Бухгалтерлік есеп негіздері

0

Мазмұны

Кіріспе.…………………………………………………………………………………………………3

І бөлім. Бухгалтерлік есеп негіздері……………………………………………………..5

1.1. Бухгалтерлік есептің мәні мен маңызы…………………………………………….5

1.2. Бухгалтерлік есеп жүргізуді ұйымдастыру принциптері…………………10

1.3. Қазақстан Республикасындағы бухгалтерлік есеп жүйесін реттеу

принциптері…………………………………………………………………………………………18

1.4. Есеп принциптерінің теориялық жалпы сипаты……………………………..23

ІІ бөлім. Бухгалтерлік есепті ұйымдастыру жолдары………………………31

2.1. Бастапқы құжаттар және олардың мазмұны……………………………………31

2.2. Құжаттарды классификациялау, стандарттау және үйлестіру………….35

2.3. Шаруашылық фактілерін құжаттау және құжатайналысы……………..42

ІІІ бөлім. Бухгалтерлік және қаржылық есеп жүйелерінің

халықаралық стандарттары……………………………………………………………..54

3.1. Есеп жүйесін стандарттаудың қажеттілігі………………………………………54

3.2. Бухгалтерлік есепті халықаралық стандарттау……………………………….55

3.3. Халықаралық стандарттар негізінде Қазақстандық бухгалтерлік есеп

жүйесін жетілдіру………………………………………………………………………………..57

Қорытынды……………………………………………………………………………………….62

Қолданылған әдебиеттер тізімі………………………………………………………….64 

Кіріспе

Бухгалтерлік есептің мәні мен маңызын түсіну, бизнесті жүргізу мен басқару, ақпараттарды реттеу және ақылға сиымды тиімді шешімдер қабылдау үлкен мәселеге айналды. Еліміздегі бизнесті дамыту, қаржылық қатынастардың теориялық және қолданбалы негізін білу, құқықтық жүйедегі заңдылықтарды білу, қаржы мен басқару үрдісіндегі көрсеткіштерді жан-жақты талдау, тиімді және оңтайлы шешім қабылдау қызметінде бухгалтерлік есептің атқаратын рөлі өте зор.

Шаруашылық ұйымдарындағы бухгалтерлік есеп жүйесін сенімді жүргізу үшін жоғары дәрежеде даярланған кәсіби мамандар қажет. Нарықтық экономиканың талаптарына сай сапасы жағынан жақсы даярланған бухгалтерлерге деген сұраныс күннен-күнге артып келеді.

Сондықтан да, кейінгі жылдары бухгалтерлік есеп мамандығы бойынша болашаққа мамандар даярлау мен оларды қайта даярлау жүйесіне жаңа өзгерістер енгізілді. Елімізде кәсіби бухгалтерлер даярлау үрдісін халықаралық деңгейге көтеру жөнінде едәуір жұмыстар атқарылып келеді.

Кәсіби мамандық дәрежесіне жету үшін ізденушілер қатары көбейіп, бухгалтерлік есеп мамандығы жоғары мамандыққа айналды. Осы заманғы бухгалтерлер «счеттар жүргізуші» (счетоводттар) қатарынан өтіп, капитал рыногында қаржы қалыптастырушы мен экономикалық қатынастар мен қаржы саласын терең талдай білетін негізгі тұлғаға айналды.

Бухгалтерлік есепке тән негізгі принциптердің мәні мен маңызын түсінбей тұрып, ұйымдар қызметін басқару мен ұйымдастыру жөнінде шешім қабылдау мүмкін емес. Сондақтан, экономикалық тұрғыдан тиімді шешім қабылдау үшін. бухгалтерлік есеп счеттарын жүргізу мен оларды өз орындарына қарай дұрыс қолдану, бастапқы құжаттар айналысын заңды түрде ұйымдастыру, есеп жүйесінде қолданылатын әдістемелерді сабақтастықпен пайдалану жолдарын және халықаралық бухгалтерлік есеп стандарттағы талаптарын білген жөн.

Қаржы саясатын тиімді бағытқа салу, экономикалық модельдер құрып, салыстырмалы талдау ісін күнделікті экономикалық өмірге қосу мақсатымен әр түрлі үлгідегі модельдер жасау керектігі туындайды. Бұл үшін кез келген шаруашылық ұйымдарында мерзімдік даярланатын бухгалтерлік есеп ақпараттарының негізінде жасалынатын баланстың атқаратын рөлі өте зор. Бухгалтерлік баланс, мұның құрылымы мен құрамы, жекелеген баптары, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан, тәжірибеге енгізілген ең жақсы қолданбалы модель болып табылады.

Бұл жұмыстың мақсаты:

—       бухгалтерлік есептің маңызы мен мазмұнын, оның негізгі мақсатын түсіндіру;

—       есеп жүйесінің нышандары мен ақпараттық базаның қалыптасуын зерделеу;

—        ұйымдардағы экономикалық үрдістің қалыптасу кезеңдеріне қарай шаруашылық фактілерінің сабақтастық жолдары мен қалыптасуын негіздеу;

—        бухгалтерлік есептің атқаратын міндеттері мен нышандары маңызын ашып түсіндіру;

—       бухгалтерлік есеп жүйесіндегі қаржылық және басқарушылық есептің орны мен негізгі мақсатын, объектілерін сипаттау;

—       ұйымдардағы бухгалтерлік есеп жүргізуді ұйымдастырудың принциптерін және бухгалтерлік аппарат құру мүмкіндіктерін көрсету;

—        бухгалтерлік кәсіптің мәнін және Қазақстандағы бухгалтерлік есеп мамандарын кәсіби даярлау мен қайта даярлаудың қажеттілігін сипаттау мен жүйеге келтіру жолдарын көрсету;

—       халықаралық тәжірибе негізіне сай есеп қызметін атқарушылардың Кодексін және этикалық норманың мәні мен мәнісін көрсету;

—       Қазақстан Республикасындағы бухгалтерлік есеп жүйесін заңдылық және нормативтік тұрғыда реттеу қажеттілігін сипаттау.

I бөлім. Бухгалтерлік есеп негіздері

1.1. Бухгалтерлік есептің мәні мен маңызы

Меншік иелігінің кез келген түрлері, нарықтық әрекетке түсуші заңды тұлғалар, ұйымдар мен мекемелердің барлығында бухгалтерлік есеп жургізіледі. Меншігінде қаражаттары мен мүліктері, қорлары мен капиталы, алған міндеттемелері, өндірілген дайын өнімдері, тауарлы-материалды құндылықтары, негізігі құралдар мен айналым қаражаттары, сатып алу мен сату өрісі, шаруашылық жүргізу үрдісі бар шаруашылық ұйымдарда бухгалтерлік есеп жүргізу жүйесі экономикалық қатынастардың басты мәселесіне жатады. Сондықтан бухгалтерлік есепті күрделі жүйе деп түсінген жөн. Экономикалык қатынастардың барлығы да есепке алыну керектігі бухгалтерлік есепке тән мән мен мағына, алғы шарт және міндетті түрде орындалуға тиісті нақтылы үрдіс болып табылады.

Бухгалтерлік есеп жүйесі ұйымдардағы сатылы экономикалық үрдісті қамтамасыз ету бағытында құрылуы керек. Шаруашылық фактілері экономикалық үрдістің кезеңдік негіздерін құрайтын заңдылық сабақтастыққа жауап беретін болып қалыптасады.

Ол мынандай кезеңдерге бөлінеді:

  • активтер мен бұлардың көздерін қалыптастыру;
  • инвестициялар келтіру;
  • қаржылық активтерді (экономикалык ресурстарды) қаржыландыру және несиелік міндеттемелер қабылдау;
  • қалыпты жағдайда жүргізілетін өндірістік үрдістің өзгерістері мен қалыптасуын есепке алу;
  • өндірістік шығындар жұмсап, табыстар табу жолдарының есебін жүргізу;
  • түскен табыстар (пайданы) бөлу және қайта бөлу;
  • бөлінбеген таза пайданың ұдайы көбеюін қамтамасыз ету және түскен таза пайданы өндіріс үрдісін кеңейту мен ары қарай жетілдіруге, бұлардың қорлануын қалыптастыруға жұмсау.

Бұл мақсаттар мен міндеттердің нақтылы іске асатындығын есепке алып, ақпараттар жүйесін қалыптастыруда бухгалтерлік есептің атқаратын рөлі өте зор. Бухгалтерлік есеп жұмысы экономикалық кезеңді қатынастарды көрсетеді және әр кезеңдерге сай дамиды. Бухгалтерлік есеп — базарлы сауданы, технологиялық ерекшеліктерге сай өнім өндіруді, экономикалық бостандықты, кәсіпкерлік қатынастарды, бірлескен әрекеттерді т.с.с. байланыстар жөніндегі көрсеткіш мәліметтерді даярлап, тиісті тұтынушыларға хабарлап, талдап, мұның негізіне тиімді шешімдер қабылдайтын, өз орны мен әдісі және принципі бар пән. Сондықтан бухгалтерлік есептің алғы шарты экономикалық қатынастарға, мұның өзін теориялық тұрғыда зерттеуге, басқарудың тиімді жолдарын анықтауға ақпараттар дайындайтьш ерекше бағыттағы айрықша жүйе.

Қандайда болмасын есеп ақпараттары мен көрсеткіштерін, мұндағы цифрларды экономикалық маңызы зор мәселелер деп қараған жөн. Бухгалтерлік есеп нарықтық катынастарға байланысты іс-әрекеттерді саналы түрде жүргізу мен мәліметтерді жан-жақты қолдану және бұлардың маңызын түсіну үшін ақпараттар жинап, тиімді және тиімсіз, пайдалы және зиянды мәліметтер жүйесін топтастырып, белгілі дәрежеде шешім қабылдау үшін көрсеткіштер мен мәліметтер даярлайды.

Нарықтық қатынастар мен меншік иелігіне сүйеніп қол ұшымен жалғасып, сыбайластық әрекеттерге барушы және жұмыс бабын жеке басының игілігіне пайдаланушы, заңсыз жүріп қаражат табушы алаяқтар арасында күрес жүргізуде де бухгалтерлік есептің атқаратын рөлі зор. Мұндай әрекеттерді болдырмау үшін әрбір атқарушы бухгалтер өз кәсібін сыйлап, таза және сапалы еңбек етуі керек.

Бухгалтерлік есеп бүкіл халықтық ілімге жатады. Мұның диапазон кеңістігі мол. Сондықтан, экономиканы басқару жүйесін жетілдіру, халықтың сұранысы мен тұтынысын зерттеу, базарлы саудаға тән шешім қабылдау, тексеру мен бақылау жүйесін кеңінен қолдану, есеп көрсеткіштерін қарапайымдау, заңсыз қағаз бастылықты болдырмау үшін бухгалтерлік есеп ілімі өз мәні мен мақсатын жоймайтын сабақтастық бағытта болуы керек.

Бүгінгі күннің талабына сай бухгалтерлік есепте қолданылатын үлгі — мәтін, бастапқы құжаттарды рәсімдеу, есеп регистрлары және қорытынды есеп көрсеткіштері т.б. жазулардың көлемі мен маңызы қарапайым жолдармен жасалып, пайдаланушы қауымға түсінікті болуы керек.

Енді бухгалтерлік есеп жүйесінің алдына қойылған жалпы мақсаттар мен талаптарды шешудің бастапқы сабақтастығына тоқталайық. Жалпы есеп жүйесінде қабылданған тәжірибеге және көптеген ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда бухгалтерлік есеп ең әуелі өзінің байқау, өлшеу, тіркеу принциптерін жүзеге асырады.

Байқау принципі деп — шаруашылық жүргізушілер өрісіндегі фактіні немесе объектіні көзбен көруді айтамыз.

Өлшеу принципі деп — натуралдық өлшеммен берілген есеп объектісін ақшалай өлшемге айналдыруды айтады.

Тіркеу принципі деп — бухгалтерлік есеп мәліметтері мен көрсеткіштерін ақпараттар тасушы құралдарға түсіруді айтамыз.

Сонымен байқау, өлшеу және тіркеу принциптері бірімен-бірі тығыз байланысқан, бірінің мазмұнын бірі толықтырып отыратын сабақтастық жүйе деп таныуымыз керек.

Бухгалтерлік есептің маңызы мен мәні және бұл жүйені жүргізу мен аяқтау үрдісі, ең әуелі бухгалтерлік есеп негізін біліп үйренуден, қаржы есебін жүргізу тәсілдерінен, басқару есебіндегі көрсеткіштерді бағалай білуден, қаржылық қорытынды есепті сапалы жасаудан, сондай-ақ ұйымдардың қаржы-шаруашылық қызметін экономикалық жағынан талдаудан тұрады.

Бухгалтерлік есеп жүйесіндегі ақпараттар қазіргі кездегі Қазақстандық бухгалтерлік есеп стандарттар талабына сай кәсіпкерлерге, мамандарға, салық және қаржы салаларындағы қызметкерлерге, т.б. тұлғаларға қызмет көрсетеді. Потенциалды қаржы салымшы инвесторлардың, басқа да несиелендіруші заңды тұлғалардың қаражаттарын іске қосып, түпкі мақсат — таза табыстың көлемін арттырып отыру үшін бухгалтерлік есеп өрісіндегі қалыптасқан ақпараттарды хабарлап отыру қажеттігі туындайды.

Бухгалтерлік есеп деп — ұйымдар қызметін тиісті ақпараттар және мәліметтермен қамтамасыз ететін мәні мен пәні бар жүйені айтамыз. Нарықтық қатынастардың экономикалық өмірге енуіне байланысты әдетте коммерциялық бағыттағы және меншікті ұйымдар табыс табуды мақсат тұтады. Егер бухгалтерлік есепті кәсіби бухгалтерлер мен ақпараттарды пайдаланушылардың көзқарасы тұрғысынан қарайтын болсақ, онда бухгалтерлер үшін ақапараттарды ары қарай өңдеу жұмыстарын жүргізумен қатар, қаражаттар мен олардың құралу көздерінің қозғалысын есептеп, қорытынды есепке түсіру мақсаты арнайы пәндік, ұғымды туындатады.

Бухгалтерлік есеп пәні деп — ұйымдардың шаруашылық өміріндегі (меншігіндегі) активтер, меншікті капитал және міндеттемелер өрісіндегі қозғалыстарды байқап, өлшеп, тіркеп, жинақтап, үздіксіздік жолдармен құжаттап, қорытындылайтын үрдісті айтамыз.

Бухгалтерлік есеп көптеген әдістер мен принциптерді, арнайы ережелерді зерттейді.

Ұйымдардағы бухгалтерлік есеп жүргізу мақсаты екі деңгейде танылады.

Бірінші деңгейде бухгалтерлік есептің тіркеу қызметі және көптеген шаруашылық фактілері мен экономикалық өзгерістерін жинақтау, ақшалай өлшемге айналдыру қызметі орындалады.

Екінші деңгейде бухгалтерлік есептің күрделі мәселелері атқарылып, әртүрлі әдістерді, ережелер мен принциптерді қолдана отырып, бухгалтерлік есеп жүйесінде жасалған қорытынды ақпараттар жүйесіндегі шаруашылық фактілерінің маңызы бағаланып өлшенеді, шашыранды фактілер жинақталып талданады.

Басқару үрдісінің негізгі саласы болып танылған бухгалтерлік есеп жүйесі арқылы ұйымдардың ағымдағы қызметінің барысы тексеріледі, сапалы даярланған ақпараттарды талдай отырып, стратегиялық және тактикалық бағыт анықталады, ресурстарды тиімді пайдаланудың жолдарын қабылдаудағы субъективтік факторларды болдырмаудың тәсілдері қарастырылады.

Сапалы жүргізілген бухгалтерлік есептің мақсаты төмендегі сатылы қызметтерді қамтамасыз етуге арналған:

—       ұйымдардың табыс түсіріп, бәсекелестік ортадағы тиімділігін арттыру үшін жасалған бизнес-жоспарының орындалуы дәрежесін тексеру;

—       активтерді өз орнымен тиімді жұмсау арқылы өндірілген өнімдердің өсу қарқынын және бұларды сатудан түскен түсім көлемін бухгалтерлік есеп жүйесінде айрықша зерттеу;

—       меншіктің барлық түрлерінің сақталуын, активтердің қолда бары мен қозғалысын, ұйымдардың қаржылық және төлем өтеушілік қабылетінің орындалуын тексеру;

—       алдау, ұрлау, көзбояушылық және сыбайластық жағдайларды болдырмау, ақша т.б. құндылықтарды жеке адамдардың сіңіріп кетушілігіне жол бермеу, тексеру жүргізу және мұндай жағдайларды тиісті орындарға дер кезінде хабарлау;

—       бухгалтерлік есеп, аудиторлық қызмет және салық жөніндегі заңдардың сақталуы мен нормативті актілердің орындалуын қадағалауға мүмкіндік жасап отыру.

Бухгалтерлік есеп өрісінде төмендегі мәселелердің шешілуі қамтамасыз етіледі:

  • ұйымдар өрісіндегі шаруашылық үрдістің қорытындысын шығарып, басқарушылық шешім қабылдауға қажетті ақпараттар қалыптастыру, сондай-ақ қаржы салымшы инвесторлар, қоюшылар, сатып алушылар, несиелендірушілер, салық және қаржы органдары арасындағы қалыпты жағдай жасау мақсатында толық және сенімді ақпараттар қалыптастыру;
  • экономикалық ресурстардың және активті мүліктерді тиімді әрі орынды пайдалану үшін, бұлардың қолда бары мен қозғалысын тексеріп отыруды қамтамасыз ету.

Бухгалтерлік есептің ең негізгі мақсаты — ұйымдар қызметінің өсу қарқынын қамтамасыз ету, әртүрлі варианттағы салыстырмалы мәліметтер қалыптастыру, талдау шараларын орынды жүргізу арқылы баскарушылық шешім қабылдау болып табылады.

Бухгалтерлік есеп кәсіпкершілікпен айналысушы тұлғалардың барлығына қажетті білім беруді қамтамасыз етеді.

 

1.2. Бухгалтерлік есеп жүргізуді ұйымдастыру принциптері

Бухгалтерлік есеп ақпараттарын сыртқы пайдаланушылар мен ұйымдарды басқарушылардың талабын қанағаттандыру үшін бухгалтерлік есеп жүйесі дұрыс ұйымдастырылуы керек.

Ұйымдастыру деп — есеп жүргізудің жағдайын, мұның құрамдас элементтерін, есеп кезеңдерін (бастапқы құжаттан бастап, бухгалтерлік қорытынды есепті тапсыру мен кұжаттарды мұрағатқа өткізуге дейінгі аралық) арнайы тәртіпке сай қатаң сақтау, бухгалтерлік есеп жүргізудің түрлерін, жүргізу, есептеу техникаларын тиімді пайдалануды айтады. Сондай-ақ, бухгалтерлік есепке тән ережелер мен нұсқауларды, нормативтік заң актілерін қатаң сақтау қажет.

Ұйымдардағы бухгалтерлік есеп жүйесін ұйымдастырудың негізі, біздің елімізде қабылданған «24 маусым 2002 жылғы №329-1 Бухгалтерлік есеп және қаржылық қорытынды жөніндегі» Заңда қаралған. Бұл заңның мазмұны бухгалтерлік есеп жүйесін ұйымдастырудың тәртібі, бухгалтерлік есеп жүргізудің тиімді әдістерін қолдану, қорытынды есеп жасап, мұны жариялау және бухгалтерлік есеп ақпараттарын анық және сенімді жасау жөнінде тиянақты ұғым береді.

Бухгалтерлік есеп жүйесін дұрыс ұйымдастыру жөніндегі ұстанған жалпы бағыт, ұйымдар ішінде ұстанған жекелеген есеп объектілерін жүргізу жөніндегі бағытпен ұштасқан жағдайда бухгалтерлік есеп ұйымдастыру жағынан орнықты болады.

Ұйымдардың технологиялық ерекшеліктері мен ұжымдық түрлерінің ерекшеліктеріне қарай бухгалтерлік есеп әрбір ұйымдардың өз ішінде ұйымдастырылады. Өнімдер өндірудің өндірістік негізгі ерекшеліктері бухгалтерлік есеп жүйесін ұйымдастырудың басты бағыты болып табылады. Өндірістік ерекшелік, негізінен еңбек ақы есептеу мен төлеу, өндірілген өнімнің өзіндік құнын калькуляциялау мен өндірістік шығындарды жұмсау, дайын өнімдерді сату, әріптестермен аралық қатынастарға түсу, есеп айырысу, т.б. есеп объектілері бойынша қалыптасады.

Бухгалтерлік есепке алынатын барлық құжаттар ұйымдардың бухгалтериясына өз уақытында тапсырылады. Бухгалтерияға тапсырылған құжаттардың заңдылығы тексеріліп, мұндағы мәліметтер мен сандық өлшемдер бағаланып, шашыранды құжаттар өздерінің маңызы мен атқарған міндеттеріне қарай топтастырылады.

Есеп мәліметтерін сапалы дәрежеде топтастыру, жетілдірілген әдістер мен амалдарды ұтымды қолдану, есеп регистрын синтетикалық және аналитикалық счеттар жүйесімен тығыз байланыстыру жөніндегі нәтижелі жұмыстарды дер кезінде ұйымдастырудың маңызы зор.

Есеп жүйесіндегі мәліметтерді жинақтап, бір жүйеге келтіріп, аналитикалық және синтетикалык счеттар талабына сай байланыстырып, арнайы жасалған есеп регистрларына түсіріп, бұлардың негізінде қорытынды есеп жасап отыру — бухгалтерлік есепті ұйымдастырудың негізгі мақсатына жатады.

Еліміздегі бухгалтерлік есеп жүйесінің халықаралық бухгалтерлік есеп стандарттарына сай жүргізілуіне байланысты, бухгалтерлік есеп жұмысының маңызы мен сипаты өзгеріске түседі. Бухгалтерлік есеп объектілерінің көпшілігі өзгеріске түсіп, негізгі құралдар мен күрделі қаржы игеру, жарғылық капитал, арнайы қорлар, пайда мен шеккен зиян, т.б. есебін жүргізудің әдістемелік жолдары халықаралық стандарттарға сай есепке алынатын болды. Бухгалтерлік қорытынды есеп жасаудың құрамы мен маңызы, тапсыру мерзімі, мұның өзінің қашан және кімге тапсырылатындығы жөніндегі өзгерістер халықаралық тәжірибеге сәйкестіріліп, қорытынды есеп ақпараттарын сыртқы пайдаланушылар үшін мүмкіндік туғызылды. Қолмен атқарылатын көптеген есеп жұмыстарының көлемі азайып, компьютерлік жүйемен атқарылатын болды. Сонымен қатар бухгалтерлік есеп ақпараттарын пайдаланушылар саны көбейіп, есептің сапалы жасалуымен қатар есеп принциптерін қатаң сақтау жөніндегі әдістер мен амалдар кеңінен қолданылынып келеді.

Бухгалтерлік есепті ұйымдастыру мен жетілдірудің түпкі мақсаты — қандай да ұйымдар болмасын, бұлардың таза пайдамен жұмыс істеуін қамтамасыз ету мен нарықтық қатынастар жөніндегі экономикалық заңдылықтарды сақтау болып табылады.

Осы жоғарыда қойылған үлкен дәрежедегі бухгалтерлік есепке тән ұйымдастырушылық үрдісті жетілдіру үшін төмендегідей кезеңді жұмыстар атқарылуы керек:

  • Бухгалтерлік есеп қызметін құкықтық тұрғыдан жетілдіру мен нормативтік заң актілерін кеңінен қолдану;
  • Бухгалтерлік есеп пен қорытынды есеп жөніндегі кабылданған бухгалтерлік есеп стандарттарын жетілдіріп, жаңадан жасалатын отандық бухгалтерлік есеп стандарттарын қалыптастыру. Осыған байланысты әдістемелік нұсқаулар мен ережелер, сондай-ақ жетілдірілген есеп принциптерін бухгалтерлік есеп жүргізу тәжірибесінде сактау;
  • Қаржылық және басқарушы (өндірістік) есеп өрісін ажыратып, жалпы бухгалтерлік есеп жүйесін жетілдірудің әрбір ұйымдарға тән ұйымдастыру бағытын белгілеу;
  • Бухгалтерлік есеп жүйесін ұйымдастырудың тиімді бағытын пайымдап, мұның өзін менеджмент және маркетинг жөніндегі қабылданатын үйлесімді жолдармен сәйкестендіруді белгілей отырып, экономикалық талдау жұмысының бағытын негіздеу;
  • Есеп пен есептеу жұмыстарын автоматтандыру мен компьютерлік технологияны кеңінен пайдаланып, ақпараттар ағынын шапшаңдату және пайдаланушылар талабын қанағаттандыру;
  • Ұйымдардағы бухгалтерлік қызмет атқарушыларды кәсіби даярлау мен қайта даярлау, бұлардың кәсіби білімін жылдан-жылға жетілдіріп отыру.

Бұл айтылғандарға қосымша: бухгалтерлік есеп стандарттары халықаралық деңгейде қабылданған негізгі әдістер мен есеп жүргізудің бағыттары жөніндегі (принцип) жинақталған құжат болып табылады. Бухгалтерлік есеп стандарттарына қойылған талаптар, мұның маңызы мен мәні, қажетті тараулар мен есеп стандарттарына тән есеп жүргізу объектілері Қазақстан Республикасында орталықтандырылған әдістемелерге сәйкес жүргізіледі.

Ішкі ереже-нүсқаулар жекелеген шаруашылық операцияларына тікелей байланысты болады. Нарықтық қатынастар жүйесінің заңдылығы мен коммерциялық құпияның сақталуына байланысты көптеген есеп көрсеткіштері шектеулі түрде жариялана бастады. Мұндай жағдайларды бухгалтерлік есеп жүргізуді ұйымдық тұрғыдан қараған кезде ескерген жөн.

Бухгалтерлердің жұмыс орнын автоматтандырудың болашағы зор. Сондықтан ұйымдар осы заманғы өлшеу мен есептеу аспаптарын, ақпараттарды тіркеуді және оларды механикаландыру мен автоматтандыру құралдарын кеңінен пайдаланып, интернеттік жүйеге енуді мақсат тұтуы қажет. Осы айтылғандарды іске асыру үшін әрбір ұйымдарда бухгалтерлік есеп мәліметтерін автоматтандыру мен өңдеу жөнінде арнайы бағдарлама жасау қажеттігі туындайды.

Ұйымдарда тағайындалған бухгалтерлер өздеріне тапсырылған міндетті жұмыстар атқарып, есеп объектілеріне тән бастапқы құжаттардан туындайтын ақпараттарды жинақтап, қойылған тәртіпке сай қорытынды есеп жасап, мұның өзін тиісті органдарға тапсырады. Аталмыш жұмыстарды атқару үшін кез-келген ұйымдардағы бухгалтерлік есеп жұмысы жақсы және сапалы ұйымдастырылуы керектігі бұрын да айтылған. Бухгалтерлік есеп жұмысын ұйымдастыру жауапкершілігі ұйым басшысының құзырында болады.

Ұйым басшысы есеп жұмысының дұрыс жүргізілуін, барлық бөлімшелер мен мұндағы есеп жұмысын атқарушы қызметкерлерге, сондай-ақ есеп-қисап жұмысына қатысты адамдарға, бастапқы құжаттар жасаушы жауапты тұлғаларға жақсы жағдай туғызуы керек.

Бухгалтерлік есепті ұйымдастыру ұйымдар бухгалтериясында іске асырылады. Бухгалтерияның аппаратын бас бухгалтер басқарады. Ұйымның бас бухгалтеріне өз уақытында және сенімді есеп жүргізу, тауарлы-материалды кұндылықтардың тиімді жұмсалуы, қаржы ресурстарын қалыптастыру, экономикалық және қаржылық талдауды өз мәнінде жүргізу, болашақтағы жағдай үшін ұсыныс енгізу т.б. экономикалық-қаржылық мәселелерді ұйымдастыру тапсырылады.

Бухгалтерлік есеп аппаратының айрықша атқаратын міндетінің ең негізгісі — тексеру мен бақылау міндетін орындау болып табылады. Бухгалтерия аппараты орындайтын тексеру жүмысы алдын-ала, ағымдағы және келесі тексеру болып үшке бөлінеді.

Алдын-ала тексеру деп — мүмкін болатын шаруашылық операцияларының орындалуына дейінгі жүргізілетін тексеруді айтады. Алдын-ала тексеру жұмысы ақша қаражаттарын кіріске алып, бұларды жұмсау, тауарлы-материалды құндылықтар қозғалысы, қаржылық қорытынды нәтижесі, несие алу мен жұмсау, т.б. шаруашылық операцияларының барлығы да ұйым басшысының және бас бухгалтердің койған қолымен бекітіліп расталады.

Ағымдағы тексеру деп — шаруашылық операциялары орындалған сәтте немесе оның артынан іле-шала жүргізілетін тексеруді айтады. Шаруашылық операциялары тіркелген құжаттардағы мәліметтер заңдылық пен тиімділік жағынан тексеріліп, мұндағы қолданылған арифметикалық есептеулер мен бағалау амалдарының дұрыс қолданылғандығы қадағаланады. Құжаттар ағымдағы тексеруден өткен соң, ондағы мәліметтер бухгалтерлік есеп регистрларына жинақталып жазылады.

Келесі тексеру деп — шаруашылық операцияларының орындалған сәтінен бастап белгілі бір уақыт өткеннен кейінгі жүргізілетін тексеруді айтады. Келесі тексеру есепті кезеңге сай жүргізіледі. Тексерудің бұл түрі ұйымның және осы ұйым құрамындағы бөлімшелер мен қаржы-шаруашылық қызметі өрісінде жүргізіледі. Қажет болған жағдайда кейбір есеп объектілері бойынша орын алған шаруашылық операцияларының маңызын, он күндік, айлық, тоқсандық, т.с.с. кезеңдер бойынша да тексереді.

Ұйымдардағы есеп пен тексеру жұмысын осы ұйым құрамында құрылған бухгалтерия, мұндағы бухгалтерлер атқарады. Бухгалтерия ұйымдық құрылымның ең бастысы болып табылады. Бухгалтерия аппараты ұйым басшысына бағынышты болып, ұйымның атқаратын жүмыстарының көлеміне қарай міндетті қызметтер атқарушы бухгалтерлер тағайындалады. Бухгалтерия жұмысын тиімді қалыптастыру үшін бухгалтерия аппаратын, мүндағы бөлімдерді дұрыс қарап, есеп қызметкерлерін, бұлардың білімі мен тәжірибесіне қарай орналастырудың маңызы зор.

Ұйымдарда ұйымдастырылған бухгалтерлік есеп түріне (форма) сай бухгалтерлік аппараттың құрылымы деп — өзара байланыста болатын ұйымдық тұрғыдағы бөлімдер мен құрылған топтарды, бұлардың құрамы мен біріне-бірінің бағыныштылығын, сондай-ақ атқаратын кәсіби міндеттерін айтады. Яғни бухгалтерлік аппарат құрылымы жекелеген бөлімдер мен еңбектің бөлінуіне, бухгалтерияда қызмет атқарушы мамандардың кәсіби білімі мен тәжірибесіне қарай қалыптасады.

Ұйым көлемі мен атқаратын шаруашылық қызметінің ерекшеліктеріне сай есеп жүргізу еңбегі кәсіби түрде белгіленеді. Мысалға, негізгі өндіріске жұмсалатын шығындар есебін бухгалтерияның бір бөлімі жүргізсе, жанама өндіріс шығындары есебін жүргізу бухгалтерияның басқа бөліміне тапсырылуы мүмкін. Яғни бір циклға тән есеп жұмысын басынан аяғына дейін бір адам немесе бір бөлім орындайды.

Сонымен қатар, есеп жұмысын кәсіби тұрғыда орталықтандырып ұйымдастырған жағдайда әрбір бухгалтер бір тектес шаруашылық операциялары жөніндегі есепті жүргізеді. Мысалға, еңбекке ақы төлеу жөніндегі есеп жүргізу үшін бір бухгалтер (топ) есептің осы учаскедегі бастапқы құжаттарды қабылдап, мұның дұрыстығын тексерсе, екінші бухгалтер осы құжаттарға сай еңбекақы есептейді, оның мөлшерін көрсетеді, ал үшінші бухгалтер есеп регистрларын жасап, счеттарды корреспонденциялайды. Бухгалтериядағы атқарылатын еңбек пен атқарылатын міндеттерді бөлісу, ұйымның өндірістік немесе қызмет көрсету көлеміне байланысты болады. Бухгалтерлік аппарат құрылымы мен мұның күрделілігі ұйымдағы еңбек етуші адамдар саны мен технологиялық ерекшеліктер, атқарылатын жұмыстардың маңыздылығы мен күрделілігіне де байланысты.

Көлемі жағынан шағын құрылымдарда бухгалтерлік аппарат құрылымы қарапайым және жеңіл жолдармен қалыптасады. Мұндай құрылымдарда атқарылатын бухгалтерлік есеп жұмыстарын жекелеген бөлімдер құрмай-ақ, атқарушы бухгалтерлерге есеп объектілері мен жүргізетін счеттарды бөліп беру мен тапсыру арқылы да орындауға болады.

Көлемі жағынан үлкен және орта ұйымдарда есеп объектілері едәуір күрделі жағдайды қамтамасыз ету үшін құрылады. Ұйым қызметінің көлемділігі мен есеп объектілері өрісіне қарай бухгалтерия аппаратын жекелеген бөлімдер құру арқылы калыптастырған жөн. Бухгалтерия құрамында арнайы бөлімдер құру ісі есеп объектілерінің негізгі учаскелеріне байланысты болады. Ұйым бухгалтериясында жүргізілетін есеп жұмыстарының күрделілігі мен көлеміне қарай жекелеген бөлімдер мен секторлар құру ісі де тәжірибеге енген.

Мұндай бөлімдер мен секторлар: еңбекақы төлеу, материалдық ресурстар, өндірістік шығындар, дайын өнімдер мен бұларды сату, есеп айырысу операциялары, басқадай операциялар жүргізу үшін құрылады. Сонымен қатар есеп ақпараттарын жинақтаушы және қорытынды есеп жасау жөніндегі бөлім құрылуы да мүмкін.

Орталықтандырылған бухгалтерияның артықшылығы — есеп техникаларын, компьютерлерді, сондай-ақ еңбек бөлісу, оның өнімділігін арттыру, есептің сенімділігін, тексеру мен бақылау жұмыстарын кәсіби білімі жоғары бухгалтерлік есеп мамандарының қатысуымен іске асырылуына байланысты болады.

Бухгалтерлік есеп жұмысын қандай бағытта және қандай түрде жүргізуіне қарамастан барлық шаруашылық субъектілері бойынша бас (аға) бухгалтерлер тағайындалады. Ұйымдардың бас бухгалтері есеп жұмысының жақсы ұйымдастырылуына тексеру мен бақылау, жинақтау мен талдау жұмыстарының барлығына жауап береді.

Бас бухгалтердің қызметін атқарушы тұлға қолда бар ақша қаражаттары қозғалысын тексеру мен бақылау, тауарлы-материалды және мүліктік құндылықтардың дұрыс және мақсатты жұмсалуын, қойылған нұсқаулар мен арнайы ережелерге сай жүргізуді қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен қатар, ол қаржы салымшы инвесторлардың тәуекелшілік талабын орындау, салынған ақша каражатының тиімді жүмсалуын, дивиденттік төлемдер, пайыздық ставкалардың келісім-шартқа сай есепке алынуын қадағалайды.

Ұйымның бас бухгалтері өндірістік үрдістің тиімділігі мен өндірілген өнімнің сапасын арттыру ісіне тығыз араласып, қолда бар қаржы көздерін ұтымды жұмсау, өндірістік емес шығындарды болдырмау, сондай-ақ орынсыз зиян, талан-таражға қарсы шаралар белгілеп, ұйым басшысының экономика жөніндегі көмекшісі бола білуі керек. Бас бухгалтер ұйым басшысына тікелей бағынышты болады. Мұның еңбек ақысы ұйым басшысының орынбасарларына тағайындалған еңбек ақы көлемінен кем болмағаны жөн. Бас бухгалтерді қызметке тағайындау мен босату ұйым басшысының бұйрығымен орындалады.

Сонымен қатар, ұйымның бас бухгалтері бухгалтерлік есептің дұрыс жүргізілуіне, арнайы ережелер мен нұсқаулардың орындалуына, қаржы көздерінің тиімді қалыптасуына, келісім-шарттың ұтымды орындалуына, заңдар мен нормативтік актілерге қайшы келетін операцияларды болдырмауға, т.б. есеп-қисап жұмысының барлығына тікелей жауапты.

Бас бухгалтердің басшылығымен бухгалтерияда атқарылатын барлық жұмыстар осы ұйым экономикасының дамуына тікелей әсер етеді.

 

1.3. Қазақстан Республикасындағы бухгалтерлік есеп жүйесін реттеу принциптері

Бухгалтерлік есеп жүйесін реттеп, мұның кұрамдас бөліктерін жетілдіріп отыру мемлекеттік және басқа да қоғамдық ұйымдардың құзырына жатады. Бухгалтерлік есеп өрісінде жетілдіріліп отыратын мәселелердің барлығы да орындаушы бухгалтерлер мен шаруашылық жүргізуші тұлғалар үшін түсінікті және өте сенімді болуы керек. Кезіндегі әкімшілік жолмен жоспарлы бағытпен реттелетін бухгалтерлік есеп жүйесі нарықтык қатынастарға байланысты түбегейлі өзгерістерге түсіп, халықаралық деңгейдегі есеп жүргізу тәжірибесі отандық есеп жүйесіне енгізіліп келеді. Бұл күндері мемлекеттік органдар меншігіне жататын ұйымдардан басқа да ұйымдар, есеп жүргізудің ішкі саясатын белгілеп, бюджетке төленетін салықтар мен алымдар арнайы қабылданған заң актілері мен нормативтік құжаттарға сай іске асырылып келеді.

Сондықтан Қазақстан Республикасындағы бухгалтерлік есеп жүйесін реттеудің түпкі мақсаты, барлық ынта білдіруші субъектілерді тұнық және түсінікті, мазмұндағы ресми күші бар құжаттармен қамтамасыз ету болып табылады. Қойылған осы талаптарға сай алдағы кезеңдерде есеп жүйесін реттеу бағыттарын төмендегіше сипаттауға болады:

—       шаруашылық фактілерін тек кана арнайы белгіленген счеттарға жазып қана қоймай, бухгалтерлік қорытынды есеп даярлау мен тапсыру, соның негізінде тиімді экономикалық шешімдер қабылдау бағытын қамтамасыз ету;

—       қаржылық қорытынды есеп жасау үрдісін халықаралық қаржылық стандарттар жүйесімен үйлестіру;

—       халықаралық қаржылық есеп стандарттарын ұлттық экономика мен аймақтық экономика ерекшеліктеріне қарай бейімдеу;

—       бухгалтерлік есеп жүйесін реттеуді ақылға сиятын бағытқа салып, бухгалтерлік есеп жүргізудің түрақтылығын сақтау мен жетілдіру.

Қазақстан Республикасында бухгалтерлік есеп жүйесін реттеп отыру, арнайы заң актілерінің жобасын даярлау мен ұсыну және күнделікті экономикалық өмірден туындайтын кейбір сұрақтарға жауап беру үрдісі еліміздегі «Бухгалтерлік есеп және қаржылық қорытынды есеп Заңының» шеңберінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің құзырына тапсырылған.

Сонымен қатар қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі құрамындағы «Бухгалтерлік есеп және аудит әдіснамасы Департаменті» бухгалтерлік есеп және қорытынды есеп жөніндегі кейбір ережелерді, әдіснамалық ұсыныстарды, бухгалтерлік есеп стандарттарын, мұны қолданудың ұсыныстарын, сондай-ақ бухгалтерлік есеп счеттарының типтік жоспарын, мұны қолданудың түсініктемесін және счеттардың типтік корреспонденциялануын даярлап, мұндай ресми материалдарды тиісті заң орындардан тіркеуден өткізіп, ұйымдарға ұсынып отырады.

Қазіргі кезеңде Қазақстан Республикасындағы бухгалтерлік есеп жүйесін нормативтік тұрғыдан реттеу төмендегі ресми және нормативтік күші бар құжаттардан тұрады (1.1. кесте).

1.1. кесте

Қазақстандық есеп жүйесін нормативтік-құқықтық тұрғыда реттеу деңгейлері

Деңгейлер Ресми құжаттар Құжаттар даярлаушы органдар
Бірінші деңгей —

заң күші бар құжаттар

Заңдар, каулылар, жарлықтар, кодекстер Парламент, Үкімет, ҚР Президенті
Екінші деңгей —

нормативтік құжаттар

Ережелер, стандарттар ҚР Қаржы минитрлігі, ҚР Ұлттық банкісі
Үшінші деңгей —

әдіснамалық құжаттар

Әдіснамалық ұсыныстар, нұсқаулар, хаттар, тұжырымдамалық негіздер ҚР Қаржы министрлігі, Үкіметтің аткарушы органдары, халықаралық кеңес беруші қоғамдастықтар мен ұйымдар
Төртінші деңгей —

ұйымдардың есеп

саясаты

Ұйымдастыру мен билік жүргізуші ішкі құжаттар (бұйрықтар, шешімдер т.б. ішкі ресми құжаттар) Кеңес беруші фирмалар, құрылтайшылар т.б. осы ұйымның басшылары, ұйымдарда әр жылы жасалынатын, толықтырылып отыратын есеп саясаты

 

Жалпы экономикалық заңдылықтарға сәйкес макро және микро деңгейде орын алатын экономикалық қатынастардың шынайы қалыптасып, ақпараттардың жүйелі жинақталуы үшін бухгалтерлік есеп өрісіндегі нормативтік базаның атқаратын рөлі өте зор.

Қазақстан Республикасында жүргізілетін бухгалтерлік есеп 24 маусым 2002 жылы № 329-шы «Бухгалтерлік есеп және қаржылық қорытынды» жөніндегі Қазақстан Республикасының Заңымен реттелген. Аталмыш заң ең жоғарғы бірінші деңгейдегі нормативтік ресми құжатқа жатады. Елімізде жүргізілетін бухгалтерлік есептің құқықтық және әдістемелік негіздері осы заңда қаралған. Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық қорытынды жөніндегі Заңда бухгалтерлік есеп жүргізудің бірегей құқықтық және әдістемелік негізі, ұйымдарда бухгалтерлік есеп жүйесін ұйымдастыру және мұның негізгі бағыты мен атқаратын қызметі, сондай-ақ есеп жүргізушілер мен қорытынды есеп жасаушы заңды тұлғалардың міндеттері қарастырылған.

Аталмыш заң есеп жүйесінің мақсаты мен есеп жүргізуге қойылатын негізгі талаптарды анықтаған. Есеп жүргізудің негізгі талаптарына: ақшалай өлшеу, ұйымдар қызметінің үздіксіздігі, есеп саясатын жасау, екіжактылық жазу, тәуелсіздік, түсініктілік, мәнділік, сенімділік, деркезділік, орнықтылық, бейтараптық, тұнықтылық, жан-жақтылық, салыстырушылық сияқты принциптер жатады. Бухгалтерлік есеп жүйесіндегі заң еліміздегі салық жөніндегі заң актілерімен байланыстырылған. Сонымен қатар бухгалтерлік есеп өрісіндегі жоғарғы деңгейдегі нормативтік базалар жөніндегі құжаттарға Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары жатады.

Тиісті заң актілерін басшылыққа ала отырып еліміздегі бухгалтерлік есеп жүйесін реттеу мен дұрыс жүргізілуін бақылауға алып отыру Қаржы министрлігінің құзырына тапсырылған.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі басқа да министрліктер мен ведомствалармен келісе отырып, екінші деңгейде бухгалтерлік есеп жүйесіне тән бағыттағы ресми құжаттар (қондырмалар): Бухгалтерлік есеп стандарттарынан, Қаржылық қорытынды есеп дайындау мен тапсырудың Концептуалды негізінен, Бухгалтерлік есеп счеттарының жұмыс жоспарынан тұрады. Қондырмалық (синтездік) мәні бар әдістемелік үрдістегі ресми құжаттар Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тіркелген. Бухгалтерлік есеп жүргізу өрісіне арналған, ресми түрде іс-тәжірибеде басшылыққа алынатын, қолданбалық сипаты бар мұндай құжаттар Қазақстан Республикасы аймағындағы барлық ұйымдарға таратылып отырады.

Бухгалтерлік есеп пен бухгалтерлік қорытынды есеп даярлауға арналған ереже түрінде танылған нормативтік маңызы бар құжатты — «Бухгалтерлік есеп стандарттары» деп атаймыз.

Бухгалтерлік есеп стандарттары — Қазақстандағы бухгалтерлік есеп жүргізудің ресми қабылданған ережесі және шаруашылық жүргізуші ұйымдардың қаржы қорытындысы есебін жасау үшін ақпараттық жүйе қалыптастырудың әдістерін белгілейтін құжат. Бухгалтерлік есеп жүргізудің көптеген әдістерін бірегей жүйеге келтіріп, кәсіпорындардың қаржы-шаруашылық қызметін ақпараттау мен салыстыру мақсатын орындау үшін қабылданған бухгалтерлік есеп стандарттарының атқаратын рөлі өте зор.

Мазмұнды негіздегі бухгалтерлік есеп стандарттары — әрбір ұйымдар мен шаруашылық жүргізуші заңды тұлғалар қызметінде күнделікті болып отыратын шаруашылық операцияларының мазмұны мен мәліметтерін қандай жолдармен, қашан және қалай топтастырып, счеттарға жазу мен есептеу, синтетикалық счеттарға жинақтау, мәліметтерді қорытынды есепке жазу жөніндегі принциптерді іске асыратын ресми құжат болып табылады.

Қазақстан Республикасы бойынша бухгалтерлік есепті реформалау екі бағытта: 1) ұйымдардағы бухгалтерлік есеп мамандары мен жоғары және арнаулы оқу орындары оқытушылары мен студенттерін даярлау және қайта даярлаудың жобасы жасалып, іске асырылды; 2) еліміздегі бухгалтерлік есеп жүйесіне өзгерістер енгізіліп, нәтижеде 1997 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қазақстандық бухгалтерлік есеп стандарттары қабылданды.

Бірінші бағыт бойынша 1994 жылы Қазақстанда «Шотландияның ант беруші бухгалтерлері институтының» жасаған жобасы бойынша 1999 жылға дейін бухгалтерлік есеп мамандығы оқытушыларын, салық органдары мамандарьш, т.б. қаржы саласының мамандары, барлығы шамамен 1200 жуық мамандар Алматы, Тараз, Қарағанды және Астана қалаларында халықаралық бухгалтерлік есеп стандарттары бойынша қайта даярланды.

Сонымен қатар, ЮСАИД жобасы бойынша АҚШ-тың «Баренц-групп», «Корана» сияқты корпорациялары күні бүгінге дейін еліміздегі бухгалтерлік есеп жүйесіне өзгерістер енгізіп, ұйымдардың бухгалтерлік есебін халықаралық стандартқа көшіру жөнінде әдістемелік және нақтылы көмек көрсетіп келеді.

Екінші бағыттың іске асырылуы біршама қиындықтар туғызды. Мұның өзі күрделі жағдайда өтіп келеді. Терминологиялық тұрғыда көптеген қателіктер күні бүгінге дейін түзетілмей отыр. Сонымен қатар бүтіндей бухгалтерлік есеп жүйесі «Салық есебіне» тәуелді болып, бухгалтерлік есеп мәліметтерін жіктеп-талдау деңгейі ұмыт қалып келеді. Бухгалтерлік есептің дербестігі өте төменгі дәрежеде. Аталмыш бағыт деңгейінде қорытынды есеп үлгісіне (форма) жылма-жыл өзгерістер енгізіліп, қорытынды есептің маңызы мен құрамы түбегейлі қалыптаспай отыр. Есеп саясатын жасаудың ресми түрде белгіленген нұсқауы жоқ. Өндірілген өнімдер кұнын шығару жұмсалған, шығындарды өндірілген өнім, көрсетілген қызмет құрамында есептеу мәселелерінің әлі де жетіспейтін жақтары жеткілікті. Бухгалтерлік есеп өрісіндегі кеткен кемшіліктер мен әлі де жетіспейтін нормативтік нұсқау-ережелерді тізбектеп отырудың орны жоқ.

Аса қажетті ресми құжаттарды экономикалық өмірге қосу үшін бухгалтерлік есеп жүргізудің техникалық, сатылық және сабақтастық жолдарын білумен қатар, салық, инвестиция, лизинг, т.с.с. елімізде қабылданған зандардың да бухгалтерлік есепке тән жақтарын іске асырудың маңызы зор.

 

1.4. Есеп принциптерінің теориялық жалпы сипаты

Бухгалтерлік есеп жүйесінің даму кезеңдеріне байланысты бухгалтерлік есеп жүргізудің белгілі теориялық принциптері қалыптасты.

Есеп теориясында қолданылатын әдістерді — принциптер деп атайды. Бухгалтерлік есептің теориялық өрісін сипаттайтын принциптер міндетті түрде есеп тәжірибесінде қолданылуы керек. Теориялық принциптерге жауап бере алмайтын есеп объектілері бухгалтерлік есепке тән емес операцияларға жатады. Қарама-қайшылық туғызбайтын қолданбалы принциптер бухгалтерлік есептің сенімді және таза жасалуын қамтамасыз етіп, акпараттар жүйесінің пайдалы дәрежесіне қарай ұйымдар өмірінде тиімді экономикалық шешімдер қабылдауды мақсат тұтады.

Яғни іске асырылатын құбылыстар мен фактілердің арақатынастық байланысын түсіндіру үшін теориялық принциптерді қолдану қажет.

Бухгалтерлік есеп теориясының негізгі мақсаты – бухгалтерлік есеп табиғатын зерттеу үшін концептуалды тұжырымдамалар мен принциптерді ақылға сиятындай орнықты жолдарын көрсету болып табылады. Өз кезегінде қолданбалы бухгалтерлік есеп принциптері есеп жүргізу тәжірибесін жетілдірудің ғылыми қондырмалық бағытын белгілеуге арналған. Бухгалтерлік есеп теориясы шаруашылық фактілерін бағалау, модельдеу мен тіркеу, қорытындылау жөніндегі әдістердің өзара байланысын тәуелсіз жолдармен зерттеуге арналған. Яғни бухгалтерлік есеп теориясы өрісінде есеп жүргізуге тән әдістер мен ережелер үрдісі зерттеледі. Мұның негізінде қолданбалы әдістер мен ережелер табиғатын білу принциптері туындайды.

«Бухгалтерлік есеп принципі» сөзі ең бірінші рет АҚШ-та 1936 жылы қолданылған. Мұның авторы бухгалтерлік есеп жөніндегі ғалым Вильям Эндрю Патон (1889 — 1991 ж.ж.) болған. Күні бүгінге дейін АҚШ және басқа да батыс елдерінде (ағылшын тілді) бухгалтерлік есеп принциптерін жүйелі түрде зерттеу жұмыстары жалғасып келеді.

Бухгалтерлік есеп принциптерінің негізгі мақсаты мен мәні қаржылық қорытынды есептің маңызын талдауға, бухгалтерлік есеп стандарттарын дұрыс бағытта қолдануға, сондай-ақ есеп объектілерін бағалау мен өлшеу нәтижесінде орын алған шаруашылық операциялары мен қаржылық жағдайды бағалауға арналған.

Ақшалай өлшеу принциптерінің ең негізгісі. Қызмет атқарушы бухгалтерлер ненің қанша сомаға сатылып алынғандығын, ненің қанша сомаға өндіріліп сатылғандығын, ненің қолда қалғандығын білуі керек. Ағымдағы шаруашылық операцияларының мазмұнын өлшеп, есептеп, бухгалтерлік есеп счеттарына жазып, жекелеген счеттардың жинағын шығарып, бұл жинақтарды қорытынды есепке (отчетқа) түсіру сияқты кызметтердің барлығы да ақшалай өлшеу принципі бойынша орындалады. Ұйымдар қызметін қорыту мен талдау, басқару жүйесін жетілдіру бағытында тиімді шешімдер қабылдау әрекеттері де осы ақшалай өлшеу принципін қолдану арқылы іске асырылады.

Бухгалтерлік есеп жұмысын жан-жақты зерделеп жүргізу мақсатында акшалай өлшем натуралды және еңбек өлшемдерімен тығыз байланыста қаралады.

Натуралды өлшеу санақ жүргізу арқылы есепке алынады. Есепке алынуға тиісті мүліктер мен құндылық заттар, негізгі құралдар мен материалдар, т.б. орындалған жұмыстар ең әуелі натуралды тұрғыда өлшенеді, саналады, көлемі анықталады. Мысалы, мата – метрмен, көмір – тоннамен, ағаш – текше метрмен, жер – гектармен, т.с.с. натуралды өлшемдермен есепке алынады. Натуралды өлшем құндылықтардың сапасын анықтау үшін, бұларды сортқа, стандартқа, басқа да төменгі және жоғарғы сапалық қасиеттерге бөлу үшін қажет. Есепке алынатын барлық натуралды өлшеу қасиеттері бар құндылықтарды ақшалай өлшемге айналдыру қажет.

Еңбек өлшемі — өнім өндіру, жұмыстар мен қызмет көрсету, жұмыс уақытын белгілеу, еңбек өнімділігін шығару үрдісінде қолданылады. Бұл өлшем жұмыс күнінің саны, сағаты, минуты сияқты уақыт өлшемдерімен өлшенеді. Жұмыс уақытының көрсеткіштері жұмысқа қатынасқан қызмет атқарушыларға, өнім өндірушілерге еңбекақы есептеу, кейбір категориялар бойынша еңбек етуші адамдарға норма белгілеп, еңбек өнімділігін шығару үшін қажет. Еңбек өлшемі ең әуелі натуралды өлшеммен бірдей байланыста қолданылады.

Дербестік принциптер. Кез келген ұйымдар мен құрылымдар меншік түрлеріне қарамастан бухгалтерлік есеп счеттарын және есеп жүргізу жөніндегі арнайы құжаттар жүргізуге міндетті.

Ұйымдардағы жүргізілетін бухгалтерлік есептің сапасы мен жақсы ұйымдастырылуына осы ұйымның иесі (қожайын) жауап береді.

Сондықтан дербестік принцип ұйымдардың құқықтық түрлеріне қарамастан есеп жүргізудің барлық жағдайында сақталуы керек. Осыған орай барлық бухгалтерлер ұйымдар басшыларының, президенттернің т.б. жеке басына жұмсайтын шығындарын осы ұйымға түсетін табыстар мен шеккен зияндар есебінен жаппай, өте жоғары дәрежеде сақтық ұғымын сақтағаны жөн. Бұл айтылғандарды дербестік принцип деп атайды.

Үздіксіздік принцип. Өз қызметін атқарып келе жатқан ұйым жақын арада жойылмай, белгісіз уақытқа дейін өздерінің іс-әрекеттерін қалыпты жағдайда жалғастыра бермек. Яғни ұйымдардың өндірістік үрдісі тұрақты болып, өндірілетін өнімдер, көрсететін қызметтер, орындалатын жұмыстар көлемі азаймауға тиісті. Ең негізгісі — ұйымдар өздерінің қабылдап алған қарыздары мен міндеттемелері үшін заңды түрде жауапты болады.

Үздіксіздік принцип есептің динамикалық қасиетімен тығыз байланысқан. Баланстың динамикалық теориясы бухгалтерлік есептің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Сондықтан үздіксіздік принцип есептің ең алғашқы кезеңдегі тұрақтылық қасиетінен туындайды.

Өзіндік құн принципі. Ұйымдардың қалыпты жұмыстар атқаруы үшін қажетті активтерді сатып алуға, сондай-ақ осы ұйымның өзінде жасалып немесе өндірілген тауарлы-материалды құндылықтарға жұмсалған шығындарды өзіндік құн деп атаймыз.

Өзіндік құн деп — белгілі бір мақсатқа ақшалай өлшеммен жұмсалған экономикалық ресурстар көлемін айтады. Өз кезегінде өзіндік құн ұғымы қанша және қандай ресурстардың қандай өнімдер алуға, тауарлар өндіріп, жұмыстар орындауға және қызметтер көрсетуге (материалдар, еңбекақы, электр қуаты т.с.с) жұмсалатындығын көрсетеді.

Бухгалтерлік есеп жүргізу әдістеріне қарай көптеген әр түрлі өндірістік шығындар екі категорияға: тікелей және жанама шығындарға бөлініп қаралған.

Тікелей шығындарға нақтылы объектілерге жататын тікелей өнімдер өндіруге байланысты жұмсалған шығындар жатады. Мұндай шығындар өндірілген өнімдердің өзіндік құнының едәуір көп көлемін құрайтын негізгі шығындар болып анықталады.

Жанама шығындарға өндірілген өнімдердің өзіндік құнына тікелей жазылып қоймайтын шығындар (жабдықтардың моральдық және физикалық тозуы қосалқы өндіріс шығындары, отындар, жарық беру, қуат беру т.с.с) жатады. Шығындардың «жанама» болып аталуы жүмсалынатын шығындарды өндірілген өнімдердің бірнеше түрлеріне таратып жазудан туындаған.

Халықаралық есеп тәжірибесінде барлық өндірістік шығындар өндіріс көлемінің өзгеруіне және жұмсалатын шығындарды жоспарлауға байланысты ауыспалы және тұрақты шығындар болып екіге бөлінеді.

1.2. кесте

Шығындардың аталуы

Шығындардың аталуы немесе бөлінуі Тікелей Жанама Жалпы
Тұрақты шығындар

Жал төлемі

16000 16000
Сақтандыру 4000
Көлік салығы 3000
Амортизациялық шығын 18000
Ауыспалы шығындар

Бензин

130000
Жөндеу шығындары 7800
Жалпы шығындар 162800 16000 178800

Сақтық пен ықтималдық принцип. Қаржылық қорытынды есеп жасау кезінде әрбір жауапты бухгалтер өзінің білімі мен тәжірибесін қаржылық қорытынды есепке алынатын пайда көлемін барынша көбейтуге қызмет істеуі керек. Пайданың көлеміне сай салық салынады. Яғни пайда салық салу базасы болып танылатындығына байланысты, әрбір бухгалтер сақтық көрсетіп, барлық ықтимал болымсыз жағдайларды қарастыруы керек. Халықаралық бухгалтерлік есеп тәжірибесінде «консервативтік» принцип дейтін термин қолданылады. Орыс тілінде берілген бұл терминнің қолданылатын жағдайын, түсініктілігін зерттей келе, «консервативтік» терминін қазақ тіліне «сақтық пен ықтималдық» ұғымымен түсіндіріледі.

Сақтық пен ықтималдық принцип деп — өлшеніп, танылған табыс көлемін көрсету тек қана сенімділіктен, ал жұмсалынатын шығындар негізделген қаржылық мүмкіндіктерден туындайтындығын айтамыз.

Сақтық пен ықтималдық принципке жауап беру үшін бухгалтерлік есеп объектілерінің барлығы да өлшенуі керек. Өлшенген, тіркелген объектілер мәліметтері орнықты және сенімді болуы керек. Сондықтан, сақтық пен ықтималдық принципі — өлшеу, орнықтылық және сенімділік талаптармен тығыз байланыста болады.

Халықаралық бухгалтерлік есеп жүргізу тәжірибесінде сақтық пен ықтималдық принципі — «пайданы алдын-ала есепке алмау», «шегетін зиянды алдын-ала есепке алу ықтималдығын анықтау» ұғымына сай берілген. Яғни ағымдағы қаржылық қорытынды есеп өрісінде болатын ауыспалы жағдайдағы табыстар мен шығындар айырымдарын жоғарлатып көрсеткенше, жыл аяғына дейін пайданың көлемін толық бағаламау керек. Жыл аяғына дейін түсетін пайданың сомасы белгісіз ықтимал жағдайда қалуы керек. Мысалға, капитал сомасының көбеюін, бұл әрекетке әбден көз жеткенше есепке алмау керек. Басқаша айтқанда сақтық пен ықтималдық принципке сай активтерді жыл аяғына дейін бағалау қиындығы есте болуы керек.

Материалдық принцип. Халықаралық бухгалтерлік есеп стандарттары талабына сай құны аса жоғары емес, маңызы жағынан айырықша өндірістік мәні болмайтын, ішкі қозғалыс есебін жүргізуге жатпайтын құндылықтардың құнын (сомасын), бұларды алған сәтте, бірден шығындар құрамына жазу қаралған. Мысалға, кеңсе тауарлары (қаламдар, іс қағаздарын тіркеу папкалары, тескіштер, кіші есептеу аспаптары т.с.с.) бір жылдан артық уақыт қолданылатындығына қарамастан және сатып алу бағасының арзандығына қарай, мұндай құндылықтардың сомасын бірден осы жылдағы шығындар құрамына жазып есептен шығаруға болады. Егер кеңсе тауарларының құны мен пайдалану мерзімі ұзақ болып (мысалға компьютерлер), бұл ұйымдарда бірнеше жылдар бойы пайдалану көзделсе, онда кеңсе тауарлары түгелімен жойылғанға дейін бұларға амортизациялық сомалар есептеп, әр жылдың өнім өндіру шығындарына пропорционалды түрде жазылады.

Материалдық принциптің түпкі мақсаты — осы жылдағы табыстар мен шығындарды барынша толық анықтау үшін қолданылады.

Табыстарды анықтаудағы материалдық принциптің әсер етуі төмендегідей болып келеді.

1.3. кесте

Табыстарды анықтаудағы материалдық принциптің әсер етуі

Қаралатын операциялар Пайда және зиян счеттары Баланстық есеп
Маңызды операциялар Есептен шегеріледі немесе бұлардың белгілі бөлігі жойылып, шығындарға жазылады. Қалдық ретінде келесі жылдың есебіне көшіріледі
Маңызы төмен операциялар Шығындар құрамына бірден жазылады Бұлар есептен шығарылып кеткен

 

Сату принципі. Халықаралық бухгалтерлік есеп тәжірибесінде ағымдағы жұмсалған шығындар мен осы кезеңде түскен табысты немесе түскен табыс пен жұмсалған шығындарды салыстырып отыру үшін сату принципі қолданылады.

Сату принципі деп — тауарлар мен көрсетілген қызмет және орындалған жұмыстар үшін сатып алушылардан түскен ақшаны немесе бұларға қойылған талапты айтады. Сатып алушыларға қойылған талап деп — бұлардан түсетін ақша қаражаттарына берілген төлеу счеттарын айтамыз. Табыстар мен шығындар ұйымдағы материалдық және қаржы қозғалысы нәтижесінде болатындығын есте сақтау керек. Жұмсалған шығындар ұйымның активті қаражаттарын азайтып отыратындығын естен шығармаған жөн.

Сатудың түпкі мақсаты — түскен табысты анықтап, пайда мен шеккен зиянды тиісті есепті кезеңдерге жатқызу болып табылады.

Халықаралық бухгалтерлік есеп стандарттары жүйесінде сату деп — ресурстар мен меншік құқылығын ақшалай өлшемге айналдыруды айтады. Сату счеты ұйымдардың қаржы есебі құрамында жүргізіліп, ақшаға сатылған активтердің сомасы мен алынуға тиісті ақшаға қойылған талапты көрсетеді. Шетелдік сату ережесі бойынша активтер сатылғанға дейін пайданы есептеуге тыйым салынған. Мысалға, жер, жабдықтар мен мүліктер, құнды қағаздар, көпжылдық бау-бақша, отырғызылған ағаштар, т.с.с. сатылғанға дейін бухгалтерлік есепке тән «сату» счетында жүргізілмейді.

Сәйкестік принцип. Жұмсалған шығындар мен табыстар сәйкестігін анықтау мүмкіндігі әркашанда оңай бола бермейді. Егер белгілі бір кезеңдердегі оқиғалар шығындар мен табыстар көлеміне әсер ететін болса, онда мұндай оқиғалардың нәтижесі осы кезеңде танылуы керек. Халықаралық бухгалтерлік есеп стандарттарының анықтауына карай сәйкестік принципті колдануға байланысты ең әуелі шығындарды танудың екі категориясын білу керек. Олар: 1) есепті кезеңдегі шаруашылық қызметіне байланысты сатып алу шығындары (издержки — осы кезеңнің шығындары); 2) алдағы кезең табыстарымен сәйкес келмейтін (байланыспайтын) шығындар, (осы есепті жылдың шығындары).

Сәйкестік принципке сай есепті осы жылдың шығындары шаруашылық кызметін жүргізудің өзіндік құнымен сәйкес келуі керек. Мұндай сәйкестік қалыптасқан жағдайда есепті осы жылдағы сатудан түскен табыс сомасы бірқалыпты қалыптасады.

 

 

 

 

ІІ бөлім. Бухгалтерлік құжаттарды ұйымдастыру жолдары

2.1. Бастапқы құжаттар және олардың мазмұны

Бухгалтерлік есеп әр түрлі сенімділік дәрежесіндегі көптеген мәліметтер қалыптастырады. Барлық шашыранды мәліметтер жүйеленуі және топтастырылуы керек. Бастапқы құжаттар есептік жазуларды негіздеудің құралы ретінде міндет атқарады. Өз мәнінде рәсімделген құжаттардағы мәліметтер шаруашылық фактілерінің заңдылығы мен сенімділігін көрсетеді.

Бастапқы құжаттар шаруашылық қызметіне жетекшілік ету мен басқару үшін қажет. Бұлар арқылы басқарушылардың берген тапсырмалары орындаушыларға жеткізіледі. Мысалға, цехтардың қойған талабы қоймадан босатылған материалдар есебіне, кассалық шығыс ордер кассадан төленген нақты ақшаның есебіне, қоюшылардың жөнелткен тауарлары жөніндегі счет-фактурасы есеп айырысу шотынан ақша қаражатының аударылуы есебіне негіз болып, мұндағы құжаттар өздерінің орындаушылық міндетін атқарады.

Бухгалтерлік бастапқы құжаттар негізінде орын алған шаруашылық фактілерінің дұрыстығы тексеріледі. Сонымен қатар шаруашылық қызметінің ағымдағы барысы талданып, жіберілген қателер мен есеп жүргізу тәртібін бұзушылықтың себеп-салдары анықталады. Яғни бухгалтерлік құжаттар тексеру мен талдау қызметі функцияларын орындайды.

Бухгалтерлік есеп құжаттары экономикалық және заңды ақпараттар қалыптастырудан тұрады.Құжаттардың экономикалық тұрғыда танылуы — байқалған шаруашылық фактілері мазмұнын ең әуелі бастапқы құжаттарға жазып, мұндағы цифрларды тиісті бухгалтерлік есеп регистрларына тіркеу арқылы қалыптасады.

Орындалған шаруашылық фактілері материалдық объекті түрінде дәлелді мәліметтер алуды қамтамасыз етеді және құжаттар мазмұны заңды тұрғыда танылады.

Сонымен шаруашылық жүргізу фактісінің алғы шарты құжаттау болып табылады. Бухгалтерлік есеп счеттарын жүргізу үшін арнайы модельденген үлгідегі бастапқы құжаттарға шаруашылық операцияларының көрсеткіштері міндетті түрде жазылады. Құжаттарға жазылған мәліметтер мен ақпараттар логикалық іс-әрекетке жауап беретіндей тіркеліп, тек ақиқат операцияларды көрсетуі керек.

Ұйымдар қызметі өрісінде нақтылы орындалған іс-әрекеттер мен экономикалық қатынастарды құжаттарға түсіріп жазу бухгалтерлік есеп жүйесінің негізін құрайды. Яғни бухгалтерлік есеп жүргізу құжаттардан қана туындайды. Құжаттарға түспеген жазулар — жоқ жазулар. Құжаттау процесіне сүйене отырып, ұйымдар мен жеке түлғалар арасындағы заңды қатынастарды ажыратуға болады.

Бастапқы құжаттар деп — заңды мағынасы бар шаруашылық фактілерінің мазмұнын арнайы үлгідегі қағаздарға рәсімдеп жазу мен куәландыруды айтамыз.

Орындаушы бухгалтерлер: «құжат жоқ болса, жазу да болмайды» — деген қағиданы есте сақтауы керек. Бастапқы құжаттарды сапалы рәсімделуінің негізінде бухгалтерлік есеп жүйесінің сапалылығы да сипатталады. Яғни шаруашылық фактілерінің мазмұны бастапқы құжаттарға аса жоғары санадағы ұқыптылықпен, толық және дәлме-дәл жазылып, құжаттардың дер кезділік қасиеті мен анықтығы, сондай-ақ арнайы үлгідегі бастапқы құжаттар жасау талабы толығымен іске асырылуы керек.

Қандай да болмасын құжаттардың өзіне тән заң актілерімен және арнайы ережелермен белгіленген деректері (реквизиттері) болады. Реквизит латын сөзі. Бұл сөз «қажетті» деген ұғым береді. Реквизиттер барлық кұжаттарға түсірілуі керек. Құжаттардың деректері мен мәліметтері арнайы мақсаттарға қарай толтырылады. Құжаттар үлгісін пайдаланып, мүның деректерін толтырушы адамдар заң алдында, осы ұйымның қабылдаған өз ережесін және қүжат айналысын бұзбау үшін жауапты болады. Құжаттардың деректеріне (реквизит) мыналар жатады:

—       құжаттардың аталуы және құжат үлгісінің коды;

—       құжаттарды рәсімдеген күн;

—       шаруашылық фактісінің мазмұны;

—       шаруашылық фактісін сандық және сапалық бақылаудағы өлшеу бірлігі;

—       орындалған фактіге жауап берушілердің аты-жөні, бұлардың қойған қолы, ұйымның аталуы.

Құжаттардың аталуы (мысалға, акт, материалдар алудың талабы, кассалық шығыс ордер т.б.) орындалатын шаруашылық фактісінің сипатын көрсетіп, құжаттаудың дәлелділік қасиетін көрсетеді.

Құжаттардың рәсімделген күнібіртекті шаруашылық операциялары қайталанып отыратындықтан құжат рәсімделген күннің тексерушілік және ақпараттық мағынасы болады. Құжаттарға, олардың рәсімделген күнін қою арқылы бір құжаттың екінші рет немесе тағы да пайдаланбауы қадағаланады.

Сандық және сапалық өлшеу арқылы шаруашылық фактілері мәліметтерін басқа да фактілерден ажыратып қарап, әрбір факті өз нышанына қарай тіркеледі.

Шаруашылық фактілерінің мазмұны тиісті бастапқы құжаттарға дұрыс және толық жазылып рәсімделеді және мұндағы мәліметтердің дәлдігі осы фактінің орындалуына жауапты адамдардың қойған қолдарымен расталады. Қол қоюға құқысы бар жауапты адамдар тізімін осы ұйымның бас бухгалтерінің қатысуымен ұйым жетекшісі бекітеді. Бастапқы құжаттарға жазылатын жазулар сиямен химиялық қаламдармен, жазу машиналары және ЭЕМ қолдану арқылы жазылады. Қандай да болмасын бастапқы құжаттарға жазылған жазулар таза, түзу және мұқият жазылып, құжаттағы қажетті деректер (реквизиттер) толығымен толтырылуы керек. Құжат деректері толық толтырылмаған немесе қате толтырылып, бұрмаланған жағдайда, мұндай құжаттардың заңдылық күші болмайды. Сонымен қатар, шаруашылық операцияларын жүргізуге байланысты мәліметтер негізсіз жағдайда қалады.

Бухгалтерлік есеп счеттарын жүргізу үрдісінде басқа да ақпараттар ағынын тасымалдаушы құралдар қолданылады. Мысалға, бастапқы құжат қайта өңделіп, автоматтандыру және машиналық тасымалдау жүйесіне түсірілуі мүмкін. Қазіргі заманғы компьютерлік технологияның есеп жүйесінде кеңінен қолданылуына байланысты магниттік дискілер, ленталар, перфоленталар, т.с.с. есеп құралдары ресми құжаттар қатарында қолданылатын болды.

Бухгалтерлік есеп тәжірибесінде аса жоғары бағаланатын құжаттар бір ғана дана болып жасалынады. Мысалға, ұйым кассасына кіріске алынатын ақша қаражаттарына арналған «кіріс-ордерін» бірнеше рет қайталап жазып ақшаны, қайталап кіріске алуға болмайды. Егер әр құжат тиісті мақсатқа ғана арналып, әрбір көшірмеге орындаушылардың қолдары қойылып, әрбір дана құжат өз қызметі мен атқаратын міндетіне қарай рәсімделген жағдайда, әрбір дана құжат, көшірме емес, түбіртекті құжат болып есептелінеді. Мысалға, сатылатын тауарларға екі дана накладной қағазы жазылып, бірінші данасы жөнелтілген тауарлармен бірге сатып алушыға жіберіледі, ал екінші данасы тауар сатушы ұйымда қалады. Егер заңдылық жағынан қарағанда құжаттарға жазылатын жазулар тек қана бір дана (алғашқы) жазулар болып танылса, экономикалық жағынан карағанда құжаттар бірнеше дана болып қаралуы да мүмкін. Қандай жағдайда болмасын құжаттарға жазылатын жазулар шындық пен дұрыстықты ғана көрсетуі керек.

Бастапқы құжаттарды рәсімдеу барысында жіберілген кателер төмендегі әдістерді қолдану арқылы түзетіледі:

1)     Қолмен жазылған құжаттарда жіберілген қате (банктік және кассалық құжаттардан басқа құжаттардағы қателер) жазу бір сызықпен сызылып, қате жазудың жоғары жолына (үстіне) түзетілген сомалар немесе дұрыс текст жазылады. Бастапқы құжаттағы түзетілген қате «Түзетілді» сөзін жазу аркылы, осы құжатты рәсімдеуші жауапты адамның қойған қолымен расталады. Банктік және кассалық құжаттарды ешқандай әдістермен түзетуге болмайды.

2)     Шаруашылық фактілері маңызын толық және сенімді орындап бастапқы құжаттарды қолдану үшін Қазақстан Республикасы «Бухгалтерлік есеп және қаржылық қорытынды жөніндегі» Заңның 3 тармағының 6-1 бабына сәйкес ҚР қаржы министрлігінің 19 наурыз 2004 жылғы № 128-ші бұйрығымен бастапқы құжаттардың типтік үлгісі бекітілді.

3)     Қазіргі кезеңде еліміздегі барлық ұйымдар бастапқы құжаттардың типтік үлгісін кеңінен қолданып келеді. Бухгалтерлік есеп жүйесінде қолданылатын бастапқы құжаттар үлгісін дұрыс рәсімдеу мен құжаттарға жазылған мәліметтерді тексеру және бұларға жазылған мәліметтерді зерделеп отыру әрбір орындаушы бухгалтерлердің кәсіби білімділігіне байланысты.

Шаруашылық фактілерін құжаттау ұйымдардың бухгалтериясында ішкі және сыртқы аудит қызметін жүргізуге, қаржы-шаруашылық қызметін талдауға, сондай-ақ материалды-жауапты адамдар жұмысын бақылауға, активтер, капитал және есеп айырысу тәртібі қозғалыстарына негіз болады.

 

2.2. Құжаттарды классификациялау, стандарттау және үйлестіру

Құжаттарды классификациялау. Ұйымдарда экономикалық мазмұны мен үлгі пішіміне қарай көптеген бастапқы құжаттар қолданылады. Бухгалтерлік есеп жүйесінде колданылатын бастапқы құжаттардың атқаратын міндетін, бұларды рәсімдеудің жолдарын, құжаттарды өңдеу әдістерін білуіміз керек. Бухгалтерлік есеп жүргізудің бастапқы кезеңін қалыптастыратын құжаттар сыртқы пішім үлгісіне, атқаратын міндеті мен мазмұнына және шаруашылық фактілерін тіркеу әдістері мен ерекшеліктеріне қарай біртекті топтарға топтастырылады. Топтастыру деп — бастапқы құжаттарды біртектес нышандарына қарай классификациялауды айтамыз. Бастапқы құжаттар төмендегі нышандарға (признаки) қарай классификацияланады:

  • атқаратын міндетіне;
  • жинақтау дәрежесіне;
  • шаруашылық фактілерін тіркеу әдісіне;
  • жасалған орындарына;
  • шаруашылық фактілерінің сипатына.

Атцаратын міндетіне карай құжаттар ұйымдастыру мен әміршілік, растаушы, бухгалтерлік рәсімдеуші және қиыстырушы болып бөлінеді.

Ұйымдастыру мен әміршілік құжаттары ұйымдар қызметін жалпы басқару жұмыстарын іске асыруға арналған. Мұндай құжаттарға белгілі бір шаруашылық әрекеттерді орындау жөнінде берілген бұйрық, сондай-ақ материалды құндылықтар алуға берілген сенім хат, банктерден ақша алуға берілген чектер, төлеу-тапсырма құжаты жатады.

Ұйымдастыру мен әміршілік құжаттарын негізінен ұйымның барлық құрылымдық бөлімшелеріндегі жауапты адамдар жасайды. Есеп пен қорытынды есепті ұйымдастыру жөніндегі құжаттар реквизиттерін бухгалтерлік қызмет атқарушылар (банк чектерін т.с.с) толтырады. Қаржылық және есептесу операцияларына арналған құжаттарды қаржы бөлімі мен бухгалтерия қызметкерлері рәсімдейді. Жабдықтау мен өткізу (сату) жөніндегі кұжаттарды негізінен ұйымдағы коммерциялық қызмет атқарушылар, сондай-ақ есеп кызметкерлері (материалдар жіберу талабы т.с.с.) жасайды.

Растаушы құжаттарды шаруашылық фактілерінің орындалуы мен рәсімделінуіне жауапты адамдар жасап, қолдарын қояды. Жауапты адамдар шаруашылық фактілерінің орындалғандығын растайды. Бұлар материалды құндылықтардың алынғандығы мен өз орнымен дұрыс жұмсалғандығына әрқашанда жауапты болады. Растаушы құжаттарға тауар тасымалдау накладнойлары, материалды құндылықтар алу актілері, кассалық ордерлер т.с.с. жатады. Растаушы құжаттар негізінде бухгалтерлік есеп счеттарының жазулары орындалады.

Бухгалтерлік рәсімдеуші құжаттар есеп жазуларын жүйелеу мен счеттар корреспонденциясын анықтау үшін ұйымдастыру мен әміршілік және растаушы құжаттар негізінде рәсімделеді. Мұндай құжаттар әміршілік етуші және растаушы құжаттардың қосымшасы түрінде танылып, мұндай құжаттардың жеке мағынасы болмайды. Егер атқарушы бухгалтер басшылыққа алынатын нұсқаулар мен ережелерге сай, мысалға негізгі құралдарға амортизация есептеу, әлеуметтік сақтандыру жөнінде анықтамалар мен есептеулер жасаған жағдайда бухгалтерлік рәсімдеуші құжаттар жеке мағынада болады.

Қиыстырушы құжаттар әртүрлі құжаттар нышанынан құралады. Мысалы:

1) әміршілік және растаушы (еңбек ақы төлеудің есептесу-төлеу ведомостысынан), растаушы және бухгалтерлік рәсімдеуші (аванстық есеп), әміршілік, растаушы және бухгалтерлік рәсімдеуші (кассаның шығыс ордері);

2) кассаның шығыс ордерінде ақшаның төленуі жөніндегі әмірлік (әмірлік етушінің койған колы), ақшаның төленгендігі жөніндегі кассирдің және ақшаны алғандығы жөніндегі алушының қойған қолдары, сондай-ақ осы операцияның мазмұнын тиісті счеттарға жазу жөніндегі счеттар корреспонденциясы көрсетіледі. Бухгалтерлік есеп жүргізу тәжірибесінде қиыстырушы құжаттар негізінен құжаттарды өңдеу жолдарын жеңілдетуге және құжаттар саны мен есеп шығындарын барынша қысқартуға бағыталған.

Жинақтау дәрежесіне (жасау тәртібіне) қарай құжаттар бастапқыдағы бірінші кезеңдегі рәсімдеу және екінші кезеңдегі жинастырушы құжаттарға бөлінеді. Бастапқы рәсімдеу құжаттары шаруашылық фактілерінің орындалған сәтінде (қабылдау актілері, счет-фактуралар, тауар тасымалдау накладнойлар, шығыс накладнойлар, кассалық ордерлер т.б.) рәсімделеді. Екінші (жинастырушы) құжаттарда бастапқы құжаттардағы мәліметтер жинастырылады. Мысалы, кіріс және шығыс құжаттарының негізінде қойма меңгерушісінің жасаған материалдық есебі (отчеты); жол жүру билеті, қонақ үйге төлеген ақшаның түбіртегі т.б. негізінде тапсырған жауапты адамның аванстық есебі (отчет) екінші жинастырушы құжаттарға жатады.

Шаруашылық фактілерін тіркеу әдісіне қарай құжаттар бір реттік және жинақтаушы құжаттар болып бөлінген.

Бір реткі құжаттар шаруашылық фактісінің бір-ақ рет орындалғандығына (кіріс және шығыс ордерлер, материалдардың берілуіне қойылған талап және басқалар) арналған.

Жинақтаушы құжаттар біртектес бірнеше операциялар мен әр кезеңде (аптада, онкүндікте, ай ішінде) бірнеше рет мазмұны жағынан қайталанып отыратын шаруашылық фактілерін (мысалға жұмыс наряды, шектеп алу картасы т.с.с.) жинақтауға арналған.

Жинақтаушы кұжаттардың мысалына бухгалтерияда жүргізілетін тіркеу жорналын алуға да болады. Бухгалтериядағы тіркеу жорналына біртектес көптеген операциялардың мазмұны сабақтастық жолмен тізбеленіп жазылады. Белгіленген есепті кезеңнің аяқталуына қарай тіркеу жорналындағы мәліметттер жинағы бухгалтерлік есеп счеттарына ауыстырылып жазылады.

Жасалған орындарына қарай құжаттар ішкі және сыртқы болып бөлінеді. Ішкі құжаттар ұйымның өзінде рәсімделіп, осы ұйымның ішінде қолданылады. Ал сыртқы құжаттар басқа заңды және жеке түлғаларда жасалынады. Көпшілік жағдайда сыртқы құжаттарды осы ұйымның басқа жақтарда кызмет атқарушы сыртқы уәкілдері де жасап тапсырады. Мысалы, акционерлердің алған акция құжаты осы ұйым құжатының құрамында болмаса да, мұның мазмұнын атқарушы бухгалтер міндетті түрде тіркеп отырады. Ішкі құжаттарға: жол қағаздары, кіріс және шығыс ордерлері, актілер, еңбек ақы төлеу ведомостысы және басқалар жатады. Сыртқы құжаттарға: тауар тасымалдау накладнойлары, қоюшылардың счет-фактуралары, сот орындаушысының құжаттары т.с.с. жатады.

Шаруашылық фактілерініц сипатына қарай құжаттар кассалық, банктік, материалдық, есеп айырысу болып сипатталады. Сонымен қатар, құжаттар авторлық, қызметтік, жеке, стандарттық және стандарттық емес, түп нұсқалық, көшірме құжаттар болып та сипатталады.

Құжаттар бір жолға жазылатын (белгілі бір жұмысты орындауға берілген тапсырма), көп жолдық бірнеше атаулардан тұратын (счеттар, тауар тасымалдау накладнойы) болып та ажыратылады.

Құжаттарды стандарттау мен үйлестіру. Қазақстан Республикасында осы күнгі бухгалтерлік есеп пен қорытынды есеп жүйесінің бірегейлігін жетілдіру және біртектес шаруашылық операцияларының түсініктілігін сақтау мақсатында бастапқы құжаттарды стандарттау мен үйлестіру мәселелері күн тәртібінен түспейтін мәселелер қатарында қаралған. Стандарттау өрісінде құжаттардың атқаратын міндеті мұның ішкі және сыртқы оңтайлы үлгі пішімі және оларды икемді жасау мен жетілдіру талабы қаралған.

Әр түрлі ұйымдарда іске асырылатын операцияларға тән бастапқы құжаттарды рәсімдеу мен өңдеу, оларға жазылатын мәліметтердің карапайымдылығы мен түсініктілігін қамтамасыз ету, біртектес шаруашылық операцияларының маңызын бір ұғым мен үлгі пішімге салу мақсатында құжаттарды орталықтандырылған түрде — жасауды үйлестіру деп атаймыз. Осы шараларды орындау нәтижесінде ұйымдардың барлық түрлерінде қолданылатын типтік құжаттар (кассалық, банктік т.с.с.) туындайды. Типтік құжаттарды қатаң түрде тұрақты бір үлгі мен өлшемге (размер) салуды (келтіруді) — стандарттау деп атаймыз. Қажет деп табылған жағдайда, ұйымдар, үйлестірілген құжаттар үлгісіне қосымша реквизиттер мен өзгертулер енгізуіне (кассалық және банктік операцияларға арналған құжаттардан басқасына) болады. Мұндай жағдайда құжаттар үлгісіндегі бастапқыда қойылған реквизиттер өзгеріссіз қалуы керек. Құжаттарды, пішім үлгісіне енгізілген қосымша өзгерістер ішкі ұйымдық әмірлік құжаттармен рәсімделуі керек.

Құжаттарды бухгалтерлік өңдеу. Ұйымдар қызметінде іске асқан шаруашылық фактілерінің мазмұны рәсімделген барлық құжаттар ұйым бухгалтериясына тапсырылады. Бухгалтерияға тапсырылатын құжаттардың толықтығы мен сапасына мұны орындаған материалды жауапты адамдар жауап береді. Ұйымдар бухгалтериясына тапсырылған барлық бастапқы құжаттар тиісті счеттарға жазылғанға дейін алдын-ала өңделеді. Бастапқы құжаттарды өңдеу төмендегі кезеңдерден өтуі керек.

  1. Құжаттардың мазмұнын тексеру:

—          үлгі пішім мен ревизиттердің сақталуын;

—          орындалған операциялардың заңдылығын;

—          арифметикалық тексеру;

  1. Бағаға айналдыру (таксировка) (натуралды өлшемдерді ақшалай өлшемге айналдыру);
  2. Өшіру;
  3. Құжаттарды біртектес нышандарына қарай топтастыру (касса, есеп айырысу т.с.с. бойынша);
  4. Құжаттар мазмұны көрсеткіштерін есеп регистрларына ауыстыру;
  5. Топтастырылған құжаттарды кітаптап тігіп мұрағатқа (архивке) өткізу.

Құжаттар мазмұнын бастапқыда тексеру үрдісіне барлық жауапты адамдар айрықша назар аударуы керек. Құжаттарды тиісті жауапты адамдардан ұйым бухгалтериясына қабылдаған кезде міндет атқарушы бухгалтер кұжаттарға жазылған жазулардың толықтығын, мазмұнын, арифметикалық амалдардың дұрыс қолданылғандығын және логикалық санаға саятын маңызын мұқият тексеруі қажет. Яғни құжаттарды толтыруда барлық реквизиттердің дұрыс жазылғандығы, растаушылардың қойған қолының анықтығы, өшіріліп қайта қойылған цифрларды, дәлелденбеген түзетулерді жан-жақты тексеру қажеттігі туындайды.

Арифметикалық тексеру кезінде натуралды өлшемдегі құндылықтарды ақша өлшеміне келтіріп бағалау нәтижесінің дұрыстығы анықталады. Мұндай тексеру барысында құжаттар рәсімдеуде жіберілген қателер, мысалға, қойылмай қалған цифрлар, цифрлар жанына жазылмай кеткен немесе артық жазылған нөл, бір цифрдың орнына басқа цифрдың (67 цифрының орнына 76 цифрының) жазылып кеткендігі анықталады. Арифметикалық тексеру барысында жауапты адамның еренсіздігінен, мұқиятсыздығынан, шаршағандығынан жіберілген қателер түзетіледі. Құжаттар рәсімдеуде жіберілген қателерді түзету үшін қате жасалған құжаттар жауапты адамға қайтарылады.

Құжаттарды орындалған фактілердің мәні мен мағынасына қарай тексеруде шаруашылық фактілерінің заңдылығы, қатысушы жақтарға түсініктілігі, мысалға, шын мәнінде осындай көлемдегі фактілер болды ма, болмады ма деген күдікті сұрақтар анықталуы керек.

Осы жоғарыда айтылған шаралардың орындалуынан кейінгі кезеңде барлық шашыранды жағдайда тұрған құжаттар біртектес қажетті нышандарға қарай топтастырылады. Бұдан соң әрбір құжаттарға корреспонденцияланатын счеттар көрсетіліп, бухгалтерлік проводкалар бойынша орындалған шаруашылық операцияларының сомасы есеп регистрларына (жорнал-ордерлерге, ведомостарға) жазылады.

Өшіру деп — құжаттарды пайдаланғандығы жөнінде қойылған белгілерді («алынды», «төленді», «өшірілді» қызыл сиямен қойылған штампты) айтуға болады. Бастапқы құжаттарға мұндай белгілердің қойылуы негізінен ақша қаражаты т.б. материалды құндылықтарға тән бір құжаттың екінші рет қолданылып кетпеуін қамтамасыз етеді.

 

2.3. Шаруашылық фактілерін құжаттау және құжатайналысы

Ұйымдар қызметіндегі жекелеген шаруашылық фактілері мазмұнын құжаттау процесімен расталады. Ұйымдар өрісінде. орын алған операциялар мазмұнын тиісті құжаттарда рәсімдеп көрсетуді шаруашылық операцияларын құжаттау процесі деп атаймыз. Сенімді мәліметтер көрсетілген бастапқы құжаттар есеп регистрларына жазудың негізі болып табылады.

Құжаттар қозғалысының қолайлы (оптималды) жүйесін қалыптастырмай тұрып, ұйымдарға тән бухгалтерлік есептің сапалы, жақсы және тиімді бағытын ұйымдастыру мүмкін емес.

Құжаттардың пайда болуынан бастап (алынуы), бұларды өңдеп, есеп жүйесінде көрсеткеннен кейін мұрағатқа (архивке) тапсыруды құжатайналысы дейміз.

Бухгалтерлік есеп тәжрибесінде құжаттар үш түрлі ағыннан:

—       басқада ұйымдардан түскен кіріс құжаттарынан;

—       басқа да ұйымдарға жіберілген шығыс құжаттарынан;

—       осы ұйымда жасалынып ішкі қызметте пайдаланылатын ішкі құжаттардан тұрады.

Құжаттарайналысын сапалы және жауапты жасау ұйымдар қызметі мен жекелеген тұлғалардың қалыпты жағдайда жақсы жұмыстар атқаруына негіз болатын ақпараттарды дер кезінде толығымен алуды қамтамасыз етеді.

Құжатайналысы процесінің графигін ұйымның бас бухгалтері жасап, осы ұйымның басшысына бекіттіртеді. Құжатайналысының графигі ұйымдағы тиімді құжатайналысын көрсететін әрбір жекелеген бастапқы құжаттарды жасаушы бөлімшелер мен жауапты адамдардың санынан, құжаттарды бухгалтерия тапсыру мерзімін көрсетуден тұрады. Мұндай график ұйымдардағы есеп жүйесінің сапасын жақсартуға, бухгалтерияның тексерушілік функциясын жоғарылатуға әсер етеді.

Құжатайналысының графигі сызба немесе тізім түрінде тиісті бөлімшелер мен жауапты адамдардан алынатын құжаттарды өңдеу, тексеру және құжаттарайналысының өзара байланыс жүйесін көрсету үшін жасалады. Құжатайналысының көшірмесі әрбір бастапқы құжаттарды орындаушыларға тапсырылады. Есеп құжаттарын жасаушы әрбір жауапты тұлғалар өздері атқаратын жұмыстарына тән жасалған құжаттарды құжатайналысы графигіне сай бухгалтерияға тапсыруға міндетті. Құжатайналысы графигінің сақталуына, мұның дер кезділігіне, құжаттардың сапалы жасалынуына және олардың қойылған мерзімде бухгалтерияға тапсырылуына бастапқы құжат жасаушы міндетті адамдар жауапты болады. Құжатайналысы процесінің сақталуын ұйымның бас бухгалтері қадағалап отырады. Құжатайналысы графигін жасаудың жобасы 2.1. кестеде берілді.

2.1. кесте

Ұйымның құжатайналысы графигі

Рет саны Тапсырылған құжаттар түрі немесе құжаттардың аталуы Дана саны Жасалған мерзімі Жасаушының аты-жөні Тапсырған мерзімі Тапсырушы жауапты адамның

аты-жөні

Қабылдап алушының (тексерушінің) аты-жөні
1 2 3 4 5 6 7 8

 

Құжатайналысы графигінің жасалынбауының салдарынан және мұны дұрыс ұйымдастырып, тәжірибеде кеңінен қолданбаудың әсерінен есеп жүйесі бұрмаланып, жеке адамдар қызмет бабын өз пайдасына шешіп кетуі де мүмкін.

Ұйым басшысы құжат мұрағат қорының жақсы сақталуына тікелей жауапты болады. Құжаттар 5 жылдан кем емес уақыт ұйымдар мұрағатында сақталуы, ал еңбек ақы есебінің бетесебі құжаты 75 жыл сақталынуы керек. Тиісті құжаттардың бухгалтериядан немесе мұрағаттан алынуы арнайы құзырдағы органдардың міндетті түрде жазбаша берген хаттамасының негізінде ғана орындалады.

Нарықтық қатынастар жағдайында құжаттарға жазылған кейбір маңызды экономикалық ақпараттарды бәсекелестердің пайдаланып кетпеуі үшін оны құпия сақтау керек. Маңызы жағынан аса жоғары дәрежедегі ақпараттарды құпия сақтау үшін құжаттар қозғалысының айрықшы айналымын жасап, құжат жасаушы міндетті адамдарды арнайы нұсқаудан өткізіп, оларды материалды жағынан ынталандыру шаралары белгіленгені жөн. Құжат жасауға байланысты адамдар ақпараттардың ұрланып немесе сатылып кетпеуін қамтамасыз етуге міндетті. Ұйым бухгалтерлері мен басшылары арасында жасалған келісім-шартта осы ұйымның коммерциялық құпиясын сақтау жөнінде бухгалтерлерден жазба түрде міндеттеме талап етіліп, құпия сақталатын құжаттар тізімін белгілеу шаралары іске асырылып отыруы керек.

Ұйымдардағы бухгалтерлік есепті компьютерлік технологиямен жүргізілуіне байланысты ақпараттар құпиясын сақтау мақсатында компьютерге басқалардың кірмеуі керек. Компьютерлік ақпараттарға бөлек адамдардың кірмеуі үшін арнайы кілттер, парольдер (атқарушының дауысы ерекшелігі, саусағының таңбасы) қолданылуы керек. Ақпараттар құпиясын сақтау барысында шаруашылық операцияларын компьютерге енгізу алдында бұларды арнайы шифрлармен белгілеп, шығару кезінде шифрларды жою керек.

Сонымен ұйымдарда жасалынатын құжаттардың коммерциялық құпиясын сақтау үшін компьютерлік арнайы бағдарлама құрылады. Мұндай бағдарлама ұйым экономикасының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Коммерциялық құпияның сақталуын қамтамасыз ету шараларына ақпараттар ағынын тексеру мен пайдаланушылардың тізімін арнайы категория мен уәкілдік етуші топтарға бөлу керек. Ұйым басшысы мен бас бухгалтері ақпараттар жүйесіне кірушілер мен уәкілдік етушілердің қызметін тексеріп, қажет болған жағдайда шектеу шараларын белгілейді.

Мысалға, қызметке қабылданған міндетті адамдар жөніндегі мәліметтер мен оларға еңбек ақы есептеу жөніндегі мәліметтер кадр бөлімі мен еңбек ақы есептеу бөлімінің құзырында болса, еңбек ақы бойынша ақшалай есептесу тек қана еңбек ақы есептеу бөлімінің құзырында болады. Ұйым өрісіндегі барлық ақпараттар жүйесіне бас бухгалтердің басшылық жасауына толығымен рұқсат етіледі.

Ұйымдардың экономикалық келешегі көпшілік жағдайда коммерциялық ақпараттармен байланысты болуына қарай мына төмендегі құпиялар сақталынуы керек:

—       клиенттердің, қоюшылар мен сатып алушылар тізімі;

—       екіжақты жасалған немесе жасалынатын келісім-шарттар (контрактілер) жөніндегі мәліметтер;

—       өнімдер мен тауарлар сату жөніндегі бизнес-жоспар;

—       маркетингтік қызмет жөніндегі іс-шаралар;

—       бәсекелестік пен өтімділік және өтеушілікті талдау;

—       еңбеккерлердің еңбек ақысын төлеу;

—       басқарушылық есеп өрісіндегі ақпараттар.

Есеп регистрлары. Бухгалтерлік есеп объектісінің негізі бастапқы құжаттарға жазылған шаруашылық фактілерінен қалыптасады. Ең әуелі бухгалтерлік есеп әрекеті мәліметтерді өңдеу, шаруашылық фактілерінің құндық өлшемін бағалау, фактілерді орындалған кезеңдерге және счеттар номенклатурасына қарай топтастырудан басталатындығын есте сақтау керек.

Шаруашылық операцияларын көрсететін бастапқы құжаттар заңдылығы, мазмұны, тиімділігі, арифметикалық дұрыстығы жағынан тексеріліп, есепке алынатындығы белгіленгеннен соң есеп құжаттарының мазмұны бухгалтерлік есеп регистрларына жүйелендіріліп және жинақталынып жазылады. Белгілі бір уақыт аралығында орын алған шаруашылық фактілерінің нәтижесі жинақталған түрде есеп регистрларынан бухгалтерлік қорытынды есепке ауыстырылады. Шаруашылық фактілері нәтижесін есеп жүйесіне жазу төмендегідей сабақтастықпен орындалады:

2.1. сызба

 

Бастапқы құжаттарда жекелеген әрбір шаруашылық фактілері, есеп регистрларында синтетикалық және аналитикалық счеттарда жинақталған ағымдағы есеп, ал бухгалтерлік қорытынды есепте белгілі бір уақытқа ақшалай өлшеммен жинақталып көрсетілген ұйымдардың активтері, меншікті капитал және міндеттемелері жөніндегі мәліметтер көрсетіледі.

Мәселе есеп регистрлары өрісінде болғандықтан, төменде бухгалтерлік есеп жүйесіне тән есеп регистрлары жөнінде толық мағлұмат беріліп отыр.

Сонымен, есеп регистрлары деп — ұйымдардың активтері, меншікті капитал және міндеттемелерінің экономикалық жағынан топтастырылуына сәйкес құрылған арнайы үлгідегі ақпараттар тасушы құжаттарды айтамыз.

Есеп регистрларының сыртқы түрі мен материалдық негізі әр түрлі үлгілерден (есеп кітаптары, жорналдар, карточкалар, бос қағаздар, машинограммалар, магнитттік таспалар, магниттік дискілер т.б.) тұрады.

Есеп регистрларының материалдық негізінің, құрылымы мен үлгі пішімінің ары қарай жетілдірілуі өндірістік процестің ұлғаюына, шаруашылық тетігінің күрделенуіне, орындалған және есепке алынған шаруашылық фактілері санының көбеюіне, жинақталатын және өңделетін ақпараттар көлемінің артуына, есеп қызметкерлері еңбегінің бөлінуіне, олардың мамандануына, қолданылатын есептеу техникасының (өңдейтін, жинақтайтын және сақтайтын) көптеп пайда бола бастауына байланысты қалыптасып отырады.

Шаруашылық фактілері мазмұнын есеп регистрларына жазу — есеп жұмысының екінші кезеңі болып танылады.

Регистрлар классификациясы негізгі нышанына қарай:

  • сыртқы үлгісі;
  • мазмұнының көлемі;

—       есеп жазуларының түрлері бойынша классификацияланады.

Төмендегі 2.2. сызбада есеп регистрлары классификациясы берілген.

2.2. сызба

 

— бос қағаздар               — синтетикалық               -жалғастырушы

— карточкалар               — аналитикалық              — жүйелеуші

— кітаптар                      — кешенді                        — қиыстырушы

Синтетикалық жіктеуші шоттар регистрі синтетикалық шоттар өрісіндегі операцияларды жазуға арналған. Бұл регистрдың мысалына шахматты түрде бағаналынған есеп кестесін көрсетуге болады.

2.2. кесте

Шахматтық үлгідегі есеп кестесі

                    Кредит

Дебет

Касса Есеп айырысу шоты Жауаптылар мен айырысу Қоюшылар мен есеп айырысу т.с.с.
Касса х 50 000
Есеп айырысу шоты 30 000 х
Қоюшылар мен есеп айырысу 15 000 х
т.с.с.

Осы кестеде берілген шартты цифрларды шахматттық үлгідегі есеп кестесіне салу нәтижесінде біздер есеп айырысу шотынан кассаға алынған ақшаны, кассаға түскен ақшаның банктегі есеп айырысу шотына салынғандығын, есеп айырысу шотынан қоюшыларға аударылған ақшаның аударылғандығын және қандай шоттың дебеттеліп, қандай шоттың кредиттелетіндігін көрдік.

Дебеттелетін счеттар көлденең сызылған жолдарға, ал кредиттелетін счеттар тігінен сызылған бағаналарға жазылады. Жоғарыда айтылғандай әрбір шаруашылық операциялары мазмұны бір счеттың дебетіне, екінші счеттың кредитіне жазылатындығын есте сақтау керек. Көрсетілген шахматтық үлгідегі кестеде мүмкін болатын барлық счеттардың корреспонденциясы алдын ала көрсетіліп жазылған. Шаруашылық операцияларының сомасы дебеттелетін және кредиттелетін счеттар қиылысына жазылады. Яғни бір сома бір рет жазылып екі счетты көрсетеді. Ұйымдар қызметі өрісінде бірдей корреспонденцияны көрсететін біртекті шаруашлық операциялары жиі кездеседі. Мұндай операциялар бір тор сызығына жазылады. Сондықтан шахматтық үлгідегі кесте көптеген тор сызықтарға бөлінген.

Мысалға, шахматтық үлгідегі кестені тігінен қарап оқығанда жекелеген кредиттік счеттар бойынша айналым сомасының жинағын шығаруға (касса, қоюшылар мен есеп айырысу т.с.с.) болады. Егер осы кестенің үлгі түрін айналдырып қараған жағдайда, онда жорнал-ордерлер үлгісін (сызықтық бағыт әдісімен жазу) көруге болады.

Сондықтан жорнал-ордерлерге дебеттік счеттарға бөлініп таратылатын операциялар сомасы синтетикалық счеттардың кредиті бойынша корреспонденцияланып жазылады. Синтетикалық счеттардың дебеттік айналым сомасы барлық жорнал-ордерлер жинағын есептеп шығарған кезде анықталып отырады.

Аналитикалық есеп регистрлары мен синтетикалық есеп регистрларын бірдей мағынада катар жүргізу техникалық жағынан біршама қосымша жұмыстар атқаруды қажет етеді. Мұндай жұмыстарға аналитикалық счеттар бойынша жекелеген айналым ведомостысын жасау, мұның нәтижесін синтетикалық счеттар жинағымен салыстырып тексеріп отыру жұмыстары біршама уақыт алады. Сондықтан, есеп тәжірибесінде кешенді түрде қиыстырылған регистрлар қолданылады. Кешенді регистрларды қолдану арқылы бірдей уақытта аналитикалық және синтетикалық счеттар бойынша жинақ шығарып, мұның негізінде синтетикалық счеттарға жазылатын мәліметтер дайындауға болады.

Төмендегі 2.3. кестеде қатысушы жақтармен есеп айырысудың аналитикалық есеп ведомостысының үлгісі берілді.

2.3. кесте

Есеп айырысудың аналитикалық есебінің ведомостысы

Аналитикалық есеп объектілері Бастапқы қалдық Счеттар кредиттінен дебеттік айналым Счеттар дебетінен

кредиттік айналым

Соңғы қалдық
Есеп айырысу шоты т.с.с. Тауарлар Отындар
Мұнай базасы 45 000 20 000 25 000

Мұндай ведомостыны — жинақтаушы ведомост деп те атайды. Синтетикалық және аналитикалық есеп регистрларынан құралатын регистрларды кешенді регистрлер деп аталынатындығын жоғарыда айттық. Мұның мысалына «Жауапты адамдармен есеп айырысу» счетына арналған жорнал-ордер жатады.

Есеп мәліметтерін жазу үрдісінің түрлеріне қарай бухгалтерлік есеп регистрлары жалғастырып жазушы (хронологиялық), жүйелеуші және қиыстырушы регистрларға бөлінген.

Жалғастырып жазушы регистрлар ұйым бухгалтериясына келіп түскен құжаттар мен орын алған шаруашылық фактілері мазмұнын үздіксіз жалғастырып жазуға арналған. Жалғастырып жазушы регистрларды қолдану негізінде бухгалтерияға түскен құжаттардың толықтығы мен сақталуы тексеріледі (кассалық кітап, шаруашылық операцияларын жалғастырып жазушы регистрлар).

Жуйелеп жазушы регистрларда жекелеген шаруашылық фактілерінің мазмұны есеп объектілеріне қарай топтастырылады (кассалық кітап, айналым ведомостысы).

Қиыстырушы регистрларда жалғастырушы және жүйелеуші регистрлар нышанынан құрылған жазулар жазылады. Қиыстырушы регистрлардың мысалына төмендегі 2.4. кестеде көрсетілген «Бас кітап» жатады.

2.4. кесте

«Тауарлар» счеты бойынша бас кітап парағының үлгісі

 

Айлар Счеттар кредитінен дебеттік айналым Дебеттер бойынша жинақ Кредиттер бойынша жинақ Қалдық
44 66 67
Қалдық 1.01 80 000
Қаңтар 19 600 2 400 22 000 42 000 60 000
Ақпан
Наурыз
т.с.с.

 

Қиыстырушы регистрларға синтетикалық счеттар бойынша жалғастырылып жазылатын жорнал-ордерлерде жатады.

Түгендеу принципі. Бухгалтерлік есеп жүйесінде барлық материалды құндылықтарды түгендеу (инвентаризация) принципі жүргізіледі. Түгендеу принципін іске асырушы және түгендеуден өткендерді жазып отыруға арналған құжат бастапқы құжаттар құрамына жатады.

Түгендеу принципін қолдану арқылы орын алған шаруашылық фактілері көрсеткіштерін сандық және сомалық салыстыруға, қолда бар құндылықтарды мерзімдік аралықтарда түгендеп отыруға, натуралды қалдықтар шығарып, нақтылы фактілер дәрежесін анықтауға болады. Яғни ұйым меншігіндегі барлық тауарлы-материалды құндылықтардың қолда барын салыстырып, тексеру тәсілін — түгендеу принципі деп атаймыз. Түгендеу принципіне арналған құжаттарда құқықтық маңыз бен құжаттық маңыз болады.

Белгілі бір есеп объектілеріндегі құндылықтарды түгендеп отыру үшін, осы объектілердің құрылымдық жағдайын (қойманың, цехтың, бөлімшенің, жөндеухананың т.б.) білген жөн.

Түгендеудің негізгі мақсаты:

—       құндылықтар мен мүліктердің нақтылы колда барын анықтау;

—       бухгалтерлік есеп мәліметтері мен сақтаудағы және қозғалыстағы құндылықтар мен мүліктердің айырымын шығарып, салыстыру арқылы тексеру;

—       іске қосылмаған және пайдаланылмай тұрған мүліктердің саны мен сомасын анықтау;

—       мүліктер мен құндылықтарды сақтау ережелерінің дұрыстығын тексеру;

—       баланста тұрған мүліктерді бағалаудың дұрыстығы мен дәлдігін тексеру.

Ұйымдарда жасалынып, қабылданған есеп саясатына қарай ұйымдардың өздері есепті кезеңдегі түгендеу жүргізудің кезеңдік уақытын анықтайды. Алайда түгендеу жұмысы міндетті түрде мына төмендегі жағдайларда жүргізіледі:

—       ұйым мүліктерін жалға беруге, сатуға, сондай-ақ мемлекеттік муниципалды меншікті акционерлік қоғамға айналдырып қайта құру және бағалауда;

—       бухгалтерлік қорытынды есеп жасаудың алдында;

—       материалды жауапты адамдардың ауысы кезінде (іс қағаздарын қабылдау мен беруді рәсімдеген күні);

—       ұрланған, қымқырылған фактілерді анықтауда, сондай-ақ құндылықтар мен мүліктердің жарамсызға айналып бүлінуі кезінде;

—       төтенше, өрт т.б жағдайлар себебінен кем шыққан мүліктер мен құндылықтарды анықтау барысында;

—       мүліктер мен құндылықтарды қайта бағалауда;

—       ұйымдар банкротқа ұшырап, қайта құрылған және жойылған жағдайда.

Түгендеу процесінің толықтығы мен сапалылығын, сондай-ақ мұның дұрыстығы мен дәлдігін кенеттен түгендеу жүмыстарын орындау мен сақтауды ұйымдар басшысы қамтамасыз етеді. Ұйымдардың бас бухгалтерлері түгендеу жұмысындағы қолданылатын әдістердің толық сақталуын үздіксіз тексеріп отырады.

Түгендеу процесін төрт кезеңге бөліп қарауға болады:

  • дайындық жұмыстарын әзірлеу;
  • материалды құндылықтардың нақтылы қолда барын тексеріп анықтау;
  • түгендеу нәтижесін құжаттармен рәсімдеу;
  • түгендеудің нәтижесі бойынша ұйым басшысының шешім қабылдауы.

Түгендеуге — орналасқан орындарына қарамастан ұйымдар балансында есепте тұрған барлық мүліктер, сондай-ақ материалды құндылықтар және ақша қаражаттары, мұның ішінде жауапты адамдардың жауапкершілігіндегі сақтауда тұрған, жалға берілген мүліктер мен құндылықтар жатады.

Әдетте түгендеу жұмысы айдың 1-не қарай жүргізіледі. Басталған түгендеу жұмысы өндірістік немесе басқа себептермен тоқтатылмай үздіксіз аяқталуы керек. Түгендеу кезеңінде ұйымдардың барлық қоймалары жабылып, құндылықтарды қабылдау мен босату жұмыстары мүмкіндігінше тоқтатыла тұруы керек.

Түгендеу жүмысының сапалы өткізуілуі дайындық кезеңіндегі қабылданған шараларға байланысты болады. Ірі корпорациялар мен компанияларда түгендеу процесін өткізу үшін тұрақты түрдегі арнайы комиссия құрылады. Тұрақты құрылған комиссияның құзырына түгендеу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру, тексеру мен әдістемелік бағытты анықтау, басқа да ұйымдық жұмыстарды орындау тапсырылады.

Қажет деп табылған есеп объектілеріндегі түгендеуді өткізу үшін ұйым басшысының бұйрығымен жұмыс тобы (комиссия) құрылады. Мұндай жұмыс тобы комиссиясының құрамына тауарларды сипаттай білетін және түгендеу ережелерін жақсы қолдана алатын мамандар, материалды-жауапты адамдар, есеп қызметкерлері, экономистер және тауар танушылар енгізілгені жөн. Түгендеу комиссиясының төрағасына бір адамды бірнеше рет тағайындауға болмайды. Түгендеу жұмысын өткізудің және түгендеудің басталуы мен аяқталуының негізіне осы ұйым басшысының шығарған бұйрығы негізге алынады.

Қандай да болмасын материалды құндылықтарды түгендеу үш дана хаттау тізімін жүргізу арқылы рәсімделеді. Хаттау тізімі есептеу техникасын қолдану аркылы немесе қолмен жазу арқылы таза, анық, өшірілмей, көшірілмей жасалынуы қажет.

Материалды құндылықтардың аталуы, олардың саны есеп жүргізуде қабылданған номенклатуралық өлшем бірлігімен көрсетіледі. Хаттау тізімінің әрбір беттері нөмірленіп, мұндағы цифрлар жинағы жазбаша жазылады.

Жіберілген қателер қаттау тізімінің барлық даналарында корректуралық түзету әдісімен түзетіліп, мұның бәріне барлық комиссия мүшелерімен материалды жауапты адамдар өз қолдарын қояды. Түгендеудің нәтижесі түгендеу жұмысы аяқталған күні шығарылып, мұның материалдары ұйым басшысы мен бухгалтерге беріледі. Түгендеудің ең соңғы нәтижесі бухгалтерлік акті немесе салыстыру ведомостысын жасау арқылы рәсімделеді.

Жасалған бухгалтерлік актіге әрбір құндылықтардың жекелеген түрлері бойынша (тауарлар, ыдыстар, ақша қаражаттары) қолдағы есепті немесе нақтылы бағамен жазылып, табиғат әсерінен кем шыққан көлемі көрсетіліп, сондай-ақ кем немесе артық шыққан нәтиже жөніндегі қорытынды жазылады.

 

ІІІ бөлім. Бухгалтерлік және қаржылық есеп жүйелерінің халықаралық стандарттары

3.1.Есеп жүйесін стандарттаудың қажеттілігі

Халықаралық бухгалтерлік есеп стандарттары мазмұнын талдау, оларды жасау мен қолдану барысында бухгалтерлік есеп жүргізу ісіне тікелей немесе жанама тұрғыда әсер етуші ұлттық және мәдени салт-сана мен дәстүрдің қосымша қаралатындығын да (интерпретация) естен шығармаған жөн.

¥лттық валютаның, пайыздык ставкалардың әр түрлі деңгейде болуына, сондай-ақ салык жүйесінің күрделілігіне, басқа да әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерге, корпорацияларды басқару ерекшеліктеріне байланысты әр елдің құқық жүйесі, капитал рыногы, капитал рыногындағы үкіметтің рөлі бірдей бола бермейді. Сондықтан бір елдегі жақсы қабылданған есеп жүйесі міндетті түрде басқа ел есебінің тәжірибесіне бірден енгізіледі деу өте қиын.

Халықаралық бухгалтерлік есеп стандарттары қаржылық есептің негізін құраушы халықаралық деңгейдегі ресми құжаттар мазмұнында қаралған. Әр түрлі елдердің есеп жүйесіндегі есеп фактілері мен қаржылық ақпараттары бірегейлік ұқсастықты қамтамасыз ете отырып, сыртқа (эспорт) немесе сырттан (импортқа) қалыптасуы мүмкін. Сонымен қатар бухгалтерлік есеп стандарттарының дәлме-дәл атаулары әр елде әр түрлі берілген.

Халықаралық есеп стандарттарының мәселелері мен жекелеген сұрақтары көп жылдар бойы ғалымдар мен тәжірибелі мамандардың зерттеуі негізінде қаралып, қазіргі кезеңде мәселелердің шешілу жолдары белгіленіп, есеп жүйесіне тән негізгі принциптер қалыптасқан.

Бухгалтерлік есеп стандарттары, қаржылық қорытынды есеп үлгісі мен мазмұны, негізгі есеп принциптері (әдістер), есеп тәсілдері, қаржылық қорытынды есепті шоғырландыру, бухгалтерлер мен аудиторларға қойылатын кәсіби деңгейдегі талаптар әлемдік деңгейде қойылған мәселелер мен критерийлерге сай ары қарай жетілдірілуі керек.

Ұлттық есеп стандарттарына қарағанда халықаралық қорытынды есеп стандарттың (ХҚЕС) артықшылығы мыналар:

  • халықаралық деңгейде әр елдердегі білімді ғалымдар мен алдыңғы қатарлы тәжірибені енгізу мүмкіндігі;
  • ХҚЕС мазмұнын ашық талқылау кезеңдерінен өткізу және тиісті стандарттарды есеп тәжірибесінде қолданып көру (опробация) кезеңдерінен өтуі;

—       бухгалтерлік есеп құжаттарын компаниялар арасында жалпыәлемдік деңгейде салыстырып отыруды қамтамасыз ету;

—       компаниялардың шоғырландырылған қорытынды есеп дайындауға жұмсалатын шығындарын барынша қысқартуды қамтамасыз ету;

—       қаржылық ақпараттарды пайдаланушылар үшін халықаралық стандарттардың түсініктілігі және қарапайымдығы;

—       тұрақты түрде жетілдіріліп отыруы.

Осы көрсетілген артықшылықтар жиынтығы ХБЕС ұлттық тәжірибеде қолдану мақсатында әр елдердің ынталылық танытуын қамтамасыз етеді.

 

3.2. Бухгалтерлік есепті халықаралық стандарттау

Есеп стандарттары бірнеше типтік бағыттардан тұрады. Олар:

  1. Мақсаты. Есеп өрісіндегі мәселелер мазмұнына қысқаша түсініктеме беру және стандарттар жасау мен шығарудың міндеті көрсетіледі.
  2. 2. Қолдану өрісі. Мұнда стандарт объектісі мен стандартты қолданудың объективті жағдайы қаралады.
  3. Анықтау. Стандарт мәтінінде қолданылған негізгі терминдерге түсінік беру және оларды танудың тәртібі көрсетіледі.
  4. Баяндау. Мұнда есеп принципі, бағалау әдісі, шаруашылық фактілер мазмұнын тіркеу т.б. көрсетіледі.
  5. Ақпараттар маңызын ашу. Ақпараттар мазмұны, есеп саясатын жасаудағы ақпараттар қалыптастырудың тәртібі ашылып көрсетіледі.
  6. Орындалуға жіберілген күн (өз күшіне енетін күн). Мұнда стандарттың іске асырыла бастаған күні немесе күшіне енетін күні көрсетіледі.

Сонымен, ХҚЕС деп — бухгалтерлік және қаржылық қорытынды есеп жүргізудің жалпы принциптерін анықтайтын ресми құжатты айтамыз.

Қазіргі кезеңдегі ХҚЕС мыналардан құралады:

  • Тұжырымдамалық концепциядан;
  • 40-тан аса қолданбалы стандарттардан;
  • 25-тен аса қосымша түсіндірулерден (интерпретация).

Төменде 3.1. кестеде Қазақстан Республикасы бухгалтерлік есеп жүйесінде қолданылып келе жатқан стандарттар тізімі берілді.

3.1. кесте

Қазақстандық бухгалтерлік есеп стандарттары

Стандарт нөмірлері Стандарттардың аталуы Күшіне енген жылы мен күні
30 Қаржылық есеп тапсыру 17 қаңтар 2003 ж.
4 Ақша козғалысының есебі 13 қараша 1996ж.

28 тамыз 2002ж.

5 Табыстар 21 мамыр 1997ж.,

28 каңтар 2003ж.

6 Негізгі кұралдар есебі 13 қараша 1996ж.,

28 қаңтар 2003ж.

7 Тауарлы — материалды босалқылар 13 қараша 1996ж.,

28 қаңтар 2003ж.

8 Қаржылық инвестициялар есебі 21 мамыр 1997ж.
9 Шетелдік валютадағы операциялар есебі 13 қараша 1996ж.,

28 тамыз 2002ж.

10 Байланысқа түсуші жақтар жөніндегі ақпараттарды ашу 13 қараша 1996ж.,

28 қаңтар 2003ж.

11 Табыс салық есебі 13 қараша 1996ж.
12 Күрделі құрылыстағы мердігерлік келісім 13 қараша 1996ж.,

28 қаңтар 2003ж.

13 Шоғырландырылған каржылық корытынды жөне еншілес ұйымдардағы инвестициялар есебі 14 қараша 1996ж.,

30 қараша 2002 ж.

14 Тәуелді ұйымдардағы инвестициялар есебі 14 қараша 1996ж.,

30 қараша 2002ж.

15 Қаржылық қорытындыдағы бірлескен қызмет бойынша қатысу үлесін көрсету есебі 14 қараша 1996ж.,

30 қараша 2002ж.

16 Зейнетақымен қамтамасыз ету шығындарының есебі 15 қараша 1996ж.,

5 мамыр 1999ж.

17 Жалдау есебі 15 қараша 1996ж.

12 қараша 2002ж.

18 Инвестициялық қорлардағы есеп 15 қараша 1996ж.

12 қараша 2002ж.

19 Жинақтаушы зейнетақы қорларындағы есеп және қорытындылау 15 қараша 1996ж.

12 қараша 2002ж.

20 Мұнай-газ кызметіндегі есеп жөне қорытындылау 21 қараша 1996ж.
21 Банктердің қаржылык қорытындысы 27 ақпан 2002 ж.
22 Банктердің табыстары мен шығындары 22 қазан 2001жылы күші жойылған
23 Шағын кәсіпкерлік субъектілеріндегі есеп пен қорытындылау 20 наурыз 2004ж
24 Бухгалтерлік қызметті ұйымдастыру 11 акпан 1998ж.

11 наурыз 2003 ж.

25 Компанияның зейнетақы активтерін басқаруындағы есебі мен қорытынды есебі 26 мамыр 1998ж.
26 Делдалдық және дилерлік ұйымдардың есебі мен қорытынды есебі 15 тамыз 1998ж.
27 Есепті кезеңнен кейінгі күндерде шыққан әлде қалай жағдайлар мен оқиғалар 15 тамыз 1998ж.
28 Материалды емес активтер есебі 18 қазан 1999ж;

4 қараша 2002ж.

29 Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік, құрап шығару шығындарының есебі 26 маусым 1999ж;

4 қараша 2002ж.

31 Есепті кезеңдегі таза табыс немесе шеккен зиян 21 ақпан 2003ж.
32 «Жалпы сақтандыру» саласындағы операциялар бойынша сақтандыру қызметін жүргізуші ұйымдардың (қайта сақтандыру) қаржылық қорытынды есебі 15 қыркүйек 2003ж.

Кейінгі жылдары нарықтық экономикасы дамыған көптеген елдер қаржылық қорытынды есеп жүйесін халықаралық деңгейде үндестіру мен икемді бағытқа салу мақсатында көптеген жұмыстар атқарып келеді.

 

3.3. Халықаралық стандарттар негізінде Қазақстандық бухгалтерлік есеп жүйесін жетілдіру

Нарықтық экономика мен базарлы сауданың өрістеуіне байланысты Қазақстандық бухгалтерлік есеп жүйесі халықаралық стандарттарға біртіндеп көшіріліп келеді. Еліміздегі бухгалтерлік есеп процесін халықаралық таным бағытына қарай ауыстыру мәселелері XX ғасырдың 90-шы жылдарынан басталады.

Британ кеңесі еліміздегі бухгалтерлік есеп мамандарын халықаралық стандарттарға сәйкес даярлау шараларына арнайы қаражат бөліп, Алматы, Тараз, Қарағанды қалаларында «есеп және аудит өрісіндегі оқытушылар мен кәсіпкерлерді қайта даярлау» жобасын ашты. Бұл жоба үш жылдай қызмет атқарып, жүздеген Қазақстандық бухгалтерлік есеп мамандары қайта даярланды.

Шетелдік әріптестермен ынтымақтастық процесі күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Қазіргі таңда біздің еліміздің есеп жүйесін халықаралық стандартқа көшіру, сондай-ақ мұның дәрежесі мен мазмұнын халықаралық деңгейге көтеру мақсатында Карана, Прагма, Эднет атты халықаралық корпорациялар қызмет атқарып келеді.

Алайда еліміздегі бухгалтерлік есеп жүйесі халықаралық бухгалтерлік есеп принциптері мен стандарттарына сай ары қарай үлттық түрғыда жетілдірілуі және дамуы керек. Мүның өзі созылмалы үзақ процеске айналуы да мүмкін.

Шетелдік капитал және инвестициялар тарту процесіне орай Қазақстан аймақтарында көптеген бірлескен кәсіпорындар қүрылды және күрыла бермек. Мұндай бірлескен кәсіпорындар өрісіндегі, сондай-ак өз елімізде жүргізіліп келе жатқан бухгалтерлік есеп жүйесі халыкаралық тәжірибемен үйлесімді бағытта жетілдірілуі, ұлттық есеп жүргізу тәжірибесіне енуі керек.

Сонымен қатар Қазақстан экономикасына қызмет атқару мен пайда табуды мақсат тұтқан бірлескен кәсіпорындардың дамуына, инвестициялық саясатқа, сауда және саяси-әлеуметтік процестерге байланысты біздің, ұлттық бухгалтерлік есеп жүйеміз халықаралық стандарттар талабына сай жетілдіріліп дамуы керек.

Отандық бухгалтерлік есеп жүйесі ары қарай жетілдірген жағдайда қаржы салымшы инвесторлар, несиелендірушілер, басқа да заңды және жеке тұлғалар ұйымдардың қаржылық жағдайын жақсы түсініп, мұның өзіне шынайы сенімділік білдіре алады.

Менің ойымша, Қазақстандық бухгалтерлік есеп жүйесі төмендегі негізгі бағыттарға сәйкес жетілдірілуі керек:

Біріншіден, заңдастырылған негізде арнайы сараптаушылардың жұмыс тобы құрылып, мұның құрамына жақсы мамандар білікті ғылыми-зерттеушілер тартылып, бұл топтың құзырына әлемдік бухгалтерлік есеп тәжірибесін тұрақты түрде зерттеу мен зерделеу және мұның нәтижесін отандық есеп жүйесіне енгізу шаралары жүктелуі керек.

Сараптаушылардың мұндай жұмыс тобы белгісіз жылдарға дейін тұрақты қызмет атқарғаны жөн.

Екіншіден, Қазақстанның есеп жүйесінде болашақта қолданылатын қазақстандык, жекелеген есеп объектілеріне тән бухгалтерлік есеп стандарттарын жасау үрдісіне кәсіби мамандығы жоғары және осы саланың білімді ғалым-зерттеушілері қатыстырылып, бұлардың сараптауынан және белгілі бір ұйым тәжірибесінен өтуі керек.

Үшіншіден, бухгалтерлік есеп және аудит мамандығы бойынша оқу орындарында оқитын студенттерге арналған, халықаралық бухгалтерлік есеп принциптері мен стандарттары талабына сай келетін, сондай-ақ кредиттік технология жүйесімен оқытуды қамтамасыз ететін сапалы оқулықтар шығару мәселесі жылдан-жылға тиісті жоғарғы деңгейде мемлекеттік басшы органдарда бекітіліп отыруы керек.

Төртіншіден, отандық бухгалтерлік және қаржылық қорытынды есеп мазмұнын толық және сенімді даярлау мен тапсыру, сондай-ақ сыртқы пайдаланушылар мүддесін қанағатттандыру мақсатында тиісті заңнамалар және нормативтік актілер, нұсқау — ережелер нарықтық экономиканың кезеңдік дамуына қарай қайта қаралып, жаңаланып отыруы керек.

Бесіншіден, Қазақстандық бухгалтерлік есеп жүйесін алдағы кезеңдерде халықаралық бухгалтерлік есеп стандарттарына көшіріп, бухгалтерлік есеп счеттарының Типтік жоспарын жаңадан жасап, мұны сапалы қолдану үшін арнайы әдіснамалар, нұсқау-ережелер, салалық нормативтік актілер мазмұны қайта қаралып, әр жылдары зерттеліп, тәжірибеден өткізіліп отыруы керек.

Алтыншыдан, Қазақстанда қызмет атқарушы бухгалтерлердің білімін жетілдіру, кәсіби бухгалтерлер мектебін қалыптастыру, жекелеген бухгалтерлердің алдыңғы қатарлы іс-тәжірибесін үйрену мен жариялаудың маңызы өте зор.

Жетіншіден, халықаралық ынтымақтастық мәселесіне байланысты еліміздегі қоғамдык бухгалтерлік есеп ұйымдарының басқа да халықаралық ұйымдарға мүше болып енуі, басқа да ұлттық ұйымдармен өзара ықпалдастық қызметтер атқару нәтижесінде бухгалтерлік есеп стандарттарын жасауға қатысуының рөлі зор.

Сегізіншіден, бухгалтерлік есеп өрісінде қалыптасқан ақпараттар жүйесіне тән электрондық бағдарламалар мазмұнын қайта қарап, оларды есеп талабына сәйкес жетілдіру және ақпараттарды ЭЕМ немесе компьютерлік жүйемен өңдеу және тасымалдаудың да атқаратын рөлі зор.

Осы жоғарыда айтылған мәселелер іс жүзіне асқан жағдайда, біздің пайымдауымызша, қазақстандық бухгалтерлік есеп жүйесі біршама тұрақтанар еді. Ең негізгі мақсат отандық бухгалтерлік есептің ары қарай жетілдірілуі үшін қызмет пен міндет атқарушы бухгалтерлер қауымы тиімді сабақтастық әдістерді, алдыңғы қатарлы тәжірибені, есеп жүргізу принциптерін, әдіснамалық және нормативтік материалдар маңызын терең түсініп, шығармашылық және зерттеушілік бағытпен қызмет атқарып отыруы керек.

Кейінгі жылдары Қазақстан Республикасындағы бухгалтерлік есеп жүйесін халықаралық стандартқа жақындату бағытында біршама нормативтік шаралар іске асырылды. ХҚЕС-не қарасақ, қазақстандық нормативтік актілер ұсыныс түрінде емес міндетті түрде қатаң тәртіппен қолданылатын материалдар қатарында берілген. Сонымен қатар біздің елімізде қолданылып келе жатқан қазақстандық стандарттар маңызы мен мәні жағынан ХҚЕС сәйкес келе бермейді.

ХҚЕС-ке көшу мәселелерінің кейбір жақтары Қазақстан Республикасындағы заң актілерінде қаралған. «Бухгалтерлік есеп және қаржылық қорытынды есеп» жөніндегі Заңға сәйкес ҚР қаржы министрлігі жанындағы «Бухгалтерлік есеп және аудит әдіснамасы жөніндегі департаменті» халықаралық бухгалтерлік есеп стандарттарына қайшы келмейтін және халықаралық бухгалтерлік стандарттарымен реттелмеген жаңа стандарттар жасап, мұны бекітуге құқылы деп танылған.

Сонымен қатар аталмыш департамент бухгалтерлік есеп счеттарының жұмыс жоспарын жасап, оны бекітуге міндетті деп танылған. Осы заңның тұжырымдамасына сәйкес бухгалтерлік есеп пен қаржылық қорытынды есеп жасауға міндетті өкілетті тұлғалар Қазақстан Республикасындағы бухгалтерлік есеп және қаржылық қорытынды, бухгалтерлік есеп стандарттары және бухгалтерлік есеп счеттарының жұмыс жоспарының талаптары мен ережелерін сақтауға міндетті деп танылған (Заңның 7-ші бабының 3-ші тармағы)

Қорытынды

Қазақстандық бухгалтерлік есеп жүйесін жетілдіру тек кана жоғарыда айтылған мәселелерге ғана байланысты болмай, еліміздегі нарықтық қатынастардың тұрақты дамуымен тығыз байланыста болғаны жөн. Біздер бір жағынан халықаралық бухгалтерлік есеп стандарттары мазмұнын, екінші жақтан қазақстандық бухгалтерлік есеп стандарттары мазмұнын терең түсініп, отандық бухгалтерлік есеп мәселелеріне баса назар аударуымыз керек.

Біздің мақсатымыз елімізде қабылданған заң актілерінің әрбір тараулары мен тармақтарына талдау жасап, мұның жағымды және жағымсыз жақтарын ашып көрсету емес. Мәселе ұлттық бухгалтерлік есеп жүйесін ары қарай жетілдіру мен дамыту болғандықтан осы салада міндет атқарушы мамандар мен ғалым-зерттеушілерді еліміздегі бухгалтерлік есеп мәселелерін ары қарай жетілдіру процесіне шақыру болып табылады.

Халықаралық қаржылық есеп стандарттары негізінде отандық бухгалтерлік есеп жүйесін ары қарай жетілдірудің негізгі мәселелерінің бірі — ұйымдарда күні бүгінге дейін екі бағытта жүргізіліп келе жатқан қаржылық және салық есебін біріктіріп үндестіру, сондай-ақ есептің жаңа қаржылық моделін құру болып табылады. Егер қаржылық есептің үндестірілген жаңа моделі құрылған жағдайда есеп жүргізудің еңбек шығындары біршама азаяды. Сонымен қатар екі түрлі есептің орнына көп мағыналы қаржылық есеп құрылып, мұның өзі салық есебіне тән есептеулер жөніндегі ақпараттар даярлауды да қамтамасыз етеді.

Отандық бухгалтерлік есепті жетілдіру мен ары қарай дамыту және ХҚЕС негізіне қарай қолайлы үйлесімді бағытқа салу үшін төмендегі шараларды іске асырған жөн:

—       ұйымдар қызметінің қаржылық нәтижесін барынша қарапайым және сенімді түрде көрсету;

—       мүмкіндікке қарай қазақстандық ұйымдардың қаржылық жағдайын шетелдік компаниялардың қаржылық жағдайы мен салыстыру негізінде ұзақ мерзімді нарықтық қатынастарды шетелдік әріптестермен бірге құру, сондай-ақ бірлескен ұйымдар құру барысында қолайлы шешім қабылдау.

Қазақстандық бухгалтерлік есеп жүйесін жетілдіру мәселелерін талдау барысында тек қана қаржылық бухгалтерлік есепке тән мәселелерді ғана қарастырмай, сонымен қатар басқарушылық есепті ары қарай жетілдірудің жолдарын зерттеу қажет. Қазіргі кезеңде басқарушылық есеп бухгалтерлік есептің көлеңкесінде қалып, мұның көптеген проблемалары әлі күнге дейін зерттелмей келеді. Алайда басқарушылық есептің колайлы моделін құру бизнес пен кәсіпкерлікті дамытудың негізін құрайтындығын білген жөн.

Осы дипломдық жұмыста қаралған және әлі де шешілмеген мәселелер іске асқан жағдайда, біздің ойымызша, отандық бухгалтерлік есеп жүйесі сапалы сипатта болып, нарықтық қатынастар принциптерінің дамуына өз әсерін тигізбек деп ойлаймыз.

Қолданылған әдебиеттер тізімі

  1. Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2007 жылғы Қазақстан халқына жолдауы // Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан // 2007.
  2. Гражданский кодекс Республики Казахстан (общая часть), Алматы, «Юрист», 2003.
  3. Закон Республики Казахстан «О бухгалтерском учете и финансовой отчетности» от 24 июня 2002 года, №329-1 // Нормативные акты по финансам, налогам, бухгалтерскому учету, страхованию: «Қаржы-қаражат» официальные материалы // Қаржы-қаражат, 2002, №7.
  4. Стандарт бухгалтерского учета ЗО «Представление финансовой отчетности» (Приказ министра финансов Республики Казахстан 17 января 2003 г. №14) // Бухгалтерский учет и аудит, 2002, №6.
  5. Бухгалтерлік есеп счеттарының жұмыс жоспарын жасау жөніндегі нұсқау және 2006 жылдан бастап қолданылатын бухгалтерлік есеп счеттарының жұмыс жоспары. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің 22 желтоқсан 2005 жылғы №426, 427-ші бұйрықтары.
  6. «Бухгалтерлік және қаржылық есеп принциптері» (халықаралық стандарт), Әбдіманапов Ә., Алматы, 2006 ж.
  7. Әбдіманапов Ә., Бухгалтерлік есепті ұйымдастыру: (оқу құралы), Алматы, 1992 ж.
  8. Әбдіманапов Ә., Бухгалтерлік есеп теориясы және принциптері: (оқу құралы), Алматы, 2001 ж.
  9. Әбдіманапов Ә., Халықаралық бухгалтерлік есеп стандарттарының негізгі принциптері // Бухгалтерлік есеп және аудит, 2001, №5.