Оқу-тәрбие процесінде балалардың жас ерекшелігін ескеру
Тақырыбы:
Оқу-тәрбие процесінде балалардың жас ерекшелігін ескеру
Мазмұны: КІРІСПЕ………………………………………………………………………………………………..3
І Бөлім Қазіргі кездегі оқу -тәрбие процесінде балалардың жас ерекшелігін ескерудің маңызы
1.1.Жас ерекшелік туралы түсінік………………………………………………….7
1.2. Педагогикалық процесте жасөспірім кезеңінің ерекшеліктері-
нің ескерілудің дидактикалық шарттары ……………………………………..10
1.3. Жеткіншек кезеңдегі балаларды оқу-тәрбие процесінде жас
ерекшелігін ескере отырып дамыту мен қалыптастырудың
негіздері……………………………………………………………………………………….15
ІІ Бөлім Оқу-тәрбие процесінде баладың жас ерекшелігін ескеруді қолдану әдістемесі
2.1 Оқу –тәрбие процесінде оқушылардың жас ерекшелігін ескеруді
ұйымдастырудың жолдары………………………………………………………….18
2.2. Оқыту және тәрбиелеу процесінде бастауыш сынып оқушы-
сының жас ерекшелігін ескерудің формалары……………………………23
2.3. Орта және жоғары сынып оқушыларының жас
ерекшеліктерін ескерудің әдіс-тәсілдері………………………………………29
ҚОРЫТЫНДЫ………………………………………………………………………………….. 34
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР………………………………………………………..36
КІРІСПЕ
Зерттеу көкейкестілігі: Адамның белгілі сипаты мен сапасын қалыптастырудағы тәрбиешілердің мақсат тәрбие белгілі бір жас мөлшеріндегі топқа бағытталған, осы арқылы сол топтың мүмкіндіктері мен міндеттері тәрбиенің әдістемелері қолданылады. Адам өмірінің мектепке дейінгі кезінде, жасөспірім шақта және әлеуметтік ортада қалыптасқан есейген шақ кезеңдеріндегі мінез-құлқы ерекшеленеді.
Жас мөлшерінің психологиясы курсында оқылатын жоғарыда айтылған жас мөлшерлік топтардың әрқайсысының сипаттамасын бұл тұста нақтылап қарастырмай-ақ, педагогтың әрбір жас мөлшері тобымен жүргізетін оқу-тәрбие жұмысында ескерілуі тиісті кейбір тәрбие ерекшеліктеріне тоқталамыз.
Жастарды өмірге және ұжымдық еңбекке тәрбиелеудің, әрбір жас адамның жеке тұлғасының өмірлік бағыт-бағдарын анықтайтын дүниетанымын қалыптастырудың қоғам алдындағы зор міндеттері мектепке жүктелген.
Тәрбие, шын мәнінде, жеке тұлғаның дамуы мен жалпы қоғамның негізгі мақсаты болып табылады және ол қоғамның әрбір мүшесінің жан-жақты дамуына жағдай жасауға бағытталған.
Белгілі бір жастағы балалардың жас мөлшері дегенде олардың көпшілігіне тән ерекшеліктер мен сипаттарды айтамыз. Бұл ерекшеліктерді педагогикалық процесте ескеру қажет және соған сәйкес оқыту, тәрбие берудің тиісті түрін, әдістемесін және тәсілін пайдалану керек.
Әрбір оқушының танымдық іс-әрекетінің, әсерленушілігінің, ерік-жігерінің, мінезінің, жүріс-тұрысының тек өзіне ғана тән сапалық ерекшеліктері болады. Демек, жеке ерекшелік — бұл, адамның өз басындағы қасиеттерінің бір-бірімен сәйкестікпен түйісуі, оның басқа адамдардан өзгешелігі осы қасиеттері арқылы көрініс табады. Әркім өзінің жеке даму жолын бастан кешіреді, ал ол оның бойына табиғат берген қасиеттерге және тіршілігінің жағжайына байланысты болады.
Мектеп оқушысының жеке ерекшелігі дегеніміз – оның жас мөлшеріне, жыныстық және рухани дамуына, жан-жақты тұтас жетілген жеке тұлғалық қасиетінің қалыптасуына органикалық жағынан байланысты өзіне тән ерекшелігі. Осыған орай олармен жеке жұмыс жүргізу педагогикалық процестің маңызды бөлігі болып табылады. Жеке жұмыс – бұл педагогикалық жұмыстағы бос сөзділікті жеңу және оның алдын ала іс-әрекет ұйымдастыру.
Жеке ерекшеліктерді есепке алу — бұл әрбір жеке тұлғаның қызығушылығын, бейімділігін, сапасын, қасиетін, талабын және мүмкіншілігін ескере отырып, өскелең ұрпақтың әлеуметтік қалыптасу процесінде сәтсіздіктер мен қателіктерді барынша кеміте отырып тәрбиелеуде педагогикалық құралдардың, әдістемелердің және түрлердің барлығын пайдалану.
Мектеп оқушыларының жеке ерекшеліктерін есепке алуда нерв жүйесінің қызметі, адамның темпераменті көп жағдайда ескеріле бермейді. Темперамент — бұл адамның психикалық қызметі мен мінез-құлқының қуатын анықтайтын жеке ерекшелігі. Сангвинник – еті тірі; флегматик – жәй, салмақты; холерик – қызба, шапшаң; меланхолик – ойлы, терең толғанысты.
Курстық жұмыстың мақсаты: оқу-тәрбие процесінде оқушылардың жас ерекшелігін ескерудің маңызын анықтау.
Курстық жұмыстың зерттеу объектісі: оқу-тәрбие процесінде оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеруді ұйымдастыру жүйесі.
Курстық жұмыстың зерттеу пәні: оқу-тәрбие процесінде оқушылардың жас ерекшелігін ескерудің әдістері мен түрлерін пайдаланудың тиімділігі.
Курстық жұмыстың міндеттері:
— Жас ерекшелік туралы түсінік;
— Педагогикалық процесте жасөспірім кезеңінің ерекшеліктерінің ескерілудің дидактикалық шарттары;
— Жеткіншек кезеңдегі балаларды оқу-тәрбие процесінде жас
ерекшелігін ескере отырып дамыту мен қалыптастырудың негіздері;
— Оқу –тәрбие процесінде оқушылардың жас ерекшелігін ескеруді
ұйымдастырудың жолдары;
— Оқыту және тәрбиелеу процесінде бастауыш сынып оқушысы-ның жас ерекшелігін ескерудің формалары;
— Орта және жоғары сынып оқушыларының жас ерекшеліктерін ескерудің әдіс-тәсілдері.
Зерттеу көздері: Зерттеу мәселесі бойынша педагог –ғалымдардың әлеуметтанушылардың, психологтардың еңбектері; ҚР «Білім беру туралы» Заңы; Елбасшысының халыққа жолдаған «Қазақстан — 2030» үндеуі; «Кәусар бұлақ» бағдарламасы; «Атамекен» бағдарламасы; Қазақстан Республикасында жалпы орта білім беру тұжырымдамасы; ҚР 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасының педагогикалық және жас ерекшелігі психологиясы теориялары, ұлттық тәлім-тәрбие туралы ғылыми зерттеулер мен теориялық әдебиеттері негіздеріне сүйеніп жасалған.
Зерттеу әдістері: тақырыпты зерттеу барысында қолданылған педагогикалық және психологиялық әдебиеттерге, ғылыми мерзімді басылымдарға ғылыми талдау жасау, педагогикалық эксперимент өткізу, анкета және интервью әдістері қолданылды.
Курстық жұмыстың құрылымы: курстық жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттерден тұрады.
Кіріспе бөлімінде осы тақырыптың көкейкестілігі, қоғамдағы ақыл-ой тәрбиесінің бірізділігі, оны зерттеуге ат салысқан ғалымдардың еңбектерінің құндылығы қарастырылды. Зерттеу жұмысының ғылыми аппараты, мақсаты, міндеттері әдістері объектісі мен пәні көрсетілді.
«Қазіргі кездегі оқу -тәрбие процесінде балалардың жас ерекшелігін ескерудің маңызы» деп аталатын бөлімде жас ерекшелік туралы түсінік, педагогикалық процесте жасөспірім кезеңінің ерекшеліктерінің ескерілудің дидактикалық шарттары мен жеткіншек кезеңдегі балаларды оқу-тәрбие процесінде жас ерекшелігін ескере отырып дамыту мен қалыптастырудың негіздері қарастырылады.
«Оқу-тәрбие процесінде балалардың жас ерекшелігін ескеруді қолдану әдістемесі» деп аталатын бөлімде оқу –тәрбие процесінде оқушылардың жас ерекшелігін ескеруді ұйымдастырудың жолдары, оқыту және тәрбиелеу процесінде бастауыш сынып оқушысы-ның жас ерекшелігін ескерудің формалары мен орта және жоғары сынып оқушыларының жас ерекшеліктерін ескерудің әдіс-тәсілдер қарастырылады.
І Бөлім Қазіргі кездегі оқу -тәрбие процесінде балалардың жас ерекшелігін ескерудің маңызы
1.1.Жас ерекшелік туралы түсінік
Жас ұрпақты өмірге және ұжымдық еңбекке тәрбиелеудің, әрбір жас адамның жеке тұлғасының өмірлік бағыт-бағдарын анықтайтын дүниетанымын қалыптастырудың қоғам алдындағы зор міндеттері мектепке жүктелген. Тәрбие шын мәнінде, жеке тұлғаның дамуы мен жалпы қоғамның негізгі мақсаты болып табылады және ол қоғамның әрбір мүшесінің жан-жақты дамуына жағдай жасауға бағытталған.
Белгілі бір жастағы балалардың жас мөлшері дегенде олардың көпшілігіне тән ерекшеліктері мен сипаттарды айтамыз. Бұл ерекшеліктерді педагогикалық процесте ескеру қажет және соған сәйкес оқыту, тәрбие берудің тиісті түрін, әдістемесін және тәсілін пайдалану керек.
Белгілі бір шақтық кезеңге тән анатомиялық-физиологиялық және психологиялық ерекшеліктерді әдетте жас ерекшеліктері деп атайды. Сондықтан педагогика балалардың жас ерекшеліктеріндегі ширақтықты, өзгерімпаздықты айқындайды, тәрбиеленушінің және қоршаған ортамен жасайтын қарым-қатынастар жүйесіне тәуелді болатынын атап көрсетеді. Балалардың өсіп-жетілуінің бір сатысынан екіншісіне көшуі кездейсоқ емес. Әр жастағы кезеңге тән психологиялық ерекшеліктердің ұштасуын жиі байқауға болады.
Сана-сезімнің, дене күш-қуаттарының дамуы адамдардың жас ерекшеліктеріне байланысты. Баланың жасы өскен сайын бойлары өсіп, денелері тұлғаланып, ақыл-саналары дамып, білімдері тереңдей бастайды.
Балалардың жас ерекшелігін есепке алу, оқыту мен тәрбие жүйесіндегі негізгі пинциптердің бірі. Қоғамда атқаратын рөлі, белгілі құқығы бар адамды жеке адам деп түсінеміз. Ал, қалыптасу дегеніміз – адамның жеке басының дамуы мен тәрбиенің нәтижесінде жетілуі, саналы өмір сүруге дайын болу.
Тәрбие ісінде балалардың жас ерекшеліктерін ескеріп отыру қажеттігін педагогика ғылымы ерте кезде-ақ көрсеткен еді. Ал, белгілі педагогтер Я.Коменский, Ж.Руссо тәрбие беру кезінде бала табиғатын, оның қабылдау, ойлау ерекшеліктерін еске алып отыруға үндеген болатын.
Қазіргі педагогика және психология ғылымдары балалар мен жеткіншектердің дамуындағы биологиялық фактордың рөлін айрықша көрсетеді. Педагогика ғылымы жас ерекшеліктерін анықтауға баланың дамуын үнемі қозғалыс үрдісі ретінде қарастыра отырып, бұл қозғалыстан сан жағынан жинақталу, ал сапа жағынан елеулі өзгерістер болатынын алға тартады. Мәселеге бұлайша қарау балалардың дене және психикалық дамуынан бірқатар кезеңдерін белгілеуге мүмкіндік береді. Осының негізіндегі мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдердің өсіп-жетілуін мынадай кезеңдерге бөлу қабылданды:
- Төменгі сынып шағындағы кезең (7 жастан 11 жасқа дейін);
- Негізгі мектеп шағындағы жеткіншектік кезең (12 жастан 15 жасқа дейін);
- Орта мектеп шағындағы жасөспірімдік кезең (15 жастан 18 жасқа дейін):
Белгілі бір шақтық кезеңге тән анатомиялық-физиологиялық және
психологиялық ерекшеліктерді әдетте жас ерекшеліктері деп атайды. Сондықтан, педагогика және психология балалардың жас ерекшеліктеріндегі ширақтылықты, өзгерімпаздықты, тәрбиеленушінің іс-әрекеті және өзін қоршаған адамдармен жасайтын қарым-қатынастар жүйесіне олардың тәуелді болатынын атап көрсетеді. Балалардың өсіп-жетілуінің бір сатысынан екіншісіне көшуі кездейсоқ емес. Әр жастағы кезеңге тән психологиялық ерекшеліктердіңұштасуын жиі байқауға болады. Жасөспірімдік шақтағы байыптылық жеңілтектікпен, табандылық ойнақылықпен қатар жүреді. Парасатты педагогтер өсудің осы қайшылықтарын талдап, балалардың өсіп-жетілуінің жаңа белгілерін атап, оларды жетілдіруге жан-жақты көмектеседі. Әр жастағы, оның ішінде төменгі мектеп жасындағы баланың бұдан бұрынғы дамуында жинақталып, оны өз кезегімен дамудың келесі сатысына көшуге дайындап отырады. Сондықтан бастауыш мектеп мұғалімі сынып оқушыларының ерекшеліктерін зерттей отырып, сол ерекшеліктерді мектепке дейінгі шағында қалыптасқан ерекшеліктерден
бөлек алып қарай алмайды.
Мектепте баланы оқыта бастау оның бүкіл өміріне түбегейлі, сапалы өзгерістер енгізеді. Алаңсыз балалық шақ аяқталып, жеті жасар баланың өміріне іс-әрекеттің жаңа түрі – оқу енеді. Оқу міндетті іс болып табылғандықтан, ол баладан белгілі бір жауапкершілік пен еңбек етуді талап етеді. Мектепке бару баланың қоғамдағы және отбасындағы жағдайын өзгертеді , оған тұтас бірқатар жаңа міндеттер жүктейді, сондай-ақ оған бірқатар құқықтар береді. Осының бәрі баланың қоғамдағы жағдайын өзгертеді де, ол бұл өзгерісті біртіндеп сезінеді.
1.2. Педагогикалық процесте жасөспірім кезеңінің
ерекшеліктерінің ескерілудің дидактикалық
шарттары
Педагогикалық тәжірибеде баланың жан-жақты дамуы мен мінез-құлқы жағынан қалыптасуының жасөспірімдік шағы (10-15 жас) ең қиын кез болып есептеледі. Балалардың тәртібі нашарлап, сабаққа үлгерімі төмендейді, қыздар мен ұлдар арасындағы қарым-қатынас та қалыпты болмайды. Кейбір балаларда тіпті қоғамдық жатсыну әдеті пайда болады.
Жасөспірімдердің мінезіндегі мұндай қылықтардың негізі осы жастағы соматикалық және психикалық дамуда жатыр. Бұл кезде баланың бойы тез өседі. Жасөспірім шақтағы бойдың өсуі бұрынғыға қарағанда бір жылда екі есе шапшаңдықпен өсетін болады. Баланың бойының шапшаң өсуіне әртүрлі жағдайлар әсер етеді, мысалы, баланың ішетін тағамы, еңбек, спорт. Алайда, әсер ететін осы жағдайлардың өзінде де белгілі бір заңдылықтар болады, мысалы, баланың аяғы кеудесіне қарағанда жылдам өседі де ерекше ұзын сияқты болып көрінеді. Бала денесінің өсуіндегі осындай әркелкілік дененің басқа мүшелері мен органдарында да көрініс береді, мысалы,сүйек етке қарағанда тез өседі. Сүйектің өте тез өсуі кейде жанға батарлықтай ауыратыны байқалады, денесі құрысып, қатты мазасызданып, баланың берекесі кетеді. Соның әсерімен баланың мінезінде ашушаңдық, қызбалық пайда болады.
Жүректің көлемінің өсуі бойдың өсуін қуып жете алмайды, сондықтан да қан жүретін тамырлар әлдеқайда жіңішке болады, қан қысымы артады. Өсудегі морфологиялық тепе-теңдіктің болмауынан тамырдың соғуы да, жүректің жұмысы да қалыпты болмайды, басы ауырады, қаны аздылықтан тез шаршайтын болады.
Бала жасөспірім шаққа өткен кезде оның нерв жүйесінің құрылымы морфологиялық жағынан жетіліп болады. Оның одан әрі қарай дамуы ағзаның барлық қызметіне және екінші сигналды жүйенің жетілуіне бақылау жасауды күшейтеді. Балалық жастан өту нерв жүйесіне де оңайлыққа түспейді. Ағзаның тез өсуі әрі оның өсуінің бір қалыпты болмауы нерв жүйесінің өзара байланысы мен өзара қарым-қатынасының қайта құрылуына мәжбүр етеді.
Бастауыш сынып жасындағы бала әлемге ерекше қызығушылықпен, балалық аңғалдықпен қарайды, жасөспірім өзін қоршаған әлемге баға береді және оған деген өзінің қарым-қатынасын орнықтырады. Ол өмірдің тұрмыстық қарым-қатынастарына еніп, енді тек өзінің қажеттіліктерін қанағаттандыру бойынша ғана емес, сонымен бірге өзі теориялық жағынан игерген қағидалар бойынша қарым-қатынасқа түседі және адамдардың мінез-құлқын, қоғамдық құбылыстарды бағалауда ешкіммен ымыраға келмейтін, өз дегенім болсын дейтін әдет табады. Ол- айналадағының бәрінің сыншысы. Ол өзі жақсы көретін адамдардың кемшілігін де көргіш болады және сол үшін қиналады. Кез-келген жалғандық оның ызасын тудырады және көңілін қалдырады.
Біз өз алдына жеке қарастыратын әлеуметтендіру факторларының ішіндегі аса маңызды әрі ықпал ету күші басымы – қоғамның алғашқы ұжымы болатын — отбасы, бала оның ықпалын бәрінен бұрын, тез қабылдағыш қасиеті артып тұрған кішкентай кезінде ерекше сезінеді. Отбасы жағдайы, оның әлеуметтік деңгейі, ата-аналарының айналысатын кәсіптері, материалдық жағдайы және олардың білім деңгейі баланың өмірлік жолын айқындайды. Балаға ата-аналар беретін саналы және мақсатты тәрбиемен қатар, отбасының жағдайы да ықпал етеді және бұл ықпал өскен сайын, ол тіпті баланың тұлғалық қалыптасуында көрініс табады. Жасөспірімдік өтпелі кезеңнің ең басты үрдісінің бірі — жасөспірімнің бірі өз ата – аналарымен, мұғалімдерімен және жалпы үлкендермен, құрбыларымен, барлық жағдайы бойынша өзіне тең немесе тең еместерімен қарым – қатынасында қайта бейімделу байқалады. Бұл қайта бейімделу жағдайы бірте – бірте болуы мүмкін немесе аяқ астынан мінез көрсетеді. Жас өспірім үшін үлкендер мен өз қатарластары мәртебесінің деңгейі бірдей болмайтындығынан қайта бейімделу процесі әртүрлі көрініс береді.
Өз құрбыларымен қарым – қатынаста болуға деген қажеттіліктің орнын ата – аналары толтыра алмайды, ол баланың бойында 4-5 жасында басталады да, жасы өскен сайын дамиды. Құрбы – құрдстарымен қарым – қатынастың болмауы мектеп жасына дейінгі балалардың жеке тұлғалық коммуникативті мүмкіншіліктері мен ақыл ойының дамуының кешеуілдеуіне айтарлықтай әсерін тигізеді. Жасөспірімдердің мінез – құлықтары мен іс — әрекеттері өз мәні жағынан ұжымдық – топтық болып табылады.
Жасөспірімдерді өмір ортасының қарама – қайшылықтары қызықтырады, бұл жастағылардың қажеттілігі — өздерінің айналадағы адамдарға деген қарым – қатынасын, әлемдегі өзінің орнын табу. Ал бұл қажеттілік басқа адамдармен қарым – қатынастары қанағаттандырады. Бұл қажеттілікті қанағаттандыруда әдебиет пен өнердің атқаратын рөлі ерекше. Әдебиет жасөспірімнің алдына қойған адамзаттық қарым – қатынастардың, мінез – құлықтардың, сезімдердің аса бай да күрделі мәнін ашып береді: ол әрбір кейіпкерден өзін көретін болады, өзінің сезімдері мен құмарлық – құштарлықтарының дұрыстығына жауап іздейді. Ал музыка – адамның сезімдерінің әміршісі. Оның тілі толқу үстіндегі адамға түсінікті. Сондықтан да жасөспірімнің тыңдайтын музыкасына қатты көңіл бөлу керек.
Жасөспірімдер қоғамдық — өндірістік еңбекке қатысады. Ол тек еңбек арқылы ғана қоғамда өз орнын таба алады , өзін бекітеді. Білім жасөспірім үшін еңбектің басты ісі болып табылады. Өкінішке орай, кейбір жасөспірімдердің оқу пәндеріне деген ықыласының төмендеуінің әсерінен сабақ үлгерімі нашарлайды. Ғылым мен мәдениеттің әртүрлі саласымен қызыға айналысу негізінен жасөспірімдерге тән.
Жасөспірім өзіне дос болатын адамды өз ұжымындағы жолдастарының арасынан табады. Жасөспірімнің досы – ол тек бірге ойнайтын, жанжалдасып қалатын, татуласатын, бірге сапарға шығатын жолдас қана емес. Ол – жасөспірімнің екінші өзі, ол оның ойын білетін қызығушылықтары мен сезімдерінің куәгері және жақсы ниеттегі сыншысы. Ал жасөспірімдік шақтың орта тұсында қыз балалардың бойында ер балалардың арасынан, ер балалардың бойында қыз балалар арасынан дос табуға деген қажеттілік оянады. Осылайша ақылға салынған мақсатты қарым – қатынастағы достық қалыптасады, осыдан келіп жастық шақтың алғашқы махаббаты да оянуы мүмкін.
Жасөспірімдермен жұмыстағы негізгі педагогикалық идея: іс — әрекет түрлеріндегі жетістікке жағдай жасау, бұл сынып ұжымы алдында өзін — өзі сенімді ұстауына мүмкіндік береді; құндылықтарын қалыптастыру; мінез құлқы мен рухани дамуына қарым – қатынастарын ұлғайтады.
Жасөспірімдер тәрбиесі, бірінші кезекге, олардың физиологиялық дамуына байланысты белгілі бір қиындықтар туғызады, бұл олардың танымдық процесіне және тәрбиесіне ықпал етеді . Жасөспірімдердің физиологиялық даму ерекшеліктерін және бұл ерекшеліктердң баланың жетілуіне көрініс табуын, жақсы ортаның, мектеп ұжымындағы достары мен жолдастарының болуын ескере отырып дұрыс ұйымдастырылған тәрбие арқылы және отбасындағы жағдайы арқылы жасөспірімнің жеке тұлғасын қалыптастыруға педогогикалық басшылықтың шамасы жетеді.
Демек, осы жастағы оқушылармен жүргізілетін жұмыстың маңызды міндеті тәрбиешілердің мектептегі және мектептен тыс кездегі балалардың әрқайсысымен жеке жұмыс жүргізіп, қажетті әдептілікті сақтай отырып, педогокикалық ұстамдылық пен шыдамдылыққа негізделген қызметтерін дұрыс ұйымдастыру болып табылады. Жасөспірімдер өмірінде, әсіресе, 9 сыныпта, яғни, толық орта білім беру жолына таңдау жасайтын кезде, олардың бойында әртүрлі мамандықтарға, мектеп пәндерінің ішіндегі белгілі бір пәнге деген қызығушылығы пайда болады.
1.3. Жеткіншек кезеңдегі балаларды оқу-тәрбие процесінде жас
ерекшелігін ескере отырып дамыту мен қалыптастырудың
негіздері
Жеткіншектік кезеңнің шектері шамамен балалардың орта мектептің V-VШ сыныптарда оқитын кезеңіне сәйкес келеді де, 11-12 жастан 14-15 жасқа дейінгі аралықты қамтиды. Бірақ, жеткіншектік жастың іс жүзінде басталуы У сыныпқа көшумен тура келмей, бір жыл ерте немесе кеш болуы мүмкін. Жеткіншектік кензеңнің баланың дамуындағы ерекше орны, оның «өтпелі», «бетбұрыс», «қиын», «сыналатын» кезең деген атауларында бейнеленген
Жеткіншектің жеке басы дамуының аса маңызды факторы – оның өзінің ауқымды әлеуметтік белсенділігі, ол белгілі бір үлгілер мен игіліктерді игеруге, үлкендермен, жолдастарымен қарым-қатынас орнатуға бағытталады.
Жеткіншектік кезеңнің маңыздылығы адамның жеке басының моральдік, әлеуметтік негіздерін қолданады және олардың қалыптасуының жалпы бағыты белгіленеді. Бұл кезеңдегі дамудың сыналу көріністерінің пайда болуында биологиялық және әлеуметтік жағдайлардың ролі туралы теориялық талас жарты ғасырдан астам уақыттан бері болып келеді.
Жеткіншектер ерекшеліктері мен дамуының сыналу құбылыстарының биологиялық шарттастығы әртүрлі теорияларға негіз болды. Жеткіншектік шақтың басында балалар сырт пішіні жағынан да, мінез – құлқы жағынан да ересектерге ұқсамайды. Олар әлі де көп ойнап, көп жүгіреді, алысып-жұлысып , тентектіктер жасайды, көп жағынан әлі де бала болып жүріп, елеусіз есейеді.
Жеткіншектің жеке басындағы басты, өзіне тән жаңа құрылым оның өзі туралы «енді бала емеспін» деген түсініктің пайда болуы. Ол өзін ересекпін деп сезіне бастайды, ересек болуға және өзіне жұрттың осылай деп қарауына ұмтылады.
Мектеп пен оқу жеткіншектердің өмірінде үлкен орын алады. Оқу қызметіндегі олқылықтардың сырттай көріну дәрежесі әр түрлі болуы мүмкін. Жеткіншектер білімді, қатал, әділ, мейірімді де әдепті, сабақта жұмысты қарқынды ұйымдастырып, оған оқушыларды тарта білетін, барлық балалар үшін нәтижелі ете алатын мұғалімдерді бағалайды.
Жеткіншектік шақ — болашақ туралы балалық армандардың орнына өзінің мүмкіндіктері мен өмір жағдайларын ескере отырып, ол туралы ойлану басталатын, өз ниеті, іс-әрекетін жүзеге асыруға ұмтылу келіп шығатын кезең екендігін үнемі қаперде ұстауымыз қажет.
Жасөспірім кезеңнің көптеген теориялары бар. Жасөспірімдік шақ бала мен ересектің арасындағы аралық жағдайда болады. Баланың жағдайы оның ересектерге тәуелділігімен сипатталады, ересектер баланың өмірлік іс-әрекетінің басты мазмұны мен бағытын белгілейді.
Жасөспірімдік шақтың аса маңызды міндеттері — мамандық таңдау, еңбек пен қоғамдық-саяси қызметке даярлану, некелесуге, өз отбасын құруға әзерлену. Өзара байланысты бұл міндеттердің жүзеге асырылуы белгілі бір уақытты талап етеді. Барлығы мектеп оқушылары болатын жеткіншектердей емес, 15-17 жастағы жасөспірімдер, бұған қоса орта арнаулы оқу орындарының ( колледж, КТМ және т.б.) оқушылары болуы мүмкін.
Адамның жалпы ақыл-ой қабілеті 15-16 жасқа қарай әдетте қалыптасып болады. Сондықтан оның бала кездегідей шапшаң өсуі байқалмайды, алайда ол одан әрі жетіле береді. Жасөспірімдік шақ — жеке адамның толысуы мен қалыптасуының аяқталатын кезеңі. Жыныстық толысуға байланысты өз ағзасы мен сырт келбетіндегі үлкен өзгерістер, өмірлік іс-әрекеттің күрделенуі байқалады. Жеке адамның өз мінез-құлқын үйлестіруге тиісті адамдар тобының ұлғаюы жасөспірім шақта бағалаушылық, бағдарлаушылық іс-әрекетін күрт арттырады. Сондақтан жасөспірімдік шақ ымырасыз келеді. Жасөспірімге өзін көрсетуге ұмтылу, өзін жан-жақты ашуға құштарлық тән.
Әрбір жас шағы психикалық дамудың ерекше сапалы кезеңі болып табылады және бала дамуының осы кезеңдегі жеке басының өзіндік құрылымының жиынтығын құрастыратын көптеген өзгерістермен сипатталады. Осыған байланысты әрбір педагог-маман орта мектеп оқушыларының жас кезеңдеріндегі өзіндік ерекшеліктерге сергек те сезімтал көзқараспен қарап, олардың жан дүниесін түсіне білуі шарт.
|
Мектеп пен оқу жеткіншектердің өмірінде үлкен орын алады. Оқу қызметіндегі олқылықтардың сырттай көріну дәрежесі әр түрлі болуы мүмкін. Жеткіншектерді білімді, әділ, мейірімді, сабақтағы жұмысты ұйымдастыра білетін мұғалімдерді бағалайды. Мұғалім міндеті – оқу материалдарын қайталау арқылы мағынаны есте сақтауға үйрету болып табылады.
Бұл жастағы балалар өнегелі адамдардың істерімен масаттанады.
Осы тұрғыдан баланың мінезін тәрбилеу, ықыласы мен қабілетін дамыту, мұқтаждарымен тілектерін қамтамасыз ету дұрыс педагогикалық ойларға негізделуі керек.
Осы ерекшелікті есепке ала отырып, тәрбие жұмысын тиімді етіп ұйымдастыру керек. Жеткіншектер қоғамға пайдалы істерге ықыласты, ұжымшыл, жолдастық, достық сезімге бай, кітап оқуға, кинофильмдерді көруге ынталы, спортты ұнатады.
ІІ Бөлім Оқу-тәрбие процесінде балалардың жас ерекшелігін ескеруді қолдану әдістемесі
2.1 Оқу –тәрбие процесінде оқушылардың жас ерекшелігін ескеруді ұйымдастырудың жолдары
Білім алу іс-әрекеті оқушы баланың өзіне бағытталған іс-әрекеттен тұрады. Бала тек білім алуды ғана емес, сонымен бірге оны қалай меңгеруді де үйренеді. Жазу, есептеу. Оқу және тағы басқаларына үйрену арқылы бала өзін-өзі өзгертіге қарай бағыттай алады, яғни, ол іс-әрекеттік және ақыл-ойлық қажетті әдістерді (оны қоршап тұрған мәдениетьке тән) меңгереді. Рефлекциялы түрде, яғни, өз санасы арқылы өзінің психологиялық күйіне ой жүгіртіп, ол өзін бұрынғы және бүгінгі қалпымен салыстыра алады. Өзіндік өзгерістері өз бойындағы жетістіктері арқылы қадағаланады және айқындалады.
Білім алу іс-әрекетіндегі баланың маңызды әрекеті – бұл оның өз-өзіне деген рефлекциясы, жаңа жетістіктерін және болған өзгерістерді қадағалай алуы. «Бұған дейін қолымнан келмеді – енді келеді», «Бұған дейін жасай алмадым – енді жасаймын», «Бұрын қандай болдым – қазір қандаймын», міне, бұлар қол жеткізілгендер мен өзгерістердің терең рефлекциясы қорытындысына берілген негізгі бағалар. Баланың өзін-өзі үшін өзгеріс мәні және осы өзгерістерді өзі үшін жүзеге асыратын субъекті бола алуы өте маңызды. Егер бала өзінің өрлеуіндегі оқу іс-әрекетінің, өзін-өзі дамытудың жетілген түрінің рефлекциясынан қанағат алса, демек, бала оқу іс-әрекетіне психологиялық жағынан толықтай кірісті деген сөз.
Бастауыш сынып жасы – бұл айналадағы өзге әлемді баланың өз бойына сіңіре бастау, білім жинақтау, осыларды басымдылықпен игеру кезеңі болып табылады. Осы бір аса маңызды өмірлік функцияны табысты орындау баланың өзіне тән бейімділігінің осы жаста қалыптасуына қолайлы жағдай жасайды, яғни, ол мынадай бейімділіктер: адамның беделіне зор сеніммен қарауы, кездесетін барлық жағдайларды тез қабылдап, оған тез әсерленгіштігі, аңғал да ойын баласының қарым-қатынасы. Бастауыш сынып жасындағы балалардың бойындағы осы аталған бейімділіктердің әрқайсысы тек жақсы жақтарымен ғана көрініс табады, ал ол осы жастағы балаларға ғана тән қайталанбас ерекшеліктер болып табылады.
Бастауыш сынып жасындағы балалардың кейбір ерекшеліктері жылдар сайын жойылып отырады, кейбір ерекшеліктерінің маңызы өзгереді. Мұндай жағдайдың балалардың бойында көрініс табуы олардың жас ерекшеліктеріне қарай әртүрлі деңгейде болатынын атап көрсету қажет. Міне, балалардың танымдық мүмкіндіктеріне өзіміз қарастырған осы ерекшеліктер зор ықпал етеді және ол баланың жалпы дамуының келешегінің алғы шарты болып табылады.
Бастауыш сынып жасындағы бала үшін ең маңыздысы — педагог. Балаға қарап жылы жүзбен жымиюдың аса маңызды әсері туралы И.М.Юсупов былай дейді: -«Педагогикалық қарым-қатынаста балаға қарап жымию баламен диалогтың ең қажетті құралы болып табылады. Сөйлесетін адамың неғұрлым кішкентай болса, ол өзінің іс-әрекетіне үлкендердің соғұрлым үнсіз де жылы жымиысына баға беруін қажетсінеді. Тек қана оқу процесінде емес, жай қарым-қатынастарда да бастауыш сынып жасындағы балалар мен жасөспірімдерді жылы жымиыспен ынталандырудың маңызы зор. Сондықтан да педагогтың вербальды емес қарым-қатынаста өз бет әлпетінің жылылығымен әсер етуге сараңдығы бала мен педагог арасындағы онсыз да үлкен жас айырмашылығын одан сайын қашықтатпақ».
Оқу іс — әрекетінің жағдайында бала қиялына арнайы талаптар қойылады, олар бала қиялынөз күшімен әрекет етуге ұмтылады. Мұғалім сабақта балаларға заттардың, бейнелердің, белгілердің қайта пайда болу жағдайын көз алдарына елестетіп көруі жөнінде тапсырма береді. Бұл оқу талаптары бала қиялының дамуына мүмкіндік береді, алайда оны арнайы құралдармен пысықтап отыруға тура келеді, әйтпесе баланың өз қиялын өз күшімен ілгері жылжытуы қиын болады. Ол құралдар заттар, схемалар, макеттер, белгілер, графикалық бейнелер және т.б. болуы мүмкін.
Әртүрлі оқиғалар, «өлеңдер» ұйқастыру, ертегілер ойлап табу, түрлі кейіпкерлерді ойлап табу, бейнелеу, арқылы бала өзіне белгілі оқиғаларды, өлең жолдарын, графикалық бейнелерді өзі де байқамастан айта бастауы мүмкін. Баланың өзіне белгілі оқиғаларды әдейі бір – біріне қосып, өз кейіпкерінің сапалық жақтары арқылы жаңа бейнелер жасауы да жиі кездеседі. Егер баланың сөйлеу және қиялдай алу қабілеті жетілген болса, егер ол сөздің мәні мен мазмұнынан пайда болған рефлексіне көңілі толса, онда ол кәдімгідей мәні бар мазмұндағы оқиғаларды айтып, тіпті, өзінің ойлап табушылыққабілетінен шабыт алып, басқа адамдарды да қосып жаңасын ойлап тауып, оны әңгімелеп бере алатын болады. Бала өз қиялында қауіпті де үрейлі жағдайларды да тудыра алады. Ең бастысы – тапсырманы орындаудағы қиындықты жеңу, дос табу, жарыққа шығу, қуанышты сәтті бастан кешіру. Қиялдағы оқиғаны жасау және оны өрістету кезінде санаға түсетін салмақ, мазмұнды басқару, кейіпкерлердің әрекетін тоқтату және оған қайта оралуәрекеттері бала қиялын ерікті шығармашылық қызмет ретінде жаттықтырады.
Ақыл-ойдың дамуына оқу іс-әрекеті ерекше әсер етеді. Әсіресе оқу жүйесінде сөйлеу қабілетін меңгерудің және дамытудың айқындауыштық маңызы бар. Сөйлеу қабілетін бағдарлама бойынша дамыту мақсатында баланы оқытудың және дамытудың мынадай түрлері болады; біріншіден, нормаға сәйкес әдеби тілді меңгеру, екіншіден, оқи және жаза алу. Оқи білу де, жаза білу де – тіл жүйесіне, оның фонетикасына, таңбалануына, лексикасына, грамматикасына, орфографиясына сүйенетін сөйлеу дағдылары. Үшіншіден, оқушылардың сөйлеу мәдениетінің белгілі бір талап деңгейіне сәйкес келуі, яғни, ол оқушы деген атқа ие болғандықтан да сол деңгейден төмен болмауы тиісБастауыш сынып жасындағы бала үлкендердің сөзін бірте-бірте толық және дәл қабылдау, өз бетінше оқып, радио тыңдау дәрежесіне жететін болады. Ол сөз әлеміне қиындықсыз араласып, оның мазмұның бағамдай алатын болады, яғни, әңгіменің не туралы болып жатқаның ұғынып, сөздің негізгі тақырыбының дамуын қадағалап, соған сәйкес сұрақтар беруге және диалог құруға шамасы жететін болады. Бала өзінің сөздік қорын ынталы түрде кеңейтуге ұмтылып, өзі үйренген сөздер мен сөз тікестерін жиі пайдалануға, қарапайым грамматикалық түрлер мен құрлымдарды меңгеруге тырысады. Мұның бәрі баланың сөйлеу қабілетінің дамуындағы жетістіктер.
Төменгі сынып оқушылары біртіндеп оқу ісіне, мектептің сан-салалы өміріне бауыр басып, өздерінің түсініктерін кеңейтіп, сөздік қорын молайтады, оқуға, жазуға, санауға үйренеді. Оқытудың алғашқы сатысында олардың өмірлік тәжірибелері молая түседі. Бірлесіп оқу, жалпы оқу тапсырмаларын шешу, мінез-құлықтың жаңа ережелері мен нормаларын игеру балалар арасында қарым-қатынастардың қалыптасуына жағдай туғызады.
Төменгі сынып оқушыларының ойлауын дамытуда да екі негізгі саты байқалады. Бірінші сатыда, олардың ойлау әрекеті көбіне мектеп жасына дейінгі баланың ойлауын еске түсіреді. Екінші сатыда, І-П сыныптың оқушылары кейде заттар мен жағдайларды олардың қандай да бір жеке сыртқы белгісі бойынша бір жақты бағалайды. Олардың өсе келе ойлау сипаттары өзгереді. Төменгі сынып оқушыларының даму ерекшеліктері жеті жастағы балалардан басталады. Бұл оқушылар білуге тым әуесқой болғандықтан, олардың табиғат құбылыстары туралы, адамдардың өмірі туралы көп білуге деген құмарлығын мұғалімдерге қанағаттандыру өте қиын. Олардың маңызды бір ерекшелігі сезімдік көңіл-күйінің көтеріңкілігі болып табылады. Оқушылар ересек адамдармен, өзінің құрдастарымен қарым-қатынаста болуды айрықша қажет етеді. Төменгі сыныпта өһзіне-өзі қызмет етудің әдеттері мен дағдылары, үлкендердің еңбегін құрметтеу, адам өміріндегі еңбектің рөлін түсіндіру, дене еңбегіне даяр болу, өзін қоршаған дүние туралы ұғымдар қоры, қажетті іс-әрекет икемділігі қалыптасады.
Төменгі сынып оқушысын дамыту және тәрбиелеудің
ерекшелігі
|
|
|
|
||||
2.2. Оқыту және тәрбиелеу процесінде бастауыш сынып оқушысының жас ерекшелігін ескерудің
формалары
Бастауыш сынып жасындағы баланың салмағы бір жылда 2-2,7 кг. өседі. 6 жастан 12 жасқа дейінгі аралықта бала денесінің салмағы екі есе артып, 18 килограммнан 36 килограмға дейін артады. Осы жаста бала миының көлемі де ұлғаяды, яғни, ол 5 жаста үлкен адам миының 90 пайызындай болса, 10 жаста 95 пайызына тең болады.
Нерв жүйесінің жетілуі де жалғасады. Нерв клеткалары арасында жаңа байланыстар түзіліп, мидың жарты шарында икемділік күшейеді. 7-8 жаста жарты шарды жалғап тұрған нерв талшықтары жетіле түседі және олардың өзара қарым-қатынасының арта түсуін қамтамасыз етеді. Нерв жүйесіндегі бұл өзгешеліктер баланың ақыл-ойы дамуының келесі кезеңінің ірге тасы қалануына негіз болады.
Баланың білім алудағы іс-әрекеті де, бұған дейінгі барлық іс-әрекеттер (манипуляциялық, пәндік, ойын арқылы) сияқты, оған ену тәжірибесі арқылы бірте-бірте дамиды.
Бала мектеп табалдырығын аттағаннан кейін, оның әлеуметтік жағдайы өзгереді, бірақ ішкі әлемі, психологиясы әлі мектепке дейінгі қалыпта болады. Баланың ең негізгі іс-әрекеті әлі де ойын, сурет салу, ойыншықтарды құрастыру болып қала береді. Оқу іс-әрекеті әлі де дамуды қажет ететін деңгейде болады. Оқу іс-әрекетіндегі, тәртіп сақтаудағы қажетті іс-әрекетке еріктілік беру алғашқы кездерде ғана мүмкін болады, бұл кезде балаға жақын арада істелінуі тиіс мақсаттар және оның күш салуын қажет ететін тапсырмалардың мөлшерінің аздығы түсінікті болады. Оқу іс-әрекетіне ерікті түрде назар аударту ол балаға жеңіл тиеді.
Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап, баланың алдына оқу іс-әрекетінің шарттарын қойса, бұл баланың шын мәнінде оқу іс-әрекетіне тез араласып кетуіне (бұл жағдайда ол білімді алуға қалыптасқан) себеп болады немесе өзінің шамасы келмейтін оқу тапсырмаларының алдында сасқалақтап, бірте-бірте өзіне деген сенімін жоғалтады, мектепті және оқуды ұнатпаушылық сезімін оятып, бұл тіпті баланың бойындағы әдетке айналады. Тәжірибеде бұл екі вариант та типтік болып табылады: білім алуға дайын тұрған балалардың саны да, бұл жағдаймен оқуға шамасы жетпейтін балалардың саны да өте жоғары.
Оқу іс-әрекетінің жағдайында балаға оның ойын емес екендігін түсіндіруге тырысу керек, сонда ғана ол оқуға атүстілікпен емес, ынтамен, шын көңілмен назар аударып, өзін-өзі шынайы өзгертуге үйренеді. Балалар ойынға құрылған тапсырмалар мен оқу тапсырмаларын айыра біліп, оқу тапсырмаларына құлқы болса да, болмаса да оны қалай да орындауы керектігін білуге үйренуі керек. Әрине, ойын баланың белсенді өмірінің аясынан шығып қалмауы тиіс. Балаға оның енді «үлкен» екендігін, кішкентай балалар сияқты ойыншықтармен ойнап отыру ұят деген сияқты сөздерді айтуға болмайды. Ойын тек қана балалықтың ғана іс-әрекеті емес, ол барлық жастағы адамдардың бос уақыттарында айналысып, көңіл көтеретін құралы. Әдетте бала адамдардың әлеуметтік қарым-қатынасы жүйесіндегі өзінің жаңа орнында ойынның мәнін бірте-бірте түсіне бастайды, әрі ойнағанда да аса бір құштарлықпен ойнайтын болады. Ойнай жүріп бала өзіне аса маңызды әлеуметтік дағды қалыптастырады. «Балалар қоғамының» рөлі мен ережелері үлкендер қоғамының қалыптасқан ережелері туралы білуіне мүмкіндік жасайды. Ойын үстінде ынтымақтастық пен бәсекелестік сезімі қалыптасады. Ал әділеттілік пен әділетсіздікке көз жеткізу, теңдік, лидерлік, бағыныштылық, адалдық, сатқындық әрекеттері баланың бойындағы жеке тұлғалық қасиеттерді қалыптастырады.
Мектепте оқыта бастағанда баланың ойлау жүйесі өзінің эгоцентризмімен, белгілі бір мәселелерді дұрыс шешуге қажет болатын білімінің жоқтығынан ойлау үрдісінің ерекше болуымен назар аудартады. Мысалы, бала өзінің білімдік тәжірибесінде заттардың ұзындығы, көлемі, салмағы сияқты ерекшеліктерін онша түсіне бермейді.
Білімінде жүйеліліктің жоқтығынан, түсініктерінің жеткілікті түрде даму дәрежесіне жетпегендігінен ойлау жүйесінде көріністі тек қана қабылдау логикасы басым болады. Мысалы, судың, құмның, пластилиннің және т.б. бірдей мөлшерін ыдысқа салғанда, ол заттардың сол ыдыстың қалыбын алғанын көріп тұрып, бірақ ноы бағамдау баланың қабілеті жетпейді. Балалар ол заттардың әрқайсысының өзгерісін көрген сәтіндегі әр жағдайға тәуелділікте болады. Алайда бала төменгі сыныптардың өзінде-ақ кейбір деректерді салыстыра алатын, оларды біртұтас кескінде көре алатын, тіпті өз деңгейінде тікелей көздерден алыс жатқан абстрактылы білім қалыптастыруға қабілеті жететін дәрежеде болады.
Үлкен адам сөзбен айту арқылы баланың назарын белгілі бір нәрсеге бұрып, ұйымдастыра алады. Ол оған тапсырманы орындаудың қажет екендігін түсіндіреді және оны қалай жасау керектігінің әдісін де айтады (Балалар, альбомдарыңды ашыңдар. Қызыл қарындашты алыңдар да қағаздың сол жақтағы бұрышына, міне, мына жерге дөңгелек сызыңдар және т.б.).
Бастауыш сыныптағы бала белгілі деңгейде өзінің атқаратын жұмысын өзі де жоспарлай алады. Мұндай кезде ол не істеу керек екендігін және неден кейін нені орындау керек екендігін өзіне-өзі күбірлеп айтатынын да байқаймыз. Бұлайша жоспарлау, сөз жоқ, баланың назарын жүйелеп, ұйымдастырады. Алайда, бала төменгі сыныпта жүрген кезінде-ақ өзінің мінез-құлқын өзі үйлестіре алады десек те, оның назарының өз еркінен тыс басқа жаққа тез ауып кету жағдайлары көбірек болады. Балаларды біртектес, тез жалықтыратын немесе қызғылықты болса да, бірақ ойлануды қажет ететін жұмыстар тез жалықтырады. Ал бала назарының анда-санда басқа жаққа ауып отыруы оны тез шаршаудан сақтайды. Бұл ерекшелік ойынның сабаққа кірісуге мүмкіндік беретін маңызды элемент екендігін көрсетеді және іс әрекетті жиі алмастырып отыру керек болатынын дәлелдейді. Төменгі сыныпта оқитын балалар интелектуальды тапсырмаларды назарында ұстауға қабілетті, алайда бұл ерекше ерік – жігерді және үлкен ұйымдастырушылықты қажет етеді.
Тіл меңгеру базасында жаңа әлеуметтік қатынастар пайда болады, олар баланың ойлау жүйесін байытып және өзгертіп қана қоймайды, сонымен бірге, оны жеке тұлға ретінде қалыптастырады. Бала мектепке барған кезден бастап, оның сезімталдық дамуы оны қоршаған сырт адамдарға және оның сырттан алған тәжірибесіне қатысты болады.
Баланың үрейленуі өзін қоршаған ортаны қабылдауынгың санада сәулеленуі болып табылады, ал қоршаған орта бала үшін біртіндеп кеңейе береді. Үрейдің негізгі бөлігі отбасындағы, мектептегі және өз құрбылары арасындағы жағдайлардан құралады. Өткен уақыттағы адам түсіндеріп бере алмайтын және ойдан құрылған қорқыныштары бірте-бірте күнделікті тіршіліктің толып жатқан саналы мәселелерімен алмасады. Ал баланың үрейленуіне негіз болатын алда тұрған сабақ немесе укол, тіпті түрлі табиғи құбылыстар немесе жора-жолдастарының арақатынасы болуы да мүмкін.
Сабақ алдында үрейлену әдеті пайда болған баланы тез арада мектепке қайтару керек болады. Басы ауырып тұрғанына немесе басқа да сәл нәрсені сылтау еткеніне ерекше көңіл аудару сол белгілердің күшейіп кетуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Кейде тіпті баланың көңіл-күйінің жоқтығы мен шағымына көңіл аудармау керек болады.
Бастауыш сынып жасындағы балалардың ішіндегі ер балалардың 5-8 пайызының, қыз балалардың 1 пайызының ерекше белсенділігі байқалады, бірақ бұл әзірге психикалық ауытқу емес. Алайда бұл жағдай баланың эмоционалдық, ақыл-ой, интеллектуалдық дамуының кешеуілдеуімен қатар жүреді. Мұндай мінез-құлық жүйкеге күш түсуінен пайда болуы да мүмкін және ол баланың жүйкесін ерекше қоздырып жібереді. Аса белсенді балалар берілген тапсырмаларды орындауда қатты қиналады, себебі оларға өз назарын бір жерге аударып, тыныш отыру өте қиын. Мұндай балалар, әдетте, ата-аналар мен мұғалімдердің ерекше назарында болуы керек.
Мектеп оқушыларында болатын ерекше белсенділіктің себебі әлі күнге дейін толық анықталған жоқ, бірақ көптеген жағдайларға байланысты белгілі бір пайымдаулар айтылып жүр. Мысалы, сарапшылар мұндай жағдайды орталық нерв жүйесінің генетикалық әсерімен түсіндіреді. Көптеген зерттеушілер оның себептерін күнделікті ішіп жүрген тағамнан, баланың өзінің ерік-жігерінен, оның өрескел қылықтарына қолдау көрсетушіліктен іздейді. Бүгінгі таңда мұндай келеңсіз жайттардың алдын алу мен емдеудің түрлі әдістемелері қолданылып жүр. Кейбір дәрі-дәрмектер белсенді балаларды тыныштандырады. Сондай-ақ кең таралған әдістің бірі – тағамның құрамынан қантты, жасанды дәмдеуіштер мен тағамға қосылатын заттарды алып тастау арқылы диета қолдану. Баланың мінез-құлқына ата-ана мен мұғалімдер тарапынан үнемі және табанды бақылаудың жасалуы және сыртқы әсерді, мысалы, қоғамдық орындарда көңілді тыныштандыратын көгілдір жарықтың түсірілуі жақсы нәтиже береді.
Осы және осыған ұқсас басқа да әдістемелер баланың бойындағы ерекше белсенділікті бәсеңдетуге мүмкіндік береді, ал бұл өз кезегінде оқушының сабақ үлгерімін жақсартуына, сыныптағы, үйдегі, көшедегі мінез-құлқының жақсаруына себеп болады. Әрине, емдеудің бірыңғай тәсілі жоқ. Бұл жағдайда мамандар оны емдеудің бірнеше тәсілін бір мезгілде қолданады, бәлкім, оған жүйелі түрде қарау керек шығар.
Мектепке барған алғашқы жылдарында балалар әлі де үлкендер тарапынан қамқорлықты қажет етіп тұрса да, бірте-бірте ата-аналарынан өздерін алшақ ұстайды. Балалардың ата-аналарымен қарым-қатынасы, отбасының құрылымы және ата-аналардың өзара қарым-қатынасы балаға қатты ықпал етеді, алайда, сыртқы әлеуметтік ортамен араласының кеңеюіне байланысты енді оларға үйден тыс жердегі ықпал етуі күшейе бастайды.
Мектеп оқушыларының өз арасындағы қарым-қатынастары үнемі өзгеріп отырады. Баланың 3 жастан 6 жасқа дейінгі аралықтағы қарым-қатынастары негізінен ата-аналардың бақылауында болатын болса, 6 жастан 12 жасқа дейінгі аралықта мектеп оқушылары көп жағдайда ата-ана назарынан тыс қалады. Бастауыш сынып жасындағы балалардың достық қарым- қатынастары негізінен қыз бала мен қыз баланың, ер бала мен ер баланың арасындағы достыққа әкеледі. Ата-аналарымен арасындағы байланыстың бұрынғыға қарағанда босаңсығаны себепті бала енді өзінің жоро-жолдастарының қолдауына көбірек сүйенетін болады. Сонымен бірге оған енді өзінің эмоционалдық қауыпсіздігін де қамтамасыз етуіне тура келеді. Демек бала үшін өз құрбы-құрдастары өзіндік бір рөл атқара бастайды, яғни, ол соларға қарай отырып, бұдан әрі қарай ата-анасы көрсеткен жолдың ішінен қайсысын алу керек, ал қайсысынан бас тарту қажеттігін таңдай бастайды. Мектеп жасындағы балалар әдетте жынысына, өз отбасының әлеуметтік-экономикалық мәртебесіне қарай өзіндік топтарға бірігеді. Осылайша бастауыш сынып жасы маңызды жағдаймен, яғни, бланың мектепке баруымен айқындалады. Мектептегі жаңа әлеуметтік жағдай бала өмірінің бұрынғы өзі үйренген қалыбынан гөрі тереңдеу әсер береді, әрі баланың жүйкесіне салмақ түсіреді.
2.3. Орта және жоғары сынып оқушыларының жас
ерекшеліктерін ескерудің әдіс-тәсілдері
Мектеп пен оқу жеткіншектердің өмірінде үлкен орын алады. Оқу қызметіндегі олқылықтардың сырттай көріну дәрежесі әр түрлі болуы мүмкін. Жеткіншектерді білімді, әділ, мейірімді, сабақтағы жұмысты ұйымдастыра білетін мұғалімдерді бағалайды. Мұғалім міндеті – оқу материалдарын қайталау арқылы мағынаны есте сақтауға үйрету болып табылады.
Бұл жастағы балалар өнегелі адамдардың істерімен масаттанады.
Осы тұрғыдан баланың мінезін тәрбилеу, ықыласы мен қабілетін дамыту, мұқтаждарымен тілектерін қамтамасыз ету дұрыс педагогикалық ойларға негізделуі керек.
Осы ерекшелікті есепке ала отырып, тәрбие жұмысын тиімді етіп ұйымдастыру керек. Жеткіншектер қоғамға пайдалы істерге ықыласты, ұжымшыл, жолдастық, достық сезімге бай, кітап оқуға, кинофильмдерді көруге ынталы, спортты ұнатады.
Жоғары сынып оқушыларының өмір ортасының қарама –қайшылықтары қызықтырады, бұл жастағылардың қажеттілігі — өздерінің айналадағы адамдарға деген қарым – қатынасын, әлемдегі өзінің орнын табу. Ал бұл қажеттілік басқа адамдармен қарым – қатынастары қанағаттандырады. Бұл қажеттілікті қанағаттандыруда әдебиет пен өнердің атқаратын рөлі ерекше.
Әдебиет жоғары сынып оқушыларының алдына қойған адамзаттық қарым – қатынастардың, мінез – құлықтардың, сезімдердің аса бай да күрделі мәнін ашып береді: ол әрбір кейіпкерден өзін көретін болады, өзінің сезімдері мен құмарлық – құштарлықтарының дұрыстығына жауап іздейді. Ал музыка – адамның сезімдерінің әміршісі. Оның тілі толқу үстіндегі адамға түсінікті. Сондықтан да жасөспірімнің тыңдайтын музыкасына қатты көңіл бөлу керек.
Жоғары сынып оқушылары «Неге» деген сұраққа үнемі және табанды түрде жауап іздейді және берілген жауаптың жеткіліктілігіне әрі негізділігіне өз күдігін білдіріп отырады. Олардың ойлау қызметі әлдеқайда белсенді және еркін. Олар мұғалімдерге сын көзбен қарайды. Пәннің қазақтылығы туралы жастардың түсінігі жасөспірімдерге қарағанда басқаша: егер алтыншы сыныпта оқитын пәннің сыртқы мәнін бағаласа, тоғызыншы сыныпта өзінше ойлануды талап ететін пәндер қызықтырады. Олар бір нәрсені қорыта айтуға, жеке деректердің негізінде жатқан жалпы қағидалар мен заңдылықтарды іздеуге құштар.
Жастық шақтағы маңызды психологиялық процесс — өзіндік ақыл-ойдың және өзіндік «Меннің» бейнесінің қалыптасуы болып табылады.
Жастықтың психологиялық құндылығына ие болу деген сөз — өзінің ішкі әлемін ашу деген сөз. Өзінің ішкі әлемін ашу — бұл аса маңызды да, қуанышты, жан толқытарлық жағдай, бірақ ол сонымен қатар көңілді алаңдататын және қақтығысқа толы шақтарды да бастан кешіру деген сөз. Сананың толығуымен бірге өзінің ғайыптылығымен, қайталанбастығымен, басқа сезімдерден өзгешелігімен ерекшеленіп жалғыздық сезімі пайда болады. Жастық шақтағы «мен» әлі толық анықталмаған, бұлыңғыр сезім, ол көп жағдайда ішкі дүниесі бос қалғандай әсерде болып, оны болықтыруды қажетсінетіндей сезімге келеді. Осыдан келіп басқалармен араласуға деген құштарлық, сонымен бірге кіммен қарым-қатынаста болудың да таңдалуы пайда болып, оңаша болуды қалайды.
Үлкендермен қарым-қатынасы жастық шақтың ең маңызды мәселесі болып табылады, оның әлеуметтік және психологиялық та жағы бар. Ал оны дұрыс жолға қою үшін, жас айырмашылығын және қарым-қатынаста болатын, бірақ әрқайсысы өмір жолының әр кезеңінде келе жатқан адамдармен өз арасындағы айырмашылықты шектеуді қажетсінеді. Мұндай айырмашылықтар әр түрлі және өзіндік қасиеттер мен қарым-қатынастарды қамтиды. 16 жастағы жігіт өзінің мүмкіндіктері жағынан да, өз қазағышылықтарымен де, қоғамдық жағдайымен де 36 жастағы ер адамнан қашанда, қай жерде болса да ерекшеленіп тұрады.
Жыныстық жетілу-өтпелі кезеңнің ең өзекті процесі. Жастық шақтың сексуалдығын зерттеу үш басты бағыттан тұрады.
Жыныстық мінез-құлық, яғни, жыныстық қатынастардың пайда болуы және жүзеге асырылуындағы қылықтары; психосексуалдық жағдайы және бағыт-бағдары, яғни, адамдардың жыныс мәселесіне, жыныстық моральдың нормаларына қатынасы.
Ер балалардың жыныстық жетілуі кешірек болады, бірақ қыз балаларға қарағанда тез дамып, шұғыл жетіледі. Ер балаларға жасөспірімдік «гиперсексуальдық» деп аталатын жағдай тән. Гиперсексуальдық кезең жыныстық жағынан жоғары қозғыштық және эротикалық қызығушылықтар болуымен ерекшеленеді. Ал қыз балаларда басқаша дамиды. Олар ер балаларға қарағанда ертерек жетілгенімен, оргазмдық белсенділігі ер балалардағыдай бірден дамып кетпейді, ол жәй және бірте-бірте дамып, өзінің пісіп-жетілу кезеңіне көптеген жалдардан соң ғана жетеді. Әйелдердің сексуалдығында ер адамдардағыға қарағанда психологиялық жағынан да өзгешелік бар. Қыз балаларда алғашқы кезде ер балалармен психологиялық жағынан қарым-қатынаста болу қажеттігі оянады, эротикалық қажеттілік кейін келеді. Сезімталдық пен нәзіктіктің ара қатынасы әйелдерде ер адамдарға қарағанда түбегейлі өзгеше.
Өмірлік қағида жеке тұлғаның дүние танымынан бөлек тұрмайды. Дүниетаным дегеніміз- бұл әлемге тұтас көзқарас, болмыстың жалпы қағидалары мен негіздері туралы түсінік жүйесі, адамның өмірлік философиясы, оның барлық білімінің жиынтығы мен қорытындысы.
Оқушылардың өз өмірінің келешегі мен жоспарлары, дүниетанымының негізі қалыптасады, өмірге деген өзіндік көзқарасы, өмірдегі өзінің орны айқындалады. Тәрбиешілер жүргізетін бұл кезеңдегі мақсатты тәрбие өзінің айқындаушылық қызметін атқаратын болса да, дәл осы кезде жеке тұлғаның өз белсенділігі, оның әр түрлі құбылыстарға баға беруі, әлеуметтік келеңсіздіктерге қарсы ықпал ете білуі айқын көрініс береді, тіршілік талап ететін және өзінің әлеуметтік байланыстары кеңеюіне орай міндетті түрде пайда болатын күрделі жағдайлардан шығудың дұрыс жолын таба біледі.
Жоғары сынып оқушыларының қоғамдық — өндірістік еңбекке қатысады. Ол тек еңбек арқылы ғана қоғамда өз орнын таба алады , өзін бекітеді. Білім жасөспірім үшін еңбектің басты ісі болып табылады. Өкінішке орай, кейбір жасөспірімдердің оқу пәндеріне деген ықыласының төмендеуінің әсерінен сабақ үлгерімі нашарлайды. Ғылым мен мәдениеттің әртүрлі саласымен қызыға айналысу негізінен жасөспірімдерге тән.
Жоғары сынып оқушыларының өзіне дос болатын адамды өз ұжымындағы жолдастарының арасынан табады. Жасөспірімнің досы – ол тек бірге ойнайтын, жанжалдасып қалатын, татуласатын, бірге сапарға шығатын жолдас қана емес. Ол – жасөспірімнің екінші өзі, ол оның ойын білетін қызығушылықтары мен сезімдерінің куәгері және жақсы ниеттегі сыншысы. Ал жасөспірімдік шақтың орта тұсында қыз балалардың бойында ер балалардың арасынан, ер балалардың бойында қыз балалар арасынан дос табуға деген қажеттілік оянады. Осылайша ақылға салынған мақсатты қарым – қатынастағы достық қалыптасады, осыдан келіп жастық шақтың алғашқы махаббаты да оянуы мүмкін.
Жоғары сынып оқушыларымен жұмыстағы негізгі педагогикалық идея: іс — әрекет түрлеріндегі жетістікке жағдай жасау, бұл сынып ұжымы алдында өзін — өзі сенімді ұстауына мүмкіндік береді; құндылықтарын қалыптастыру; мінез құлқы мен рухани дамуына қарым – қатынастарын ұлғайтады.
Жоғары сынып оқушыларының тәрбиесі, бірінші кезекге, олардың физиологиялық дамуына байланысты белгілі бір қиындықтар туғызады, бұл олардың танымдық процесіне және тәрбиесіне ықпал етеді . Жасөспірімдердің физиологиялық даму ерекшеліктерін және бұл ерекшеліктердң баланың жетілуіне көрініс табуын, жақсы ортаның, мектеп ұжымындағы достары мен жолдастарының болуын ескере отырып дұрыс ұйымдастырылған тәрбие арқылы және отбасындағы жағдайы арқылы жасөспірімнің жеке тұлғасын қалыптастыруға педогогикалық басшылықтың шамасы жетеді.
Демек, осы жастағы оқушылармен жүргізілетін жұмыстың маңызды міндеті тәрбиешілердің мектептегі және мектептен тыс кездегі балалардың әрқайсысымен жеке жұмыс жүргізіп, қажетті әдептілікті сақтай отырып, педогокикалық ұстамдылық пен шыдамдылыққа негізделген қызметтерін дұрыс ұйымдастыру болып табылады. Жасөспірімдер өмірінде, әсіресе, 9 сыныпта, яғни, толық орта білім беру жолына таңдау жасайтын кезде, олардың бойында әртүрлі мамандықтарға, мектеп пәндерінің ішіндегі белгілі бір пәнге деген қызығушылығы пайда болады.
ҚОРЫТЫНДЫ
Балалардың жас ерекшелігін есепке алу, оқыту мен тәрбие жүйесіндегі негізгі пинциптердің бірі. Қоғамда атқаратын рөлі, белгілі құқығы бар адамды жеке адам деп түсінеміз. Ал, қалыптасу дегеніміз – адамның жеке басының дамуы мен тәрбиенің нәтижесінде жетілуі, саналы өмір сүруге дайын болу.
Тәрбие ісінде балалардың жас ерекшеліктерін ескеріп отыру қажеттігін педагогика ғылымы ерте кезде-ақ көрсеткен еді. Ал, белгілі педагогтер Я.Коменский, Ж.Руссо тәрбие беру кезінде бала табиғатын, оның қабылдау, ойлау ерекшеліктерін еске алып отыруға үндеген болатын.
Жеке ерекшеліктерді есепке алу маңызды жағдай. Мұғалім бұл мәселеде шектен шығып кетпеуі керек, яғни, баланың мүмкіншілігін артық бағалау да, ескермеуі де баланың жеке дамуына зиянын тигізеді.
Міне, осылайша тәрбие беруде де, оқытуда да әр балаға жеке қарым- қатынас жасау маңызды, себебі әр балада оның рухани қажеттілігінің, өзіндік қызығушылығының көрінісі ретінде жеке ерекшелігі айқын көрініс береді, ал ол әр адамның жан-жақты дамуы үшін қоғамның талабы негізінде туындайды. Жеке қарым-қатынас әр баланың бейімділіктері мен қабілеттерінің ашыла түсуіне жақсы жағдай жасау үшін аса маңызды, сондай-ақ ол оқу бағдарламасының талаптарын орындаудағы қиыншылықтарды жеңуде де зор рөл атқарады.
Тәрбиеде әр балаға жеке қарау – бұл оқушыны басқалардан айырып тұрған жеке бас ерекшелігін есепке алу ғана емес. Бұл бәрінен де бұрын, оқушыға әр уақытта және барлық қарым-қатынастарда жеке тұлға ретінде, іс-әрекеттің жауапты да өзін-өзі тани алатын субъектісі ретінде қарау. Жастық шақ – жеке тұлғаның қалыптасқан кезеңі. Бірақ, жоғары сыныптағылардың бірден көзге түсетін ерекше жеке тұлға екендігін ұмытпауымыз керек.
Жоғары сынып оқушыларымен жүргізілетін жұмыстағы жетекші педагогикалық идея: жеке тұлғаның өзіне тән құштарлықтарына сәйкес оның негізгі мүмкіндіктерін іске қосу үшін, жүзеге асыру үшін жағдай жасау, өз болашағының әлеуметтік-мәнділік жағын анықтап алуы үшін көмектесу.
Бұл кезеңде тәрбиенің маңызды қызметі оқушының өз мамандығын таңдауына көмектесу, өзінің отбасын құруына дайындау және азаматтық көзқарасы тұрғысынан әлеуметтік, Отанға деген белсенділігін қалыптастыру болмақ.
Белгілі бір шақтық кезеңге тән анатомиялық-физиологиялық және психологиялық ерекшеліктерді әдетте жас ерекшеліктері деп атайды. Сондықтан, педагогика және психология балалардың жас ерекшеліктеріндегі ширақтылықты, өзгерімпаздықты, тәрбиеленушінің іс-әрекеті және өзін қоршаған адамдармен жасайтын қарым-қатынастар жүйесіне олардың тәуелді болатынын атап көрсетеді. Балалардың өсіп-жетілуінің бір сатысынан екіншісіне көшуі кездейсоқ емес.
Әр жастағы кезеңге тән психологиялық ерекшеліктердің ұштасуын жиі байқауға болады. Жасөспірімдік шақтағы байыптылық жеңілтектікпен, табандылық ойнақылықпен қатар жүреді. Парасатты педагогтер өсудің осы қайшылықтарын талдап, балалардың өсіп-жетілуінің жаңа белгілерін атап, оларды жетілдіруге жан-жақты көмектеседі. Әр жастағы, оның ішінде төменгі мектеп жасындағы баланың бұдан бұрынғы дамуында жинақталып, оны өз кезегімен дамудың келесі сатысына көшуге дайындап отырады. Сондықтан бастауыш мектеп мұғалімі сынып оқушыларының ерекшеліктерін зерттей отырып, сол ерекшеліктерді мектепке дейінгі шағында қалыптасқан ерекшеліктерден
бөлек алып қарай алмайды.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
- Әбиев ж. Бабаев С., Құдиярова А. Педагогика: Оқу құралы, — Алматы:Дарын, 2004ж.
- Педагогика. Дәріс курсы. / Құраст. Хмель Н.Д., Жампеисова К.Қ.- Алматы: Нұрлы әлем, 2003ж.
- Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тәлім- тәрбиесі.- Алматы, «Санат», 1995 ж.
- Нысанбаев Ә., Әбжанов Т. Ой. Ақыл: Адамгершілік. – А., Білім, 1994ж.
- Богословский В.В. т.б. Жалпы психология. – А., Мектеп, 1980ж.
- Әділова З.Ә. Этнопедагогика. – А., ҚазМӘТУ, 1997ж.
- Сабыров Т.С. Оқушылардың оқу белсенділігін арттыру жолдары. – А., Мектеп, 1978ж.
- Айтмамбетова Б.Р., Бейсенбаева А.А. Тәрбиенің жалпы әдістері (6-лекция). – Алматы, 1991ж.
- Болдыров Н. И. Мектептегі тәрбие жұмысының методикасы. – Алматы, 1987ж.
- Сейталиев К. Тәрбие теориясы. – Алматы, 1986ж.
- Ахметова З. «Кәусар бұлақ» бағдарламасы.-А., 1994ж.
- Мектептегі тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі. / Ред. басқар. Қалиев С., т.б. – А., 1999ж.
- Қоянбаев Ж. Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика. – Алматы., 2000ж.
- Құрманалина Ш.Х., Мұқанова Б.Ж., т.б. Педагогика.- А.,Фолиант, 2007ж.
- Қоянбаев Р. Тәрбие теориясы.- Алматы, 1991ж.
- Құрсабаев М. «Атамекен» бағдарламасы. – Алматы., 1991ж.
- Қожахметова К.Ж. Сынып жетекшісі. –Алматы: Әлем, 2000ж.
- Тәлім-тәрбие хрестоматиясы. / Құраст. Қалиев С. – Алматы: Рауан, 1996ж.
- Қазақстан Республикасында жалпы орта білім беру тұжырымдамасы. – Алматы: ҚР Ғылым Академиясының философия институты, 1994ж.
- Наурызбаев Ж. Ұлттық мектептің ұлы мұраты. – А., 1995ж.
- Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың тәрбие тұжырымдамасы. – А., 1995ж.
- Ұстаздық шеберлікке жету жолдары. / Методикалық нұсқау/ Құраст. Нұржанова Ж.Н. – А.,1991ж.
- Әбенбаев С. Тәрбие теориясы мен әдістемесі.-Алматы: Дарын, 2004ж.