Қазақша реферат: Ә.МАРҒҰЛАН ЖӘНЕ ҚОРҚЫТ АТА |
Түбі бір түркі халықтарына ортақ жәдігерлер түркі тектес халықтардың, оның ішінде қазақ халқының мәңгі рухани баға жетпес мұралары болып табылады. Ежелгі замандардан сыр шертетін осындай құнды мұраның бірі – түркі халықтарының ортақ ойшылы саналатын атақты ақын, дәулескер күйші, ақылгөй, данышпан, жырау әрі философиялық мазмұны аса терең аңыздардың кейіпкері – Қорқыт есімімен тығыз байланысты. Қорқыт ата туралы деректер бізге үш түрлі жолмен жеткендігі белгілі. Олар: ел аузындағы Қорқыт туралы аңыз-әфсаналар, тарихи шежірелер және «Қорқыт ата кітабы». Сонымен қатар, «Қорқыт ата кітабының» Германияның Дрезден қалалық кітапханасының сирек кездесетін қолжазбалар қорында және Ватикандағы (Италиядағы) Аристолика кітапханасында сақталып келе жатқан екі қолжазба нұсқасының бар екендігі аян. Қорқыт ата мұрасын зерттеу ісімен шетелдік ғалымдар да, қазақ ғалымдары да белсене айналысқанын жазба деректер растайды және олардың қорқыттануда жеткен жетістіктері мен ғылым үшін тигізген пайдасы ұшан-теңіз.
Тарихи тұрғыда мойындалған тұлға – Қорқыт ата айтты деген нақыл сөздер, Қорқыт есімімен байланысты аңыз-әфсаналар мен жырлар еш уақытта маңызын жойған емес. VІІ- VІІІ ғасырларда Сырдария бойын мекен еткен оғыз-қыпшақ тайпалары арасында туып, өмір сүрген, мәңгілік өмірді аңсап, халқына бақытты ғұмыр іздеп, дүниені шарлаған, артында мәңгі өшпес орасан бай мұра қалдырған және осындай аңыз кейіпкері һәм тарихи тұлға, әлемге әйгілі болған Қорқытты зерттеу ісімен айналысқан шетелдік ғалымдардың ішінде Э.Росси, Г.Ф.Диц, В.В.Бартольд, В.М.Жирмунский, А.Н.Кононов, А.Н.Самойлович, В.В.Вельяминов-Зернов, К.А.Иностранцев, А.Ю.Якубовский, Х.Г.Көроғлы, Э.Мухаррем, Ф.Көпрүлузаде, О.Ш.Кокжай, т.б., қазақ ғалымдарынан Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Х.Сүйіншәлиев, Ә.Қоңыратбаев, Б.Ысқақов, М.Байділдаев, Ш.Ыбыраевтар, т.б. болды.
Бұлардың ішінде, әсіресе, қорқыттануға айрықша зор үлес қосқан өзі археолог, өзі этнограф, өзі мәдениеттанушы және әдебиеттанушы ғалым Әлкей Хақанұлы Марғұланның болжамды пікірлері, дәйекті тұжырымдары мәдениеттану, өнертану, әдебиеттану сынды ғылым салалары үшін бірден бір қажетті, маңызды еңбектер. Себебі, ғалым Қорқыт есімімен байланысты жинаған аңыздарды, Қорқыт айтты деген тәрбиелік-философиялық мәні терең нақыл сөздерді, Қорқыт тартқан күйлерді, «Қорқыт ата кітабындағы» ерлік жырларды жан-жақты талдай келе: «Қорқыт тарихи дәуірлерде Сырдария өлкесін қоныс еткен оғыз-қыпшақ тайпаларының ортасынан шыққан қария, ақылшы батагөй, асқан ақын (ұзан), болашақты болжап сөйлеген сәуегей кісі болған [1, 135]» — деп баға береді. Әлкей Хақанұлының Қорқыт атаға байланысты зерттеулері көшпенділердің ежелгі мәдениеті жөніндегі зерттеу еңбектерінің ішіндегі ең құндыларының бірі. Қорқыт ата туралы Ә.Марғұланның зерттеулерін шартты түрде мынадай салаларға жіктеп қарастыруға болады.
Ең алдымен, Қорқыт өмір сүрген кезеңді Ә.Марғұланның «Қазақ халқының эпикалық жыр- дастандары» деген тақырыпта 1945 жылы жазған докторлық диссертациясында баяндалатын көне дәуір мен сол дәуірде жасаған халықтар мәдениетіне байланыстыра қарастыруын еске алайық. «Ертедегі Қазақстанды мекендеген көшпелі және жартылай көшпелі тайпалар жасаған мәдени игіліктерден бізге жеткені эпос пен ою-өрнек айшықтары десе де болғандай. Ал көне дүниенің басқа ескерткіштері, әсіресе, сәулет пен мүсін өнерінің жұрнақтарын ғана білеміз. …Мазмұны жағынан қазақ эпосы патриархалдық-рулық қауымдар өмір сүрген көне тайпалардың әлеуметтік тұрмысын, арман-мұраттары мен мүдделерін бейнелейді [2, 21]» — деп түсінетін Ә.Марғұлан қазақ эпосының шығу тарихын көктей шолып өтіп, бес батырлық кезеңге бөледі. Бұл бес түрлі кезеңге жеке-жеке сипаттама берген ғалымның екінші кезеңін сипаттауына назар аударайық: «Сахара эпосы оғыз-қыпшақ дәуірі кезінде (VІ-ХІІ ғасырларда) үрдіс дамудың даңғыл жолына түседі. Аталған батырлық кезең Орта Азияда іргелі тарихи уақиғалармен қоса-қабат өріліп (жергілікті тайпалардың Қытайға, Иран мен Византияға, арабтарға қарсы күресі), идеялық-философиялық мазмұны тұрғысынан тамаша аңыздар мен эпопеяларға арқау болды. Сол ерте дәуірден бізге жеткен інжу-маржандар қатарына әлемдік эпикалық сюжеттердің кереметі болып саналатын көнедегі ойшыл – ақын, композитор Қорқыт жайлы аңыздарды, Қазанқап пен Домбаул батыр туралы жырларды, «Алпамыс», жәнеде соңғысы болып табылатын «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» өмірін жырлайтын романтикалық сарындағы поэманы жатқызамыз [2, 24]». Ғасырлар қойнауына ғылыми саяхат жасап, археология мен тарихты, әдебиет пен мәдениет, өнер тарихын қатар ұштастырып, зор ғылыми пікірлер қорытқан Ә.Марғұлан қазақ эпосының тарихын бес кезеңге бөліп, осылайша әр кезеңнің сипатын талдап көрсетеді. Ал, Қорқыттың VІІ-VІІІ ғасырларда ғұмыр кешкені тарихи шындық. Өзіне дейінгі зерттеулерді аңыздармен, Қорқыттың Сырдария өзенінің жағасында салынып, кейіннен су шайып кеткен күмбезімен байланыстыра зерттеп, Қорқыт туралы шындықты одан әрі тереңдете түседі. Мұнан кейінгі ғалым еңбектерінен ерекше көзге түсетіні – Қорқыттың дүниеге келуімен байланысты аңыздар. Қорқыт туғанда Сыр мен Қаратауды қараңғылық басып, Қаратаудың «Қараспан» аталуы, Қорқытқа Қорқыт есімінің берілуі, анасының қыпшақ қызы, алайда «Қорқыттың» әфсаналарында оның анасы Құба диюдің қызы екендігін, Қорқыттың көрде туылуы немесе көрқаптан шығуын қазақ аңыздарынан мысалға ала отырып, қазақ аңыздарымен салыстыра қарап, ғалым «Қорқытты көрден, көрқаптан туғызу – сол ежелгі нанымның аңыздық жарқын бір бейнесі [1, 189]», «өйткені алып ерлерді көрде туғызу – исламнан көп бұрын болған салт-сананың түрі [3, 148]» — екендігін айтады.
Қорқыттың өліммен күресуі, оған көп заман жалықпай дауа іздеуі туралы аңыздарға да назар аудара отырып, ғалым: «Өліммен күресу, адам баласына өлмейтін өмір іздеу жолында Қорқыт халықтың қорғаушысы, халық бұқарасына жан-тәнімен болысатын, оған дем беруді өзіне мұра еткен кемеңгер бейнесінде суреттеледі» — деген пікірін айтады. Бізге аңыз арқылы жеткен Қорқыттың өліммен күресі, халқына мәңгілік өлмейтін өмір, бақытты ғұмыр іздеп, Желмаясына мініп, дүниені кезген, осы мақсат жолында артында қалған қаншама аңыз әңгімелер, ұғым- түсініктер, мақал-мәтелдер, нақыл сөздер мен күйлердің орны бөлек рухани дүниелер екендігіне ешкім шек келтірмес. Қорқыттың өліммен күресу сюжетін Ә.Марғұлан қазақ пен Алтай елінің аңызында өте жарқын сарынмен айтылатынын, бұл сюжеттің Шумер елінің эпосы «Гильгамеш» жырында да келісті түрде суреттелгенін әрі қазақ халқының өлімге қарсы аялғысы бір ғана Қорқыт аңызымен байланысты екендігін атап өтеді. «Шоқан айтқандай, — дейді ғалым, — Қорқыттың ажалға қарсы тұруының негізінде ежелгі Орта Азия тайпаларының дүниеге көзқарасының ұшқындары да аз емес. Ежелгі тайпалар адам өлген соң да өмір сүреді, өлім тіршіліктің жалғасы деп түсінген [1, 210]». Қорқыттың өліммен алысуының түп мәнісін, мақсатын да ашып көрсетеді: «Жас Қорқыттың іздегені адам баласының өлмей, уайымсыз еркін жасауы. Қорқыт фәлсафасы бойынша, өлім оның көзіне зұлымдықтың басы болып табылады, онымен күресуді Қорқыт өзіне бірінші міндет етіп қояды [3, 155]». Ғалым Қорқыттың өліммен күресуі туралы аңыздардың әртүрлі нұсқаларын мысалға ала отырып, «Тарғыл тана», «Қорқыт пен қырық қыз» секілді аңыздарды да баяндап өтеді.
Қорқыттың жүрген жерлері, Қорқыт күмбезі, Қорқыт заманында болған қалаларға да назар аудара отырып, ғалым аңыз бен ақиқатты салыстырады. Ол кездегі қалаларды оғыздар заманымен байланыстырады. Оғыздар мен қыпшақтардың қазақ халқының мәдени, рухани игілігіне негіз болған мұралары орасан көп және ол мұраны сипаттайтын белгілер қазақ жерінде осы күнге дейін аз емес екендігін айта келіп, ғалым ежелгі оғыз қыпшақ тайпаларының сақталған аттары, бұлардың атымен байланысты географиялық топонимдер, сол заманнан келе жатқан тарихи дәстүрлер, аңыз хикаяның да мол екендігін атап өтеді. «Оғыз дәуірінен қалған белгілердің аса күрделі бір түрі – Сырдария бойындағы ескі қалалар, күмбездер, мұнаралар, кешендер, не олардың қирап жатқан орындары. Ондай жәдігерлер Торғай, Жыланшық, Кеңгір, Сарысу бойларында да баршылық [1, 190]» — деп, Янгикент (Жанкент), Жент, Узкент (Өгізкент), Баршынкент (Қыз қала), Сүткент, Отырар, Сауран, Сығанақ, Түркістан, тағы басқа оғыздар дәуіріндегі ең атақты қалаларға шолу жасайды. Бұл жерде «оғыз-қыпшақ дәуірінен келе жатқан түбегейлі мұраның бірі — … сәулетті күмбіздер, кешендер, мұнаралар, сұпылар» екендігін және «бұл күмбездердің көпшілігі Қорқыт заманымен тұстас, ислам дінінің Орта Азия өлкесіне тарай бастаған кезінде жасалған жәдігерлер. Ол күмбездерде жатқан кісілердің әрбірі не оғыз, не қыпшақ, не қаңлы тайпаларынан шыққан адамдар. Сондықтан олар туралы айтылатын хикаялар, аңыздар қазақ халқының ортасында осы күнге дейін бар [1, 191]» деген дәлелді пікірін айтады. Мұнан әрі Ә.Марғұлан Қорқыт күмбезінің тарихына тоқтала отырып, «Қорқыттың Сыр бойында тұрған күмбезін өткен ғасырдың екінші жарымында бірнеше ғалымдар барып көрген. Оны бірінші рет көрген А.Грен, оның аңызын жазып алған В.В.Вельяминов-Зернов, Л.Мейер, П.ИЛерх, олардың соңын ала, әдейі іздеп барып көрген ғалымдар Ә.Диваев, И.В.Аничков, И.А.Кастанье, П.С.Спиридонов, тағы басқалар [1, 194]» дей келе, Қорқыт заманында Сырдария бойында жасалған қалалар, күмбездер, кешендер туралы айтылатын қария сөз, аңыздардың халық арасында осы күнге дейін орасан көптігін және ондай аңыздардың кейбірі өткен ғасырдың соңғы кездерінде орыс газеттері мен журналдарында жарық көргенін, тарихи әңгімелердің аса бағалы түрін тобымен жинаған Әбубәкір Диваев екендігін де тәптіштеп айтып өтеді. Аңыздарды соңғы кезге дейін ұмытпай, әдемі айтушылар Жақып ата, Әлқуат Қайнарбаев, Кете Үбісұлтан, Сақы Құрманаев, Орынбай Дастановтар екендігін де ескерте келіп, ғалым: «Бұлардың барлығы – Сыр бойында туып-өскен, сондықтан оның шежіресін, хикаяларын бала күнінен білетін кәріқұлақ адамдар [1, 194]» деген сенімін де жасырмайды.
Ғалымның зерттеуін оқи отырып, онда Қорқытқа байланысты айтылатын аңыздардан көптеген қалалардың тарихына, олар туралы жазылған деректерге де мол қанығамыз. Олар: Жанкент, Қарашық, Женд, Сығнақ. Ордакент, Сауран, Отырар, Сүткент, Сайрам, Талас (Тараз). Ә.Марғұланның қорқыттанудағы еңбектерінің ішінде көлемді зерттеуіне жататын еңбегі, ол – Қорқытты зерттеу ісімен айналысқан ғалымдар мен олардың жазбалары мен зерттеулеріне тоқталуы. Ғалымның Қорқыт туралы жазбаларынан біз жоғарыда айтып өткен ғалымдармен бірге сонау Х ғасырдағы араб географы Истахриден бастап, одан бергі атақты тарихшы Рашидеддин, Абылғазы, Әлішер Науаи сынды тарихи тұлғалардың да қорқыттануға қосқан үлесін анық аңғарамыз. «Қорқытты бірінші рет таңқаларлық әдемі сөзбен ғылым жүзіне келтірген – араб географы Истахри (Х ғасыр). Ол кісі Хорезмді, Сыр бойын аралап жүріп, түркілер арасынан бұрын өткен екі данышпан ойшыл туралы әфсаналар естиді. Оның екеуі де ел арасына атағы көп тараған озық адамдар. Біреуі – атақты дәрігер Барзу да, екіншісі – Қорқыт – өзінің жырымен, тартқан күйімен елді аузына қаратқан кемеңгер ойшы [4, 10] – деген дерек келтіреді Ә.Марғұлан. Ә.Марғұланның әр ғалымның, саяхатшының, тарихшының, зерттеушінің Қорқыт туралы жазбаларын, деректерін, зерттеулерін аса ыждағаттылықпен талдай отырып айтқан тұжырымдары мен болжауларын жеке қарастыратын тақырып қатарына қосуымызға тура келеді. Өйткені ғалымның әр дереккөзге тоқталып, жан-жақты берген талдауы үлкен еңбектің нәтижесі, ал ондай еңбекке ат үсті қарай салуға болмайды.
Ә.Марғұланның Қорқыт туралы зерттеулеріндегі ендігі бір айрықша көзге түсетіні – «Қорқыт ата кітабындағы» жырларды талдауы. Мұндағы бір ерекшелік ғалым «Қорқыт ата кітабындағы» жырларды қазақтың «Алпамыс батыр», қырғыздың «Манас» секілді эпостық жырларымен салыстыруы. Мысалы, «Деде Коркут» жырында әдемі әңгімеленетін ұлы алып Бамсы бейнесі қазақтарда Жүсіпбек ақын жырлаған «Алпамыш» түрінде мұрас болып, кейінгі заманда үздіксіз айтылып келген. Қарақалпақ, қазақ, башқұрт айтатын Алпамыс, Алпамыш, Алпамша, Алып Бамсы – осы ескі Қорқыт жырынан алынған [1, 140]» — деген болжам айтады. Қазақтағы Қорқыт аңызын дәстүр етіп сақтаушылар да ғалым зерттеулерінен айрықша орын алады. Ғалымның тұжырымы бойынша жоғарыда атап өткен ғалымдардың зерттеулерінде тарихи шындық бар. Қорқыт туралы айтылатын қария сөздерді, ғажайып әфсаналарды сақтап келген бір ғана қазақ пен түрікмендер екендігін және «Қорқытты қадірлеудің Сырдария жағасында мың жылдық өнегесі бар» деген В.В.Бартольд пен В.М.Жирмунскийдің ойларын дәлел етіп көрсетеді. Қорқыт мұрасы біздің заманымызға қалай жеткен деген сауалға жауап іздейді. «Қазақ аңыздарындағы Қорқыт халықтың кемеңгер ұстазы, ақылшы батагөй, кеңес беретін данасы ол тарихи дәуірдегі асқан жырау, болашақты болжайтын кемеңгер ойшыл, қазақтың жырау күйшілерінің ұлы атасы [1, 144]» — дей келе ғалым ежелгі заманның асқан данасы Қорқыттың қазақ даласында толғау айту дәстүрін, оның эпикалық жырын, күйін, сарынын, нақыл сөздерін мұра етіп, оларды біздің заманымызға жеткізген жыраулар, ойшы адамдар аз болмағандығын айта келіп, Қорқыттың мұрасына ие болған ұлы саңлақтарды қазақта төрт топқа бөлінетіндігін баяндайды. Ә.Марғұланның Қорқыт дәстүрін сақтаушыларды жіктеуіне назар аударып көрейік: 1) ежелгі бақсы-жыраулар Қойлыбай, Балақай, Қарамырза, Нысан абыз; 2) Қобызбен күй шерткен атақты күйшілер Әл-Фараби, Кетбұқа, Ер Шегедей, Досжан, Өтеболат, Қанғожа, Уәлиханов, Құрманғазы, Ыхлас, т.б.; 3) Болжал айтумен халықты ойға түсірген ойшы жыраулар, шешендер Сыпыра жырау, Асан ата, Қазтуған, Шалгез, Әнет баба, Бұқар жырау, Тәтіқара, Құлназар, Майлықожа; 4) Қорқыт дәстүрі бойынша қобызбен жыр тасқынын ағылтқан құйылма ақындар Жанақ, Сабырбай, Найманбала, Жұмағұл, Базар жырау, Ерімбет жырау, Абыл жырау, т.б. Бұлардан басқа Қорқыттың әңгімесін хикая түрінде айтып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған шежіре кісілер де аз болмаған. Олар, әсіресе Сырдария жағасында, Жанкент, Қазалы, Қармақшы, Қызылорда, Сығанақ, Шәуілдер, Түркістан қалаларының төңірегінде көбірек жолығады [1, 144]. Бұдан әрі Ә.Марғұлан Қорқыт аңыздарын, нақыл сөздерін аса жүйрік білетін қазақтың қария даналарын тізбелейді: Базар жырау (1842-1911), шежірені жүйрік білген атақты қария, өзі қазалылық, Мұлайман Шантайұлы (1846-1927), қадірлі шежіре қарт Мұса Өтешұлы (1866- 1960), ақын Ерімбет Көлденбекұлы (1844-1919), жырау Тұрымбет Салқымбайұлы (1873-1934), жалағаштық атақты жырау, Қорқыт аңызын жүйрік білген Сарыбай Құлназарұлы (1858- 1919), тамдылық қария Ахмет Назарұлы (1882-1966), ырғыздық қария Жақсылық (1883-1961), Қармақшылық Әлқуат Қайнарбайұлы, ХVІІ ғасырдағы бақсы жырау Нұрғали және оның ХVІІІ- ХІХ ғасырда жасаған ұрпақтары [1, 144-145]. Марғұлан Қорқыттың нақыл сөздерін, Қорқыт атымен байланысты аңыздарды, Қорқыт жырларындағы мысалдарды біз жоғарыда тізбелеп көрсеткен қазақ ақын-жырауларының толғауларымен, шығармаларымен салыстыра зерттейді. Демек, бұдан байқайтынымыз – әдебиеттанушы ғалым Әлкей Хақанұлы тек ежелгі замандағы қазақтың ауыз әдебиеті, ежелгі дәуірдің әдеби мұраларының ғана емес, сондай-ақ қазақ хандығы дәуірінде жасаған ақын- жыраулар, жыршылар, сал-серілер мен шешендердің әдеби-шығармашылық мұрасының асқан білгірі.
Ә.Марғұланның Қорқыт мұрасын зерттеудегі тағы бір үлкен саласы — қазақтың халық музыкасындағы Қорқыт дәстүрін саралауы. Ғалым «Қорқыт — Әл-Фарабидің жерлес атасы, оның тарихи заманындағы ұстазы. Қазақ аңыздарында Қорқыт қазақтың күй атасы, қазаққа ән, күй, музыка үйретуші [1, 212]» — деп Қорқыттың өнердегі биік орнын бағалай отырып, халық музыкасында Қорқыттан қалған мұраларға (оның ішінде «Қорқыт күйі», «Қорқыт сарыны», «Қорқыт толғауы», «Тәңірі биі» күйлерінің) тоқталып, Қорқыт сазы ұзақ ғасырлар бойы әдемі аңызға айналып, қазақтың халық ән-күйіне, оның жырына негіз болғандығын бағалайды. Қорқыттың қобызбен күй тартуы туралы мәліметтерді Ә.Марғұлан қазақ аңыздарынан табады: «Аңыз бойынша Қорқыт атақты күйлерін Сыр суының бетіне төсеген кілемнің үстінде отырып шығарған [1, 220]». Сонымен қатар, атақты қобызшылар мен бақсылар туралы да қызықты деректер келтіреді. Ғалымның Қорқыттан қалған дәстүрді жан-жақты жинақтап талдай келе, Қорқыт атымен байланысты осы күнге дейін Қазақстан жерінде кездесетін жер, су аттарын да тамаша етіп әңгімелейді. «Бұл атаулардың шығуына тарихи негіз ерте замандағы оғыз тайпаларының Сырдария мен Торғай даласының арасында көшіп жүруінен болу керек. Екінші бір себеп – судың ағыны мен музыканың толқыны үндес шығып, тыңдаушыға өмірдің үзілмес ағыны болып естілген. Оларда күйді, музыканы, жырды ең алдымен судың ағынынан, желдің үнінен, боранның өксіп соғуынан үйрену керек деген ұғым болған [1, 221]» — деген пайымдауын келтіріп, «ақын» сөзінің «ағын» дегеннен шығуы мүмкін екендігін болжайды.
Қорқыт қобызының үні тек музыкаға емес, ол ақын, жырау, билердің нақыл сөздеріне де арқау болғанын баяндай келіп, тағы бір қарастырған мәселесі – Қорқыт есімімен байланысты бақсы туралы ойларын да ортаға салады. Ғалымның байқауынша қазақтар бақсыны ерекше қадірлеген, олардың көбі асқан ақын, әрі алдағыны болжайтын сәуегей болған. Қорқыт жырында ұшырасатын «ант ішу», «қара басым қартаң болсын» деу, басынан айналдыру қазақтар мен башқұрттар айтатын мотивтер «мендегі ауруды, жамандықты, пәлені ала кет» деуден туған дейді. Бұл пікірді Шоқан Уәлиханов та «Қазақтар арасындағы шаман дінінің қалдығы» деген еңбегінде де келтіргендігі мәлім. Ә.Марғұлан Қорқытты пірі, ақылшы-ұстазы санаған Қойлыбай, Балақай, Шүмен бақсылар туралы айта отырып, Қорқыттың қобызының үні жалғыз музыкаға емес, ол ақын, жырау, билердің нақыл сөздеріне де арқау болғанын Құлназар, Базар секілді жырауларды мысалға ала отырып дәлелдейді. Қазақтың әмбебап ғалымы, айтулы ғұламасы, асқан білгірі Ә.Х.Марғұланның Қорқыт туралы зерттеулері әдебиеттану ғылымына қосқан ерен еңбектерінің бірі. Халықтың өткендегі тарихын, археологиялық ескерткіштерін халық аңыздарымен, өнерімен байланыстыра зерттеп, орны бөлек құнды пікірлер, болжамдар, тұжырымдар айтқан ғалымның Қорқытқа байланысты зерттеулері әдебиеттану, өнертану, мәдениеттану ғылымында да маңызы зор, бағалы еңбектер.