Бурақай тауының табиғат ескерткіштерінің оқу-танымдық туризмді дамыту
Мазмұны:
І.Кіріспе……………………………………………………………3-5
ІІ.Зерттеу бөлімі
1-Тарау. Бурақай тауының табиғат ескерткіштерінің
оқу-танымдық туризмді дамыту мүмкіндіктері
1.1. Бурақай тауында туризмді дамытудың табиғи
алғышарттары………………………………………………6-9
1.2. Бурақай тауының табиғатының ерекшеліктері ….10-15
2-Тарау.Бурақай тауының табиғат ескерткіштерінің
оқу-танымдық туризмді дамыту мүмкіндіктері
2.1. Бурақай тауының климатының туризмді дамытудағы алатын
орны ………………………………………………………………………………….16-17
2.2.Бурақай табиғат ескерткіштерінің геологиялық
оқу- танымдық туризмді дамытудағы маңызы……18-25
ІІІ.Қорытынды………………………………………………….26-28
ІV.Пайдаланылған әдебиеттер тізімі……………………..29-30
- Қосымшалар……………………………………………………31
Кіріспе
Талдықорған қаласының маңындағы эстетикалық тартымдылығымен ерекшеленетін табиғат ескерткіштеріне бай оқу-танымдық, және бұқаралық сипаттағы туризм мен демалысты дамытуға мүмкіндік беретін аумақтың бірі Қаратал өзенінің оң жақ жағалауын бойлай созылып жатқан Бурақай тауы болып табылады. Алуан түрлі табиғат ескерткіштерінің басым бөлігі шоғырланған Қызылтас гранитті алқабының Талдықорған-Текелі өнеркәсіпті ауданына жақын болуы аталған аумақты рекреациялық тұрғыдан тиімді пайдалана отырып,туризм кластерін құруды жүзеге асыруға қолайлы жағдай тудырады.
Ғылыми-ізденіс жұмысының өзектілігі: Өлкетану-ізденіс жұмысы жоғарғы палеозойдың қызыл-сары граниттерінен тұратын Бурақай тауындағы бірегей табиғат ескерткіштерінің түзілу заңдылықтары мен оларды оқу-танымдық және экологиялық туризмді дамыту мақсатында пайдалану мүмкіндіктерін анықтауымен өзекті.
Ғылыми-ізденіс жұмысының мақсаты:
Бурақай тауының жер бедерінің шағын морфомүсіндік пішіндерінің негізін құрайтын Қызылтас гранитті алқабының табиғат ескерткішінің түзілу заңдылықтарын, геологиялық құрылысын, тау жыныстарының құрамы мен оқу-танымдық және экологиялық туризмді дамыту мүмкіндіктерін анықтау.
Ғылыми-ізденіс жұмысының міндеттері:
— ғылыми жазба дерек көздеріне талдау жасай отырып, Бурақай тауының жер бедерінің геоморфологиялық ерекшеліктері мен ондағы эстетикалық тартымдылығымен ерекшеленетін бірегей табиғат ескерткіштерінің түзілу заңдылықтарын ашып көрсету;
— ішкі эндогендік күштердің әсерінен түзіліп, экзогендік үрдістердің бұзушы әрекетінен өзгеріске ұшыраған таиғат ескерткіштерінің түзілу жолдарын оқып-үйрену;
— интрузивті және шөгінді тау жыныстары мен олардың өзара әрекетін, тектоникалық бұзылыстардың геоморфологиялық белгілерін дала жағдайында жан-жақты оқып үйрену;
— Экзогендік және эндогендік үрдістердің минералдар мен тау жыныстарын, қазіргі жер бедерін қалыптастырудағы алатын орнын анықтау.
Ғылыми-ізденіс жұмысының теориялық-әдістемелік негіздері: өлкетану-ізденіс жұмысының теориялық негізі ретінде В.С.Преображенскийдің «Географические проблемы организация туризма и отдыха», С.Е.Ердавлетовтың «География туризма Казахстана», атты еңбектеріндегі ғалымдардың ой пікірлері басшылыққа алынып, салыстыру, талдау, камералық өндеу әдістемелері пайдаланылды. Дәйекті материалдар ретінде суреттер, сызба-нұсқалар,карталар қолданылды.
Ғылыми-ізденіс жұмысының практикалық маңызы:
Ұсынылған жұмыстағы дерек көздерін, карталар мен графиктік кестелерді география, экология мамандықтарының студенттері, мектеп мұғалімі мен туристік фирмалардың мамандары қажетті білім көзі ретінде пайдалана алады. Ғылыми -ізденіс жұмысындағы деректер Жетісу Алатауында туристік бағыттар мен соқпақтарды құрып, туристік инфрақұрылымды қалыптастыруда маңызы зор.
Ғылыми-ізденіс жұмысының мерзімдік шегі: ізденіс жұмысы 2004 — 2006 жылдардың аралығын қамтиды. Осы уақыт аралығында Бурақай тауындағы Қызылтас гранитті алқабында өткізілген гееологиялық, ландшафтлық, геоморфологиялық және топографиялық далалық оқу-тәжірибе жұмыстарын өту барысында перм дәуірінің қызыл-сары биотитті граниттерінің сыртқы күштердің әсерінен үгілу нәтижесінде түзілген табиғат ескерткіштерінің қалыптасу заңдылықтары мен геологиялық оқу-танымдық туризмді дамыту мүмкіндіктері анықталды.
Зерттеу бөлімі
1-Тарау. Бурақай тауының табиғат ескерткіштерінің
оқу-танымдық туризмді дамыту мүмкіндіктері
1.1.Бурақай тауында туризмді дамытудың табиғи
алғышарттары
Бурақай тауының жер бедерінің алуантүрлілігін айқындайтын эстетикалық тартымдылығы мен ерекшеленетін табиғат ескерткіштерінің мол болуы оның рекреациялық сиымдылығын айқындауға мүмкіндік береді. Табиғат кешендерінің құрамдас бөлігі болып табылатын жер бедері кез-келген аумақтың табиғат жағдайын айқындайтын маңызды ақпараттық ресурс болып табылатындықтан аумақтың рекреациялық мамандануын айқындайтын алғышарттардың бірі болып табылады.
Халық тығыз қоныстанған Талдықорған-Текелі өнеркәсіпті ауданында демалыс пен туризмді ұйымдастырып, адамдардың денсаулығы мен еңбеке қабілеттілігін қалпына келтіруге, рухани-эстетикалық қажеттілігін өтеуде Бурақай тауының жер бетінің жалпы кескіні, көлбеулігі сияқты жер бедерінің морфометриялық көрсеткіштері рекреанттардың жекелеген топтары үшін бұқаралық сипаттағы спорттық-сауықтыру, оқу-танымдық дамытуға мүмкіндік береді. /1/
Пайда болу жолдары рекреанттарды қызықтыратын бірегей табиғат ескерткіштеріне бай Бурақай тауындағы Қызылтас гранитті алқабында оқу-танымдық және экологиялық туризмді дамытуға аталған аумақтың жер бедерінің бірқатар көрсеткіштері әсер ететінін 2004-2006 жылдар аралығында аталған аумақта өткізілген геологиялық, геоморфологиялық, ландшафтлыққа ұйымдастырылған оқу-таным жорығы барысында көз жеткіздік.
Ғылыми-ізденіс жұмысын 2004 жылы мамыр-маусым айларының аралығында Бурақай тауының оңтүстік беткейіндегі Қызылтас гранитті алқабында геологиялық-геоморфологиялы және топографиялық оқу-тәжірибе жұмыстарын өткізіп, жербедерінің ерекшелігі мен табиғат ескерткіштерінің түзілу заңдылықтарын оқып-үйренуден бастадық. Жұмыс барысында палезой эрасының екінші жартысында герцин таулы алқаптың шығыс сілемі болып табылатын Қызылтас гранитті алқабының табиғат ескерткіштерімен танысып, жер бетіне шығып жатқан орта тас көмір мен жоғарғы пермьде жүрген герцин магмалық циклының кварцитті диориттері мен биотитті және аплитит тәрізді қызыл-сары түсті граниттерінің түзілу заңдылықтарымен таныстық. Сонымен қатар ашық жатқан геологиялық қима мен жарқабақтардан жоғарғы пермь жасындағы альбит-оликолглаздан, микроклиннен, кварциттен, акцессорлық минералдар: апатит пен цирконнан тұратын түйіршіктерінің ірілігі орташа қызыл- сары түсті биотитті граниттер жер бетіне шығып жатқан жерлерден әр түрлі түйіршікті құмтастар мен конгломераттардың пайдаболу жолдарын анықтадық./2/ Арнайы минерологиялық анықтағыштың қосымша ғылыми-көпшілік әдебиеттердің көмегімен граниттер мен шөгінді жыныстардың жанасқан шекаралық метоморфизм аймағындағы роговигтенген құмтасты-алевролитті анықтадық.Геология, геоморфология пәндерінен алған тероиялық білімді бекітіп, кәсіби іскерлік-дағдыларымызды қалыптпастыруды көздеген танымжорық өткізу барысында Бурақай тауында оқу-танымдық,экологиялық туризміді дамытуға мүмкіндік беретін төменде көрсетілген табиғи және әлеуметтік-экономикалық алғышарттарын анықтадық:
- ішкі эндогендік күштердің әсерінен түзіліп, экзогендік үрдістердің бұзушы әрекетінен өзгеріске ұшыраған ерекше эстетикалық тартымдылығымен көзге түсетін табиғат ескрткіштерінің жеткілікті болуы;/2/
- Көксу-Қаратал аңғарының тауалды бөлігінде халықтың ежелден қоныстанғанын айғақтай тарихи-археологиялық ескерткіштерінің қорының жеткілікті болуы;
- Отандық және шетелдік туристерді тарта отырып, тау туризмін дамытуға мүмкіндік беретін еліміздің оңтүстік-шығысындағы Қытай Халық Республикасымен шектесетін халықаралық магистральды жолдарға жақын жатқан аймақтың қолайлы экономикалық-географиялық жағдайы;
- туризммен демалысты дамытуға мүмкіндік беретін гипсометриялық, климаттық, ландшафтлық, эстетикалық, инженерлік-физикалық (сейсмикалық, жылысу құбылыстарының) қасиеттері мен әлеуметтік-экономикалық (көліктік қатынасқа қолайлығы, туристік инфрақұрылымдармен қамтамассыз етілу дәрежесі) және тарихи-өлкетану нысандарының болуы;
- Бурақай тауының тартылымдылығын арттыратын бірегей тетоникалық-морфоқұрылым ретінде табиғаттың алуан түрлілігі;
- Жоғарғы палеозойдың қызыл-сары биотитті граниті алқаптарының сыртқы күштердің әсерінентүзілген бедерінің басқа аумақтарда кездеспейтін бірегей шағын пішіндерінің кең таралуы;
- Жер бдерінің аумақтық табиғат кешендерімен үйлесуі;
- Аласа таулы таулы микроклиматтың адамның денсаулығына тигізтін қолайлы психофизикалық әсері;
- Тау беткейлерінің көлбетінің экологиялық сипатының тартымдылығы;
- Жауын-шашынның аз түсуіне орай тау беткейлерінде су қорының жеткілікті қамтамасыз етілмеуіне орай таулы алқапта шөлейтті-далалы ландшафтлардың таралуы; /3/
- Тау аңғарына теңіз деңгейімен біртіндеп биіктеуіне байланысты автокөлікпен баруға мүмкіндіктің болуы;
- Талдықорған-Текелі өнеркәсіпті ауданында Қаратал, Еменді тоғай, Байланысшы сыяқты шипажайлардың болуына орай емдік-сауықтыру, бұқаралық сипаттағы туризмін дамытуға мүмкіндік беретін инфрақұрылымдарды дамытуға қолайлылығы;
- Халықтың тығыз қоныстануы мен облыс орталығында жоғарғы және орта-арнайы оқу орындарының жеткілікті болуы мен жол қатынасының қолайлылығына байланысты бұқаралық сипаттағы спорттық-сауықтыру, оқу-танымдық, экологиялық туризмдерін дамытуға қолайлы әсер ететініне көз жеткіздік.
1.2.Бурақай тауының геологиялық құрылысы. Жер бедері.
Бурақай тауының жер бедерінің шағын морфомүсіндік пішіндерінің негізін құрайтын Қызылтас гранитті алқабының табиғат ескерткішінің түзілу заңдылықтарын, геологиялық құрылысын, тау жыныстарының құрамы мен оқу-танымдық және экологиялық туризмді дамыту мүмкіндіктерін анықтау мақсатын көздеген ғылыми-ізденіс жұмысы 2004-2006 жылдардың аралығын қамтыды. Жұмысты 2004 жылы маусымның 4 жазғы далалық оқу-тәжірибе барысында Талдықорған-Қаратал-Қызылтас бағытында бір күндік геологиялық оқу-таным жорығы ұйымдастырудан бастадық. Оның мақсаты:
- интрузивті және шөгінді тау жыныстары мен олардың өзара әрекетін, жатыс бағытын, кварцитті желілердің пайда болу жолдарын, тектоникалық бұзылыстардың геоморфологиялық белгілерін дала жағдайында жан-жақты оқып үйрену;
- Экзогендік және эндогендік үрдістердің минералдар мен тау жыныстарын, қазіргі жер бедерін қалыптастырудағы алатын орнын анықтау.
Біз ұсынып отырған бір күндік Талдықорған-Қаратал-Қызылтас-Талдықорған геологиялық оқу-танымдық туристік бағыттың ұзындығы 12 шақырым, өткізу уақыты 1-2 күн. Саяхат барысында студенттер мен мектеп оқушылары Бурақай тауының жер бедерінің қалыптасу заңдылықтарын, геотектоникалық құрылысының ерекшеліктерін, тау жыныстарының түзілу жолдары жөнінде толық мағұлмат алды.
Ұйымдастырылған оқу-танымжорығының барысында жер бетіне шығып жатқан орта таскөмірдің қызыл-сары түсті биотитті граниттерінен тұратын «Қызылтас» алқабында аридті климат жағдайында әр түрлі экзогендік күштердің үйлесімді әрекетінің нәтижесінде түзілген «Үңгіртас», «Қыранның қанаты», «Құс тұмсығы» сияқты тартымдылығымен жолдарын оқып үйрендік.Ізденіс нәтижесінде ірі кристаллды интрузивті жыныстардың құрамындағы тығыздығы біршама төмен жыныстардың үгіліп, қаттыларының сақталуынан тартымдылығымен ерекшеленетін табиғат ескерткіштерінің түзілетінін анықтадық./4/
Бағытпен танысу Талдықорған қаласының солтүстік шетіндегі Қаратал өзенінің бойындағы Бурақай тауының оңтүстік сілемі Қызылтас гранитті алқабынан басталады.Таулы алқапқа дейін Талдықорғаннан 1-3 автобустармен жетіп, Қызылтасқа дейін 5-6 шақырым қашықтықты жаяу жүруге болады.Оқу-Таным жорығы қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде түсінік беріліп,бағыттың ұзындығы, тоқтайтын нүктелер мен Бурақай тауының геологиялық-геоморфологиялық құрылысының ерекшеліктеріне қысқаша шолу жасаудан басталды. Оқу-таным жорығы өтетін Бурақай тауы Талдықорған қаласының солтүстігінде 7-8 шақырым қашықтықта орналасқан. Абсолют биіктігі 1985 метр. Солтүстік Батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созылып жатқан таудың ұзындығы 20-25 шақырым.Солтүстік беткейі тік оңтүстік беткейі біртіндеп көтерілетін көлбеу болып келуімен ерекшеленеді. Солтүстік-батысында Сарыбұлақ тауына ұласады (1785м) Екі аласа таудың аралығын тектоникалық жарықтардың шегіндегі Сарыбұлақ бұлағының аңғары бөліп жатыр. Бурақай тауы солтүстігінде абсолют биіктігі 1995 метрге жететін Дауылбай Ақылбай тауларына ұласады. Олардың аралығын Балықты өзенінің ескі арнасы болып табылатын Сарыкөлсай тектоникалық иіні бөліп жатыр/5/
Талдықорған қаласының солтүстік шетіндегі Қаратал өзенін бойлай солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа созылып жатқан Бурақай тауының оңтүстік беткейіндегі жер бетіне шығып жатқан қызыл-сары түсті аплитивті гранитті «Қызылтас» алқабындағы аридті климат жағдайында әр түрлі экзогендік күштердің үйлесімді әрекетінің нәтижесінде түзілген геологиялық оқу-танымдық маңызы зор «Алып тасбақа», «Қыранның қанаты», «Құс тұмсығы» «Теңіз кірпісі», сияқты тартымдылығымен ерекшеленетін табиғат ескерткіштері шоғырланған Олардың пайда болу заңдылықтарын оқып үйрену география, экология мамандықтарынының студенттерінің геология, геоморфология жалпы жертану курстарынан алған теориялық білімдерін бекітуге мүмкіндік берумен қатар қызығушылықтарын арттырады. Сынып оқушыларына, география және экология мамандарының студенттері мен өлке танушы туристерге геологиялық оқу-танымдық туристік бағыт ұсынуға мүмкіндік береді. Оқу-таным жорығы өтетін Бурақай тауы Қаратал өзенін бойлай солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа бағытталып 30 шақырымға созылып жатыр. Абсалют биіктігі 985 м. Ол полеозой эрасының тас көмір, пермь дәуірлерінің герцин қатпарлығында түзіліп, мезозой, кайнозой эраларында сыртқы күштердің әсерінен денудацияланған, неоген, төрттік дәуірдегі неотектоникалық қозғалыстар баяу жүрген аласа таулардың қатарына жатады.
Бурақай тауының геологиялық құрылысы. Талдықорған қаласының солтүстігіндегі аласа таулармен оған жапсарлас жатқан Сарыбұлақ, Көксу-Қаратал ойыстары палеозой эрасының бірінші жартысы кембрий, ордовик, силур дәуірінен бастап мезозой эрасының триас дәуіріне дейін геосинклиналдық даму кезеңінде болды. Бұл кезеңде Орал-Тянь-Шань геосинклиналының орнындағы ежелгі теңіз табанында шөгінді жыныстар жиналып, қатпарлы құрылымдардың негізгі элементтері қалыптасты. /6/
Постгеосинклиналды кезеңде палеозойдың қатпарлы негіздерінің бетіне мезозой мен палеозойдың шөгінді жыныстары шөгіп табан қабаты түзілді. Неогеннің екінші жартысы мен төрттік дәуірдегі платформа мезозой мен кайнозойдың бірінші жартысына дейін, ұзақ уақыт сыртқы күштердің әсерінен бұзылып денудацияланып эпигерциндік платформаға айналған. Қазіргі Жетісу Алатауының солтүстік батыс бөлігінің орнындағы геосинклинальдарда қатпарлы жүйелердің элементтері-антиклинорилермен синклинорилері пайда болып, ендік және субендік бағытқа созылған қатпарлану үрдістері жүрді. Инверсиялық кезеңде геосинклиналь ішілік көтерілулер жүрді. Палеозой эрасындағы жоғарғы ордовик пен таскөмір дәуірінің ортасына дейін созылған бұл кезеңде қалың терригендік корбонатты және эффузивті-шөгінді жыныстардың қабаты түзілді. В.Е. Хаинның жүйелеуі бойынша геосинклинальдық дамудың екінші және үшінші кезеңіне сәйкес келеді. /7/ Қатпарлану үрдісінің барысында терең қабаттарда магманың баяу қатуынан орта таскөмірдің кварцитті диориттері мен пермьнің қызыл – сары түсті биотитті граниттерінен тұратын Бурақай тауының оңтүстік беткейіндегі Қызылтас, Сарыбұлақ гранитті алқабы түзілген. Бұл кезеңде сонымен қатар, тау жыныстарының бұзылуынан пайда болған ірі қиыршықты қорамтастармен корбонатты-терригенді және тас көмірлі формациялар түзілді. Олардың қалыңдығы 2000-2500 метрге жетеді. Тау түзілу үрдісінің барысында қысым мен температураның әсерінен шекаралық метаморфизм аймағында кварцитті-тақтатастар, сазды тақтатастар, рговиктер, алевролиттер пайда болды. Талдықорған қаласының маңындағы аласа таулы алқаптарда ерте палеозойдың слюдалы-кварцитті жыныстарының бетінде қалыңдығы 1100-1700 метрге жететін доломитті корбонатты, мәрмәрға айналған әктасты, әктасты-силикатты жыныстар жауып жатыр./8/
Айтар ойымызды Қызылтас гранитті алқабының оңтүстік батысындағы саяжай теліміндегі мәрмәрланған әктастрдың қабаты мен кварцитті желілер дәлелдейді.
Орта палеозойда Талдықорған қаласының маңындағы аумақтар постинверсиялық даму кезеңіне өтіп, қазіргі Бурақай, Дауылбай, Сарыбастау, Лабасы, Желдіқара таулары пайда болды. Таулардың кейбір жерлерінде орта девонның ежелгі вулканогенді түзілімдері пайда болды. Вулканогенді белдеулерде перферитті (вулканидті) шөгінділер түзілді.
Орта девон мен көмір дәуірінің басында Бурақай, Қызылтас, Сарыбұлақ алқаптары теңіз табанынан біртіндеп көтерілуімен қатар тауаралық иіндерге тау жыныстарының шөгуі одан әрі жалғасты. Бұл кезеңде Жетісу жотасының оңтүстік және оңтүстік-батыс бөлігі құрлыққа айналды. Таскөмір дәуірінің басында Талдықорған қаласының батысындағы Лабасы Желдіқарағай,Мұқыры таулары енетін Жетісу Алатауының оңтүстік-батыс бөлігі мен Шу-Іле тауларының аралығында жанартаулы белдеудің қалыптасуы басталды. Онда андезитті-дацитті жанартаулық-шөгінді жыныстар түзілді. Пермь дәуірінде ірі интрузиялық массаның көтерілуінен қызыл – сары түсті биотитті және роговикті алдамшы гранитті Сарыбұлақ, Қызылтас Арасан сияқты ірі массивтер түзілді. Осы постмагмалық интрузиялық үрдіспен сирек кездесетін металдар вольфрам мен молибденнің, титан, кобальттың кендері түзілді. /9/
Жоғарғы палеозойда тектоникалық әрекет бірнеше рет қайталанып, нәтижесінде Бурақай, Дауылбай тауларында геосинклинальдық дамуы толық аяқталып, біртұтас қатпарлы алқапқа айналды.
Мезозой мен кайнозой эрасының басында Талдықорған қаласының маңындағы аласа таулы алқаптарда постгеосинклинальды режимі орнады. Таулардан бұзылған кесек тау жыныстары Көксу-қаратал иіндерге тасмалданып, шөгіп қалың қабат түзді.
Тұтастай алғанда мезозой эрасында салыстырмалы түрде тұрақты тектоникалық режимнен өтіп герцин қатпарлықтарында түзілген Бурақай, Сарыбұлақ Дауылбай таулары сыртқы күштердің әсерінен денудацияланып аласарды. Осы кезеңде үгілу қабатына қолайлы жағдайлар туды. /10/
Аталған аласа таулы алқаптар неоген төрттік дәуірлердегі неотектоникалық қозғалыстарға баяу ұшырағандықтан биіктігі 900 метрден аспайды.Қазіргі кезеңде экзогендік күштердің әсерінен денудациялану үрдісі күшті жүріп жатыр.Сондықтан үгілу нәтижесінде түзілген тартымдылығымен ерекшеленетін геологиялық оқу-танымдық туризмді дамытуға мүмкіндік беретін табйғат ескерткіштері басым.
Теңіз деңгейінен биіктіктің біртіндеп артуына байланыстыҚора шатқалын үш белдеуге бөліп қарастыруға болады. /11/
Бурақай тауының оңтүстік беткейі Қаратал өзенінің бойында 554 метрден 985 метр аралығында ауытқиды, тау беткейі біртіндеп көтерілетіндіктен Қызылтас гранитті алқабына дейін тауға жүруге бейімделген авткөлікпен баруға болады. Тау беткейінің көлбеулігі12-15º аралығында ауытқиды, таудың етегінде пролювиальды-делювиальды ысырынды моренналы төбелер мен қалқан тәрізді гранитті алқаптар алып жатыр. Тектоникалық жарықтарды бойлай терең сайлар мен жыралар түзілген. 2-Тарау.Бурақай тауының табиғат ескерткіштерінің
оқутанымдық туризмді дамыту мүмкіндіктері
2.1.Бурақай тауының климатының туризмді дамытудағы алатын
орны
Климаты қоңыржай ыстық, жауын-шашынның жылдық таралуы біркелкі. Жер бедерінің ерекшелігіне сай батыстан және солтүстік-батыстан енетін ауа массалары басым. Қыс кезеңінде айқын байқалатын антициклонды ауа райы қалыптасады. Қаңтардың орташа температурасы Талдықорған ойыстарында -8 …-10ºС. Сібірден арктикалық ауа массалары енгенде температура –30 …-35ºС дейін төмендеп кетеді. Ондай құбылыс қар жауғаннан кейін байқалады.Ашық күндер басым болатындықтан бұлттылық 2-3 балдан аспайды. Қыстағы атмосфера циркуляциясының антициклондық режимі желдің жылдамдығынада әсер етеді. Қаңтар айында солтүстіктен, солтүстік-шығыстан соғатын желдер басым болады.Олардың орташа жылдамдығы 1,9-3 м/сек аспайды. Тұрақты қар жамылғысы қарашаның бірінші және екінші жартысында қалыптасып 90-130 күндер аралығында сақталады. Тұрақты қар жамылғысының қалыңдығы теңіз деңгейінен биіктігіне сай15-20 сантиметрден 25-30 сантиметрге дейін жетеді. Көктемде батыстан, солтүстік-батыстан енетін ауа массаларының әсері күшейіп, теріс радяциялық балансты оң радяцилық баланстың алмастыруына байлансты тұрақсыз ауа райы қалыптасыады. Сондықтан жауын-шашынның басым бөлігі сәуір мен мамыр айларында түседі. Мамыр айының тәуліктік орташа температурасы 10 …12ºС асады.Қоршаған ортаның эстетикалық тартымдылығы жоғары,әрі температура жағдайы денсаулыққа жағымды болғандықтан көктемнің соңы туристік саяхаттар ұйымдастыруға өте қолайлы./12/
Мамырдың ортасы мен маусымның басында жаз басталады да ол үш- төрт айға созылады. Шілденің орташа температурасы 22 … 23ºС кей кездері 24 … 30ºС дейін жетеді. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 320 – 430 мм аралығында ауытқиды. Өсімдіктер өсіп-өнуге қолайлы 10ºС жоғары температураның жиынтығы 2500-3300º асады. Бурақай тауының оңтүстік беткейіндегі малтатасты-сазды жыныстардағы алювиальды-проалювиальды таудың қызғылт-қоңыр және шөлдің сұр топырағында жусанды-бетегелі-әртүрлі шөптесін өсімдікті шөлейтке тән табиғат кешендері қалыптасқан. Ылғал салыстырмалы түрде біршама мол түсетін теріскей беткейлерде бұталы-шалғынды өсімдіктер таралған. Жарықшақты жерасты сулары жер бетіне шығып жатқан бұлақтардың маңында шалғындар таралған. Белесті-жалды аласа таулы Бурақай тауының оңтүстік беткейі бұқаралық сипаттағы спорттық-сауықтыру туризмі мен демалысты ұйымдастыруға ең қолайлы аумақ болып табылады.
2.2.Бурақай табиғат ескерткіштерінің геологиялық
оқу- танымдық туризмді дамытудағы маңызы
Көктем мен күзде ұйымдастырылатын геологиялық оқу-танымжорығы барысында Талдықорған қаласындағы жоғарғы сынып оқушылары мен студенттерге Бурақай тауының жер бедерінің қалыптасы заңдылықтары, геотектоникалық құрылысының ерекшеліктері, тау жыныстарының түзілу жолдары жөнінде толық түсінік беру үшін топ мүшелерінің саны 20-25 адамнан аспауы керек.
Бағытпен танысу Талдықорған қаласының солтүстік-батыс шетіндегі «Қызылтас» саяжайына баратын Қаратал өзеніндегі 1-3 автобустардың соңғы аялдамасында таулы жерде өтетін оқу-таным жорығы барысында қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде түсінік беріп, бағыттың ұзындығы, тоқтайтын нүктелер мен Бурақай тауының геологиялық-геоморфологиялық құрылысының ерекшеліктеріне қысқаша шолу жасаудан басталады. Оқу-таным жорығы барысында тоқтаған нүктелерде туристер жер бетіне шығып жатқан орта тас көмір мен жоғарғы пермьде жүрген герцин магмалық циклының кварцитті диориттері мен биотитті және аплитит тәрізді қызыл-сары түсті граниттерден тұратынына көз жеткізе алады. Бақылау жүргізілген аумақта жоғарғы пермьнің граниттері мен орта тас көмірдің, кварцитті диориттерінің шекаралық метоморфизм аймағындағы полеозойдың конгломератын, тақта тастарын, алевролиттері мен әктастарын жарып шыққанын байқауға болады.
Геологиялық туристік бағыттың бірінші бақылау нүктесі темір бетон көпірден 50 метр қашықтықтағы Балықты өзенінің Қараталға құяр сағасының оң жақ жағалауында орналасқан. Географиялық координатасы 45º03′ с.е, 78º20′ 30″ ш.б, абсолют биіктігі 550 метр шамасында. Жағалаудағы жарқабақта жоғарғы пермь жасындағы альбит-оликолглаздан, микроклиннен, кварциттен, акцессорлық минералдар: апатит пен цирконнан тұратын түйіршіктерінің ірілігі орташа қызыл- сары түсті биотитті граниттер жер бетіне шығып жатқан жерлерден әр түрлі түйіршікті құмтастар мен конгломераттарды көруге болады. Сонымен қатар 20 шаршы метр аумақты алып жатқан түйіршіктерінің ірілігі 0,1-1 мм дейін жететін калийлі дала шпатынан, альбиттен тұратын жер бетіне шығып жатқан қызыл-сұр түсті аплитивті граниттрдің жеке бөліктерін байқауға болады./8/
Граниттер мен шөгінді жыныстардың жанасқан шекаралық метоморфизм аймағынан роговигтенген құмтасты-алевролитті жыныстарды, табиғи жолмен ашылған жарқабақтардағы тау жыныстарынын қабаттарынан плагиклаздан, пироксеннен, кварцтан, калийлі дала шпатының жекелеген түйіршіктерінен тұратын ашық және күңгірт-сұр биотитті пироксенді роговиктерді табуға болады. Бірінші бақылау нүктесінде геологиялық оқу-таным жорығына қатысқан оқушылар мен студенттерді тау жыныстарының жатыс бағытын тау компасының көмегімен анықтау әдістерін, жеке электронды навигатордың жұмыс істеу қағидаттарымен, қажетті нүктелердің географиялық координаттарын, ара қашықтығын табудың жолдарымен таныстыруға болады.
Екінші бақылау нүктесі бірінші бақылау нүктесінің батысында 500 метр қашықтықтағы сайда орналасқан. Сайдың шығыс беткейінен туристер табиғи жолмен жер бетіне шығып жатқан орта тас көмір жасындағы ақшыл-сұр түсті әктастарды, пермьнің қызыл-сары түсті гранитері мен олардың бір-бірімен жанасқан шекаралық метоморфизм аймағында қысым мен температураның әсерінен түзілген кальцит түйіршіктерінің мөлшері 1-3 мм дейін жететін кристаллды құрылымды мәрмәр мен қатар интрузивті магматизм әрекетінің барысында граниттердің арасындағы бос кеңістікке енген газдардың әсерінен түзілген кварцитті желілердің кен түзілудегі алатын орны мен таныса алады.
Бірінші және екінші бақылау нүктелерімен танысу барысында оқушылар мен студенттер, өлкетанушы-туристер Жетісу Алатауының сілемі болып табылатын Бурақай тауындағы магмалық, шөгінді және метоморфтық тау жыныстарының пайда болу заңдылықтары мен табиғатта бірін-бірі толықтырып қатар жүретін эндогендік және экзогендік үрдістердің жер бедерін қалыптастырудағы алатын орны жөнінде жан-жақты ақпарат алып дүниетанымдарын қалыптастыра отырып, геологиялық-геоморфологиялық білімдерін тереңдетуге мүмкіндік туады./9/
Үшінші бақылау нүктесі екінші нүктенің солтүстік батысында 1800 метр қашықтықта орналасқа Ол бойлық бағытта солтүстіктен оңтүстіктен бағытталған тектоникалық жарықты бойлай созылып жатқан терең әрі тар аңғарда орналасқан. Екінші және үшінші нүктелерді жалғайтын соқпақ жол уақытша ағын сулардың бұзушы әрекетінен түзілген жыралар мен оларды бөліп жатқан жекелеген суайрықтар арқылы өтеді.
Климаты аридті болғандықтан өзен жайылмасынан биіктегі тау беткейінде ылғалдың жетіспеуіне байланысты туристер қозғалатын соқпақ жолдың бойында шөлейтке тән жусанды-бозды әр түрлі шөптесін өсімдіктердің бірлестіктерінің таралғанын көре алады. Аңғардың орталық бөлігінде интрузивті жыныстардың жарықтарын бойлай жер бетіне шығып жатқан бастаулар бар.
Биік гипсометриялық жағдайына байланысты жер бедерінің қатты тілімделуінен терең аңғарлар мен жылғалардың көп болуы мередианальды бағытта созылған ұсақ жарықтарға еріген қар, жаңбыр суы сіңіп жарықшақты жер асты суының түзілуіне қолайлы жағдай туғызады. Жер асты суының жер бетіне шығатын базисі Қаратал өзенінің деңгейі болып табылады.
Үшінші бақылау нүктесіндегі бастаудың суының орташа шығыны 3 литр секунд шамасында. Тұманның көзі арнайы бетон құбырымен жабылған температурасы +7-8ºС. Мөлдір жағымсыз иісі мен дәмі жоқ. Бурақай тауының оңтүстік-батыс беткейінен Қаратал өзеніне дейін созылған аңғардың бойындағы тектоникалық жарықтан жер бетіне шығып жатқан бірнеше бұлақтың көздерінің бары айқын байқалады. Бұл бақылау нүктесінде геологиялық бағыттағы туристік оқу-таным жорыққа қатысқан студенттер мен жас өлкетанушыларға жүргізуші білікті геолог ірі кристаллды интрузивті жыныстар жер бетіне шығып жатқан гранитті алқаптардағы тектоникалық жарықтарды бойлай созылған сайлар мен жылғалардың пайда болу жолдары, жарықшақты жер асты суларының түзілу заңдылықтары жөнінде жан-жақты түсінік бере отырып тектоникалық бұзылыстар өтетін аймақтарда үгілу үрдісінің қарқынды жүру себептерін ашып көрсетеді. /10/
Үшінші бақылау нүктеснің солтүстік-батысында 1300 метр қашықтықта 45º04′ с.е, 78º19 ш.б’ төртінші нүкте орналасқан. Абсалют биіктігі 705 метр. Теңіз деңгейінен биіктеуіне байланысты тау беткейінің көлбеулігі біртіндеп артып қатты тілімделуі байқалады. Үшінші нүктеден 500-600 метр қашықтағанда жергілікті жердегі екінші суайрықтан ежелгі төрттік мұзбасулардың экзорациялық әрекетінен жұмырланып, температураның, жауын-шашын мен желдің үйлесімді әрекетінен жүретін дефляция, корразия үрдістерінен ерекше ғажайып пішінге ие болған пермьнің қызыл сары граниттеріндегі «алып тасбақа» табиғат ескерткішінің бейнесі айқын көрінеді. Аса тартымдылығымен көзге түсетіндіктен «тасбақа» мен оның маңындағы морфомүсінді бейнелер туристер мен жергілікті жердің табиғатының ерекшелігін зерттеп насихаттайтын өлктанушылар үшін таптырмайтын нысан болып табылады.
«Қызылтас» гранитті алқабындағы «Алып тасбақа» мен оның маңындағы табиғи мүсіндер геологиялық туристік оқу-таным жорығының барысында танысатын басты нысандарының бірі болып табылады. Бұл жерде таным жорыққа келген турист экскурсанттар жер бетіне шығып жатқан пермь граниттердің құрамына енген ксенолиттер мен кварциттідиориттермен танысады. Олардың тығыздығы біршама төмен болғандықтан сыртқы күштердің әсерінен бұзылып, желдің үрлеуі нәтижесінде табиғи морфомүсінді бейнелер түзіледі./11/
(1-Қосымша). Қызылтас алқабындағы жарылуларға ұшырамай жақсы сақталған 200х200 метр дейін жететін қалқан тәрізді гранитті жартастар жер бедерінің шағын морфомүсіндік пішіндерінің қалыптасуына әсер етті. Қызылтастағы табиғат ескерткіштерінің ішінде тартымдылығымен ерекшеленетін нысанның бірі жұмырланған жартастың үстіне төңкерілген қазанды еске түсіретін көлденең қимасы 4 метрге жететін, бетінде бірде-бір жарық байқалмайтын, үш аяғы ғана ұстап тұрған іші қуыс «теңіз жұлдызы». Оның астындағы ойысты жауын-шашынды күндері табиғи шатыр ретінде қолдануға болады. Жартастардың жел жақ беткейіндегі самғай ұшқан қыранның қанатын, құс тұмсығын еске түсіретін ірі ойықтарды көрген адамның қиялын көкке өрлетіп ертегілер еліне енгендей әсер алады. Олардың астына он адамға дейін сиып кетеді.(2-қосымша)
Қызылтас гранитті алқабындағы жер бедерінің шағын пішіндерінің негізгі бөлігін ауданы бір-екі шаршы метрден аспайтын мөлшері 10-15 см дейін жететін кварциттідиориттің үгіліп желдің үрлеуінің нәтижесінде түзілген доға тәрізді ксенолитті ойықтар құрайды.
(3-қосымша) Құс қанаты бейнесіндегі граниттік жартастар.
Төртінші нүктедегі туристерді қызықтырып ерекше әсер қалдыратын басты нысан «алып табақа» болып табылады. Оынң негізін аумағы бірнеше ондаған шаршы метрді алып жатқан бір-бірінен жарықшақтар арқылы бөлініп тұрған пішіні дөңес үш қалқан құрайды. Қалқанның үстіне шыққан туристер Көксу-Қаратал өзендерінің аңғарын, Талдықорған қаласы мен оның маңындағы ауылдардың әсем көрінісін тамашалай алады. Оңтүстік-Шығысынан мәңгі қар мен мұздықтар жауып жатқан Жетісу Алатауының биік шыңдарын, оңтүстігінен Ешкіөлмес, Лабасы, батысынан Сарбастау тауларының тізбегін көре алады. «Алып тасбақаның» ең биік нүктесінде тұрып студенттер мен оқушыларға жүргізуші Қапал, Құрымбел, Текелі, Қоғалы сияқты тектоникалық иіндермен танысып, антиклинори, синклинори ұғымдары жөнінде жан-жақты мағлұмат бере алады.
Төртінші бақылау нүктесінде туристер «Алып тасбақаның»батысында 150-200 метр жерде «Үңгіртас» табиғат ескерткішімен таныса алады.Оның абсолют биіктігі 750 метр шамасында. Қызылтас тауындағы тартымдылығымен ерекшеленетін бірегей табиғат ескерткіштің бірі “Шатыртас”. Ол ежелгі төрттік мұзбасуларының нәтижесінде түзілген жабын мұздықтың ысырып жұмырлаған қойтастың желдің еріген қар, жаңбыр суының әсерінен жүретін дефляция коразия үрдісінен түзілген биіктігі 2-2,5 ені 6-8, ұзындығы 8-9 метр табиғат ескерткішінің аты шатыр немесе қос тәрізді пішініне байланысты қойылған. (4-қосымша) Сыртқы күштердің бұзушы әрекетінен түзілген үңгірдің ені 18-25, биіктігі 2-2,5 метр шамасында. Жергілікті халы үңгірді боранды күндері жылқы, ірі қара, қой-ешкілерін қамау мақсатында қолданады. Барлық нысандарды аралап біраз тыныққан соң жүргізуші топ мүшелерімен физикалық, химиялық және биологиялық үгілудің жер бедерінің морфомүсіндік пішіндерін қалыптастырудағы алатын орны жөнінде пікір алысып, ой бөлісіп, жергілікті жердегі магмалық, шөгінді және метоморфтық тау жыныстарының негізгі түрлерінің түзілу жолдармен таныстырады. Тау компасымен өлшеу жұмыстарын жүргізудің іскерлік дағдыларын қалыптасу мақсатында гранитті жартастардағы жарықтардың бағыты мен көлбеулігін өлшетіп таным жорықты қорытындылайды./12/
Қайтар жолдағы бесінші бақылау нүктесі төртінші нүктенің оңтүстік-батысында 1,2 шақырым қашықтықтағы тектоникалық жарықты бойлай созылған сайдың ішінде орналасқан. Бағыттың бойындағы пермь граниттері беткейлерінде өсімдіктер өскен кең аңғарлы сайға ұласады. Бақылау нүктесінде туристерді орта тас көмір жасындағы сұр, күңгірт сұр түсті ірілігі орташа және ұсақ түйіршікті кварциттідиориттер мен олардың құрамындағы ксенолиттердің шөгінді жыныстармен жанасу барысында жүретін метосоматоз үрдісінің нәтижесінде түзілген қара немесе қара сұр түсті роговиктердің пайда болу жолдармен таныстыруға болады.
Алтыншы бақылау нүктесі оңтүстік-шығыс бағытында бір шақырым қашықтықта орналасқан. Жол бойында орта төрттік жасындағы провиальды-деловиальды, лесті сазды құмды жыныстардың арасынан жер бетіне шығып жатқан кварцитті диоритті магмалық жыныстардың жекелеген бөліктерін көре алады. Бақылау нүктесінде таным жорыққа қатысушылар тау алды көлбеу жазықтарының біртіндеп алювиальды жазыққа ұласатынын, қаратал өзенінің бірінші және екінші жайылма үсті текшелермен, төрттік дәуірдің шөгінді қабаттардың стратиграфиялық қимасымен, уақытша ағын сулардың бұзушы әрекетінен өзен жайылмасына ірілі-ұсақты тау жыныстарының шөгуінен түзілген ысырылу конусы мен Қаратал өзенінің жайылмасындағы ескі арналы көлдердің қалыптасу жолдармен танысады. /13/
Бастапқы нүктеге оралып бір күндік геологиялық оқу-танымжорығын аяқталады.
Ғылыми-ізденіс жұмыстарының нәтижесін қорыта келе туристік жорық барысында мектеп оқушыларының жоғары және арнайы оқу орындарын төменгі курс стденттерінің туған өлкенің табиғатының қалыптасу тарихын, тау жыныстары мен жекелеген минералдардың, пайдалы қазбалардың түзілу заңдылықтарын, жер бедерін қалыптастыруда экзогендік және эндогендік үрдістердің алатын орнын анықтауда ерекше орын алатынын анықтадық. Ғылыми ізденіс жұмысының нәтижесін қорыта келе Тадықорған-Қаратал–Кызылтас гранитті алқабы бағытында геологиялық оқу-танымжорығын ұйымдастыру студент жастар мен оқушылардың теориялық білімдерін бекітілумен қатар:
- туған өлкенің табиғатын жан-жақты оқып-үйренуге;
- тартымдылығымен ерекшеленетін бірегей табиғат ескерткіштерінің түзілу заңдылықтатры мен минералдар мен таужыныстарының шығу тегін;
- табиғат құбылыстары мен үрдістері жөнінде мазмұнды әрі бейнелі түсініктердің қалыптасуына;
- жергілікті жердің бедері туралы нақты білім жинақтаумен қатар географиялық нысандардың сызба-нұсқасын салып, оларға тән ерекшелікті анықтауға;
- жергілікті жердің сұлбасын (планын) сызып, көлденең қимасын тұрғызудың іскерлік-дағдыларын қалыптастыруға;
- жекелеген аумақтық табиғат кешендеріне сипаттама беріп, олардың қалыптасуына әсер ететін орта жағдайларын анықтауға;
- жергілікті жерде жұмыс істеп, оны аялай білуге үйретуге мүмкіндік беретініне көз жеткіздік.
Қорытынды
Ғылыми-ізденіс жұмысының барысында қолда бар дерек көздері мен материалдарға сүйене отырып, Талдықорған қаласының маңындағы Бурақай тауындағы табиғат ескерткіштерінің оқу-танымдық, экологиялық туризм мен бұқаралық сипаттағы демалысты дамытуға ең қолайлы ауданға жататынын анықтадық.
«Қазақстан-2030» ұзақ мерзімді даму бағдарламасының басым бағыттарының бірі туризм мен демалысты дамытып, шаруашылықтың маңызды салаларының бірі ретінде қалыптастыру үшін Бурақай тауымен оның табиғи-рекреациялық ресурстарын тиімді пайдалану мәселелерін шешу қажет екенін айқындадық.
Қазіргі кезеңде тау баурайларында қарқынды демалудың бұқаралық сипат алуы аймақтың табиғат кешендеріне антропогендік әсерді күшейту үрдісінің байқалуы табиғатты рекреациялық мақсатта пайдаланып туризм мен демалысты ұйымдастырудың ғылыми, әлеуметтік, мінез-құлықтық, құқықтық басқа да аспектілерін одан ары зерттеуді қажет ететініне көз жеткіздік.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2005 жылғы халық жолдауына сәйкес табиғат қорғау мәселелерін ескеріп, шаруашылық әрекеттерінің басқа саласымен үйлестіре отырып туризм кластерін жүзеге асыру үшін, Қаратал өзенінің аңғары мен Бурақай тауының табиғат байлықтарын тиімді пайдаланып, демалыс пен спорттың таулы-рекреациялық түрлерін өркедету аудан экономикасын дамыту мен қатар халықты жұмыспен қамтуда да маңызы зор екенін анықтадық.
Аталған мәселерді шешу үшін қазіргі технологиялардың негізінде табиғат байлықтарын пайдаланар алдында оларға жан-жақты баға беріп, рекреациялық іс-әрекетті ғылыми тұрғыдан аумақтық ұйымдастыру мәселелеріне мән беру қажет деген қорытындыға келдік.Сонымен қатар Талдықорған қаласы мен оның маңындағы аласа тауларда туризмнің инфрақұрылымын қалыптастыру үшін жол қатынасын жақсарту автомобиль жолын күрделі жөндеуден өткізіп, қалпына келтіріп, туристер күндіз демалып, түнде қонатын орындар даярлап арнайы соқпақтармен бағыттар құру мәселелерін шешу қажет екенін анықтадық. Жоғарыда аталған туристік нысандарды салып, туристік инфрақұрылымдарды қалыптастыру оқу-танымдық эколгиялық туризм мен бұқаралық сипаттағы сауықтыру серуенін дамытуға жол ашты. Аталған іс-шараларды жүзеге асыру отандық және шетелдік туристерді тартуға мүмкіндік беретініне көз жеткіздік.
Ғылыми-ізденіс жұмысын қорыта келе Талдықорған –Текелі өнеркәсіпті ауданының маңындағы Бурақай тауында бір-екі күндік оқу-танымдық,экологиялық туризмді дамытуға мүмкіндік бергені мен туристік инфрақұрылымдардың қалыптаспауы кедергі жасайтынын аңғардық.
Жетісу Алатауының солтүстік-батыс бөлігінің рекреациялық ресурстарын игерудің маңызын ескере отырып төменде көрсетілген мәселелерді шешу үшін:
- бірнеше кезеңнен тұратын ғылыми зерттеу экспедицияларын ұйымдастыруды;
- аймақтың табиғат ресурстарын игеруді рекреациялық тұрғыдан бағалауды;
- аумақты рекреациялық игерудің оңтайлы жолдарын айқындауды;
- облыс әкімінің басшалағымен географтар, экологтар, экономистер мен әр түрлі бағыттағы маман туристер бірлесе отырып Қора шатқалын туристік-рекреациялық мақсатта игерудің кешенді бағдарламасын жасап, табиғи рекреациялық ресурстарын бағалау ісін қолға алып, арнайы соқпақтармен бағыттар құру мәселелерін шешуді ұсынамыз.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
- Закон О туристской деятельности в Республике Казахстан: Закон Республики Казахстан от 13 июнья 2001. №211-ІІ. стр.4-5.
- О концепции развития туризма в Республике Казахстан. Постоновление Правительство Республики Казахстан от 6 марта №333. стр.7-8 .
- Н.Ә. Назарбаевтың 2005 жылғы дәстүрлі Қазақстан халықына жолдауы. //Егемен Қазақстан. 2005, ақпан.
- В.С.Преображенский. Географические проблемы организации туризма и отдыха.- М.:Мысль,1980, стр. 21-30.
- З.А. Сваричевская. Геоморфология Казахстана и Средней Азии -Алма-Ата: Наука 1965 125-127 стр. К.В. Курдюков Возраст Джунгарского разлома –изв А.И. СССР сер. Геол. №6 1954 34-36 стр
- Г.А.Ким.Рекреационная оценка территорий и развитие туризма вКазахстане.- Алматы: Рауан, 1999, стр.13-38 .
- Л.К.Диденко-Кислицина. Кайназой Юго-Восточного Казахстана.-Алматы:2001,7-8стр.
- Физическая география Республики Казахстан/Под.Ред. Жаналиевой.-Алматы: Қазақ университеті,1998, стр.43-53.
- В.С.Воитович Новейщие горизонтальное движение по Джунгарскому разлому и их роль вразвитие рельефа.-М.: Изд. АН.СССР, 1959, 85-93стр.
- Пузырева. Климатическая районирования Южного Казахстана. –АлмаАта: Наука, 1975, стр.174-180.
- Климат Казахстана./под редакцией А.С.Утешев -Л.: Гидрометеоиздат.,1959, стр. 51- 79.] (3- кесте)
- Афанасьева, Л.Н. Бондаренко, Т.C. Рустаманов. Метеорологические условия климатотерапии и отдыха в Казахстане втеплое времия года//Вопросы географии. Вып.89:Климат и человек.-М.:Мысль ,1972. стр.79-96.
- Чупахин В.М. От пустын до снежных вершин . Алма-Ата: Казахстан , 1966, стр.124-146. стр.165-186.
- Чупахин В.М. Физическая география Казахстана.- Алама- Ата:Мектеп , 1968, стр 135-144.
- Чупахин В.М., Высотнее геосистемы гор Южного Казахстана и Средней Азии . Алма-Ата: Наука, 1974
ҚОСЫМШАЛАР
1-сурет. Қызылтас гранитті алқабындағы гранитті жартастардағы жарықтың бағыттарын тау компосымен өлшеу
2-сурет. Қызылтас гранитті алқабындағы ауа температурасы мен жел әрекетінен түзілген «Шатыртас» табиғат ескерткіші
3-сурет. Қызылтас гранитті алқабындағы ауа температурасы мен жел әрекетінен түзілген «Құс тұмсығы» табиғат ескерткіші
4-сурет. Қызылтас гранитті алқабындағы ауа температурасы мен жел әрекетінен түзілген «Құс қанаты» табиғат ескерткіші
5-сурет. Қызылтас тауындағы “Шатыртас” ескерткіші
6-сурет. Қызылтас тауындағы “Үңгіртас” ескерткіші