілікті бекінді. ХVІІ ғасырдың екінші жарты- сына қарай Түркия құрлықта 250 мыңдық, теңізде 50 мыңдық əскер ұстады.

ХVІ—ХVІІ — ғасырлардағы Осман империясының қол астындағы Араб елдері. ХVІ—ХVІІ — ғасырларда Осман империясының қол астындағы араб елдері өзінің тəуелсіздігі үшін күресті. ХVІ ғасырдың аяғында Ливанды эмир ІІ-Фахреддин басқарды. Алғашқы кезде ол сұлтан қазынасына тиісті салықты уақтылы жəне толық жинап беріп отырды. Сұлтанның сенімі мен қолдауына ие болған Фахреддин өзінің иелігін бірте-бірте кеңейте берді. Оның жалдамалы отряды болды. Бұл отряд қарулы күштердің негізі еді. Олардың құрамында 40 мың жауынгер болды. Иелік жерінің көлемі кеңіген сайын Фахреддиннің қазынасы байып, қуаты арта түсті. Бірте-бірте Фахреддин өз еркімен шет ел- дермен байланыс орната бастады. Мысалы, Флоренциямен сауда келісімін жасады. Мұндай өзін-өзі билейтін тəуелсіз мемлекеттің құрыла бастауы түріктерге ұнамады. 1609 жылы Дамасскі пашасы етіп түрік үкіметі Ахмед Хафизді тағайындады. Фахреддин əскері жаңа пашаға қарсы тұрды. 1618 жылы ливандықтардың 100 мыңдық əскері Антиохиядан Сафадқа дейінгі аралықтағы түрік билігін жой- ды. 5 жылдан соң Дамасск пашасының əскері жеңілді. Фахреддин мұнан кейін Палестинаны Ливанға қосып алды. Бірақ, 1633 ж. түріктер ақыры Фахреддинді жеңіп, оның өзін тұтқынға алып, өлтірді. Ливанда түріктер билігі толық қалпына келтірілді. Жоғарыда айтылды: І-Селим /1515—1520/ сұлтанның тұсында, дəлірек айтсақ — 1517 жылы Египет Осман империясының қол астына кірді деп. 2—3 жылдан кейін мұнда түріктер билігіне қарсы бас көтерулер басталды. Ол наразылықтарды басу үшін түрік сұлтаны Сүлейман Эль-Кануни 1525 жылы өзінің жақын досы Ибрагим-пашаны Египетке жіберді. Ол келе салып əскер күшімен қатаң тəртіп орнатты. Египеттіктер үшін «Кануннамэ — мысыр» деген заңдар жинағы жасалды. Ол заңдар жергілікті феодалдардың артықшылығын, шаруалардың міндеткерлігін анықтады. Египетті 1—3 жыл аралығында қайта тағайындалып отыратын түрік пашасы басқаратын болды. Ол пашаның қолшоқпары янычарлар мен мам- люктерден құрылған ұлан болды. Каир пашасының ең басты міндеті — Стамбулдағы сұлтанның қазынасына египет жұртшылығынан түсетін салықты уақтылы жіберіп отыру болды. Жердің бəрі мемлекеттің меншігі болып табыл- ды. Мемлекеттікі деген — сұлтандыкі деген … Сұлтанның египеттегі өкілі — пашадан жер алып, пайдаланып отырғандар мультазимдер деп аталды. Мультазимдердің міндеті — қол астындағы феллахтар- дан салық жинап, пашаға тапсырып отыру болды. Мультазимдер өздері емес, деревня старосталары арқылы жинады. Салық тек ақшалай емес, заттай да жиналды. Египет жылына 600 мың пиастр төлеуі керек болды. Салық уақтылы жиналмаса паша мультазимді иелігінен айыруға хақылы болды. Мультазимнің иеліктері мұра ретінде беріле алатын болды. Түрік үкіметі салық жинауға мұқият көңіл бөле отырып, шаруашылықты жетілдіруге мəн бермеді. Түрік рыноктарында тек шет елдік тауарлар ғана сатылды. Осының бəрі Осман империясы- ның ХVІ ғасырдың аяғында құлдырай бастауына себеп болды.

Мəдениеттің дамуы. ХVІ—ХVІІ ғасырларда Түркияда мəде- ниеттің кейбір салалары айтарлықтай дамыды. Ғылым саласында ауыз толтырарлық жетістіктер болмағанымен поэзия, тарихнама жəне сəулет өнері (архитектура) едəуір табыстарға ие болды. Шығыстың көптеген халықтарындағыдай, түріктерде де өлең, аңыз-ертектер, дастандар кең тарады. Оларды көшелер мен алаңдарда меддахтар айтатын. Түрік поэзиясының атасы Али-Ашық — паша (1522 жылы өлген) болып табылады. Оның атақты «Ғарибнаме» де- ген еңбегі өлең-сөзбен жазылған. Ол философиялық мəселелерге арналған. Кітаптың бір тарауы 7 планета, 7 металл, 7 күш туралы (жер, мəдениет, адам, жан, сана, сүю, құдай) баяндайды. Олар бір- біріне пайдалы ықпал етеді делінген. ХVІ ғасырдағы поэзияның ең көрнекті өкілінің бірі Махмуд Абдулбахы /1600 жылы өлді/ болды. Оны халық түрік лирикасының сұлтаны деп атады. ХVІІ ғасырдың басында поэзияның жаңа саласы /жанр/ — өте өткір саяси сатира кең тарады. Оның көрнекті өкілдері Вейси /1628 жылы өлді/ мен Нефи /1635 жылы өлді/ болды. Вейси «Стамбулға өсиет наз», Нефи «Тағдыр оқтары» /«Стрелы судьбы»/ деген жəне басқа шығармаларында мемлекет қайраткерлерінің күнəлəрі мен кемшіліктерін, елдің ауыр əлеуметтік-экономикалық жағдайын сықақпен күлкі-мазақ етті. Байрам паша деген уəзірді мазақтап жазған сатирасы үшін Нефиді сұлтан ІV – Мұраттың бұйрығы бойынша тұншықтырып өлтірді. Тарихнама айтарлықтай дамып, жетілді. Тарихи еңбек- тердің негізгі саласы жылнамалар (хроника) болды. Көрнекті жылнамашының бірі Қажы-Кəлпе /1658 жылы өлген/ болды. Өзінің «Фезлике» /«əр нəрсе туралы»/ деген еңбегінде ол 1591—1654 жыл- дары түрік тарихындағы уақиғаларды баяндайды. Тарихтың ащы сабақтары, Осман империясының құлдырау себептерін көрсететін шығармалар өмірге келді. Бұл бағытта ең бірінші көзге түскен тарихшы-ойшыл Көшібай болды. Ол өз шығармаларын сұлтан ІV Мұратқа, кейін, ол өлген соң Ибрагим сұлтанға көрсеткен, баяндаған. Тарихи-географиялық шығармалардың ішінде, əсіресе Эвлий Челебидің /1611—1679/ «Саяхат-намэ» деген еңбегінің маңызы зор болды. Архитектура саласында біраз жетістіктер болды. Ірі феодал- мырзалар үй-жайларын, сарайларын елден ерекше, əдемі де үлкен етіп салуға тырысты. Əсіресе көрікті мешіттер салуға көп көңіл бөлінді. ХVІ ғасырдың көрнекті түрік архитекторының бірі Синан бол- ды. Ол 80-ге жуық мешіт тұрғызды. Ең бастылары Стамбулдағы «Сүлеймение», Эдирнедегі «Селимийе». Бұл мешіттерде адамдардың, жануарлардың суреті жоқ. Бірақ мешіттердің өрнек-оюлары өте тамаша салынған. Өсімдіктер суретімен қатар мешіттердің безендірулерінде құран сөздері де пайдаланылған.









Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!