Кәсіпорынның бәсеке қабілеттілігін басқару жүйесі

0
2

Жоспар

І. Кәсіпкерлік қызмет өндіріс факторы ретінде.

ІІ. Шағын инновациялық кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдану.

ІІІ. Кәсіпорынның бәсеке қабілеттілігін басқару жүйесі.

Қорытынды

Пайдаланылған әдебиеттер

І. Кәсіпкерлік қызмет өндіріс факторы ретінде

Кәсіпкерлік – бұл меншік формасына тәуелсіз, азаматтар мен заңды тұлғалардың, таза кірісті, тауарларға деген сұранысты өз атынан, өз тәуекелі мен өзінің мүліктік жауапкершілігі арқылы қанағаттандыру жолымен алуға бағытталған белсенді қызметі.

«Кәсіпкерлік» пен «нарық» өзара тығыз байланысты. Нарықтық экономиканың жалпы да қысқа анықтамасы «еркін кәсіпкерлік экономика» деген ұғымды білдіреді.

Шынында да нарық кәсіп иесі мен ортасын, ал кәсіпкерлік нарық қатынасының сипаттамасын көрсетеді. Кәсіпкерлік – азаматтардың өз атынан, өз тәуекеліне, өз мүлік жауапкершілігіне, яғни пайда мен жеке кіріс алуға бағытталған тәуелсіз қызметін керсетеді.

Мемлекеттік заң кәсіпкерлікке шаруашылық қызметтің барлық түрін, сонымен қатар коммерциялық-делдалдық, сауда-саттық, инновациялық, кеңес берушілік қызметтерді, құнды қағаздар операцияларын жүзеге асыруға рұқсат береді. Кәсіпкерліктің алғашқы формасы жеке және ұжымдық кәсіпкерлердің қызметі.

Жоғарыда келтірілген анықтамалар жеке табыс пен пайда табудағы кәсіпкерліктің басты қасиеті мен белгісі болып табылады.

Кәсіпкерліктің негізгі қасиеті іс жүргізудің жеңіске жеткізер қызметінің икемді де ыңғайлы жаңа түрлерін үздіксіз іздестіру, яғни өнімді, технологияны, тауарды, тұтынушылар ортасын, бағаны экономикалық әрекет ортасындағы өзгерістерге сәйкес өзгертеді. Кәсіпкер үшін тыныштықта тұрып қалу жат қылық. Өз атына сәйкес ол іске асырылатын қызмет пайдасының көп болуына, кем дегенде пайданың төмендемеуіне жағдай жасауы керек.

Сонымен, кәсіпкерлік дегеніміз – үздіксіз жаңалау ісі.

Кәсіпкерлік қызметтің сипаты. Кәсіпкерлікті алдын-ала белгісіз, бұлыңғыр жағдайда, тәуекелмен жүргізуге тура келеді. Бұл ұтылу қорқынышын туғызады. Дегенмен есеппен жұмыс істеген кәсіпкер нәтижелі жетістікке жетеді. Алайда кәсіпкер мемлекеттің бақылауымен жұмыс істейді.

Кәсіпкер арқылы кәсіпкерлік қызмет анықтамасы толық сипатталады.

Бекітілген заң бойынша Қазақстан Республикасының барлық азаматы заңды негізде бекітілгендей еңбекке қабілетті деп шешілсе, кәсіпкер немесе кәсіпкерлік қызметтің субъектісі бола алады.

Жеке кәсіпкерлікпен қатар ұжымдық кәсіпкерлікке де рұқсат етіледі. Ұжымдық кәсіпкерлікке заңды түрде мүліктік негізделген азаматтар тобы жатады.

Кәсіпкерліктің арнайы мәртебесі жеке мекеме ретінде қатысушыға беріледі.

Кәсіпкер уақыт факторын есепке алу керек. Келісім жасау мерзімі қысқа болған сайын кәсіпкер үшін оның тиімділігі соғұрлым жоғары болады. Бірақ та ол тұтынушыға зиянын тигізбеу керек.

Кәсіпкерлік қызметтің мәні олар атқаратын қызмет арқылы ашылады:

– кәсіпкер – пайда алу мақсатында өндіріс факторларын тауар мен қызмет өндірудің біріңғай процесіне қосу ұсынысын қарастырады;

– кәсіпкер – фирма қызметінің сипатын көрсететін, фирманың іс-әрекетінің стратегиясын анықтаушы және оны жеңіске жеткізу жауапкершілігін өзіне алатын өндірісті ұйымдастырушы;

– кәсіпкер – коммерциялық негізде жаңа өнімді, жаңа технологияны, қызметті ұйымдастырудың жаңа тәсілін енгізуші жаңашыл;

– кәсіпкер – тәуекелден қорықпайтын және кәсіптік мақсатқа жетуге ұмтылатын адам;

Бұл қызметтерді жетістікпен атқару үшін адам белгілі қабілеттерге: белсенділікке, өз бетінше ойлау қабілетіне, шешім қабылдай білу қабілетіне, мақсатқа жету жолында шыдамдылыққа, ұйымдастыру және ұжымды игеру қабілетіне ие болуы керек.

Кәсіпкерлік қызметтің жалпы құрылымы мен оның түрлері. Кәсіпкерлік өзінің негізгі белгілерімен, қасиеттерімен қатар кәсіпкерлік қызметтің технологиясын жүзеге асырушы тәсіл де болып табылады. Оған істі жүзеге асыру белгілі бір бағыттағы тәртіппен жүргізілетін тізбектілік, өзара байланыс тән. Кәсіпкерлік экономикалық қызметке ерекше қасиет бере отырып басқарады.

Кәсіпкерліктің кәсіпкерлікке тән барлық түрінде көрінетін жалпы белгілерінің типті құрылымын қарастырып көрейік. Былайша айтқанда кәсіпкер қызметінің бірыңғай құрылымын.

Соңғы нәтижесінде кәсіпкерді белгілі бір тұтынушыларға әртүрлі қызмет көрсету және тауарға деген сұранысын тудыра отырып тауар (Т) сату арқылы ақшалай түсім (Ат) алуға шақырады. Сонымен қатар бұл жерде тауар мен қызмет кең шеңберде ұғындырылады. Бұның бәрі тұтынушының мұқтажы, сондықтан да ол ғимарат, құрылыс, үй, меншіктік бағалы заттар, тұтыну тауары, мәлімет, интелектуалды өнім, ақша, валюта, бағалы қағаздар, тұтыну, құрылыс және басқалай жұмыс түрлері мен қызметтері үшін ақша төлеуге әзір, яғни кәсіпкер соңғы өнім ретінде кез-келген тауарды өткізеді.

Бірақ тауарды өткізу үшін алдымен тауар болуы керек. Сондықтан да кәсіпкер алдымен тауарды алады немесе өзі өндіреді. Сонан соң тұтынушыға сату үшін оның қозғалысын жүзеге асырады.

Тұтынушыға тауар мен қызметті өткізу процесін жүзеге асыру үшін кәсіпкер кәсіпкерлік қызметтің керекті факторларын енгізуге, өндіріс жабдықтары мен тауар айналымына көңіл аударуы керек.

Нәтижесінде кәсіпкерліктің қисынды құрылымы төмендегі тізбек түрінде болады:

Аф – Ф – Т – Ат.

Кәсіпкер ақшаға (Аф) фактор (Ф) сатып алып, оны тауарға (Т) айналдырады және тауар мен қызметті сата отырып ақшалай түсім (Ат) алады. Осы процесті жүзеге асыра отырып ол ақшалай түсімнің (Ат) әр түрлі факторларды алуға кететін (Аф) ақшадан жоғары болуын қадағалайды.

Кәсіпкерлік қызметтің технологиясы төмендегіше құрылады. Барлық келісім-шарт белгілі уақыт тәртібінде жасалуы керек, келісім-шарттың жалпы ұзақтығы оның тиімділігіне тікелей әсер етеді.

Кәсіпкерлік қызметтің жалпы типті технологиялық құрылымын одан әрі жетілдіру үшін қызмет түрінің әр түрін жеке-жеке қарастыру керек. Бұл үшін істердің ыңғайлы дұрыс жолдарын таңдай білу керек.

Кәсіпкерлік қызметтің кіріс және пайда әкелетін қызмет түрлеріне салық салынады және кәсіпкер бюджетке міндетті түрде төленетін телем түрлерін төлеуге міндетті. Егер кәсіпкер заңды тұлға ретінде кәсіпорын құратын болса, онда ол Салық Заңына сәйкес салық төлейді. Заңды тұлға ретінде тіркелмеген кәсіпкер азаматтарға кіріс салығы салынады.

Жалдамалы еңбекті тартпай ашылған кәсіпкерлік қызмет жеке еңбек қызметі ретінде, ал жалдамалы еңбекті тартушылар – кәсіпорын ретінде тіркеледі.

Кәсіпкерлік қызмет көлемі бойынша келесі түрлерге бөлінеді:

1) жеке кәсіпкерлік: бір адамның немесе оның жанұясының кез келген саналы еңбегі;

2) ұжымдық кәсіпкерлік.

Қызмет сипаты бойынша кәсіпкерліктің бірнеше формасы бар:

1) коммерциялық емес – баю мақсатында өнімді сатумен байланыссыз (қайрымдылық қызметі);

2) коммерциялық кәсіпкерлік – кіріс әкелетін іс. Еңбектің осы түрін кәсіпкерлік деп атайды.

Кәсіпкерлік – пайда әкелетін экономикалық қызмет Қызмет түрінің сипаты мен маңызына қарай отырып кәсіпкерлік келесі түрлерге бөлінеді:

– өндірістік кәсіпкерлік;

– коммерциялық кәсіпкерлік;

– қаржылық кәсіпкерлік.

Экономикалық қызмет жалпыға бірдей төрт типке бөлінеді:

– өндіріс;

– алмастыру;

– бөлу;

– тұтыну.

Өндірістік кәсіпкерлік өндірісте, коммерциялық кәсіпкерлік тауар мен қызметті тұтынуда, ал қаржылық кәсіпкерлік баға алмастыру мен ақша айналымында таралған. Өндірістік кәсіпкерлік деп есептеп, сонан соң коммерциялық және қаржылық кәсіпкерлікпен тізбекті аяқтаймыз. Сонда да қазіргі жағдайда кәсіпкерлер қызметтің қаймағын тезірек алып, коммерциялық саудадағы делдалдық салада көп пайда табуға тырысуда.

Өндірістік кәсіпкерліктің негізгі шеңбері: өндірістік мекемелер мен ұйымдар; коммерциялық кәсіпкерліктің негізгі шеңбері: сауда ұйымдары мен тауар биржалары; қаржылық кәсіпкерліктің негізгі шеңбері: қаржылық-коммерциялық банктер мен қор биржалары.

Кәсіпкерлердің міндеттері мен мақсаттары. Кәсіпкердің мақсаты – белгілі бір уақыт аралығында жүзеге асыруға қажетті жағдай. Мақсатты анықтаған кезде ең алдымен үш мақсатты элементті анықтайды:

  1. Мақсаттың мазмұны;
  2. Мақсаттың көлемі;
  3. Мақсаттың уақыт факторы;

Өндірістік кәсіпкерліктің мақсаты екі сипатта болады. Өндірілген өнімді сата отырып пайда түсіру. Оны мүмкіндігінше көбейту – кәсіпкерліктің  тікелей мақсаты. Бірақ пайданы сұранысқа ие болған, тұтынушыларға керекті өнімді өндіру арқылы ғана алуға болады. Сондықтан да кәсіпорын бір мезгілде басқа мақсатты да алдына қою керек. Ол – тұтынушылардың  қажеттілігін жоғарғы дәрежеде толығымен қамтамасыз ету.

Басты мақсаты пайда түсіру болатын кәсіпорындар «коммерциялық» деп аталады. Құрылған коммерциялық кәсіпорындардың нақты мақсаттары мен тапсырмалары оларды құру туралы құқылық құжаттарда тіркеледі («Кәсіпорын жарғысы», «Құрылтайшылар жарғысы» және т.б).

Кәсіпкерліктің маңызды мақсаттарының ішіндегі ең маңыздысы – тауар  және қызмет өндірісі, кірісіті көбейту, кәсіпті дамыту.

Өндіріс сферасындағы кәсіпкердің басты мақсаты – өнімге (жұмыс, қызмет) деген сұранысты табу және қалыптастыру, сұранысты өнім (жұмыс, қызмет) өндіру жолымен қанағаттандыру және осы өнімдерді (жұмыс, қызмет) тиімді сату.

«Жеке кәсіпкерді демеу және қорғау туралы» заңда кәсіпкерлер мен кәсіпорындардың міндеттері қарастырылады.

Кәсіпкерлер еңбек заңына сәйкес азаматтарды жұмысқа қабылдаған кезде олармен еңбек шартын немесе келісім-шартын жасаулары керек. Келісімнің қай формасын таңдаса да өз жұмысшыларымен еңбек қатынасын жазбаша жасаулары керек. Ал жұмысшылар жұмысқа қабылданған кезде жазбаша жүргізілетінін білулері керек, болмаса басқаша жағдайда олар өздерінің құқығын дұрыс пайдалана алмайды.

Еңбек ұжымының талабы бойынша жеке кәсіпкер «ұжымдық келісім» заңына сәйкес ұжымдық келісім жасауы керек, сонымен қатар өзінің жұмысшыларының әлеуметтік-экономикалық жағдайларын қорғау мақсатында кәсіподаққа біріккісі келсе оған кедергі жасамауы керек. Бір мекемеде бірнеше кәсіподақтың болуы мүмкін.

Заң бойынша кәсіпкер жұмысқа қабылданған жұмысшыларына еңбекақы төлеуді ұйымдастыруға міндетті, яғни ол жұмысшыларына ең төменгі жалақы мөлшерінен төмен емес мөлшерде еңбекақы төлеуі қажет.

Егер еңбекақы төлеуге ақшасы болмаса ше? Бұндай жағдайда сақтық қорын пайдалануға болады, ал егер де сақтық қоры да болмаса онда кәсіпкер өзін банкрот деп жариялап, жұмысшыларын жұмыстан босатуы керек.

Арнайы құрылған тарату төралқасының шешімімен жабылған мекеме мүлкін сатып жұмысшыларьшен есеп айырысуға тиісті.

Кәсіпкердің ең басты міндеті – мемлекет алдында салық және басқа да қаржы міндеттемелерін толық орындау.

Бұл есептерді кәсіпкерлердің өздері жасайды да салық инспекциясына тексеруге, бақылауға ұсынады және есептелген соманы сәйкес шоттарға аударады.

Кәсіпкерлер экологиялық қауіпсіздікті, еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасын, өндірістік санитария мен гигиенаны сақтауға да міндетті. Сонымен қатар ол қазіргі жағдай мен нормаға сай жасалуы керек.

Қажетті нормативті құжаттарды білмеймін деуге болмайды, бұл істе оны алу кәсіпкердің жұмысы, ал нормативті актіні сақтау міндеті. Кәсіпорынның қызмет істеу сферасы бойынша заңға сәйкес рұқсат құжатын алуға міндетті.

 

Кәсіпорынның ішкі және сыртқы орталары, кәсіпкерліктің формалары

Кәсіпорындар (фирма) дербес субъект болып есептеледі, ол ең алдымен экономикалық шешімдерді қабылдаудағы еркіндікті көрсетеді. Бірақ кәсіпорын қызметіне қатысты кез-келген шешім ішкі және сыртқы ортаның нәтижелерін есепке ала отырып жасалады. Фирманың ішкі ортасы – кәсіпорынның қызметінің барлық құрамын қамтитын өзінің экономикасы: өндірістік процестер, өнімді өткізу, қаржылық, материалдық және кадрлық қамтамасыздық, басқару жүйесі. Фирманың сыртқы ортасы – бұл кәсіпорынның ұлттық шаруашылықтың бөлігі ретінде қызмет атқаратын экономикалық, құқықтық және әлеуметтік ортасы. Кәсіпорынның сыртқы ортасы схема түрінде келесіше сипатталады.

Ұлттық шаруашылықтың кәсіпкерлік секторы экономикалық талдау мақсатында бірқатар маңызды белгілерге байланысты топталатын фирмалардың көптеген санынан тұрады. Ең көп таралғаны меншік формасы, көлемі, қызмет сипаты, салалық қатысуы, өндірістің басым факторы, құқықтық қатысуы бойынша жіктеу. Енді осыларға тоқталып көрейік.

Өзінің кәсібін бастағысы келген әрбір потенциалды кәсіпкер қызметтің түрлері мен формаларын, оларды мемлекеттік органдарда тіркеу тәртібін және салық салу сұрақтарын реттейтін заңдылық сұрақтарымен қақтығысады. Осы сұрақтар бойынша заңдылықтар көлемі өте кең, бірақ кәсіпкер өз таңдауын жасайтын негізгі принциптер бар.

Кәсіпкерлік қызметті заңды тұлға (жолдастықтар, өндірістік кооператив) немесе жеке кәсіпкер түрінде бастауға болады.

Заңды тұлғалар ішінде көптеген түрлер мен формалар бар, оның ішінде төмендегілері соңғы жылдарда Қазақстан Республикасында кеңінен тараған.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер – жолдастықтың бір немесе бірнеше тұлғаларымен тағайындалған, жарғылық қоры жолдастықтың құрылтайшылар құжатымен анықталғандай үлестерге бөлінетін жолдастық. Жолдастыққа қатысушылар оның міндеттемелері бойынша жауапты емес және жолдастықтың қызметімен байланысты шығындар тәуекеліне өзінің салым көлемі шеңберінде ғана жауапты болады.

Жауапкершілігі шектеулі жолдастықтың жарғылық капиталы 1000 есептік көрсеткішті (қазіргі кезде ол 1030 теңге) құрайды және жолдастықтың құрылтайшыларының салым салу жолымен құрылады. Салымдар ақша, құнды қағаздар, мүліктік құқық, оның ішінде жерді пайдалану құқы мен интеллектуалды қызмет нәтижесі құқығы түрінде болуы мүмкін. Құрылтайшылардың салымдары ақшалай түрде бағаланады. Егер де салымның сомасы айлық есептік көрсеткіштің 20000 есе көлемінен асып кетсе, онда бағалауды тәуелсіз сарапшы жүзеге асыруы керек. Жолдастықты тіркеу уақытында жарғылық капиталдың кем дегенде 25 % -ы салынуы керек.

Жолдастыққа заңды тұлға да, физикалық тұлға да құрылтайшы бола алады. Жолдастыққа қатысушылардың саны 50-ден аспауы керек.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестік кіші кәсіпкерлік субъектісі формасында қызмет атқара алады. Осындай форманың өзінің ерекшеліктері жеңілдіктері мен шектеулері бар:

  • Субъект ретінде ЖШС-нің жарғылық капиталы 100 есептік көрсеткішке тең және құрылтайшылар арқылы тіркеу кезеңіне 100% салынуы керек;
  • Жылдық айналым айлық есеп көрсеткішінің 60000 көлемінен аспауы керек;
  • Кіші кәсіпкерлік субъектісі критерийіне түсетін жолдастықтың құрылтайшылары ретінде бір немесе екі заңды тұлға қатысса, онда олардың жолдастықтың жарғылық капиталындағы үлесі 25%-дан аспауы керек;
  • Кіші кәсіпкерлік субъектілері мемлекеттік тіркеуге алынғаннан бастап үш жыл аралығында жылжымайтын мүлік құқын тіркеу төлеміне жеңілдік ала алады;
  • Өндірістік қызметпен айналысатын кіші кәсіпкерлік субъектілеріне жер бөліктерін беру (сату, жалға беру) олардың жергілікті атқару органдарына берген арызы бойынша жерді пайдалануға берілетін актыға төлем алмай және жерді сатып алу төлемін және оны жалға алу төлемін үш жылға шегере отырып жүзеге асырылады.
  • Кіші кәсіпкерліктің өндіріспен айналысатын субъектілері кәсіпорынның қызметін монополияға қарсы реттеуді қолдану арқылы электр энергиясының, жылумен қамтамасыз ету және канализацияның қуатын қосу төлеміне өзгерістер енгізе алады.
  • Кіші кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қатысы бар екінші деңгейдегі банктерде есеп – шот ашуға төлем алынбайды.
  • Кіші кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысшыларының жылдық орташа саны 50 адамнан аспауы керек (фирмаларды қосқанда);
  • Ойын және шоу бизнеспен айналысатын коммерциялық ұйымдар кіші кәсіпкерліктің субъектісі бола алмайды;

Толық жолдастықты құру кезінде қатысушылар жолдастықтың мүлкінің жетіспеушілігі болса оның барлық мүлкі бойынша міндеттемелерге бірге жауапты болады. Азамат тек бір ғана толық жолдастыққа мүше бола алады.

Командитті жолдастық жолдастықтың міндеттемесіне өздерінің барлық мүлкімен қосымша жауапты болатын бір немесе бірнеше қатысушымен қатар жауапкершілігі жолдастықтың мүлкіне салынған салық көлемі бойынша шектелетін және жолдастықтың кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға қатыспайтын бір немесе бірнеше қатысушыны қамтиды. Қосымша жауапкершілікті жолдастықта жолдастықтың жарғылық капиталына салынған салымдар көлемі жетпеген кезде оның міндеттемелері бойынша олардың иелігіндегі мүлік пен олардың салымдарының еселенген мөлшерінде жауапты болады.

Өндірістік кооператив. Ұжымдық кәсіпкерліктің ұйымдастыру заңдылық формаларының ішінде ең басты орынды ауыл шаруашылығы өндірісі саласындағы өндірістік кооператив алады. Оның мәні төмендегіше: азаматтардың жеке еңбекке қатысуына негізделген ерікті түрде ұйымдасуын ұйымдастырушылық және экономикалық анықтылығын береді.

Өндірістік кооперативтің ұйымдастырушылық негізі мүшелік болып табылады. Кооператив мүшелерінің саны бестен кем болмауы керек.

Кооператив мүлкі кооператив мүшелерінің пайынан құрылады. Мүлкі құрамында, кооператив жарғысы бойынша анықталатын мақсаттарға жұмсалатын бөлінбейтін қорлар болады. Кооперативтің жоғарғы басқару органы оның мүшелерінің жиналысы болып табылады. Кооперативтің атқару органы басқаша немесе оның бастығы. Елуден аса мүшесі бар кооперативте атқару органының қызметін бақылайтын бақылаушы кеңес құрылуы мүмкін.

Өндірістік кооперативтің маңызды сипаттамасы мүшелердің кооператив қызметі мен еңбекке қатысуына сәйкес пайданы бөлуге міндетті түрде қатысуы болып табылады. Кооперативті тарқатқаннан кейінгі қалған мүлікті бөлу де осы негізге сүйенеді.

Заңды тұлға сонымен қатар ашық немесе жабық түрдегі акционерлік қоғам түрінде қызмет атқара алады.

Өзінің қызметін жүзеге асыру мақсатында ақшалай қаражаттарды тарту үшін акция шығаратын заңды тұлға АҚ деп танылады.

Жабық акционерлік қоғам – бұл акциясы құрылтайшылар мен алдын-ала анықталған тұлғалар арасында орналастырылатын қоғам. Олардың жарияланған жарғылық капиталының көлемі 100 айлық есептік көрсеткішті көрсетеді. Тіркеу кезеңінде жарғылық капитал 100% төленуі керек. Жабық акционерлік қоғамның акционерлерінің саны 100-ден аспауы керек, тек бұл қоғам коммерциялық емес болса ғана 100-ден асуға рұқсат етіледі. Жабық акционерлік қоғамның акционерлері осы қоғамның басқа акционерлерінің акцияларын сатып алуға ерекше құқылы.

Ашық акционерлік қоғам – өзінің акцияларын ашық (шексіз тұлғалар шеңберінде), жабық және жеке тәсілмен орналастыру құқы бар қоғам. Жарғылық капиталдың жарияланған минималды келемі 50000 айлық есептік керсеткішке тең, оны тіркеу кезінде құрылтайшылар 25% көлемде жабық түрде салуы керек.

Қалған жарғылық капитал акционерлік қоғам мемлекеттіктіркеуден өткеннен кейін бір жыл ішінде шығарылуы керек. Егерде жарғылық капитал жеке тәсілмен орналастырылса онда эмиссияны мемлекеттік органдарда тіркеудің қажеті жоқ. Егерде жарғылық капиталды орналастыру ашық тәсілмен жүргізілетін болса, онда акция эмиссиясының мемлекеттік тіркеуі жүргізіледі

Жеке кәсіпкер – өзінің меншігіне, өзінің тәуекелі мен мүліктік жауапкершілігіне негізделген, кіріс алуға бағытталған, қызметті өз атынан жүзеге асыратын азамат (тар). Қызметтің осы түрі заңды тұлға білімінсіз (құрылымынсыз) төмендегі формалардың бірінде жүзеге асырылуы мүмкін: жеке кәсіпкерлік (бір азамат) және біріккен кәсіпкерлік (қарапайым жолдастық – азаматтардың біріккен қызметі келісім бойынша; ерлі-зайыптылардың кәсіпкерлігі – жалпы біріккен меншік базасында; жанұялық кәсіпкерлік – жекешелендірілген тұрғын үй немесе шаруа қожалығы мүлігіне жалпы біріккен меншік негізінде).

 

Меншік түріне байланысты кәсіпорындардың жіктелуі.

 

Экономикадағы меншік категориясының ролі мен орнын түсіну үшін адамдар үшін қажетті материалдық игіліктер өндірілетін өндіріс тәсіліне жалпы сипаттама беру керек. Өндіріс тәсілінің екі жағы бар: 1-ші өндіргіш күштер – материалдық игіліктерді өндіруде қолданылатын өндіріс құрал-жабдықтары мен адамдар; 2-ші өндіріс процесінде адамдар арасында қалыптасатын өндірістік қатынастар (өндірістік және экономикалық).

Экономикалық қатынастардың ішінде анықтаушы рольді меншік қатынасы алады. Меншік қатынасы жүйесінде үш бөлімді қарастырады. Біріншісі – өндіріске қатысушы жұмысшының еңбек құрал-жабдығымен бірігу түрі мен тәсілін сипаттайды. Бұл бөлім жұмыс күшінің өндіріс құрал-жабдығымен қалайша бірігетіндігін: қожайын, өндіріс құрал-жабдықтарының иесінің басшылығымен немесе жұмысшылар теңдей қатынаста жүргізілетінін сипаттайды. Екінші бөлім: өндіріс нәтижесі мен құрал-жабдықтарды салыстырмалы иеленудегі адамдар арасындағы экономикалық қатынасты анықтайды. Бұл құрал-жабдықтарды иелену формасына сәйкес келуі керек. Үшінші бөлім: шикізат пен материал, энергия, қондырғы және т.б. өндіріс факторларын бөлу мен пайдалану шартын сипаттайды.

Осылайша экономикалық категория ретінде меншікті өндіріс нәтижесі мен құрал-жабдықтарды иелену формасына сәйкес және өндірістік құрал-жабдықтарын бөлу мен пайдалану, иелену арқылы сипатталатын адамдар арасындағы экономикалық қатынас жүйесі ретінде анықтауға болады.

Меншік категориясы экономикалық теорияда басты, анықтаушы рольді атқарады. Осы теория шеңберінде меншіктің негізгі типтері мен формалары ерекшеленеді.

Қоғамдық меншік – өндіріс нәтижесі мен құрал-жабдықтарды бірігіп иелену арқылы сипатталады. Бұл жерде өндіріс қатысушылардың мүдделік тепе-теңдігінің келісімі мен үйлесімділігіне бағытталады. Қызметтің жалпы жоспары қоғамдық өндірістің барлық қатысушыларының мүдделері мен мақсаттарының жан-жақты толық келісімі есебінен жүзеге асырылады.

Ұзақ уақыттар бойы қоғамдық, жалпы халықтық, социалистік меншікке мемлекеттік меншікті жатқызып келдік, бірақ оны бөлу мен пайдалану халық үлесінде емес, аз ғана әкімшілік-әмірші жүйе өкілдерінің үлесінде болып келді. Сондықтан да өндіріс нәтижесін иелену, өндірілген өнімді бөлу мен тұтыну және барлық қоғамдық байлықты иелену әкімшіліктің бетке ұстар қаймақтарының қолында болды. Ондаған жылдар бойы басқарудан кейін соңғы жылдары мемлекеттік меншіктің көп бөлігін материалдық игіліктерді өндіру өндірісіне өз еңбегімен қатысушылар қолына беру процесі жүргізілуде.

Жеке меншік, меншік иесінің мүддесі ұжым немесе қоғам мүддесінен жоғары тұратын, құрал-жабдықтарды немесе өндіріс нәтижесін иеленудің бір түрін көрсетеді. Бұндай мінездеме жеке меншіктің сипатын толық көрсете алмайды. Бұған біріншіден, өндірушілердің жеке еңбегіне негізделген өзіндік меншік, екіншіден жауапкершілігі шектеулі серіктестік деп аталатын кішігірім топ немесе бірнеше тұлғаның топтық меншігі, үшіншіден, акционерлер меншігі енеді. Жеке меншік басқа адамдарды пайдалануға қолданылмаса, қоғам мүддесінен жоғары тұра алмайды, өйткені бұл меншіктің иелері болып жеке адамдар тобы есептеледі.

Меншік түріне байланысты барлық кәсіпорындар, фирмалар, компаниялар мен басқалай ұжымдар негізі үш топқа бөлінеді:

– мемлекеттік;

– ұжымдық;

– жеке.

 

ІІ. Шағын инновациялық кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау

 

Біздің еліміздің болашағы – оның интеллектуалды қоры, ғылым және инновация жетістіктерінде. Бұл сөздер Президент Н.Ә. Назарбаевтың халыққа арналған жолдауында айтылған болатын. Өмір өзі көрсеткендей, шикізат сатуға бейімделген экономика құлдырауға бағытталған. Тек жоғарғы сапалы, ең соңғы ғылым жетістіктеріне сай техника мен технологиялар ғана экономиканы көркейтіп, халық өмірін жақсартуға қабілетті. Сондықтанда, ғылымға және ғылыми-техникалық және инновациялық саясатға ерекше көңіл бөлінуі тиіс.

Өткен ғасырдың соңғы он жылдығында Қазақстан ғылыми-техникалық потенциалы қиындықтармен қақтығысын, түбірімен өзгеріске ұшырады. Тек 1999 жылдан бастап ғана ғылым жөтістіктері мен инновацияларды игеру, ғылым-өндіріс тізбегін дамытудың маңыздылығын мойындай бастадық. Рынокты экономика тұсында ғылыми жаңалықтарды инновациялық компаниялар игеріп, өндіріске енгізіп отырады. Бұл салаға шағын инновациялық кәсіпкерлік айтарлықтай үлес қосады.

Шағын кәсіпкерлік кез келген мемлекет экономикасының негізгі саласының бірі. Шағын және орта кәсіпкерлікке кез келген рынокты дамыған елдерде 10 кәсіпорынның 9-ы кіріп отырады. Егер, Европа елдерінде әр мың тұрғынға шаққанда 45-50 шағын кәсіпорын болса, АҚШ-та ол көрсеткіш 75 кәсіпорын шамасында, ал Қазақстанда не бары 7-8 кәсіпорын ғана құрайды екен.

Бұл кәсіпкерлік сферасында шағын инновациялық бизнес ерекше орын алып, мемлекет экономикасының дамуына көп әсер етеді. Ол бірқатар артықшылықтарға ие:

  1. Шағын инновациялық кәсіпкерлік бір салада тоқтап қалмай экономиканың барлық сферасын қамтиды.
  2. Ірі фирмалар ғылыми зерттеулер мен тәжірбиелерді жүргізуге мүмкіншілігі әлдеқайда көп болса да, күрделі басқару процесс баяу
    атқарылады. Сондай-ақ ірі фирмалар сыртқы орта әсеріне икемсіз болып келеді. Ал шағын инновациялық фирмалар сыртқы орта өзгерістеріне тез икемделініп, жауап қайырып, процесс бағытын жылдам өзгертуге қабілетті.
  3. Шағын фирмалар ірі компанияларға қарағанда ғылыми-техникалық зерттеулер нәтижелерін, инновацияларды өндіріс пен өнеркәсіпке жылдамырақ енгізеді.

АҚШ Ұлттық ғылыми қорының зерттеулері бойынша ірі компанияларға қарағанда шағын фирмаларда 2,5 есе көп жаңалық ашады, өнеркәсіптегі инновациялардың 50% шағын кәсіпкерлік саласымен жасалынған, ал соңғы өнеркәсіпке енгізу процессі шағын кәсіпкерлікке 1 жылға ертерек іске асырылады.

Осы көрсетілген ерекшеліктердің бәрі шағын инновациялық кәсіпкерлікті қолдау маңыздылығын ескертіп отыр. Дамыған елдерде шағын инновациялық кәсіпкерлікті мемлекет тарапынан қолдау жүйесі мынадай сұрақтарды қамтиды:

Шағын инновациялық кәсіпорындар қызметін құқ және заңмен қамтамасыз ету;

Кредиттік жеңілдіктер ұсыну, жеңілдетілген салық түрлерін енгізу;

Шағын инновациялық фирмалар проекттерін тікелей бюджеттік қаржыландыру, жеке кәсіпкерлік саласының қаржысын бағыттау;

Информациялы – консультативті, маркетинг бойынша көмек беру, шағын фирмалар қызметін мамандармен қамтамасыз ету.

Дүниежүзілік тәжірбиеге қарайтын болсақ, шағын инновациялық кәсіпкерлік қызметіне және дамуына ең қолайлы жағдай ғылыми технологиялық орталықтарда – инкубаторларда, технопарктерде, технополистерде ұйымдастырылады екен. Бұл ұйымдар шағын инновациялық кәсіпорындарды бір «шатырдың астында», «бір қалада шоғырландырып, оларға ғылыми-техникалық зерттеу лабораторияларын, өндіріс-тәжірбиелік цехтарын және жалға бөлмелер ұсынады Бұл жерде мемлекеттік қаржы крммерциялық банктер және венчурлы қорлар қаржылары шоғырланады. Әдетте ғылыми парктер мынадай жерлерде орналасады:

Жоғарғы оқу орындары, университеттер бар жерлерде;

өндіріс зоналарын, жер учаскелерін, лабораториялар жалға алуға мүмкіндік бар жерлерде;

Мемлекет тарапынан қолдау, салық жеңілдіктерін алуға мүмкіншілік бар жерлерде;

автокөлік, темір жол магистралдарына және шикізат көздеріне жақын жерлерде.

Қазір дүниежүзінде 400 жуық ірі технопарктер бар, оларды жартысы АҚШ-та орналасқан.

Алғашқы ғылыми парк 40-50 жылдар тұсында АҚШ-та Стенфордс университетінің іргесінде қалыптасқан. Сол кезде осы ғылыми орталықтардан өз бастауларын алған кәсіпорындар ірі компанияларға айналған. Дүние жүзіне әйгілі технополистер Калифорниядағы «Селиконования долина» зонасында «Хьюлетт-Паккард», «Тексас инструмент», «Дженерал электрик», «Кремнйевая долина»  технополисінде «Локхид», «Эр-эм-си», т.б. көптеген фирмалар бастауларын алып, көркейген.

Европа континентінде технопаркті құрылымдар 70 жылдардың басынан дами бастады. Алдымен Ұлы Британияда, онан кейін Франция, Германияда. Қазір Францияда «техникалық регионалды комплекстерді дамыту» бойынша мемлекеттік қызмет бар. Франциядағы ең ірі технопарктер – «София-Антиполис». Бұл технопаркте 26 өнеркәсіптік кәсіпорын, 14 ғылыми-зерттеу ұйымы бар. Жалпы Францияда 50-ге жуық технополистер мен технопарктер бар.

Жапонияда мемлекеттік программалар негізінде 20-ға жуық технополистер қалыптасқан, олардың ішіндегі ең ірісі Цуруба. Мұнда 47 зерттеу ұйымы, бүкіл ғалымдардың 40% шоғырланған.

80 жылдардан бастап дамушы елдерде Бразилия, Индия, Қытай мемлекеттерінде технопаркттер маңыздылығын түсініп, олардың кызметіне жағдай туғыза бастады.

Алғашқы технопарктер пайда болғанынан жарты ғасыр өткеннен кейін ғана Ресейде де осындай ғылыми орталықтар қалыптаса бастады. Олардың алғашқысы 1990 жылы Томск университеті қолдауымен құрылды. Қазір Ресейде 60-қа жуық ғылыми парктер мен орталықтар бар.

Ал Қазақстан да болса олар тек 90 жылдар аяғында ғана пайда бола бастады. Қазір бізде бірнеше технопарк қызмет істейді, олар: әл-Фараби атындағы Қаз МҚУ тұсындағы технопарк, Қарағанды мемлекеттік университетіндегі технопарк және Алматыдағы «Ұлттық ғылыми-технологиялық парк», сондай-ақ өткен жылдың қазан айында алғашқы бизнес инкубаторлары қалыптастырылған.

Ғылыми технологиялық орталықтардың қызмет көрсету деңгейінің кеңеюі, өспелілігіне байланысты оларды былайша тізіп көрсетуге болады: инкубаторлар, технологиялық паркттер, технополистер, ғылым мен технология аймақтары.

Инкубатор – инновациялық қызметтің көптеген түрлерін ұсынушы комплекс, ол бір немесе бірнеше ғимаратты алып тұрады, ал шағын инновациялық фирмалар осы ғимарат ішінен белгілі бір территорияларды жалға алып қызметін бастайды, инкубациялы период 2-3 жыл, осы мерзімнен кейін фирмалар өз бетінше қызмет жасау үшін бұл комплекстен шығып кетеді. Инкубаторда жаңа ғана қалыптасқан фирмаларға бухгалтерлік, маркетингтік (бизнес-жоспарын жасау, өнімге жарнама, маркетингтік талдау жасау), компьютер, басқа да құрал-жабдықтарды жалға ұсыну сияқты көмектер көрсетіледі. Бұл ғылыми-өнеркәсіптік құрылымнын, негізгі мақсаты – шағын инновациялық фирмаларды ғылыми идеядан практикаға жеткізу, бәсеке күресіне төтеп бере алатын кәсіпорын дәрежесіне жеткізу. Ол кәсіпорындар инкубаторлардан шыққан соң технопарктер де немесе басқа да өнеркәсіптік орталарда қызмет етуге қабілетті болады.

Технопарк – ғылыми-техникалық, территориалды комплекс, негізгі мақсаты шағын бизнес фирмаларының қызмет етуіне тиімді, ыңғайлы жағдай қалыптастыру. Олар жоғарғы оқу орындары, зерттеу орталықтары, лабораториялар тұсында қалыптасады. Оның құрамына: зерттеу орталықтары, инкубаторлар, инновациялық орталықтар, маркетинг т.б. орталықтар енеді. Технопарк шағын инновациялық кәсіпорындарға қажетті бухгалтерлік аудиторлық, консалтингті, маркетингті қызметтер ұсынып отырады.

Технополис – жеке қала негізінде құрылған ғылыми-өндірістік құрылым. Негізгі құрылым – технопарктер, инкубаторлар, ғылыми орталықтар мен университеттер.

 

ІІІ. Кәсіпорынның бәсекеқабілеттілігін басқару жүйесі

 

Егеменді ел болып, тәуелсіздігімізді алып нарықтық экономикаға көшуімізге байланысты ел экономикасы түбегейлі өзгерістерге душар болды. Әсіресе еліміздің экономикалық өміріндегі шаруашылық қатынастар жүйесіндегі терең әрі ауқымды өзгерістер көрініп, еркін бәсеке, бәсекеқабілеттілік, еркін сауда, жеке меншік билігі т.б. осы секілді ұғымдар ене бастады. Ал өз кезегінде ұйымдық-құқықтық формалардың яғни әртүрлі шаруашылық жүргізуші субъектілердің жұмыс жасауы, қызмет көрсетуі, өнім өндіруі – бәсеке және бәсекеқабілеттілік ұйымдарын одан әрі өрбіте түсті.

Жоғары тұрақсыз және сыртқы орта факторларының анықталмағандық жағдайында ұзақ мерзімдік перспективада кәсіпорынның әрі қарай гүлденіп, өркен жаюының кепілдігін қамтамасыз ететін бәсеке қабілеттілік пен бәсекеқабілетті басқару жүйесі, сондай-ақ бәсекеқабілетті стратегия тиімді басқарудың мақсатты құралы ретінде әртүрлі функционалдық бағыттағы және әртүрлі бизнес аясында жұмыс істейтін, тауарлар өндіріп, қызмет көрсететін ұйымдар үшін әсіресе өзекті болып отыр. Қазіргі кезде көптеген кәсіпорындар үшін кәсіпорынның бәсекеқабілеттілігін арттыру ең негізгі мәселе болғандықтан көпшілік тарапынан осы бір мәселеге көп көңіл аударуда. Ол сату нарықтары, өткізу көлемдері, қосымша табысты табуды көздейтін өндірушілердің экономикалық стратегияларының басты ажырамас құралына айналды. Осыған сәйкес кәсіпорындар әрі шығарылатын өнімдердің бағаларын төмендету арқылы әрі нарықта бар өнімдерден сапалық көрсеткіштері жағынан ерекшеленетін өнімдерін өндіру арқылы бәсекелестерді ығыстыруға және нарықтағы жағдайларын нығайтуға ұмтылуы керек.

Бәсекеқабілеттілік ұғымы көпжақты болып, кәсіпорын іс-әрекетінің тауар секілді құрамдас бөліктерін сондай-ақ оның негізгі сипаттамалары болып табылатын сапа және өндіріс технологиясын қамтиды. Сонымен қатар ғылыми әдебиеттерде ұлттық экономиканың және аймақтық бәсекеқабілеттілігі ұғымдары қолданылады. Әр ұғымның құрылымы объектінің бәсекеқабілеттілігі оның бәсекеқабілетті элементтерінен және мақсатқа жетуде олардың өзара ұйымдасуынан тұратынын негіздейді.

Кәсіпорынның бәсекеқабілеттілігі – қатысты өлшем, өйткені ол сату уақыты мен нарықта бәсекеге түсетін ұйымдардың салыстырмалы нәтижелерінде көрінуі мүмкін.

Осы арада кәсіпорынның бәсекеқабілеттілігіне тоқтала кетейік.

Кәсіпорынның бәсекеқабілеттілігі – бұл экономикалық, техникалық, ұйымдастырушылық мүмкіндіктердің жиынтығы.

Кәсіпорынның бәсекеқабілеттілігі – бұл бәсекелестік күрес жағдайында өзінің алып отырған нарықтық үлесін сақтап қалуға немесе кеңейтуге жеткілікті әлеуеті.

Кәсіпорынның (фирманың) бәсекеқабілеттілігі – кәсіпорынның ұлттық, халықаралық нарықтағы жағдайын анықтайтын кешенді экономикалық көрсеткіштерін және потенциалын қамтиды.

Байқалғанындай бәсекеқабілеттілігінің 2 жағы бар. Бұлардың біреуі оның элементі және құраушы бөліктері (тауардың жоғары сапасы, тауардың қосымша қызметі, барлық қызмет көрсету мерзіміндегі нақты қызметі т.с.с.) және нақты жағдайдағы тауар сату міндеттерінің нақты шешімі (жеке қабілеттіліктері бар нақты сатып алушы, оның мүмкіндігі және өзіндік талғам шкаласы бойынша нарықта бәсекелесуші кәсіпорындардың ішінен ұнайтынын шешуі, сатушының жеке қасиеттері). Бәсекелелік күрестегі жеңіс бәсекеқабілеттілік нәтижесін бейнелейді. Ал бәсекеқабілеттілік пен бәсекенің қатынасын «потенциал – потенциалды қолдану» қатынасы ретінде сипаттауға болады.

Әдетте бәсекеқабілеттілік бейімділік және жаңашылдық секілді екі ажырамас бөліктерден тұрады. Бейімділікті икемдеу қасиеті, кәсіпорынның сыртқы ортамен қатынасының формасы және ұйымішілік қайта құрудың үрдісі ретінде түсінеміз. Өз кезегінде жаңашылдықты жаңару мүмкіндігі және минималды өзіндік құн, технологиялық, ритмдшік критерилері бойынша ұйымішілік процестерді қайта құру ретінде ұғынамыз.

Егер де бейімділік кәсіпорынның сыртқы орта өзгерістеріне деген реакциясын көрсетсе, онда жаңашылдық өз іс-әрекетінде шешім қабылдау және жаңа элементтерді игерудің негізінде өзгерген іс-әрекет бағытын сипаттайды.

Бәсекеқабілеттіліктің 2 қасиетін қалыптастыруда кәсіпорындар ұйымның жекелей элементтеріне сүйенеді. Жеке тұрғыдан алғанда бейімділік қасиеті ұйымның әркелкі өнімдер өндіретін технологиялық құрал-жабдықтары және тұтастай алғанда техникалық базасы болмайынша қалылтаспайды.

Бәсекеқабілеттілік ұғымының екінші қасиеті болып табылатын жаңашылдық жаңалықтың екі түрін игеру мүмкіндігіне сүйенеді. Бір тұсы бұл өндірістің техника-технологиялық жаңартылуымен байланысты техникалық жаңалық болып табылады. Мұның құрамына құрал-жабдықтар мен аппаратура, өндірістің техникалық құралдары және НИОКРді техникалық қамтамасыз ету сондай-ақ өнімдерді өндіру технологиясы аясындағы жаңалықтарды игерудің әдістері мен тәсілдері кіреді.

Жаңашылдықтың келесі ажырамас бөлігіне – әлеуметтік жаңалықтар жатады. Мұндай жаңалықтың техникалық базасы ретінде игерілген әлеуметтік технологиялардың жиынтығы қарастырылады. Кәсіпорынның бәсекеқабілеттілігінің деңгейіне негізінен мынандай басты факторлар әсер етеді:

– өндірістік технологияны жетілдіру дәрежесі мен ғылыми-техникалық деңгейі;

– жаңа өнер табулар мен жаңашылдықтырды қолдану;

– қазіргі заманға сай автоматтандырылған және роботтандырылған өндіріс құралдарын енгізу.

Сонымен бейімділік пен жаңашылдық ұйымның бәсекеқабілеттілік қасиетіи қалыптастыруға қажетті және жеткілікті жағдайларды айқындайды.

Бүгінгі таңдағы маңызды мәселелердің бірі – кәсіпорынның бәсекеқабілеттілігін жоғарылату мәселесін шешетін және сол ұйымның нарықтық орта элементтерімен байланысын қамтамасыз ететін бәсекеқабілетті басқару жүйесін құру. Осы орайда шаруашылықтың жаңа жағдайларында нарықтық қатынастарға бейімделген басқару жүйесін құру процесін жеделдеткен жөн. Сонымен қатар бәсекеқабілетті басқару жүйесінің ақпараттық қамтамасыз етілуін және стратегиялық бағыт-бағдарын күшейте түсу керек.

Кәсіпорынның бәсекеқабілетті басқару жүйесі негізінде кәсіпорынның потенциалды мүмкіндіктерін және сыртқы орта талаптарын ескере отырып, ақпараттық технология негізінде өздерінің міндеттерін арнайы функцияландырылған әдістер мен тәсілдер арқылы орындайтын органдар жиынтығы түсініледі. Бәсекеқабілетті басқару жүйесі – бұл қоршаған орта факторларының ықпалы негізінде өзін-өзі дамыту және өзін-өзі реттеу қабілеті бар күрделі ағза.

Кәсіпорынның бәсекеқабілетті басқару жүйесінің ең негізгі қағидасы – бұл кәсіпорынның қызмет етуі мен дамуының стратегиясы және мақсаттарды таңдаудағы негізделген өндірісті басқару жүйесінің бағыт-бағдары негізінде жаңа технологиямен жаңа өнім енгізу, кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын ескере отырып оның потенциалды мүмкіндіктерін бағалау және бәсекелестік ортаның жағдайын болжау негізінде қызметтердің перспективалы бағыттарын анықтау түсініледі.

Қазіргі таңда кәсіпорынды тиімді әрі ұтымды басқару жүйесі әлі де болса төмен деңгейде қалып отыр. Сонымен қатар нарық қатынастарына бейімделген басқарудың функционалды механизмі дайындалмағандықтан, бәсеке жағдайында туындайтын көптеген мақсаттарға қол жеткізіле бермеуі. Сондықтан кәсіпорындар заман талабына сай, қазіргі басқару қағидасына негізделген, жоғары бәсекелік потенциалды және стратегиялық бағытты қамтамасыз ететін басқару жүйесін қалыптастыру тұжырымдамасын енгізу қажет болып табылады.

 

Қорытынды

 

Қазіргі кезде Қазақстан кеңестен кейінгі дағдарыс жағдайынан біржолата арылтып, қызметіміздің барлық саласында табанды бетбұрыс, прогресс траекториясына шығу қамтамасыз етілді. Бұл ең алдымен қажетті заңдардың қабылдануы деп айта аламыз. Тек 1999-2004 жылдары парламентшілермен 597 заң қабылданды. Жасалған заңнамалық база үдемелі экономикалық дамуды одан әрі жалғастыруға жағдай туғызды. Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстан көптеген прогресшіл белгілері бар өте серпінді экономика қалыптастырды. Соңғы бес жылда экономиканың орташа өсімі 10%-ға жуықты құрады. Сыртқы сауда мен қаржы жүйесінің көлемі оң көрсеткіштермен сипатталады.

Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттердің бірі инфрақұрылымдық секторларды монополиясыздандыру шаралары бойынша экономикада кәсіпкерлік ахуалды қалыптастыруға жайлы жағдай жасау болып табылады. Осыған сәйкес Мемлекет басшының тапсыруымен бірқатар функцияларды оңтайландыру және лицензиялау жүйесін жетілдіру бойынша едәуір жұмыстар атқарылды.

Экономикалық тұрақты өсу жағдайы қаржы секторы қызметінің тиімді болғандығының арқасы. Үкімет Ұлттық Банкпен бірлесіп, экономиканың осы секторын алдағы уақытта дамыту механизмін жасады.

Кәсіпорындардың халықаралық стандарттарға көшуіне «Техникалық реттеу туралы» заң жаңа серпін беретін болады. Бұл заң халықаралық үлгіге барынша жақындатылған, яғни өнімге деген талапты екі бөлікке бөледі. Олар – қауіпсіздік және тұтыну сапасы. Осылайша отандық өнімді халықаралық стандарт деңгейіне шығарудың жүйелік негізі құрылады. Сонымен қатар, ұлттық стандарттарды халықаралық деңгейде ұштастыру жоспарын орындау жұмыстары жүргізілуде. Егер республикада тәуелсіздіктің 12 жылында барлығы 621 ұлттық стандарт қабылданса, 2004 жылдың өзінде жаңа 197 стандарт жасалуда.

Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып экономикалық дамуды басқаруды ұйымдастырудың принципт жаңа жүйесін құруды қолға алды. Ол Ұлттық инновациялық жүйе деп аталады. Қазақстанда құруды жобаланып отырған жүйе негізгі төрт элементтерден тұрады. Олар: ғылыми әлеумет, инновациялық кәсіпорындар, қаржылық және инновациялық инфрақұрылымдар.

Еліміздің индустриалды-инновациялық даму бағытында төрт түрлі саясат ұсталынады: ұлттық авиа жүйені жасақтау, экономиканы халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, сөйтіп БСҰ-на кіру, шағын және орта бизнесті одан әрі дамытып, оны әлеуметтік мәселені шешетін ғана емес, нақты экономикалық факторға айналдыру және трансұлттық компанияларды Қазақстан нарығына тарту.

«Ғылым туралы», «Инновациялар туралы» қолданыстағы заңдармен қатар жаңа заңнамалық келісімдер бұл салада алға жарып шығу үшін жақсы тұғырнама жасайтынын атап өткен жөн.

Осы заманның қазақстандық ақпараттық саясат жаңа инновациялық-технологиялық экономиканы елеулі түрде күшейтіп, жаңа индустриялық, прогресшіл құрылымы бар экономиканы құруы керек. Бұл процеске қатысушы барлық тараптардың жиі де тиімді өзара ықпалдасуы күткен нәтижені береді.

Тәуелсіздіктің он үш жылында жүргізілген реформалар экономиканың жедел де саналы дамуын іске асыру мүмкіндіктерін туғызды. Оның басты құрамдасы елдің индустриялық-инновациялық дамуы болып табылады.

Бекітілген Индустриялық-инновациялық даму стратегиясы алға өршіл міндеттер қоятын өзіндік бірегей құжат деуге болады. Үнемі өзгеріс үстіндегі әлемдік конъюнктура жағдайында бұл өмірлік қажетті қадам. Жаһандану саясында Қазақстан экономикасы бірқатар проблемалармен бетпе-бет келгенін айтудың өзі жеткілікті.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Молдахметов А.Б., Өтелбаев М.Ө. Қазіргі заман экономикасы. Оқулық. -2006ж.
  2. С.Умирзаков. Журнал. 2004ж.