Қазақша реферат: Еліміздегі ең ірі коммерциялық банктердің бірі Халық Банкі

0
5

Халық Банкінің тарихы — бұл Қазақстан аумағындағы жинақ жүйесінің құрылу және даму тарихы. «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамының негізі қайта құрылған Қазақстан Республикасы Жинақ банкінің базасында қаланған.
     Еліміздегі алғашқы жинақ кассасы сонау 1923 жылы, төңкеріс жылдарынан кейінгі жаңа экономикалық қарым-қатынастар қалыптаса бастаған кезеңде, Ақтөбе қаласында ашылған болатын, кейіннен ұжымдандыру (коллективтендіру) және индустрияландыру науқандары жүргізілген тұста, 1936 жылы, Алматы қаласында КСРО Жинақ банкінің филиалы ашылды. Ақтөбедегі жинақ кассасы ашылғаннан кейін небәрі 4 жылдың ішінде республикадағы мұндай кассалар саны 335-ке жетті. 1929 жылы Республикалық жинақ кассасы құрылып, ол Қазақстандағы барлық кассалар қызметіне жалпы басшылықты іске асырды. Касса салымшыларының қатарына жұмысшыларды, қызметкерлер мен колхозшыларды неғұрлым көбірек тарту мақсатында жинақ кассаларын тікелей зауыт-фабрикалардың өзінен, колхоз-совхоздарда, байланыс мекемелері мен кәсіпорындардан ашу қолға алынды.
Социалистік қоғамда қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық және қаржылық қатынастардың өзі әрбір кеңестік азаматтың Жинақ банкі салымшыларының қатарына қосылуына ықпал етті. Халыққа қызмет көрсетудің орасан зор ауқымдағы жүйесі қаражат жинақтау мен банк ісінің қалыптасқан тарихи дәстүрлерін Қазақстан аумағында да бекітуге қолайлы жағдай туғызды.
Жинақ кассалары сонымен қатар мемлекеттік қарыз облигацияларының, басқа да бағалы қағаздардың кепілдігімен мерзімдік несиелер берумен айналысты. Сондай-ақ оларға қор операцияларын, басқа да бірқатар қаржылық және банктік операциялар жүргізуге рұқсат етілді.
Бұл кезеңдегі жинақ ісінде мемлекеттік кредит беру қалыптасып, біртіндеп дами бастады.
Ол жылдары сегіз рет мемлекеттік қарыз шығарылды, оның үшеуі — натуралдық түрде (астықпен, қантпен) болса, екеуі алтынмен есептелген болатын (ақша реформасына дейін).
1960 жылдың аяғына қарай жинақ кассаларындағы салымшылар саны 1 770 мың адамға жетті, ал салым ақшаның көлемі 322,7 млн сомды құрады, салымның бір адамға шаққандағы орташа мөлшері 182 сом болды. Жинақ кассаларының саны 1950 — 1960 жылдар арасында 1,8 есеге өсіп, 1960 жылдың аяғында 2805-ке жетті.
Қазақстандағы жинақ ісі мен жинақ кассалары желісінің кеңінен қанат жаюы ең алдымен еліміздегі тың және тыңайған жерлердің игерілуі нәтижесінде халық шаруашылығының қарқынды дамуымен, еңбекшілердің материалдық тұрмыс жағдайының айтарлықтай жақсаруымен байланысты болды. Тек 1955 жылдың өзінде еліміз бойынша салымшылар шоттарының 44,1 пайызы, ал салымдар қалдығының 44 пайызы тың жерлерді игеру жаппай жүргізілген солтүстік өңірдегі Көкшетау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстарының үлесіне тиді (М.Жолдасбеков, «Незаменимые услуги», Алматы,1986 ж.).
60-жылдардың басында жинақ кассаларында тұрғындардан пәтерге, коммуналдық қызметттерге төлейтін төлемақыларын қабылдау операцияларын жүргізу қолға алынды. Сонымен бірге жинақ кассаларының құзырына зауыт-фабрикалардың, жергілікті кәсіподақ комитеттерінің, өзара көмек кассаларының және шаруашылықпен айналыспайтын қоғамдық ұйымдардың ағымдағы шоттарын жүргізу берілді.
Жинақ жүйесінің одан әрі дамуы үшін ақша бірлігін күшейтудің маңызы зор болды.
Алайда 1961 жылы жүргізілген реформа айналымдағы ақша массасын бақылау және ақша шығаруды шектеу шарасы ретінде ойластырылғанымен, көздеген мақсатқа қол жеткізілмеді, ол үшін бүкіл шаруашылық құрылымы қайта өзгертілуге тиіс еді, сондықтан аталған реформа ақша белгілерін ауыстырумен және сомның жаңа бағамын белгілеумен ғана шектелді.
1963 жылдан бастап жинақ кассалары Қаржы министрлігінің құрамынан шығарылып, Мемлекеттік банк қарамағына берілді, халық салымдарының қаржысы бұдан былай банктің кредит ресурсын толықтыруға жұмсалатын болды. 60-жылдардың аяғында жинақ ісінің нағыз даму шегіне жетіп, көркейген кезеңі болды: дәл сол жылдары халық шаруашылығына кредит беруге күрделі капитал қаражаты жіберілді, ал оның негізгі көзін тұрғындардың кассалардағы жинақ салымдары құрады.
1988 жылғы банктік реформа бойынша банк жүйесін екі деңгейге көшіру көзделді: орталық банк және арнаулы банктер. Мемлекеттік еңбек жинақ кассалары КСРО Жинақ банкіне айналдырылып, халыққа және заңды тұлғаларға қызмет көрсететін мемлекеттік арнаулы банк болып құрылды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздік пен егемендіккке қол жеткізуімен жинақ ісінің дамуында үшінші қайта құру кезеңі басталды — дәл осы кезден бастап Қазақстан Халық Банкінің құрылымдық банкингке және функционалдық қайта бағдарлауға негізделген ісі қолға алынды.
1990 жылдың желтоқсанынан бастап Қазақстан өзінің нарықтық экономика талаптарына жауап бере алатын банк жүйесін құруға кірісті. 1991 жылдың қаңтарында-ақ «Қазақ ССР-індегі банктер және банк қызметі туралы» деген заң қабылданды, мұның өзі тәуелсіз
Қазақстанның банк ісіндегі реформа жұмысының алғашқы қадамы болған еді.
Мемлекеттік тәуелсіздігіміз ресми түрде жария етілген соң бір жылдан кейін, 1992 жылы Қазақстан Республикасының Жинақ банкі құрылды, оның заңды түрдегі ресми құқық иеленушісі бүгінгі Қазақстан Халық Банкі болды.
1993 жылы Жинақ банкі Қазақстан Республикасының үкіметіне қарайтын дербес заңды құрылым — «Қазақстан Халық Банкі» болып ұйымдастырылды. Ал 1995 жылы Банк жабық тұрпаттағы акционерлік қоғам болып қайта құрылды. Қайта құру рәсімі банк басшылығын ауыстырумен, жұмыс стилін түпкілікті өзгертумен ұштастырылды.

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!