Қазақша реферат: Болмыстың негізгі формалары туралы қазақша реферат
Адамның дүниеге қатынасының негізінде қандай құндылық жатса да, оның бастамасы — болмыс. Мәнділік жөнінде айтқанда не нәрсенің болса да дүниеде болу жолы немесе тәсілі оның негізін құрайды . Болу жолдары және сан алуан құндылықтар — бәрі де ең алдымен жалпы болуға тиіс. Онда болмыс деген не нәрсе? Бұл сұраққа оның барлық формаларының мазмұнын ашу арқылы ғана жауап беруге болады. Болмыстың нақты, жеке формаларының бәріне ортақ жалпы қасиет, ол — болу.
Болмыстың түрлері туралы проблема философия үшін де өте маңызды. Себебі философияның негізгі мәселесін – ақыл-ойдың болмысқа қатынасы туралы мәселені – түбегейлі шешу үшін болмыстың негізгі түрлерін саралап білу керек.
Осы тұрғыдан алғанда болмыстың бір-бірінен айырма тұрған мынадай негізгі түрлерін ажыратуға болады:
1) табиғат болмысы немесе заттар (денелер) және процестер болмысы, ол өз кезегінде табиғат заттары мен процестері және адамдар жасаған заттар, процестер болмысына бөлінеді;
2) адам болмысы, ол заттар дүниесіндегі адам болмысына және адамның өзіндік болмысына жіктеледі;
3) рухани (идеялық) болмыс, бұл жеке адамның рухани болмысы (идеясы) және объективтендірілген (жалпы адамдық) рухани болмыс болып жіктеледі;
4) әлеуметтік болмыс, бұл да өз алдына қоғамдағы және тарихи процестегі жекелеген адам болмысына және қоғам болмысына бөлінеді.
Адамзаттың, қоғамның пайда болып, қалыптасуы қоршаған ортаның, қажетті алғышарттардың, жағдайлардың болуына байланысты екені белгілі. Басқаша айтқанда, тарихи тұрғыдан бағдарласақ, адамның өмір тіршілігінің, қызмет-әрекетінің негізі – табиғат заттары мен табиғи процестер. Олар адамзаттан әлдеқайда бұрын пайда болған, адам санасынан тыс және тәуелсіз өмір сүреді. Қоршаған табиғи ортаны танып білу, игеру барысында адам табиғат дүниесіне қуатты және ауқымды ықпал ете алатын құдіретті өзгертуші күшке айналды. Бұрын табиғатта дәл осындай дайын күйінде болмаған, адамдар өз қолы мен ақыл-ой күші арқылы жасап шығарған, өндірген жаңа заттар мен процестердің, жағдайлардың тұтас дүниесі пайда болды. Ғылымда мұны «екінші табиғат» деп те атайды.
Бірінші табиғаттың ерекшелігі неде? Табиғат адам атаулы пайда болғанға дейін болды, өмір сүрді. Адам мен оның санасы пайда болғаннан кейін де ол өз болмысының тәуелсіздігін сақтайды. Әлбетте, табиғатты, оның заттарын, процестерін, құбылыстарын, өзгеріске түсу және даму заңдылықтарын санасына қабылдап, ой елегінен өткізуші, айтушы – адамдар. Табиғаттың өзінен тәуелсіз, санасынан тысқары, дербес өмір сүретінін, оның өзінен көп бұрын пайда болғанын толық мойындап, сенімді тұжырым жасаған да – адамдар. Бұл тұжырымға олар бүкіл адамзаттық әлеуметтік-тарихи тәжірибе негізінде өмірлік фактілерді саралау, ғылыми-зерттеулер мен жүйелі дәлелдемелер нәтижесінде келді.
Сөйтіп, болмыстың негізгі әрі айрықша түрі есебіндегі төл табиғаттың, яғни бірінші табиғаттың басты ерекшелігі – оның адамнан бұрын пайда болып, адам санасынан үнемі тыс әрі одан мүлдем тәуелсіз өмір сүре алатындығы болып табылады. Табиғат тұтас алғанда кеңістік пен уақыт тұрғысынан шексіз – ол әрқашан және қайда болса да болған, бар және бола береді. Бұл табиғаттың жекелеген нақты заттарына, процестеріне, құбылыстары мен жайкүйлеріне тән емес, бірегей ерекшелік. Өйткені, олар нақты бір жерде өмір сүреді, бар болып табылады, екінші бір кезде олар жоқ, өмір сүрмейді: олар бірде бар, енді бірде жоқ, бір кезде пайда болады, тағы бір мезгілде дәл сол күйіндегі өмір сүруін тоқтатады. Жерге түскен ұрықтан немесе тамырдан ағаш көктеп шығады, толысып өседі, мезгіл жеткенде қурап калуы мүмкін, тағы басқалары. Демек, заттарының, процестерінің, құбылыстары мен жайкүйлерінің болмысы өткінші, өшпелі. Олардың болмысы не болмыссыздығы ауыспалы, қалыптасу, даму, өзгеру процесі кезектесіп отырады. Мәселен, әр адам дүниеге үлкен үміт, асқақ арманмен келеді. Қоғамдық қатынастарға араласып, тіршілік жасайды, өмірдің ащы-тұщысын татады, шама-шарқынша із қалдырады. Сөйтіп жүргенде қас-қағым сәттей болып бұл жарық дүниеден өтіп кеткенін білмей де қалады. Үлкендердің «сағым дүние, жалған дүние» деп ой толғап отыратындығы да сондықтан. Өйткені, заттың болмысы оның болмыссыздығына орын босатады. «Аумалы-төкпелі дүние» деген ұғым, бір жағынан, осыны білдірсе керек. Алайда мұның бәрі тұтасынан алғандағы табиғат болмысының тоқталуын білдірмейді. Жоғарыдағы мысалдарда көрсетілгендей, зат қиратылады, адам өледі, бірақ олар дүние болмысының тұтастығынан жоғалып кеткен жоқ, олар болмыстың басқаша материалдық жай-күйлеріне ауысып кетті. Сонымен, табиғат болмысының тағы бір ерекшелігі бар. Бұл ерекшелік тұтастық ретіндегі табиғат дүниесінін тұрақты әрі түпкілікті болмысындағы жекелеген мәндердің өтпелі және тұрақты болмысының диалектикасын танытады.
Табиғат – объективті шындық, ол алғашқы, онсыз адамзаттың өмірі мен қызметі де мүмкін емес. Табиғатсыз адам жасап шығарған заттар мен процестер, яғни «екінші табиғат» та пайда бола алмас еді.
Шынында да, бізді қоршаған заттар мен құбылыстардың көпшілігі – адамның табиғат дүниесін өзгертуінің нәтижесі. «Екінші табиғат» қатаң түрде біріншісіне, шынайлы, төл табиғатқа тәуелді және соның туындысы. Болмысының түрпаты жағынан адам жасаған заттар мен құбылыстар табиғат дүниесіне ұқсас, олардың ортақ қасиеттері мен даму, өзгеру заңдылықтары айтарлықтай жеткілікті. Дегенмен, «екінші табиғаттың» өзіндік мәнді ерекшеліктері де бар. Сонда екінші жасанды табиғат дүниесінің шынайы төл табиғаттан айырмашылығы неде? Ең әуелі, оны жасап дүниеге келтіру барысында адам табиғат байлығын, табиғи материалдарды пайдаланып, өңдеуі. Екіншіден, «екінші табиғат» дүниесін жасауда адамның еңбегі, іс-тәжірибесі және білімі пайдаланылды. Үшіншіден, «екінші табиғат» бұйымы ермек үшін жасалмайды. Оны дүниеге келтіру адамдардың әлеуметтік өмірдегі белгілі мұқтаждарынан, мақсат-мүдделерінен туындайды. Яғни оның қоғамдық-әлеуметтік маңызы, атқарар міндеті, алар орны бар деген сөз. Айталық, бүгінгі өмірдің қай саласында болсын электронды аспаптар мен приборлар, түрлі қондырғылар мен машиналар еркін қолданылады. Оған тіпті бойымыз да, ойымыз да әбден үйренген. Олар табиғат қойнауынан алынып, адам қолымен өңделген түрлі металл, пласмасса, тағы басқалары материалдардан жасалған. Сонда оларды өмірге келтіру ғылыми жетістіктердің, ақыл-ойдың, білім мен тәжірибенің нәтижесі екеніне дау жоқ. Оларды пайдаланып, іске қосу да адамдардан үлкен білімді, қабілетті, материалдық мүмкіндіктерін талап етеді. Ал оларды қолданудың қажеттігі де өмір талабынан туған заңдылық. Сөйтіп, екінші табиғат бірінші табиғаттың заңдылықтарына бағынатын төл туындысы, оның материалдарынан адамның білімі, еңбегі, тәжірибесі және дағдысы негізінде қоғамдық сұраныстарды қанағаттандыру мақсатында жасалады. Яғни, «екінші табиғат» болмысы – табиғат – рухани-әлеуметтік тұтастық құрайтын нақтылы ақиқат. Ол мәні жөнінен әлеуметтік-тарихи сипатқа ие, адамзат қоғамының құрамдас бөлігі, төл табиғат пен қоғамды жалғастырушы басты дәнекер. Сондықтан да, бір жағынан, қоғам мен «екінші табиғаттың» үнемі үйлесін тауып отыру қажеттігі еш уақытта маңызын жоймайды, екінші жағынан, «бірінші табиғат» пен «екінші табиғаттың» ортақ заңдылығын, бір тұтастығын, бірегей болмысына қатысты олардың өзара байланысын сақтап, реттеп отыруы да заманымыздың көкейтесі жалпы адамзаттық мәселесі болып табылады.
Адам болмысы екіге бөлінеді:
1) рухани болмыс — сана мен санасыздық процестерін қамтиды. Рухани болмысты шартты түрде екі үлкен топқа: жеке кісілердің өмірлік қызмет — тіршілігінен бөліп алуға келмейтін (дербестенген руханилық) және кісіден тысқары өмір сүретін, басқаша айтқанда, объективтендірілген (дербестенген емес) руханилыққа бөлуге болады. Бірінші жағдайда адам сананың көмегімен сыртқы дүние туралы ойлайды, оның бейнесін туғызады (санасыздық процестер, тіл мен сана, тіл мен ойдың байланысы). Екінші жағдайға жататындар — кітаптар, сызбалар, жобалар, ескерткіштер, идеялар, ойлар, музыка, т.б.
2)Әлеуметтік болмыс- екіге бөлінеді: тарих процесінде жекелеген адам болмысына және қоғам болмысына. Жеке адам тек қана қоғамда өмір сүре алады. Ол бір ұлтқа, тапқа кіреді, бір мемлекетте тұрады, тарихи процестерге қатысады. Қоғамдық болмыс — ол жалпы ұғым, оның даму заңдары болады. Қоғамдық болмыс жағдайлары мен мүдделері арасындағы қайшылықтар туады. Қоғам неғұрлым жоғары дамыған сайын ондағы алуан саладағы прогресті жоғарылату қарқыны бұқараның, таптардың, жеке адамдардың жоғары саналылығына, әлеуметтік белсенділігіне, яғни субъективтік факторларға тікелей байланыстылығын байқаймыз.