Кіші мектеп жасындағы дарынды балаларға қазақ тілінен білім беруді ұйымдастырудың әдістемелік негіздері

0

Мазмұны

Кіріспе…………………………………………………………………………………………2

І тарау.Бастауыш мектептегі дарынды балаларды оқыту барысында жүргізілетін жұмыстардың теориялық негіздері.

1.1.Бастауыш сыныптардағы дарынды балаларды оқытудағы педагогикалық-психологиялық зерттеулер……………………………………5

1.2. Бастауыш сыныптарда дарынды балаларды оқытуда мұғалімге қойылатын талаптар…………………………………………………………………..16

ІІ тарау. Кіші мектеп жасындағы дарынды балаларға қазақ тілінен білім беруді ұйымдастырудың әдістемелік негіздері.

2.1 Бастауыш сыныптарда қазақ тілін оқыту барысында дарынды балалармен жүргізілетін жұмыстардың ерекшеліктері………………..27

2.2.Қазақ тілі сабағын оқытуда кіші мектеп жасындағы дарынды балалармен жұмыс жүргізудің әдіс-тәсілдері.  (4 сынып)……………40

Қорытынды……………………………………………………………………………….56

Сабақ үлгілері…………………………………………………………………………….59

Қосымшалар………………………………………………………………………………70

Пайдаланылған әдебиетер…………………………………………………………..79

Кіріспе

Болашақтың бүгінгіден нұрлы болуна ықпал етіп,адамзат қоғамын алға апаратын күш тек білімде ғана.Қай елдің болмасын өсіп-өркендеуі,өркениетті дүниеде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне,даму бағытына байланысты.

Егеменді еліміз тәуелсіз мемлекет мәртебесін алып,қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы іске асу барысында,осы тұста өз жеткіншегін жан-жақты жетілген,парасатты азамат етіп тәрбиелеу,тиісті мамандық беру кез-келген мемлекеттің естен шығармайтын негізгі мақсаттарының бірі.Қазіргі кезде орын алып отырған қиыншылықтарды,келеңсіздіктерді жеңетін де,жаңаша жол табатын да,нарықтық қатынастардың дұрыс бағытын анықтыйтын да тек іскер,білгір мамандар болатындығына дау жоқ.

Ел Президентінің Қазақстан халқына «Қазақстан-2030» жолдауында: «Біздің жас мемлекетіміз өсіп жетіліп кемелденеді,біздің балаларымызбен немерелеріміз онымен бірге ер жетеді.Олар өз ұрпағының жауапты да жігерлі,білім өресі биік,денсаулығы мықты өкілдері болады»-деген сенімі жай айтылған сөз емес.Бүгініг күн талабына орай білім беру мазмұны,мақсаты қайта қаралып,түбегейлі жаңартылуы тиіс.Еліміздің болашағы көркейтіліп,өркениетті елдер қатарына қосылу бүгінгі ұрпақ бейнесінен көрінеді.Осыдан барып жас ұрпаққа ғылыми негізде білім беру,қабілеттерін ашу міндеті туындайды.Яғни білім мазмұнын жаңарту,үздіксіз білім беру жүйесін дамыту-өмірдің өзі талап етіп отырған бүгінгі күннің обьективті заңдылығы.

Кез келген елдің болашағы білім беру жүйесінің және зиялылар қауымының деңгейіне байланысты болғандықтан, Қазақстан халқына да әлемнің дамыған елдерімен тең дәрежеде білім беру қажеттілігі тудырмайды.

Білім мазмұнын жаңартудың ғылыми негізіне бастауыш сынып оқушысын белгілі бір қажетті біліктер мен дағдылардың

иесі,оқу әрекетінің субъектісі,әр түрлі мәдениеттермен өз көзқарасы тұрғысынан диалогқа түсетін автор және жас ерекшелігіне сәйкес өз жасын қалыптастыруға күш жұмсап,еңбектенетін бала деп қарастыратын,осыған орай көп қырлы құрылымды білім- тәрбие мазмұнын анықтап құруға көмектесетін қазіргі заманғы дамыта оқыту идеясы алынады.

«Адам ұрпағымен мың жасайды»-дегендей ,ұрпақ тәрбиесі- қай кезеңде де халықтық мәселе болған.

Тарихтан білетініміз:дарындылар,қабілеттілер аса жоғары бағаланған.

Н.Ожеговтың сөздігінде дарындылық «табиғаттан берілетін ерекше қабілет »деп түсіндіріледі. Адами ойлау,ізденімпаздық-

табиғаттың адамзатқа берген тамаша сыйы.Бұл қабілет барлық адам бойынан табылары сөзсіз.Дегенмен,табиғат оны бәріне бірдей етіп бөлмей,біреуге көптеу,біреуге аздау,ал үшіншілеріне мүлдем жарытпай тарататыны да анық.

Көптеген ғалымдар дарындылықты генетикалық нәрсе деп қарастырған.Оны белгілі бір даму сатысының соңғы нәтижесі деп түсіндіреді.

Кезінде Плотонның өзі ақындықты «өнер мен білімнің арқасында емес,құдайдың анықтауы мен кернеген сезімнен» туындайды деген болатын.

Ал,Сократ өзінің ерекше қасиетін түсіндіргенде «маған әрдайым көмекке мейірімді пірім-гений келеді» деген екен.

Дарындылықты немесе ерекше қабілеттілікті балалық шақтан универсалдық тұрғыдан қарастырған жөн.Ал,уақыт өте келе, тұлғаның есеюімен бұл қабілет өзінің арнаулы қырларын көрсетеді,пәндік дәрежеге,мазмұнға ие болады.

Жаңа дәуір табалдырығында тұрған адамзат баласы өзінің даму сатысында интелектуалдық қабілетке барынша иек артуда.Интелектуалдық ақыл-ой иесі дегенде бізт талантты адамдарды айтамыз.Мұндай дарын иелері қоғамның үлкен байлығы және алға жылжытар күші.

Осыған орай тақырыпты зерттеудегі мақсат: Бастауыш мектепте қазақ тілі сабағын оқыту кезеңінде дарынды балалармен жұмыс жүргізудің мәселелерін жан-жақты анықтап,жолдарын қарастыру.

Міндеті:

1.Қазақ тілі сабақтарында бастауыш мектептегі дарынды балаларды оқытудың теориялық-әдістемелік негізін анықтау,зерттеу.

2.Бастауыш мектепте дарынды балаларға қазақ тілін оқытудың тиімді жолдарын қарастыру.

 

Зерттеу әдісі:

Кіші мектеп жасындағы дарынды балаларды оқыту мәселесінде ақпарат құралдарына,әдістемелік оқу құралдарында және әдебиеттерде жазылған мақалаларға сараптама жүргізу.

Зерттеу объектісі:

Бастауыш мектепте оқу-тәрбие процесіндегі қазақ тілі сабақтарында дарынды балалармен жұмыс ұйымдастыру.

І тарау. Бастауыш мектептегі дарынды балаларды оқыту барысында жүргізілетін жұмыстардың теориялық негіздері.

 

1.1.Бастауыш сыныптардағы дарынды балаларды оқытудағы педагогикалық-психологиялық зерттеулер.

 

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында « Әр баланың жеке қабілетіне қарай интелектуалдық дамуы, жеке адамның дарындылығын, талантын, қабілетін дамыту» сияқты өзекті мәселелер енгізіліп отыр. Себебі ғылым мен техниканы, өндірісті әлемдік деңгейде дамыту үшін елімізге шығармашылықпен жұмыс жасайтын білімді, жоғары дайындығы бар білікті мамандар қажет.

«Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз» деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзі жай айтыла салған жоқ. Еліміздің болашағы көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесімен көрінеді.Осыдан барып жас ұрпақтың бойындағы іскерлік пен қабілеттерін ашу және оларды шығармашылыққа баулу туындайды. Дүниежүзілік озық тәжірибелерге сүйеніп, жаңа типті оқыту, яғни, әр баланың табиғи қабілетін дамыту үшін қолайлы жағдай жасай отырып, оны жан-жақты дамыту керек. Оның қандай мектеп болсын, инновациялық үрдіс сатысынан өтпей даму мүмкін емес екеніне көзіміз жетіп отыр.

Сондықтан, қазіргі кезеңде мектептің негізгі жұмыстарын баланың жан-жақты дамуы мен қалыптасуына, олардың белсенділіктерін, жауапкершіліктерін арттыруға, мұғалімдердің шығармашылық жұмыстарын ұйымдастыруға, озат тәжірибені жинақтауға, ғылыми негізде білімді тәжірибемен ұштастыру қажет.

Дарындылық – адам бойындағы тума қасиет деп есептеледі.Талантты, дарынды балалар жөнінде 1975 жылы дүниежүзілік Кеңес құрылды. Көптеген елдерде дарынды балаларды әлеуметтік, психологиялық жағынан қолдау мақсатында арнайы бағдарламалар жасақталды.

Өркениетті қоғамда дарынды балаларды бөлектеп оқыту ХХ ғасырдың 50-60 жылдарында басталып, оқытудың саралап, даралап білім беру принципіне көшкені мәлім.Ол Францияда, Германияда, Америкада, Жапонияда т.б. елдердің білім беру жүйесінде қазір жоғары деңгейде жүргізілуде.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек мектеп жасындағы балалардың 20 пайызы осы топқа жатқызылады екен. Біз дарынды деп белгілі бір қабілеті көпшіліктің орташа қабілетінен ерекшеленетіндерді айтып жүрміз.Өмір сүретін орта, берілетін тәрбие осы ерекшіліктің одан әрі дамуына көмектеседі немесе оны мүлдем жоқ қылады. Мәселен, саусағынан бал тамған зергердің табиғи алмазды бриллиантқа айналдырғаны сияқты, қолайлы ахуал, тамаша кәсіби ұстаздық кез келген қабілетті оқушыны дарынға айналдыра алады. Міне, осы бір айдай анық мәселе педагогика мен психологияда көптеген қиыншылықтардан өтіп, өз жолын енді тауып келеді.

Әлбетте, дарындылықтың тұқым қуалайтындығы, ұрпақтан ұрпаққа берілетіндігі сөзсіз. Ендеше Абайдай ұлы тұлғаны өмірге әкелген Құнанбайды дарын емес деп кім айта алады?

Канада ғалымы Д.Хебб « генотиптік интеллект » деген ұғымды енгізді. Бұл таза тұқым қуалайтын интеллект сыртқы ортамен қарым-қатынас орната отырып, « фенотиптік интеллектіні » құрайды. Соңғысының деңгейі бәрімізге белгілі тест әдісімен анықталады. Д.Хеббтің ойынша ген арқылы берілу мен сыртқы ортаның әсерінің арасындағы қатынас 8:2. Мұнда 8- тұқым қуалаушылық, 2- сыртқы орта. Осыдан ол мынадай қорытындыға келеді: ой-өріс (интеллект) – бұл мәдени-әлеуметтік орта мен индивидтің (адамның) тәжірибесінен пайда болатын өнім, ал осы тәжірибені ассимиляциялап (жинақтап) тиімді пайдалана білуінің 80% генотиптік құрылымға байланысты.

Д.Хеббтің және басқа да гендік дарындылықты жақтаушылардың тұжырымдары практик-ғалымдар мен білім қызметкерлері тарапынан қатты сынға алынды. Олардың бірінші қарсылығы «қатып қалған интеллектіні»жоққа шығарудан басталады. Сегіз бен он алты жас арасындағы сынақтан өткен оқушылардың 50% ғылымның әртүрлі саласынан әр дәрежеде ой-өріс деңгейін көрсете білген. Сонда оқушы 8 жыл ішінде тұрақсыз интелектуалды дарындылығын танытқан. Нақты, шүбә келтірмейтін немесе көпшілік мойындаған дарындылық туралы тұжырымдама болған емес және бұл бағыттағы жақсы жетістіктерге қарамастан оны жоқ деуге болады. Әйтсе де, бұл жағдай дарындылықты ғылыми тұрғыдан зерттеушілерді көп қиналта қоймайды. Тіпті, кейбіреулері мұны дұрыс заңды нәрсе ретінде қабылдау керектігін алға тартады.Белгілі ағылшын психологы Г.Айзенк осы мәселе жайындағы көзқарасын былай түйіндейді: « Термометрді алғаш ойлап тапқанда ғылымда жылу құбылысы, оның өлшем бірліктері туралы мәлімет өте мардымсыз болды, түбінде жылулық теориясы термометр және басқа да құралдармен өлшеулер жүргізу арқылы дамыды емес пе?».Сөйтіп, Г.Айзенк дарындылық туралы түбегейлі,тұрақты қорытынды шығаруға асықпаған жөн деп тұжырымдайды ойын.

ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында ассоциативтік психологияда дарындылық мәселесіне функционалдық көзқарас туындады. А.Бэн, В.Вундт, Д.Милль, Г.Спенсер, Т.Циген сияқты психолгтар ой-өріс дарындылығын диагностикалау үшін бес негізгі функцияны өлшеп, зерттеу керектігін айтады. Олар : ой, зейін, ерік, қабылдау және есте ұстау. Тек ХХ  ғасыр басында ғана ғалымдар нағыз дарынды ғылыми қызмет, ғылыми ойлаудан іздеу керектігін айта бастады. Содан әр түрлі, өзара қарама-қайшы шиеленіскен көзқарастарды жүйелей отырып, ғалымдар дарындылықты жалпы және арнаулы деп екіге бөліп қарастыруға көшті. Неміс ғалымы В.Штерн жалпы дарындылық – интеллектіден өзгеше, оны индивидтің өз ойын жаңа талаптар, мақсаттар мен міндеттерді орындауға саналы түрде бағыттай алатын қабілеті деп түсінеді.Арнаулы дарындылық дегеніміз – бұл белгілі бір бағытта ерекше қабілеттер таныта білуі. Мысалы, қолөнер, сурет, ақындық және т.б. Сонда көптеген біріне-бірі байланыссыз арнаулы факторлар түбінде ақыл-ой қабілетін, яғни интелектіні құрайды.

Дегенмен, іс-әрекеттің әр алуан саласында ұлы жетістіктерге жету үшін интеллекті емес, психикалық оданда күрделі ерекшеліктері: жаңа, ұшқыр ойлар мен идеяларды туындату және қисыны көп, стандартты емес есептердің шешімін таба білу қабілеті болу керек. Мұны психологияда  креативтілік деп атайды.

ХХ ғасырдың 50-60 жылдары «Креативтілік» ұғымы «интеллект» ұғымының дарындылықты сипаттаудағы монополистік құқығынан толығымен айыра бастады. Сонымен жоғарыда қарастырып отырған мәселе бойынша ойымызды қорытындыласақ, дарындылық – тұлғаның жалпы интегралды қасиеті екендігі анық көрініп тұр. Тек қана бір салада ерекше қабілетті болып, ал өмірдің басқа жақтарынан дәрменсіз болу табиғатта сирек кездесетін құбылыс. Атақты суретшілердің көпшілігі өлең жазған және керісінше атақты ақындардың біразы сурет, қолөнермен қосымша шұғылданып, жақсы туындылармен халқын тамсандырған.

Дарындылықты немесе ерекше қабілеттілікті балалық шақта жалпы, универсалдық тұрғыдан қарастырған жөн. Ал уақыт өтісімен, тұлғаның есеюімен бұл қабілет өзінің арнаулы қырларын көрсетеді, пәндік дәрежеге, мазмұнға ие болады.

Қазақстан Республикасында соңғы жеті жылда қолға алынып, жүйелеуден өтіп жатқан «Дарын» бағдарламасының педагогтер алдына қойып отырған мақсаты – тұлғаның жалпы қабілеттерін дамыта отырып, белгілі бір саладағы ерекшелігін танытуына жан-жақты әдістемелік және психологиялық қолайлы жағдайлар тудыру.

Жалпы Республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының бағдарламасының басты мақсаты: әрбір шәкірттің жеке дара қабілеттерін ілгері дамыту, дарындылығы анықталған оқушыны қабілетіне сай шығармашылықпен ойлай алатын азамат етіп тәрбиелеуге жағдайлар жасау, дарынды балалармен жұмыс жасау аясында ғалымдар мен өнер қайраткерлерін, ізденімпаз ұстаздар ұжымын топтастыру.

Психикалық қасиеттер – бір адамды екінші адамнан ажыратуға негіз болатын ең маңызды, ең тұрлаулы ерекшеліктер. Бұған әрбір адамның мінезі мен темпераменті, қабілеті мен дүниетанымы, сенімі мен талғамы, қызығуы жатады.

Біз балаға «қабілетті» деген мінездеме береміз. Қабілеттілік әр алуан. Мектепте оқушыларға түрлі жұмыстар жүктелгенде де олардың кейбіреулерінің ұйымдастырғыштық, екінші біреуінің музыкалық, ал үшіншісінің суретшілік қабілеті еске алынып, бұған ерекше мән беріліп отырады. Бұл мысалдар әр адамның әрекеттің бір түріне жарамдылығын көрсететін дара ерекшелігі болатынын байқатады. Ерекшеліктер іс-әрекетті орындау үстінде, әсіресе, оның нәтижесінен жақсы көрінеді. Мысалы: біреу қолға алған ісін тез бұрқыратып тастайды және оны нәтижелі етіп шығарады. Ал, екінші біреуі өте баяу қимылдап әрі сапасыз орындайды.Бұл жерде бірінші адамның екінші адамға қарағанда іске деген қабілеттілігі әлдеқайда жоғары екендігі көрініп тұр.

Қандай да болсын бір нәрсеге қабілеті жоқ адам болмайды. Ол біреуде күшті, біреуде шамалы болып келуі мүмкін.Тәжірибе мен парасат адамдардың тең емес екенін дәлелдейді.

Адамның өзгеше қасиеттері ана құрсағында пайда болады.Анатомиялық нышан – баланың ата-анасына ұқсап тууы. Физиологиялық нышан – жүйке жүйесінің кейбір анализаторының ерекшеленуі. Анализатордың ерекшелігі қабілеттің көрінуіне себін тигізеді. Егер адамның туысында нышан болып, ол тәрбиеленбесе, оның қабілеті дамымайды. Қолайлырақ жағдай туса, қиыннан қиыстырып мәселе шешуде ізденімпаз болып шыға келеді.

Нышанның ықпалымен қалыптасқан қабілеттің түрін дарындылық деп атайды.Дарынды балалар мектеп бағдараламасын жылдам меңгереді. Зеректік, байқағыштық қасиеттері жоғары болады. Олардың көпшілігі өз уақыттарын шығармашылық жұмысқа арнайды. Сурет салады, өлең жазады . Мысалы, Ч.Дарвин көп уақытын көбелек қуып коллекция жинауға бөлген екен.

Дарын өкілдерінің қуат-қабілетінің шарықтайтын шегі болады. Мұндайда олардың санасының барынша өткірленіп, мейлінше айқындалады, бақылампаздығы  онан сайын арта түседі.

Ж.Аймауытовтың пікірінше, адам өмірге өзіндік табиғи қасиеттерімен келеді.Ал баланың бойындағы туа біткен қасиеттерді дамытатын – оқыту мен тәрбие.

« Неғұрлым баланың қабілеті мен талантын дамытуға ертерек көңіл бөлінсе соғұрлым оны толық ашуға мүмкіндік туады. Бала бойындағы ерекше қасиеттерді, оған жақын жасы үлкендер дұрыс жеткілікті бағаламаса, оның «өзгелер сияқты болып қалып қоюы мүмкін», дейді америкалық ғалымдар.

Жалпы білім беретін орта мектептерде оқушыларға білім берудің тиімді жолдарын іздестіру, жаңа технологиясын ойластыру қазіргі  заманның көкейкесті мәселесіне айналған.

Сол мәселелерді шешудің бірден-бір жолы педагог қауымның іс-тәжірибесін жарыққа шығару.

Елбасымыз « Заманымыз – мәдениет заманы, ал мәдениетке білім жеткізеді. Білім алудың  ішінде ең төтесі – жақсы мектеп, білімді мұғалім», — дегені.

Шығармашылық үшін икемді жас – орта буын.Бұл жастың ерекшелігі ойлау процесінің өзіндік ерекше стилі қалыптасады, түрлі болжамдар, ой, қиял, сезім шапшаңдығы көркем шешім таба алады. Бұл жастағы балалардың жан дүниесі нәзік, қаламы тез төселеді.

Дарынды балалармен жұмыс жүргізудің әлемдік тәжірибелері, ғылыми бағыттары ескеріліп,негізгі төмендегі идеялар басшылыққа алынады:

  • дарынды балаларды әлеуметтік және құқықтық қорғаудың ізгілігі мен бұқаралығы;
  • дарынды балаларды іріктеу және олармен жұмыс істеуде биологиялық және әлеуметтік факторларды ескеру;
  • дарынды балалармен үздіксіз, жүйелі жұмыс жүргізу;
  • дарынды балаларды іріктеу үшін диагностикалық әдістердің жиынтығын қолдану;
  • жеке тұлғаның дарындылық деңгейінің қалыптасуына орай оқу мен оларды одан әрі жетілдіруде арнайы жасақталған бағдарламалардың сәйкестігі;
  • дарынды балалар мен оқытатын мұғалімдерді арнайы дайындау;
  • инновациялық технологиялар мен әдістерді пайдалану арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту;
  • дарынды балалармен жұмыс істейтін жеке бағдарламалар дайындау.

Дарынды оқушылардың білімге деген талпынысы басқа оқушылардан өзгеше болып келеді. Дарынды оқушылар білім мазмұнын тез әрі терең түсініп, оған талдау жасай біледі. Дарынды оқушылармен жұмыс істеу үшін психолог мұғалімдер,сынып жетекшілері, тәрбиешілер арнайы дайындықтан өтуі қажет.

Дарынды балаларға арналған бағдарламада мынадай ерекшеліктер бар:

  • қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді мақсаттар;
  • жүйелі бағдарламада (кезеңдермен);
  • мектептің жалпы бағдарламаны толықтыратын бөлшегі;
  • бағдарлама жеке-жеке және үзіліссіз жүргізіледі.

Мұғалімдер мен ата-аналарды педагогикалық-психологиялық білімін жетілдіру жөнінде теориялық, практикалық семинарлар жүйелі түрде өткізіліп отыруы тиіс.

Психологтер Д.Д.Элыконин мен В.В.Давогдовтың зерттеулерінде оқу іс-әрекетінің негізгі құрылымы оқу мақсаты және оқу әрекетінен тұрады. Олардың пікірінше, оқу үрдісін басқарушы бөліктер оқу пәндерін оқыту (мұғалімнің әрекеті) және оқу (оқушының әрекеті) өзара бірлесіп әрекеттескенде және терең ойланып өзара тәуелділікте болғанда ғана оқу сапасы артады, балалардың психикалық дамуы тиімді қамтамасыз етіледі.

Сөз жоқ, бүгінде педагогикалық зерттеулер өте көп. Бір байқалатыны, педагогика, дидактика, методика, психология тұрғысынан мектепте оқыту мәселесін әр ғылым өз тұрғысынан зерттейді, ұсынады.Бірақ сол теориялық негіздемелердің нақты практикада іске асырылуына, жүйеленуіне әр мектеп өзі ғана мүдделі.Соның ішінде жаңа типті қазақ гимназиялары мен «Дарын» мектептері қазір ғылыми негізделген, бүгінгі күн қайнауында ширатылған концепцияны керек етіп отыр.

Ол үшін ең алдыңғы қатарлы батыстық және Отандық қағидалар мен тәжірибелерге сүйенген, жаңа технологиялар тоғысқан жаңаша мазмұнды ғылыми-практикалық ізденістерді жүргізу – аса маңызды шара.

Адамның жеке дара қасиеттерінің бірі – қабілет. Бұл – іс-әрекеттің жекелеген түрін ойдағыдай, әрі нәтижелі етіп орындаудан көрінетін ерекшелік. Қабілет басқа да жан қуаттары мен қасиеттері сияқты өмірмен іс-әрекет үстінде дамып, қалыптасып отырады. Қабілет дамуының табиғи негізін құрайтын, жүйке сапасының туа біткен белгілі нышандар жиынтығын дарындылық дейді.Кісінің қандай да болмасын бір істі жемісті орындауы тек қабілетке ғана байланысты емес.Ол сондай-ақ, адамда тиісті білім жүйесінің, икемділік пен дағды және тәжірибенің болуын қажет етеді.Кісінің пәрменді түрде қызыққан іс-әрекеттерінен тыс қабілеттің қалыптасуы мүмкін емес.Қабілеттер жалпы (жалпы адам атаулыға ортақ), арнайы (іс-әрекеттің белгілі бір саласы бойнша) және практикалық деп үш түрге бөлінеді.

Қызметті нәтижелі орындау үшін қабілеттің ерекше түріне сүйенуге болмайды.Мәселен, ақын-жазушылар ерекше бақылампаздық, ой-өрістің кеңдігі, жазуға икемділігі мен орамдылығы, кеңдігі мен ұшқырлығы ауадай қажет.Бірнеше қабілеттердің ойдағыдай қиысып келуі іс-әрекеттің белгілі саласынан көрінетін талантпен байланысты.Адам жас кезінде сөре олақ болғанымен есейе келе ерен еңбек етудің нәтижесінде ірі ақын, ірі жазушы болуы мүмкін. Мәселен, белгілі орыс жазушысы С.Аксанов алғашқы шығармасын 56 жасында жазған.Бала кезінде түрлі себептермен білім ала алмаған кісінің егде тартқан кезде ғалым болғанын, айғақтайтын деректер аз емес. Бұған 40 жасында сауат ашып, 73-інде ғылым докторы болған С.К.Гусеваның өмірі жақсы дәлел. Қазақ елі тарихында да мұндай фактілер көп кездеседі.Адам неғұрлым талантты,дарынды,болған сайын, өз еңбегі мен шығармашылық шеберлігін істеп, бар күш-жігерімен еңбек етеді.

Жай қарағанда үлкен талант иелерінің (Ш. Уәлиханов, М.Әуезов,Ж.Аймауытов,Қ.Сәтпаев т.б.) шығармалары оп-оңай, өзінен-өзі жазыла салатындай көрінуі мүмкін.Ал шындығында, бұлар инемен құдық қазғандай өлшеусіз қыруар еңбектің нәтижесі.Әйгілі ақын-жазушылар мен ғалымдардың қолжазбаларын ақтарып сан рет көшіріп жазатындарын, яғни бір сөзбен айтқанда,шығармашылық адамдарының іс-әрекеті ақын В.В.Маяковский айтқандай: «Жыр маржан ғой теңіздің түбіндегі, алу үшін қадалған миллион көз», дәл осылай жыр жолына ілігеді.Миллион сөздің ішінен жалғыз-ақ сөз дегенге келіп тіреледі.

Көбінде балалық щақта байқалатын табиғи нышандардың ойдағыдай қиысып келуінен туындайтын қабілеттің жоғары түрі дарындылық деп аталады.Қабілеттің осы түрінің сыры ғалымда әлі толық зерттелмеген. Дегенмен, дарындылық жоғары жүйке қызметінің тума типімен (мида жүйке байланыстарының шапшаң қозғалысқа түсе алуы, аса икемділікпен өзгергіштігі,сезім мүшелерінің ойдағыдай жетілуі т.б.) байланыста болып келетіндігі анықталып отыр.

Осыдан 200 жылдай бұрын Германияда «Ұстазы Кристиан Фоле Шенах жазып алған Любектік төрт жасар дарынды бала Кристиан Генрих Хейкеленнің өмірі, іс-әрекеті, саяхаты мен өлімі » деген кітап жарық көрді. Дарынды балалар жөнінде жазылған алғашқы кітап осы болатын. Туғанына он ай толмай жатып Генрих суреттегі заттарды айырып атай алады, үш жасқа келгенде ертегілерді өзі оқып, арифметиканың төрт амалы мен есеп шығаруды, көп ұзамай француз тілін үйренуді меңгеріп, географиядан жақсы мәлімет алады, мыңнан астам латын мақалын біледі.Генрихтің даңқы әлемге жайылып,оны Дания королі қонаққа шақырады.Бірақ сәби көп ұзамай, төрт жастан төрт ай асқанда қайтыс болады.Қазір де мұндай балалар бар.

Дарынды бала (ғылымда бұларды вундеркиндтер) мәселесі жөнінде әлемдік психологияда жазылған еңбектерде жинақталған нақты деректер аз емес. Өкінішке орай, оларды іздестіріп тауып алу, сондай-ақ, оқытып-тәрбиелеу жағы қазақ жұрты бүгінге дейін жөнді көңіл бөлінбей келе жатқан мәселе. Қазақ мектептерінің жағдайында осы жайттың ойдағыдай жүзеге асуына оралғы болатын факторлар да жеткілікті. Соның бірі көптеген мұғалімдер мен тәрбиешілердің психологиялық, педагогикалық білім жүйелерінің саяздығы, олардың жұмыс басшылығы, қабілетті шәкірттермен дербес жұмыс жүргізуге уақыт бөлмеу т.б.Осы айтылғандар әр ауыл мен мектептен ұшырасып қалатыны белгілі.

Ерекше қабілетті балаларға қамқорлық жасалып жатқан қазіргі кезеңде республикамыздағы көптеген колледждер мен лицейлер негізінен дарынды балалар үшін ашылған оқу орны әрине, мұндай оқушылар ел болашағы, оның интеллектін (ақыл-ой) қуатының баға жетпес резервы.Сондықтан да жер-жерден бұларды іздеп табу аса мәнді де адамгершілікті іс.Оларды баулып,қамқорлыққа алу – баршамызға ортақ, халықтық шара, өйткені таланттар қай кезде де қандай қоғамның болса да іздесе таптырмайтын ұлттық рухани байлығы.

Дарындылық – адамның ой-өрісінің деңгейі мен өзіндік іс- әрекеттің ерекше өрістеуіне себепкер болатын адамның жан-жақты дамуының қайнар көзі, арнаулы қабілеттердің ойдағыдай дамуының нәтижесі .

Ерекше зейінділік, жинақылық, күрделі ақыл-ой жұмысына әрқашан да әзір тұру еңбекке ұмтылудың табандылыққа ұласуы, демалыспен есептеспей, қажымай- талмай еңбектену – дарынды балалардың басты ерекшеліктері.Бойкүйездік пен жалқаулыққа бой алдырмай, қолайсыз жағдайда да жұмыс істей алу, әр істі соңына жеткізбей тынбайтын табандылық, ауыр еңбектен ләззат алу, әр нәрсені талдау мен жинақтай алуға ерекше икемділік,таным аясының кеңдігі, ойлау белсенділігінің аса тұрақтылығы  — ерекше балалардың өзін- өзі басқара алу қабілетінің басты көрсеткіші болып табылады.

Әр жерден оқта-текте кездесіп қалатын дарынды балаларды ұстаздық қырағылықпен көре біліп, оны арнаулы оқу орындарында оқытып-тәрбиелеу үлкен жауапкершілікті қажет ететін іс.Үйде де, түзде де дарынды баламен жұмыс жүргізетін тәлімгердің жан-жақты білімді, әсіресе, бала жанын жазбай танитын сезімтал психолог болуы керек.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1.2. Бастауыш сыныпта дарынды балаларды оқытуда мұғалімге  қойылатын        талаптар.

 

Ертеңгі күннің бүгінгіден гөрі нұрлырақ болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімде ғана. Демек, қай елдің болсын өсіп-өркендеуі, өркениетті дүниеде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына тікелей байланысты.

Бүгінгі таңда қоғамдық қатынастардың саяси, әлеуметтік-экономикалық салаларындағы жағдайы түбірінен өзгерді. Соған орай жас ұрпақты оқыту, тәрбиелеу жұмыстарын қайта құру қажеттігі туды. Ұлттың болашағы – ұрпағында болса, ұрпақ тәрбиесі ұстаз қолында. Ал ұстаз мұраты – жетілген, толыққанды азамат тәрбиелеу.Толыққанды азамат тәрбиедеу үшін ақыл-ой тәрбиесі, имандылық, еңбек, эстетикалық, тілдік қатынас, дене тәрбиесі, сонымен қатар экологиялық, экономикалық, жыныстық, патриоттық тәрбие берілуі тиіс. Демек, оқу-тәрбие ісінің тиімді болуы үшін ғылыми педагогика мен халық педагогикасын қатар қолдану қажеттігі айқындала түседі. Осы орайда ұлтымыздың асыл перзенті Мағжан Жұмабаевтың мына сөздері еске оралады: «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып келе жатқан тақта жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуы тиіс. Сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті». Бала бойына, ең алдымен, тәлімді тәрбие сіңірмей, білім берем деу бекер әурешілік.

Осыдан 5 жыл бұрын сіздер  мен біздер үшін дарындылық мәселесі, дарынды бала, оны анықтау, олармен жұмыс істеутың тақырып еді.Мемлекеттік деңгейде бағдарлы қолға алынған бұл игілікті  шара өз нәтижесін бере бастады.

  • Ең бастысы – бала мектеп қабырғасында жүріп,өзіне деген үлкен сүйіспеншілікті, қамқорлықты, қолдауды сезініп, көруде.
  • Дарынды балаларды шығармашылық жұмысқа баулудың әдіс-тәсілдері, жолдары зерттелді.
  • Бала дарынын дамыту үшін білім беруге жаңа мазмұн беріліп, озық технологиялар енгізіле бастады.
  • Дарынды балаларға ғылыми-зерттеу жұмыстарында ізденіс жұмыстарындағы ерекше шығармашылық қабілеттерін іске асыруда қамқорлық көрсетіліп,жағдай туғызылды.

Ұстаз болу жауапты да, әрі қиын мамандық, оның үстіне жас өркеннің бойындағы табиғат берген ерекше құбылысты, дарындылықты тани білу,дұрыс бағыт-бағдар бере білу екі есе қиын. Ұстаз деген мәртебелі атқа ие болған кез-келген адам осындай ерекше құбылыспен бетпе-бет келгенде қателіктер жіберуі мүмкін.

Дарындылық – ең алдымен сана мен жүйкенің сапалық көрінісі.Ол өзіне танымдылық, ерік-жігерлік, жеке дамулық ерекшеліктерді білдіреді. Сондықтан табиғаттың бұл дара құбылысын тани білу тек жүйелілік деңгейде, өзін қоршаған ортамен тығыз байланыста,ерекшеліктерін екшеуде жас мөлшері, қабылдау деңгейі көлемінде жүзеге асырылуы керек.

Д.Ж.Рензули бойынша дарындылық дегеніміз – үш байланыстың үйлесімділігі: жоғары интелектілік, преативтілік және нәтижеге жетудегі ынталылық. Осы үш қасиеттің біреуі болмаса адам дарын ретінде қалыптаспайды. Интеллектіліктің жетіспеуінен адам жақсы нәтижеге жете алмайды.Нәтижеге жетем деген ынтасы болмаса нәтиже де болмайды. Ал преативті қасиеті нашар болса, ондай адам тек орындаушылық қасиетпен шектеледі.Адам сүйіспеншілікпен, жанымен қалап істеген ісін үнемі дамытып отырады.Бала өз қалауымен бастаған ісін жетілдірсе, дамыта ұйымдастырса, ол – шығармашылық, яғни дарынды баламен жұмыс істеуде алдымен нәтижеге жету ынтасын қалыптастыру,шығармашылықпен жұмыс істеуге үйрету өте маңызды.Дарындылықты анықтау үшін әр түрлі деректерді, бақылау бағалау нәтижелерін, тест, трекинг әдістерін қолдануға болады.Дарынды балаларды анықтау үшін пән мұғалімдері балаларды сабақ үстінде, әр түрлі істермен айналысу барысында бақылау, ата-анасымен әңгімелесу,жолдастарымен әңгімелесу арқылы, тест, трекинг қорытындысына қарай анықтайды.

Әр пән мұғалімдері әрбір оқушыға арналған педагогикалық-психологиялық карта жүргізіп,осы картаны толтыру барысында диагностикалық жұмыстар жүргізіп,әрбір оқушының зейінін, есте сақтау қабілеті,логикалық ойлауы, интеллектуалдығы,шығармашылық жұмысқа бейімділігі бағаланады. Осы зерттеу жұмыстары қабілетті және дарынды оқушыларды іріктеп топтастыруға ықпалын тигізеді. Мысалы, шығармашылық жұмыс бейімділігін анықтау үшін Кочетовтың тестін қолдануға болады.Тест көмегімен оқушының әлеуметтік жағдайынан бастап шығармашылық бейімділігін де анықтауға болады.

Сонымен қатар оқушы дарындылығын, ізденімпаздығын тудыруда оқушылардың ғылыми қоғамның маңызы өте зор.

Дарынды балалармен жұмыс жүйесіндегі негізгі тұлға – мұғалім.Мұғалім баланың ата-анасымен бірге оның дарынын алғаш байқаушы, дамытушы.Балаға білімін тереңдетуде,өз бетімен білімін көтеруге ақыл-кеңестерін береді, көмектеседі,көп жағдайда оқушының болашақ кәсіптіктағдыры мұғалімге байланысты деуге болады.Қазіргі кезде дарынды балаларды анықтауға, қолдауға, дамытуға көп мән беріліп отырғанына қарамастан мұғалімдерді дарынды балалармен жұмыс істеуге дайындау мәселелері қарастырылмаған.Мектептерде мұғалімдердің бұл мәселеде тәжірибелері аз,тіпті жоқ деуге болады. Ғылыми әдістемелік әдебиеттер өте аз.Сондықтан әр мұғалімнің дарындылықты анықтау,дамыту,зерттеуде өз көзқарасастары қалыптасқан.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей арнайы дайындықтан өтпеген мұғалімдерге тән кейбір педагогикалық-психологиялық жағдайлар:

  • Мұғалімдер дарынды балалардың ішкі дүниесіне үңілмейді, немқұрайлы қарайды.
  • Тіпті кейбір дарынды баланы жақтырмайды, себебі ол мұғалім беделіне қауіп төндіреді.
  • Олардың ерекшеліктерін, диагностикалау әдістерін білмегендіктен дарындылықты анықтауда төмен көрсеткіштер көрсетеді.
  • Дарынды балаларға көңіл аударғанымен, жұмысты ұйымдастыру әдістерін білмейді, тапсырманың санын көбейту тактикасын қолданады.

Дүниежүзілік тәжірибе көрсеткендей арнайы дайындықтан өткен мұғалімдер дарынды балаларға арнайы бағдарламалар құра біледі, өз бетімен жұмыс істеуге баулитын, шығармашылық ізденісін тудыратын, практикалық тапсырмалар мен есептердің стандартты емес шешімдерін таба білуге баулитын әдістер қолдана біледі.Қажетті материалдарды іріктеу, оқытудың әдіс-тәсілдерін таңдауда сабақ міндетін ашуда, даралап дифференциалды оқытуда педагогикалық жұмысты тиімді ұйымдастыра біледі.Еліміздің экономикалық әлеуметтік дамуы үшін интеллектуалы жоғары тұлғалар керек,сондықтан мұғалімдердің дарынды балалармен жұмыс істеуі үшін арнайы дайындықтан өтуі, өз бетімен білімдерін көтеру керектігі заман талабы.Дарынды балалармен жұмыс істейтін мұғалімдерге қандай педагогикалық-психологиялық талаптар қойылады?

Абай атындағы Алматы Мемлекеттік Университетінің педагогика кафедрасының профессорлар тобы құрастырған «Педагогикалық білім концепциясы» дарынды балалармен жұмыс істеуге дайын мұғалім қасиеттері деп төмендегі мына белгілерді анықтайды:

І. Мұғалімнің кәсіптік бағдары.

—  Дарынды балалармен жұмыс істеу заман талабы екенін түсінуі;

—  Балаға деген сүйіспеншілік, ерекше қабілетті балаға деген жағымды

қарым-қатынасы;

—   Дарынды балалармен жұмыс ұйымдастырудың нәтижелі жолдарын

іздестіруді қызығуы, қажетсінуі;

—  Дарынды балаларменжұмыста жоғары көрсеткішке ұмтылуы;

ІІ.  Дарындылық, педагогикаық процесс туралы білім.

  • Өз пәнін мемлекеттік стандарт көлемінен артық білуі;
  • Тұтас педагогикалық процесс туралы білімінің болуы;
  • Дарынды бала ұғымының білінуі;
  • Жеке тұлға туралы,оның шығармашылығы, оны дамыту жолдары туралы теориялық білімнің болуы;

—    Дарындылықты анықтау әдістері туралы білімнің болуы;

ІІІ.  Жаңа педагогикалық технологияларды меңгеруі.

  • Кластағы педагогикалық процесті диагностикалау әдістерін білуі;
  • Дарынды балаларды анықтау әдістерін білуі;
  • Дарынды балаларға арналған қосымша бағдарламалар жасақтай білуі (топтық,жеке);
  • Ерекше қабілетті оқушыларға шығармашылық ізденіске және зерттеуге есептер мен тапсырмалар таңдай білуі;
  • Жаңа оқу технологияларын қолдана білуі;
  • Оқушылармен қарым-қатынасты психологиялық түрде сауатты құра білуі;
  • Дарынды баланы оқытудың нәтижесін бағалай білуі, қорытынды жасау, қорытындыға сәйкес шешім шығара білуі;
  • Дарынды балалармен қосымша сабақ өткізе білуі.

Міне, дарынды балалармен жұмыс істеуге дайын мұғалімнің бойынан табылуға тиіс қасиеттер осы болса, оның іске асуын бағалау деңгейлері төмендегідей:

1.Дайындығы төмен деңгейдегі мұғалімнің өз пәні бойынша білімі мемлекеттік стандарт деңгейінде ғана, оқу процесін репродуктивті деңгейде жүргізеді, оқу-тәрбие жұмысын диагностикалауда тек үлгерімін ғана көрсете алады.Дарынды балалармен арнайы жұмыс жүргізбейді.

2.Орташа деңгейдегі мұғалім.

Пәнін тек мемлекеттік стандарт көлемінде біледі.Оқыту тәсілі – оқулықтан терңдетілмеген деңгейде.Дифферециалды жұмыс істемейді, қабілетті оқушыға оқулықтан ғана тапсырма береді.Дарынды балаларда диагностикалау жұмысын жүргізбейді.Дарынды баламен арнайы жұмыс жүргізбейді.

3.Ортадан жоғары деңгей – төмен және орташа деңгейден айырмашылығы қабілетті оқушыны мектеп олимпиадаларына шығара алады,кейбір кеңестер бере алады.

4.Жоғары деңгейде – оқу-тәрбие процесін шығармашылық  негізде құра біледі.Педагогикалық процесті диагностикалаумен қатар кейбір психологиялық әдістерді қолданып,дарындылықты анықтай алады.Қосымша тапсырмалар ұйымдастыра біледі,ата-анасымен байланыс жасайды.Бірақ арнайы дайындығы жетпегендіктен  толық дарындылықты дамытудың арнайы бағдарламасын жасауда қиналады.

5.Өте жоғары деңгей.

Мұғалім оқу-тәрбие процесін диагностикалық тұрғыда басқара біледі.Оқу процесінде оқушылар арасында әр түрлі формада танымдық қызметін ұйымдастырады.Оқытудың оқушы белсенділігін арттыратын технологияларын тиімді қолдана біледі.Дарынды балалармен арнайы жұмыс жүргізіледі.Қосымша бағдарлама жасақтап,шығармашылығын дамыту тапсырмаларын дайындайды, күнделік жүргізеді.Онда дарынды баланың дамуы, жетістігі, зерттеуі жазылып отырады. Балалардың конкурсқа, олимпиадаға қатысуына жетелейді.Баланың ата-анасымен жұмыс жүргізеді.

Міне, жоғарыда айтылып өткен дарынды баламен жұмыс істейтін мұғалімге дайындық көрсеткіштерін білу мұғалімге өз білімін жетілдіруіне, ізденуіне бағыт-бағдар беру болады. Психологиялық-педагогикалық талаптар мұғалім жұмысына, ғылыми зерттеуіне және шығармашылық ізденісіне ғылыми тұрғыда құруына негіз болады деп ойлаймыз.

Ұстаз – білім беру ісіндегі шешуші фактор. Ал, ұстаздың сапалылығы,кәсіби шеберлігі оның шәкірттерінен көрінеді.

«Шәкірттің жақсы болмағы – ұстазынан» деген сөз тегін айтылмаса керек.

Білім берудің ұлттық моделіне көшкен қазіргі мектепке ойшыл, зерттеуші, өз ісінде қатып қалған қастандық пен жаттандықтан аулақ, практикалық қызметте педагогикалық үйлестіруді шебер меңгерген психолог-педагогтік диагностика қоя білетін іскер мұғалім қажет.Бұрын өз пәнімізді жақсы білсек, аздаған педагогикалық әдіс-тәсілдерді меңгерсек, баланы өз ерігімізге бағындырсақ,өте күшті педагог болдық деп тоқмейілсуді бастан кешіретін едік. Енді бұл көзқарасты мүлде өзгертуге тура келеді.Өйткені қазір заман өзгерді,қоғам өзгерді, ата-ана мен бала психологиясы өзгерді. «Жаңа балалар» деген феномен пайда болды. Олардың мақсаттары да, құндылықтары да, табынатын идеялары да бұрынғыдан мүлде басқаша. Қазіргі балалар ешнәрседен қорқа қоймайтын,өзінің болашағына тиімділік тұрғысынан қарайтын, іскерлікке бейім, романтик қиялшы емес, көп нәрсеге сене бермейтін адамдар.Сондықтан баланы өзінен төмен көретін, көп ақыл айтатын, іскер емес мұғалімдерді олардың жан дүниесі қабылдамайды.Ғалымдардың зерттеуі бойынша, мұғалімге өз қызметінде 200-дей жұмыс түрін атқаруға тура келеді екен.Ол мектептің барлық шараларына қатысады, көптеген адамдармен қарым-қатынастар жасайды, көптеген педагогикалық құбылыстар мен жағдаяттарды кездестіріп, оларды шамасына, біліктілігіне қарай шешеді.

Енді осыған сәйкес мұғалімдерге қойылатын талаптарға тоқтала кетсек:

Біріншіден, мұғалім жеке көзқарасы бар және соны қорғай білетін жігерлі тұлға және маман мұғалім болуы қажет.Зерттеушілік, ойшылдық қасиеті бар мұғалім жалтақ болмайды.Өз ісін жетік біліп, табанды жүргізетін мұғалім ғана түрлі нәтижеге қол жеткізе алады.Ондай мұғалім әрбір күнініе есеп беріп отырады, азаматтық ар-ожданын үнемі қорғай алады.Екіншіден, кешегі педагогикадағы үрдістерді ысырып тастамағаны абзал.

Педагог-ғалым Сухомлинский Василий Александрович баланы «табиғат перзенті» деп қарап, өз мектебін «Қуаныш мектебі» деп атағаны мәлім. Ол «ойлау», «табиғатпен тілдесу» сабақтарын өткізіп,оқушыларды сұлулық пен жанды ойды түсінуге баулыды.

Грузин педагогы Ш.Амоношвилидің «Өмір мектебін» еске түсіріп көрейік. Бұл ғалым-педагог ынтымақтастық педагогикасының негізін қалады.Мектебінде баланы өзінің өмір жолын дұрыс таңдауға үйретумен шұғылданды. Орыс академигі Шатинин Михаил Петрович, қазақтың ғалым-педагогі Нұртазина Рафиқа апайдың еңбектері де қазіргі ғаламдану заманының ұстанымдарына сай келмей ме?

Үшіншіден, мұғалім педагогтік, психологиялық білімін жетілдіріп үйренумен қатар, сол білімін күнделікті ісінде шебер пайдалана білетін болуы керек. Дүние жүзінде ғаламдану үрдісі жүріп жатқандықтан, ақпараттар ағыны көбейді. Мұғалім қай пәннен сабақ бермесін, ол баланың өмірдің әр саласынақатысты кез-келген сұрағына жауап беруге даяр болуы керек.

Әр мұғалімнің педагогикалық ойлау қабілеті ғылыми түрде қалыптасуы тиіс.Психологиялық басты заңдылық «Адам өзінің шығармашылық өзгерушілік қасиеті арқылы адамдармен қарым-қатынас жасайды және жеке ойлау қабілеті зор жеке тұлға болып қалыптасады», дейді.Көп білу үшін көп оқу, тоқу керек. «Интернет» жүйесін меңгеру қажеттігі туындайды.

Төртіншіден, мұғалім ұйымдастырушылық, құрылымдық, бейімділік, сараптамалық қабілеттермен қатар өз бойындағы педагогикалық жағдаяттарды, дәйектерді, құбылыстарды таңдай білуі және солардың пайда болуының себеп-салдарын анықтай білуге де бейім болуы шарт.Соның негізінде күрделі жағдайларда шешім таба алатын дәрежеге жетуі мүмкін.

Бесіншіден, мұғалімнің адамгершілік, саяси-идеялық ұстанымы жұмысында көрініс тауып, ол ұстанымды бала тәрбиесіне негіз етіп алуы шарт.

Бала ықпал ету обьектісі емес, ынтымақтаса қызмет ететін тұлғаға айналуы керек.Мұғалімдер өзара араласып, ақылдасып атқарған істің жемісті болатыны белгілі.Ендеше жаңа оқулықтар оқыту әдістемесі мен дидактикалық материалдар даярлау барысында ғалымдар мен ұстаздар бірлесіп еңбек етсе, олардың сапасы да талапқа сай болары сөзсіз.

Алтыншыдан, мұғалімдер ынтымақтастық педагогикасы қағидаларын өз ісінде басшылыққа алулары тиіс.Сонда «мектеп те, мұғалім де – бала үшін» қызмет етпек. Ең бастысы мұғалім өзінің өмірімен, білімімен, зерделілігімен, салауаттылығымен, яғни барлық ісімен үлгі болатын тұлғаға айналуы қажет.

Жетіншіден, оқу мен тәрбие – егіз екенін бір сәт  те естен шығармаған жөн.

Бұл, сөз жоқ, мұғалімдерге бұрынғыдан да зор жауапкершілікті, заман ағымына бейімділікті, жанқиярлықты талап етеді.

Қай заманның болсын мұғалімі алдымен ұлы Абайдың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегеніндей, тәлім-тәрбие ісінен жалықпайтын,шығармашылығы мол еңбекшіл, парасатты азаматы болуы керек. Өйткені баланы өзіне тарта алатындай шын тәлімгерлігі бар адам ғана ұстаз деген атаққа ие бола алады.Сондықтан қазіргі заман мұғалімі өз пәнінен білімді ғана болып қоймай, тарихи танымы мол, саяси-экономикалық және педагогикалық-психологиялық сауатты болуы тиіс.Сонымен қатар балаға ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық, сана-сезімдік, дене тәрбиесі мен ұлттық тәрбиені сіңіруші адам болуы шарт.

Оқушыларды Отанды сүюге, адалдыққа, адами тазалыққа, ізгілікке, имандылық пен инабаттылыққа, салт-дәстүрді құрметтеуге үйретіп баулу — әрбір ұстаздың абыройлы парызы, һәм қарызы. Ол үшін мұғалім қазіргі заманға лайық өзінің білім беру ісінде рухани, этно-мәдени дәстүрлерді сақтап, дамыта отырып, шығармашылық ізденіспен жұмыс істеп, өмірге еніп жатқан жаңа технология мен техниканы меңгерген, білігі мен білімі жоғары ұлағатты тұлға болуы міндет.

Мұғалімнің шығармашылық шеберліктерін шыңдауда педагогикалық оқулар, ғылыми-әдістемелік семинарлар, байқаулар олимпиадалар, шығармашылық есеп, іскерлік ойындардың берері көп.Бұл мұғалімдердің кәсіби шеберліктерін шыңдап,қисынды ойлай білетін дара тұлғаларды тәрбиелеу болып табылады.Мұғалім еңбегін зерттеп, саралап, шеберліктерін арттыру, сөйтіп оқушы мен мұғалім арасындағы шығармашылық байланысты нақты танымдық іс-әрекетке ұластыру, озат тәжірибені орынды пайдалануға мүмкіндік туғызу — әрбір мұғалімнің басты міндеті. Оқыту мен тәрбиелеу үрдісін жетілдіру, әрбір сабақтың білімділік, тәрбиелік, дамытушылық мүмкіндіктерін арттырып, ертеңгі білімдар, парасатты жеке тұлғаны қалыптастыру мақсатында жұмыс істеуі қажет.

Мұғалім – білім саласындағы басты тұлға. Ы.Алтынсарин сөзімен айтқанда «мектептің жұмыскер жүрегі». Олар заман талабына орай даярлау,шеберліктерін шыңдау,біліктілігін арттыруда мұғалімнің кәсіптік деңгейін анықтаудың орны ерекше.

Осы заманғы мектептің қай ділгір мәселесін алсақ та, оларды шешу ең алдымен, мұғалімге, оның идеялық танымына мамандық білгірлігіне, ой-өрісінің молдығына  педагогикалық шеберлігіне байланысты.Ал оқушыға берілетін білімнің мазмұны мен сапасы, оны меңгертудегі көрсеткіші мұғалімнің іскерлік қабілетінің басты бейнесі болып табылады.

Оқушылардың рухани жан дүниесін байыту, шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін дарынды оқушыларды мектептен тыс, сыныптан тыс әр түрлі үйірмелерге баулу, олардың жеке шығармашылықтарын көрсетуге жағдай жасап отыру қазіргі таңдағы уақыт талабы деп түсіну қажет. Осылай еткенде ғана оқушы белсенділігі одан әрі артып, өзіне-өзі сенімді, берілген жұмысты тиянақты орындай алатын, рухы мықты тұлға болып шығуы сөзсіз.

Баланың өз-өзіне деген сенімін қалыптастыру, өз бойынан шығармашылық қасиет іздеуге дағдыландыру, оның өмірде өз орнын табуына жол ашады.Бүгінгі таңдағы білім ісінің негізгі күре тамыры да осы болуға тиіс.

Оқу-тәрбие үрдісінде қабілет,дағды,білім,ептілік сияқты психологиялық ұғымдарды өз мәнінде түсіне алмау мұғалімдерді педагогикалық қателерге  ұшыратуы мүмкін. Мұғалім оқушы өзгешеліктеріне зер сала білуі керек.Мұғалімнің жеке бір шығармашылық табысы болса тіпті жақсы. Мысалы, орындаушылық, сурет өнері, музыкадан.

Бала әрекетіндегі, қимылындағы саналы күштерді ақырын, нәзік түрде шақырып,оятып отыру керек. Ол сурет салып отырғанда, бояумен жұмыс істегенде,баланың санасын оятатын мақсат қоля білген жөн. Қызыл түспен басымырақ сурет салынса, енді көгілдір түспен не салар едің деген сияқты сұрақтар қойып жетелеген жөн.

Дарынды балалармен жұмыс барысында мұғалім әр қырынан көрінуі шарт.Алдымен кәсіптік қабілетіне талап қойылады.

  1. Бақылау жүргізу қабілеті. Анықтауда тест, бағдарлама құра білуі.
  2. Диагностикалық тексерулерден алған қорытындылар бойынша баламен жұмыс істеу бағдарламасын құра білуі.
  3. Оқу бағдарламаларын қажетіне қарай өзгерте білуі.
  4. Оқушының икем бағытын нақты ажырату, оған ықпал ету жолдарын сәтті талдаудағы ептілік.
  5. Арнайы оқу жоспарымен жұмыс істеуі.
  6. Сөйлеу шеберлігі, ой қорыту жоғарылығы.
  7. Ата-аналармен байланыс жасауы және кеңес бере білуі.

Ұстаз саяси сауатты, жан-жақты білімді,өз бойындағы білімді оқушы жүрегіне еркін ұялата аларлықтай әдістемелік шеберлігі болуы шарт. Ал дарынды оқушыларды интеллектілігі жоғары, профессионалдық мәдениеті қалыптасқан, мұғалім ғана тәрбиелей алады. Дарынды және шығармашылық қабілеті жоғары балалармен жұмыс істейтін мұғалімнің рөлі білімді таратушы жай мұғалімнің рөлінен ерекшелігі байқалады. Олардың міндеті білімді беру ғана емес,оқушының өзіндік мүмкіншілігін ашуында.

Мұғалім – елдің болашағын көркейтіп, рухани биікке көтеретін, жас ұрпақты тәрбиелейтін жауапкершілігі мол киелі мамандық.Ондай мамандық иесі әрқашанда өресі биік болып, сөйлеген сөзінен, ойлайтын ойынан ілтипаттылығы мен парасаттылығы, біліктілікке ұштасқан ізденімпаз, елжанды, адамгершілігі жоғары жайсаң адам болу керек.

 

 

 

 

 

ІІ тарау. Кіші мектеп жасындағы дарынды балаларға қазақ тілінен білім    беруді ұйымдастырудың әдістемелік негіздері.

 

2.1. Бастауыш сыныптарда қазақ тілін оқыту барысында дарынды балалармен жүргізілетін жұмыстардың ерекшеліктері.

 

Егемен еліміздің тірегі – білімді ұрпақ. Білім бастауы – бастауыш мектепте берілетіні айқын. Осыдан да бастауыш мектепте әр түрлі пәндер тоғысып оқушы білімін дамытып, келбетін сомдауға үлес қосады.Баламен тіл табысып, шәкірттер нағыз тірліктің тынысын сезіне алады.

Ұлы Абай атамыз айтқандай, біліммен теңессе ғана ұлаттар теңесе алады.Біздің егеменді еліміздің мәртебесін көкке көтеретін, экономикасын, ішкі және сыртқы саясатын дамытатын тек қана жастар. Жан-жақты сауатты жеке адамның дамуы үшін, теориялық білімді тәрбиеде тиімді пайдалану мен үйлестіру үшін кең мүмкіндіктер берілді.Мектеп өмірі балаға жаңа әлемді ашып береді. Бұл тұрғыда бастауыш мектептің негізгі міндеттері – баланың жеке басының алғашқы қалыптасуын қамтамасыз ету, оның қабілеттерін ашып дамыту. Оқуға деген ықыласын, іскерлігін қалыптастыру.

Шығармышылық тұлға негізгі бастауыш сыныпта қаланатыны анық. Осы жастағы балалар бойындағы шығармашылық қабілеттің бастаулары жатыр. Тек өмір тәжірибесінің дара-дүниетаным, дара эстетикалық көзқарастың жетімсіздігінен олардың бойларындағы шығармышылық қабілетті ашып көрсете алмайды. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген халқымыз.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында: «Әрбір адамзаттың психофизиологиялық және ерекшеліктері мен қабілетінің дамуына қарай білім алудың барлық деңгейін пайдалана отырып, білім алуына хақысы бар» — делінген.

Бастауыш сыныптарда оқушының оқу бағдарламасының әр пәннен тапсырма орындауы 80% деңгейін игерсе жеткілікті саналады. Білім туралы заңға сәйкес мұғалім оқушының мемлекеттік өлшем деңгейінен төмен түсірмей білім беруі тиіс, бұл үшін оқытудың белгілі технологиясын игеру қажет.Мәселен, Ж.А.Қараев, В.М.Монохов және басқалардың тәжірибесін игеру қажет, өйткені педагогика адамның қалыптасуымен жеке өзіндік ерекшелігін, әрбір баланың қайталанбас тұлға екенін зерттейтін ғылым.

Міне, осыдан келіп педагогиканың ең маңызды заңдылығы туындайды, яғни, әрбір оқушыға жекеше тәсіл қолдану, оның мүмкіндігі мен қабілетін, дарынын, физиологиялық ерекшелігін, ерік-жігерін, өскен ортасы мен тегін ескеруі қажет болады.

Білім берудің мақсатына орай, қазіргі заманғы психологияда зерттеліп анықталған бастауыш саты кезеңіндегі баланың жасымен байланысты таным ерекшеліктерін ескере отырып және оқушылардың бәрінің білім алуына тең мүмкіндік берілуі қажет дейтін дидактикалық ұстанымға сүйенгенде, ең алдымен, мектеп ұсынатын оқу материалдарының базалық (инварианттық) деңгейі, яғни базалық білім мазмұны анықталуы тиіс, бұл деңгей бастауыш сатыда қандай типті екеніне қарамастан кез-келген мектептің әр оқушыға ұсынатын білім мазмұнын жан-жақты толық ашады және оқу бағдарламасы осы мазмұнды құрады.

Оқу үрдісінде бұл мазмұнды оқушылардың меңгеруі біркелкі болмайтыны белгілі, бір оқушылар оны толық жан-жақты меңгереді. Бұл білім мазмұнының жоғары (максимум) деңгейіне сәйкес келеді.

Екінші біреулері – толық меңгеруге шамасы  жетпейді. Осымен байланысты білім мазмұнының ең аз (минимум) бірақ, әр оқушы үшін меңгерілуі қажетті деңгейі оқушы дайындығының ең аз міндеті деңгейіне  қойылатын талаптар түрінде анықталады.

Біздің байқағанымыз, бастауыш сыныптарда шығармашылықпен жұмыс істеуге үйренген оқушы жоғары сыныптарда шығармашылық жұмыстың қай түріне болсын бейім болады. Олар жаңа идеяға проблемаларды өздігінен шешуге тырысады.

Соның нәтижесінде қоғамның дарынды адамдарға деген қажеттік қанағаттандыру талабы оқыту, білім беру жүйесінің алдына баланың жеке қабілеті мен әлеуметтік белсенділігінің дамуына  жол ашу, шығармашылық тұлға қалыптастыру міндетін қойып отыр.

Дарынды балаларды анықтағанда және олармен жұмыс істегенде сол бала жанындағы ортаның педагогикалық, психологиялық, әлеуметтік жағдайына баса назар аударуымыз керек.

Балаға әсер ететін орталар:

  • Ата-аналар, мұғалім, мектеп, жұртшылық, БАҚ, жолдастары.

Жұмыс сітеу барысында баланың осы орталарымен байланысын жете бақылап отыруымыз керек.Ол үшін арнайы тесттер жасалады. Дарынды балалармен жұмыс істеудің соңғы нәтижесі білімді өз еркімен, өзі игере алатын дәрежеге жеткізуімен аяқталады.

Дарынды балалармен жұмыс істеуді төмендегідей кезеңдерге бөлуге болады.

1.Бала бойындағы қабілеттіліктерді бақылау. Жалпы, дарындылықты анықтау, дамыту аса шеберлікті қажет етеді. Бақылауда асығыстық жасауға болмайды. Зерттелетін объектіні айқын белгілеу үшін белгілі педагогикалық-психологиялық әдістер қолданылады. Қай әдісті алсақ та бала табиғатын ұқпаған кісі, оны қанша әурелегенмен еш нәтиже шығара алмайды. Яғни, мұғалім үшін бала жанын түсіну үлкен өнер, ол дәрігердің адам денесін, ұстаның ағаш және темірді білгеніндей өте қажет.

Оқушыны алдымен қабілетіне қарап сыныптан шартты түрде даралаймыз.

Бұл даралауда құпиялылық сақталады.Ол оқушының зерттеу объектісінде тұрғанын өзі және сыныптастары білмеу керек, яғни, бақылау табиғи түрде жүргізілуі керек. Оның сыныпта тапсырмаларды орныдауға белсенділігі, ұтқыр жауаптары, жаңа сабақты жылдам меңгеруі, үй тапсырмасын орындаудағы тиянақтылық, қайталау сұрақтарына мүдірмеуі, т.с.с. есепке алынады. Зерттеу жүйелі жүргізуді талап етеді.

Байқау әдісі. Бала ерекшеліктеріне, жалпы әрекеттеріне бақылау жүргізіледі.Әдіс шарттары: 1.байқау, ұзақ мерзім жүргізіледі;

2.мақсатқа жетуге айқын көрсеткіштер жинақтау, мысалы, мысалы жаттығуды орындауда неге мән береді;

  1. бақылау құралдарының жеткілікті болуы және оның дер кезінде қағазға түсуі.

Әңгімелесу. Мұнда алдын-ала жоспарланған сұрақтарымен қатар жанама сұрақтар ролі ерекше. Әңгіме желісі үнемі проблеманы шешуге әкеп соқтырып отыру керек.

  1. Потенциалды мүмкіндіктерін анықтау. Ерекше бағыттағы мүмкіндігін анықтағанда тесттер қолданылады. Тесттік топқа және жеке оқушыға жүргізуге болады.

2.1. Есте сақтауы.

Аз уақыт аралығында сөзді есте сақтауы. Айтылатын сөздер тізбегі балаға таныс болуы тиіс. Аралығы жарты секунд. Жауапты балмен қорытындылайды.

2.2. Көзбен шолып анализ-синтез жасау.

— 4 суреттен беріледі. Осылардың ішінен артық сурет сызылып тасталады. Баланың бейнемен таныстығы да ескеріледі. Балдық жүйемен бағаланады.

— Көзбен салыстыру. Бірінші баған 2-ге бөлінеді. Оның біреуіне өзара сәйкестігі бар екі сурет салынып, сұрақ белгісі қойылады. Мысалы, тауық. Ал екінші бағанда мүмкін болатын суреттер тұрады. Мысалы, үйрек, әтеш, балапан, күшік. Бала сұрақ орнына қойылатын суретті іздейді. Мұндай салыстыруларды әр түрлі тақырыптардан алған дұрыс.

2.3. Сөзден тікелей анализ-синтез жасау.

—  4-5 сөз айтылады. Осылардың ішінен басқалармен сәйкестігі жоғын алып тастау керек.

— Салыстыру. Бірінші екі сөз айтылады. Мысалы, сағат-уақыт, екінші бір сөз айтылады. Мысалы, градусник-? Содан кейін мүмкін сөздер тізбегі беріледі.Мысалы, сырқат, әйнек, төсек, температура, дәрігер.

2.4. Ойлауы.

— 5-тен кейін қандай сан тұруы керек?  1,3,5 … ? 4,6,7.

— Ауызша айтылған сөздер ішінен ұзынын немесе қысқасын табу керек. Бірақ, айтылған сөздерде 2-3 әріпке айырмашылық болсын.

2.5. Пікіріндегі дәлдік, толықтық, жүйелілік.

Сұраққа жауап беруінде немесе әңгімелесу кезінде әрбір сөйлемге мән беруі, орынды пайдалануы, сөйлемді толық құруы ескеріледі.

  1. Дарындылықты дамыту шаралары.

Жеке ерекшеліктері анықталып болған соң оларды дамыту жұмыстары басталады.Яғни, баланың мүмкіндігін толықтыру, жүйелеу, ғылыми негіздеуге жоспар құрылады.

Жұмысты жүйелі түрде ұйымдастыру: оқу бағдарламасын жасау, жаңа технология мүмкіндіктерін пайдалану, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік бақылаулар жүргізудің арнайы әдістері болуы, сыныптан тыс шараларды өз дәрежесінде өткізу, өз бетіндік білім алуға жетелеу. Апталық жүктемеге міндетті түрде мән берілмеуі керек. Тапсырмалар бала жасына, деңгейіне сай болсын.Артық талаптардан кері нәтиже шығуы мүмкін.

Бастауыш мектептерде қазақ тілі сабақтарында дарынды балаларды оқыту барысында мұғалімдер заман талабына сай оқушыларды жан-жақты тұлға ретінде дамыта отырып оқыту ісі ерекше орын алуы қажет. Білім берудегі жаңа технологияларды өз тәжірибелерінде пайдалана отырып, білім сапасын жақсы деңгейде көтеру өзекті мәселе. Мектептерде «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау», «Тәй-тәй», Ж.Қараевтың деңгейлеп оқыту, М.Жанпейісованың модульдік оқыту, Амонашвилидің адамгершілік – ізгілік педагогикасы, Дамыт аоқыту педагогикасы, т.б. технологиялар мен жобаларды кеңінен пайдалану қажет. Оқытудың белсенді әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы, кіші мектеп оқушыларының білім алуға деген ынтасын, қызығушылығын арттырады.

Бүгінгі бастауыш мектепте оқу әрекеті басым. Сабақтарда әсіресе, қазақ тілі сабақтарында оқушылар білімділік жаттығулар типте есептер шығарумен айналысады. Әрине, мұндай жағдайда қанағаттанарлық деп айтуға болмайды.

Баланың шығармашылық, ізденгіштік қабілеттерін дамыту өте ерте кезден бастап қолға алуды қажет етеді. Мысалы,тіл үйрету үшін біз баланы туған сәтінен бастап сөйлесе бастаймыз. Ал музыканттар жанұясында үнемі музыка естіп өскен баланың сол өнерге қабілеті өте ерте кезден ашылады. Міне, осыны басқа қабілетті дамытуға неге пайдаланбасқа!

Бала жүйелі тұрақты ұйымдастырылған шығармашылық әрекет жағдайында болуы қажет. Ерекше ойды талап ететін әлеуметтік қарым-қатынастар шығармашылық қабілетті дамытуға тиімді әсер етеді деп ойлаймыз.

ХХІ ғасырдың жан-жақты зерделі, дарынды, талантты адамын қалыптастыру бағытындағы білім беру мәселесі мемлекетіміздің назарында. Сондықтан болар, қазіргі таңда қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеруге бағытталған шаралар қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр.

Халқымыздың рухани көсемі ғұлама А.Байтұрсынұлының «өз тілі мен әдебиеті бар ел ғана өз алдына дербес ел бола алатынын біз ұмытпауымыз керек» деп өсиет қалдырғаны бекерден-бекер болмаса керек.

Сондықтан, қазіргі таңдағы педагогика жаңалықтарын, қазіргі қолданып жүрген пән ерекшелігіне қарай қолдана білу-оқыту мақсатына жетудің бірден-бір жолы.

Оқыту барысында алдымызға қоятын мақсатымыз – туған тілдің қыр-сырын, табиғатын таныта отырып, ертең өмірден орын таба алатын өзіне сенімді, нағыз ұлтжанды, парасатты ұрпақ тәрбиелеу. Ол үшін педагогиканың озық үлгілерін жаңашылдықпен пайдаланып, тәжірибені байыта түсу.

Осы алдымызға қойған мақсатымызды жүзеге аасыру жолында сан қилы тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы сабақтың сапасын арттыруға көңіл бөліну қажет деп ойлаймыз.

Бастауыш сыныпта дарынды балаларды оқыту кезеңінде олардың танымдық қызығушылығын дамытудың негізгі факторлары мен бірге баланың маңызды психикалық қызметтерін, ақыл-ой жұмысының тәсілдерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін оқу процесін жолға қою болып саналады. Оқушының шығармашылық қабілеті оның ойлау мен практикалық әрекеттері арқылы ғана дамиды. Дамыта оқыту сабағы ерекше ахуал – мұғалім мен оқушы арасындағы ерекше қарым-қатынас. Мұғалім бұл жағдайда дайын білімді түсіндіріп қоюшы, бақылаушы, бағалаушы  ғана емес, танымдық іс-әрекетті ұйымдастыратын ұжымдық істердің ұйытқысы. Тек осындай оқыту ғана баланың интеллектісінің көзін ашып, шығармашылығын дамытады.

Дамыта оқыту да баланың ізденушілік-зерттеушілік әрекетін ұйымдастыру басты назарда ұсталады. Ол үшін бала өзінің бұған дейінгі білетін амалдарының, тәсілдерінің жаңа мәселені шешуге жеткіліксіз екенін сезінетін жағдайға түсу керек.

Сонда ғана баланың білім алуға деген ынта-ықыласы артады, білім алуға әрекеттенеді. Сабақ төмендегідей 3 құрамдас бөліктрден тұратын болады:

  1. Оқу мақсаттарының қойылуы.
  2. Оны шешудің жолдары.
  3. Шешімнің дұрыстығын дәлелдеу.

Бұл үшеуі дамыта оқытудың Д.Б.Эльконин, В.В.Давыдов жасаған жүйесінің негізгі компоненттері. Оқушы алдына оқу мақсаттарын қоюда ешқандай үлгі бермейді. Мақсатты шешу іштей талқылау, сосын жинақтау арқылы жүзеге асырылады. Мұғалім сабақ процесін ұйымдастырушы, бағыттаушы адам ролінде. Шешім табылған кезде әркім оның дұрыстығын, өзінше дәлдей түсуге үйретіледі.Әр оқушыға өз ойын, пікірін, айтуға мүмкіндік беріледі, жауаптар тыңдалады. Әрине, жауаптың бәрі бірдей дұрыс бола бермес. Дегенмен, әр балаға жасаған еңбегінің нәтижесін бөлісіп, дәлелдеуге талпыныс жасайды,жеке тәжірибесін қорытындылауға үйренеді.

Оқулықтағы жеңіл-желпі тапсырмалар орнына, баланың тапқырлығын, зерделілігін дамытатын шығармашылық тапсырмаларды орындау үлкен нәтиже береді.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында білім беру тәрбие мен оқытудың үздіксіз үрдісі, ал оның негізгі мақсаты жоғары деңгейдегі адамгершілік, мәдени даму және қоғам мүшелерінің кәсіби құзырлығы деп атап көрсетілген.

Еліміздің ертеңі, тәуелсіздігіміздің тұғыры – бүгінгі мектеп шәкірттері. Егемен еліміздің тірегі – білімді ұрпақ. Қоғамда болып жатқан қарқынды өзгерулер мен жаңарулар білім саласына да тың серпіліс әкелді.Білім берудің қазіргі басты мақсаты — өзінің жауапкершілігін сезіне алатын, өздігінен әрекет ете алатын, қажетті ақпаратты іздеп, оны сұрыптауға, меңгеруге бейімді, қоғамдағы бәсекелестікке іскерлігімен төтеп бере алатын тұлғаны даярлау. Білім негізі, іргетасы бастауыш мектепте қаланатыны айқын.Бастауыш сынып оқушыларын тәрбиелеу мен оқыту ісінің маңыздылығы ешқашан күн тәртібінен түсіп көрмеген. Қазіргі бастауыш сыныптарда бітірген жеткіншек – адамгершілік құндылықтарды бойына сіңірген, білуге жаңалыққа құмар, шығармашылығы белсенді, үнемі жетіліп отыратын тұлға, яғни ХХІ ғасыр азаматы.

Осы мақсаттардың үрдісінен көріне білу үшін мұғалімдер қауымына зор міндеттер жүктеледі. Әсіресе, бастауыш сынып мұғалімдері теориялық біліммен мықты қаруланған, өзінің кәсіби шеберлігін заман талабына сай үнемі жетілдіріп отыратын, шығармашыл ұстаз болуы қажет. Қазақ халқының ағртушы ұстазы А.Байтұрсынұлы «Мектептің тірегі де, тілеуі де – оқыта білетін мұғалім» деуінде үлкен сыр жатқандай.

Қазіргі кезде білім берудің ұлттық үлгісі қарқынды қалыптасып, педагогика ғылымында баланың жеке тұлға ретінде дамуына бағытталған білім берудің жаңа технологиялары көптеп жүзеге асырылуда.Ғалымдарымыз отандық және шетел ғалымдарының тәжірибелерін зерттеп, озық үлгісін таратуда. Мұның бәрі түптеп келгенде қазақстандық білім беру саласын әлемдік өркениетке жақындату, білім беру сапасын жақсарту мақсаты деп білеміз.

Білім сапасын арттыру мақсатын көздеген мұғалімдер әр сабағын жаңашыл ізденімпаздықпен, оқушының білім алуына барлық жағдай жасалған деңгейде өткізуде. Қазір шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімнің еңбегі ғана жақсы нәтиже береді.

Білімді даралап, саралап берудің басты бір бағыттарының бірі – дарынды, талантты балалар мен жасөспірімдерді оқыту. Кейінгі кезде мұндай өзекті мәселе әлемдік педагогикалық қызығушылық бары байқалады.Соның бір айғағы ретінде жоғары қабілетті Еуропалық ассосация құрылды.Ассосацияның басты мақсаты – дарынды балаларды зерттеу, қолдау және мадақтау. Мұндай саясат Қазақстанда да жүріп жатыр. Ғалымдардың есептеуі бойынша әрбір жас ерекшелігіне байланысты топта 3 пайыздан 8 пайызға дейін өте талантты оқушылар болады.Бірақ, олардың барлығы мадақтала бермейді. АҚШ-та дарынды балалардың 40 пайызы анықталады, ал Францияда олардың 5 пайызы жоғары мектепке қабылданбайды екен.

Англияда дарынды балаларды зерттеу орталығы бар. Мұнда дарынды балалармен жұмыс істейтін мектептер, арнаулы бөлімдер және тездетіп, тереңдетіп оқытатын курстар жетерлік. Ағылшын педагогтарының дарынды балаларды оқыту әдістемесі бойынша диагностикалық тестілеу тәжірибелері мол.

Германияның Гамбург қаласында 1985 жылдан бастап ерекше қабілетті оқушылармен шұғылданатын қызмет орны жұмыс істейді.

Францияда 80-жылдардың ортасынан бастап кейбір бастауыш оқу мекемелеріне талантты балаларға арналған сыныптар пайда бола бастады. 90-жылдардың басында Страсбургте ойлау қабілеті өте жоғары балаларға арналған ерекше мектеп ашылды.

Жапонияда дарынды балаларды оқыту мәселесіне салыстырмалы түрде ұстамды бағыт көрсетілді.Бұдан Жапонияда өзекті мәселеден тысқары бағыт ұстайды деген пікір тумайды.Кейбір оқу орындарында талантты оқушыларды анықтау бағытында диагностикалық тестілеу жүргізіледі. Оларға арнап арнаулы оқулықтар мен оқу құралдары шығарылады.

Оқушылардың білімі, материалды талдау, оған баға беру тәжірибесі мығым болса, олардың білімінің келер сатысына жетелеу оңай.

Ғылымның жұмбақтарына енемін дегенге жас буынға мынадай үш түрлі шартты орындау қажет:

  1. Оның рухани көзі таза болуы тиіс.
  2. Ол өзінің алдына мақсат қоя білуі тиіс.
  3. Соны орындауға ынталы болуы тиіс.

В.Ф.Шаталов ескі, дәстүрлі әдістемеге қарсы өзінің әдістемелік жаңа жүйесін жасады. М.М.Жанпейісова осы пікірді қолдай отырып, өзінің жаңа модульдік технологиясын жасап, оны іске асырудың жолдарын таба білген.

Оқытуды түрлендіру үшін, әрине, сыныпта әр уақытта көңілді атмосфера ұстауға тырысу керек.

Деңгейлік жұмыс істеуде бала жалықпайды. Күрделі тақырыпты қарапайым тілмен жеткізе отырып, өзінің тіл байлығы мен білімін көтереді. Бірлесе отырып айтылған бір нұсқаны таңдап алудағы мақсат, бала бойындағы дарынның оянуына жол беру. Ол белгіліден белгісізге, яғни жаңа ұғымдарды игеру бала белсенділігі арқылы айқындала түседі. Оқушылардың ой-өріс мен дүниетанымын кеңейтіп, білім аясының мейлінше өсуіне оқушылардың қабілетіне қарай саралап оқытудың ықпалы зор. Осы тәжірибе арқылы сыныптағы оқушылардың білім дәрежесіне қарай топтап оқытудың нәтижелі болатындығына балалардың сабаққа деген ынтасы белсенділігін арттыра түсуге болады деп ойлаймыз.

Ол үшін сыныптағы оқушыларды білім дәрежесіне қарай топқа бөлеміз. Яғни білімі толық беске оқитындар – үздік топ, екінші топ – төрттіктер, үшінші топ – үштіктер.

Топқа бөлмес бұрын оқушылардың білім дәрежесі қалай бағалануы керектігін түсіндіру қажет.

Яғни, «5» бағасын алатын оқушылар өз бетінше ізденіп, оқулықпен қатар қосымша әдебиеттермен жұмыс істеуі керек, ал төрттіктер газет, журнал материалдарымен өз білімін ұштастырып отырып,оқулықпен сабақтастыруы шарт, оқулық материалын толық меңгеріп, ойын толық жеткізуге шамасы келмесе, қосымша материалдармен ұштастыра алмаса, онда ол оқушы «үштіктер» тобына кіреді.

Мұндай саралап оқытудың көп пайдасы бар. Әр бала қысқа да нұсқа сөйлеуге үйренеді. Әрбір топтағы бала білуге құмарта түседі,  төменгі топтар жоғары топқа түсіп қалмауға талпынады.

Оқушыларға қазақ тілін оқытуда қазақ халқының мәдениетін, тарихын, дәстүрін қоса қамтып алуымыз керек.

Ресейде ұлттық қалаулы тобын тәрбиелеу қажеттілігін түсінеді. 1989 жылы «Талантливые дети» атты кешенді бағдарлама жасалды, арнаулы «Ресейлік мәдени қор» ұйымдастырылды, қаражат бөлінді. 1996 жылы бұл қор 229 дарынды оқушыларға степендия бөлді.

Дүниежүзінде болып жатқан мұндай құбылыстан Қазақстан да қалыс қалып отырған жоқ. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында «Біздің балаларымыз біліктілігі жоғары мамандар болады, оларға жағдай жасау керек» делінген.

Республикада «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы құрылған. Мақсаты – еліміздегі талантты да дарынды балаларды тауып, сапалы білім беру.

Мұғалімнің білімді игертуі ұзақ үрдіс. Түпкі нәтижеге білім мен тәжірибені ұштастыра білуі керек. Жалпы мектеп үшін қазір балаларды даралап,саралап оқыту әдістері қолданылуда.

Ж.Қараевтың «Деңгейлеп оқыту» әдісі бойынша 4-ші деңгей тапсырмаларын берген уақытта мұғалім бала ерекшелігіне сай құруға болады. Сол кезде шартты даралау қолданылады да, баланың бөліп алғаны басқаларға елеусіз болып қалады. Осы жерде мұғалімге үлкен міндет жүктеледі. Мұғалім тапсырманы алған білімді жаңғыртатын, эвристикалық ізденіс тәсілдерін пайдаланатындай етіп құруы керек.Тесттік формада тапсырма беруде де зерттелінуші бойындағы қабілетті басты назарда ұстау қажет.

Тапсырмалар ойлауға, талдап-жинақтауға, абстрактілеуге құрылады.Бұларды ақыл-ой гимнастикасы деп те атауға болады.

Жеке тұлғаға баға берілетін сыныптан тыс шаралардың ұйымдастырылуы: пәндік олимпиадалар, байқаулар, клубтар, үйірмелер, секциялар.

Жоғарыда айтып өткендей, түпкі нәтижеде оқушы өздігінен ізденеді, зерттеу жүргізеді, теорияны тәжірибе арқылы талдауға талпынады.

Жаңа технология бойынша әдістемелік жүйесінің басты бөліктерінің бірі – дамыта оқыту. Осы талаптарды орындау үшін, біріншіден, оқушылардың оқудағы іс-әрекеті арқылы ойлау дағдыларын жетілдіру, өз бетінше білім алуына әрекет ету. Екіншіден, мұғалім – ұйымдастырушы, бағыт беруші. Үшіншіден, жаңа технологияның мақсаты – оқытуды ізгілендіру. Ол оқулықтарға деген көзқарасты өзгертуді талап етеді.

Оқушының жұмыс қабілеті, сабаққа деген ынтасы түрлі интеллектуалдық ойындар арқылы, деңгейлік тапсырмаларды өз қалауынша таңдауы арқылы қалыптасады. Мұғалім оқушы алдында мәліметтерді ұғындырып, бала білімін кеңейтіп, көздеген нысанына өз бетінше жетуге қолайлы жағдай туғызады.

Қазақ халқының педагогикасының тәрбиелік және оқулық мүмкіндіктерін қазіргі мектептерде өз оқушыларымызбен жұмыста пайдалану және іске асыру – біздің міндетіміз.

Қазақ тілі сабақтарын өту барысында қазақ халқының салт-дәстүрлерін, үлгі-өнегелерін, қазақтың ырымдары мен тыйымдарын, әдет-ғұрыпын кеңінен пайдаланып, тәрбие ісіне арқау етуіміз қажет.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңына сәйкес «Әрбір баланың жеке қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы, жеке адамның дарындылығын, талантын, қабілетін дамыту» сияқты өзекті мәселелерді іске асыру үшін бүгінгі таңда дарынды балалардың қабілеттерін жоғары деңгейде қанағаттандыратындай білім беру үшін оқытудың әртүрлі технологиялары жасақталып, мектеп тәжірибесіне енгізілуде.

Білім беру жүйесін ақпараттандырумен қатар оқушылардың өскелең оқу тәрбие үрдісін түгелдей терең дараландырып жаңаша білім алуына, өздігінен іздену сезімін ояту дарындылық пен талантқа жол ашуға бағытталған жаңа технологияларды айтуға болады.

Жаңа технологиялардың құндылығы:

1.Жоғары деңгейлі тапсырмаларды орындау арқылы дарынды баланы таңдауға мүмкіндік береді.

2.Оқушы төмен баға аламын деп қорықпайды, керісінше, тапсырманың жауабына қарай жоғары ұпай жинау арқылы ынтасы артады.Оқушыға 4 деңгейлік тапсырма беріледі.

3.Оқушы оқу материалын өзі меңгереді, ал ұстаз өз пәнінен жұмыс дәптерін жасайды.

Педагогикалық технологиялар мектептегі білім беру жүйесінің алдына күрделі міндеттерді қойып, оларды шешу үшін оқытудың мазмұны мен құралдарына, әдіс-тәсілдеріне, ұйымдастыру түрлеріне өзгерістер енгізуді талап етеді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2.2. Қазақ тілі сабағын оқытуда кіші мектеп жасындағы дарынды балалармен жұмыс жүргізудің әдіс-тәсілдері.

 

Қазір республикамыздың білім мекемесі педагогикалық ұжымдары ұсынылып отырған көп нұсқалыққа байланысты өздерінің қалауына сәйкес кез-келген үлгі бойынша қызмет теуіне мүмкіндік алады.Бұл бағытта білім берудің әр түрлі нұсқадағы мазмұны, құрылымы, ғылымға және тәжірибеге негізделген жаңа идеялар, жаңа технологиялар бар. Сондықтан әр түрлі оқыту технологияларын оқу мазмұнымен оқушылардың жас және психологиялық ерекшеліктеріне сәйкес таңдап, тәжірибеге енгізудің маңызы зор.Осының бәрі қазіргі бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-шығармашылық деңгейіне анағұрлым жоғары талаптар қойып отыр.

Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес.Жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік, рухани азаматтық келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.

Оқыту мазмұнын жетілдірудің бір жолы ретінде көлемді тараулар мен тақырыптарды іріленген бөліктерге біріктіріп оқытуды жүзеге асыруға болады. Оқытудың табысты болуы әр сабақтың мазмұны, құрылымы, әдістері талапқа сай болып, оқушылардың білімді игеру деңгейлерін анықтау бір-бірімен байланыста жүреді.

Педагогикалық технологиялардың қайсысы болсын оқытудың тың әдістемесі немесе мүлдем жаңаша жолдарын қарастырады деп түсінбеу керек. Керісінше, адамзат баласының өзі ұрпағын оқыту мен тәрбиелеудегі ең озық, ең тиімді ізденістерін, тәжірибелерін жалғастырып, жеңіл жолдарын іздеу,классикалық педагогикалық озық үлгілерін жаңашылдықпен дамыту болып табылады.

Білім беру технологияларының мынадай принциптеріне сүйену керек:

  • барлық сабақта оқушы ролінің жоғары да нәтижелі болуы, ол әрекеттену субъектісі, оқу үрдісінің басты кейіпкері.
  • оқушының жеке қабілеттерін есепке алу/ зерттелген талант түрлері, зерделіе ерекшеліктері, қызығушылығы, бейімділігі.
  • оқу үрдісіндегі жоғары шапшаңдығы, оқушының шығармашылық қабілетін дамыту.

Педагогикалық технологиялардың қайсысы болмасын оқушылардың өз бетінше, дербес ізденуіне жол ашады, шығармашылық жұмыстарға баулиды.

Біздің мақсат оқушының бірінші сатыдан шығармашылық сатыға жетуіне жол ашу, жағдай туғызу.

Ал оқушылардың қаншалықты дәрежеде дамығандығы әр тарау бойынша жүргізілген өзіндік жұмыстары, тест тапсырмалары және бақылау жұмыстары арқылы анықталады.

Сонымен қатар қазақ тілі сабақтарында ұлттық ойындар оқушының сабаққа қызығушылығын, белсенділігін арттыруда, шығармашылық қабілетті дамытуда өте тиімді екенін айта кеткеніміз жөн. Сабақта пайдаланылған  жақсы ойынға бала бар ынтасымен беріліп, алуан мәлімет, дағды мен шеберліікті меңгертеді. Алға мақсат қоя білуге төселеді, білгенін соған жұмсайды. Алайда, ойынды үнемі пайдаланып отыруға да болмайды. Ойынның белгілі бір уақыттарда жүзеге асырылып,сабақ кезеңдерінде нұқсан келмейтіндей жымдасып жатуын көздеу қажет.

Сондай-ақ И.П.Ивановтың ұжымдық шығармашылық технологиясы бойынша мұғалім мен оқушы арасындағы демократиялық ашық қарым-қатынас орнатылады. Себебі бұл сабақтарда түрлі әдістерді, соның ішінде «Сын тұрғысынан ойлау» технологиясын дамыта оқыту жүйесінің элементтерін пайдалана отырып, оқушылардың бойында бізге беймәлім қасиеттер мен қабілеттерінің бар екендігін және оны сыртқа шығарудың жолдарын табуға болатындығын байқауға болады.Сабаққа енжар қатысып отыратын оқушылардың бойында ерекше белсенділік пайда болады. Жеке-дара жұмыс жасап ізденетін оқушылар көппен, яғни топпен бірге жұмыс істегенде шешуші бір мақсатқа, нәтижеге жететіндігін түсінді.Өзара қарым-қатынастары нығая түседі.

Технологияның мақсаты: Оқушылардың ұйымдасқан түрде белгілі мақсатта жұмыс істеп, жан-жақты дамыту, балалар санасында бір-біріне деген жанашырлыққа, бауырмалдыққа, көмек беруге, ұйымшылдыққа баулу. Бұл технологияны қолдана отырып, жеке өз қамын ғана ойламай барлық ұжымның бірігіп ұймдасып жұмыс істеуіне жетелейді. Нәтижесінде «Бізге өткізді, бізге ұйымдастырды емес», «Біз өткіздік, біз ұйымдастырдық» деген сана-сезім қалыптасады. Ұжымдық шығармашылық технологиясы 6 деңгейден тұрады:

  1. Жұмысты өткізу жайлы шешім қабылдау.
  2. Ұжымдық жоспарлау.
  3. Ұжымдық дайындық.
  4. Жұмысты өткізу.
  5. Ұжымдық анализ жасау.
  6. Нәтиже жасау.

Белгілі жұмыс өтуізуге ұжым шешім қабылдаған соң, ұжым бірнеше топқа бөлінеді. Топтар өзара ақылдаса отырып, басшы сайлайды. Үш стол дайындалады.Столды айнала бір топтың оқушылары отырып ақылдасады. Сабақта ұйымдаса отырып кестелер шешіледі.Венн диаграммасын толтыра отырып, қабілетін жан-жақты дамытады. Осы технология бойынша тақырып бала санасында еркін орын алу үшін ойын әдістерін пайдаланып сабақ өткізу өте тиімді.

Сабақта барлық баланың дамуы үшін қолайлы жағдай туғызуды мақсат тұтуы керек. Оқушыларды «жақсы, жаман» деп бөлмей нашар оқушының өз шамасына қарай, қабілеті жеткенге дейін еңбек етуі ойластырылуы тиіс. Әрине оның қателесуі, жаңылуы мүмкін. Мұғалім тарапынан көрсетілген байсалдылық оның өз күшіне деген сенімін арттырып, алға жетелейді.

Сонымен, бүгінгі таңдағы мақсат – білімді өз бетінше іздену арқылы алуға қолайлы жағдай жасау, өзін-өзі дамытатын тұлға қалыптастыру.

Мұғалім елдің болашағын көркейтіп, рухын биікке көтеретін, жас ұрпақты тәрбиелейтін жаупкершілігі киелі мамандық. Ондай мамандық иесі әрқашанда өресі биік болып, сөйлеген сөзінен, ойлар ойынан ілтипаттылығы мен парасаттылығы, біліктілікке ұштасқан ізденімпаз, елжанды, адамгершілігі жоғары жайсаң адам болуы керек.

Оқу жұмыс ұйымдастырудың көптеген формалары бар.Сабақ – солардың негізгісі. Сабақ – оқытудың сыныптық-сабақтық жүйесінің құрамдыс бөлігі.

Әрбір мұғалімнің мақсаты – сабақ сапасын көтеру, түрлерін жетілдіру, оқушылардың пәнге қызығуын арттыру, ізденуін, таным деңгейін көтеру.

Осыған орай,мектеп өміріндегі өзекті мәселелердің бірі сабақтың жаңа түрлерін дамыту.

Сондықтан педагогикалық ғылым мен озық тәжірибенің бүгінгі даму деңгейінде белгілі болған, әдіс- тәсілдердің бәрін еркін игеріп, оны нақтылы жағдайға байланысты тиімділігін пайдалану әрі шығармашылықпен қолдану- әрбір мұғалім шеберлігінің айнасы. Мұғалім сабақты тартымды,қызықты етіп өткізу үшін талапты, теориялық білімін практикамен ұштастыра алатын шебер болу керек.

Егер мұғалім әр сабағында тақырыптарды оқытуда оқушыны ойландыратын, ізденетін ғылыми тілде сөйлейтін, ұғым- түсінігін өмірмен байланыстыра алатын,танымдық мақсат қоятын, адамгершілікпен ізгілікке назар аударатын болса,ондай оқушы өз-өзіне сын көзбен қарауға өз жетістігін сезе білуге, өз бетімен ізденуге дағдыланады.

Сабақ – оқыту мен тәрбиелеу үрдісінің негізгі формасы. Ендеше сабақтың өз мәнінде өтуі – мұғалімнің шеберлігіне байланысты.Мұғалім шеберлігі мұғалімнің сабаққа мақсатты айқын қойып, оқытудың таңдаған әдісін жетік біліп, жаңа білімнің өткенімен байланысын, оқушылардың жас ерекшелігі мен қабілетін ескеру сияқты талаптарды басшылыққа алғанда ғана өз нәтижесін бермек.

Қысқасы, сабақ үрдісінің сәтті нәтижелі болуының басты себептерінің бірі – оқушылардың қызығуын арттыратындай әдіс-тәсілдерді шеберлікпен таңдай білу.

Яғни,барлық әдістерінің негізі- мұғалімнің сөзі, ал мұғалім сөзі- білімнің көзі. Сондықтан барлық әдістер бір-бірімен ұштасып, тығыз байланыста қолданылады,көрнекі құралдар, тәжірибелер, сарамандық сабақтар жүргізу, өзіндік жұмыстартар өткізу,мұғалімнің түсіндіруі, әңгімелесуімен қатар жүреді. Қазіргі кезде сабаққа қойылатын мақсаттың үш түрі белгілі, олар:

  1. Жалпы педагогикалық (тәрбиелеу мен дамыту)
  2. Дидактикалық (оқу білу дағдысын меңгеру)
  3. Әдістемелік (әр пән бойынша білім мен іскерлікті қалыптастыру,қорытындылай білуге үйрету)

Жалпы педагогикалық мақсат оқушыларға тәрбие беру және жан-жақты дамытуды көздейді.

Дидактикалық мақсатта оқу жүйесінің қай кезеңі сабақта орындалатынына бағыт береді.

Әдістемелік мақсатта оқушылар сабақта қандай білім мен іскерлік дағдыны игеру керектігін айқындайды.

Үнемі өзгеріп тұрған заманда адамнан да қабілеттілер мен қажеттіліктерді толасыз дамытуды талап етеді. Сондықтан мектеп әрбір оқушыны жеке тұлға етіп тәрбиелеуде білім мен білігіне сай келетін оқыту бағдарламасын таңдай отырып, олардың жеке шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту керек. Осыдан мұғалімнің негізгі мақсаты айқындалады:

  • Өз бетінше дами алатын жеке тұлға қалыптастыру;
  • Танымдық әрекет етудің әдістері мен дағдыларын меңгерту;
  • Ойлау қабілетін жетілдіру;

Сабақ тақырыбы заман талабына сай жаңарып отырса, оқушыға оның әсері ерекше болады. Оқушылар сабақ үстінде еркін сөйлеуге, ойын дәлелдеуге, жолдастарымен бірігіп жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Мұғалімнің басқаруымен олар бір-біріне көмектесіп, ортақ тапсырмалар орындайды, топтық,жеке жұмыстар жасайды. Мұндағы негізгі мәселе- оқушының өзіне деген сенімін тудыру, өзін-өзі басқаруға, бағалауға ұмтылдыру, өзін-өзі сыйлауға, құрметтеуге, жан-жағындағы оқушылармен санасуға, ой бөлісуге ынталанады.

Сын тұрғысынан ойлау стратегиясын сабақта қолдану оқу бағдарламасындағы ақпараттар (түсініктер,ұғымдар, ережелер) ағымын сыни ойлаудың жобалары арқылы пайдаланады. Яғни, пәнді оқытуда мұғалім басшылыққа алатын сыни ойлау әдісі мына жағдайда тиімді:

  • Оқушылардың ойлау жүйесі дамуының бақылауына мүмкіндік береді.
  • Оқушылар сын көзбен қарап ойланады немесе іс-әрекетті терең ойлануына жағдай жасайды.
  • Талқылау және шешім табу кезінде оқушылар өз-өзімен шектеліп қалмай басқалармен де ашық пікірлесіп ой түйіндеуге мүмкіндік алады.

Сын тұрғысынан ойлау дегеніміз, педагогтың бағыттауымен оқушының өз бетінше білімді игеруі дамыта оқыту технологиясы оқушыларды өзін-өзі тани алатын, бір-бірімен қарым-қатынас жасай білуге тәрбиелейді. Өзін-өзі бағалай, өзін-өзі түзете отырып шығармашылықпен жұмыс істеуге бағытталған және міндетті түрде өз көзқарасын қорғай білуге тұжырым жасай білуге үйренеді. Нәтижесінде – неғұрлым дамытылған оқушының жеке тұлғасы қалыптасады.

Бұл бағдарлама мақсаты:

Барлық жастағы оқушыларға кез-келген мазмұнға сыни тұрғыдан қарап екі ұйғарым, екі пікірдің біреуін таңдауға, сапалы шешім қабылдауға үйретеді.

Баланың танымдақ белсенділігін арттыруға, өз бетінше білім алуға ықпал етеді.

Оқушыларды ұжыммен, топпен жеке жұмыс жасауға үйретеді. Осы СТО-ның стратегияларын неғұрлым көбірек пайдалансақ, соғұрлым нәтижеде жоғары болады деп ойлаймыз.

Оқушылардың ойлау қабілетін дамытуда қазақ тілі сабағы ерекше орын алады. Өйткені оның әрбір жаттығуы ой жұмысын қажет етеді. Сондықтан сабақты оқушыларға бұрыннан таныс ережеге, берілген жаттығулардан бастап, бірте-бірте күрделендіру бағытында жұмыс жасадық.

Қазақ тілі сабағында оқушыларды ең алдымен ережелерді және грамматиканы жақсы меңгеруіне назар аударамыз.

Қазақ тілі сабағында оқушылардың ойлау қабілетін дамыту үшін ой шапшаңдығын, сөз байлығын, мәтін құрастыруын, құрастырған мәтінді талдауын, өлең шумақтарын құрастыруы арқылы жүзеге асырамыз.

Сабақта көбінесе суреттермен, плакаттармен жұмыс істейміз. Мысалы: суретке қарап әңгіме құрастыру.

Бастауыш сынып оқушыларының ойын дамытуда салыстырудың маңызы зор. К.Ушинский салыстыру ойлау атаулының негізі болып табылатынын атап көрсеткен. Оқудың табысты болуы оқушылардың салыстыра білуі, ұқсастық пен әр тектілікті байқау қабілетінің қалыптасуымен анықталады.

Оқушылардың таным, ой-қабілеттерін дамыту үшін сабақта әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданамыз.Әсіресе, оқушылардың өздігінен жұмыс істеуіне және олардың сабаққа белсенділігінің арттырылуына ерекше көңіл бөлеміз.

Сабақ үстінде «өз бетінше жұмысқа» уақыт көп бөлу керек деп ойлаймыз. Оқушыларды өздігінен жұмыс істеуге баулу және олардың алған білімін іс жүзінде пайдалана білуге үйретеді, логикалық ойлау қабілетін жетілдіруге көмектеседі. Өздігінен орындайтын жұмысты сабақтың барлық процесінде іске асыруға болады. Өткен материалды қайталау, бекіту кезінде жаңа материалды түсіндіру барысында, үй тапсырмасын орындауда оқушының өздігінен жұмыс істеуі қажет. Алайда берілген тапсырманы баланың шамасына лайықты болуын үнемі назарда ұстау керек.

Өзіндік жұмысты ұйымдастырудың шарттары мыналар: мұғалімнің нақты тапсырмалар, нұсқаулар беруі, жұмысты орындаудың және аяқтаудың уақытын белгілеу,мұғалімнің басқаруымен оқушының дербестігінің мөлшерін, олардың жұмысты өз еркімен және қалауымен істеу, оған әсер ететін мотивтер т.б.

Өзіндік жұмысты мұғалімнің дұрыс басқара білуі және оқушының дербестік әрекетінің деңгейінің артып отыруы – осы жұмысты ұйымдастырудың негізгі белгілері болып табылады. Оқушылардың өзіндік жұмыстарының жоғарғы формасына олардың өз еркімен жаңа амал-тәсілдер қолданылып жасайтын шығармашылық жұмыстар жатады. Шығармашылық жұмыстар – оқушының өздігінен шығарма, баяндама, реферат, өлең шығару, көрнекі құралдар жасауы т.б.

Оқушыларды шығармашылық жұмысқа баулып, олардың белсенділіктерін,қызығушылығын арттыра түсу үшін, шығармашылық қабілетін сабақта және сабақтан тыс уақытта дамытуда әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдануға болады. Олар мынадай:

  1. Тақырыпты мазмұнға қарай жинақтау.
  2. Арнаулы бір тақырыпта пікірталас тудыру.
  3. Логикалық ойлауын дамытатын ойындармен бірге берілген тапсырмаларды орындау. (анаграмма,сөзжұмбақ,ребус,суретке қарап әңгіме құрастыру т.б.)
  4. Берілген тапсырмаларды түрлендіру бағытындағы жұмыс (мәтін мазмұнын өңдеу, шығарма, шағын әңгіме құру т.б.)
  5. Әңгіменің ұқсастығын салыстыру, бөліктерге бөлу, ат қойғызу.
  6. Қиялдау арқылы сурет салғызу, рөлге бөліп оқыту.
  7. Ой шапшаңдығын, сөз байлығын дамытуда өлең шумақтарын құрастыру.
  8. Мәтін, ертегі, әңгімені өз бетінше аяқтау.

Ал сабақтан тыс уақытта оқушылардың шығарамшылық қабілетін дамытудың жұмыс түрлері:

  1. Орталық мұражайға апару.
  2. Әртүрлі кездесулер өткізу.
  3. Әртүрлі тақырыпта сайыс, пікірталастар өткізіп, алған әсерлері бойынша шығарма жаздыру.
  4. Балаларға арналған журналдарға жаздырып, оны сабақ кезінде үнемі пайдалану.

Осындай жұмыстарды үнемі жүргізу оқушыларды шығармашылыққа баулуға, шәкірт бойындағы қабілет көзін ашып, тілін байытуға, қиялын ұштауға, өз бетінше ізденуге зор әсерін тигізеді. Бала бойындағы қабілетті ашу – оқушының шығармашылық бағытта дамуына жете мән беру болып табылады.

Қазақ тілі сабағында сөзбен жүргізілетін жұмыс, сөздерді байланыстырып сөйлеуге, әңгіме айтуға, шығарма жазуға көмектеседі.Сөздік жұмысы оқушыны бір жағынан ойлануға жетелесе, екінші жағынан қызығушылығын оятып, шығармашылық қабілетін арттыруға, белсенділікке ынталандырады. Мысалы:

  1. Берілген сөздердің ішінен солдан оңға қарай оқығанда жаңа сөз шығатын сөздерді теріп жаз.

Қыран                      қала                      Дархан

Мұз                          бұлақ                    есек

Қысым                     сүт                        киім

  1. Берілген сөздерге бір әріп қосып мағынасы өзгерген сөз жаз.

Қала+қ                                     таба+н

Ат+а                                         ел+у

Бақа+н                                      өр+т

Осындай сөздікпен жүргізілген жұмыстар оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға зор үлесін тигізеді.

Осы алдымызғы қойған мақсатымызды жүзеге асыру жолында сан қилы тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы, сабақтың сапасын арттыруға көңіл бөлуіміз қажет. Іс-тәжірибеден өту барысында сабақта жекелей оқытудың элементтерін енгізе отырып, әр оқушының білім деңгейінің бірдей өсуін ескереміз.Әр оқушының шығармашылық күш-қуатын толық пайдаланып жұмыс істеуін өз күшіне сенімді болуын, еңбегінің қуанышын сезіне білуіне жетуді көздейміз. Өткен сабаққа қайталау жұмысын жүргізгеннен соң жеке тапсырмалардың түрлеріне қарай деңгейлік тапсырмалар бере отырып шығармашылық ізденіске баулыдық.

Мысалы: ұйқас ұсыну арқылы өлең шығару.

Сөйлемдегі кейбір сөздерді көркем сөзбен ауыстыру.

Берілген тірек сызба арқылы мәтін құрастыру.

Мақалдың жалғасын табу.

Сабақты қызықты ойын түрінде жүргізу оқушылардың білімге ынта-ықыласын арттырады. Н.К.Крупская: «Бала жас болғандықтан ғана ойнамайды, балалықтың өзі оған ойнау үшін, яғни жаттығу арқылы өмірде қажетті дағдыларды игеру үшін берілген» деген болатын. Ойынмен ұйымдастырылған сабақ балаларға көңілді, жеңіл келеді.Программаның талаптарында, қазақ тілін оқытуда қолданылатын ойындарға ерекше мән берілген.Өйткені программаның негізгі тақырыптарын оқып үйренуде қолданылатын ойындар оқушылардың қазақ тіліндегі ұғымдарды кеңейтеді, баланың белсенділігін арттырып, олардың ойлау, қабылдау әрекеттерін кеңейте, білім сапасын тереңдете тиянақтай түсуге жәрдемдеседі. Бұл жөнінде көрнекті психолог, профессор А.В.Запорожец: «Дидактикалық ойын жекелеген білімдер мен бейімділіктерді игерудің формасы ғана болып қоймай, сонымен бірге баланың жалпы дамуына көмектесетін, оның қабілетін қалыптастыруға қызмет ететін жағдайға жеткізуіміз қажет» — деген .

Ойындарды дұрыс ұйымдастыру және өткізу мұғалімнің шеберлігін талап етеді. Ойынды бастамас бұрын ойынның мазмұнымен таныстыру керек және қажетті көрнекіліктерді дайындап алу керек. Сабақ түрлеріне байланысты оның түрлері таңдалынып алынады.Енді қазақ тілі сабағында өткізіп жүрген кейбір ойындарға тоқталсақ:

1-топ. «Кім дұрыс табады?» ойыны.

Шарты: Бірнеше ертегінің суреті беріледі. Оқушылар сол суреттердің атын айтып, «Ертегілер әлемінде» атты плакатқа іледі.

2-топ. Карточкалар таратылады.

  1. Бес жуан дауысты дыбысы бар сөздерді ойлап жаз.
  2. Берілген сөздерден жуан және жіңңішке сөздерді ажырат.
  3. Дауыссыз дыбыстарға фонетикалық талдау жаса.

3-топ. Сурет бойынша әңгіме құрау.

Бүгінгі жас ұрпаққа жан-жақты білім беру, тәрбиелеу әрбір ұстаздың басты борышы. Кейбір мұғалімдер сабақтың жаңа түрлерін пайдаланса, кейбіреулері жаңашыл педагогтардың тәжірибесін қолданады. Қай әдісті пайдаланса да мақсат – бағдарламадағы  материалдың мазмұнын шәкірт ойына сіңіру. Сыныпта барлық баланың ойлау қабілеті бірдей емес, сондықтан сабақ кезінде әрқайсысының білім деңгейіне қарай мұғалім жұмыстың түрін тауып, сол тақырыпты игертуді көздейді.

Сонымен қатар, ұлттық ойындарды сабақта пайдалануда оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға үлкен үлес қосады. Ойын арқылы оқу процесін жандандырып, сабақтың сапасын арттыруға толық мүмкіншілік бар.Сабақта ойын түрлерін күрделендіріп « Ойлап тап» ойынын ойнатуға болады. «Сан есім» тақырыбына байланысты «Сен білесің бе?» ойынын ойнатуға болады. Мұнда мұғалім бір әңгіме оқитынын, олардың ондағы сан есімдерді атауларын ескертеді. Балалар топқа бөлініп, мұғалім оқып тұрғанда көңіл қойып тыңдаулары шарт. Қай топ әңгімедегі сан есімді көбірек тақтаға жазса сол топ озады. Бұл ойыннан оқушылардың алары көп. Дара, күрделі сан есімдерді жазуға үйреніп дағдыланады, сауатты жазуға дағдыланады.

«Қайда менің өз орным?» ойынында оқушыларға бірнеше сөздер беріліп, олардың сөйлемдегі байланысына қарай әрқайсысын өз орнына қою тапсырылады.

Халық ойынын қазақ тілі сабағында пайдалану оқушылардың еркін сөйлеуін, тіл байлығын, сөздің дәл мағынасын бағдарлай білу қасиеттерін жетілдіру.

Сондай-ақ грамматикалық ойындар арқылы сабақтарда оқушылар әртүрлі жағдайды түсінеді, оны шешу жолдарын қарастырады. Ойын сабақтары оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытады, оқуға құлшынысын арттырады. Жақсы ойынға бала бар ынтасымен беріліп, оны білуге, меңгеруге талпынып, алуан түрлі дағды, мәліметтерді алып, шеберліктерін шыңдайды.

Сабақ өту барысында грамматикалық ойын түрлерін, әсіресе қазақ тілі сабағын меңгерту мақсатында жиі пайдаланамыз. Сабақта оқушылардың алған білімдерін одан әрі дамыту, тереңдету, олардың ізденімпаздығын арттыру, ой-өрісін кеңейту, шығармашылық қабілетін дамыту, оқуға белсенділігін арттыру мақсатын көздейміз.

Қазақ тілі пәнінің фонетика, лексика, морфология, синтаксис салаларын оқыту барысында тақырыпқа сай әртүрлі әдіс-тәсілдермен, шеберлікпен грамматикалық ойындарды енгізуге болады.

Мысалы: «Фонетика» саласы бойынша:

  1. А әрпінен басталатын қалалардың аттарын жазыңдар.

Алматы, Астана, Арыс. (ол қалалардың қай жерде орналасқанын картадан көрсетіп, қала туралы не білетіндерін сұрау).

  1. Қай жағынан оқыса да мағынасы өзгермейтін сөздер ойлап жазыңдар.

Мысалы: Азиза, нан, қырық.

  1. «Кім көп тауып айтады?» ойыны.
  2. Басы да, аяғы да «қ» немесе «к» дыбысынан келетін 5 әріптен аспайтын сөздер тауып айтыңдар.

Мысалы:

Қазақ, қонақ, қасық …

Керек, күрек….

  1. Оңға оқыса да, солға оқыса да мағынасы бар сөздерді жазыңдар.

Мысалы:

Нарық – қыран,  қал – лақ,  ескек – кексе.

  1. «Дыбыс таңдау» ойыны
  2. Ойынның шарты. Құралбайдың құрған сөйлемдері мынадай: Қойдан қалып қойған қара қозыны Қосай қораға қамап қойды. ( ал сен осындай сөйлем жаза аласың ба?)

«Сөзтізбе» ойыны

Шарты: Әр сөздің соңғы дыбысынан басталатын сөздер тізбегін жасаңдар. Мысалы:

Көйлек – кеме – емен – наурыз — …

( бұл ойында кімде-кім белгілі бір уақыт ішінде (5 минут) 20 сөз жазып шықса, сол жеңімпаз болып саналады).

«Лексика» саласы бойынша.

«Жалғасын тап» ойыны.

Тақатаға белгілі мақалдардың 2-2-ден сөздер жазылады. Олардың қалған сөздерін оқушылар тауып, қосып айтулары тиіс.

  1. Ұяда ……

Ұшқанда….

  1. Көп……

Терең…..

  1. Істі……

Икемді….

«Кім білгір» ойыны.

Тақтаға заттардың, жан-жануарлардың суреттері ілінеді. Суретке байланысты айтылған мақал-мәтелдерді кім біледі?

( Көп айтқан оқушы жеңімпаз болады)

«Кім дұрыс пайдалана алады?» ойыны.

Плакатқа жазылған тұрақты тіркестерді тақтаға іледі.

Ойынға қатысушылар оларды қатыстырып, әрқайсысына бір сөйлемнен ойлап жазулары керек. Тұрақты сөз тіркестерін дұрыс пайдаланып, сөйлем құрай білген балалар жеңіске ие болады.

Тұрақты тіркестер:

1.Ат ізін салмау.

2.Шаш ал десе, бас алу.

3.Қолын жылы суға малып отыру.

4.Бетінен қақпау.

Ш.Амонашвили айтқандай, дидактикалық ойындарсыз оқушыны білім әлеміне қызықтыру мүмкін емес. Қызықты ойындар бұл сабақтарда белгілі бір орын алады. Мысалы: «Қызық сөздік» ойынында оңынан да, солынан да оқысақ бірдей болатын сөз табу . «Жоғалған буын», «Өз орныңды тап», «Сөз құра», «Дұрыс орналастыр», т.б. ойын түрлері. Ойын жасөспірімнің өзінше еңбегі. Жалпы өмірде ойынның да қоғамдық мәні бар. Ойын барысында белгілі бір әрекет жасай отырып, жасөспірім қоғамдық өмірге қатысудың алғашқы үлгісін алып, ересектер арасындағы қарым-қатынас құрылымын түсінеді. Бала ойын арқылы өзі өмір сүріп, дамып отырған белгілі бір әлеуметтік ортадағы әрекетті қабылдайды.

Деңгейлеп, саралап оқыту технологиясы да оқушы мен мұғалімнің шығармашылық қызметін дамытуға бағытталған: оқушы өздігінен жұмыс істеуге мүмкіндік алады, соған дағдыланады.Оқушының жеке қабілеті анықталады, іштей бір-бірінен қалмауға тырысып,талпынады. Төртінші деңгейді шығармашылықпен жұмыс істейтін, яғни дарынды оқушылар орындайды.

Шығармашылық жұмыстың нәтижесінде кез-келген оқушы өзінің ішкі мүмкіндіктерін дамытады.

Сабақтың түрін өзгертіп өткізу де оқушылардың қызығушылығын арттырып,шығармашылық іс-әрекеттерін дамытады.

Оқытудың нәтижелерін, оқушылардың алған білім деңгейін тексеру, бағалау-пәнді оқытудың ең негізгі бағыттарының бірі. Осы мақсатта тест жүргізу әдісін жүйелі пайдалануда оң нәтижелерге жеткізеді. Тестік бақылау жүйесі оқушылардың өз бетінше жұмыс істеуі әрекетін арттырады,оқытудың тиімділігіне қол жеткізеді. Осыларға қоса оқушылар біліміндегі олқылықтарды анықтайды,уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының 8-ші бабында «Білім беру бағдарламаларын меңгеру үшін жағдайлар жасау, жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, жеке басының дамуы үшін жағдай жасау арқылы интеллектісін байыту», — делінген. Сондықтан  бүгінгі таңда әрбір оқушының жеке тұлға ретінде жан-жақты дамыған, білімді азамат етіп тәрбиелеу – біздің парызымыз.

Әрбір сабақта оқушы белсенділігін арттырып, өзіндік ой-пікірін дамытып, шығармашылықпен жұмыс істеуге дағдыландыру – бүгінгі өмір талабы.

Мектептегі оқу-тәрбие жұмысының сабақтан басталатыны ежелден белгілі. Олай болса, сабақ — әр оқушының ерекшелігін ескере отырып, ғылыми негізге сай білім беру. Ол үшін сабақта алдымен мына мәселелер ескерілуі тиіс деп ойлаймыз.

  1. Ол — өтілетін материалдың ең негізгі мазмұнын, мөлшерін табу. Өйткені, оқушыға берілетін жаңа ұғымның мөлшері тым көп болса, ол шаршайды, жалығады, ынтасы кетеді. Ал, материал аз болса, оқушы өз мүмкіндігін толық пайдалана алмайды. Осыдан оқушыда қанағаттанбағандық сезім пайда болады.
  2. Мұғалім барлық уақытта сабақтың өзі анықтаған мақсаттарын үнемі есте сақтап, тиісті кезеңдерінде оқушылардың назарын аударып отыруы керек.
  3. Сабақта айтылатын әрбір негізгі ойдың айқын, нақтылығын күшейту керек. Нақтылы мағлұмат, деректер, фактілер сабақтың білім деңгейін көтеріп, оқушылардың белсенділігін арттырады.
  4. Оқытудың белсенді әдістерін ендіру керек. Мұның ең бастысы – білімнің жаңа мазмұнын меңгертуде оқушылардың өздерінің белсенді араласуы.
  5. Бағдарламалық нақты материалдың және қосымша материалдың негізінде жатқан адамдық қасиеттердің түрлерін ескеріп, сезім арқылы оқушылар санасына жеткізуді ойластыру керек.
  6. Әрбір сабаққа дайындалар алдында «Осы өтілетін мәселе оқушыларға қайда кездесуі мүмкін.Оны қалай пайдаға асыра алады? Ол үшін менің не істеуім керек?» деген сұрақты өзіне-өзі қоя отырып, соған жауап беруге, оны меңгертудің әдіс-тәсілдерін, керекті қосымша материалдар мен көрнекіліктерді іздестіру тиіс.

Қазіргі кезде шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдердің тынымсыз ізденуінің нәтижесінде ынтымақтастық педагогикасын негізге ала отырып, мектеп өмірін демократияландыру тұрғысында оқытудың белсенді түрлері өмірге көптеп енуде. Сабақтың тиімділігін арттырудың басты шарты – мұғалім мен оқушының бір-біріне көзқарасы, ілтипаты.Бұл ертеден келе жатқан педагогиканың басты мұраты мен көбіміздің жете алмай жүрген арманымыз. Өмірдегі сан-қилы әлеуметтік мәселелерге байланысты жоғалуға айналған адам бойындағы рухани көздердің ең негізгісі. Мұғалім мен оқушылар арасындағы қарым-қатынастың үйлесімінсіз осы заманға сабақ жөнінде сөз ету – бос сөз. Сабақ тиімділігінің негізгі шарты – мұғалімнің жеке басының адамдық қасиетіне, оның дүниетанымына, шәкіртін иландыра білуіне байланысты. Оқушыларға ықпал етуді әкімшілік күшпен емес, олармен тұрғылас адамдай сөйлесіп, оқушылардың санасына әсер етумен қатар, сезіміне де әсер ете алса, педагогикалық еңбек жемісті болар еді. Балаларға жүрек жылуын жайып салатын талантты да ақылды ұстаздардың іс-тәжірибелері сабақтың талай түрлері мен әдістерін өмірге әкелуде, дамыта оқытудың талай жолдарын ашып көрсетуде.

Педагогикалық еңбектің шеберлерінің тамаша қасиеттерінің бастысы – баланың тауын шақпай, өзіне сенімін арттырып, өз күшіне сенуіне көз жеткізу. Көп оқушылардың осал тұсы — өз күштеріне сенбеуі. Сондықтан әр уақытта оқушылардың өздеріне деген сенімдерін күшейтуіне көңіл аударғанымыз жөн. Ол үшін тағы да жүректің жылуы, жан мырзалығы мен биік адамгершілік қажет.

 

 

 

 

 

 

Қорытынды
Қорыта айтқанда, еліміздің өркениетті елдер қатарынан орын алып, дамудың жоғарғы сатысына көтерілуі үшін ең алдымен келер ұрпаққа оң тәрбие, терең білім берілуі керек. Ал, білімнің қайнар көзі мектептен басталса, оның кәусарынан сусындатуда ұстаз еңбегінің рөлі ерекше.

Сонымен дарындылық – туа біткен қабілет деп айтып өттік. Дарынды балалардың ақыл-ойы жоғары дәрежеде дамиды.

Дарынды балалардың, ең алдымен есте сақтау қабілеттері жоғары болады.Сол себепті олар бір оқығанын жаттап алып және мүдірмей айтып береді.Тіл байлықьары да ерекше дамиды, өте аңғарғыштығымен ерекшеленеді.

Дарынды балалар мектепте осындай қасиеттерімен ерекшеленіп алға шығады. Оны мұғалім бірден байқайды. Бірақ мұндай оқушылардың өзге оқушылармен достасуы қиындау болады. Көбіне оларда өзгенің сөзін бөліп,өз әңгімесін айтып кетуі орын алады. Ал, бұл өзгелерге ұнамайды, сондықтан олар достарынан алыстай бастайды.

Дарынды балалар берілген тапсырманы орындауға бар күш-жігерін салады, оны бәрінен артық орындауға тырысады және еңбегінің жоғары бағаланғанын қалайды. Сондықтан ұстаздар олардың еңбектерін бағалап, мадақтап отыру керек.Оның одан әрі өсуіне жағдай жасап, жол ашу керек.

Дарынды балалардың милары ерекше дамыған, қабілетті, энергиясы мол болады. Сондықтан дарынды балаларды дамыту үшін ұстазға көп еңбектенуге тура келеді. Оларға ненің әсері көп болса, сол жағын ұнатуы мүмкін. Бұл жағынан қарағанда дарынды балаларға ұстаздардың әсері де мол болмақ.

Дарынды балалар математика, қазақ тілі мен ана тіліне қабілетті, музыка мен сурет салуға, спортқа ерекше бейімділік көрсете алады. Дарынды балалармен жұмыс сітейтін ұстаздар мынадай талаптарды есте ұстағаны дұрыс:

  1. Сабақтарын әртүрлі әдіс-тәсілдермен өткізе білу.
  2. Пәнін жақсы білу, баланы жалықтырмау.
  3. Шығармашылықпен жұмыс істеу.
  4. Өзіндік көзқарасын үнемі айту.
  5. Әзілді түсіне және қолдана білу.

Адам бойында өзі туралы ой көбіне өзгелердің көзқарасы  арқылы қалыптасады. Сол себепті әркім өзі туралы жақсы ойда болуы, өзінің ұжымда керек адам екенін сезіне білуі қажет. Көпшілік алдындағы жауапкершілігін жақсы сезінуі тиіс, әсіресе бұл ұстаздарға тиіс.

Мұғалімнің басты мақсаты – оқушының дарындылығын тани білу, оның дарынын көрсетуіне, қабілетін дамытуына көмектесу, олардан көшбасшысын тәрбиелеу.

Қазақта: «Әке — балаға сыншы» деген мақал бар. Мысалы, Шоқанның ерекше қабілетін, Абайдың басқа балалардан өзгеше екендігін аңғарған олардың әкелері болатын. Сонымен қатар, болайын деп тұрған бала екен, көзінің оты бар бала екен деп қазақтың билері,ақсақалдары дарынды балаларға батасын беріп, оларды ерте таныған.

Таудың аласармауын, бұлақтың сарқылмауын мұрат тұтқан әр би өзінен кейінгі ұрпақтың да ел ұйытқысы боларлықтай азаматтар болуын ешқашан қаперінен шығармаған. Көкірегінде сәулесі, көзінде оты бар жастарды алыстан танып, тәрбиелеп, баулып, баққан. «Өсер елдің баласы – он бесінде баспын дейді, өспес елдің баласы – он бесінде жаспын дейді», — деген сияқты баланы он бес жастан ел билігіне, дау-шардың шешімін айтуға баули бастаған. Мәселен, Қаракесек Келдібек би өз баласы Қазыбекті жастайынан шешендікке,тапқырлыққа баулиды. Қазыбек сыннан толық өткен соң оны шаршы топқы салады.Осындай талапты жастарды ширата түсу үшін атақты танымал билерге бата алуға, тәрбие үйренуге жіберетін болған.

Қазір ел егемендігін алып, еңсесі биіктеп тұрған кезде дарынды азаматтардың ел экономикасын көтеруде, мәдени-рухани өсуіміз үшін ролі зор болмақ. Осы ретте Елбасы Н.Ә.Назарбаев дарынды жастарды қолдауға ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл күнде жас таланттарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары жасалды.

«ХХІ ғасыр көшбасшысы», «Ақбота » интеллектуалдық марафонының өткізіліп тұруы – жас дарындардың дамуына үлкен үлес қосып,оларды қолдап отыр деп ойлаймыз. Қазіргі кезеңде елімізде көптеген дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттар ашылуда. Соның айғағы ретінде осы Түркістан қаласында ашылған Нұртас Оңдасынов атындағы дарынды балаларға арналған мектепті айтуға болады. Алайда бұл мектептер дарынды балаларды тек қана 6-7 сыныптан бастап қана қабылдай алады. Біздің ұсынысымыз, неге осы мектептерге дарынды балаларды қабылдауды бастауыш сыныптардан бастамасқа. Болашақта бұл мәселе қолға алынады деген үміттеміз.

Жалпы білім беретін мектептерде оқушының ой-өрісін,рухани өсуін,өмірге бейімділігін,дарынымен адамгершілігін тәрбиелей отырып халқын, салтын, дәстүрін,жерін,ғылым мен өнерді сүйетін ұрпақ тәрбиелесек, ел ертеңі, ұлт болашағы, ұлттық бәсекелестікке қабілетті ұрпақ дегеніміз осы.

Қайсы қоғам,

Қай елде,

Қай кезде де

Өзгермейтін саф алтын – дарын ғана,- деген екен озық ойлы ақынымыз Қадір Мырза Әли. Өзгермейтін сая алтынымыз қабілетті,дарынды балаларымызды тани біліп, тәрбиелеп,білім, адамгершілік шыңына жеткізу- барша ұжымымыздың қасиетті міндеті. Алла сол биіктен көрінуге жазсын.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сабақтың тақырыбы: Үстеу және оның түрлерін пысықтау.

Сабақтың мақсаты:

  1. Білімділік: Оқушылардың үстеу туралы білімін пысықтау. Сөздік қорын молайту. Сөйлем ішінде үстеуді ажырата білу қабілетін арттыру.
  2. Дамытушылық: Тапсырмалар мен сұрақтар арқылы оқушылардың танымдық, шығармашылық қабілеттерін дамыту.
  3. Тәрбиелік: Оқушыларға адамгершілік және ақыл-ой тәрбиесін беру.

Сабақтың түрі:  Қайталау сабағы.

Сабақтың көрнекілігі:  Сюжетті суреттер, сауалнам »Алтын қақпа» ойыны компьютер.

Сабақтың барысы: 1. Психологиялық дайындық.

Оқушыларды 3 топқа бөлу. Өлең шумағын хормен айту.

Қазақ  тілім — ­ өз тілім, ана тілім ,

Абай, Мұхтар  сөйлеген  дана  тілім.

Қастерлейді  ұл­ — қызың  мәңгі сені ,

Болашағым, бақытым, дара  тілім .

Топтарды  сабақтың  барысымен  таныстыру.

1.Психологиялық  дайындық.

2.Сауалнама.

3.Ой ашар. Жаңа  сабақ. «Алтын  қақпа»  ойыны.

  1. «Тас қақпаны» ашу. «Фильворд»  ойыны.
  2. «Алтын қақпа» ойыны. Сюжеті сурет бойынша мәтін  құрау.
  3. «Алтын сандық»  . Деңгейлік тапсырма.
  4. Қорытынды.

«Алтын  қақпа» ойынына  қатысу  үшін  сауалнама  аламын .

Сұрақтарды  беріп  орындатамын.

І. «Тас  қақпаны» ашу.  «Фильвор» ойынын  ойнатып, сабақтың  тақырыбын  шығарамыз .

ІІ.  «Күміс  қақпаны»  ашу . Тапсырма  теледидардан  оқылады .

1-топ. Мақал-мәтел  жазады,  құрамында  үстеу  болсын.

2-топ.  Құрамында  үстеулері бар  жұмбақ  жазады.

3-топ.  Құрамында  үстеулері бар  жаңылтпаш  жазады.

Тапсырманы   орындауға  уақыт  беремін.  Орындап  болған соң  әр топтан    1-2 оқушыға  оқытып ,  үстеулерді  тауып  ,сұрақ  қойғызамын.

ІІІ. «Алтын қақпаны» ашу. Тапсырма беріледі. Тақтаға 3 топқа 3 сюжетті сурет ілінеді.

1-топ. Көктем мезгілі туралы мәтін құрайды.

2-топ. Жаз мезгілі туралы мәтін құрайды.

3-топ. Күз мезгілі туралы мәтін құрайды.

Сөйлемдердің құрамында үстеу болсын.

Тапсырманы орындап болған соң, әр топтан 2-3 оқушыға мәтіндерін оқытып, үстеуді тапқызамын.

ІV. «Алтын сандықты» ашу. Тапсырманы конверттен аламыз.

 

Деңгейлік тапсырма.

1-топ

1-деңгей

«Ұстаз» сөзін тәуелдеп жаз.

2-деңгей

Сөйлемді сөйлем мүшесіне талда.

Біздің қораға екі қарлығаш келіп қонды.

3-деңгей

Мекен үстеуге сөйлем құра.

2-топ

1-деңгей

«Гүл» сөзін септе.

2-деңгей

Сөйлемді сөз құрамына талда.

Малшылар қыстаудан жайлауға көшті.

3-деңгей

Мезгіл үстеуге сөйлем құра.

3-топ.

1-деңгей.

«Оқушы» сөзін жікте.

2-деңгей.

Сөйлемді сөз табына талда.

Атқа мінген жігіттер лезде дайын болды.

3-деңгей.

Сын-қимыл үстеуге сөйлем құра.

Деңгейлік тапсырманың бағасын қою.

  1. Қорытынды.

 

 

 

 

 

 

Оқушыларды бағалау.

Сабақ соңында алтын сандық ашылып, сыйлықтар таратылады.

Сабақтың тақырыбы: Лексика

Сабақтың мақсаты:

1.Білімділік: Оқушылардың лексикадан алған білімдерін, іскерлік дағдыларын тексеріп бағалау, сөздік қорын молайту.

2.Дамытушылық: Тапсырмалар мен сұрақтар арқылы оқушылардың танымдық, шығармашылық қабілеттерін дамыту.

3.Тәрбиелік: Адамгершіліккке, адалдыққа, ана тілін сүюге, сөз қолданыстағы шеберлікке тәрбиелеу.

Көрнекіліктер: Тест, карталар, анаграммалар, кестелер.

Түрі: Жинақтау сабағы.

Әдісі: Сұрақ-жауап, эвристикалық мәселе туғызу әдістері.

Сабақтың барысы:

  1. Ұйымдастыру кезеңі.

А. сәлемдесу.

Б. оқу құралына көңіл бөлу.

  1. Үй жұмысын пысықтау.
  2. Жаңа сабақ. Лексика.

«Лексика» атты анаграмманы шешкіземін.

1.Сөз байлығын зерттейтін сала – лексика.

  1. Сөз тіркесінің түрі – еркін.
  2. Белгілі бір кәсіпке байланысты айтылған сөз – кәсіби.
  3. Өзара мәндес жоқ сөздер – синоним.
  4. Көнерген сөздердің түрі – историзм.
  5. Қолданудан шыққан сөздің атауы – көнерген.
  6. Мғыналары бір-біріне қарама-қарсы сөздер – антоним.

Ережеден атаулар бойынша мысалдар келтіру.

Топтық тапсырмалар орындату.

 

 

 

1-топ.

 

Қатар саны Мысалдар Әскери Биология Медицина Әдебиет Спорт
1

2

3

4

5

6

7

8

Генерал

Окробат

Образ

Теннис

Диагноз

Поэзия

Аптека

Ағза

 

 

 

2-топ.

 

        Мысалдар    Еркін сөз тіркесі Тұрақты сөз тіркесі
1.Көзінің еті өсті.

2.Газет оқу.

3.Қырғи қабақ болу.

4.Ән салу.

5.Ит байласа тұрғысыз.

6.Тік тұру.

 

 

 

 

 

 

 

3-топ.

         Мысалдар              Мақал         Мәтел
1.Ердің сәні – білім

Жердің сәні – егін.

2.Көппен көрген ұлы той.

3.Әлін білмеген әлек.

4.Төзім мен еңбек бәрін

де жеңбек.

5.Кең болсаң кем  болмайсың.

6.Соқыр тауыққа бәрі бидай.

 

 

 

 

Мысалдар Диалект сөздер Архаизмдер Неологизмдер Кәсіби сөздер
1.Пісте.

2.Спутник.

3.Зындан.

4.Егеу.

5.Әйдік.

6.Парламент

 

Кітаппен жұмыс:

209-жаттығу. Сөз өнеріндегі антонимдер.

Оқ жарасы бітер,

Сөз жарасы бітпес.

Жақсының сөзі ақыл шақырады,

Жаманның сөзі ашу шақырады.

Баланың жақсысы – қызық,

Жаманы – күйік.

210-жаттығу.

Асан — бай баласы.

Үсен – кедей баласы.

Асанның қолынан ештеңе келмейді.Тамаққа тойып алып, жылы жерден шықпаған бала.

Үсен әр іске икемді. Өз нанын өзі табу үшін, еңбек етуге бейім.

211-жаттығу.

Күн – жарық.

Ауа – тіршілік.

Жер — әлем.

213-жаттығу. Сөздік құрам.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сергіту кезеңі «Бір сөзбен атаңдар» (кезеңі) ойыны.

Сөз тіркесін бір сөзбен айту, шыққан сөзден сөйлем құрау.

  1. Қолды болды (ұрлады).
  2. Аузының суы құрыды (таңданды).
  3. Жер соғып қалу (өкіну).
  4. Көз аларту (жақтырмау).
  5. Ат ізін салмау (қатыспау).
  6. Құлқын сәріден (ертемен).
  7. Бетінен оты шығу (ұялу).
  8. Қызыл кеңірдек болу (ұрсысу).

Қалай дер едіңдер? ойыны.

  1. Жұмыстан қолы босамайтын адам. (жұмысбасты).
  2. Молшылыққа кездесу, көп олжаға ие болу (шаш етектен бату).
  3. Мейірімсіз, сезімі жоқ адам (тас бауыр).
  4. Бағы жанып, абырой, мерейі көтерілді (тасы өрге домалады).

Омонимге, синонимге, антонимге екі-екіден мысалдар жазу.

Жаңа сабақты қорыту.

Бекіту үшін бірнеше сұрақтар беру.

Жалпы сабақты қорыту.

Үй тапсырмасына 216-217-218 жаттығулар жазбаша, 219-жаттығу ауызша беріледі.

Оқушыларды бағалау.

 

 

 

 

 

 

 

Сабақтың тақырыбы: Біріккен сөз.

Сабақтың мақсаты:

     Білімділік. Кейбір сөздер бірнеше түбірлерден құралып, бірігіп жазылатынын мысалдар арқылы түсіндіру.

Жер-су аттарын білдіретін біріккен сөздердегі қатар келген екі дауысты дыбыс сақталып жазылатынын түсіндіру.

Екі сөзден тұратын кісі аттарындағы қатар келген екі дауысты дыбыстың бірі түсіріліп жазылатындығын айту.

Дамытушылық. Ауызша және жазбаша тілдерін дамыту, сөздік қорын, байланыстырып сөйлеуін, шығармашылық қабілетін арттыру. Топпен шығармашылық жұмыс істеуге үйрету.

Тәрбиелік. Оқушыларды ұқыптылыққа, ізденімпаздыққа, жинақылыққа, сауаттылыққа әрі көркем жазуға тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Аралас сабақ..

Сабақтың жүру барысы.

  1. Ұйымдастыру. Оқу-құралдарын дайындап, назарларын мұғалімге аудару.
  2. Үй тапсырмасын сұрау.

Жаңа сабақ.

Ерте, ерте, ертеде «Сөзстан» деген елді мекенде бір ақсақал өмір сүріпті. Ол ақсақалдың аты – «Күрделі сөздер» екен. Оның үш ұлы болыпты. Біріккен сөз, Қос сөз, Қысқарған сөз. Біріккен сөз ынтымақта, бірлікте бақытты өмір кешіпті. Балалары да тату болып, бір-бірінен ажырамай, ұйымшыл болған екен.

 

 

 

 

 

 

 

ІV. Оқулықпен жұмыс. 226-жаттығу.

Әр сөз неше түбірден құралған?

Айнабұлақ, қосаяқ, Тескенсу, итмұрын, Алакөл, Ботагөз, Талдықорған, Есдәулет, аққу, ақбөкен, шаңсорғыш, балмұздақ т.б.

  1. Білгенге – маржан. 227-жаттығу.

Біріккен сөздердің арасына қосу (+) белгісін қойып жазу.

  1. Қос+құдық Ақ+қу
  2. Қара+жал Бір+жан
  3. Ақ+теңіз Көк+жиек
  4. Ақ+төс Саңырау+құлақ

VІ. Сергіту сәті.

Бүгін теледидардан қандай бағдарлама болатынын естеріңізге саламыз. Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Сөйлеп тұрған Қаражон атындағы орта мектептің мұғалімі.Сіздердің назарларыңызға төмендегі бағдарламамызды ұсынамыз.

  • Жаңалықтар. 10. Жетісаз.

8.20. Тілашар.                                        15.45. Жансусар.

9.15. Аңсар.                                            18.40. Баспасөз-2005

10.10. Көзайым                                      19.40. Қалаймақан.

11.20. Бағдаршам.                                  20.00. Ақжүніс.

21.05. Көркем фильм «Ботагөз».

Тыңдағандарыңызға көп-көп рахмет! (Оқушылар біріккен сөздерді тауып түбірлерін қол соғу арқылы білдіреді).

VІІ. Дәптермен жұмыс. 228-жаттығу.

Біріккен сөздердің қай есімнен жасалғанын түсіндіру.

Ақ маңдай Алатаудың асқарынан,

Түрленген Тарбағатай тастарынан.

Дәрі үшін даярлайды шипа шөпті,

Бурабай, Баянауыл бастарынан.

VІІІ. Мақал-мәтел.

Дәрі шөптен шығады,

Дана көптен шығады.

Қандай шөптердің атын білесіңдер? (итмұрын, шайқурай, бәйшешек, аскөк, түймедақ, қырықбуын, шегіргүл, түйеқарын, есекмия)

ІХ. Шығармашылық жұмыс.

1-топ.Аңдардың атын жазу.

2-топ. Құстардың атын жазу.

3-топ. Жәндіктердің атын жазу.

4-топ. Балықтардың атын жазу.

 

          Аң      Құс      Жәндік       Балық
Ақбөкен

Тауешкі

Жолбарыс

Аққу

Көкқұтан

Жарқанат

Қараторғай

Күркетауық

Саршұнақ

Тасбақа

Қарақұрт

Көртышқан

Қосаяқ

 

Көксерке

Есектұмсық

Алабұға

Қызылбалық

 

 

Х. Дамытушылық тапсырма.

1-тапсырма

  1. Таудың суретін сал
  2. Ағып жатқан бұлақты сал
  3. Шөптің суретін сал
  4. Балықтың суретін сал

ХІ « Кім шапшаң?» ойыны.

1-топ

Сары

Саңырау

Кемпір

Темір

Бибі

3-топ. Сөйлем құрау. ( Аққу,Есдәулет)

  1. Аққу-сұлу,нәзік құс.
  2. Кітапханадан Есдәулет атай кездесті.

ХІІ. Қорытындылау.

-Сонымен,біз бүгін сабақта қандай тақырып өттік? Не үйрендік?

 

ХІІІ. Үйге тапсырма. 230-жаттығу.

ХІV. Сабаққа тиянақты қатысқан барлық оқушыларды бағалау.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Алдамұратов Ә. « Жалпы психология» Алматы 1996 ж.
  2. Ахметжанова А. «Оқушылардың қызығушылығын арттыру жолдары» Білім 2004
  3. Әбжанов С. «Оқушыларды шығармашылықпен дамыта оқыту» Бастауыш мектеп  №2. 2003
  4. Әбілқасымова А.Е. «Оқушылардың танымдық ізденімпаздығын қалыптастыру» Алматы Білім 1994
  5. Әуелбеков Ш. «Қазақ тілін оқыту методикасы» Алматы 1987
  6. Әлмұханова Г. «Шығармашылық деңгеймен жұмыс жасау» Бастауыш мектеп №10. 2002
  7. Бабаев С. « Жалпы психология» Алматы 2003
  8. Волков И.П. «Творчествоға үйрету» Бастауыш мектеп №7 1988
  9. Ділдәбекова Г. « Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту» Бастауыш мектеп №7 2001
  10. Есмағанбетова Ш.«Оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастыру» Алматы. Ғылым 2002
  11. Жақсылықова Т. « Қазақ тілі сабағы» Бастауыш мектеп №1 2003
  • Жұмабаев М. « Педагогика» Алматы 1992
  • Жұманбаева Қ. « Баланың логикалық ойлауын дамытудың жолдары» Бастауыш мектеп. № 2001
  • Жүнісова Д. «Ана тілі» Бастауыш мектеп № 2002
  • «Жалпы білім беретін мектептің бастауыш сатысында аға білім мазмұны тұжырымдамасы».
  • Задинова С. «Қызығушылықты арттыру» бастауыш мектеп №1. 1985
  • Искакова М. «Халық календары» Алматы Қазақстан. 1990
  • Кәкімова Ш.Л., Қашығынова Ә.Қ. «Оқушы шығармашылығын дамыту» бастауыш мектеп №1,№2. 1999
  • Қазыбаев С. «Қазақ тілін оқыту методикасы» Алматы 1990
  • Қайранова Ғ. «Білім негізі бастауышта» бастауыш мектеп №2. 2002
  • Қазиева С. «Оқушылардың ой-өрісін дамыту» Бастауыш мектеп №1.2003
  • Қазақстан мектебі №2002
  • Қазақстан мектебі № 2002
  • Қазақстан мектебі № 2002
  • Қазақстан мектебі № 2002
  • Қазақстан мектебі № 2002
  • Қазақстан мектебі № 2002
  • Қазақстан мектебі № 2004
  • Қошанова М. «Оқушылардың бақылау қабілеттерін дамыту» Бастауыш мектеп №1. 2004
  • Қоянбаев Ж. «Семья және балалар мен жеткіншектер тәрбиесі» Алматы. Рауан. 1990
  • ҚР «Білім мемлекеттік бағдарламасы»
  • Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан-2030»
  • Өмірәлиев Қ. «Абайдың нақыл сөздерін оқу-тәрбие ісінде пайдалану» Алматы. Мектеп. 1968
  • Рүстемова Ж. «Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту» Бастауыш мектеп №1. 2003
  • «Республика ұстаздары» газеті № 2004
  • Сабыров Т. «Болашақ мұғалімдердің дидактикалық дайындығын жетілдіру» Алматы. 1992
  • Сәкенова Р., Найманбаева П. «Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту» Бастауыш мектеп №1. 2003
  • Табылдиев Ә. «Қазақтың халық педагогикасы және тәрбие» Алматы 1992
  • Тұрғынбаева Б. «Оқушының шығармашылық қабілетін дамыту» Бастауыш мектеп №7. 1997
  • Жүнісова Д. «Ана тілі» Бастауыш мектеп № 2002
  • Жұманбаева Қ. «Баланың логикалық ойлауын дамытудың жолдары» бастауыш мектеп №7. 2001