Қазақша реферат: Ауаның ластануы реферат |
Өркениет пайда болған кезден бастап ауаға кездейсоқ заттар қосыла бастады. Оған дейін ауа табиғи жолмен ғана ластанатын. Жанартаулар атқылағанда ауаға бу күйіндегі заттар, улы газдар араласады. Жел арқылы шаң, тозаңдар ұшып шығады. Орман өртенген кезде көп мөлшерде газдар ұшып шығады. Өсімдіктер мен жануарлардың қалдығы шірігенде түзілетін газ заттары да ауаға тарайды. Мұның бәрі табиғи ластануға жатады. Заттар айналымы кезінде ауа табиғи ластанудан өзін-өзі тазартып отырады.
Қазіргі кезде ауаның ластануы адамның іс-әрекеті салдарынан жиілеп отыр. Оны ластайтын жылу электр станциясынан, мұнай өңдеуден, металл өндіруден, көліктерден, т.б. шығатын қалдықтар. Ірі қалалардағы ауаның ластануы қауіпті шегіне жетті. Қалаға сырттан қарағанда оның үстін түтінді тұман басып жатқанын көресің. Ол тұман газ бен тозаңның араласуынан түзіледі. Содан келіп қаланың ауасы нашарлайды. Ауа температурасын біршама көтереді. Қала ауасының құрамында су буы көп болады да, ылғал ауамен тыныс алу қиындайды. Ауаның ластануы тіршілік етушілерге өте зиянды. Өсімдіктердің жапырағына қонған шаң оның тыныс алуын, суды буландыруын баялатады. Ормандағыдан гөрі қалада өсетін ағаштар тіршілігі ерте тоқтайды. Орманда 400 жыл жасайтын жөке ағашы қала ауасында 50–80 жыл ғана өмір сүреді. Жануарлар да, адам да ауа құрамына сәйкес газ қоспасымен тыныс алуға үйренген. Қоспаның құрамы өзгергенде, басқа газдар араласқанда ағзаның тыныс алуы бұзылады. Сөйтіп ол ауруға шалдығады. Ауаға тарайтын кездейсоқ заттардың көбеюінен ауа қабаты өзін-өзі тазарта алмайды. Оны қорғау қажет. Ол үшін арнайы шаралар жүзеге асырылады. Зауыттарға тазартқыш қондырғылар орнатылады. Автокөліктерден шығатын түтіннің жолына сүзгі қойылады. Сұйық отын газбен алмастырылады. Ауаны тазартудың ең тиімді жолы – көгалдандыру. Бұл аса маңызды іске өздерің де қатыса аласыңдар. Сенің еккен әр ағашың ауаны тазартуға қосқан үлесің болып табылады.