Арал қасіреті туралы реферат
Тақырыбы: Арал қасіреті
Арал теңізі экологиялық апатқа дейін құрылық ішіндегі айдын су еді. Тереңдігі 53м дейін баратын теңіз бетінің аумағы 64,5 мың шаршы шақырымға дейін жететін. Ұзындығы 428, ені 235 шақырымға дейін созылып жататын. Суының көлемі 1060 текше шақырым болды.
Аралдың өзіне тән ерекшеліктері аз емес. Академик Л.С. Берг осы ғасырдың басында Арал теңізін зерттеп жүріп, оны «Керіағысты теңіз» деп атаған. Оның мәнісі мынада: Солтүстік жарты шарда барлық денелер жердің айналу бағытының әсерімен оңға қарай қозғалады. Гольфстрим ағысы да солай. Ал, Арал бұл заңға «бағынбайды», солға қарай ағады.
Экологиялық апатқа дейін Арал суының тұздануы әлдеқайда кем болатын. Сырдария мен Әмудария жылына 33 миллион тонна тұз әкелетін. Бірақ, теңіздің тұз мөлшері 11 млрд тоннадан асқан емес. Ол өзендердің бірнеше мың жылдар бойы құйғанын есепке алсақ, олар әкелген басқа тұздардың қайда кеткені жұмбақ.
Арал мен Каспий егіз болғанмен, «мінездері» кереғар. Каспийде су көбейсе, Аралда азаяды. Аралда су көбейсе, Каспий шегінеді. Әлімсақтан бері солай болып келеді. Бұл екі теңіз өзара тұтасып жатқан жоқ па деген сауал да алға тартылады.
Теңіз біткен тұмансыз болмайды. Аралда ол атымен болған емес. Аралдың бұл да бір «кереметі». Басқа теңіздерде тереңдеген сайын оттегі азая беретін болса, Аралда керісінше көбейе береді. Теңіздің су жағдайын зерттеген ғалымдар тағы бір жаңалық ашты. Арал жылына 5 млрд текше метр суды жер астынан алатын көрінеді.
Облыстың, оның ішінде Арал теңізінің ерекше бір аймағы – Барскелмес аралы. Экологиялық апатқа дейін Барсакелместе өсімдіктің 165 түрі өскен. Сегізсай жоны мен Қарақақ сайы, үлкен және кіші тұз көлдері, тұщы құдық маңы көктем мен жаз басында көркемдігімен көз тартады. Барсакелместе құлан, ақбөкен паналайды, сексеуіл мен басқа да бұталар осы жерде өседі. Үй хайуанаттары да осында жайылған.
Барсакелместің ерекше байлығы – ақбөкендер. Тас ғасырынан бері төбесінен тоқпақ кетпей келе жатқан «бейбақтардың» етінің тәтті болуы, оның үстіне мүйізінен емдік қасиеті мол «пантокрин» дәрісінің жасалуы олардың сорына айналды. 1840 жылы Бұхар әмірінің аңшылары Қытайға 34447 бөкен мүйізін сатқаны жөнінде мәлімет бар. Ақырында ақбөкендердің құрып бітуіне байланысты 1929 жылы солтүстік Балқаш маңынан ұсталған бірнеше «дала аруы» тағы да апарылған еді. Олар өсіп, көбейгенімен ашкөз аңшылық оның да берекесін кетірді. Бұл өңірдегі аса бағалы жануар – құландар. Құландар 1953 жылы Батқыз қорығынан әкелінген. Олар Амур мен Дунайдың аралығындағы аймақта ерте кезден келе жатқан түз тағысы. Халық аңыздары мен әдебиет ескерткіштерінде құлан туралы аңыз аз емес. Тарихшы Геродот пен географ Страбоннан бастап бұл Азия даласының еркесі туралы жазбаған жан кем де кем. Қазақтың ертеден келе жатқан «Ақсақ Құлан» күйі де соның айғағы. Француз жазушысы Оноре Де Бальзактың «Шегірен былғары» романында құлан терісі, құланның табиғаты туралы кең мағлұмат берілгені аян. (Құлан терісі түрік қаласы Шагрида өңделгендіктен ол Шегірен былғары атанған.)
50-ші жылдардан бастап Арал аймағы апат құшағына енді. Соңғы 40 жылда Аралдың жоғарғы жағында суландырудың жүйелері тартылып, көптеген су қоймалары, бөгеттер, су электростанциялары салынды. Сырдария мен Әмударияның ен бойында мақта мен күріш өсіру көлемі арта беруі су шығынын ұлғайтты. Оның салдарынан Сырдария мен Әмудария өзендері Аралды нәрсіз қалдырды. Арал теңізі жер бетінен жоғалуға айналды. Айдыны 40, ал суының мөлшері 65 процентке кеміп, тұздылығы 2,7 есе артты. Баяғы біртұтас айдын орнында — Кіші және Үлкен Арал пайда болды. Балық аулау мен кеме қатынасы тоқтады. Соңғы ширек ғасырда теңіз деңгейі 13 мөлшерге төмендеп, айдынның аумағы 26 мың шаршы шақырымға азайды. Құрғаған теңіз ұлтанынан көтерілген тұзды шаң бүкіл әлемге тарала бастады. Зерттеушілердің дерегіне қарағанда, Арал аймағындағы өсімдіктер мен жануралар дүниесінің 70 проценті жойылған, соның салдарынан табиғат қуаты тығырыққа тірелді. Облыста қолайсыз факторлар салдарынан соңғы 10-15 жыл ішінде асқазан-ішек ауруына шалдыққандар саны 3 есеге, жүрек, қан тамыр сырқаттары 2 есеге, бауыр мен бүйрек сырқаттары 3 есеге өсті. Ауыз судың санитарлық ережесінің толық бұзылуы мен осыған байланысты адам организміне улы заттардың көп түсуінен күрт өскен жұқпалы аурулар осы кезең ішінде 10 есеге дейін ұлғайып отыр. Сүзекке шалдыққандар саны 30 есе өсті. Ішек сырқатына шалдыққандардың 75 процентке жуығы балалар. Олардың 30 проценты осы науқастан дүние салып отыр. Облыстағы аналар өлімін республиканың орта көрсеткішінен 3-4 есе артық. Туылған әрбір мың нәрестенің 75-іне дейін шетінеуі орын алып отыр. Ұзақ жылдар бойы судың жетіспеушілігі мен құрамында химиялық заттардың көбейуі облыстың халық шаруашылығына елеулі шығын келтірді. Көптеген алқаптарға егілген ауыл шарушылық дақылдары өліп қалды, өнім төмен, тамақ өнімдерін өндіруде ілгерірушілік жоқ. Соның салдарынан облыс халқы ет пен сүтті республиканың орта көрсеткіштерінен екі есе, көкөніс пен картопты 10 есе кем пайдаланды. Арал төңірегіндегі Сырдарияда балық, ондатр аулау кәсібі тоқтап, Орта Азия мен Қазақстан экономикасына зиянын тигізді.
Арал теңізін қалпына келтіру мәселесінде әртүрлі жобалар қаралды. Арал қаласында өткен халықаралық «Дөңгелек стол» мәжілісінде Австрия, Италия, Жапония, Франция, Болгарияның ғалым-экологтары, БҰҰ-ның сарапшылары, еліміздің ғылыми институттарының өкілдері, Қазақстан мен Орта Азия республикаларының ғалымдары қатысты. Халықаралық « Дөңгелек столдың» қабылдаған мәлімдемесінде Арал дағдарысының бүкіл ғаламдық экологиялық касірет екендігі айқындалды.
1991 жылдың басында Арал мен Арал аймағына байланысты бірінші кезектегі мәселелерді шешуге мүдделі республикалардың Жоғарғы Кеңестері және КСРО-ның жоғарғы Кеңесі «Арал» консорциумын құрды.
Республика үкіметі оны іс жүзіне асыру мақсатында тұтастай нақты шаралар жүйесін қамтыған екі арнайы қаулы қабылдады. «Қайта өрлеу» аралындағы әскери полигон жабылды. Бүгінде Аралды құтқарудың 280-нен аса жобасы белгілі. Қызылорда облысы экологиялық апат аймағы болып жарияланды. «Арал өңірі тұрғындарының әлеуметтік –экономикалық және экологиялық жағдайын жақсарту жөніндегі кезек күттірмейтін шаралар туралы» қаулы және «Арал өңірінде экологиялық апат салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заң дүниеге келді.
Арал теңізі бассейні бастан кешіп отырған экологиялық ауыр проблема.
Арал теңізінің мәселесіне айрықша назар аудару керек екендігіне ешқандай күмән жоқ.
Казіргі таңда калыптасқан қиын жағдайды жеңу бағытында Аралды 10 жыл ішінде калпына келтіру үшін тек ТМД-ның мүдделі мемлекеттері мен шет елдердің бірлескен іс-қимылы арқылы мұндай іс жүзеге асуы мүмкін. Сол сияқты Азиядағы бес республика басшылары Кіші Арал құрылысын орынды деп тауып, сол үшін ұзындығы 13 шақырым платина салынды. Осы жағдайда Кіші Арал өз деңгейіне келіп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы мынандай өзгерістермен елеулі болды — Арал мен Қазалы қалаларында ауыз су құбырлары тартылды, аналар мен балалар денсаулығын жақсарту мәселесі жоғары деңгейде қаралуда, теңізшілер балық аулау кәсібін қолға ала бастады.
Келешекте Арал теңізінің өз деңгейіне келуіне үлкен сенімдеміз.
Қолданылған мәліметтер
- «Сыр өңірі тарихы», Алматы «Атамұра»,1998ж.
- Ақпарат құралдары
Ж О С П А Р Ы:
- Бұрынғы Аралдың флорасы мен фаунасы.
- Арал теңізінің ерекше бір аймағы – «Барскелмес аралы».
- Аралдың қасіреті.
- «Кіші Аралдың» қайта пайда болуы.