Психология ғылымы және оның зерттейтін пәні мен міндеттері туралы реферат

0
93

Тақырыбы: Психология ғылымы және оның зерттейтін пәні мен міндеттері

Жоспары:

І. Психологияның зерттеу объектісі.

ІІ. Психология пәнінің мақсаты мен міндеттері.

ІІІ. Психологиялық құбылыстардың классификациясы.

І. Психологияның зерттеу объектісі

Психология — психикалық құбылыстардың (жан қуаттарының) пайда болу, даму және қалыптасу заңдылықтарын зерттейтін ғылым.

Психикалық құбылыстар бізді қоршап тұрған сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының мидағы әр түрлі бейнелері болып табылады. Олар (түйсік, елес, ой, сезім, тілек, қабілет, қызығу, мінез, әдет т. б.) көпшілігімізге өз тәжірибемізден жақсы мәлім, тілімізде жиі кездесетін ұғымдар. Бір қарағанда бұлардың мәнін әрқайсымыз тез ажырататын да, білетін де сияқтымыз. Бірақ психикалық құбылыстардың мәнін ғылыми тұрғыдан түсіну арқылы ғана жан-жақты ажыратуға болады. Осы мәселені ғылыми жолмен баяндауды, олардың өзіндік заңдылықтарын айқындауды — сөз болып отырған психология ғылымы қарастырады. Психология ерте замандардан келе жатқан білім салаларының бірі. Оның дүниеге тұңғыш келген жері ежелгі Греция. «Психология» термині гректің екі сөзінен түрады: оның біріншісі – «псюхе» (жан), екіншісі — «логос » (сөз, ілім). Сөйтіп, бұл сөз «жан туралы ілім» деген ұғымды білдіреді.

Ерте замандарда пайда болып, ғасырлар бойы соқыр сенім нанымдар мен кейбір зиялылардың көзқарастарында насихатталып келген түсініктер бойынша, адамда тәннен тәуелсіз «жан» болады, мәңгі бақи жасайтын жан адамның барлық психикалық, тіршілігінің (ойының, сезімінің, еркінің) иесі де, себепшісі де. Жан туралы осындай жалған түсініктің пайда болуына алғашқы адамдардың табиғат сырларын дұрыс түсіне алмауы себеп болды.

Олар дүниеде табиғатқа бағынбайтын, одан оқшау тұратын ерекше бір сиқырлы күш бар, ал жан болатын болса, соның бір көрінісі, ұйқы кезінде ол денеден уақытша шығып кетеді де, адам оянған кезде қайтып келеді, егер келмей қалса, адам өледі деп тұжырымдады. Жан туралы осындай анимистік (барлық нәрседе де жан бар дейтін түсінік) пікірлер кейбір тайпалардың арасында күні бүгінге дейін кездеседі. Мәселен, Лусан аралының (Филиппин) тұрғындары тагалдар ұйықтап жатқан адамды еш уақытта оятпайды. Өйткені олар ұйқы кезінде адамның жаны басқа жақта жүреді дейді. Тасманиялықтардың тілінде жан мен көлеңкенің, ұғымы бір сөзбен беріледі, өйткені олардың ойынша, жан мен көлеңке бір іспеттес нәрсе. Абипон тайпасының индеецтері «лоакаль» деген сөз арқылы көлеңкенің, жанның, дыбыс берудің, бейненің ұғымын береді. Жан туралы осы тектес қарапайым түсініктердің пайда болуы адамдардың өздерінің дене құрылысы жайында ғылыми түсінігі жоқ кездерде, яғни жан мен тәннің толысуы бір-бірінен байланысын дұрыс ажырата алмай жан өлгеннен кейін денеден шығып кететін, мәңгібақи өмір сүретін нәрсе деп ұғынудың нәтижесі еді.

Жан туралы ғылыми түсінік ежелгі гректердің әмбебап ғалымы Аристотель (б. з. д. 384—322) есімімен байланысты. Екі жарым мың жылға созылған осынау кезеңде психология басқа ғылымдармен (философия, медицина, әдебиет, жаратылыстану т. б.) аралас, астарласа дамып келді. ХІХ-ғасырдың екінші жартысынан былай қарай ғалымдар жан құбылыстарын (түйсік, ес, ойлау, қиял т. б.) эксперимент (тәжірибе) жүзінде әртүрлі құрал-жабдық аспаптардың көмегімен зерттей бастады. Осы кезден бастап, психология өз алдына дербес отау тігіп, тәжірибелік ғылым ретінде дамыды. Ғылымның осы саласына экспериментті тұңғыш енгізген неміс ғұламасы В.Вундт (1832—1920) болды. Психология ғылымының тарихы да біріне-бірі қарама-қарсы жоғарыда аталған екі бағыттың үздіксіз ой-пікір тартысына толы. Мысалы, ертедегі грек ойшылдарының бірі Демокрит (б. э. д. 460—370) сол кездің өзінде-ақ жанды (психика) оттың атомдарындай қозғалмалы қасиет деп түсіндірді. Ол жанның мәңгі еместігін, оның өсіп, өшіп отыратындығын айтып, материалистік тұжырым жасады. Сол заманның екінші бір ойшылы, идеалист Платон (427-347) керісінше «жан мәңгі, өлмейді, өшпейді», – деп тұжырымдады.

Психикалық әрекетті осылайша екі түрлі көзқарас тұрғысынан түсіну, қоғам дамуының кейінгі кезеңдерінде, әсіресе орта ғасырлар заманынан бермен қарай кең өріс ала бастады: Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби (870—950) дүние материядан құралады, ол жойылмайды, бір түрден екінші түрге көшіп, өзгере береді, жан денеден бұрын өмір сүрмейді, бір денеден екінші бір денеге барып орналаса да алмайды деп материалистік тұрғыдан дұрыс пайымдаса, батыс ойшылы Фома Аквинский (1225—1274) жанның мәңгі өлмейтіндігі, оның денеден бөлек өмір сүретіндігі жайлы пікірлерді ары қарай дамытып, осы көзқарастың кең өріс алуына мүмкіндік береді.

Психологиялық ғылыми білімдердің тарихы екі кезеңге бөлінеді. Оның біріншісі — шамамен 2500 жылға созылған, көш басы Аристотельден басталатын жан дүниесі жайлы түрлі ой пікірлердің ілкі тарихы. Осы кезең ішінде психология басқа ғылымдармен, әсіресе, философиямен қосақтаса дамып келеді. Оның екінші тарихы 1879 жылдан басталады. Осы жылы неміс ғалымы В. Вундт (1832—1920) Лейпцигте тұңғыш лаборатория ұйымдастырып, мұның дербес эксперименттік ғылым болуына себепкер болды.

Психологияның даму тарихы жоғарыда аталған ғұламалармен қатар Герофил, Эразестрат, Гиппократ, Гален, Әбуәлі Ибн Сина, Декарт, Гоббс, Спиноза, Лейбниц, Локк, Гартли, Дидро, Вольф, Галлер т. б. оқымыстылардың есімімен тығыз байланысты. Жан дүниесінің сыры жайлы дәйекті пікірілерді қазақ ойшылдары да айтқан. Тіпті мұндай ой-пікірлер фольклорда, әсіресе, мақал-мәтелдерде көптеп кездеседі. Мәселен, «Тән ауырса, жан ауырады», «Тәні саудың жаны сау», «Тән өледі, демек жан да өледі», «Жан бар жерде қаза бар» «Жан – кеудеге қонақ» т.б. осындай мақалдарда жан мен тәннің ара қатынасы шындыққа сәйкес дұрыс пайымдалғанын байқау қиын емес. Жан қазақ ұғымында жан-жануарға, адамға тіршілік, күш-қуат беретін рух. Ал Асанқайғы, Шалкиіз, Жиембет, Ақтамберді, Бұқар, Шал, Дулат, Махамбет т. б. қазақ ақын-жыраулары мен ойшылдарының толғауларында да көшпенді ата-бабаларымыздың жан дүниесінің сырлары әр қырынан сөз болып, осылар жайлы сындарлы пікірлер айтылған. Өресі биік, материалистік психологиялық ой-пікірлерді Шоқан, Ыбырай, Абай, Сұлтанмахмұт шығармаларынан да көптеп кездестіруге болады. Мәселен, С. Торайғыров (1893—1920) жан    мен    тән ылғи да бірлікте, байланыста  болады («Дене азыққа тоюдан жан ер жетер, жан ер жетіп, дүниенің сырын табар»), адамның тәні өсумен қатар, жаны да (ақыл-ой, сана-сезім) бірге өсіп, жетіліп отырады, осы екеуінің қоса өзгеруінің негізі тәнде, адам өлгеннен кейін, онда қимыл жоқ, сезім жоқ… жек көру жоқ, махаббат жоқ… Өмір жоқ, яғни, бір сөзбен айтқанда, тәннен бөлінген жанда еш уақытта өмір болмайды деп тамаша материалистік қорытынды жасайды. Осы іспеттес пікірді Шәкәрім Құдайбердиев те (1858-1931) айтқан болатын («Жан тәнге, ақыл жанға маталып тұр»). Психикалық құбылыстың табиғи ғылыми негізін жасауда, оны материалистік тұрғыдан түсіндіруге орыстың, ұлы ғалымдары И. М. Сеченовтің (1829-1905) рефлекстер жөніндегі пікірлері мен И. П. Павловтың (1849-1936) жоғары жүйке қызметі туралы ілімінің маңызы зор болды.

ІІ. Психология пәнінің мақсаты мен міндеттері

Психология пәні. Психикалық құбылыстарды зерттеп, оның сыр сипатын ашып көрсету. Күнделікті өмірдегі психикалық құбылыстар мен ғылыми психология арасындағы айырмашылықтар және оларды өзара салыстыра отырып ерекшеліктерін талдау. Психологиялық ғылыми зерттеу нәтижелерінен мысалдар келтіру арқылы олардың теориялық және қолданбалы мән-жайын көрсету.

Психология ғылымының табиғи және қоғамдық сипаты. Психологиялық білімінің өзіндік ерекшелігі. Психология – субьектінің (адам мен жануарлардың) іс-әрекеттерін, тіршілік ету нәтижелерін және амал-тәсілдерінің құрылымын бейнелейтін ғылым.

Психика туралы жалпы түсінік-жанды нәрселердің болмыстағы шындықты бейнелеудегі өзіндік формасы. Жанды және жансыз нәрселердің болмысты бейнелеу ерекшеліктері. Психика – объективті болмыстың субъективті бейнесі, психиканың бағдарлаушы және реттегіштік қызметі. Саналы әрекет пен санасыздық.

Психология пәніне берілген анықтаманың әр түрлі кезеңдерде түсіндірілу сипаттары. Психология ғылымының философия мен жаратылыстану ғылымдарынан дамып шығуы. Психология ғылымының тарихында психиканың дамуы жайындағы материалистік және идеалистік бағыттарының күресі. Психиканың табиғаты туралы механикалық көзқарастарға сын. Биология ғылымының ми мен тірі организмнің мінез-құлқын зерттеп, адам мен хайуанаттардың іс-әрекеттерін тіршілік бейнесін талдауда қолданылатын ұғым-түсініктерді іздестірудің қажеттілігі. Қоғамдық тарихи тәжірибенің маңызы.

Психика мен сананың дамуын маркстік ұстаным тұрғысынан қарастыру.

Психология ғылымының салалары және психологиялық тәжірибенің міндеттері. Жалпы психология, әлеуметтік психология, жас даму кезеңдері мен тәлім-тәрбие психологиясы, еңбек пскхологиясы, инженерлік психология, медициналық психология, психофизиология, жануарлар психологиясы. Психологияның теориялық және қолданбалы міндеттерінің өзара байланысы. Тәжірибе мен психология ғылымының бірлесіп атқаратын міндеттері және оларды жүзеге асыру жолдары. Жалпы және дара адам психологиясы, психодиагностиканың негізгі міндеттері. Психология, психотерапия, психологиялық консультация. Жеке адамның (тұлғаның) адамгершілік қасиеттерін қалыптастырып, кәсіптік білімді меңгерудегі психология ғылымының тигізетін пайдасы. Адамдардың денсаулығын сақтап, оның мәдениетін және халық шаруашылығын дамытуда психология ғылымының атқаратын қызметі мен міндеттері.

Психология ғылымының пәнаралық байланысы.

Психологияны зерттеу әдістері. Психиканы зерттеуде итроспекция (өзін-өзі бақылау) әдісінің жеткіліксіздігі. Психикалық үрдістердің қызметі мен қалыптасуын зерттеудің объективті әдістері К.Маркстің өндірісті «адамның мән-жайын білдіретін» ашып қойған кітап деп бағалауы.

Психологиялық зерттеу әдістері: бақылау, әңгімелесу, адам жасаған туындыларды талдау. Табиғи және лабораториялық эксперименттер. Психикалық үрдістерді мөлшерлеп өлшеу әдісі. Диагаостикалық сынақ.

Салыстырмалы-генетикалық әдіс. Психикалық үрдістср үлгісін жасау, оларды қалыптастыруды зерттеу әдісі. Салыстырмалы-патологиялық әдіс.

Психологиялық зерттеулерде математикалық әдіс пен техникалық аспап-құралдарды қолдану.

Психологияның түрлері:

  1. 1. Тәлім-тәрбие (педагогикалық) психологиясы. Бұл пәннің зерттейтіні – адамды оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі психологиялық заңдылықтар. Ол оқушылардың ақыл-ойы мен ойлау жүйесін, дағдыларын қалыптастырудың, олардың тиісті оқу материалдарын меңгеруі мен ұстаз-шәкірт арасындағы өзара қарым-қатынастарды реттеудің түйінді мәселелерін қарастырады. Сөйтіп, оқушылар ұжымындағы өзара қатынастармен, олардың психологиялық даралық ерекшеліктерімен санасып отырудың мүмкіндіктерін іздестіреді. Оқу-тәрбие жұмыстарын және балалардың психологиялық ерекшеліктерін қарастырып, бірқалыпты даму заңдылықтарынан ауытқыған балалармен тәлім-тәрбие жұмысын жүргізу әдіс-тәсілдерінің психологиясын зерттейді. Сондай-ақ, ересек адамдармен жұмыс істеудің ерекшеліктерімен және оларды қалай оқыту мәселелерімен де шұғылданады.

Тәлім-тәрбие психологиясының мынадай тармақтары бар: а) Оқыту психологиясы – дидактиканың психологиялық негіздерін, оқыту мен білім берудің жекелеген әдістеме мәселелерін, бағдарлап оқыту мен балалардың ақыл-ойын қалыптастыру сияқты өзге де мәселелермен шұғылданады. ә) Тәрбие психологиясы – гуманистік және әлеуметтік тәрбие мәселелерінің психологиясын зерттеп, оқушылар ұжымының, еңбекпен түзету педагогикасының психологиялық негіздеріне қатысты мәселелерді іздестіреді. Бұлардан басқа мұғалімдер психологиясы кемтар балаларды (ересектерді де) оқытып тәрбиелеу мәселелерін қамтиды.

  1. Жас кезеңдерінің психологиясы – әр қилы психикалық процестердің табиғи негізі мен үнемі дамып отыратын азаматтық қасиеттерін, психологиялық сапаларын зерттейтін бұл сала мынадай тармақтардан құралады: балалар психологиясы, жеткіншектер психологиясы, жастар психологиясы, ересектер психологиясы, қарт адамдар психологиясы. Бұл сала оқыту мен ақыл-ойдың дамуын және олардың өзара байланысы мен іргелі мәселелерін зерттеп, оқыту ісіндегі адамның ақыл-ойын, сана-сезімін жетілдірудің тиімді жолдарын нендей әдістер арқылы өрістетуге болады деген мәселелерді іздестіреді.
  2. Арнаулы психология. Бұл адам дамуының бірқалыпты даму жолынан ауытқуын, ми ауруына ұшырағандардың психикалық күйзелістері мен осы саладағы әр қилы аурулардың себептерін қарастырады.

Арнаулы психологияның мына тармақтары, атап айтқанда: олигофренопсихология – ми зақымы ауруымен туған адам психологиясының дамуын, сурдопсихология – саңырау не керең болып туған балалар психикасын, тифлопсихология – нашар көретіндер мен соқырлардың психологиялық дамуын зерттейді. Ал туа пайда болған ауру адамдар психологиясын зерттейтін тармақ патопсихология деп аталады. Бұл сөз грек тілінде «патос» – зардап шегу, ауру деген мағынаны білдіреді. Патопсихология медицина ғылымы мен оқу-тәрбие істерін зерттейтін пән педагогика мен жан дүниесінің сырын қарастыратын психология ғылымының түйіскен торабына жатады.

  1. Еңбек психологиясы – адамның іс-әрекет түрлерінің психологиясын, еңбекті ғылыми негізге сүйене отырып ұйымдастыру мәселелерін қарастырады.

Еңбек психологиясының мақсаты – әр түрлі еңбектегі мамандық ерекшеліктерін, еңбек дағдыларының қалыптасуын, өндірістік-кәсіптік жағдайдың адамға тигізетін әсерін, құрал-аспаптардың құрылысы мен орналасуын, хабар жүйелерінің қажетті заттарын қарастыру. Бұл салалардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктерімен бірге бірімен-бірі байланысты болып келетін мынадай тармақтары бар: инженерлік психология – бұл, негізінен, автоматталған жүйелерді басқару мен әр түрлі операторлардың жұмысын зерттейді. Инженерлік психологияда ең өзекті мәселе эргономика деп аталады. Бұл термин гректің «ергон» – жұмыс және «номос» – заң деген екі сөзінің бірігуі нәтижесінде пайда болған. Бұл орайда, өндіріс пен адам арасында қатынас орнатудың түйінді мәселелері болып саналатын еңбек әрекетіндегі адамның өнімді ісі, оның психологиялық ерекшеліктері, жүйке жүйесінің қызметі мен еңбек гигиенасы, адамның өнім өндірудегі жетекші ролі, техникалық құрал-жабдықтар эстетикасы және автоматтанған тетіктер теориясына қатысты мәселелер қарастырылып, олардың сыр-сипаты зерттеледі. Эргономика, негізінен, «адам – машина – орта (еңбектену) жағдайын» қарастыра отырып, олардың неғұрлым өнімді болуы мен нәтижелерін жүйелі түрде үйлестіруді басты міндет етіп қояды.

Авиациялық психология ұшқыштарды оқыту мен ұшу кезінде орындалатын істердің жай-жапсарын, жалпы, адам психикасының әуе кеңістігіне бейімделудегі ерекшеліктерін зерттеп, жоғары дәрежеде ысылған мамандар мен кадрларды даярлап шығару мақсаттарын көздейді.

Ғарышкерлік психология – адамның салмақсыздық пен әлем кеңістігінің айдынында бағдарсыз жағдайда жұмыс істеу сәтіндегі аса қиыншылық жағдайлардағы психологиясын, оның шектен тыс әсерден кейінгі кейпін, көңіл-күйі мен төзімділік көрсету шараларын зерттейді.

Еңбек психологиясында арнайы зерттелуге тиісті күрделі тармақтар да бар. Олар ауыл шаруашылығына (шопандар мен малшылар, диқандар мен егіншілер т.б.) қатысты болып келеді.

  1. Медициналық психология дәрігерлердің қызметі мен аурулардың мінез-құлқын зерттейді. Бұл сала бірнеше тармаққа бөлінеді, әрбір тармақтың адам психикасын зерттеуге қатысты мақсат-міндеттері бар. а) Нейропсихология психикалық құбылыстар мен жоғары жүйке құрылысының физиологиясын және олардың өзара қатынасын зерттейді; ә) Психофармокология дәрі-дәрмектердің адам психикасына әсері мен күшін қарастырады; б) Психотерапия – ауру адамға психикалық әліс-айла және емдік тәсілдер қолдану мәселелерін қарастырады; в) Психопрофилактика және гигиена адамның денсаулығы мен оны нығайтуға арналған шараларды жүзеге асыру жүйесін, оның әдіс-тәсілдерін айқындаумен шұғылданады.
  2. Әскери психологияның ең басты міндеті – азаматты ел-жұрты мен Отанын қорғайтын қалқан болуға психологиялық тұрғыдан даярлау. Мұнда жауынгердің мінез-құлқы мен отаншылдық қасиетін тәрбиелеп қалыптастыру жағдайлары, бастықтар мен бағынушылар арасындағы қарым-қатынастар, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, дұшпанға деген өшпенділік сезімдерінің оянып, оған қарсы барлау істерін ұйымдастыру және соғыс техникасын меңгеру мен басқару әдістері зерттеледі.
  3. Әлеуметтік-психология адам мен қоғам арасындағы қатынас мәселелерімен айналысады. Бұл сала адамдардың белгілі бір негізде ұйымдасқан топтары мен кездейсоқ топтары арасындағы өзара қарым-қатынастағы психологиялық құбылыстардың сырын зерттейді. Қазіргі кезде әлеуметтік психология шеңберінде мынадай үш түрлі мәселе қамтылады:

а) Үлкен, ірі топтардағы психологиялық-әлеуметтік жағдайлар. Бұл проблеманың құрамына жалпы бұқаралық байланыстар: радио, теледидар, баспасөз т.б. кіреді. Әр түрлі топқа жататын адамдарға осы құралдар арқылы алуан түрлі хабарлар, көпшілікке тән талғамдар, әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер, иланулар мен сенімдер, қоғамдық көңіл-күйлер жайлы әсер етудің психологиялық астарлары жеткізіледі. Бұған таптық психологияға қатысты мәселелер, этностық және ұлттық психология сипаттары, дін психологиясының өзекті мәселелерін зерттеу де жатады.

ә) Кіші (шағын) топтардағы психологиялық-әлеуметтік жағдайлар. Оңашаланып тұйықталған топтардағы адамдардың бірігуі, олардың өзара қарым-қатынастарының сыры мен хал-жағдайы, топ ішіндегі жетекшінің алатын орны, әр түрлі топтық типтер болып саналатын ассоциациялар, корпорациялар, ұжымдар, ресми және бейресми топтар арасындағы қатынастар, сол  топтардың шеңбері, олардың бірігуінің себептері мен мақсат-мүдделері, шоғырлану деңгейі зерттеледі. Бұл мәселеге отбасындағы ата-ана мен баланың өзара қарым-қатынасы, үлкендерді сыйлау сияқты мәселелер де енеді.

б) Қоғамдағы адамның қасиеті мен әлеуметтік-психологиялық орны. Азамат – әлеуметтік психологияның зерттеу объектісі. Осы ретте олардың жоғарыда аталған топтарда қандай рөл атқаратыны және соларға бейімделу ерекшеліктері де зерттеледі. Сондай-ақ, қоғамдағы азаматтың өзін-өзі бағалай білуін, оның ұстамдылығы мен бағыт-бағдарын, табандылығы мен көнбістігін, ұжымшылдығы мен менмендігін, тұрақтылығы мен болжампаздығын зерттеуге мән беріледі. Әрине, бұл аталған үш топқа қатысты күрделі мәселелер әлеуметтік психологияда біріне-бірі қарама-қайшы не бір қатарға қойылмайды. Азамат пен қоғамның тұтастығы тұрғысынан бұл мәселелер барлық қарым-қатынастардың жиынтығы деп қарастырылады және адамның азаматтық бейнесі мен оның ішкі мәнін ашып көрсетеді. Әлеуметтік психологияның тармақтары: этностық психология, ұлт психологиясы, таптар психологиясы және дін психологиясы әлеуметтік өмір тынысын жан-жақты қамтиды.

  1. Спорт психологиясы спортшылардың іс-әрекетіндегі психологиялық ерекшеліктерін қарастырады. Спорт жетекшілері мен бағынушылардың өзара қарым-қатынасын, оларды даярлаудың жағдайын, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуін, психологиялық даярлығын іздестіре келе, оларды жаттықтыру және күш-қуатын жинақтау деңгейін, жарыстарды ұйымдастыру, өткізу.

Әрбір ғылымның өзәне тән зерттеу объектісі болады. Психология ғылымы зерттейтін объектіні (пәнді) бірден түсіну қиын, әрі ол – күрделі мәселе. Өйткені, психологиялық құбылыстар зерттеуші адамның дүниетанымдық көзқарасына байланысты. Психологияның зерттейтін объектісі тіршілік пен өмірдің басқа құбылыстарынан ерекше. Заттар мен құбылыстар туралы адамның елесі, қабылдауы, тілегі сол заттардың өзінен ерекше болып жасалады. Сөйтіп, бірте-бірте олар адамның психикасы болып аталады. Оған психологиялық әрекеттер, қасиеттер, жатады. мұндай процестер көзге көрінбейді. Сонымен бірге олар сыртқы дүниедегі заттар мен құбылыстардан да ерекшеленеді. Бұл құбылыстар адамның ішкі жан дүниесіне тән.

Психология, психика, деген түсініктер гректің «псюхэ» – жан деген сөзінен шығады. «Логия» – ілім. Бұл ғылымның өзіндік таңбасы ψ (псю деп аталатын грек әрпі). Сонымен, психология – жан туралы ілім. Ол құбылыстарды жүйелі түрде топтастырып, болмыс пен фактілерді салыстыра отырып зерттейді. Қабылдау: ес, ойлау, ерік, сезім деп аталатын тағы басқа психикалық процестер адамның ішкі дүниесі мен бейнелеу қасиеттерін, күллі жан дүниесінің тіршілігі немесе оның сыры деп аталады. Осы орайда, біз психологияның жантану жайындағы ғылым екендігіне көз жеткіземіз. Психологияның осындай анықтамасына қосымша ретінде оның үш түрлі ерекшелігі бар. Бірінші ерекшелігі – псисхология адамтану жайындағы ғылымдар арасындағы жетекші орынға ие болады. Екіншісі – адамның психологиялық дара өзгшеліктерін, психикалық процестердің анық-танығын айқындау үшін ХІХ ғасырдың орта кезінен бергі тәжірибелік зерттеулердің кеңінен қолданылуы. Осы ретте, психология эксперименттік ғылым деп те аталады. Үшіншісі – психологияның өзге сабақтас ғылыми пәндерден ерекшелеп тұратын жайыт – бұл пәннің дербестігі. Пәннің дербестігі адам жандүниеснің сырларын зерттеуде ең алдымен оның заңдылықтарын жете білуді, әрбір адамның жеке басына тән ерекшеліктері мен сыр сипаттарын даралап іздестіруді қажет етеді. Әрбір адам – өзінше бір дара дүние. Оның жан сарайына үңіліп жүрек сырына терең бойлау, ондағы құпия жайттарды ұғыну – пән дербестігінің бір қыры.

Адамдар күнделікті өзара қарым-қатынас нәтижесінде бірін-бірі бақылап, бір-бірінің мінез-құлқын, істеген ісін, қылығын еңбек-әрекетін біледі, ішкі сырларын аңғарады. Олардың сыртқы құбылыстараға бейімделуін, түрлі әсерлерге тітіркеніп, акциялануын байқайды. Сөйтіп, бір-бірінің мінез-құлық ерекшеліктерін өзіндік сипаттарын түсінеді. Адам психикасының сан қырлы салаларын ғылыми  тұрғыдан зерттеп, олардың арасындағы айырма сипаттарын, бір – біріне тигізр ықпалын, қасиет – сапаларын жан – күйін өмір тәжірибесіне сүйене отырып ажыратады. Мұндай ерекшеліктер ұрпақтан – ұрпаққа тіл, халықтың өнер туындылары, жасаған заттық бұйымдары арқылы мұра ретінде беріліп отырады. Халық аузындағы «Сан рет естігенне бір рет көрген артық», «Көз жеткізбегенді сөз жеткізеді» деген мақал – мәтерлдердің бәрі де адамның әрқилы психикалық тпроцестері мен жан  жүйесінің қызметі, сыры жайында айтылған.

Адамның өмірден көріп – білгені, естігені, өз тәжірибесінен жинақтағаны ғылымға дейінгі психологиялық білімін, түсінігі                           жасады. Мұндай түсініктер адамның табиғатпен қатынасында, айналасындағы нәрселерді танып, пайымдап, бағдарлай білуінде ерекше маңызды.  Дегенмен, бастапқы түсініктер жүйесіз әрі тайыз болғандықтан, оларға сүйене отырып, адамдар арасында белгілі жүйеде тәлім – тәрбие, емдеу, ұйымдастру жұмыстарын жүргізу жеткіліксіз еді. Өйткені, олар адамның психикасы мен жан дүниесі турал тұрақты әрі дәйекті ғылыми мәліметтер бере алмайды. Ал ғылыми білім, заттар мен құбылстар жайындағы ақиқатты танып білу, олардың сыр – сипатын түсіну мәселелері себеп – салдар принциптерін ашып көрсету нәтижесінде ғана жүзеге аспақ.

ІІІ. Психологиялық құбылыстардың классификациясы

Жалпы психология – пихика дамуының жалпы заңдылықтарын, оны зерттеу әдістерін, теориялық принциптерін және оның ғылыми ұғымдардырының қалыптасу жүйесін зерттейді. Басқаша айтқанда, бұл ғылым – теориялық және эксперименттік психология деп те аталады. Жалпы психология – адамның танымы мен практикалық іс – әркеттерін, түйсіну мен қабылдауын, ес пен қилын, ойлау мен сөйлеуін, ерік жігері мен сезім күйлрін адамның өзін – өзі меңгеруінің жалпы заңдылықтарын қарастырады. Адамнң жеке басындағы өзіндік психологиялық ерекшеліктері болып саналатын мінезі мен темпераменттің, мінездегі жетекші ниет – тілектерді, қабылеті мен өнерді таңдай білуін т.б. ерекшеліктерін зерттейді.

Жалпы психология ғылымын зерттеу нәтижелері бұл пәннің барлық салалары мен тармақтарын дамытып отырудың іргетасы болып есептеледі. Сондықтан бұл пәнді оқып-меңгеруде мынадай негізгі үш мәселені бөліп қарастырамыз: а) психикалық процестер; ә) психикалық кейіп; б) психикалық қасиеттер немесе адамның дара психологиялық ерекшеліктері.

а) Психикалық процестерге, әдетте, адамның таным процестерін жатқызады. Олар – түйсіну, қабылдау (тітіркендіргіштердің сезім мүшелеріне тікелей әсері), ес, қайта жаңғырту процесі, қиял мен ойлау. Сөйтіп, сыртқы дүние шындығын тану, еріктік процестер (қажеттіліктің пайда болуы, ниет пен тілек), эмоциялық процестер.

ә) Психологиялық кейіп көңіл-күй мен аффекттерді, зейін (шоғырлануы мен шашырауы) және ерік (сенімділік пен сенімсіздік, күмәндану) сияқты т.б. жайттарды бейнелейді.

б) Психиалық қасиеттер әрбір адамның жеке басына тән психологиялық өзгешеліктер болып табылатын темперамент, мінез, қабілет арқылы дараланады. Қоғамдық-әлеуметтік жағдайда өмір сүретін адамдардың бүкіл болмысы мен жан дүниесінің сыры олардың даралық қасиеттері болып табылатын темперамент көрінісінен, мінез-құлық ерекшеліктерінен және қабілет бейімділігінен айқын байқалып тұрады.

Материалистік ілім психикалық процестер мен ерекшеліктерді органикалық дүниенің белгілі бір даму сатысында пайда болған қасиеті деп санап, оларды бейнелеудің жоғарғы формасы ретінде түсіндіреді. Психиканы айналадағы объективтік шындықтың біздің жоғары сатыда жетілген жүйке жүйемізде бейнеленуі деп таниды. Жануарлар дүниесімен салыстырғанда, адам дүниені бейнелеудің ең жоғары сатысы – санаға ие болады. Сана – тек адамға ғана тән қасиет. Адамның болмысты бейнелеудің ең жоғары сатысы – сана дәрежесіне көтерілуі, бір жағынан алғанда, оның жақсы жетілген жүйке жүйесінің қызметіне байланысты болса, екінші жағынан, адамның қоғамдағы қызметі мен еңбек тәжірибесіне байланысты.

Психика, сана – материяның ең жоғары түрде дамыған жемісі және әрекеті. Адамның объективтік дүниені бейнелеп танып білуі сезімнен тікелей абстрактілі ойға қарай дамиды, ал ойлаудың нәтижелері өмір тәжірибесі мен қоғамдық іс-әрекет арқылы тексеріледі. Осының нәтижесінде анықталған ақиқат болмыс пен оқиғаның бейнелері біздің ақыл-ойымыз бен санамызға әсер етіп, білім қорымыз бен танымымызды жетілдіреді. Сөйтіп, адамның дүниетанымы тікелей сезімдік танып білуден абстрактілі ойға, одан әрі қоғамдық тәжірибеге ұштасып жатады. Адамның таным әрекетінің бұл жолы материалистік бейнелеу теориясы деп аталады. Ал психика мен психологиялық қасиеттердің бәрі – адамның осы дүниетанымының санада із қалдырып, белгілі фактіге айналуы. Психиканы және оның жоғары түрде дамыған сатысы – сананы, адамның дара ерекшеліктерін зерттеу мәселелері – психология ғылымының басты міндеттерінің бірі.

Психология адам жан дүниесінің әрқандай қыры мен сырын зерттейтін пән болғандықтан, ол жан құбылыстарын ғылыми тұрғыдан жете түсінуге мүмкіндік береді. Мұндай түсінік адамның іс-әрекеттері мен жасампаздық іскерлігін өрістетіп отыруға жетелейді. Психология ғылымының рөлі өскелең буынға тәлім-тәрбие беру ісінде айқын көрінеді. Психологиялық таным процестері – түйсік, қабылдау, ойлау және сөйлеудің даму заңдылықтары – оқыту теориясындағы дидактиканы құруға, тәлім-тәрбие істерінің мазмұны мен ауқымын анықтауға, оқыту әдістерінғылыми негізде ұйымдастыруға, оқу құралдарын жасауға қажет болатын ғылыми тірек.

Адамның жеке басына тән психологиялық қасиеттердің бәрі – оқу-тәрбие арқылы, тіршілік ортасы мен қоғамдық жағдайға байланысты дамып, қалыптасып отыратын айқын ақиқат. Осы орайда, адамның жан дүниесінің қыр-сырын жандандыру, оның жеке басының қасиеттері мен сипаттарын жетілдіру, ұстаздар мен тәрбиешілердің таным процестері мен психологиялық заңдылықтарды жете білуі шәкірттерге тәлім-тәрбие беру жұмысын жеңілдетеді.

Адам өз психологиясының дамуы процесінде ақыл-ойын, сана-сезімін жетілдірді. Дене еңбегінің жеңілдетіп, оның нәтижелі болуы үшін қажетті құрал-саймандар жасап шығарып, тиісті амал-тәсілдерді меңгерді. Қазіргі заманда адам өзінің психикалық әрекетін жеңілдететін және оны нәтижелі ететін тәсілдерді ойлап табуды мақсат етуде. Ондай мақсат қазіргі кезде автоматика, телемеханика, радиотехника, электроника, бионика, ғарышкерлік және басқа ғылыми жетістіктердің салалары арқылы жүзеге асып отыр.

Әлеуметтік ортада азаматтың адамгершілік қасиеттері мен жеке басының қажеттері болып табылатын дүниетанымдық көзқарасын, мінез-құлқын, қабілетін, темперамент ерекшеліктерін жетілдіру – психология ғылымының басты міндеті. Жеке адамның жан дүниесі күллі адамзаттың сан алуан іс-әрекетімен тығыз байланысты болып отыратындығы бұл ғылымның түрлі салаларын оқып меңгеру мақсаттарына жол ашады. Сөйтіп, психология адамды өз басын меңгеру мен бойындағы қасиеттерін дұрыс бағалап, оларды дамытып отыруға баулиды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Жарықбаев. Жантану негіздері.
  2. Алдамұратов. Жалпы психология. Алматы, 1996.
  3. Бап-баба. Жалпы психология. Алматы, 2005.