Балқаш проблемасы туралы курстық жұмыс

0

Тақырыбы: Балқаш проблемасы 

Кіріспе……………………………………………………………………………………….3

  1. Негізгі бөлім
    • Географиялық ғажайып құбылыс……………………………………………..5
    • Көл жұмбақтары………………………………………………………………………9
    • Балқаш жағалаулары………………………………………………………………16
    • Шөлдегі көктем………………………………………………………………………17
    • Шөлдегі орман………………………………………………………………………..21
    • Іле – Балқаш проблемасы………………………………………………………..23

III.   Қорытынды……………………………………………………………………………….26

Пайдаланған әдебиеттер тізімі………………………………………………………….29

Кіріспе

    Балқаш — Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы тұйық көл. Аумағы жөнінен Каспий, Арал теңіздерінен кейінгі  3 — орында. Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарының шегінде , Балқаш- Алакөл ойысында, теңіз деңгейінен 340 метр биіктікте жатыр. Ауданы құбылмалы: 17 — 22 мың км², ұзындығы 600 километрден астам, ені шығыс бөлігінде 9 — 19 километр, батыс бөлігінде 74 километрге жетеді. Суының көлемі шамамен 100 — 110 км³.  Су жиналатын алабы 500 мың км²-ге жуық. Орташа тереңдігі 6 метр, ең терең жері 26 метр. Балқаштың батыс бөлігіне Іле (жер бетімен келетін судың 78,2%-ін береді ), шығыс бөлігінде Қаратал (15,1%), Лепсі (5,4%), Ақсу (0,43%) өзендері құяды. Солтүстіктен ағатын Аягөз , Бақанас , Тоқырауын , Жәмші , Мойынты, т.б. өзендер әдетте көлге жетпей сарқылады. Көлдің солтүстік жағалауы Сарыарқаның ұсақ шоқылы тау сілемдерімен ұштасып жатқандықтан, биік жарқабақ болып келеді және көптеген жыра –  жылғамен тілімделген;   ал, оңтүстік жағалауы  — суы біртіндеп тартылған кезде жиналған шөгінділерден пайда болған құмды ойпат. Көлдің көптеген шығанақ, қойнаулары бар , аралдары аз,   үлкендері : Басарал, Тасарал.

Балқаш туралы алғашқы жазба деректер 13 ғасырдан белгілі ( В. Рубрук , П. Карпини ).  Көлді тиянақты зерттеу 17 ғасырда басталды. Орыс картографы мен тарихшысы С.У. Ремезов 1695 жылы « Чертежи всех сибирских городов и земель » атты атласында Балқашты « Теңіз » деген атаумен көрсеткен. 18 ғасырдың басында көлде геодезиялық өлшеу жұмыстары жүргізілді. Балқаш 19 ғасырда Клапроттың  (1936)  және швед картографы И.Г. Ренаттың (Жоңғария картасын жасаған ) карталарында бейнеленеді. П.В. Рихтгофен (1877) мен А.Ф. Гумбольдтың (1844) еңбектерінде Балқаш  туралы деректер бар. Балқашты зерттеуге басқа да Ресей ғалымдары (И.В. Мушкетов, А.М.Никольский, Л.С.Берг , т.б.) ат салысты.   Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уалиханов та Балқаш алабын зерттеп, сипаттаған. 1920 жылдан  бастап Балқаш көлін кешенді зерттеу басталды, көптеген экспедициялар (П.Ф. Домрачев, В.Н. Абросов, Л.И. Лев, Н.М. Страхов , Д.Г. Сапожников, М.Н. Тарасов ) ұйымдастырылды.

Көлдің экологиялық жағдайын , суының химиялық құрамын , өсімдік, жануарлар дүниесін , алабының физикалық – географиялық сипатын зерттеумен 1970 -90 жылы Қазақстан ҒА- ның институттары, Қазақ балық шаруашылығы ғылыми – зерттеу институты , Қазақ гидрометеорология ғылыми – зерттеу институты , бірнеше жобалау институттары , т.б. айналасты. Бұл жұмыстардың нәтижесінде көлдің табиғи орнықтылығын сақтап қалуға бағытталған нақты шаралар белгіленді, олардың біразы жүзеге асырылып, көл деңгейінің құлдырауы тоқтады.

Көл шөл және шөлейт климаттық белдеуде орналасқан. Қаңтардағы орташа температура  -15  -17 ºС, шілденің орташа температурасы 24 ºС .  Жауын – шашынның көп жылдық орташа мөлшері 120 мм .Ауаның салыстырмалы ылғалдығы 55-66 %, желдің  жылдық орташа жылдамдығы  4,5 – 4,8 м/с .Жел көлдің батыс бөлігінде көбінесе, солтүстіктен, шығысында – солтүстік- шығыстан соғады. Осы себепті көлде үнемі күшті толқын болады . Жаздағы булану ауа райына байланысты 950 мм –ден 1200 мм- ге  дейін ауытқиды. Көл беті көбіне қарашаның аяғында қатып, сәуірдің ортасында мұзы ериді. Мұздың қалыңдығы кей жылдары 150см-ге жетеді. Таудағы мұздықтар еріген кезде (маусым- шілде) су деңгейі біраз көтеріледі. Көп жылдық су деңгейі тербелісінің мөлшері 3 м- ден асады. 20 ғасырда Балқаш көлінің деңгейі 1908 және 1961 жылы  көтеріліп, 1946 және  1987 жылы төмендегені байқалды (кестені қараңыз). 1970 жылдан бері Іле өзені бойында Қапшағай бөгенінің салуына байланысты көлдің табиғи гидрологиялық режимі көп өзгеріске ұшырады. Балқаш – жартылай тұщы көл. Суының химиялық құрамы көл алабының гидрологиялық ерекшеліктеріне байланысты.

Көлге сұғына еніп жатқан Сарыесік түбегі Балқашты екіге бөледі , гидрологиялық және гидрохимиялық жағынан бір – бірінен өзгеше батыс және шығыс бөліктері ені 3,5 км Ұзынарал бұғазымен жалғасады. Судың минералдылығы мен тұздылығы бұл екі бөлікте екі түрлі. Көлге ағып келетін судың негізін Іле өзені құрайтындықтан, батыс бөлігінің суы тұщы (0,5 -1 г/л), түсі сарғылт – сары, лайлы.  Шығыс бөлігінің суы тұздылау ( 5 – 6 г/л ) түсі көгілдір , ашық көк.  Балқаш фаунаға бай. Көл түбінде моллюскілер, судағы ұсақ жәндіктердің дернәсілдері , шаян тәрізділер тіршілік етеді. Батыс бөлігі планктонға бай.  Көлде балықтың 20- дан астам түрі бар, мұның 6 түрі ежелден көлдің өзінде өскен балықтар (Іле, Балқаш көкбасы, Балқаш алабұғасы , т.б. ) қлғандары басқа жақтан әкелінген ( карп, аққайран, шип, көксерке, Арал қаязы ).  Ауланатын балық ( жылына 9 – 10 мың тонна )- сазан, көксерке, Балқаш алабұғасы, маринка, аққайран. Көл суы жағалауындағы өнеркәсіп орындары (Балқаш кен – металлургия комбинаты ., т.б. ) мен елді мекендер қажетіне пайдаланылады.  Жылы мезгілде Балқашта су көлігі қатынайды. Басты айлақтары : Балқаш , Бурылбайтал , Бөрлітөбе.

Географиялық   ғажайып  құбылыс.  Осы  ғасырдың    басында   белгілі   ғалым   және  саяхатшы  Лев  Семенович   Берг  Балқашқа   ықылас   қояды.  Оны  көлдің  суы   тұщы   екендігі   туралы  көрген   адамдардың   әңгімесі  таң  қалдырды.Булану   көлемі   атмосфералық    жауын-шашын     мөлшерінен әлденеше    есе   асып   түсетін   шөл   далада,   қалай   болған   күнде   де,  көл  суы   тұзды   болуға  тиіс  қой.   1903 жылы  Л.С. Берг  Балқаш   көліне  экспедиция  ұйымдастырды.

Елдің   айтқанына   сенетіндей   жеткілікті   негіз  таба  алмаған  Л.С.Берг  өзінің    жол   лабороториясын   теңіз     суының    құрамындағы  хлор  мөлшерін    анықтайтын  аспаптармен  жабдықтаумен  ғана  шектеледі.   Ал  табаны   жалпақ   үлкен   қайыққа    тұщы   су  толтырылған  көптеген   бөшкелер   тиеп   алуды  тапсырды.  Олар   Іле  өзені   бойымен    төмен  қарай    ұзақ   жүзді.  Ал  көлге     келіп   іліккенде,  шынында   да,   ауыз  су   құйылған  бөшкелердің   түкке де  қажеті     жоқ  екені    айқын    болды.   Алып   шыққан    зерттеу   құралдары  да  қажетсіз болып   шықты,  ал  тұщы судың   құрамына   химиялық   анализ   жасайтын   ештеңе    табылмады.   Л.С. Бергтің экспедициясы  қайда барса  да суы   тұщы  бола  берді…

Осы  экспедицияның  нәтижелерін   қорытындылай    келіп,   Л.С.Берг  былай  деп   жазды:   “Балқаш   айтылып   жүрген   басым    пікірлерге  қарамастан –  тұщы   көл  болып   шықты.  Балқаш   көлін   түгел   жағалап   шыққан  топографтар  да  осы   пікірді   қуаттайды.  Бұл  факт  ерекше   назар   аударуға   лайық.  Құрғақ  континентальдық   климатты  өлке,  жылына  200  миллиметрге   жетер-жетпес     жауын-шашын    бар   шөл   даланың   кіндігінде  тұрған   ағынсыз   тұщы   көл –  мұнда   географиялық  ғажайып  бір  құбылыс   бар”.

Көлдің  жасырын   құпиясы   жалғыз  бұл  ғана   емес  екен.  Басқа   бір  зерттеушілер  қазіргі су  деңгейінің  бұрын   әлдеқайда  биік    болғандығын    анықтады.   Бұған   түрлі   зерттеулердің  нәтижесі  куә.

Географиялық  атаулардың   шығу   тегін   зерттейтін   топономика  деп   аталатын ғылым  бар.  Бұған   тек  географтар   ғана  емес,   сондай-ақ  тарихшылар   мен  лингвистер   де   ынта  қояды.   Өйткені,  жер  атауларында  белгілі  бір   тарихи  дәуірлердің,  нақты   мәдени-тарихи    оқиғалардың,  түрлі   халықтар   арасындағы   тілдік    байланыстардың    ізі  бар.  Сондай-ақ географиялық    атаулар   табиғаттың   түрлі   құбылыстары  жайлы  да  көп   мәлімет   береді.

Балқаш   көлінің   атауы   ұзақ  та  күрделі  қалыптасты. Ежелгі    қытайлықтар  Си-Хай  деп   атады,  түріктер   мен  моңғолдар  өздерінің    батысындағы  жерлердің  бәрін   ақ  түспен   белгілеген.   Олар  бұл  көлге  Ақ  теңіз    деген  ат  берген.  Жоңғарлар   Балқаш-нор, ал  қазақтар – Теңіз,  яғни  үлкен   көл  деп  атаған.

Жаңадан   туған  бұл  жұмбақ  сыр  көл  зерттеуші  ірі  совет   ғалымы  Арсений   Владимирович  Шнитниковтың  назарына   ілікті.  Ол  мұндай  табиғат   құпиялары   жайлы   түрлі   тарихи    деректер     мен  Батыс   Сібір   және   Қазақстан   көлдерінің   деңгейін   бақылау   нәтижелерін   зерттей   келіп,   бұл  көлдердің   су  деңгейі  сырт  көзге   байқалмай,  бірде   жоғарылап, бірде  тым  төмен  түсіп  тұратындығын  анықтады. Алайда    табиғатта    ешқандай    құбылыс  кездейсоқ   болмайды,  оның  әр   өзгерісі     басқа  да  басы   ашық  себептермен  тығыз   байланысты.  А.В.Шнитников нақ  осы  себептерді   іздеді,  іздеді  де,   тапты,   бірақ  оны   көлдің    өзінен   емес,  басқадан   тапты.

Көлдер   деңгейінің  ауытқуы  климат   жағдайына  байланысты  болып  шықты.   А.В.Шнитников  Балқаш    көлі  деңгейінің  ең  ұзақ    ауытқу   кезеңі  1800-1900 жылға    тең    екендігін   анықтады.  Бұл  жаңа   тұжырым, біріншіден,  тарихи    мағлұматтар    бойынша, екіншіден, тек   кәрі  ағаштардың   жылдық   сақина   белгілерінен, және   үшіншіден, көл  түбіне   шөккен   батпақ    қабаттарынан  көрінетін   климаттың   құбылу   деректерімен   анық   сәйкес  келеді.   Көп  ғасырға   созылған   бұл  кезеңнің  соңғы     шегі   ХVІ  ғасырға   келіп   тіреледі. Сол  уақыттан  бері   Балқаш   көлінің    деңгейі   7 метрге    төмендеген. Көл  деңгейінің  ғасырлар  бойғы    ауытқуы   3-4 метр  болған.   Мұндай  арнадан  асу    кезеңі    Балқаш   көлінде    1908-1910  жылдарда,  су  деңгейі 3,5 метрге дейін   көтерілген. 1946  жылы   көл   суының    деңгейі      күрт   төмендеп   кетті,  ал 1961  жылы  қайта   көтерілді, бірақ  жайылу  көлемі   бұрынғысынан   азырақ  болды.  Сол  кезден  бастап  көл  деңгейі    төмендей  түсуде. Көлдің    суы   неге   тұщы,  осыншама     климаттық   күрт    ауытқуларға   қарамастан  көлдегі   жан-жануарлардың   көптеген   түрлері   қалайша   сақталып  келген ?

Балқаш   көлінің    маңызды    бір  ерекшелігі —   көлемінің   өте    үлкен   екендігіне    қарамастан   тым  таяз: көлдің   орташа  тереңдігі     алты   метрге  жуық.  Сонымен  бірге    оның   солтүстік    жағасы    тік    жарқабақты  жағасында  онша   байқала   қоймайды,  оңтүстік    құмдауыт    жағасының    көп  жерлері   құрғап  қалады.   Балқаш   айдынында    жыл  сайын     бір  метрлік   су   қабаты   суланып  кетеді.  Көл   көлемінің    бұлайша   қысқаруы   булануға    кететін     судың   мөлшерін     азайтады, сөйтіп  көлге    ағып   қосылатын   су  мен  буланып  ұшатын   судың    арасындағы   баланс   ұдайы   сақталып  отырады.  Мұндай  құбылысты   ғылымда  гомеостаз  деп   атайды.  Балқаш   тағы  Ұзынарал  бұғазымен    екі  бөлікке    бөлініп  жатыр.  Бұғаздағы  судың  ағыны    бір  бағытта:  батыстан   шығысқа   қарай    ағады. Сондықтан   да көлдің    үлкен     батыс   бөлігі   ағынды   болып   келеді  және Іле   өзені    алып   келетін    тұздар  мұнда    шөкпей, шығыс   бөлігіне    қарай  кетеді.  Бірақ  ең   таңданарлығы, мұнда   судың   тым  көп  сортаңдануы   байқалмайды.  Бұл  жөнінде   Балқаш  көлін  зерттеуші, белгілі    ғалым М.Н.Тарасов   былай   деп  жазды: “…өзендермен,  жер  асты   суларымен  ілесіп  және  атмосфералық   жауын-шашын     арқылы   Балқаш    көліне   аса   көп   мөлшерде  тез  ерігіш    минералды  тұздар   түсіп  тұрады.  Мысалы, өзен  суларымен   көлге  жыл сайын    4,07 млн.  тоннаға   жуық  тұздар   жетеді, жер  асты    сулары   1,35 млн.  тонна  және    атмосфералық    жауын-шашын 0,31 млн.  тонна   тұз   алып    келеді.    Ал  барлығы  жылына  көлге   5,73  млн.  тонна    тұз  сіңеді.  Жыл  сайын  осындай   мөлшерде  түсіп  отырған   жағдайда  қазіргі    кездегі    көлдегі  еріген   тұздың   мөлшері – 305 млн.  тонна  – небары  53  жылдың  ішінде  ғана   жиналуы  мүмкін.  Алайда   көлдің   қазіргі    тұздық  қоры     мен   жоғарыда  айтылған   дер    есебінен   иондық  ағыс   арқылы  жиналуы  мүмкін  болған   аз  ғана   уақыттың  арасындағы   сәйкессіздікті  тек   қана   көлдегі   тұздың   ұдайы  азайып  отырғандығымен    түсіндіруге    болады.   Мұндай   азаю  түрлерінің  бірі,  сөз  жоқ, – көлге   ерімейтін    қосындалар    түріндегі   карбонаттардың   тұнба   болып  түсуі…”  Енді     көлдің     батыс   бөлігіне   кальцит,   ал  шығыс  бөлігіне – көбіне  доломит   тұнатындығы  даусыз   ақиқат   болды.   Карбонаттардың  көл   түбіне   тұну   процесінде,  сондай-ақ,  планктон   мен  жануарлар.   Өйткені   бұлар    өзінің    тіршілік     қажеті  үшін    судан    тиісті  тұздарды   бойына   сіңіреді  де,  өлгенде  көл  түбіне   шөгеді.

Міне,   осымен  Л.С.Бергтің   “географиялық   ғажайып   құбылысының”  сыры    шешілген     де  сияқты   көрінеді.   Бірақ  бұл   әлі    түбегейлі   пікір    түю   жеткіліксіз.   Балқаш   деңгейі  қайта   көтерілгенде    көптеген    жаңа    шығанақтар  пайда   болады.  Бұл  жыл  сайын     осылай    қайталанып   тұрады, анығырақ айтсақ, Іле өзендерінің суы   тасып  Балқашқа   жеткенде  осылай   болып  тұратын.  Қазір  бұл  процесс  күрт  баяулады. Сонымен   қатар   қамысты  қопалар   да  бойына    көп  тұз сіңіріп отырған. “Балқаш   құпияларының” әлі    де  анықталмаған  көптеген сыр-себептері  болуы   әбден   ықтимал.   Өйткені   табиғаттың   беймәлім    сырлары   шексіз  ғой,  бойындағы     жұмбақтарын    неғұрлым     көбірек  шешкен сайын   ол   бізге   жаңа    құпияларын  соғұрлым   молырақ   жая   түседі. Ондағы   барлық    тыныс-тіршілік   өмірдің    дами   және   баии  түсуіне   бағышталып    үйлестірілген.  Мәселен,   Балқаш   балықтарының     уылдырық   шашатын    жерлерінің   мезгіл-мезгіл   құрғап   қалып   отыруының   өзі   судағы   өсімдіктердің    шіріп,   көлдің    түбін  органикалық    заттармен    байытуына,  майда   балықтардың   азықтық   қорын    молайта    түсуге   мүмкіндік   жасайды.     Міне,   табиғат тіршілік   тынысын   осылайша     қалыптастырған.

 Көл  жұмбақтары.  Балқаш – өзіндік   дара қасиеттері  мол  ерекше  көл. Оның  шөл   даладағы  бүкіл    күрделі   де  қиын   тыныс-тіршілігі  өз   бастауын  Іле   және  Жоңғар  Алатауларынан,   Тарбағатайдан   латын   тау   өзендерімен   терең    тамырлас,  бұлар – Іле,  Қаратал, Лепсі, Ақсу, Аягөз. Бұлардың   барлығы   дерлік     көлге    оңтүстіктен  келіп   құяды,   ал  өз    арналарын   26  мың   ұсақ   өзендер  мен   бұлақтар  арқылы    біртіндеп    толтырылады.   Көлдің    аумағы   ондағы   судың   деңгейіне  байланысты   күрт   өзгеріп    тұрады,  ол  он  бес,  жиырма  мың  шаршы   километр  болады.  Ал  көлдегі  су  көлемі   жүз   миллиард   текше  метрге жақын.Бұл   қазаншұңқырдың   тек   шығысынан   ғана   ұдайы    ұйтқыған  долы   дауыл   соғатын    жіңішке   Жоңғар   қақпасы    ашылды.

Көл  тіршілігі   судың   әрбір тамшысынан  табуға  болатын  ең  ұсақ   өсімдіктерден   басталады.   Барлық   өзен, теңіз, мұхиттар  мұндай  өсімдіктерге   бай.  Олар  Жер  атмосферасына   берілетін  бүкіл  оттегі мөлшерінің   жартысын  бөліп    шығарады,  ауаны  көмір   қышқыл   газынан, ал   суды   мөлшерден  тыс    минералдық    заттардан    тазартып отырады.  Бұлар – көзге   көріне   қоймайтын,   фитопланктон   деп  аталатын  бір  клеткалы  өте  қарапайым    балдырлар.  Егер  суды   мұқият     сүзсе,  бұл  балдырлар   өсімдік     шырышы   сияқты   әсер   қалдырады.   Оларды  фотосинтез   нәтижесінде   бастауыш   органикалық  өнім болып   пайда   болады.   Бұлар   көмір  қышқыл    газы, су,  минералдық   тұздардың   қосындысын  түзеді,  күн  энергиясының    көмегімен   глюкоза   жасайды,  сөйтіп осылайша тіршілік   үздіксіз жалғаса  береді.  Балқаш  суының  әр  текше   метрінде  осындай  балдырлардың  300  мыңға дейін  клеткалары болады. Бұларды  әрқайсысының   салмағы  бір  грамнан    аспағанымен,  барлығын   қосып   алғанда  көлдегі  тұрақты    биологиялық     массаны  100  мың   тоннадан  астам.  Ал  тәулік   сайын    мұндай  әр  клетка   екіге  бөлініп  отыратындықтан  көлде    тәулігіне   200  мың   тоннадан    астам  органикалық   заттар   пайда  болады.   Жаз  бойы   олар  миллиондаған   тоннаға   жетеді.  Олар тек су жануарларының азығы ғана болып қалмайды. Адам  баласы   оны  басқа   да  мақсаттарға  пайдалануды     үйренуде. Балқаш  көлінен  бір  клеткалы  балдырлардың  200-ге  жуық  түрі  табылды.  Олардың  ішінде   кремназем   қабыршағымен   жабылған   диатомды   балдырлар  кездеседі.  Олар  негізінен   көлдің   түбін  мекендейді  және  маринка  балықтарына    қорек  болады.  Қоректік   жағынан   ең   бағалы  көк   балдырлар  көлдің    тұщы  сулы   батыс  бөлігінде   көбірек  кездеседі.Судың тұзы көбейген кезде  олар  біртіндеп    жойылып, басқа  құрамды  заттарға  айналады.  Көлде  ұсақ балдырлар арасында  майда  тірі  денелер  де  жүреді. Олар– ескек  аяқты  және   бұтақ  мұртты   ұсақ  шаяндар,  құбылма және   қарапайым   жәндіктер. Судың  әр текше  метрі осындай   жүздеген   мың  ұсақ  организмдерге толы. Түнгі  мезгілде  олар  көл   бетіне  көтеріліп,  тым  ұсақ  балдырларды  жейді, бірақ   сонымен   қатар   суды   арнайы   сүзігіден   өткізгендей  етіп   тазартып  кетеді.Бұл–зоопланктон. Оның көлдегі биологиялық массасы  200 мың  тоннаға  жуық,   жылына  бірнеше  рет  тұқым   жайып,  өте  тез  көбейеді. Сөйтіп, балықтар және  омыртқасыз жәндіктер  үшін  миллиондаған  тонна  қоректік азықтар пайда  болады.

Көлде  зоопланктон  арасында  аквариумдық  майда  балықтарды жақсы  білетіндерге етене   таныс  дафния  өте  көп. Ырғып  қозғалу  ерекшелігіне  орай   оларды  “су  бүргелері”  деп  те  атайды.  Ұзындығы  2  миллиметрге ғана  жуық  мөлдір  түсті   бұл  тіршілік  иелері  басқа   да  су  тазартушы жәндіктермен  бірге  жыл   ішінде  суды  ондағы  көптеген  еріген  заттардан тазартып, бүкіл  көлді  бірнеше  рет   сүзгіден   өткізіп  шығады. Көлдің  тіршілік  дүниесіндегі  келесі  бір буын – су түбін мекендейтін омыртқасыз жәндіктер. Бұлар – ұсақ  құрттар, инеліктің, сары  масалар  мен  моллюскалардың  личинкалары  сондай-ақ  су  зерттеушілер    хирономидтер  деп  атайтын  ұсақ  масалар.  Бұл  масалар  небары  бірнеше күн ғана  өмір сүреді, ал  олардың    личинкалары  бір  жыл  бойы  сақталады, сөйтіп, балықтарға  азық  болады және   өлі  органикалық  заттарды   бойына  сіңіріп, су  құрамын  тазарта  түседі. өте  қысқа  мерзім    ғана   тіршілік  ететін    насекомдар  (поденкалар)  да  көлде   осындай   қызмет   атқарады. Олардың  личинкалары суда  үш  жылға  дейін  өмір  сүріп, балықтарға   қорек  болады. Ал  тірі  қалғандары  жаздың   бір   қолайлы    күнінде    жеті  көзді,  қанаты  кішкене     бір    мақұлыққа   айналып   судан  ұшып  күн  астында  бір  ғана  тәулік   өмір  сүреді.

Балқаш  көлінің   жұмбақтарының  бірі – мұндағы  моллюскілердің  басым  көпшілігінің   құрып  кеткендігі. Олардың көлді  бұрыннан   мекендейтін  сақталып  қалған   оншақты   түрі  өзен    атырауларында,  судың   тым   таяз   тұстарында,   су  астындағы  тас   қуыстарында  ғана  тіршілік етеді. Сондықтан   да  бұлармен  балықтар  өте  сирек   қоректенеді. Ихтиологтар осы  жағдайға   назар аударып,  Балқаш  балықтарының  азықтық   қорын  жақсарту   мақсатында  1965-1966  жылдары   көлге    “түрлі-түсті монодакна” деп   аталатын   Дон   моллюскілерін    әкеліп   жіберді. Бұл  моллюск  көлдің    суы  тұщы   бөлігінде  тез  жайылып,  балықтарға жақсы  қорек  болды. Көл  түбін  мекендейтін  жәндіктер  түрлерінің   көптігіне   және   оларды  басқа  сулардан  әкеліп   тарату  шараларына   қармастан,  Балқаш  көліндегі  балықтардың   азықтық   қоры   әлі жұтаң. Сондықтан  да  Балқаш  суының әр  гектарының   өнімдік  түсімі  төмен.  Ең  түсімді  жылдарда  ол  он  килограмға  ғана  жетті.  Арал  және  Каспий   теңіздеріндегі, сондай-ақ   басқа    да  тұщы  сулардағы      тәжірибе  Балқаш  көліндегі  әрбір су  гектарының   балық      түсімін   үш  есеге    дейін   көбейтуге  болатындығын     көрсетіп  отыр.  Бірақ    бұл   үшін  қазіргі   балық  аулау   тәсілдерін  ғылыми   негіздерге  сәйкес     мейлінше   дамыта  түсу   қажет,  яғни    балықты   мол  аулау   үшін   оларға    алдымен    мол   қоректік   қор  жасауға   көңіл   бөлу  керек.  Баяғыда   бір  аңшы   мал     бағумен   айналысуға  көшіп, ет  өндіру жөнінен  үлкен    табысқа  жеткен   екен. Балықшы  да   сол  сияқты,  ол  тек  оны  аулаушы   ғана  емес, сонымен   қатар  өсіп-өнуіне  жағдай  жасаушы   да  болуға  тиіс.   Балқаш  көлінде   оның   тағы  да  бір   ежелгі   мекендеушісі– Балқаш  алабұғасы  немесе   Шренк   алабұғасы   құрып  кетті. Ол  да  осы   географиялық   ауданда   маринкамен  бірге,  қатар  тіршілік   еткен,  солармен  бірге   балық  кәсіпшілігінің басты  обьектісін құраған   екеуін  қосқанда  жылына  көлден 54  мың  центнер  балық  ауланып  отырған.   Балқаш   алабұғасы  –  әдеттен    тыс   жыртқыш   балық,  өйткені  ол  негізінен   өз  тұқымдастарымен    қоректенеді,  яғни  аса   рақымсыз    жыртқыш,  каннибал. 1943  жылы  402  алабұғаның    асқазанын   жарып,  зерттеп    көргенде  олардың   394-інің   ішінен  ұсақ   алабұға,  тек   бесеуінен – сазан   және  үшеуінен  салпы  ерін   балық    (губач)  шыққан.  1944-46  жылдары  Балқаш   алабұғасының    890-ының   асқазаны   тексерілген,  бірақ   жағдай   тағы  дәл   бұрынғыдай    болды.    Бұл  табиғатта   өте  сирек    кездесетін   құбылыс– жыртқыштар  “бейбіт”   балықтармен    қатар   тіршілік   ете  жүріп,  оларға    мүлде  тимейді,  керісінше  өздерін-өздері  жейді  және   ең   таңданарлығы – ұрпағы  көбейіп,   жап-жақсы   өсіп-дамиды.  Алайда  бүгіндері  олар  көлде    өте сирек   кездеседі. Мұнда  тіпті   кішкене    торта  балығын   ұстап  алу  да  оңай  емес.

Бұған  қоса  Балқаштың  байырғы  мекендеушілерінің   ішінде   Штраухтың  губачы  және  бір   түсті  салпы  ерін  бар.

Көлді  мекендейтін  балық  түрлерінің   осындай   аса   кедей  екендігін  1884  жылы-ақ  А.М.Никольский  байқап,   Балқашқа  сазан   жіберуді   ұсынған  болатын.    Бұл  ұсынысты   кезінде   ешкім   қолдаған   жоқ,  өйткені   онда   көлдің    балық  қоры    әлі   игерілмеген  болатын.  Алайда, 20-шы   ғасырдың   басында   сазан    көлге   кездейсоқ  келді  деген  Никольский  ұсынысының негізділігін      дәлелдейді.  Біраз  жылдар   бойы   Балқаштың   басты  балық  қоры   осы   сазан   болды.  1941  жылы  мұнда     128 мың  центнер  сазан   ауланды.  Балқаш  көлі   бұл  бағалы   да  қажетті    балықты   өндіру    жөнінен   Қазақстан   бойынша   жетекші  роль  атқарды.

1928  жылы  көлдің   балық   қорын  зерттеуді  бастаған  П.Ф.Домрачев  онда  сазан  мен  ұсақ  алабұғаның   тым   көбейіп   кеткендігін  анықтап,  суға  көксерке  балығын   жіберуді   ұсынды.  Бірақ  бұл  ұсыныс   көпке   дейін   ұмытылып   қалды,  ал  1933  жылы  көлге  Арал   теңізінен   289  ересек   шип  (пілмай)    жіберілді.   Құртпа    калуга,   сүйрік  сияқты   шип  те   бекіре   тұқымдас  балықтарға  жатады.  Бекіре    тұқымдас   балықтардың  қорын   молайту – ихтиологтардың   ежелгі  арманы. Алайда  бұл – қыңыр  балық,  оның   жыныстық   жетілу  кезеңі   тек   12-14  жасында   ғана   басталады,  мекен     алмастыру   және уылдырық   шашу    жолдары   анағұрлым  ұзақ.

Балқаш  шипі    уылдырық  шашуға    Іле   өзенімен   жоғары   өрлейді.  Оны   аулауға  өткен   жылдар   ішінде  не   мүлде   тыйым      салынып,  не   мейлінше  шектеліп   отырылған.  Ауға  түсіп   қалғандарын   балықшылар   босатып  жібереді,   бірақ   оның   ұсақтарының   денесіне  аз  ғана  зақым   келсе   болды,  тез  өліп  қалады.

Балқашта  жүз  килограмға  дейін  салмақ    тартатын   бірлі-жарым  ірі   шиптер   кездесті,  бірақ   ол  әлі   көбейіп   кете  алған  жоқ,  өйткені    көлде   онымен   қорекке  таласатындар, әсіресе    табан   балықтар  көп.  Алайда    шипті    Балқашта   тарату    қиыдықтары  да,  оны   аулауға    тыйым   салу   шаралары    да  бұл   бағалы  балықтың    әйгілі    қара    уылдырығына   қызыққан   браконьерлерге    тежеу   сала  алмай   келеді.

Шиптің    азықтық   базасын  да  нығайта  түсу   қажет.   Ол  негізінен    моллюскілермен    қоректенеді,  бірақ  Балқаштың    лай    суында    тіршілік   етуге    қолайлы    мүмкіндіктер   бола   тұра   олардың   монодакнадан   басқа    түрлері   көлге    жіберілмей  келеді.Өзен,  не  көл    суы   неғұрлым   лайлы  болса,  моллюскілер  шоғыры    онда соғұрлым   тезірек   көбейеді,  өйткені   бұлар   сүзгіге   ілігетін   ұсақ клеткалармен   қоректенеді.  Олардың   табиғаттағы   атқаратын   ролі    таңданарлық:  20- 25   қарапайым  моллюскі  бір     тәулік    ішінде  400  литрге   жуық   суды   тазартады,     яғни    бұл   бір  адамның    тәуліктік    барлық   тұрмыстық  су    қажетін     өтей  алатын    мөлшер.    Насос    станцияларыда  тым   қатты    лайланған   судағы   моллюскілер  тез  көбейеді  де,  өз  міндетіне     адал   санитар   ретінде  су   қақпаларының   сүзгі     торларын  бекітіп   тастайды.   Осы  себепті  де  көбінесе    ол   зиянды   деп   теріс  түсіндіріліп  келді.

Соғыстан  кейінгі   жылдарды   Балқаштан    балық   аулау     жұмысының   ауқымы  күрт   азайып   кетті.  Бұл  бір   жағынан  тым  көп   аулап   жібергендіктің  салдары,  ал  екінші    жағынан   көлдегі     балық    түрлерінің    аздығынан   деп   түсіндірілді.  Ал  мұны     көбейту     үшін  1949  жылы  Арал  теңізінен   табан    балық      әкелініп     жіберілді,   ал   1957-58  жылдарда     Жайық   өзенінің  төменгі     ағысынан  әкелінген  көксерке,  онымен   бірге   сынап   көру    үшін    көлге   тағы  да  бір  жыртқыш   балық –  ақмарқа  жіберілді.  Бұлармен    қатар   көлде   “кездейсоқ”   басқа   жыртқыш – беріш   және   жайын    пайда  болды.  1965  жылы  Билікөл   көлінен   торта  шабақ, онан  соң  амур  әкелінді. Балқашта   бұлармен     басқа  Алматы  тоғандарынан  амур  комплексіне  жататын  уылдырықпен   қоректенуші   балықтар  да  тап  болды.  Бұл   балықтар    Алматы   тоғандарына    ақ  амур   әкелінгенде  кездейсоқ    түскен  болатын.   Балқаш   көліне    оның   түпкі    салдары     қандай   болатындығын   ойлап   жатпай-ақ,  кез-келген   балық   түрлері   жіберіле  берген.  Әлдекім   бір  демалыстан  оралғанында   өзімен  бірге   шаян   ала  келіп,  оларды    көлдің   батыс   жақ  бөлігіне   жіберген.  Енді   біреулер   көлге  креветкаларды   алып  келген.

Белгілісі   тек – балық   түрінің   жиырмадан    астам   екендігін    және   олардың    көпшілігі        не   жыртқыш,   не  уылдырықпен  қоректенетін  болып  келетіндігі. Бұл  орайда  Балқаш    көлі   үлкен    сынау   “полигоны”  іспетті   көрінеді,  мұндай    эксперименттер  басқа   ешбір     жерде   жасалып    көрген   жоқ.   Әрине,  бұлай   етуге   болмайтынын   білдіріп     тұратын     нәтиже   болып   табылады.  Алайда,   тәжірибе   арнайы   лабороторияда   жасалып,  теріс   нәтиженің    сонда    дәлелденіп    жатқаны   жақсы   ғой.  Ал   мұндай    тәжірибе    табиғаттың    тікелей  өзіне,  кең     көлемде  жасалып   жатса,  бұдан   келер   зиянды   есептеп  айту   да  оңай  емес.

Балқаштың   тіршілік-табиғатын   өзгерту   жөніндегі   осынау   барлық   іс-әрекеттердің    ішінде   көлге   көксерке   жіберу    сәтті   нәтиже     берді,  ол   тез   көбейе   қоймайтын  ұсақ   алабұғаны   құртып   жіберді.  Мұнымен  қатар,  1962  жылдан  бастап,  көксерке    жаппай   көбейген    кезде   көлден   жылына 127  мың  центнерге    дейін   сазан   ауланып   отырды. Көксерке  басқа   балықтарды  өзінін   тіршілігіне  қажет   мөлшерде  ғана   жейді, ал ақмарқа болса – қойға  тиген   қасқырдай   құйрығымен  бір  топ   балықты   бір-ақ   ұрады.  Жайын   қорек    талғамай,   кездескенін   түгел  қылғи   береді,  бірақ   оның    жаулары   жоқ.   Ол  негізінен    өзінің   уылдырығын    қорғаумен    болады.   Ал  сазан     уылдырық   шашқан    соң   жөніне  кетеді.  Сазанның  маңына    торта   шабақтар   да  уылдырық   салады,  бірақ   олар    сазанның  уылдырығын  кезіктіре   қалса   құр  жібермей,  жеп  қояды.

Көлдің   табиғи    жұмбақтарының   бірі –  балқашидттер,  немесе   сапропельдің – көл  түбіндегі   шірінділер  шөкпесінің   өзіндік    ерекше    түрлері.  Бұл   бірегей  заттар   басқа  ешқайда   кездеспейді.  Күкіртті   сутегінің    әсерінен    шіріген   балдырлардан  пайда  болады.

Балқашит   жаңа   ашылған,  отызыншы   жылдарда   оған   көңіл   бөлініп,  Алматыда  өткен    ғылыми  конференцияда  (1931 ж.)   Я.П.Беликов   былай  дейді:   “Балқашиттің    қандай   маңызы   бар   екендігіне   Германияның  тәжірибесінен   көз   жеткізуге  болады.   өздеріңізге    белгілі,  Германия  сырттан   әкелінетін  сұйық    отынды    пайдаланып   келді   және  қазір   де  солай.   Импералистік    соғыс   кезінде   отын   жеткізілетін  жолдар   кесіліп   қалды… Соңынан   анықталғанындай,   немістерді   бұл  қиындықтан   сапропелиттер  құтқарған.  Бұлар   химия   өнеркәсібінің    негізін   құрап,  сұйық   сапропелит   отынын  өндірудің  шикізат   базасына  айналған”.

Шынында  да  прогресс  жолы   көз   жеткісіз.  Тіпті   қазіргі   қажеті  жоқ   сияқты  көрінетін   табиғат  байлықтарының   қайсысы   және   қашан    болашақта   біздің     керегімізге  жарайтындығын   болжап    айту қиын. Ал  мұны    айқын   білмегендіктен     табиғатта    бар  нәрсенің бәрін   де  сақтап   қалуға   тырысқан  жөн.  Мәселен,    бүйілердің    табиғатқа   зиянды   шегірткелердің   құртып  жіберетіндігі,  ал   жыланның   уы  медицинада  пайдаланылатындығы   белгілі.

Балқаш  көліне    байланысты   үміт    үзгендей   ештеңе   жоқ. Көлде   әлі  де   пайдалы  тәртіп   орнатып,  оның   бұрынғы   даңқын   қайта   шығарып    қана   қоймай,  тіпті  еселей   түсуге  де   болады.

Балқаш   жағалаулары.  Балқаштың  жиегі    мұндағы  көптеген   аралдарды   да   көмкеріп жатыр.  Балқаштағы  ең  тамаша    аралдардың   бірі  көлдің   солтүстік-батыс ауданында жатқан Тасарал. Мұнда тораңғы,  ақ  тал,  құрақ  өседі. Үлкен   құрақ   алаңдарының  экологиялық  және  табиғи  орта  құру  факторы  ретіндегі   маңызы   өте  зор.  Әсіресе  олар  ормансыз  және  шөлді   аудандар  үшін  құнды,  ал  Балқаш  өңірі   үшін   құрақ   өскіндері  Россия    үшін    орманмен   тепе-тең,   өйткені     олар   көмір   қышқыл  газын   сіңіреді,   оттегін  береді  және  жыл  сайын   биологиялық   масса  түрінде   орасан    мол  энергия  жинайды.  Бұл   энергияны   біз   әзірше  пайдаланбай   жүрміз,  өйткені   көмір,   мұнай,  газ   сияқты  ескі,   үйреншікті  қормен  тіршілік  етіп  келеміз. Балқаш   құрақтары   көлдің  су  режимін   реттеп,   көктемгі   су  тасқыны  кезінде  су  қорын   жинап,  аңшылықта   оны   қайтып   беретін-ді.  Құрақ   арқылы  сүзілген  су  лайдан, өлі балшықтан,  органикалық  және  улы   заттардан   әбден   тазарып   шығады.  Құрақ  жасаған   қою   тор   судың   тұздылығын  кемітетін,  оны   оттегімен   байытатын,  фаунаның   өсіп-өрбуіне қолайлы  жағдай жасайтын  ауа мен суды   қатар   алып   жататын   тамырларын  кең   жаяды.   Жабайы     сұр   қаз,   үйрек,  аққу,   көк  құтан,   қасқалдақ,  ондатр,  қабан, солонгой және    басқа  да  толып   жатқан   құс-жануарлардың  тіршілігі   Балқаш   құрақтарымен   байланысты.

Құрақ – қағаз  және  картон   өндіру  үшін    бағалы  шикізат.  Ондағы  целлюлозаның   құрамы   32  процент.  Бұл,  әрине,    ағашқа   қарағандағыдан  недәуір   аз,  бірақ   орманның   жыл   сайынғы   өсу   қарқынын   гектарынан  40  тоннаға  дейін   өнім  беретін   құрақпен    салыстырсақ,   аумағы  бірдей   алаңнан   құрақ  есебінен    қағазды   ағашқа  қарағанда  50  есе  артық  алуға  болады.

Дегенмен   соңғы  70-80  жылда   оның   алаңы   он  есе   қысқарды.  Осы  уақыт  аралығында,  әсіресе    соңғы   он  жылда,  Балқаш  көлі   суының   деңгейі   үш  метрге  төмендеді,  мұнымен    қоса   құрақ    өсетін   алаңдар   да   күрт    кеміді.   Саяз   сулы   шығынақтардың    көлемі  де  мың   шаршы   километрге     азайды,   Іле   атырауы    құрғап,  жыл  сайын    құрақ    өртке   тап  болуда.  Құрғап   кеткен  алқаптардағы    купактар  ғана  емес,   тіпті   жердің   өзі   де   өртенуде.  Бұл  дегеніңіз   жан   түршіктірерлік   көрініс,     ал   бұдан  да   сұмдығы – күшті    өрт   шалған   аралдар  жасыл  жамылғысынан  айырылып,  қаңыраған  шөлге   айналып  кетті.

Шөлдегі  көктем. Күн  көзінің    көз  шағылыстыратын   сәулесі,  ми   қайнатқан  ыстық   ауа,   көкжиекте   толқындалған   көкшіл   сағым,  Балқаш   өңірі   ен   даласының   жабырқаңқы  тыныштығы–міне, осының  бәрі  ұлы     үнсіздікке   толы   мүлгіген   шөлді  еске  салғандай.

Міне,   кезекті   құлама   жотаның   аржағынан  жанға   жайлы    қоңыр   салқын  самал   бетке  ұрады,  өлі  тыныштықты  су   тасқынының   гуілі жарып    жібереді.  Көк  шегірткенің шырылы мен   қараторғайдың  әнімен құлақ   тұнса,   бұрқанған  су     тасқынының  шалпылы   жолаушыны   сиқырлап,  көз   тартарлық   әсерімен   баурап  алады.

Көктемгі  су  тасқыны   Балқаш  өңіріндегі  жылдам   өтіп   кететін,    бірақ  ең   жарқын   да   салтанатты     құбылыстардың  бірі.  Табиғаттың   мұндай   тамашасы   ен  дала   қызыл,  сары,  жасыл  бояуларымен   көз    нұрын   алатын    қызғалдақ   пен   қараған   гүл    жарған   апрель-май    айларында   ғана   болады.  Бұл  мезгілде  шөл    ерекше  бір   сәнге   енеді,  өйткені   ол  жылына    бір-ақ рет – Балқаштың  қысқа   көктемінде  ғана  гүлге,  жасыл  желекке  оранады.

Осы  мезгілде   көптеген  ойпаттар   мен   тақырлар   қар  суына    толып,    аты-жөні   жоқ  көлшіктер  пайда   болады  да   оларды   тез   арада-ақ  үйректер   мекендеп  алады,  ал   жиектерінде  қос-қостап   маңғазданып  ақбас  тырналар   жүреді.  Аракідік    ақбөкендердің   шағын   табындары  да   кездеседі.

Бұл  кезде   шешек   атқан   қарағанның  исі   сіңген  ауа   да   жұпардай   аңқып,   тап-таза  болады,  тіпті   сонау   алыстағы     көкшіл   мұнар   тартқан  сүйір   басты   таулар   дәл   қасыңда   тұрғандай.

Шоқырлар   біресе   қызғылт,   біресе   қара,  енді  бірде   ақ   түске   еніп,   кейде   тіпті   эфемерлердің  жасыл  кілеміне  немесе    ақшыл   өңді   жусаңға    оранып   жатады.   Мына   жерде   боз  бен   шидің    күміс     толқындары,  ана     жерде   сары   балшықты    тақыр   немесе   қоңыр   қиыршық   тасқа   толы   алаң.  Ал   өзеншелердің    жиектерінде   ашық   қызыл   күрең   гүл   шоғырлары    бар   тал    шоқтары  мен  жыңғыл   аралшаларын    көресіз.

Шілдеде,   эфемерлер   гүлдеп    болған    кезде,  шөл   көмескіленіп   қалады.  Әдетте  ешқашанда    солмайтын   баялыштың   қатты  бұталарын   жамылып,   құба,  сары-сұр  түске  еніп  жатады.  Ауа   сағымнан   көкжиек  мұнарланып,   күңгірттенеді.  Уақытша  көлдер    құрғап,   сорлардағы  ойпаттардың   үстіне    мамық     ақшақардай     жұқа    тұз    қабаты    қонады  да   тіршілік    қолайлы   күн   туғанша    күшін   сақтау   үшін   бір  сәт  тына  қалады.  Дегенмен   жазғы    құрғақшылық    пен   аптап    шөлдің      ежелгі    тұрғындары – аборигендерінің     өмірі    үшін   аса   қауіпті  емес,  өйткені олардың    үйі де, туған    стихиясы   да  осы. Мың-мың  жылдық    эволюция     оларды   осындай    қатал  жағдайға  әбден   көндіктірді.  Өсе   келе   сұлу   да  сымбатты аққуға айналған   ертегідегі   сүйкімсіз     үйрек    балапаны   сияқты   шөлдің   де   құлпырар  уақыты  келеді.

Табиғат   өмірбақи   жаңара   береді.   Шөлді    көп    кезген адам   қоршаған    ортаға   асқан   бір   ілтипатпен  қарайтын   болады. Демек,   көптеген   күтпеген   тамаша   да  ұнамды  жаңалықтарды ашудың   қайнар   бұлағы   осында   жатыр   деген  сөз.   Шөлдің    мұңды    мылқау  көріністері,  қарапайым    пейзажының   өзі   бұл  жерде   өте  сирек    кездесетін   көгорайға,  оазистерге  деген     таңданарлық   әсерлерді   күшейте    түседі.  Табиғаттың   әсемдігінде    шек   жоқ,   бұл  әсемдікті  кез  келген    жерден  табуға  болады.

Ерте   көктемде  қар   кетісімен-ақ  күннің   көзі  қыздырған    төбешіктерде.  Балқаш  қаласына    жақын   жерде   бәйшешектер    шығады.   Бұл   жерлерге   балалар   да   ересектер  де    шұбыра   жөнеледі. Көктемгі   шөптердің   хош   исін     әбден   сіңірген   таза    ауаны    кеуде    кере    жұтқаны   бас   айналдырады…  Дала   исі    әрқашанда   ерекше,  оны    ұмыту   мүмкін  емес.

Қызғалдақ – ғажайып   өсімдік   және  тек    әдемілігімен   ғана  емес.   Ылғалы   тапшы шөлді   жерлерде   қызғалдақ  өзінің     баданасын    жарты   метрге   дейінгі   тереңдікке   тығып    тастайды.  Өсіп   жетпеген  немесе   өз  тұқымынан   өрбіген    бадана   үлкен    тереңдікте,    ұшында    түйнек-бадана қоректенетін   заттар   қорын   мол   жинайды.   Келесі   жылы   осы    процесс   тағы   да    қайталанып,   жаңа    түйнек  әрі   қарай    бойлай  береді   де,  ескісі  өледі.

Голландиялық   қызғалдақты   мақтаныш   тұтады. Бірақ,   Голландия   қызғалдақтарының   шөлді   аудандардан   ауысып   келген  өсімдік    екенін   жұрттың   бәрі   біле   бермейді.  Қызғалдақтар   мұнда    бұдан   үш  жүз   жыл    бұрын    келіп,    әбден  көндігіп кетті. Оның   жабайы   формаларынан   көптеген   баулық түрлері  шығарылады.  Көктемде   шөлде   өсімдіктің  тағы  бір  сирек  кездесетін  түрі­­­ –шайыр  бой  көтереді.   Малшылар   оның  әр  жапырағын   жинап   кептіреді  де   жемге  қосып,  малға    береді.

Шайыр – көп   жылдық    өсімдік,   бірақ  тек   тұқымынан   ғана   өрбиді.  Көктемде   ол  тамырына   жақын   бірнеше   жапырақ   шығарып,   көп   ұзамай   бағана   іспеттес  гүл   сабағын   көтереді.  Гүлсабақ   өсіп   жетілісімен     тұқымын   жел   ұшырып   әкетеді  де   өсімдік      көзден   ғайып    болады,   жерде  оның   тек   қуатты   тамыры   ғана  қалады.

Шайырдың    жапырақтарындағы   белок   пен  майдың   құрамы   сегіз   процентке   дейін   жетеді. Бірақ   көкмайса   түрінде   оны    түйеден   басқа   мал   жемейді,   өйткені   жапырақтардан   ұнамсыз   күшті  иіс   аңқып   тұрады.  Мұның   есесіне  кептірілген   жапырақтарды   жемге  қосса,    қыстан   әлсіз    шыққан  мал   тез  арада-ақ   салмақ    арттырып,  қоңдана  қалады.

Ерте   кезде   шайыр   дайындау    науқаны   өткізілетін.  Балқаш     тұрғындары   ен   далаға   жаппай   шығып,   төңіректі   мұқият    сүзіп,   шайырдың   бірде-бір   жапырағын   қалдырмай   жинайтын.   Бұл  науқан    ұзаққа   созылмайтын,  өйткені  шайыр   мүлдем  сиреп  кетті.

Шөл  көктемде   аса  бір   тамаша   өңге    енеді.   Жаппай   гүл    атқан    өсімдік      атаулының    шөлді   құлпыртып  жіберетінін  айтып    жеткізу   қиын.  Шөл  өсімдіктерінің     алуан   түрлі   реңін   қазақ    ежелден-ақ  жылқының    түсін   атауға   кеңінен   қолданып   келеді.   Аттың   сұбурыл,  керқұла,  көкала,  керторы , ақбоз,  шабдар,  қарагер,  тағы   басқа   толып   жатқан  түстері    осы    шөл   өсімдіктерінің    реңінен   алынған.  Бір  түстен   екінші   бір    нәзік    түске   көшудегі  бояу   байлығы   деген   осы  емес пе!

Көктемгі   шөлдің    ең   басты   байлығы – су.  Көктемгі   тасқын   кезінде  су   сай-салалар,   құрғақ   арналар   арқылы   төмен  жатқан     жазықтарға    жөңкіп,   уақыт    өте   буға   айналып,   сорлардың  пайда   болуына    әкеліп   соғады.    Шаруашылық     басшылары    бұл  проблема    төңірегінде   көп   ойланып    жүр.  Бірқатар   жерлерде    сайлар    мен    құрғап    кеткен    өзендер    алқаптарында   бөгеттер    салу   арқылы    жайылымдар    мен  уақытша  суаттар   жасалуда.   Көктемде    жайылымдар     суы   мол    жиналады,  ал    жазда   оны  ауық-ауық   төмен     орналасқан      шабындықтарды   суаруға       жіберіп    отырады.    Мұндай  шалғындықтарда      шөп     атаулы,  әсіресе,   еркекшөп,  эспарцет,   беде  ексе   жақсы   өседі.  Ақжал    руднигі   ауданында   мелиораторлар   соны лиман  жасады.  Осындағы    көктемде   ғана   ағатын   Жәмші   өзенінің     алабын   Балқаш-Қарағанды    автомагистралі    кесіп   өтеді.  Жолдың     биік   дуалын   бөгет  ретінде   пайдаланып   қақпа    мен  суағар    жасағанда   орасан   зор   жайылма   пайда   болды   да   шықты.  Енді   су   сорларға   кетіп  текке   шығын  болмайды,  “Қарабұлақ” совхозының   кәдесіне   жарап  жатыр.   Мұнымен  қоса    жер  асты   су  іріккіш  горизонтына   да   қорек  беріп,  Ақжал    және  Ақшатау    рудниктерінің   қажетін     өтейтін   су   қорын   үстей   түседі.   Шөлдің   табиғи    ресурстарын   саналы   түрде    пайдалану   мен   комплексті     құрылыстар   жүргізудің   жарқын   мысалдарының  бірі,  міне, осы.

Шөлдегі  орман.   Егер  Балқаш   өңіріне  ағаш   алқаптарын   отырғызса  климат   жұмсарар  еді,  мал  шаруашылығы   үшін     жемшөп    базасы    едәуір   жақсарар    еді,  Азық-түлік   программасын    орындауға   қатысы   талай    мүмкіндіктер  іске  асар  еді.

Балқаш   өңіріне   бұрыңғы   ормандарды     қалпына    келтіріп,  жаңаларын   отырғызуға    әбден   болады.  Бірақ   алғашқы   жылдары    көшеттерді  қолдан   суарып,   тамырлары   жер  асты    суына    жеткенше   күтіп-баптау    керек.  Сонда  олар   әрі   қарай   өздері    өсіп,   ұрықтарынан  және    вегетативтік    жолмен   жаңа  ағаштар    шығып,  орман   жайыла  түсер  еді.

Балқаш  өңіріне    климат,  әсіресе,   жазда  өте   құрғақ   болғандықтан  ағаш    өспейді  деседі.  Керісінше – бұл   жерде    орман  болмағандықтан  климаты   құрғақ   деуге   де  болады. 1972  жылы   август   айының   басы   еді,  дала    күн   көзінен   күйіп   кетіп   сары-күлгін   түске   енгенде  Жалпаққайыңда    ақ   балтырлы   қайыңдар    жапырақ  жайып   көгеріп,  тұщы   бұлақтардан  су     ағып  жатты,   қадам   басқан  басқан   сайын  саңырауқұлақтын   бірнеше  түрі    кездеседі.

Табиғат    пен  климат   ешқашан   да   бір-біріне   кереғар   келіп   көрген   емес  және     адамдар   далаларды    жыртып,   егістікке  айналдырғанға   дейін   шөп  те,   жануарлар   да  көп    болатын.  Ең  қатты   құрғақшылықтың   өзінде  де    даладағы   шөп   күнге   қурамайтын,  өйткені   мыңдаған    жылдар     бойы      шөптің    тамырлары   мен  топырақ    жымдасып, ұйысып   жатқан   қалың   шымға   өсетін.    Сол   шым       даланы    жаздағы    ыстықтан  да,   қыстағы суықтан  да   қорғап,   киіздей    бүркеп   жатты.   Осы    жамылғының   астында    топырақты  үздіксіз   құнарландырып   жататын    микроағзалар   мен   жәндіктер  өмір    сүрді.    Ең  бастысы – шымның   астында   ылғал    жақсы    сақталады.   Қураған     тамырларың    орнында    қуыстар   пайда   болып,      жаңбыр   суы    мен  қар   суы    солар   арқылы     топыраққа   сіңеді,   бірақ   ол   буланып   ұшып    кетпейді,    өсімдіктерді    суарады.  Сөйтіп,  көктемде     жиналған   қар  суы    құрғақшылық  кезде    де   құрғамайды.

Жаңа қоғам  адамын    қалыптастыруда  оның  бойына   қоршаған    ортаға   деген    сүйіспеншілік  сезімі   мен  тұтыну    мәдениетін  сіңірудің    маңызы    аз  емес.  Ерте   заманда  Сократ   біздің   тіршілігіміз    қиналмай-ақ құтылуға    болатын көптеген  нәрселерге   толы   деп  тұжырымдаған   еді.   Қазіргі    кезде   қоршаған   табиғатқа   жаны  ашымайтын,  табиғатқа,  демек,  қоғамға   орны  толмас   зиян   шектіреді   деген   де  ой  мазалайды.

Табиғаттың   қымбат   қазынасы  мен  байлығын  әлі  де   толық   ашып,  игермегенімізді   біздің   қайсымыз   болса   да  түсінуіміз   қажет   сияқты.   Күнде   көріп,  қасында   жүрсек   те,  біз   оларды    көпке    дейін   байқауымыз  да  мүмкін,  “алтынның   қолда  барда   қадірі  жоқ” дегендей,  тек  осы    қазынаны   жоғалтқанда   ғана   санымызды  соғып,   бармағымызды  тістейміз.  Балқаш   өңірінің  бір  кезде  атақты  болған  шоқ түпті   “ақ  бидайы”  осының   дәлелі.

Осы   ғажайып  бидайды  көрші   қырғыздар   да  қазақтардан  апарып,  тау   арасына  егіп  жүрді.  Мұнда    да  ол  табиғаттың   қаталдығына  төзе   білді.  Балқаш  өңірінде   ақ  бидайдың  жоғалып  кеткен   кезі  тарихта  белгісіз   өте  шықты,  біздің    өміріміздегі үлкен   оқиғалар   мен  кіші-гірім­­­­­­­­­­ ­­­–оқиғалардың  ара  жігі   қалтарыста   қалып,  еленбейтінін   енді   анығырақ   сезініп  жүрміз.  Кез-келген    құрлықтың    немесе   мұхиттың     ең   бір  шеткі     түкпірінде   болып   жатқан   оқиғалар    бірқатар   басқа   жерлерге,  Жер  бетінің   барлығында  да   азды-көпті  дәрежеде   әсерін  тигізіп,   дүмпуі  естіліп  жатады.

Іле-Балқаш  проблемасы.  Балқаштың  тағдыры   әр   саланың   ғалымдарын,  шаруашылық   басшыларын,  мамандарды,   табиғатқа  жаны   ашитын   қарапайым  адамдарды  қатты толғандырды. Кезінде    жұртшылықты  Байкалдың   тағдыры   қобалжытқан-ды,  Арал  теңізінің  жағдайы    да   кең   көлемді   талқыға   түсті.  1980 жылы  Каспий   теңізіндегі  Қарабұғазкөл    шығанағында  реттеу   мақсатында   тұйық   бөген  салынды.   Кейіннен      мұның     қате   екендігі    туралы    көптеген     пікірлер    айтылды.    Осындай    пікірлердің  бірі  “Правда”  газетінің    1983  жылдың    21  наурызындағы   санында   жазылды: “Көлге     айналған    шығанақ     тым   жылдам    тайыздай  бастады.   Үш    жыл  ішінде  оның   18  мың  шаршы    километрлік      аквоториясының  6  мыңы   ғана   қалды.   Тереңдігі   екі-үш     метрден    жарты    метрге   дейін   кеміді.  Шикізаттардың    құрамы    күрт  өзгеріп,   өнімнің   сапасы  нашарлады,  оны   өндіруге  жұмсалатын   шығын  мен  уақыт   артты.  Егер   жағдай   бұдан   әрі   де   осылайша   нашарлай    беретін   болса,   бұл   өндірісті  мүлде   жауып, Қарабұғазсульфат  бірлестігінің     әр-алуан   көптеген   тонналық   өнімін   жоспар   атаулыдан  шығарып   тастауға   тура  келер.  Шығанақтың  суының  тартылып,  құрғауы   осы  ауданның  экологиялық     жағдайының    бұзылуына,    қоршаған     ортаның,    ауыл  шаруашылығы  жайылымдарының   ластануына,  топырақ   қабаттарының   сортаңға   айналуына  әкеліп    соғуда.  Енді   осы  шаңқай    ақ   өлі   жерден   құстар  да  бетін    аулақ    ұстап,   сырт   айналып   ұшып  кетуде”.

Жыл  сайын    Балқаштың   15  текше    километр   суы  бу   болып   ұшып      жатады.    П.И.Колосковтың     деректері  бойынша,  Балқаштың   өз  айналасындағы   территорияның   климатын  жұмсартуға   әсері   50  шақырым  қашықтықты  қамтыса,  Арал  теңізі  100  шақырымға,  Каспий    теңізі    300  шақырымға   дейінгі   аймаққа   әсер  етеді.   Балқаш   қаласының  тұрғындары  жазғы    аптап  кездерінде   әр  уақытта   көлдің    тамаша,   адам   жанына     жайлы  температурасы   48  градусқа  дейін   көтерілгенімен  оған  төзу  жеңіл. “Мамандар асқан   сеніммен мынандай   пікір   айтады:  терісі   экспортқа    жіберілетін     өте   құнды   аң – ондатра  құриды.  Ал,  Балқаш   өңірінде   болса   еліміздегі  ең  ірі   ондатра   шаруашылығы    орналасқан!   Қазақстанның     мал     өсірушілері     жайылымдықтардың    су   астында    қалуы,   шабындықтардың  құрғап    кетуі    салдарынан   қой    басының    кемуі    де   мүмкін     деп   ескертуде”.  Қазақтың    балық   шаруашылығы   ғылыми-зерттеу   институты   мен  Балқаш   гидрометеорологиялық   обсерваториясы   мамандарының   пікірі:  “Жақын   арадағы  жылдары   Іле   өзенінің   ағысын   реттеу    әрекеттері    көлдің    тіршілігіне  терең    өзгерістер  енгізді.  Ондағы   су   деңгейінің      небары    1,25  метрге   төмендеуінің   нәтижесінде  ғана   атыраулық  суаттар   құрып,  көлдің    жағасы   3-7  шақырымға    тартылады,  сазан,  табан,   көксерке  және  басқа   да,  балықтар  уылдырық   шашатын  орындар   кеуіп   кетеді.  Бұл  өз  кезегінде   Балқаштың   балық   қорына   көп   зиян   келтіреді”.  Балқаш    көлінің   шығу   тегі   туралы   көптеген   болжамдардың   бірі  ерте   заманда   Іле  Алатауы  бөктерінде   үлкен   табиғи   суат  болған   деп   топшылайды.  Уақыт   өте   осы   суаттан    бас  алған     өзен   Қапшағай   шатқалы   арқылы   орасан   зор   күшпен    лақ  етіп,   көлдің   суы   түгелдей   ағып    кетіп,   Балқаш   пайда   болды  дейді. Таудан  аққан  су  екі бірдей    үлкен   суатқа  жетпеді    де   табиғаттың    өзі     екеуінің    біреуін    ғана    қалдыруды   жөн    көрді-міс.   Енді,  міне,    адам  өз   қолымен      тағы   да    екі  суат    жасады,   бірақ   оның     табиғи   суаты   тайыздап,  жасандысы   осы   күнге    дейін    жобадағы   деңгейіне   дейін   толмай    жатыр.  Сондықтан    да  асыға    күткен   мол  күріш    те, жоспарланған   демалыс   зонасы   да  жоқ,     ондатра,  бағалы   балықтар   үлкен  зиянға  ұшырады. Жыл  сайын   Ұзынарал   бұғазы  арқылы   көлдің     батыс   жақ   бөлігінен  шығыс   жақ  бөлігіне      үш  текше   километрдей  су   ауысады.  Бөгет   осы  судың   жолына  тосқауыл   болады  да   шығыс  Балқаш  құрғай    бастайды.  Алайда  бұл   проблеманың  күрделілігі,   көлдің    шығыс   жақ    бөлігіне   сумен  бірге     тұздар   да  өседі.  Демек,   бөгет  жиналатын  болады.  Балқаштың,   оның  бүкіл   бассейінінің   табиғатын  зерттеп     жүрген   ғалымдар   алдында   көптеген     жаңа   проблемалар   тұруда.  Жаздың  қапырықтығынан  Балқаш   көлі   мен  Іле   атырауының    сулары  қисапсыз   булануға   ұшырауда,   бірақ,  мұнымен    қоса    таудағы  қар   мен   мұздықтар   жылдам     еріп,  Іле   және  Қаратау   өзендері   арнасынан   асып,   қатты   таситын    жағдайлар  да  болды.   Көл    деңгейінің  ең   кем   деген   төмендеу   межесі  341  метр.  Қазіргі    кезде   көл  суы   осы    деңгейге   жақындап  қалды. Балқашты  сақтап  қалудың    әр алуан   жобаларын    ғалымдар   ұсынды.  Атап   айтқанда,  академик   У. М. Ахмедсафип   Оңтүстік   Балқаш   маңының   жер  асты   суын    пайдалануды    ұсынып   отыр. Оның  есептері    бойынша,  Сарыесік-Атырау  құмдақтарында,  Жоңғар  және   Іле  Алатауы  бөктерлерінде,  сонымен   қатар   Іле  ойпатында  жер  асты   суының  1300  текше   километр  қоры  жатыр,  ал  осы   қор   жыл  сайын  секундына  340  текше   метр   мөлшерінде   жаңартылады.  Бұл  Іледен  Балқашқа  құятын  су   мөлшерінен  біршама  көп.

Балқаш  проблемасы   өз  шешімін  күтуде.   Болашақ  ұрпақ  үшін  Балқаш  өңірінің  қайталанбас  табиғатын  түгелдей  сақтап  қалуымыз  керек.

Қорытынды

Балқаш көлі алабындағы табиғи ресурстарды ( әсіресе су қорларын ) тиімсіз пайдаланудың нәтижесінде Қазақстанның оңтүстік – шығыс аймағында ХХ ғасырдың аяғында қалыптасқан табиғи әлеуметтік және экономикалық жағдай. Оны негізгі 2 себеп тудырады. Ішкі себеп – Қапшағай су электр станциясының салынуына байланысты (1970) Іле өзені арнасының бөгелуі. Оған дейін Балқаш көлінің экологиялық тепе — теңдігін көлге құятын өзендер суы мен көл айдынынан буланған ылғал мөлшерінің тұрақтылығы қамтамасыз ететін. Жыл сайын көл алабындағы 15,0 км³ су қорының 11,9 км³  (80 %) Іле өзенімен келсе, қалған 3,0 км³ су көлдің батыс бөлігінен шығыс бөлігіне ығысатын. 1970 — 85 жылдардағы Балқаш көліне құятын өзендер суының жалпы ағыны 14,9 км³  11,8 км³ -ке кеміді, яғни, көл жылына шамамен 3,0 км³  су жоғалтып отырады. Көл алабынан алынатын су мөлшері жылына 7,0 – 8,0 км³ — ке дейін өсті (1 -сурет), оның 6,5  км³ суы егін суаруға,  Қапшағай және басқа да бөгендерді толтыруға жұмсалды. Булануға кететін шығыны жылына 2,0 км³ — ке жетті. Осы себептерден 1970 жылдан су деңгейі күрт төмендеді. 1986 жылдың аяғында көл деңгейінің абсолютті биіктігі 340,54 метр болды. Көл деңгейінің құлдырау жылдамдығы жылына 15,6 сантиметрге жетті, бұл көрсеткіш 1908-46 жылдардағы төмендеу жылдамдығынан (9,2 см/жыл ) біршама жоғары. Іле өзені атырауындағы батпақты – сулы алаптардың 2/3 бөлігі қысқарды. Қапшағай СЭС- і іске қосылған соң , тасқын су шығыны 1600-1800 м³ /с –ке дейін төмендеді. Электр стансасы қажетіне байланысты су ағыны жылдам өзгеретін (0 – 1000 м³ /с) болды. СЭС –тен төмен қарай өзен тасындылары (судағы қатты заттар)  тоқтап, олар толығымен Қапшағай бөгенінде шөгетін болды. 1986 жылдың аяғында Балқаш көліне құятын Іле өзенінің тармақтарынан Шұбарқұнан, Иір, Базарбай және Қалған Іле ғана қалды. Су шығынының 90%-і тек Иір тармағымен қосылған Қоғалы тармағына жинақталып, бір ғана арнаға айналды. Кезінде суы арнасына симай жататын Жиделі тармағы шөгіндіге тола бастады.

Балқаш металлургия кәсіпорындарының өндіріс қалдықтарының әсерінен суда ауыр металдар (мыс, мырыш, қорғасын, кадмий, т.б.) мен күкірт оксидтерінің мөлшері көбейді. Балқаш алабынан атмосфераға түсетін әр түрлі газдардың көлемі жылына 250 мың тоннаға жетеді. Бұл газдар көл бетінен буланған ылғалмен қосылып, жерге қайтадан қышқыл жаңбыр болып жауады. Жауын – шашынның минерлдылығы 3 еседен астам өсті. Құрғап қалған аумақтардан көтерілген шаң – тозаңның әсері биік таулы аймақтардағы мұздықтардың еріп, ұсақтануына әкелді. Мысалы, 1974 жылдан бері Іле Алатауындағы аумағы 1 шаршы километрден астам 86 ірі мұздықтың 6-уы ғана қалды. 1980-90 жылдары Іле – Балқаш табиғи —  шаруашылық жүйелеріне кешенді зерттеулер жүргізіліп, олардың қорытындысы бойынша берілген ұсыныстарға сәйкес, Қапшағай бөгенінің деңгейі 10 метрге төмендетілді, сөйтіп көлемі 2 есеге  (28 км³ орнына  14,5 км³) кеміді де, жер суаруға алынатын су мөлшерінің өсуі тоқтатылды. Осы шаралар Балқаш көлінің деңгейін тұрақтандырғанмен , су сапасы жылдан – жылға нашарлады. Сыртқы себеп – Балқаш алабындағы су қорының жартысына жуығы Қытай мемлекетінің аумағында қалыптасты. Бұл халықтар деңгейінде реттелетін мәселе.

Оңтүстік   Балқаш  бойында  соңғы  10-15 жыл  ішінде  экологиялық    сауықтыру  жұмыстары  жүргізілмесе, онда  біздің    елімізге   Балқаш  көлін    жоғалтып   алу   қаупі  бар.  Бұл  өңір   шөлді   аймаққа  айналуы   мүмкін.

Балқаш   бойының  экологиялық проблемалары, яғни  табиғи   экожүйенің  нашарлауы,  шөл  далаға   айнала    бастауы  өткен  ғасырдың  аяғында  басталған. Іле   өзенінің  гидрологиялық   шарттарының  өзгеруі  және  Қапшағай   ГЭС-і  жұмысының  нақты  әсері  бар  екен.  Соңғы   жылдардағы  судың  шектен  тыс  ластануы  және  малдың  үздіксіз жайылуы –  экологиялық  апатқа  әкеліп  соқты.

Қазақстан   1997  жылы  БҰҰ-ның   жердің   шөлейттенуіне  қарсы  күрес жөніндегі  конвенциясына  қосылды. Нәтижесінде, Балқаш  бойының  экологиясын  сауықтыруға  қол ұшын  беретін   мекеме   табылды.  Ол  –  техникалық  көмек   көрсету  жөніндегі  неміс   агенттігі. Үкіметтің  тапсырмасымен Орталық Азия  аймақтық  экологиялық  орталығы  Іле-Балқаш  бассейінің  тұрақты  даму   тұжырымдамасы   мен  Балқаш   көлі  туралы  заң   жобасын   дайындады. Оған  еліміздің   2010 жылға  дейінгі  ұлттық  және  аймақтық  деңгейдегі   стратегиялық  даму   жоспары  енді. Негізгі міндет –  тек  Балқаш  көлін   қорғап  қалу  емес,  ең   алдымен, сол  жерде  өмір  сүріп   отырған  халықты  экологиялық   апаттан  аман  алып  сарта отырып,  бассейіндік  басқару  жүйесіне   көшу   арқылы  Балқаш  көлінің   суы   мен  экожүйелерін   сақтау   механизмдеріне   назар  аудару.

“Экология  және  тұрақты даму”  институтының   мамандары  өткен   жылы   Балқашқа   барып,  жағдайдың  анық-қанығына   көз  жеткізді.   Жергілікті   халықпен  кездесіп,   оларға   арнап  оқу-семинарлар  жүргізді.  Бұл  өңірде  5  мың  халық  тұрады.   Экологияның,    қоршаған  ортаның  жағдайы   мәз  болмай   тұрғанда,  бұл  жердегі  халықтың   әлеуметтік  ахуалы, әрине,  ауыр.

Демек,  сауатты  сауықтыру  жұмыстары    жүргізілмейінше, Балқаш  көлін  аман  алып  қалу  мүмкін   емес.

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Әбішев И. Балқаштың бағын  байламайық //

Жетісу.-2003. -13 қаңтар.

  1. Бақытов Ж. Балқаш көлін экологиялық апаттан

құтқарып қала  аламыз ба?:  “Балқаш-2000”     халықаралық  экологиялық   форумы  болып өтті  // Атамекен. – 2000. – 24 қараша.

  1. Смағұлова Г. Балқаш көлінің құрып  кетуі

мүмкін бе?// Жас Алаш. – 2003. – 29 сәуір.

  1. Владислав Николаев. Балқаш өңірі.

Алматы,  “Қайнар” 1986